Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Март 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

М. Қожақанова. АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ ӨРІСІ

Абайдың шығармашылық мұрасын тұтас-тай алғанда да, жеке бір туындысын бөліп алып қарағанда да мазмұн мен мағынаның, мәннің байлығы мен тереңдігі ерекше байқалады. Негізінде Абайдың әр сөзінде бай мазмұн бар, мазмұнның түрлі мағынасы бар, одан келіп шыға-тын поэтикалық мән бар. Олардың әрқайсысының мәнісін тану, қабылдау оңай емес. Абайдың әр шығармасының, ақынның өзі айтқандай, «сырты күміс, іші алтын» болып келеді. Басқаша айтсақ, ақын шығармасының пішіні келісті болғанда, мазмұны одан асып түседі. Сондықтан Абайдың шығармасының мазмұны мен мағынасын, мәнін ұғу, түсіну өте қиын. Белгілі бір түсінігі, білім деңгейі жоқ кісі Абайдың сөзін де, ойын да тиісті деңгейде түсіне алмайды. Біздің бұл айтып отырғанымыз Абайды қазақ тілінде оқитын оқырмандардың қайбір тобына қатысты. Ал Абайды қазақ тілінде оқи алмайтындардың Абай туралы түсінігі, Абайдың ақындығы туралы ұғымы мүлде басқаша болуы мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың көркемдік әлемін түсіну, оны қабылдау өз алдына зерттеу нысаны болуға лайықты, іргелі ғылыми мәселелердің бірі болып табылады.

Абай шығармаларының мәтінін қабылдау өте күрделі психикалық процесс болып табы-лады. Ақынның қай шығармасында да құбы-лыстың, заттардың, жағдаяттар мен оқиға-лардың тұтастай көрінісі бейнеленеді. Оларды қабылдау, дәлірек айтсақ, эстетикалық қабыл-дау әркімнің парасат деңгейіне сай жүзеге асады. Ал көркем аударманың теориясында қабылдау ұғымы түсіну мен пайымдаудың, бағалаудың біртұтас болмысы ретінде қарас-тыруды қажет етеді. Өйткені қабылдау ұғымы-ның өзі аударматануда толық айқындалмаған ұғымдардың қатарына жатады. Соған қарамас-тан аудармашы үшін асыл нұсқаның мәтінін қабылдауды аударма үдерісінің бірінші әрі негізгі кезеңі ретінде тануымыз дұрыс. Оған үстірт қарауға болмайды. Бұл кезеңнің нәти-желілігі аударма үдерісінің кейінгі сатыла-рының бәрінің де сапалылығының басты шарты болып есептеледі. Жалпы, қабылдау, түсіну, пайымдау, бағалау мәтіндегі мәнді танудың бірден бір кепілі десе болғандай. Мәтіндегі мәнді танымай тұрып оны нақтылау, айқындау және аудару мүмкін емес.

Абайдың әр шығармасы тұтас бір күрделі құбылыстың бейнесі екендігі туралы жоғарыда айттық. Ақынның әр шығармасының өзі де тұтас бір көркемдік құбылыс болып табылады. Оны сол қалпында, бүтін күйінде қабылдап түсіну қиын. Оны түсіну үшін алдымен оның жекеленген құрамдас бөліктерін түсіну қажет. Бүтіннің бөлшегін танымайынша бүтінді білу мүмкін болмайды. Сөйте тұра бүтіннің бөлше-гін түсіну үшін бүтіннің өзінің мәнін тануға тура келеді. Осы орайда қабылдау процессіндегі түсінудің өзі іргелі мәселелердің қатарынан орын алады. Түсіну бар жерде түсіндіру де болады. Түсіну мен түсіндірудің арақатынасын анықтау да үлкен ізденіс жұмыстарын талап етеді. Бұл мәселе туралы түрлі пікірлер бар. Әдебиеттану мен аударматану саласындағы зерттеушілердің еңбектері түсіну мен түсін-дірудің арасын ажыратып көрсетеді. Мысалы,  М.М. Бахтин түсіну мен түсіндірудің басты айырмашылығын былай анықтайды: «Шығарма авторын түсіну дегеніміз — басқа адамның әлемін, бөтен сананы, яғни басқа субъектіні  түсіну деген сөз. Түсіну кезінде — екі сана, екі субъект, түсіндіру кезінде бір сана, бір субъект болады. Нысанға қатысты диалогтік қарым-қатынас болмайды, сондықтан түсіндіруде диа-логтік сәттер жоқ (формальды — риторикалықтан басқасында). Ал түсінуде аздап диалогтік сипат болады» [1, 289 б] М.М.Бахтиннің түсіну мен түсіндіру туралы пікірінің маңызы зор. Әсіресе, түсіну үдерісінде екі сана, екі субъект арасында болатын диалогтік қатынас жайында айтылған ойлардың ғылыми мәні барын ашық айтуымыз керек. Ал нысанға қатысты түсіндіру үдерісінде диалогтік қарым-қатынастың болмайтыны жө-ніндегі тұжырымды бірыңғай қабылдау әрқашан дұрыс бола бермеуі мүмкін. Мұның мәнісі түсіну нысаны аударма мәтін болып келгенде айқындала түседі. Өйткені аударма мәтінді түсінудің өзі түсіндірумен егіз, қатар жүзеге асатын процестердің қатарына жатады. Аударма мәтінді түсінуді біржақты қабылдамау керек. Аударма мәтінді түсіну асыл нұсқадан тыс жүзеге аспайды. Аударма мәтін мен асыл нұс-қаның өзін қатар алып қарастыру нәтижесінде ғана толық түсінікке жетуге болады. Мұндай жағдайда түсінушінің алдында бір емес, екі нысан тұрады. Оның үстіне түсінуші немесе түсіндірушінің екі нысанды өзара салыстырып қабылдауы барысында алатын түсінігінін өзі бір емес, бірнеше нұсқалы болып келуі мүмкін. Мұның өзі, айналып келгенде, аударма мәтінді түсінудің өзі оны түсіндірумен егіз, қатар жүзеге асатындығы туралы жоғарыдағы пікірі-мізді толықтыра түседі. Сөйтіп, осы айтыл-ғандардың негізінде, аударма мәтінді түсіну үдерісінде түсіндіру үдерісінің элементтері бар деген тұжырым жасауға болады. Осы тұрғыдан келгенде, аударма мәтінді түсінудің өзінде де диалогтік қарым-қатынас орын алады деуіміз орынды болмақ.

Мәтінді түсіну дегеніміздің өзін дұрыс түсінуіміз керек. Мәтінді қабылдаушының түсі-нігі түпнұсқа авторының түсінігіне неғұрлым сәйкес болса, соғұрлым толық түсінік болмақ. Осы жерде мынаны ескеруге тура келеді. Автор өмір құбылыстарын суреттегенде, оларды өз шығармасында барынша толық қамтып көрсет-пейді. Көп жайлар шығармаға енбей қалады. Екінші жағынан, автор белгілі бір көркемдік бейнелеу тәсілдері арқылы шығарма мәтінінде анық көрініс таппаған жайлар туралы да ой ұсынады. Автордың шығармасында суреттелген құбылыстардың нақты мазмұны мен мағына-сынан мұндай ойлардың мәнісін аңғару қиын. Сол себепті мәтінді түсінушінің түсіну деңгейі автордың түсіну деңгейіне жете қабыл болуы сирек кездеседі. Алайда мәтінді қабыл-даушының қаңдайы да автор түсінгендей дең-гейге жетуге күш салады, авторша түсіну мүм-кіндігін көздейді. Мұндай түсіну деңгейіне жету үшін, түсінуші:

а) түпнұсқа мәтінді терең пайымдап, ғылы-ми тұрғыдан саралап зерттеуі қажет; ә) түпнұсқа қай елдің тілінде жазылса, сол елдің мәдениетін жете білу керек; б) түпнұсқа авторының идея-сын, шығармашылық ұстанымын, өмір шын-дығынан өнер шындығын жасау концепциясын, стилін терең түсінуі шарт.

Көрсетілген талаптар түпнұсқа туындыны қабылдау, түсіну, пайымдау үшін аса маңызды. Қабылдаушының біліктілігіне қойылатын басқа да талаптар бар. Осы талаптарға тиісті деңгейде жауап бере алған жағдайда ғана аудармашы өз міндеттерін сәтті орындауға мүмкіндік табады. Аударматануда мұндай түсініктің алдамшы сипаты бары, шығармашылық үдеріс алдын ала пайымдалмай, санадан тыс өтетіні туралы пікір-лер де бар. Аударма нақты тұлғаның шығар-машылығы болғандықтан, бұл пікірлердің ау-дармашы еңбегіне де тікелей қатысы болады. Алайда аудармашы еңбегінің кезеңдерін, үде-рістерін алдын ала пайымдауға болмайтыны, олардың санадан тыс өтетіні туралы пікірлерге сыншылдықпен қарауға тура келеді. Өйткені шығармашылық еңбек үдерісінің кезеңдері мен сатыларын пайымдауға болмайтыны туралы ойлар мен пікірлердің ғылыми негізі әлсіз, дәлелі, дәйегі жоқ.

Әрине, аудармашы мәдениетаралық байла-ныстың дәнекері қызметін атқарады. Бұл қыз-мет үстінде ол түпнұсқаны автордың дәл өзі секілді танып, біле алмайды. Бірақ бұл аудар-машының түпнұсқаны мүлде танып, біле алмайтындығы туралы ойға алып келуге тиіс емес. Аудармашы біліктілігі неғұрлым жоғары болса, оның түпнұсқаны танып, білу, түсіну, түсіндіру мүмкіншілігі де соғұрлым мол болмақ.

Оқырман үшін мұндай біліктілік міндетті емес. Оқырманның белгілі бір мәтінді қабыл-дауы, түсінуі мен аудармашының біліктілігі ара-сында үлкен айырмашылықтар бар. Мәтіннің мазмұны айқын әрі ашық ғана емес, үнемі ақпа-ратты болып келеді. Оқырманның подтексті, аллюзияны, оқиғаның немесе сөздің жасырын мәнін, кейіпкердің түптұлғасының құбы-луларын түсінуі үшін, оған өздігінше зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Мысалы Абайдың «Сегіз аяғындағы»:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған… [ 12, 62 б]

секілді тармақтардағы әр сөзді, әр суретті оқырман өздігінше қабылдап, өздігінше түсі-неді. Оның түсінігіне сын айту орынсыз. Ал аудармашы бұл тармақтарды, олардағы әр сөзді, оның тиісті мағыналарын терең түсінуге, ғылыми негізделген жүйеде бағалауға міндетті. Бұл оңай жұмыс емес. «Алыстан сермеп» деген екі сөзден тұратын бір тармақтың мағынасын анықтаудың өзі аудармашы үшін үлкен қиын-дыққа түседі. Алыстан сермеудің иесі, дәлірек айтатын болсақ, осы тармақтағы қимылдың, істің иесі — «қызыл тіл». Алыстан сермейтін — «қызыл тіл». Ал тіл қалайша сермейді? Қалайша алыстан сермейді? Жалпы, тіл сермей ме? Сермесе нені сермейді? Міне, осындай сұрақтар туындайтыны заңды. Бұл сұрақтарға қалай жауап беруге болады? Оқырманның ойында мұндай сұрақтар тумайды, ол мұндай сұ-рақтарға жауап та іздеп жатпайды. Енді осы тармақтың орыс тіліндегі аудармасына көңіл бөлетін болсақ, мынадай жол шығады:

Издали зовет… [ 16, 112 б]

Аудармашы — Л.Озеров. Аудармашының ақындық өнеріне, аудармашылық шеберлігіне мін тақпаймыз. Бірақ Абайдың «Сегіз аяғының» осы сөз болып отырған тармағы орыс тіліне лайықты деңгейде аударылмағанын айтуды парыз деп білеміз. Түпнұсқаның мағынасы аудармада дұрыс берілмеген, тіпті бұрмаланған. Аудармашының «Издали зовет» деп отырғанын сөзбе-сөз қазақ тіліне кері аударғанда, мынадай мағына туады:

Алыстан шақырады

Осылайша Абайдың «Алыстан сермеуі» Л.Озеровтің түсінуінде «Алыстан шақырады» болып шығады. Сермеу мен шақырудың мағы-налары екі басқа. Олар бір-біріне балама бола алмайды. Бұлардың лексикалық мағыналары әртүрлі. Сермеу сөзінің лексикалық мағынасы нақты қимылды білдіреді және ол басқа көптеген сөздермен тіркесе алады. Ал бұл Абай-дың қолдануында дерексіз мағынаны білдіреді.

Осы жолды орыс тіліне аудармашылар түр-ліше аударады:

Звенящий, как ключ, Слепящий, как луч… (В.Державин) [ 9, 56б]

Далеко зовет…(М.Касаткин) [ 10, 112 б]

Зазываешь, далек… (А.Кодар) [ 11, 99 б]

Осы аудармалардың да ешқайсысы келісіп тұрған жоқ. Жалпы, аудармалардың бәрі белгілі дәрежеде өзара мағыналық жағынан үндеседі. Ал нақты алып қарайтын болсақ, Державиннің аудармасы басқа аудармалардан айтарлықтай ерекшеленеді. Шақыру туралы ұғым Касаткин-нің, Озеровтің, Кодардың аудармаларында анық көрініс тапқан болса, Державинде басқаша, онда кілттей сылдырлау, сәуледей жарқырау туралы мағына бірінші кезекке шыққан. Түпнұсқадағы алыстан сермеу туралы ұғым осылай өзгеріске ұшырайды, турасын айтсақ, түпнұсқадағы «алыстан сермеудің» ізі де жоқ болып кеткен.

Үшінші тармақтағы «Шымырлап бойға жайылған» ұғымы да белгілі бір сурет, образ арқылы берілген. Осы тармақты тілдік тұрғыдан саралайтын болсақ, ондағы сөздердің арасында мынадай қатынас бары белгілі болады: қимыл-дың иесі, жоғарыда көрсетілгендей, тіл болып табылады. Ал қимылдың баяны «жайылған» сөзінің мағынасы арқылы белгілі болады. «Бойға» сөзі осы қимылдың шартты кеңістігін, мекенін білдіреді. «Шымырлап» сөзі қимылдың сынын, орындалу амалын білдіреді. Әр сөздің лексикалық мағынасы, синтаксистік қызметі анық, түсінікті. Ақын өлеңдегі сөздің осындай мағынасы мен қызметін шебер қиыстыра оты­рып, суретті, бейнелі мағынаға қол жеткізеді. Енді осы мағынаның орыс тіліндегі баянына назар аударатын болсақ, тағы да түпнұсқа мен аударма арасындағы сәй-кессіздіктің көрінісіне куә болар едік. Мысалы, осы тармақтың мағы­насы Л.Озеровтің аудармасында былай беріледі:

Заставляет нас трепетать…

Осы тармақ басқа аудармашылардың аудар-маларында тағы да түрліше пайымдалады, түрліше шешімін табады:

Ты хлынешь, сердца обжигая…(В.Державин) [ 9, 56 б]

Волнением полнит тело… (М.Касаткин) [ 10, 112 б]

Избавляя от боли и мук… (А.Кодар) [ 11, 99 б]

Бір мағынаны төрт аудармашы төрт түрлі жеткізеді. Нақты салыстырмалы талдау жаса-ғанда, түпнұсқаның мағынасын төрт аудармашы да лайықты аударып бере алмайды. Шақ, жақ категориялары да сәйкес келмейді. Лексикалық мағына деңгейінде де сәйкестік жоқ. Л.Озеровтің аудармасынан «Бізді толқуға мәж-бүр етеді» деген ойдың өзегі шықса, Державин-нің аудармасынан «Жүректі күйдіріп, баурай-сын» деген мағына туады. М.Касаткиннің аудармасынан «денемді толқуға толтырады» деген мағына шығады. Бұларды Абайдың «шымырлап бойға жайылған» тармағының бала-масы ретінде қабылдау қиын. Абайдың тармағынан шығатын мағына бір басқа: суретті, бейнелі, мағынаға бай. Аударма тармақтан шығатын мағына бұған керісінше: сурет жоқ, бейне жоқ, мағына басқа. Қазақ ортасынан шыққан А.Қодардың аудармасы туралы да осындай ой туады. Оның аудармасынан туатын мағына мынадай: «Ауру мен азаптан құтқарып». Анығын айтқанда, А.Қодардың аудармасы мүлде шектен шығып кеткен сияқты көрінеді. Түпнұсқада мұндай мағынаның елесі де жоқ. Том Боттинг осы үш тармақты ағылшын тіліне былай тәржімалайды:

You start your flight from a distance,

Impinging on the soul’s resistance

You penetrate all existence. [ 14, 68 б]

Мұны қазақ тіліне сөзбе-сөз кері аудар-ғанда, мынадай мағына туады:

Сіз ұшуды алыстан бастайсыз,

Жанның қарсылығынан өтесіз,

Сіз барлық тіршілікке (болмысқа) жайыласыз (бойлайсыз).

Кері аудармада көрініс тапқан мағына аудармашының ойындағы немесе аудармасын-дағы мағынаға толық сай келеді деп айта алмаймыз. Оның үстіне Т.Боттингтің аудар-масының ағылшын тілді оқырмандары мәтіннен тыс, контексте ашылатын кейбір мағыналық реңктерді де түсініп, қабылдауы мүмкін екен-дігін жоққа шығармаймыз. Әйтсе де біз ұсынып отырған кері аудармада Т.Боттингтің аударма­сының негізгі мағынасы дұрыс берілді деп білеміз. Осы тұрғыдан келгенде, Т.Боттингтің аудармасында түпнұсқаның мағынасы толық көрініс таппаған. Ақынның поэтикалық ойы ағылшын тілді оқырманға дұрыс жетпеген. Түп­нұсқаның мағынасы өз оқырмандары үшін терең, айқын әрі көп қырлы. Аталмыш аудармада мұндай тереңдік, айқындық, көп қырлылық жоқ. Бұл аудармашының түпнұсқа туындыны қабылдауының, түсінуінің деңгейіне тікелей байланысты орын алып отырған олқы­лықтардың қатарына жатады. Дегенмен осы жерде Т.Боттингтің Абай шығармасын түпнұсқадан емес, оның орыс тіліндегі аударма-сынан аударып отырғаның ескеруге тура келеді. Түпнұсқа туындыны ағылшын тіліне тікелей ау-дарудың маңызы өте зор екендігінде сөз жоқ. Бірақ ондай аударма жасайтын аудармашыны іздеп табу қиын. Осы қиындық Абайдың шығармасын ағылшын тіліне оның орыс тіліндегі аудармасы арқылы ауда-руға алып келген. Енді Абайдың осы шығар-масының орыс тіліндегі аудармасы мен соның негізінде жасалған ағылшын тіліндегі аудармасын өзара салыстырып талдайтын болсақ, түпнұсқаның мағынасы бірден-бірге өзгеріп отырғанына көз жеткізуге болады. Мысалы, жоғарыда берілген үзіндіге қарағанда, аудармашы ағылшын тілінің синтаксистік құрылымына сәйкес сөйлемді есімдіктен бастауды ұйғарған. Ол негізсіз емес, өйткені ағылшын тілінде мекен пысықтауыш сөйлемнің соңында келеді. Бірақ аудармада осы тармақ сәтті шықпаған. Оның бірнеше себебі бар. Бір себебі ағылшын тілді оқырманның өлеңнің басындағы екі шумақты қабылдау сипа­тына байланысты анықталады. Оның мәнісі — ағылшын тілді оқырман осы жолдар тірі адамға арналғандай әсер алады. Түпнұсқадағы «Алыс­тан сермеп» орыс тіліндегі аудармада «Издали зовет» (Л.Озеров) болса, ағылшын тіліндегі аудармада «Алыстан ұшу» секілді мағынада беріледі (Алыстан сермеп → Издали зовет → You start your flight from a distance — Алыстан сермеп → Алыстан шақырады → Сіз алыстан ұшасыз).

Ағылшын тіліндегі артық сөз қосулар түп-нұсқаның көлемін ұлғайтып жіберген және толықтыру, орын ауыстыру сияқты трансфор-мацияның түрлері пайдаланылған. Егер аудар-машы алғашқы тармақта “start — бастау” етістігін және «сіз» есімдігін қоспай, өлеңді ағылшын тілінің ережесіне сәйкес есімшеден бастаса түпнұсқаның құрылымына аса зиян келмес еді. Мысалы, осы жолды есімше тұлғамен  былай аударуға болады:

Flying from a distance… [ 14, 68 б]

Алыстан ұшып…

«Жанның қарсылығына жетесіз» мағынасы түсініксіз, осы жерде аудармашы қандай қар-сылықты айтып отыр? — деген сұрақ туындайды. Егер аудармашы түпнұсқаның мағынасын ашу үшін толықтырулар жасап, өз жанынан қосатын болса, оның да ретті жері бар. Т. Боттингтің өз жанынан қосуы, керісінше, мағынаны бұрмалап, оқырманды шатастырып отыр. Жүректі ол орыс тіліндегі аудармаға сүйене отырып «душа» деп алған. Үшінші тармақтағы «Барлық тіршілікке енесіз», бұл жолдағы «тіршілік» жалпы мағы-нада қолданылып тұр, «тіршілікті» түп-нұсқа­дағы «бойға» балама етіп алу қиын. Абайдың қимылдың сының білдіретін бейнелі сөзі («шымырлап») жоғалған. Енді осы тармақ-тардың татар тіліндегі аудармасына көңіл бөле­тін болсақ, мынадай жолдар шығады:

Ерактан балкып,

Йөрәктән калкып,

Яндырып тәнгә таралган [ 18, 23 б]

Аудармашы — Мәһмүд Максүд. Тармақ-тарды сөзбе-сөз қазақ тіліне кері аударып көрейік:

Жырақтан балқып, (жарқырап)

Жүректен қалқып,

Жандырып тәнге таралған.

«Сермеу» мен «балқу» (жарқырау) сөз-дерінің түркі тілдеріндегі мағыналары, қол-данылатын аясы әртүрлі. Түпнұсқадағы сөз жүректен қалқып тұрған жоқ, жүректі тербетіп тұр. «Тербептің» қазақ тілінің түсіндірме сөзді-гінде «қозғау салу, әсер ету, тебіренту» сияқты анықтамалары берілген. Татар тілінде де ла-йықты баламалар жоқ емес (тирбәтү, селкү, юату, кагу). Осы баламалардың ішіндегі «тир-бетү» сөзінің мағынасы түпнұсқаға жақын келеді, бірақ аудармашының «тербеп» сөзіне «қалқып» сөзін балама етіп алуы жеке сөз қолданысы болуы мүмкін. «Шымырлап» сөзін «жандырып» деп аударуда да түпнұсқадағы  мағынадан алшақтық бар сияқты көрінеді. Әйтсе де аудармада Абайдың айтып отырған ойының мағынасы, белгілі дәрежеде, көрініс тапқан деп білуіміз керек сияқты. Бұл жолдар ұйғыр тіліне мынадай үлгіде аударылған:

Жирақтин шилтәп,

Жүрәктин тәврәп,

Чимирлап тәнгә йейилған.

Аудармашы — И.Жәлилов. Тармақтардың сөзбе-сөз қазақ тіліне кері аудармасынан мына­дай мағына туады:

Жырақтан сілтеп

Жүректі тербеп

Шымырлап тәнге жайылған.

Ұйғыр тілінің лексикасында түпнұсқадағы «сермеу» сөзіне сәйкес бірліктің болмауынан аудармашы «сілтеп» деп алған деуге болар еді, бірақ түркі тектес халықтардың тілінде, со-лардың ішінде ұйғыр тілінде «сермеу» сөзінің болмауы мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Өйткені «сермеу» сөзі түркі тектес халықтардың бәріне де жат емес. Бұл ойымызға негіз болатын тіректі түркі тектес халықтардың екі тілді және түсіндірме сөздіктерінен табуымызға болады. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың «сермеп» де­ген сөзін қырғыз аудармашысы А.Токомбаев секілді өзгеріссіз алуға да болар еді. Ал «Жүректі тербеп, Шымырлап тәнге жайылған» деген тармақтарда аудармашы түпнұсқаның лексикалық мағынасын, бейнелілігін, бояуын, көркемдігін түркі тектес халықтардың тілде-рінде ертеден бар балама сөздерге сай сақтауға тырысқан. Түрік тіліне З.Исмаил осы тар-мақтарды былай тәржімалаған:

Uzaktan çağirir,

Yüreği oynatir

Eritir, bedene yayilir [ 19, 139 б]

Қазақ тіліндегі сөзбе — сөз кері аудармасы:

Алыстан шақырады

Жүректі толқытады

Балқытып, денене жайылады.

З. Исмаил «Алыстан сермеуді» «Алыстан шақырады» деп береді. Аудармашының Абай өлеңінің алғашқы тармағының мағынасын осы-лай түсініп, осылай аударуының негізінде қандай себеп жатқаны бізге белгісіз. Сермеу сөзі түркі тектес халықтардың тілінде бар екені­не күмән келтіру қиын. Өйткені бұл сөздің шығу төркіні көшпенді тұрмыс болмыстарымен сабақтас. Салыстырмалы талдау барысында З.Исмаилдың «алыстан шақырадысы» Л.Озеровтың аудармасындағы «издали зовет-пен» сәйкеседі. Алайда З.Исмаил Абайдың осы өлеңін оның орыс тіліндегі осы аудармасынан (Л.Озеров) тәржімеледі деуге негіз жоқ. Біздіңше, З.Исмаил Абайдың «алыстан сер-меуін» қолдың қимылымен байланысты түсін-генге ұқсайды. Рас, «қол сермеу», «қол сілтеу» сөздері түркі тектес халықтардың тілдерінде түрлі мағынада қолданылады. Соған орай бұл сөздерді түркі тілді оқырмандардың өзі әрқалай қабылдап түсінеді. Осы тұрғыдан келгенде, З.Исмаил «алыстан сермеудің» түрік тіліндегі баламасы ретінде «алыстан шақыруды» таң­даған болуы ғажап емес. Оның үстіне қазақ тіліндегі «алыстан сермеудің» түрік тіліндегі лайықты баламасы да осындай болуы мүмкін. Бірақ түрік тіліндегі сөздіктермен жұмыс істеу барысында сермеу сөзіне «seğirtmek» сөзі лайықты балама бола алатындығын байқадық. «Seğirtmek» қазақ тіліне ұша жөнелу, ұмтылу, шұғыл бет алу болып аударылады. Түпнұсқа­дағы «алыстан сермеп» тармағын түрік тіліне «Uzaktan seğirtir» деп аударса «сермеудің» нақты контекстегі мағынасы сақталады деп ойлаймыз. Дегенмен З.Исмаидың аудармасын оқып отырған қазақ оқырманының ойында «қол бұлғау» ишарасынан туған мағынаның елесі қалады. Ал «қол сілтеу» ишарасының мағынасы көңілден тыс қалады. Екінші жағынан, қазақ оқырманы түрік пен қазақ тілдері туыстас болғандықтан, аудармашыға біраз ізденіп, түп-нұсқаның мағынасын тиісті деңгейінде беруіне де болар еді дегендей ойда қалады. Әйтсе де, аудармада түпнұсқаның негізгі мағынасы сақ­талған деп айтуымыз орынды болмақ. Қырғыз тіліне бұл тармақтарды аудармашы А.Током-баев былай тәржімалайды:

Алыстан сермеп,

Жүрөктү термеп,

Чымырап бойго жайылган [17, 62 б]

Қырғыз тіліндегі аударма түпнұсқамен то-лық сәйкес келеді. Түпнұсқаның мағынасы ау-дармада өзгертілмей сол қалпында берілген, әйтсе де «жүректі тербеу» бір басқа да, «жүрек-тен тербеу» бір басқа. Алғашқысы нақты, дено-таттық төркіні затты, айқын. Абайдың «жүректі тербеп» деген тіркесті пайдалануына болар еді, бірақ ақын «жүректі тербеп» тіркесі беретін мағынадан «жүректен тербеп» тіркесі беретін мағынаны қолайлы көреді. Біздіңше, Абайдың осы таңдауында үлкен суреткерлік ұстанымның негізі бар. Өйткені «жүректен тербеп» тіркесінің мағынасының нақты денотаттық төркіні затты, деректі емес, абстрактылы. Бұл жерде тек қана «жүректің тербелуі» немесе «жүректі тербеу» туралы мағына жоқ, белгілі бір құбылыстың, мәтін негізінде нақты айтатын болсақ, адамның тұтас болмысының «жүректен тербелуі» туралы мағына бар.

«Сегіз аяқтың» келесі шумағында Абайдың белгілі бір сәттегі сезімі, көңіл күйі, толғанысы да айқын көрінеді. Аудармада Абайдың сезімін дәл сол қалпында жеткізу оңай емес, дегенмен де аудармашылар шамалары келгенше түп-нұсқаның мағынасын, эмоциялық мазмұнын лайықты беруге ұмтылған. Ақын халық жағда-йының түзеліп, жақсаруына тағы да жол көр-сетіп, ақылын айтады, бірақ айтылған сөздерді тыңдайтын құлақ, ұғатын сананың жоқ екенін көргенде, көңілі қалып, жалғызсырайды, сыр-ласарға, мұңдасарға жан таппай күйзеледі. Мы-салы, мына жолдарға назар аударайық:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас — бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас [12, 112 б]

Осы шумақ Л.Озеровтың аудармасында былай беріледі:

Я с утеса кричал,

Мне простор отвечал —

Отвечали горы и дол.

Но, услышав звук,

Я искал вокруг:

Как, откуда тот звук пришел?

Был все тот же утес подо мной, —

Отклик есть, но отклик пустой (Озеров) [16, 139 б].

Қазақ тіліне осы шумақты сөзбе-сөз кері аударғанда, мынадай мағына шығады:

Мен жартастан айқайладым

Маған жазық жауап берді —

Таулар мен аңғарлар(алқап) жауап берді.

Бірақ дауысты естіп,

Мен жан-жақтан іздедім:

Қалай, қайдан сол үн келді?

Астымда сол баяғы жартас болды.

Үн бар, бірақ бос үн.

 

Лирикалық кейіпкер түпнұсқада жартасқа барса, аудармада жартастың үстінде тұрады. Ақын жартастан шыққан жаңғырық туралы айтатын болса, аудармашы «жаңғырықтың» (эхо) орнына «үнді» (звук) алады. Абай жаң-ғырықтың үнін естігісі келіп, оның жөнін білгісі келіп «көп іздедім қаңғырып» десе, Л. Озеров « сол үн қалай, қайдан келді деп жан-жақтан іздеді» деген ойды береді. Абайдың «қаңқ етер, түкті байқамасын» Л.Озеров «Үн бар, бірақ бос үн». (Отклик есть, но отклик пустой) түрінде аударады. Осы салыстырулардан мынадай жай белгілі болады: Абайдың айтып отырған ойы, оның мағынасы, мәні аудармада өз деңгейінде көрініс таппаған. Қайсібір сөздердің лексикалық мағынасы өзгерген, қайсібір сөздердің эмо-циялық мазмұны жойылып кеткен, енді бір сөз-дердің мағынасы ауа жайылып, ақынның ойы­ның бұрмалануына алып келген. Нәтижесінде түпнұсқаның поэтикалық мағынасы жүдеп, кедейленіп шыққан. Мінсіз поэтикалық жүйенің келісімі бұзылған. А.Кодардың аудармасына көңіл бөліп көрейік:

Я к утесу ходил,

Криком там исходил,

Эхо долго катало мой крик.

Изучая тот звук,

Я прошел путь наук,

Мне казалось, я много постиг.

Но утес, он на то и утес,

Крик мой канув, нигде не пророс (А.Кодар)[ 11,104б]

Шумақтың сөзбе-сөз қазақ тіліне кері аудармасы:

Мен жартасқа бардым,

Айқай салдым

Жаңғырық менің айқайымды ұзақ уақыт жаңғыртып тұрды.

Сол дауысты зерттей келе,

Мен ғылым жолынан өттім,

Мен көп нәрсеге жеткен сияқты едім.

Бірақ жартас, ол сол үшін  жартас,

Менің айқайым жоғалып, жалғасын таппады.

Түпнұсқада «баяғы жартас — бір жартас» дегенде, тыңдаушыларының бұрын қаңдай болса, әлі сондай екені, өзгерістің жоқтығы туралы айтылған. А.Қодар болса «менің айқайымды жоқ қылды жартас» деп, ақынның жартастан шыққан жаңғырықты зерттеп, ғы-лыммен айналысқаны, көп нәрсеге қол жеткіз­гендей болғаны туралы ой ұсынады. Қазақ арасынан шыққан аудармашы А.Қодардың «Баяғы жартас, сол жартас» деген қазақтың қарапайым сөзінің мәнісін түсінбеуі немесе түсінгенімен аудармада оның мағынасын дұрыс жеткізбеуі — аудармашы үшін үлкен кемшілік. Егер қазақ тілді аудармашының өзі түпнұсқаны түсінбесе, онда орыс тілді аудармашыларға мін тағып, сын айтудың өзі орынсыз сияқты болып көрінеді. М.Касаткиннің аудармасы бұдан өз-гешелеу:

К утесу иду,

Зову как в бреду,

И эхо летит с заката;

Услышав ответ,

Ищу я хоть след,

Сочувствие друга и брата.

Но отклика нет — и молчит утес,

Не ведает он ни тоски, ни слез (М.Касаткин) [ 10, 118 б].

Шумақтың қазақ тіліне сөзбе-сөз кері аударғанда беретін мағынасы:

Жартасқа бара жатырмын

Шақырамын сандырақтағандай

батыстан жаңғырық ұшады;

Жауапты естіп,

Мен ізін болса да, іздеймін,

Досым мен бауырымның көңіл білдіргенін

Үн жоқ — жартас сөйлемейді,

Ол жабырқауды да, жасты да білмейді.

Түпнұсқа мен аударманы өзара салыстырып қарайтын болсақ, көптеген кемшіліктер бары көзге түседі. Аудармашы түпнұсқаның шақ ка-тегориясын сақтамаған және орынсыз өзгер-тулер жасаған. Мысалы, аудармадағы мына жолдарға назар аударайық: «Ищу я хоть след, сочувствие друга и брата». Түпнұсқаға келетін болсақ, лирикалық кейіпкер досынан, бауыры­нан жанашырлық іздеп жүрген жоқ. Мұндай ой түпнұсқада мүлде кездеспейді. Аудармашы түпнұсқаның мағынасын бұрмалаған. Бұл жерде аудармашының шығармашылық еркіндігі тура-лы айту артық емес. Алайда аудармашының еркіндігінде де шек болу керек, әсіресе түпнұс-қадағы мағына мен мәннің сақталуы аса маңызды. Мына жерде бұл талап орындалған деп айта алмаймыз. Аудармашының жасаған еркін аудармасы шектен шығып кеткен. Түпнұс-қадағы «естісем үнін» тіркесінің мағынасы анық, онда дәл осы шақта үнді есту туралы қалау, ізденіс бар, ал оның естілгені туралы мәлімет жоқ, яғни әлі ешқандай үн жоқ. Аудармада осы тіркес кері мағынаға ие болған, анығын айтқанда түпнұсқадағы естілмеген үн (жауап) естіліп қойған болып шығады (услышав ответ). Сөйтіп аудармада түпнұсқадағы мағы-наға мүлде қарама қарсы ой айтылған. Бұл, әрине, ақынның айтқан ойы емес. Автордың жанынан қосқаны. Аудармада бұдан басқа да осы секілді ауытқулар бар. Мысалы, түпнұс-қадағы «онан да шықты жаңғырық» тармағы «батыстан жаңғырық ұшады» (и эхо летит с заката) дегендей болып аударылады. Аудармада жаңғырық шықпайды, нақтырақ айтсақ, ол ұшып келеді. Мұнда аудармашы түпнұсқада жоқ кейіптеу тәсілін қолданған. Абайдың «баяғы жартас сол жартасының» орыс тіліндегі баламасын төрт аудармашы да таба алмаған. Аудармашылардың барлығы «Естісем үнін, Білсем деп жөнін» деген тармақтар беретін мағынаны жартастан шығатын жаңғырықпен бай-ланыстырып, үн мен жаңғырықтың екі бөлек екенін түсінбеген. Абайдың талданып отырған шығармасының оның орыс, ағылшын тілдеріндегі аударма-ларымен салыстырып пайымдағанда белгілі болатын кемшіліктер, олқылықтар түрліше. Ең бастысы аудар­машылар түпнұсқаның негізгі, басты деген мағыналық жүйесін дұрыс жеткізе алмаған. Аудармадағы толықтыру, қысқартулар түпнұс-қаның мазмұнын түгелдей өзгертіп жіберген. Мұның себебі әрқалай болуы мүмкін, солардың ішінде біздің ойымызша, аудармашылардың түпнұсқаның тілін жете білмеуі бірінші кезекте тұрады.

Абайдың шығармаларын орыс тіліне ауда-рудың белгілі бір қалыптасқан дәстүрі бар. Бұл жерде мынадай факторларды ескеруге тура келеді. Біріншіден, Абайдың өмірі мен шығар-машылығы туралы орыс тілінде жазылған бір-қатар зерттеу еңбектері бар. Абайдың заманы, дәуірі, қоғамы туралы да орыс тілді автор-лардың еңбектері жоқ емес. Орыс тілінде қазақ әдебиетінің мәселелері жайында жарық көрген зерттеулер аз емес. Осының бәрі Абайдың шығармаларын орыс тіліне аударушылар үшін үлкен көмек екені анық. Екіншіден, Абайдың шығармаларын орыс тіліне аудару­шылар үшін Абайдың өмірі мен шығармашылығының Қазақ-стандағы зерттеушілерімен де, Абайдың шығар-маларын қазақ, орыс тілдерінде жақсы білетін ақындармен де пікірлесуіне, кеңесуіне мүмкін­шіліктер мол. Басқаша айтқанда, Абайдың шығармаларын орыс тіліне ойдағыдай аударуға қажетті жағдайлар бар. Соған қарамастан ақын шығармаларының орыс тіліндегі аудармасында елеулі олқылықтар барын жоққа шығаруға болмайды. Ақын шығармаларының орыс тілін-дегі аудармасының сапасы осындай деңгейде болғанда, оның ағылшын тіліндегі аударма-сының деңгейі қандай болатыны, бол-ғаны ойландырмай қоймайды. Ақынның «Сегіз аяғы­ның» жоғарыда пайымдалған тармақ­тарының ағылшын тіліне аударылу дең­гейін қарас­тырғанда, түпнұсқаның мазмұны мен пішіні бірдей бұзылғанына көз жеткізуге болады.

Аудармашы Т.Боттинг  «Сегіз аяқтың» біз сөз етіп отырған жолдарын былай аударады:

At mountains I shouted and cried.

I sought for an answer, and each time I tried

I heard many voices resounding again [ 14, 72 б]

Т.Боттингттің осы аудармасы мен Л.Озеров-тің аудармасының қазақ тіліне сөзбе-сөз кері аудармасын (сөзбе-сөз кері аударған — біз) салыстырғанда, мынадай жолдар шығады:

Таулардан мен айқайладым

Әр кезде жауап іздеуге тырыстым

Мен тағы да даңғырлаған көп дауыстар естідім (Т.Боттинг)

Мен жартастан айқайладым

Маған жазық жауап берді —

Таулар мен аңғарлар (алқап) жауап берді (Л.Озеров)

Енді осы жолдарды салыстырмалы түрде талдап көрейік. Абай «жартасқа бардым» десе, Л.Озеровтің аудармасында жартасқа бару туралы мәлімет жоқ. Оның есесіне аудармашы «жартастан айқайладым» дегенді ұсынады. Түп-нұсқаны аңғарып қарағанда, онда жартастан айқайлау туралы ой жоқ. Абай өз өлеңінде «жартастан айқайладым» демейді, «жартасқа бардым» дейді. Абай жартасқа шықпаған, жартасқа барған. Жартасқа бару және жартастан айқайлау — бұл екеуі екі түрлі мағынаны білдіреді. Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде дені дұрыс адам жартасқа шығып бекерден бекер айқайламайды. Түпнұсқада жазықтың, таудың, жауап беретіндігі туралы ой жоқ. Түпнұсқадағы «жаңғырық» пен аудармадағы «жауап» екеуінің қолданылатын аясы екі түрлі. Жаңғырық жауап бола алмайды, жауап жаңғырық бола алмайды. Жаңғырыққа келетін болсақ, ол жартастан шығады. Аудармашылар айтып отырған жауап (жаңғырық) таудан да, даладан да келеді. Дұры-сында жауап (жартастан шыққан жаңғырық) таудан да, даладан да келмейді, тауға да, далаға да естіледі.

Көріп отырғанымыздай Л.Озеров шектен тыс еркін аударма жасаған, нәтижесінде түп-нұсқаның мағынасы бұрмаланған. Мұндай аудармадан кейін ағылшын тіліне Л.Озеровтің нұсқасынан тәржімалаған Т.Боттинг аударма-сының жақсы шықпауының себебі түсінікті болады. Т.Боттинг те «жартасқа бармайды», таулардан айқайлайды. Жартастың ағылшын тілінде «rock» деген баламасы бар, бірақ аудар-машы «таулар» деп жалпылама әрі көпше түрде берген. Бұл аудармашының дәл баламасын табуға немқұрайлы қарағандығынан деп білеміз. Түпнұсқада «жаңғырық шығады», аудармада болса «көп даңғырлаған дауыстар» естіледі. Даңғырлаған дауыстың бәрі жаңғырық емес, яғни даңғырлаған дауысты жаңғырық деп тану қиын. Түпнұсқада жаңғырықтың саны жоқ, жаңғырықтың көп немесе аз екендігі туралы ақпарат берілмеген. Тауда жаңғырық естіледі, үн жаңғырады. Т.Боттинг аудармадағы кемші-ліктері түпнұсқаны ағылшын тіліне қазақ тілі-нен емес, орыс тілінен сатылы түрде аударудан туындаған. Жоғарыда келтірілген шумақтың соңында Абай:

Баяғы жартас — сол жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас, — дейді.

Келтірілген тармақта аудармашыға өлеңді тәржімалауға қиындық тудыратындай күрделі ұғымдар жоқ. Қазақтың қарапайым сөзінің мәні-сін аудармашының түсінбеуі немесе түсін-генімен аудармада жеткізе алмауы, аудармаға зиянын тигізбей қоймаған. Біз жоғарыда ағыл-шын аудармашысы Т.Боттинг өлеңді Л.Озеров­тың аудармасынан тәржімалағандығын айттық, бірақ осы тармақтарды Т.Боттинг В.Державин­нің аудармасынан тәржімалады деген ой туындайды. Бұл жағдай Т.Боттинг түпнұсқаны ағылшын тіліне аудару барысында тек  Л.Озеровтің аудармасымен шектелмей, В.Дер­жавиннің де жұмысын пайдаланғандығы туралы болжам жасауға алып келеді. Мысалы, осы тар­мақтарды ағылшын тіліне Т.Боттинг мынадай үлгіде аударған:

I found all around dead rock and bleak stone

That answered my call with a low hollow moan [ 14, 75 б]

Т.Боттингтің осы аудармасы мен В.Дер­жавиннің аудармасының қазақ тіліне сөзбе-сөз кері аудармасын  (сөзбе-сөз кері аударған — біз) салыстырғанда, мынадай жолдар шығады:

Айналамнан жаны жоқ жартас пен мұңды тасты таптым

Менің шақыруыма жәй ыңырсып, жауап берді (Т.Боттинг)

Барлық жаңғырық жансыз дауыс,

Айналамда әлі баяғы қайырымсыз жартастар (В.Державин)

Түпнұсқадағы жартас туралы ұғымның, ол ұғымды білдіретін тілдік бірліктердің қара-пайым, ұғымға жеңіл екендігін («баяғы жартас, сол жартас») айттық. Осы қарапайым тілдік бірліктер беретін мағына аудармада түсініксіз, ұғымға ауыр, ақынның ойынан алыс мәлі-меттердің тобына айналып кеткен («айналамнан жаны жоқ жартас пен мұңды тасты таптым») Т.Боттинг «жартас» сөзінің алдына «жаны жоқ», «тас» сөзінің алдына «мұнды» деген эпитеттерді қосқан. Сонымен бірге аудармашы «мұнды тасты» «таптым» деп өз бетімен кетеді. Түпнұсқада да, оның орыс тіліндегі аударма-ларында да (Л.Озеров, В.Державин) «жартас» пен «тасты» табу туралы түсінік, мәлімет жоқ, мұны аудармашы Роттенберг өз жанынан қосқан. Түпнұсқада жартастың қай жақта тұрғаны туралы да (айнала) мәлімет берілмеген. Ағылшын тіліндегі аудармада жартасқа қатысты «жаны жоқ» эпитетінің түпнұсқада айтыл-мағаны белгілі. «Жаны жоқ» сөзін жартасқа қатысты айту әдеби тілдің нормасының талап-тарына жауап бере алмайды. Тіл мәдениетінен хабары бар адам «жаны жоқ жартас» деп айтпайды. Осы тұрғыдан келгенде, Т.Боттингтің аудармашылық шешімі сәтті болып шықпаған. Бірақ бұған Т.Боттингті кінәлі санаудың жөні жоқ. Т.Боттинг бұл суретті («жаны жоқ жартас») В.Державиннің аудармасынан тапқан. Сөйтіп Абай өлеңінің орыс тіліндегі аударма-сында орын алған кемшілік Т.Боттингтің аудар­масында сол қалпында көрініс тапқан. Түпнұс­қадағы «қаңқ етер» еліктеуіш сөзін аудармада «жауап берді» деп береді. «Қаңқ ету» «жауап беруге» балама бола алмайды. Абайдың айтып отырғаны жартастың айқайға жауап бермегені, «қаңқ» етіп түкті байқамауы. Аудармадағы жартастың «жауап беруі» Абайдың осы айтқан ойын («Қаңқ етер, түкті байқамас») жоққа шығарады.

Жалпы еліктеуіш сөздердің  көркем туын-дыда өзіндік қызметі болады. Сондықтан оның аударылу мәселесіне үстірт қарауға болмайды. Осы тұста аударма зерттеушілерінің еліктеуіш сөздердің аударылуы туралы пікіріне назар аударайық. И. Левый: « еліктеуіш сөздерді ауда-руға немесе басқа сөзбен орнын ауыстыруға келмейді, оларды тек фонетикалық транскрип-циямен беру керек» деген пікір айтады. [ 14, 75 б]

С. Флорин болса, аударма тілінде қиын оқы-латын немесе дыбысталуы мен мағынасы адекватты емес еліктеуіш сөздерді транскрип-циямен бере алмаймыз. Мұндай жағдайда ау-дармашы соавтордың роліне еніп, функцио-налды «дыбыстық эквивалент» орнатуы керек-тігін айтады. [ 14, 75 б]

Абай қолданған «қаңқ етер» сөзінің шығу төркіні тереңде жатыр, бұл сөздің түпкі мағы-насы түрлі тарихи жағдайлармен байланысуы да мүмкін. Бұл еліктеуіш сөздің нақты осы контекстегі мағынасын жеткізу үшін, С.Флорин айтып өткендей, аудармашы орыс тіліндегі ды-быстық баламасын табуы керек еді.

Түпнұсқадағы «түкті байқамас» тіркесі аудармада мүлде берілмеген. Бұл тармақты ау-дармашы Т.Боттинг «Менің шақыруыма жәй ыңырсып, жауап берді» деп өз тарапынан қосу әдісімен аударған. Мұндай мағына орыс нұсқа­сында да жоқ. Абай жартасты немесе тасты шақырмайды, тек түкті байқамайтындығын айтады. Демек аудармашы түпнұсқаның мағы-насына да, құрылымына да нұқсан келтірген.

В.Державин түпнұсқадағы тармақтардың орнын ауыстырған. Түпнұсқадағы «баяғы жар-тас — сол жартас» пен аудармадағы  «баяғы қайырымсыз жартастар» деген екеуінің беретін мағынасы екі басқа. Абай жартас өзгермеді, сол күйінде қалды деген мағынада қолданса, В.Дер-жавин жартастың қаңдай екендігіне (қайырым­сыз) сипаттама береді. Түпнұсқада «қаңқ етеді», яғни дыбысқа еліктеу бар, В.Державиннің аудармасында «дауыс жансыз», яғни дыбыс жоқ. В.Державин өз тарапынан басы артық образды сөздер қосып, автордың стилін, нақтылығын бұрмалаған.

Т.Боттингтің аудармасының деңгейі мен сапасын сәтті шықты деп айта алмаймыз, себебі аудармашының өлеңді еркін аударғандығы соншылықты, аударма негізінде Абайдың өлеңі жатқандығын сезіну қиын.

Біз Абайдың бір ғана «Сегіз аяқ» өлеңінін қарастырып отырып, көптеген кемшіліктерді байқадық. Абайдың ойын, тілін ұғудың өзі күрделі, оны әр оқырман өзінше түсінеді. Абайдың шығармасын аудару дегеніміз — жауапты, әрі көп ізденуді қажет ететін жұмыс. Сондықтан аудармашы бұл жұмысқа үлкен дайындықпен келуі керек. Абайдың өленің орыс тіліне аударған төрт аудармашы да және ағылшын тіліне аударған Т.Боттинг те аудар-маға қойылатын басты талаптар мен міндет-терге жете назар аудармаған тәрізді. Аудар-малар түгелімен түпнұсқаның мәнін толық жеткізбеген. Түпнұсқаның идеясы, мәнері, стилі – бұлардың да ешқайсысы аудармада сақтал-маған, тіпті түпнұсқадағы қарапайым сөздермен берілген ойлар бұзылып, тілдік бірліктер күрде­лендіріліп, оқуға, түсінуге қиындық туғызған. Абайдың стилі, шығармашылық даралығы, әде-би мәнері жойылған. Осы ретте Д.Самойловтың: «Біз көркем аудармадан аударылатын автордың образ мен ойын ғана емес, сондай-ақ оның әдеби мәнерін, шығармашылық даралығын, сти-лін жеткізуді талап етеміз. Егер айтылған мін­деттер орындалмаса, онда аударма жарамсыз болып есептелінеді» пікірі ойға оралады. [ 21, 29 б]

Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінің орыс, ағылшын тілдеріне тәржімалаған аудармашылар еркіндікке, ойды бұрмалаушылыққа көп жол береді. Оқырманға түпнұсқа авторының жазу табиғатын, стилін, шығармашылық даралығын жеткізу сияқты өздеріне тиісті міндеттерін ескере бермейді. Әрине, еркін аударуға болмайды демейміз, бірақ еркіндік пен дәлдікті қатар алып жүруге болады. М.Әуезовтің өзі көркем аудармада еркіндік пен дәлдікті барын­ша ұштастыруға күш салады. М.Әуезовтің шығарманы аударар алдында ең басты ұстанған екі принципі болды. 1. Еркін аудармадағыдай түпнұсқадан көп ауытқымау, ойды дәл беруге тырысу. 2. Оқушы қауым аударманы оқи оты-рып жазушының тіл стилін білсін, жазу табиғатын түсінсін деген мақсат.

Өкінішке орай орыс, ағылшын тіліндегі аудармалар мұндай талаптар мен принциптерге сәйкес келе бермейді. Түпнұсқаны орыс тіліне аударған Л.Озеров, В.Державин, М.Касаткин, Ә.Қодар түпнұсқаның мазмұнын жеткізген, ақынның өлең өлшемін, яғни тармақ санын сақтаған. Дегенмен аудармада ең бастысы — шумақтағы жол санын сақтау емес, түпнұсқа-ның мағынасын аудармада жеткізу. Аударма-шылар түпнұсқадағы тармақ санын аудармада сақтағанымен, түпнұсқа мен аудармада олардың беретін мағынасы екі басқа. Аудармашылар еркін аударған, артық сөз қосулар мен қысқар-тулар түпнұсқаның мазмұнын бұрмалаған. Түп-нұсқа мәтінді ағылшын тіліне сатылы түрде орыс тілінен аударған Т.Боттинг орыс тіліне аударған аудармашылардың тарапынан кеткен кемшіліктерді білмеген болуы керек. Нәтиже-сінде орыс тілінде солғын тартып тұрған мәтін мағынасы ағылшын тіліндегі аудармада одан бетер көмескіленіп кеткен. Сондықтан бола­шақта сатылы аударма жасаушыға түпнұсқаның жолма-жол нұсқасын тікелей ұсыну қажет деп білеміз.

ӘДЕБИЕТ

  1. 1.            М.Бахтин. Собрание сочинений. Том пятая. —  Москва, 1997.
  2. 2.            Лотман Ю.М. Структура художественного текста. — Москва: Искусство, 1998.
  3. 3.            Н.С.Валгина. Теория текста. – Москва: Логос, 2004.
  4. 4.            В.С Виноградов. Введение в переводоведение. – Москва, 2001.
  5. 5.             Michael Rundell. Macmillan English Dictionary.  – China, 2006.
  6. 6.            Латышев Л.К. Технология перевода.  — М., 2000. 
  7. 7.            Douglas Robinson. An introduction to the theory and practice of translation. – New York, 2003.
  8. 8.            Левый Иржи. Искусство перевода — Москва:  Прогресс, 1974.
  9. 9.            Абай Кунанбаев. Избранное. /Пер с каз. В. Державина. — Алма-Ата: Казахское государственное издательство художественной литературы, 1951.
  10. 10.         Абай. Стихотворения и поэмы. /Пер с каз М. Касаткина  – Ленинград, 1966.
  11. 11.         А.Кунанбаев. Избранное. /Пер с каз и комментарии А.Кодара. – Алматы: Ана тілі, 1996.
  12. 12.         Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – І том. –  Алматы, 2002.
  13. 13.         Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – ІI том. –  Алматы, 2002.
  14. 14.         Abay. Poems. /Designed by Victor Chistyakov. — Moscow, 1971.
  15. 15.         Абай Кунанбаев. Избранное. Пер.с каз. /Сост. М.Магауина, вступит.Статья М.Ауэзова, послесл. М.Каратаева. – Москва: Художественная литература, 1981
  16. 16.          Абай. Ырлар. / Құр. А.Ақматалиев, А Обозканов. — Бишкек, 1995.
  17. 17.         Шигырьләр һәм поэмалар. – Казан: татГОСИЗДАТ, 1947.
  18. 18.         Abayın eserlerınden seçmeler./ Türkçe tercüme Z.Ismaıl.  Ankara, 1995.
  19. 19.         К. Чуковский. Высокое искусство. Принципы художественного  перевода. —  СПб.,2005.
  20. 20.         Э.Сулейменова. Понятие смысла в современной лингвистике. – Алматы, 1989.
  21. 21.         С.Влахов С.Флорин. Непереводимое в переводе. – Москва, 1980.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники