Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Апрель 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930  

АБАЙ МҰРАСЫ – БҮКІЛ ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ИГІЛІГІ

Абай күніне орай Абай жылында не істедік, не бітірдік деп өзімізге өзіміз сұрақ қойып, өзімізге өзіміздің есеп бергеніміз орынды.
Абайтану – бүгінде негізі берік қалыптасқан, даму үстіндегі ғылым саласы. Республиканың Білім және ғылым министрлігінің 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми жобалар негізінде ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру бойынша конкурстық құжаттамасында «Абайтану. Қазіргі қоғамдық-гуманитарлық білім жүйесіндегі Абайдың шығармашылық мұрасы» мамандандырылған ғылыми бағыттардың басты бір саласы ретінде бекітілді. Бұл – Абай жылының абайтану ғылымы саласындағы үлкен жетістігі. Қазақстанның жоғары оқу орындарында «Абайтану» пәнін барлық мамандықтар бойынша оқутуға бетбұрыс басталды. Бұл – абайтану саласындағы екінші бір үлкен жетістік. Сонымен қатар түркі тілдес халықтардың жоғары оқу орындарында «Абайтану» пәнін оқыту мәселесі көтерілуде.
Абай жылында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті абайтану саласында ерен еңбек етті. Бұл ретте басты бір нәтижені атап өткенді дұрыс көремін. Ол – абайтану ғылымы саласында тарихи қалыптасқан ғылыми мектептерде өндірілген білімдердің дербес ғылыми базасының жасалуы. Университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында абайтану саласында іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» деген атпен көптомдық сериялық басылым жарық көре бастады. Осы сериялық басылым негізінде абайтану саласында дербес ғылыми база жасалды. 2020 жылға дейін бұл база 50 том көлемінде көпшілікке ұсынылады деп жобаланған еді. Бүгінгі күні оның 40 томы жарық көрді, қырық бірінші томы өндірісте. Орыс тілінде жинақталған еңбектердің жалпы көлемі де осы шамада. Дербес ғылыми қордағы еңбектер Абай институтының электронды кітапханасына орналастырылып, олар әлем жұртшылығының игілігіне айналды. Абай жылында жасалған жұмыстарымыздың басты нәтижесі – Абайтану саласында дербес ғылыми базаның жасалуы және оның әлем жұртшылығының игілігіне ұсынылуы.
Абай күніне орай мына бір мәселеге назар аударғым келеді: Абайдың шығармашылық мұрасы — бүкіл халықтың рухани игілігі. Бүкіл халықтың рухани игілігін сақтаудың, қорғаудың құқықтық негізі болуы шарт. Оны жасау керек.

Жанғара Дәдебаев,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники