Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

ҚҰТТЫҚТАУ — 80

Аса құрметті Берікбай Сағындықұлы!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты Сізді, қазақ тіл білімінің ардақтысын, Қазақстан Жоғары мектебінің көрнекті қайраткерін, сексенге келген мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтайды!

Сіз 1957 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (ол кезде – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) оқуға түсіп, өз заманыңыздың үздік ғұламаларынан тәлім-тәрбие алдыңыз. Республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстан» (Қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болып қызмет етіп, үлкен шығармашылық тәжірибе жинақтадыңыз, маңдайалды стилист болып қалыптастыңыз.

КСРО ҒА Шығыстану институтының аспирантурасын ойдағыдай бітіріп, 1977 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, атақты тюрколог ғалым Э.Н. Наджиптің ғылыми жетекшілігімен филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «ХІҮ ғасырдағы түркі жазба ескерткіштерінің салыстырмалы лексикасы» деген тақырыпта диссертация қорғадыңыз. Бұл Қазақстан тіл білімі саласында бұрын зерттелмеген, әлеуметтік мәні зор өзекті тақырып еді. Сіз өз диссертацияңызда ғылыми маңызы үлкен өзекті мәселені шешіп, тюркологияның теориясы мен тарихы туралы ғылыми қағидалардың қорын жаңа ойлармен, жаңа тұжырымдармен байыттыңыз. 1994 жылы «Қазақ тілі лексикасы дамуының фонологиялық заңдылықтары» деген тақырыпта ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін докторлық диссертация қорғадыңыз. Қазақ тіл ғылымы үшін Сіздің бұл еңбегіңіздің де ғылыми, әлеуметтік маңызы жоғары еді. Диссертацияда негізделген ғылыми пікірлер, ойлар, тұжырымдар, қағидалар қазақ тіл білімінің дамуына лайықты серпін берді, қазақ тілінің лесикологиясын зерттеу саласында баламасы жоқ бағалы жаңалық болды.

Сіз тюркология, қазақ тіл білімі саласында іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар орта ғасыр ескерткіштерінің транскрипциясын, аудармасын, түсіндірмелі, алфавитті, кері алфавитті жиілік сөздіктерін жасап, баспадан шығарып, олардың кең ауқымдағы ғылыми айналымға түсуіне атсалысып келесіз. Орта ғасырдың жазбаша ескерткіштерін түпнұсқадан оқу, дәлме-дәл аудару, әр сөздің мағынасын ашып, сөздік құрастыру — Сіздің кәсіби құзіреттілігіңіздің саралығының көрінісі.

Рабғузидің «Қиссас-ул анбийа» еңбегін зерттеп оқу, зерделеп түсіну Сіздің жандүниеңізді нұрға бөлеп, ғылыми зерттеулеріңіздің өрісін кеңейтті, арнасын тасытты. Теология саласындағы «Ғаламның ғажайып сырлары» атты іргелі еңбегіңіз, Қорқыт атаның өмірі мен шығармашылығы, ойшылдығы туралы ойларыңыз бен толғаныстарыңыз — Сіздің ғылыми шығармашылығыңыздың айрықша айдынды арнасы.

Сіз әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, халық шаруашылығы үшін қазақ тілі мен әдебиетінің сан буын білікті мамандарын тәрбиелеп, өсірдіңіз. «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Түбіртек теориясы», «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология» сияқты іргелі оқу пәндерін қалыптастырып, лекция оқыдыңыз, олардың оқулықтарын, оқу құралдарын жазып, баспадан шығардыңыз. Отыздан астам ғылым кандидаттары мен докторларын даярладыңыз. Үш жүзден аса ғылыми және публицистикалық еңбектер жарияладыңыз. Қазақ тіл білімінің, тюркологияның, қазақ филологиясының дамуына зор үлес қостыңыз.

Құрметті Берікбай Сағындықұлы, Абай институты Сіздің ғылыми-шығармашылық және ұстаздық қызметіңізді, кісілік келбетіңізді аса ардақ тұтады, қазақ тіл білімінің, Қазақстан жоғары мектебінің дамуына сіңірген еңбегіңізге құрметін білдіреді, мерейлі жасыңызбен құттықтай отырып, өзіңіге, отбасыңызға амандық-саулық, бақ-дәулет, құт береке тілейді.

Табыстан табысқа жете беріңіз!

Абай институты

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники