Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Декабрь 2019
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Ноя    
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031  

Тұрағұл Құнанбаев Әкем Абай туралы

                                                                   Құрметті әдебиет сүйер оқырман!!!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» атауымен  36 томдық еңбек жарық көрді.

Кітаптағы материалдарды қалың оқырманға ықшамдап ұсынып отыруды жөн көрдік.

Бірінші томға абайтану саласында 1909 жылдан 1940 жылға дейін жарық көрген, уақыт сынынан өткен, тарихи және танымдық маңызы зор еңбектердің таңдамалылары енген.

Көзайым болыңыз!

 

                                                                                                                                                                                       Тұрағұл Құнанбаев

                                                                                              Әкем Абай туралы

(үзінді)

Менің әкемнің биографиясына керекті сөздерді жинамақшы болған азаматқа менің әкемнің жалпы әдепті мінезін, салтын көрсетуге замандасының бір жолыққандағы қалпын, түрін, киген киімін, отырған-тұрғанын, сөйлеген сөзін, қуанған не ашуланғанын жазбағым қажет екен. Менің әкемнің замандасында қаламға үйір, көргенін-білгенін қағазға түсіре білері аз болған соң амалсыз өзім жазбақты мойныма алдым. Әйтпесе, әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді.

Мен бұрын мұндай сөзді жазып, иә жазған адамның кітабын оқып, танысқан адам емес едім. Бір күнгі, бір жердегі көргенімді есіме алып жазғаныммен сұраушы азаматтың көңіліндегі арманын ақтай алғандай емеспін. Сондықтан әкемнің өзімнің білген қадерімше, жалпы мінезін алыстан алып кеп, толғап жазғым келеді. Бұл сөздерді керек қылған азамат, мол бұлдан керегін пішіп, қорытып алар.

Мен – әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем екінші жамағат алғанда, бастапқы бәйбішесі өзінен 2-3 жас үлкен еді, ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады деген шығар. Екінші, жалпы қолы жеткен, әлі келген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылданғандықтан да шығар.

Мен әкемнің 32 жасында жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғамын. Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта: іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде, баласы иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.

Менің бала кезімде, менің әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді.

Абайтану. Таңдамалы еңбектер. 1 том / Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 105-106 б.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники