Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ТҰРҒЫСЫНАН ӨЗЕКТІ

%d0%bc%d3%99%d0%b4%d1%96%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2%d0%b0

Қ. Мәдібаева

Абай дүниетанымы турасында ұдайы сөз қозғап отыру ниетінде «Абайтану» айдарын ашып отырмыз. Жобаны «Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру» бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті орындағанын оқырманның қаперіне саламыз. Осы жоба аясында газетіміздің өткен сандарында «Абай және біз» деген атпен қос бірдей «Дөңгелек үстелдің» ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн.

Абай мұрасын игерудің игілікті, қайырлы арналары бар. Абайтанудың іргелі мәселелері ұдайы күн тәртібінде. Осы бағытта қамданып, тұтас қамтып жұмыс істеуге ынталы болып отырған Орталықтар, зерттеу институттары құрылған. Соңғы 30 жыл ауқымында да атқарылған шаруа, айқындала түсіп отырған мәселе де аз емес.

Ұлттық мүдде тұрғысынан Абай әрдайым өзекті. Абайдың исламдық құнардан бой көтерген кісілік ілімі қай кезеңдегіден де қазір қажет болып отырғанын сезіне түстік. Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақтың көкесін енді көріп отырған сияқтымыз. Әлем халықтарының ешқайсысында да дәл қазақтың қуыс кеуде даңғазалығындай астамшылық жоқ көрінді. Кейбір жұрттың кеудесін шалқақ ұстауының лайықты жөні – бөлек әңгіме. Астамшылықты Алланың қаламайтынын ұмытқан қазақ қаптап кетті. Қазіргі рухани жадау күйімізге мың сан мысал келтіріп отыруды қажет көрмеймін. Есік алдында бетпе-бет келіп қалғанында бейтаныс жас адам ығысып жол берсе – шүкір дейсің.

Қағып-соғып өте шықса – не айтасың? Ұлтының ұятына күйген Абайдың қауіп еткен, қам жасаған дүниесі өзектілігін жойды ма? Абай дегенде қазаққа қатысты қаптаған мәселе қоздайды. Арғы-бергіде адам баласының Алладан бұйырылған парыз, игілігін, ата-бабаның, келер тұқымның көкейкестісін тастүйін, табандап түгендеп кеткен тұлға. Қазіргі қоғам, рухани түлеу мәселелері Абай ұстанымдарын айналып өте алмайды. Иманды ұрпақ өсірудің ғасырлық міндеті көлденең тұрған өтпелі дәуірде ұлтымыздың бай әдеби мұрасы һәм Абай – өзекті. Мызғымас рухани құнар тұнған Абайдың ойшылдық әлемі ендігі ұрпақтың таным кеңістігін дұрыс түзудегі бұлжымас бағдарлардың бірі. Ендігі ұрпақ Абайды ең алдымен аса ірі мұсылмандық ағартушы тұлға тұғырында танып өссе керек. Абай мұрасын игеруде жоғары, орта мектеп оқулықтарының мазмұны абайтану ғылымының негізгі нәтижелерін қамтуы керек. Осы мәселеде атқарылар шаруаның бірі – арнайы ғылыми зерттеу, білім беру Орталығының құрылуы. Жетекші мамандардың әлеуетін пайдаланып, тұтас тартып, абайтану проблемаларын түгендеп кешенді жұмыс істейтін ірі мекеме болуы керек. «Абайтану» курсын орта мектепте оқытудың түбегейлі ғылыми консепциясы жасалған жоқ. Абай тағылымын ендігі ұрпақ саяси қыспақтан арылған, таза, рухани ғылыми мәнде барша көркемдік негізімен игеріп, сіңіріп, танып өсуі тиіс. Абайдың өмірбаяны; Абайдың ақындық айналасы; Абайдағы дін-дүниетаным жайы; Абай өлеңінің өрнек өлшемі; Абайдың тіл кестесі; Абайдың ұлт тәуелсіздігі жолындағы тарихи еңбегі толық оқытылуы керек. Абайтануда ендігі ұрпақ ұдайы қарайлап отыратын, айналып өтіп кете алмайтын іргелі ұстанымдар рухани айналымда болуы керек.

 

Қанипаш МӘДІБАЕВА, филология ғылымының докторы.

«Қазақ әдебиеті» газеті, 01.09.2017 жыл.

http://qazaqadebieti.kz/11810/ltty-m-dde-t-r-ysynan-zekti

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники