Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Май 2019
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Апр    
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

ТЕРЕКТІҢ СЫЙЫ (М.Ю. Лермонтовтан)

Асау Терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстанның жалындай бұйра толқын

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,

Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.

Қалың қайрат бойында, беті күліп,

Момынсынған пішінмен ағады қу.

—   Кавказдай құзда туған перзентіңмін,

Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.

Қазбектен ағам, сені көксеп шығып,

Кім қақтықса жолымда, күйреткенмін.

Зор кеуде адамзаттың айласына

Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.

Екі езуім көпіріп, айғайласам,

Шын құтырсам, шың тасты тербеткенмін.

Аптығып асау інің келді, ақсақал!

Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.

Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,

Сәлем-сауқат әкелдім, кош көріп ал.

Әкелген бұғы менен маралым бар,

Адамнан тартып алған көп малым бар.

Ер-тоқымы, атымен, қаруымен

Ер шеркесті әкелген амалым бар.

Мұның бәрі — тартуым сізге,— дейді,

Ақылыңды айт, ақсақал, бізге,— дейді.

Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,

Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.

Қартаң Каспий қалғыған бойыменен

Терекке көзін ашып үндемейді.

—   Азырқандың, білемін, ақсақал шал,

Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.

Казак-орыс қатыны бір сұлуды

Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал!

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,

Жылы жүзбен Терекке амандасты.

Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,

Қатынды алды, қитықсыз араласты.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники