Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Жақан Молдабеков. АБАЙДЫҢ АДАМТАНУЫ

molda

Ж. Молдабеков

Абайтану — Абай мұрасының төте жолы, адам мен дүние мәселесіне барып тірелетін философиялық көзқарас. Кең мағынада абайтанудың «өз заманындағы қоғамдық мәселелерге, ақындық, көркемдік, эстетикалық мәселелерге, тәрбиелік, ұстаздық, педагогикалық мәселелерге, әсіресе адам мен адамгершілік, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар». М. Әуезов ескерткен Абайдың осындай мұралары әр қырынан талдануда. Десек те, абайтануды өмірдің ұлы ақиқатымен ұштастырарлық ізденістер үнемі жаңарып тұрмаса әрі абайтанудағы ақиқатты әр қауымның құлағына құйып, санасына сіңірмесе, онда ұлттық мәдениетте жалғастық баяулап, дәстүріміздің тұтастығына нұқсан келмек.

Абай шығармасы арқылы қазақ халқының XIX ғ. екінші жартысындағы тағдыры мен тауқыметін терең, толығырақ тани аламыз. Абай жырлаған қоғамдық-әлеуметтік орта өзгеше. Бірақ оның адамгершілік ақиқатын көрсетудегі шеберлігі әрқашан маңызды. Өйткені өзінің көзқарасы, дүниетанымы, мақсат-мүддесі жағынан Абай бұл ортадан мүлде басқа.

Қазіргі зерттеушілер Абайды жаңа ортаның үлкен азаматы, ақылгөй данасы, тәлімгер ұстазы ретінде көрсетуге аса назар аударуда. Егеменді елге мұндай тұлғаның бейнесін жасау, жаңа орта тұлғасы қалай қалыптасатынын көрсету — үлкен мәселе, өрнек, үлгі. Тұлғалар қашанда болмасын көптеген буындардың замандасы әрі тіректері.

Абай тұлғасымен табысу. Абай — өз заманының ұлы түлғасы. Тұлға ұмтылысы халық тағдыры түйыққа тірелгенде көш бастайды, тың бастамаға себепкер болады. Осы ретте тұлғасы бар ел тиянақтылыққа ұмтылады, туралықты калайды.

XIX ғ. қазақ халқының тағдырын, рухани байлығын отар саясаты мен іштей жіктелу, қазақ мемлекетінің жойылуы мен халық санасындағы мемлекеттік ойлау жүйесінің өшуін азғындатты, алалады. Заман тапшылығында, болмыс тартысында және ішкі рухани қайшылықта көпшілік әбден жалтаққа ұшырады, бағдарынан ауытқып, бос сенделуге ұрынды. Елдің тіршілік тынысы тарылды, халық ынтымағы шайқалды. Дүрбелеңі әрқалай осындай кезде халық жарасымдылығы мен жасампаздығын демейтін табан тірескен, белді төрешіл іс-әрекетке мұқтаждық көбейді. Елдің ойымен де, беделімен де топтастыратын зерделі тұлғаларға деген үміт пен сенім көп көңілінен орын алды. Қазақ сахарасында XIX ғ. идеясы мен ізденіс шоқтығы биік жұлдыздардың caп құрғандығы да осыдан шығар.

Абайдың азаматтық көзқарасы мен идеялық бағдарламасына ықпал еткен нысаналар аз емес. Ол халық болмысын адамның кісілігімен, қабілет-қасиетімен, құдіретімен, тағдырымен түсінісуге күш салды. Бір жағы, халқының өмірін, өнерін, бірлестік рухын ізгілік-әлеуметтік өлшеммен саралады. Көңілі құлазыған көпті көрген Абай «соқтықпалы соқпақсыз жерде» ерте есейді. Cop заманның зор қыспағында және арпалысы мол мақсатта тез ширады.

Абай ұлылығы — оның тұлғалық даралығында, өмірге деген рухани-әлеуметтік жауапкершілігінде, адам болмысында үлкен қозғалыс тудырар өнерінде. Ал ұлылық жаңару жетістігінде екені мәлім. Әйтсе де жаңару ұмтылыс серпілісінен басталатынын ескерген абзал. Онсыз тарихтың да, тұлғаның да тағылымын түсіну екіталай.

Ақын өмір сүрген дәуір — қазақ өзін-өзі ұғынуға ұмтылса да өз тағдырын өзі айқындау мүмкіндігіне қолы жетпей, әрі-сәрі абдырап қалған кез. Жалпы Ресейде, сондай-ақ қазақ жерінде — үлкен алыс-жұлыстар, ірі араздық пен партиялардың табан тіресінің асқынған кезі. Бұл әлеуметтік жіктелу мен мүліктік теңсіздік ел билеудегі саясатты, дін таратудағы харекетті тұғырықта тұншықтырды. Халқымыз бағдарын таңдау құқығынан айырылып, жұртымыз өз елінің шынайы қожайыны екендігін сезіне бермеді. Оның үстіне, заман тозғанда, тарылғанда елдің ұсқыны кетті, рухани жұтаңдық пен рухани тәуелділік тамырлай түсті. «Елдегі еркек босқа селтек құрып елін қармады. Елде жақсы қалмады». Аумалы-төкпелі заманда «ел билеген адам жоқ, ел билей алмаған билер жоқ». Елі бұзық табанымен тозды, құр жүгіріп тарпылды. Өзінен шыққан жақсылар кесепатты түзей алмай зорықты, борышын түгел бере алмай көп пысыққа молықты, көрінгенге обықты.

He керек, аққа тартқан, жөнге қайтқан, ақыл айтқан өлең де жоқ. «Бір кісі мыңға, жөн кісі сұмға әлі жетер заман жоқ». Мұндай қағынған кезде ел жоғын, халық жоғын, адам жоғын іздестірушілер некен-саяқ қана болды, дарындыларды елеп, көзге алушылар шамаланды, зиялылар жаманға жүзін сарғайтты. Себебі адам болмысын күштілердің сөзіне бас изейтіндер де, әлсіздердің бейшара үнін салғырт тыңдайтындар да босаңсытты, екіжүзділік тұсады. Екі қасиет те орнықсыз шала ұғымнан мағына тапқызды, теріс пиғылға жығылды, жақындарды жау етті. Ел азаматын, пенде елін аңдыған кез туды. Осындай көмексіз қалған кезде қан бұзылды, көмекей тарылды. Ұрпақ өзгерсе де қазақ даласындағы әділетсіздік әлсіремеді. Тіпті дөрекі тұл мен кертартпа қатыгез уақыт өз талабын көлденең тартты: «Замана замандасқа жағын дейді, тағдырға көн, бүгінге бағын дейді». Сайып келгенде, зары тиылмас     сорлылар     бар     әділетсіздікке, ақталмаған үміт азабына іштей тұншығып көндікті. Әйтеуір, жарқын сезімге емес, мылқау дүниеде көрген қоқысқа, калдыққа көмілді. Ел бұзылса, шайтан өрнек табадының керісі келді.

Таршылық пен тапшылықта налыс пен үміт қатар тайталасты, бірде адасқан арман ұлғайды. Жүрегін запыран кернеген көңілі ашықтарда ұлыстың ұлы мұратын аңсар, ұлтты, салт-дәстүрді мархабаттар сезім оянды.

Абай тұлғасы қазақтың әлжуаздықтан арылып, жетексіз дүниенің ыңғай-ырқына сабылып, дөрекі қылықтарға бірде ұрынып, бірде бұрылып, діңкесі жұқаланғанда қалыптасты, ондағы әлеуметтік тартыс пен үлкен мақсатқа икемдейтін ығы-жығы дүмпуде қатайды, ішқұса болып жүргендерді алаңдатты. Тұлғалар болса, адал қасиетті, адалдықпен хақиғатқа жол бастауды бойдан жоғалта қоймады. Абай тұлғасы — жан мен тән саулығының, зерде мен парасат шоқтығының зәулім бейнесі, тәңір берген, салт-дәстүрге иленген қабілет-қасиеттердің тұтастығы. Тұлғаның тірегі — рух пен ерік, ырқы — сана мен сенімге серік, шешімі — жетістік пен үмітке берік. Бәрі — өркениеттің нышандары. Абайдың көздегені де осы өркениет талабынан туындағандай. Дәлірек айтсақ, қазақ қауымының өзіне адамгершілік жолын салу, еркіндікке бойлаған қуатын дөп көрсету, ел-жұртты топтастыратын тәсілдермен табыстыру — Абай сана-сезімін сомдаған ірі-ірі ұйытқылар десек, онымыз артықшылық емес шығар.

Абай тұлғасы — еңбек пен ерлікте, ұмтылыс пен төзімділікте жол тапқан, елдің де, намыстың да жүгін артқан нардың беделі. Өзін-өзі көрсететін, өзгеге танытатын мығым күш, адамдықты сыйлатқызатын, халықпен сиыстыратын, қауымдықты қолдайтын үлгі-өнеге. Абай келбеті жүрек жырында, адам жарасымдылығына Жетелейтін сүйіспеншілікте, ынтымақ-ықыласқа жақындатқызатын кең пейіл үмітте марқайды. Ол қазағының жан азабын толғады, еті тірі алаштың тіліне, діліне қуат берем деп арпалысты. Тектіні, естіні, ерлерді, өнерпазды топтап, тыным таппады.

Абай тұлғасы пендешілік пен тобырға қарсы күресте адамды жатсындыратын қаулаған қылықтармен тіресуде шынықты. Бұл күресте әркім өзінше жеңіске жетті. Күресушілер өзі үйреніп тұйықталған нәпсінің құлы, әлжуаздықтың тұтқыны болып қалатынына, ал жаңа талапқа әлсіз тобыр тіршілікке жат көзбен алаңдап, даландаудан өктемдікке ауытқитынына күдіктенбеді. Абай ақ жолға жанын садаға еткендей.

Абай — ыстық жүрек, қайсар ерік, терең парасат теңдігін тапқан ерекше тұлға. Абай

қасиеті ел құдіретше сенгенде әрі кенгенде тұтанды, тураланды, ал болмысы қазақ халқының үш бірдей өлшемінде — тартыста, шегіністе, шабуылда шынықты. Әлгі тартыс, шегініс, шабуыл қазақ әрекетінде үш бірдей күшті — жағымды, теріс — жағымсыз және бейтарап күшті қалыптастырды. Қазақ бойындағы және Абай мінезіндегі осы үш бірдей күштің арасалмағы бір-біріне сәйкес келе бермеді. Жанды жаралар опасыздар мен данғазаларға қаны қарайған Абайда әр күштің анағұрлым белсенді, айқын, қарқынды болғаны даусыз. Қарқын тұрмыстағы сырты бүтін, іші түтін қарекеттен ғана қуат алған жоқ. Оның қозғаушы күші — ішкі рухани қайшылықта. Осыдан Абай-индивид пен Абай тұлғаның қалыптасуы, дамуы бірде қабаттасты, бірде кезектесті, біртіндеп рухани күштің үстемдігі орнады. Дұшпаннан көрген қорлығы жүрегіне сары су ұялатты. Дегенмен барлық жағдай да мінез-құлықтағы бір қалыпты жоймады. Өз ары мен парызының алдындағы жауапкершілікті ұмытпады.

Айтпағымыз, заман тынысы — Абай тынысы. Абай көк пен жердің кереметін көкірегіне құндақтағанша, жаратылыспен жақындасар жолды мерейлегенше көп есітерлік өз сөзін айтқан жоқ. Жасынан алғыр, ойдан жырақ өссе де, халық өнерін ұйып тыңдаса да, ол көпке не айтарын ұққанша өлең жазуға асықпағаны мәлім. Жастық шақтағы өзімен-өзі болған, ғұмырының сақтық қорын жинаған кезі Абайдың жайлы, жұғымды уақыты еді. Бірақ есерсоқтардан етек бастыны көп көрген, ерге ерік бермеген не оған ермеген жұртты көрген жас Абай ерте оянды, әр саққа ой жүгіртті. Іштей жүдеген жұрт шындық тәркіне ермеді, ал парасатты ой ерікке тыныштық бермеді. Әнтектік пен әпендінің әңгірінен көңіл әркез қамықты, жанына қайғы батты. Сол бұлыңғырда «заман түзелмей, адам түзелмейді» деген тоқтамға келді. Тоқтам деңгейінен өзін-өзі іздеді, берекесіз болмысқа басын батыл бұрды. Бірақ үлкен үмітке үлкен сүйеніш керек еді.

Абайдың басынан қанағаттанарлық жағымды да, қиналтарлық теріс те қарекеттер кезеңі өтті. Өмірінде қарама-қарсы күштердің шатысуына әлденеше себептер ұйытқы болды. Былықтың бастамасын Абай бірде қазақтың ат жалындай үкілі шағын тобы мен кейде көптің аражік тұңғиығынан көрсе, енді бірде қазақтың ескі өмір салты мен ол туралы дәрменсіз ойдың алшақтығынан тапты. Дәрменсіздікті жіктелген заманның берекесіздігі үйді, ол білімсіздікте әрдайым күйді. Қазақ дүниесіндегі білместіктен заман түзелмейді деген солақайлық көңілді қожыратты.    Шалағайлыкта   келісімсіз   көз­қарастың кереғарлығы күшейді. Өйткені жіктелген заман үш бағытта бүлінді, іркіліп кездейсоқтыққа ілінді.

Заттарды мүлікше иемденуге бейімделген қазақ адамның қарым-қатынастарын заттық қатынастарға балады әрі тұрмыс-салттың әлеуметтік деңгейін мүліктік байлықпен бағалауды дағдыға айналдырды. Оның үстіне адам денесін «менікі» деп, өз меншігіндегі мүліктердің өлшем құнымен бағалады. Заттық мазмұндағы «менікі» рухани-әлеуметтік келбетті — «мені» ығыстырды. Ақыры, бағытын таппаған, әруақты аттаған, үлкен мұратқа ұмтыла қоймаған тобыр қауымдық ұйымның қадірін қандық, жерлестік белгімен шектеді. Тұқым қуалаушылық пен биологиялық фактор рулық қатынастың негізін құрастырды, өркениетті үйір-үйірге келтеледі.

Тарихтың осы әлеуметтік дерттерін бір-бірінен бөлежара қарау жөнсіз. Әйтсе де, адам дене қозғалысы мен дене еңбегіне берілген кезде бірде заттық қатынасты қоғамдық қатынасқа ұластырады, бірде эмоционалды ойлану қызметіне бейтарап қарап, кейде ойлану қабілетін саналы емес, инстинкті мінез-құлыққа бағындырады. Адамның дене құрылымы, денелік қозғалу қабілеті оның психикалық өміріне біржақты басым ықпал етеді.

Көргенге қызығу, әуесқойлық ұғымды талдауға ырық бермейді. Талайлар орта оқиғасын ішкі асаулыққа біржақты көндіріп бақты. Байқаған адам біледі, сезіне білген дәл қабылдайды деген қағида бар. Ол желіккендердің бәріне бірдей телінсе, мұндайда ескі өмір ескерусіз қалады да, адам болмысы туралы бірсарындылық орнығады, сайып келгенде, өмірлік ой жүдеулігі жойылады. Мұның бәрі де, Абай айтпақшы, егінге, саудаға, өнерге, ғылымға күрме мен кедергі, іштегі кедергі көзқарас тарлығына бейімдейді, өзі тәуелді ұлық-болыстарға бас июге мәжбүр етеді.

Оның үстіне дүние мен нәпсіге бой ұрғандар — сүрінумен аяғын көп шалдырғандар. Нәпсіге аптыққандар шынның жүзін араздықтан көре алмайды, жақсы, тиімді сәттерді уыстан шығарады. Ал ес-дерті мен жан-сезімі қиналған жайда «бір күндік өмірін бар малына сатып алмақ» бетінен қайтпайды. Еліктеп ерегесушілік делебені қоздырады, тек ой мен істі оздыра алмайды. Онсыз елдік көңіл жайлауына қонбайды, елдіктің тозу себеп-заңдылықтарын түсіндіру қиындайды, ойға келмейді.

Жұрттық, қауымдық сана мүліктік қатынастың шеңберінен шықпайды. Тыныс тарыққан кезде «дүниеге дос ақиретке бірдей болмас. Екеуі тап бірдей орныға алмас» деген Абай сөзінің ақтығына күдіктенуші табылмас. Тыныс тарылғанда «сұм дүние тонап жатыр.Ісің бар ма, баяғы күш, баяғы түсің бар ма?» деген Абай сұрағы есіңе түседі. Өйткені зорлық, сұмдық, пасықтық жұрт жігерін жасытқаны бар емес пе!?

Бұл, бір жағы, парыз бен қарызды айқындауға демеулік, бір жағы, өмірден өзін іздеудің, өзгеге қарсы қоюдың бастамасы. Екеуінің де алғышарттары қилы-қилы. Солардың қатарында табиғаттағы заттық ұқсастықтан рухани, ішкі тұтастыққа өту мәселесі немесе өтеуге мұрша бермейтін өкінішті орағыта білу. Мысалы, туған жер, туған ел қадірі адамның асқақ ой, ыстық жүрек, қайсар жігер қуатында шымырланса, тура шындық пен тумалық сезім адам бойында жүпталмақ. Онда әлеуметтік-психикалық өлшем — «Менді» дараламақ. Содан «менікі» деген мүліктік бағдар «мен» деген әлеуметтік талғам мен талдау барысында толастайды. «Менікі» тек оқиғалық, біртекті заттық өлшеммен ғана анықталады. Мұндай сыңаржақтылық адам қызметін келте бағалайды. Соны дәл түсінген Абай: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айырылғанын, «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес», — дейді. Абай үшін «Мен» өлмейді. Өйткені ол — рухы өрлейтін, өнерсізге ермейтін, біртума азаматтық. Жүрек санасын қозғайтын, көңіл рахаты мен парасаттан озбайтын күй. «Мен» мақтан мінездің жұлыны емес немесе кейіптің, оқшау көрінісі ғана емес, адам ғұмырының әлеуметтік әрекет-ісінің шоқтығы. Оның негізі — адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл. Онда — кісінің қайраты мен айбаты, таңдаған жолдың дұрыс бағдары. Осыны ескерген Абай: «Өмір жолы — тар соқпақ, бір иген жақ. Иілтіп, екі басын ұстаған хақ. Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ. Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деп өмірден түйгенін ағынан жарыла айтады. Бұл құбыжық талаптан сақтанудың амалындай.

«Мен» адамның өзінен жақсылы-жаманды қайрат-күш алады, ортадан қорған не қорлық табады. «Иә, адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса замандасының бәрі виноват». Абай замандастар кінәлі дегенде, талантты танымаған, ақыл-парасат дарымаған, арын сатқан, жалтақ харекетсіз билігін немесе бассыз, басқарусыз қалған тобырды айтады. Тобыр — кісімсінген білімсіз көп, сөз танырлық кісісі тым аз-ақ. «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» күнін көруші жат мінезділер. Соңғылар не керек, «терең ой, терең ғылым іздемейді. Өтірік пен өсекті жүндей сабап», әйтеуір дөрекі сөзбен ісін, бөтен идеямен ойын қақтайды. Елін танымай,   жеке   үйін   ғана   танығандар   өз шаруасын да ұқпады. Абайдың сескенгені де, сақтанғаны да — осы. Өйткені тобырдан үміт, уағда күткендер көп нәрседен ғапіл, бос қалды. Топырлағандардың қысымы мен кегіне ұшырағандар бірде қазымырлыққа салынып, қолындағысының қадірін білмеді. Жиі-жиі ұшқалақтыққа ұшырады. Бірде көзін май басып ілгері ұмтылмады, ұмтылғанды көре алмады. Қайтсе де көзінің ұшынан ақыл құрастырмақ пиғылдан қайтпады. Ондайда «жақсылық ұзақ тұрмайды, жамандық әркез тозбайды» деген даналық ұмыт қалады. Қалай болғанда да, өзіне келер ұят өздігінен сұранып тұрады.

Абай қайраты — әулие тұтарлық қасиет. Адамның мінез-құлқы мен әлеуметтік айтыс-тартыстың, қиюы кеткен кезеңде «түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып» деген үмітінен көп уақыт жұбаныш тапты. Жұбанышты тобырдың жаратылысынан емес, ағартушылық дәстүрден іздестірді. Алғашқыда білімдінің жолы тар, өз көзін жоғалтуға әлсіздік жар. Мүлікке құныққан керенаудың сүйреуінде күйзелді елі мен ары. Қиянатшылдың кекірігіне көндіккендер ескі әдетіне қарысып сөзге ермеді, қорадағыдан арғыны көрмеді. Ондай надандарды «жұртым деуге арлымын, өзге жұрттан ұялып» дейді жарлы Абай. Жаны жабырқаулы Абай өз рөлімен беттесіп, белдесе алмай, күштілердің иықтауынан ажарын тоздырды. Оны қажытқан иықтылар ғана емес, жауапсыз қалған сұрақтар, шешімін таппаған мәселелер. Расында, азаматының қорланғанына көндіккен дүрмек топқа не айтып, қандай үміт арту тұрарлық? Сондай-ақ менмен тобырдың дүрлігіне тартылса да, оның миқұлақ қылықтарына көндіге алмады. Күтпеген қысым халыққа күш берді, қорланғандар кегіне ерді. Ағаттыққа деген ұмтылыс бостандық идеясына үйлеспеді. Жаны ашымасты көргенде жүрек сыздайды, «бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды», деп күйзелісін білдірді. Абай рухында күйзеліс пен үміт шегіністе күрмелді, тартыста түрленді. Елдегі тобырдың жұғымсыздығы ердің белінен тартты, көпшіл жұрттың жағымды қылықтары мен салттары қазақ рухын көтермеледі. Тобырдың басты апатынан құтылу — көкейкесті міндет, ал зерделі көпшіл адамды қалыптастыру — түбегейлі жауапты меже. Абай тобырға қарсы амалды, көпшілдікке лайық қамалды пайдалы қайырымнан — ағартушылық істен, демократиялық жаңарудан тапты. Қайырымды пайда дегеніміз — тектінің нұсқасын танып сыйласу, көңіл қаруын сайлау, көптің қамын ойлау, оның мүддесіне орай қызмет ету.

Абайдың түсінігінше, қиындығын біреу көтеріп,   қызығын   бөтен   көретін   заманда тәрбиеге көнетін жалпы тобыр емес, жеке адам, оның жалқы қасиеттері. Осыны ұққан сәт пен жағдайда, адам түзелмей, заман түзелмейді, өзін-өзі өзгерту жолдары іріктелінбейді деген тұжырым дүниетанымын жаңартты. Оның кепілдігі — тобырдан тұлғаға өту, жалаң жалпыдан жекелікті жинақтау, мінез шірігінен рух шыңына көтерілу. Бұл тоқтауды тасыр ұқпас, көңіл көзі ұғар, оған ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстағандар тұрар.

Абай сенімі осында. Сенімді өмірде сергіту үшін не керек? Ақыл керек, мінез керек, іс керек, адамшылықты сақтайтын ұят-намыс керек, көңіл күйді өсірер жүрек тәрбиесі керек. Барға ынсап, жарастыққа қанағат керек, тәрбиешіге бостандық, ұмтылушыға бапкер керек. «Керек» — мінез-құлық пен өмір-салттың жаңа бағытына үміткер ұмтылыс. Ол — адам мұратының, халық мүддесінің, туған ел ертеңінің басты бағдарламасы.

Қазіргі өтпелі кезеңде өмірдің осындай тіректерінің нарқын түсіріп алғандаймыз. Ескінің сарқыншағында бір-бірімен іліккен, шағылысқан зұлматтар — адамды адамдықтан алшақтататын үлкен дерт. Іріткіден алдымен жүрек ауырады. Ал қатыгез жүректе шын пейіл болмайтыны бар. Қатаң жүрек ешкімді ақпейіл деп мақтамайды. Тек «ауру жүрек ақырын соғады жай, өз дертін тығып ішке, білдіре алмай». Оның көрсетері «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл». Мұндай берекесіз күй адал жүргеннің «өмірін бүлдірмеген, күнде ұрламаған», тіпті назарын жұбанышсыз тоздырған, ажарын қайғыдан аздырған. Оның ақыры әйгілі — іштей құсаланған жан аяқты шалыс басады, кәсіпқордан түңіледі, жанбай жатып сөнеді.

Өмір тіректерін жүрек ісі сақтайды, жүректі кісі иемденеді. Өйткені «рақымдылық, мейірбандылық, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп іш тарту» — жүрек ісі. Ал «көнгіш, уағдаға тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса мойындау» — жүректі кісінің, қайсарлы жанның әрекеті. Бұл — Абай ұғымы.

Сайып келгенде, шын жүрек — күллі адамға ортақ. Себебі ол миды оятар көңіл көзі, ынта мен ырысқа қайырымды, махаббатқа толы, сөз бен сезімді жақындатар алып күш. Жүрек ыстығы адалдық пен адамдықты жатсынбайды, татулықпен тілдестіреді, тіл тапқызады. Иә, Абай — жүректі. Күрмеуі көп күрделі іске, сұрары көп жауапты әрекетке төзімділік тапты. Осы есеп нүктелерінен адамтанудың, қазақтанудың өлшемдерін айқындады. Өлшемнің есебі адамның өздігінен түзелуінен басталмақ. Содан болар, Абай Сократтың «өзіңді өзің таны» қағидасынан қалт кетпеді. Өз қадірін өзі білмеген, сөздің парқын қош етпей, бос етеді. Адам өзін қадірлеу үшін өзін билейтін, өзгеге көмектесе алатын бостандыққа қол жеткізуі шарт. Мұндай бостандық адамды тоздырмайтын сара да, дана жол. Бостандықта «адамзат тірлікті дәулет деп білмек, ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек», адам даналықты құндылықтың жоғары түрі деп қабылдайды. Даналық — бостандықтағы тұлғаларға тән, тынымсыз тірлік. Ол — рухани түсіністік, рухани-әлеуметтік беріктестік, әлеуметтік-мәдени жетістік, шығармашылық келбеттің құралы. Қысқасы, даналық — өнерді өркендетпек, өркениетті өмірлік мәселемен ұштастыратын қабілет-қасиет шоқтығы, адам өмірін марқайтатын өзара мүдделіліктің алпыс екі тамыры.

Абай тұлғасы — оның даналығында. Абай даналығы — жүрек үнінде, парасатты сөзінде, сүйіспеншілік үмітінде; қарсыласынан асып түсетін білімдарлық, сезімталдық, еріктілік икемділігінде; қазақты қор қылатын кеселдерден сақтандыратын талап, махаббат, ұғым сияқты рухтың ең мықты қайнар көзінде, қуат аймағында; тұтастық пен тыныштықты туралайтын, татулықты тәрбиелейтін тоқтамында; шығыс пен батыс мәдениетін үйлестіретін шеберлігінде.

Абайдың білім туралы айтқаны көп, қилы-қилы. Дегенмен ойының тоғысар нұсқасы ескерулі. Білімнің ерекшелігі неде?

Білім — көрген-есіткеннің мән-жайын білу, танымақ нәрсенің бағытын түсіну, әрекетті жүзеге асырудың тәсілдерін табу әрі тарату.

Білім — құбылысты тану, адамның өзін таныту, адамды тіршілікпен табыстыратын тәсілдерге үйрену және оларды меңгеруге үйрету. Білім — «қайрат пен ақыл, мұнсыз барар едің, қай жаққа?».

Ақыл — парасат пен табиғат жарасымдылығынан, қимыл мен іс-әрекет үйлесімділігінен ұшқырланса, бұл тұрар шындық, үйренер үлгі. Білім — ақыл ісі, ғылымды көбейтудің құралы, өнер қажеті. Ақыл ісі — дүниедегі пайдалы мен залалды білетұғын, сөзін ұғатұғын қасиет. Әр нәрсенің өлшеуін білу — үлкен іс, құлды бағдар, ескерулі өнеге. Осы бағыттағы Абай түсінігі шығыс пен батыс ойшылдарының көзқарасымен үндес. Абай ойлары мынадай тұжырымдардың жалғасындай: «Білім дегеніміз — күш, күш дегеніміз — білім» (Ф. Бэкон), «Білім — мақсат емес, қару» (Л. Толстой), «Тек білімді ғана жарықтың түнекті қуаты секілді, надандықты құртады» (Ежелгі үнді нақылы), «Білім мен даналық — адам көркі» (Ә. Науаи).

Адамды ойлай білуге үйрету, Т. Эдисон айтпақшы, өркениеттің аса маңызды міндеті. Бұл — ақылдының үлкен арманы мен ардағы. Тек ол үшін «білгенге жол бос, болсайшы қол бос, талаптың дәмін татуға» дерлік жағдай мен талап болса демекпіз. Талаптыны ақылменен таныр. Ақылы бар кісіге «иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен» [28-сөз].

Білім — ғылым үшін, парыз, намыс үшін керек. «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңіл. Қайырылып өзіңе, көп ізде жөнін». Ғылымның міндеті — тапқанын терең талдау, толық сипаттылықты қазақтанудың түңлігіне көтермек болды. Ойы сайрап, білгені жетіп тұрса да, дегеніне дәрмені жетпеді, болмысы аяғынан тартты. Абай білімі өмірдің сала саласынан арқау тауып, ойын болашаққа ұзартса да, Абай болмысы қаптаған қазақшылықтың былығынан кеудесін көтере алмады. Жасы келген сайын Абайдың рухани дамуы мен әлеуметтік рөлінің қайшылығы анағұрлым шиеленісті. Қордалы мәселелердің шешімі табылмай немесе ол тыңдаушысын таппаған сайын, Абай амалсыздан өзінің, өзінің ғана емес, сауатсыз халқының әлсіздігін мойындауға мәжбүр болды.

«Адам деген даңқым бар» деп шабыттанып, «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын?» деген берік сеніммен өмір тартысына бір кезде батыл енген Абай, «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысып» қажиды, үміті бек тарылады. Тұлғалардың жаны — жұмбақ, дүниесі — алуан қырлы. Оның үстіне, Абай идеясын жүйелі түрде жүзеге асыратын әлеуметтік күш, ортақ маңызды мүдде пісіп-жетілмеген еді. Осы шындықты толық түсінбесе де, Абай оның түп-тамырын өзінше пайымдады. «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп бір күңіренсе, енді бірде «Таппадым көмек өзіме, көп наданмен адасып» деп, сүйенетін де, сүйсінетін де тіректің табылмағанына қатты налиды. Үмітінен үзілген өмір тұлсыз қалды.

Абай институтының хабаршысы. – 2012. — № 3.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники