Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Март 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

ҚҰТТЫҚТАУ – 70 ЖАС

Без названия

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы  Жоғары мектеп Ұлттық ғылым академиясының, Қазақ Білім академиясының, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық Айтматов академиясының  академигі ЖАНҒАРА ДӘДЕБАЕВТЫ 70 жасқа толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз!

Ардақты ҰСТАЗЫМЫЗҒА ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, шығармашылық табыстар, отбасына ырыс, береке тілейміз! Мерейіңіз тасып, құрметіңіз арта берсін!

 Үлкен құрметпен, шәкірттері.

Ж. ДӘДЕБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ,

ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫСҚАША ОЧЕРКІ

Дəдебаев Жанғара Дəдебайұлы 1948 жылы 15 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданындағы Талдыауылда дүниеге келген. Әкесі Байқонысов Дәдебай – Еңбек Ері болған кісі.

Ж. Дәдебайұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Филология ғылымдарының докторы (1992), профессор (1994). Ғылыми мамандығы – әдебиеттану. Қазақстан Жазушылар одағының (1990), Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының (2002), Халықаралық Айтматов академиясының (2003), Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының (2004), Қазақ білім академиясының (2006) мүшесі. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» белгісімен (1998), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2002), «Ыбырай Алтынсарин» белгісімен (2009), «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 75 жыл» (2009), «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» (2009) мерекелік медальдарымен марапатталған.

Еңбек жолын 1968 жылы ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. 1970-1975 жылдары аталған университетте оқыды, 1975-1977 жылдары М.О. Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтында қызмет етті, 1977-2008 жылдары өзі оқыған университетте ассистент, аспирант, аға оқытушы, доцент, докторант (АҒҚ), профессор, декан, кафедра меңгерушісі, проректор, 1990-1991 жылдары, университеттегі ұстаздық қызметінен қол үзбей, Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының (қазіргі Білім академиясының) директоры болды. 2009 жылдан бермен қарай университетте профессор, университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Жанғара Дəдебайұлы – көрнекті ғалым. Оның жеке авторлығымен 600-ден астам еңбегі жарияланды. Зерттеу нысаны – жазушы еңбегі, жазушының шығармашылық лабораториясы, әуезовтану, абайтану, тарих және әдебиет, халықтың дәстүрлі мәдениеті. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 20-дан астам кандидаттық жəне докторлық диссертация қорғалды.

Ж. Дәдебайұлының ғылыми жұмыстары бірнеше деңгейден тұрады. Олардың проблемалық маңыздылығының деңгейі әдебиеттану саласындағы жаңа бағыт негізін қалауымен сипатталады. Пәндік деңгейде ғалымның зерттеулері қазақ әдебиеті мен ол туралы ғылымның оқу және ғылым пәні  ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар автордың жұмыстары пәнаралық сипатқа ие. Бұл деңгейде оның зерттеулерінің бірқатар ғылым салалары үшін, атап айтқанда, әдебиеттану, фольклористика, тарих, этнография және мәдениеттану ғылымдары үшін маңызды мәні бар.

Зерттеуші еңбектерінде тұжырымдалған қорытындылар мен қағидалар тиісті ғылыми деректермен, дәйектермен жете пысықталған және дәлелденген. Ғылыми қағидалар мен қорытындылардың айқындығы және анықтығының жоғары деңгейі зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізінің байлығымен, пайдаланылған қолжазба және архивтік материалдардың даралығымен,   маңыздылығымен өлшенеді. Ғалымның «Өмір шындығы және көркемдік шешім», «Жазушы еңбегі», «Абайдың антропологизмі», «Шешендік өнер теориясының негіздері» монографиялары жаратылысы бөлек, дара   сипаттағы еңбектер қатарына жатады. Оларда жазушының өмірлік материалдарды көркемдік жинақтау ерекшеліктері мен шеберлік сырлары байымдалған. Шығармашылық жинақтау процесінде тарихи болмыстың, шындық құбылыстардың өзара байланыстары, сабақтастығы, саралану, даралану сипаттары мен толысу, тұтасу жолдары мынадай бірнеше деңгейде анықталған: а) жеке оқиға; ә) оқиғаның жеке бір қыры; б) тектес оқиғалардың бір тобы мен олардың түрлі қырлары; в) оқиғалардың толық жүйесі мен олардың барша қырлары. Зерттеу нәтижелері соны. Олар қазақ әдебиеттануында болмаған, ғылыми айналымдағы болжамдардан принципті түрде өзгешелігі бар жаңа қорытындылар мен қағидаларды қалыптастырды. Бұл қорытындылар мен қағидалар қазақ сөз өнері жөніндегі теориялық ойларды өзгертіп, байыта түсті, қазақ әдебиетінің және ол туралы ғылымның дамуына елеулі үлес болып қосылды.

Ж. Дәдебайұлы үшін жазушының шығармашылық даралығы мен ғалымның зерделеу-зерттеу тұрғысын танып-таразылаудың мәні зор. Ол бұларды барынша мұқият, жан-жақты зерделеп зерттейді. Зерттеу, зерделеу пәнінің тереңіне бойлайды. Сол арқылы ол әрбір адам өз кәсібін беріліп сүюге тиіс екенін, оған зор құрметпен және жауапкершілікпен қарау керектігін ұғындырады. Заманымыздың ғұлама ғалымдары С. Қирабаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Т. Кәкішев, М. Мырзахметов, М. Жолдасбеков, жазушылар Ш. Айтматов, Б. Момышұлы, І. Есенберлин, Б. Нұржеке, ақын Т. Молдағалиев, әдебиет сыншылары Т. Тоқбергенов, С. Әшімбаев, С. Жұмабек және басқа шығармашылық тұлғалардың портреттері – автордың оларға деген адамгершілік құрмет сезіміне толы. Мұның өзі автордың әрі зерттеуші, әрі әдебиет сыншысы және эссе шебері ретіндегі шығармашылық ізденісінің ерекшелігін көрсетеді. Жанғара Дәдебайұлының әдебиет зерттеушісі, әдебиет сыншысы және эссеші ретіндегі шығармашылық даралығының өзіндік ерекшелігі осында.

Ж.Дәдебайұлы әдебиеттану профессорына тән көркем, бейнелі, дәлелді баяндаудың негізгі құралдарын және лекторлық шеберліктің басты әдіс-тәсілдерін жетік игерумен бірге соның бәрін өз лекцияларының әр түрлі циклдерінде немесе бір лекциясының әр түрлі бөліктерінде шебер қолданады. Лекция – ғалым-ұстаздың педагогикалық және ғылыми-педагогикалық қызметінде ең басты әрі ең маңызды іс. Ол өзінің лекцияларын үлкен шабытпен тартымды оқиды, аудиторияны пафоспен баурайды, бірақ ешқашан арнасынан аспайды, тым қарабайырлыққа да ұрынбайды, әр сөзіне қорғасындай салмақ, мағына дарытады. Терең мазмұндылық пен қарапайымдық, шынайылық пен айқындық — міне, Ж.Дәдебайұлының лекторлық шеберлігінің басты қасиеттері осындай. Бұл оның ұстаздық ісіне байыпты, мазмұнды, сыпайы, сұлу сипат береді.

1993-1998 жылдары Ж.Дəдебайұлының басшылығымен көп сатылы жоғары білім деңгейлері бойынша университеттік филологиялық білім беру тұжырымдамасы жасалды, соның негізінде университеттік филологиялық білім берудің бірінші жəне екінші басқыштары үшін мемлекеттік стандарттар, біліктілік сипаттамалары жəне типтік оқу жоспарлары, бағдарламалар дайындалып, өндіріске енгізілді, оқу пәндері оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілді.

2002-2008 жылдары ол əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқу жəне оқу-əдістемелік саладағы барлық жұмыстарды үйлестіру, басқару ісімен шұғылданды. Оның басшылығымен жəне тікелей қатысуымен университеттің интеллектуалдық ресурстарының даму бағдарламасы дайындалды. Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік үлгідегі диплом жобасы жасалды, ол тиісті мемлекеттік атқару жүйесінде тиісті тәртіпте бекітілді, университеттің білім беру қызметі саласында инновациялық технологиялар, Сапа менеджменті жүйесі жасалып, өндіріске енгізілді. Аталған жүйе сапаны басқарудың тиімді əдісі ретінде маман дайындаудың сатылары мен кезеңдерін ұдайы жақсартудың жəне білім беру үдерісін тұтастай жаңартудың таптырмас тетігі қызметін атқарды. Бұл үлкен жетістік еді. Осы жетістіктері үшін университет Қазақстан жоғары оқу орындары ішінде бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты (2006 ж.) атанды, ТМД елдері арасында өткен осындай конкурстың дипломанты (2008 ж.) атағына иеленді.

2010-2018 жылдары университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ғылыми-ақпараттық ресурстарын қалыптастыру мақсатында Ж.Дəдебайұлының басшылығымен және тікелей қатысуымен жүргізген ұйымдастыру, басқару жұмыстарының нəтижесінде «Абайтану» сериясы бойынша көптомдық еңбектердің 36 томы дайындалып, жарыққа шығарылды, абайтану саласындағы ғылыми мектептердің зерттеу нəтижелерінің ғылыми-ақпараттық базасының цифрлық негізі жасалды. Бұл – отандық абайтану ғылымы саласындағы аса құнды рухани байлық.

Қазақстан Жазушылар одағының, ҚР Жоғары мектеп Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының, Қазақ Білім академиясының, Халықаралық Айтматов академиясының мүшесі ретінде ол өзінің интеллектуалдық қуатын білім мен ғылымның, қоғамдық сананың дамуы жолында жұмсауда.

Ж.Дəдебайұлы шығармашылық еңбегімен, қоғамдық жəне ғылыми-педагогикалық қызметімен жоғары білім мен ғылымның, қоғамдық сананың дамуына лайықты үлес қосты.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники