Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Ұстаз ұлағаты ұмытылмас

Без-имени-1Аяулы ана, асыл жар, ардақты ұстаз, парасатты ғалым, сыйлас та сырлас құрбы  – осы мәні терең сөздердің бәрі бір ғана тұлғаның бойында кездесуі – өте сирек кездесетін құбылыс. Ал атына заты сай Раушан Мағзұмқызы Мансурова болмыс-бітімінде осы асыл қасиеттің бәрі жинақталған кесек тұлға болатын. Үйде – қамқор ана, адал жар, ардақты әже, жұмысында – өз ісіне берілген білікті маман, үйдегі тірлігін де, түздегі ұстаздық жұмысымен қатар ғылыми шығармашылығын да ақсатпай тең сатыда ұстаған асыл жан өзінің ғылыми жолын 1963 жылы қазақтың киелі қара шаңырағы атанған айтулы білім ордасы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсуден бастады. Белгілі қазақ жазушысы Мағзұм Тиесовтың қызының әке жолын қуып, гуманитарлық мамандықты емес, жаратылыстану факультетін таңдауы да бір ерекше қадам еді. Үлкен өмірге деген алғашқы қадамын ҚазМУ-дан бастаған Раушан Мағзұмқызының бүкіл ғылыми-педагогикалық шығармашылығы, ұстаздық жұмысы  өзінің химия факультетімен тығыз байланысты болды. 1968 жылы ҚазМУ-ды үздік бітірген Раушан Мансурова өзінің ғылыми шығармашылығын осы университетте аға лаборант болудан бастады, инженер болып жұмыс істеді,  ҚазКСР ҰҒА-ның химия ғылыми Институтында полимер синтезі зертханасында аға инженер болып қызмет атқарды. Химия ғылымының қыр-сырын меңгерсем деген таудай талап пен білім-ғылымға деген жалынды құштарлық Раушан Мағзұмқызын ары қарай оқып, білімін терең жетілдіруге итермеледі. Алдына химия ғылымының шыңына шықсам деген үлкен мақсат қойған, бойында жігері мен таланты жарқылдаған, қазақтың қайсар қара торы қызы физикалық химия кафедрасының аспинатурасына келіп оқуға түсті. 1979 жылы аспирантураны табысты аяқтаған ол 02.00.04 – «Физикалық химия» мамандығы бойынша «Торможение процессов горения эпоксидной смолы» тақырыбында кандидаттық ғылыми жұмысын сәтті қорғап шықты. Содан соң физико-химиялық зерттеу әдістері зертханасы базасында құрылған саларалық ғылыми-техникалық ӨТС орталығында және әдістемені зерттейтін зертханада аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.

 1991 жылдан бастап ҚазМУ қазіргі «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» шаруашылық жүргізу құқықты республикалық мемлекеттік кәсіпорынының «Жану проблемалары институты» еншілес мемлекеттік кәсіпорнында ғылыми қызметкер және нанокөміртекті материалдар зертхананың жетекшісі болып, сонымен қатар жану химиялық кинетика кафедрасында оқытушы болып еңбек етті. Раушан Мазғзұмқызы кристалды химиядан жалпы курс бойынша дәріс оқыды және жанудан, химиялық кинетикадан, физикалық-химиялық әдістемелерін зерттеу ісінен арнайы тәжірибе ісін және сабақтарын жүргізді. Өмір әрқашан басыңнан сипап, аялап отыратын анаң емес, ал ғылым – теп-тегіс даңғыл жол емес. Осы «өмір» атты асау толқынды үлкен мұхитта адам ескексіз қайық секілді емес пе?! Раушан Мағзұмқызын өмір-арна алақанына салып, аялап еркелеткен жоқ, ғылыми шығармашылық жолында да талай-талай қиын асулар кездесті. Алайда, талабы мен талантын, ақылы мен қайратын өзіне серік ете білген, бойында халқыма адал еңбек етсем, ел алдында перзенттік парызымды өтесем, бір атаның ғана емес, халқымның қызы болсам деген қайсар Раушан Мағзұмқызы 2001 жылы 01.04.17 – «химиялық физика, соның ішінде жану және жарылыс физикасы» мамандығы бойынша «Термокаталический и термический синтез углеродсодержащих сорбентов, огнеупоров, негорючих композиций и катализаторов» тақырыбында өзінің докторлық диссертациясын қорғап шықты. Жаратылыстану ғылымында, химия саласында, докторлық диссертация қорғады деп жай айта салуға оңай болғанмен, іс жүзінде, ғылым аясында оңай шаруа емес, яғни үлкен жаңалық ашылды, еліміздегі химия саласына жаңа бір ғылыми леп келді деген сөз еді.  Р.М.Мансурованың бұл докторлық диссертациясы отандық ғылым саласын ғана емес, әлемдік жаратылыстану саласын дүр сүлкіндірген үлкен ғылыми жаңалықтарының бастамасы болды. Раушан Мағзұмқызының жетекшілік етуімен жасалған ғылыми зерттеулер еліміздегі бірқатар экологиялық мәселелерді шешуге бағытталды. Өндірістік ағын суларды ауыр металдардан, органикалық қосындылардан тазартуға және атмосфераны өндірістік күкірт пен көміртектің диоксидтерінен тазарту жолдарын жасады. Синтезделген көміртекқұрамды сорбенттердің сорбциялық параметрлерін анықтап, өндірістік ағын суларды ауыр металдардың иондарынан және атмосфераны өндірістерден шығарылатын газдар қалдықтарын тазарту, сонымен бірге алтынды бөліп алу тиімділігін айқындады. Раушан Мазғзұмқызы мен оның жұбайы Мансуров Зұлхайыр Аймұхаметұлы да  – отандық қана емес, әлемдік химия саласына үлкен үлес қосқан ғалымдар. Ерлі-зайыпты қазақ ғалымдары сан ғасырлар бойы химиктер, оның ішінде атап айтсақ, алхимиктер аңсаған, бір кездері бос арман  болып қана көрінген ерітінділерден алтын бөліп алу ісін қиял жүзінде емес, нақты іс жүзінде іске асырып, «айды аспанға шығардық» десек, олардың атына  айтылған артық сөз емес. Раушан Мағзұмқызының жұбайы Зұлхайыр Айтмұхаметұлы екеуінің өнертапқыштар арасында жеңіп алған көптеген патенттері:

«ГАЗДАРДЫ КҮКІРТ ДИОКСИДІНЕН ТАЗАРТУҒА АРНАЛҒАН КАРБОМИНЕРАЛЬДЫ СОРБЕНТ АЛУ ТӘСІЛІ» – 2003 ж.;

«ЕРІТІНДІЛЕРДЕН АЛТЫН БӨЛІП АЛУҒА АРНАЛҒАН КАРБОНАТТАЛҒАН СОРБЕНТ АЛУ ТӘСІЛІ» – 2003 ж.;

«САРҚЫН СУДЫ ВАНАДИЙДІҢ БЕСТОТЫҒЫНАН ТАЗАРТУ ТӘСІЛІ», — 2004ж.;

 «КРЕМНЕЗЕМДІ МОДИФИКАЦИЯЛАУ ТӘСІЛІ» – 2004 ж.; тағы да басқа өнертабыс  авторлық патенттері  ерлі-зайыпты қазақ ғалымдарының көп жылдық жемісті ғылыми-шығармашылық еңбектерінің айқын дәлелі, жарқын куәсі болып табылады.

   Химия саласында ерен еңбегі ел тарапынан елеусіз қалған жоқ. Ғылым-білімге, инновацияға, еліміздегі ғылым мен техника саласының дамуына айтулы үлес қосқан ғалымдар мен өнертапқыштарға, оқымыстыларға арналған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік ғылыми сыйлығының стипендиясының иегері» деген құрметті атаққа ие болды.

Раушан Мағзұмқызы  – тек өз балаларын ғана емес, көкірегінде жалыны, көзінде оты бар қазақ жастарын байқаса болды, ғылым жолына жетелейтін қамқор ұстаз болатын. Р.М. Мансурова 300-ден астам ғылыми жарияланымдардың, еңбектердің авторы болды және оның ғылыми жетекшілігімен 10 кандидаттық диссертация табысты қорғалды. Елінің экономикасына, ғылымына әлі қосар үлесі көп Раушан Мағзұмқызының жарқын жолын, өнегелі өмірін ешкімді аямаған сұм ажал ерте үзді. Қазір бір кездері өзі жетекшілік еткен зертханасына аты беріліп – профессор Р.М.Мансурова атындағы көміртекті наноматериалдар зертханасы деп аталады. Зертханаға өзінің талантты  шәкірттерінің бірі химия ғылымдарының кандидаты Бийсенбаев Махмут  жетекшілік етеді. Сонымен қатар басқа шәкірттері де – химия ғылымдарының кандидаттары Тәңірбергенова Сандуғаш, Жылыбаева Нұржамал, Тажкенова Гаухар, Сатаева Гульзипа  секілді шәкірттері ұстазының жолын жалғастыруда. Айта кететін бір жайт, ерлі-зайыпты ғалымдардың сара жолын жалғастырып кенже ұлы Батыр физика саласында табысты еңбек етуде, ал келіні Мәдина да математика ғылымдарының кандидаты болса, немере қызы – Беназир мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ата-әже жолын қуар талантты ұрпақ екенін танытып, химия пәні бойынша халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды, қазір мәдениет пен ғылымның ошағы болып табылатын Еуропа елінде білім алып жатыр, Чехиядағы университетте үздік оқып жүр. Ал немересі Нұр-Қадыр – Жәутіков атындағы Республикалық физика-математикалық мектебінің оныншы  сыныбының  озат оқушысы,  өз болашағынан үлкен үміт күттіретін тәлімді ер-азамат болып өсіп келеді. Уақыт пен өмірдің қарбаласына қарамастан екі немересін кезінде білімге, сурет пен музыка өнеріне баулып, жан-жақты  жетелеген  Раушан Мағзұмқызының бұл да  бір еңбегінің жемісі.  «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өшпейді» деп асқан көрегенділікпен айтқан дана халқымыздың аталы сөзіндегідей, Раушан Мағзұмқызы өмірден мезгілсіз кеткенімен, ғалым-ананың сара жолын шәкірттері мен ұрпақтары жалғастыруда. Артыңда жарқын жолыңды жалғастырар ізбасарларыңыз тұрғанда сіз өлмейсіз, мәңгі жасай бересіз, аяулы Раушан Мағзұмқызы! Артыңызға өшпес із қалдырған сіздің ізгі бейнеңіз жадымызда әрқашан жаңғырып тұра берер. Осындай аяулы қыздары, айбынды ұлдары тұрғанда мәңгі жасай бермек біздің мәңгілік Қазақ елі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
аға оқытушысы Рахила Турсыновна Наралиева

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники