Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Fабит Мүсірепов. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ АБАЙДЫҢ ТАРИХИ ОРНЫ

1244175237_gabit-musrepov

Ғ. Мүсірепов

     Көшпелі де қараңғы елдің ортасында өмірі өткен аса дарынды ақын Абай тағдырының қандай ауыр, қандай аянышты болғанын бар бейнесімен көз алдыңа әкеле қою да оңай емес. Ойсыз-сұңсыз тоө жұрт үшін ізі білінбей өте беретін біріне бірі ұқсаған марғау күндер ойлы ақын үшін арылмай қойған азап болуға тиісті де. Үсті түгел қуарып, аздап қана астынан көктеп жататын күзгі даладай тозығы жеткен өмір ақын көңілін көтермеске керек. Сондай күйге ұшыраған ақын:

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
бір қызық ісім екен сұм жалғанда! –

деп, жүдеу көңілін аңшылық сияқты аз қызықпенн көтергенін өзі айтып кеткен. Абай кезіндегі «сұм жалған» Абайдың зар сөзі:

Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт!

     Бірін бірі тез айдап, ел өмірін тез жаңартар заман ауысуы көшпелі далада ғасырларға созылады. Өмір баяу да мешеу. Ескілік сарылтып ұзақ жасайды да, жаңалық жіңішкелеп қана кіріп, кешеулеп тамырланады. Бәйбішелі-тоқалдығымен, әмеңгерлігімен, ақсақалдығымен міз бақпай мелшиіп тұрған кәрі заман жас өртеңді көктей орып, тымағымен тұншықтырады. Отаршыл мен озбыр үшін бұл елдің өзінен гөрі жүн-жұрқасы, тері-терсегі қымбат. Сондай жұт өмірде ақынға серпін беретін, ақын сезімін алға сүйреп, ақын ойына іздеу салатын әлеуметтік қақтығыстар қайсы? Қақтығыс болса – ол патриархалдық-феодалдық басыларының арасында әріден келе жатқан, бұқараны күнәсіз тонамалап қажытқан ескілігі. Айын, күнін үнсіз жетелеп елеусіз өтіп жатқан жылдар да шын дарынға үйреншіктіден өзге қорек бере алмайды, баяғы бір ескісін тосады. Дала кең де, өміршеңбері тым тар, серпінсіз. Сол құнарсыздықты қызғана қорғап, Абайдың өзі жасаған дәуірі түгіл, одан арғы әжелер мен бабалар заманы ауыспастан тұр. Заман таразысын солардың заңы басып тұр, төбе биі әлі солар. Бұл жабықтыратын да жалықтыратын өмір. Сондықтан ақын:

Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар
Ой жіберіп әр жаққа, –

деп мұңаймасқа шарасы жоқ.

     Абай өз тұсындағы үстемдік иесі феодалдық үстем таптың шірік салт-сана, көзқарастарын қатты сынады. Қоғамдық тақырыптарға жазылған өлеңдері түгіл ғашықтық лирикасында да бұл ойынан іркілген жоқ. Аяқтап келгенде тозығы жетіп, енді алға қарай аттар бір адымы қалмаған феодалдық қоғамға – несі жұрт, өңшең қырт, – деп, Абай өз кесімін айтып, болашаққа зер сала қарады. Мұынысында жалғыз ғана безінгендік емес, сол қоғамның болашағы жоқтығын сезінгендік те бар. Абай ойының шарқ ұрып ізденуінің бір себебі осында болуға тиісті.

     Абай — әрі ұлы, әрі ұлттық ақын. Ұлы ақындардың орны тарихи мәні бар өзгерістерге, туған елінің бір сатыдан бір саты жоғары өрлей беруіне қай кезде бастаушы, қай кезде қостаушы бола білгеніне байланысты. Бұл жағынан алып қарағанда Абай көзқарастарында ұлы жазушы Лев Толстоймен сарындастық бар. Толстой сияқты Абай да ескірген заманды, озбырлықты, шен қмарлықты, патшалық құрылысты, ояз бен болысты, тоң мойын феодалдарды, оның тымағы тоқтықтан азып бара жатқан жастарын қатты сынға алады. Бұл – үстемдіктің іргесін қашап, ордасын шайқайтын еңбек, бұқара наразылығына мықты сүйеу болатын басшылық . Қалың бұқараның бірінші жауы феодал табы болса, ақынның қатал сынға алғаны да сол тап. Абайдың жақсылық іздейтіні – момын шаруа. Сондықтан бұл  қазақ даласының тарихындағы халық тілегін айтқан ақын, үстем тапқа қарсы болған, бұқараға сүйеу болған ақын. Ленин ұлы жазушы Толстойды сынағанда, оның феодалды монархиялы құрылыстың тас іргесін тітіреткенін аса ірі еңбек деп бағалайды; сонымен бірге, 1861 жылдан кейін Россияда капитализм заманы орнағанда Толстойдың «деревнялық социализм» алданышынан аса алмай қалғанын аяусыз мінейді. Абайдың әлеуметтік көзқарасында да осы бар: ескіні сынау жолында ол бұқара тілегіне басшы, ал, «не істеу керек?» дегенде басшы бола алмай қалады: Оқы, үйрен, надандылықтан құтыл, орыстан үйрен дегендері – бұқараға тасталған ұран.

     Ленин 1840-1890 жылдардың арасын Россиядағы озық ойдың ұзақ іздену, көп азап арқылы марксизмді ревволюциялы теорияны тапқан кезеңі дейді. Лев Толстой осы елу жылдық дәуірге кіретін орыс халқының ұлы ойшыларының бәрін де жақсы біледі. Алғашқы еңбегін басқан революцияшыл демократтың бағытындағы «Современник» пен Толстой кейін ажырасып кеткені де мәлім. Белинский, Чернышевский, Плеханов түгіл, Толстой Лениннің – «Байкотқа қарсы» деген еңбегін ерекше қадалып оқып, негізгі ойларының астын сызып қойғаны тарихқа түскен анықтама. Ал, Абай ше?

     Біздің Абайды зерттеуші ғалымдарымыздың көпшілігі оның Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьев сияқты Чернышевскийден тәлім алған адамдармен жақсы танысып, достасып кеткендігін дәлелдейді. Бірақ революцияшыл-демократтық саяси ағымның Абайға қандай әсер еткенін, Абайдың нені қабылдағаны тереңірек дәлелдейтін дерек бізде әлі күнге дейін жоқтың қасы. Даусыз нәрселер: Абайдың «дүниеге көзімді ашқан Михаэлис» дегені, қазақ халқын орыс халқымен достасуға шақырғаны, Россияның патшасына қас, еліне достық көңілмен қарағаны. Бұл ойларын бұқараға арнап бөліп айтпай, елім деп тұтас айтқан күнде де оның прогрестік маңызы әлсіремейді. Шоқанда бұл бағыт терең де ашық, тура саяси мағынада болса, Абай мұны көбінесе ақын тілімен, поэзиясының барлық бағытымен айтады. Бірақ өрісі бітіп, алды біржолата тұйықталып тұрған феодалдық даланың болашағы қайда, қай бағытта деген сұрауларға қоғамдық өркендеу тұрғысынан Абай берген жауап бар, ал оны толық ашып берген зерттеуші аз. Отар даланың тағдыры өз қолында емес екенін, өздігінен оңаша ізденіп ел бола алмасын анық білгенін Абайдың барлық шығармасынан да аңғаруға болады, дегенмен, жоғарғы сұраулардың жауабы әлі күнге жорамал дәрежесінде қалып келеді. Біздіңше, өндірісті, капиталды, қала мен феодалдық сахараның арасындағы революциялық қақтығысты көрмеген, мал баққан көшпелі елде өмірі өткен ақын қоғамдық өсудің сатыдан сатыға көтеріліп ауысып отырғанын зерттемеген де білмеген. Революциялық марксизмді жақсы білген Толстойдың капиталистік дәуірден әрі жатқан «крестьяндық социализм» көзқарасында қалып қойғаны сияқты, Абай да шаруа мәселесінен жоғарырақ көтеріле алмайды, тіпті сөз ққылмайды. Сондықтан да Абай Салтыков пен Толстой арасына айырма қоймай атайды.

     Революциялы ой ордасынан алыс, қайыр шетте жасаған Абайға бұл кінә емес, анықтау ғана. Шыққан ортасының, заманының қалың шытырман қайшылықтары мен қараңғылығына қарамастан, Абай өз дәуірінің прогрессті ақыны екенін, қазақ халқының озық ойы екенін көрсетіп кетті. Абай заманындағы қазақ халқының алдында тұрған тарихи сұрау – болашағының кіммен бірге екендігі еді. Абай соған тура жауап беріп, «орыс халқымен бірге!» деді. Қазақ халқының ол кезеңі түгіл, бүгінгі күні тағдырын алдын ала шешетін негізгі сұрау да, жауап та осы еді. Абай осы әділ жауапты берді. Орыстың революцияшыл-демократтарының Абай жүрегіне терең орнаған ойы оның осы жауабында деуіміз керек.

     Дала өмірінің мешеу ескілікке қамалып ұзақ қаңтарылып қалған кезінде Абай берген жалғыз жауап ел алдындағы тас кедергіні жұллып тастағанмен бірдей еді. Бұл – ең алдымен, даланың кертартпа феодалдарына қарсы, ғасырлар бойындағы әдеттерге қарсы ашық айтылған бұқара тілегі, ел тілегі.

     Осы жауабында біржола бекінген Абайдың ақындық тізгіні де шешіліп кеткендей. Қырық жасына дейін ақындығына жете мән бермей келген Абайдың барлық мұрасы соңғы жиырма жылдық өмірінде жасалған. «Басқа шауып, төске өрлеп, қарасөзге дес бермей жүріп» қырыққа келіп қалған Абай енді поэзияға шұғыл бет бұрады. Бұдан өлеңнің әлеуметтік мәнін Абай Чернышевский шәкірттері арқылы терең ұғынды деген жорамал жасауға болады, екінші, «орыс халқымен бірге!» деген өз жауабы ақынның өзіне де жаңа серпін береді, бойын сергітеді. Ақындығы ерте танылған Абайдың қағаз бен қаламға кеш, бірақ, біржола мойын бұруы бунап жүрген көп сұраулардың негізгі жауабын тапқанына байланысты болуға тиісті.

     Қырықтан асқан Абайдың «жігіт ағасы», «ел ағасы», деген сияқты ел ішінде, әсіресе ел ортасында қатты қадырленетін беделі тіпті күшейген кезі болуы керек. Бірақ, Абай соның бәрін құрмалдық етіп, ақындығын табады. Бұл – әрине, прогрессті үлкен ойдың әсері, ақын шабытына нәрлі де жаңа қорек табылғаны.

     Қолын кеш сермегендігіне өкінішпен бастаған Абай бізге қалдырған қымбат мұрасын жазба әдебиеттің жаңа кезеңіне сай үлгімен жасағанын көреміз. Бұл күнге дейінгі зерттеулерге ққарағанда, Абайдың өз еңбектерінің ден салмағы соңғы 20 жылына (1884-1903 жылдар) түссе, Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын аударған кезеңі де осы. Бұдан екі қорытында жасауға болады: 1) Абайдың өз шығармалары мен аударушылық еңбегі қатар жүріп отырған; 2) Абай творчествосындағы толып жатқан жаңа өлең түрлері Пушкин мен Лермонтов поэзиясын терең зерттеу нәтижесінен туған. Сондықтан да Абай жасаған жаңа түрлер әлі күнге ескірмей, бүгінгі поэзиямызға үлгі болып, кейде тіпті әлі меңгере алмаған үлгі болып қалып отыр.

    Абайдың жаңа түрлер табуын сөз қылғанда, бұл жалғыз түр мәселесі емес, мазмұн мен түрдің бірлігі, тұтастығы екенін естен шығармауымыз керек. Біздің көп зерттеушілеріміз мұны әлі күнге дейін ескермей келеді. Абай түрді түр үшін емес, айтайын деген ойын дәлірек, өтімді де ұтымды етіп айту үшін іздеген, жасаған да тапқан. Мысалы жазылуы төрт буын болса да, оқығанда түгел үш буын болып кететін:

Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт! –

біздің буынға бөлінетін силлабикалық өлеңдердей, бір сөзін бір сөзі лебімен бүркеп кетпейді, әр сөзін қаққан шегедей дәл оқытады. Болмаса:

Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем, мен сонан –
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан, —

деген шумақты алайық. Жексұрын адамды суреттеуге түйреп айтылған төрт-ақ сөзден құралған бастапқы екі жолы жетіп жатса, безіп кетуіне берілген соңғы үш жолы қандай! Бір сөзін өзгертуге болмайтын, ауыстыруға болмайтын, ойыңды әрі көркем, әнін дәл беретін түр осындай болуы керек. Біздің кейбір ақындарымыз он бір буынды «қара өлеңді» кәрі әжесінің санды жіліктеріндей үшке бөліп, шашыратып шашып, жаңа түр орнына ұсынып жүр. Біра, өзгені қойып, Маяковскийдің аудармасын оқығанында да мұның бәрі оп-оңай жиналып, «қазақы» қара өлеі болып шыға келеді. Ақынның түйреп айтайын деген ойы төлеусіз қалады. Мүмкін Абай силлабо-тоникалық өлең түрін жасауды мақсат етіп қоймаған шығар. бірақ ол мазмұнға сай түр керектігін терең сезінген. Оны және ұлы Пушкин, Лермонтовтың реалистік поэзиясына сіілтеп кеткен жөні, оны тереңдету біздің бүгінгі ақындарымыздың парызы.

    Көңіл қоя қарасақ Абай поэзиясының күшті жағы мазмұнына сай түр іздеген шығармаларында. Абайдың:

Ақыр заман жастары,
Қосылмас ешбір бастары… –

болмаса:

Сыналар, ей жігіттер, келдің кезің… –

деп басталатын өлеңдері, басқа біреу жазса түкке  тұрмайды дей салатын нәрселер, ойға да қонбайды, есте де қалмайды. Ал мазмұнына түрі сай келген «Сегіз аяқ», «Ем таба алмай», «Айттым сәлем қаламқас» сияқты өлеңдерін жұрттың көбі жатқа біледі. Абайды құрметтейтін, өскен дәуірдің ақындары оның поэзиямызды жоғары сатыға көтеруге жәрдемі тиетін жаңа түрлерін дамытуға тырысуға міндетті. Өйткені ол жалғыз түр емес, үлкен мағынасындағы поэзия мәселесі, кең шеңберлі көлемді мәселе, ұлы орыс поэзиясының өскен жолы.

     Абайдың ең алғаш кездескен поэзиялық мектебі орта ғасырлық Шығыс еді:

Физули, Шамси, Сайхали,
Науаи, Са`ди,Фирдоуси,
………………………………….
Мәдет, я шағири фәррияд! –

деп, Абай солардан мәдет тілеп бастады.

     Бірақ, поэзияның жаңа замандағы әлеуметтік маңызын жете ұғынған ұлы ақын өзінен кейінгі қазақ поэзиясына Батысты, оның ішінде орыстың реалистік поэзиясын мектеп етуге жөн сілтеді. Өзі Шығыс мектебінен бастаған, Шығыстың барлық ұлы ақындарымен терең таныстығы бар Абайдың аяқтап келгенде орыстың реалистік әдебиетінің жөнін сілтеуі – терең мағынадағы прогрестік көзқарас. Мұның нәрлі де құнарлы бағыт екенін біз қазіргі қазақ совет әдебиетінің өркендеу тәжірибесінен де көріп отырмыз.

     Осы берік бағытын Абай өзінің әдебиеттік еңбегі мен қазақ халқының сезім-санасына, әсіресе, көркемдік сезімі бар ақын-әншілеріміздің сана-сезіміне өзгерместей-өшпестей етіп мықтап құйып кетті. Абай заманындағы қараңғы қазаққа Пушкин, Лермонтов шығармаларын жатсырмастай жатық етіп аударып беру – деген тарихи маңызы бар еңбек. Пушкин, Лермонтов жырларын Абай өлеңімен де, әндерімен де тұрақты да өмірлі етіп қазақ халқының сезім дүниесіне сіңіріп кетті. Сондықтан, осы күнге дейінгі қазақ тіліндегі Пушкин мен Лермонтовты еске алғанда, ең алдымен, Абай аудармасы тілге оралады.

Таңғажайып бұл қалай хат,
Мағнасы алыс, өзі жас?
Сөзі орамды, әр түрі жат,
Және әдепті, және рас… –

деп, бас қосылған жерде біреуіміз бастасақ, енді біреу:

Бұл кінә емес, әншейін наз,
Сағынамын айтамын,
Досың-ақпын, тағдыр араз,
Толғанамын қайтемін… –

деп созып әкетеді.

     Абай аудармаларының еркіндігі, дәл еместігі, кейде қосып, кейде жонып отыратындығы мәлім нәрсе. Бірақ, принципінде бұл бір тілдегі шығарманы екінші тілде қайта жасау жолында (воссоздание) жақындайды да біздің заманда өсіріп-өркендетуді тілейді. Абай аударып отырған шығарманың рухын, поэзиялық көркемдігін аққыл мен сезімге дәл тиетін етіп шығарады. Абай жасаушы да өзі, сыншы да өзі болған ақын. Оның айналасында көркем сөзге бейім адамдар болғанымен бұрын болмаған жаңа поэзияға жәрдем етер бірі жоқ. «Аттың сыны», «Жаздыкүн шілде болғанда» сияқты өлеңдеріне пікір айта алса да, терең сезім, жаңа теңеу, жаңа түр, ой жағынан оларға сүйене де, сене де алмайтын еді. Абайдың ұстазы да, мектебі де – ХІХ ғасырдағы орыс халқының озық поэзиясы, әсіресе, Пушкин мен Лермонтов.

       Абайдан кейінгі елу жылдың ішінде қазақ халқының жазба әдебиеті ХІХ ғасырда арман ете алмайтын биікке көтерілді, Абайға қоя алмайтын сындарды көтеретін үлкен әдебиетке айналды. Оның аты – қазақ совет әдебиеті, ол – советтік ұлы дәуіріміздің жемісі, өскен ойдан туған, өзінің әлеуметтік асыл құрал екенін таныған әдебиет. Біздің осы табыстарымызда қазақ халқының барлық болашағын ұлы орыс халқымен біріктіруге өшпейтін еңбек еткен ұлы ақынымыз Абайдың да үлкен еншісі бар. Оның тарихтан алар орны да осында, ол қазақ халқын ұлы орыс халқымен достастыруға сіңірген еңбегі арқылы, барлық рухани өрімізге жөн сілтеді.

Абайдың өмірі мен творчествосы. Мақалалар жинағы / Редакциясын басқарған М. Ақынжанов және З. Ахметов. – Алма-Ата: ҚазССР  ҒА баспасы, 1954. – 3037-беттер.

Дайындағандар: 1 курс магистранттары

Дайрабекова Г., Кребаева А.,

Нурашева Г., Хабибулина А.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники