Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

Он бесінші сөз

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.

Әуелі — пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.

 Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

Үшінші — әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір түрлі дерт болады екен, уа әрбір құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысын?

 

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники