Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Ғаббас Тоғжанов. АБАЙДЫ ӘЛІ ТОЛЫҚ БІЛГЕНІМІЗ ЖОҚ

 

428572_145468367_1018_Togjanov_Fabbas

Ғ. Тоғжанов

Қазақтың ескі әдебиет мұрасынан өзге ақындарға қарағанда көбірек, толығырақ тексерілген ақын — Абай. Абай жайында төңкерістен бұрын орыс, қазақ тілдерінде қазақ ұлтшылдарының көсемдері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мержақып Дулатұлының мақалалары шықты. Төңкерістен кейін Семейде «Абай» журналы шыға бастады, сонда Жүсіпбек, Екеу дегендердің Абай жөнінде сын мақалалары басылды. Совет тұсында 1922-23 жылдарда «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде Абай жайында Сәбит, Ғабдырахман Сәғдилардың сын мақалалары басылды. Бертін келе Мұстамбайұлы Ыдырыс пен Сәбит, Ілияс араларында Абай жайында үлкен айтыс болды. 1933 жылдың аяғында Абайдың толық өлең, мақала жинақтарымен бірге Әуезұлы Мұхтардың, Жансүгүрұлы Ілиястың үлкен мақалалары шықты. Қазақ әдебиетіндегі сынның аздығын ескергенде, өзге қазақ ақындарына бірер мақаладан артық дербес сындардың болмағандығын еске алғанда, Абайдың сыннан алған үлесі өзгеге қарағанда көп. Сан жағынан қарағанда Абай жайында қазақ тілінде бірсыпыра сын мақалалар жазылды. Алайда әңгіме мақалалардың санында емес, сапасында ғой. Сапа жағынан қарағанда, Абайға берілген сындар, әрине, толық емес. Абай Жинағына жазған мақаласында Ілияс: «Абай әлі тексерілген жоқ, Абай туралы әлі толық материал жиналған жоқ. Абай әлі түгел жиналып, түгел басылып таралған жоқ. Сондықтан әлі күнге дейін Абайға жазылған толық сын жоқ. Абай туралы мәселелер әлі күнге дақпыртпен, алып қаштымен, әркім өз ойынша созғылаумен келеді. Сондықтан Абайдың анық кім екендігі, анық қай таптың ақыны екендігі, қандай тарихи орны, әдеби қызметі бар – бұл күнге дейін жалпақ көпшілікке әлі тұман, қараңғы», — деп жазады. Ілиястың осы пікіріне біз де қосыламыз. Абай жөніндегі даулы мәселелер Ілияс мақаласында да толық анықталған жоқ. Рас, Абайға бұрынғы жазылған мақалаларға қарағанда Ілияс сыны — толығырақ сын. Бұрынғы сыншылар Абайды жарым-жартылап, шет пұшпақтап қана сынаушы еді. Абайды түгел алмаушы еді. Ілияс  өз әлінше Абайды түгел алып, жан жағынан бірдей қарастырып сынауға тырысқан. Бұл — Ілиястың сыншылық міндетін ұққандығы, өзге сыншылардан артықтығы. Көп даулы мәселелерге Ілияс Маркс-Ленин жолына сүйеніп, ашық жауап, дұрыс жауап берген. Бірақ Ілияс мақаласының осындай көп жақсы жағы бола тұрса да, үлкен-үлкен кемшіліктері де жоқ емес. Әрине, бірер мақаламен Абай сықылды 60 жыл өмірі бар, 20 жылдай жазған өлең, мақалалары бар үлкен ақынды түгел тексеру, толық марксшілдік сын беру өте қиын, мүмкін де емес шығар. Абайды толық сынау үшін бірер мақала емес, әлденеше кітаптар жазу керек. Біз өзгеден гөрі толық жазылды деген Ілияс мақаласында да үлкен-үлкен кемшіліктер бар дегенде, Ілияс Абайды толық сынамады, Абай жөніндегі сөздің, пікірдің бәрін ашып бермеді деп кінә қоймаймыз. Бұл кемшілікті жою бірер кісінің қолынан келе бермейді. Әсіресе мақала көлемінде түгел орындауға болмайды. Абай туралы қолыма қалам алып отырсам, мен де Абвйдың «іші-тысын» түгел ақтарам, Абай жайындағы сөздің бәрін айтып, бәрін ашып берем деп отырғам жоқ. Ілияс мақаласында кемшіліктер бар дегенде, Абай жайындағы өзінің қозғап отырған кейбір негізді мәселелеріндегі қате ұғыныстары, теріс пікірлерінің барлығын айтамыз. Кейбір даулы мәселелерді сөз қыла тұрып, не аяқсыз тастап, не күңгірт, екіұшты қып шешетіндігін айтамыз. Дәл осы арада Ілияс мақаласына әдейілеп сын жазайық деп отырғанымыз жоқ. Ілиястың теріс пікірлерін кейін реті келген жерде атап айта жатармыз. Әзірге тек біз, сын көп жазылса да, Абайдың «басы, өлеңі» әлі дауда жүргенін ескерту үшін ғана Ілияс мақаласын сөз қылып жатырмыз.

Қазақта бәр мәтел бар: «Сөз сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады», — дейді. Осы рас сөз екен! Абай туралы соңғы жылдарда (1922-1933 жылдар арасында) болған айтыстар бірсыпыра көлденең бөгде мәселелерді де дауға салды. Абайды тексеру ретінде Абайдың өлеңдері жайында болған айтыс, пікір қайшылықтары былай тұрсын, қазақтың тарихы, шаруашылығы, қазақ арасындағы тап тартысы сықылды Абай заманындағы жалпы мәселелерде де түрлі, бір-біріне қайшы, қарсы пікірлер туды. Бұл бір реттен жақсы да. Қандай ақынды болмасын тексергенде, өскен ортасы, араласқан әлеуметі, қоғамы, алған тәрбиесі, көрген шаруашылығы, өндіріс қатынастары, үкімет құрылысы — осының бәрі де ақынның өмірі-өнері-өлеңімен байланысып жатқанын білу керек, соны қалың жұртшылыққа анықтау керек. Абайды біздің сыншыларымыз, әсіресе, коммунист сыншыларымыз осылай алып тексерсе, бұл — өскендіктің белгісі. Бірақ, екінші жақтан, Абай жөнінде сөз қозғалып, жалпы шаруашылық, тарих мәселелерінің үлкен айтысқа түсіп кетуі, даулы мәселелерге айналуы әлі жұртшылығымыздың жастығын, жаңада ғана талпынып, аяқтана бастағанын көрсетеді. Шынында да бізде әлі қазақ тарихының, шаруашылығының көп мәселелері тұйық, қараңғы жатыр. Қазақтың тарихы әлі жазылған жоқ. МарксЛенин жүйесімен тексерілген қазақтың өткен замандарындағы шаруашылығының, тап күресінің түрлі кезеңдері жаңа ашылған жоқ. Осындай жалпы қазақ тұрмысы тарихына байланысты мәселелер жайында анықталып, сұрыпталған партия пікірлері болмаған соң, әдебиет сыншыларымыз амалсыздан тарихшы болады, экономис болады. Ақынның өлеңін сынай отырып, қазақтың бүтін тарихын, шаруашылығын, жалпы тұрмысын тексеріп, соны тарихқа әрқайсысы өз бетімен жол салуға кіріседі. Бұл — бүгінгі сынымыздағы амалсыздан болып отырған кемшілік. Маркс жүйесімен жазылған қазақтың тарихы болса, өткен замандарда қазақтың басынан кешірген түрлі тарихи кезеңдеріне, қоғам-шаруашылық тұрмысына марксшіл экономис, тарихшылдарымыздың тексеруінен, сынынан өткен, белгілі, сараланған, анықталған, негізді, дайын пікірлер болса, әдебиет сыншыларымызға бұл жағынан көп жеңілдік болар еді. Әдебиет сыншыларымыз партия жұртшылығымен мақұлданған дайын пікірлерден пайдаланып, тарихшылық, экономистік міндеттерден едәуір жеңілденген болар еді. Бұл халге әлі жете алмай отырмыз. Қазақ әдебиетшілеріне маман тарихшыларымыздың, экономистеріміздің көмегі жоқтың қасында болып отыр. Осыдан барып әдебиетшілеріміз өздері тарихшы, өздері экономис болып отыр. Бұл оңай жүк емес, әсіресе әдебиетпен ғана шұғылданған адамдарға оңай емес. Әрі ақын, әрі сыншы, әрі тарихшы, әрі экономис, әрі философ болу — ілуде біреудің ғана қолынан келетін жұмыс. Мұндай универсалдыққа өте көп білім керек. Мұндай адамдар жұрттан озып, үздік шыққан, тоқыған, білгені, көргені көп, асқан талантты көсемдерден ғана шығады. Бүгінгі біздің қазақ жағдайында қазақ еңбекшілерінің шын мағынада енді ғана нағыз мәдениет көліне сүңгіп жатқан кезінде, әлі ескіліктің, надандықтың сарқыны, салқыны жойылмай жатқан кезде бәріне жетік, бәрін де білген универсалдар бола қоймайды. Әулиелікке біз сенбейміз. Қандай талант, қандай ақылды алам болса да, білімсіз ештеңе айта алмайды. Осы күнгі білім — ұшан теңіз. Қазіргі білімді тексеріп білу үшін көп еңбек керек, көп оқып, көп үйрену керек. Шынды айтқанның айыбы жоқ. Бізде әлі білім аз. Білімді ізденіп уйренуші, көп оқып, көп талдаушы аз. Ескі заманмен салыстырғанда, әрине, білімділеріміз көп. Бұл даусыз. Қазақтың арғы заманын қоя тұрып, бергі, ұлтшыл оқығандар көбейген тұсын алсақ та, қазіргі күнмен салыстыруға болмайды. Ол заманға қарағанда көп ілгері кеттік. Расын айтқанда, көп білеміз деп жүрген ұлтшылдардың өзі қазақ тұрмысындағы надандықтың бір үлгісі еді. Қазақ ұлтшылдарының жазған саяси, ғылыми, әдеби мақала, кітаптарымен жақын таныссаң, надандық исі аңқып тұрады, көбінің әлі қотан басынан шыға алмағаны «бесенеден» білініп тұрады. Өзгені қойып, осы Абай туралы жазған ұлтшылдардың мақалаларын алыңыз. Надандық белгісі осы мақалаларында да ап-ашық көрініп тұр. Бәрі де Абайды ауылдағы надан қара қазақша мақтайды. Ғылыми сын ешқайсысында да жоқ. Абайға сын жазған анау-мынау ұлтшылдар емес, ұлтшылдардың көсемдері, ең білімді дегендері (Ахмет, Әлихан, Мержақыптар).

Өткен заман бізге үлгі емес. Сол сықылды қазақ ұлтшылдары да бізге бүгін өлшем бола алмайды. Бізге өрнек-үлгі — Маркс, Энгельс, Ленин-Сталин сықылды пролетариат көсемдері. Біз осылардан үйренеміз. Осылардың школасындағы адамдардың ісінен үлгі аламыз. Маркс-Ленин школасындағы адамдардың (пролетариат, еңбекшілердің) туында жазылған ұлы ұранның бірі – «Адам баласының білімін түгел білеміз, түгел меңгеріп пайдаланамыз!» —  деген ұран. Көсеміміз Сталиннің: «Коммунистер техниканы өздері меңгеріп, білулері керек!» — деген ұраны да осы сарынды ұран. Осы ұранды орындауға қазақ коммунистері де міндетті.

Біздің көбіміз (бәріміз десек те өтірікші бола қойман) — қазір универсалмыз. Көп білгендіктен универсал емеспіз, көп міндет жүктелгендіктен, амалсыздан универсалмыз. Қазақ тұрмысында жұртшылық алдына түспей, білінбей, қараңғы, тұйық жатқан мәселелер көп. Соларды ашқың келеді, түсінгің келеді. Сөзден сөз туады. Ойға ой жалғасады. Бір мәселеден екінші, үшінші мәселе туады. Әдебиет сыны тарихты білуді керек қылады. Тарих қазақтың экономикасын, ескі әдебиетін білуді тілейді. Қазақта мұның бәрі де бұрын тұман, күнгірт жатқан мәселелер. Енді бүгін бірін қозғаймын деген қазақ коммунисі бәрін қозғауға міндетті болады. Мұның аяғы барып лажсыздан кейде шала универсалдыққа апарып соғады.

Осы шала универсалдықтың кесірі болар, кейде кейбір жолдастардың универсалдығы көріне сауатсыздыққа айналады. Шала білімнің арқасында кейде өзге мәдениеті жоғары елдерде әлдеқашан анықталған, екінің бірі білетін әліп-би болған мәселелер бізде даулы мәселе болып, таласқа түсіп жатады. Кейде көп талас көріне қазақтың тұрмысын, тарихын, экономикасын, әдебиетін білмегендіктен туып жатады. Басқа елдердің тарихында осындай болып еді, қазақта да болған шығар деп құр кеудемен де соғатындар жоқ емес. осындайлар біздің әдебиет, тарих жайындағы өткен жылдардағы айтыстарымызда тіпті көп болды. Осы шалалықтан Абай айтысы да құр емес. Абай айтысында талас болып жүрген жалпы экономика, тарих мәселелері қандай? Абайдың өзіне көшпестен бұрын, алдымен осы мәселелерді ашып алайық. Өйткені Абайдың заманын, сол кездегі қазақтың шаруа-әлеумет құрылысын, таптар арасын дұрыс ұқпасақ, Абайдың өлеңін де, өзін де ұғуға болмайды. Абай — тұрмыс «құлы», өз заманының баласы.

Тоғжанов Ғ. Абай. – Казан, 1935. — 5-10-беттер.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники