Август 2020
Құрметті оқырман!!!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының басшылығымен «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының XLI томы жарық көрді.
«Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көп томдық басылымының қырық бірінші томында А.М. Картаеваның «Абай мен Мұхтар Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық» еңбегі берілді. Зерттеуде Абайдың даналық тағылымының Әуезовтің шығармашылық мұрасында жалғастырылуы қарастырылады. Қазақ әдебиетінің алыптары Абай мен М.Әуезовтің шығармашылық әлеміндегі көркемдік тұтастық, рухани тамырластық, дәстүр сабақтастығының сан сала арналары кеңінен сөз етіледі. Екі дананың ойшылдық, қоғамдық, гуманистік, суреткерлік ортақ қырлары ашылып, дүниетанымының өзектері, эстетикалық танымдары, ой тереңдігі, сөйлеу тіліндегі рухани тұтастық пен тілдік үйлесімдері арнайы зерттеледі.
Томға енген еңбек абайтанушыларға, магистранттар мен докторанттарға, Абай мұрасын білмекті парыз тұтқан білім алушы жастарға және көпшілікке арналған.
АБАЙ ІЛІМІ ЖАС ҒАЛЫМДАР КӨЗІМЕН
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында Абай күніне арналып 2020 жылы 10-15 тамыз аралығында өткен «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мен ілімі» атты республикалық сырттай ғылыми конференция аясында 13 тамыз күні «Абай ілімі жас ғалымдар көзімен» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Жас ғалымдар қатарында докторанттар Әлібек Байбол, Бибігүл Даутова, гуманитарлық ғылымдар магистрлері Бауыржан Мырзақұлов, Елдос Тоқтарбай, Гүлдана Қасымақын, ақын, журналист Тұрсынбек Башар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің магистранттары Нұрдаулет Омарбек, Айсара Әбдіғаппарова, Күннұр Айтбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Жақсылық Мұратбек (Нұр-Сұлтан қаласы) тағы басқа білімгерлер болды. Дөңгелек үстелдегі әңгімеге негізінен Президент Қасымжомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты баяндамасы өзек болды.
Білім-ғылым саласында жүрген, шығармашылық жастар бас қосқан бұл жиында Абай Құнанбаев мұрасы бойынша көптеген маңызды пікірлер айтылды. Мәжіліс тізгінін ұстаған Абай ҒЗИ-дің жетекші ғылыми қызметкері, ұстаз Ләйла Мұсалы жастарды ашық диалогқа, пікір алмасуға шақырды. Абай ҒЗИ болашақта жас ғалымдардың электронды ғылыми жинағын дайындап, оның ішіндегі таңдамалы мақалалар «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымына енгізілетіндігін мәлімдеді.
Қазақ руханиятының алып шыңы, Президентше айтқанда қазақ қоғамының «рухани реформаторы» Абай Құнанбаевтың шығармашылығы мен іліміне қатысты жас ғалымдардың көкейінде жүрген көп мәселе («толық адам» ілімі, 38 қарасөздің дербес шығарма қарастыру, бес дұшпан мен бес асыл іс, өзге тілдерге аударылуы, сопылық іліммен байланысы, қазіргі қазақ қоғамы үшін өзектілігі мен маңызы т.б ) ортаға салынды. Президент мақаласында төрт бағытты қамтыған: білім игеру, тәрбие, жаңа кәсіп игеру пен ынтымақ идеяларының қазіргі қазақ қоғамында өзекті болып отырғаны даусыз. Жас ғалымдар осыны терең ұғына біліп, Абайдың жаһандық тұрғыда адам мен қоғам мәселесінің тамырын дөп басқан реформаторлық ойлары мен ұстанымдары жастар үшін де аса өзекті әрі мәнді деп таныды, осы орайда жас абайтанушылар қатарын көбейту қажеттігі жөнінде ұсыныстар айтылды.
Абайдың ілімімен сусындап, шығармашылығынан нәр алып жүрген дарынды қазақ жастарының абайтануға деген ынтасы мен талабы бізді ерекше қуантты. Болашақта осындай басқосулар жалғасын тауып, жас ғалымдардың баяндамалары Абай ҒЗИ-дың вебсайтында жарияланатын болады.
http://drive.google.com/file/d/1oPvApqe_uxiltfWLPCDIUaTR9kqA7HGH/view?usp=sharing
http://drive.google.com/file/d/1-boM-lS2d8yJAsrfZZk-oDjLEAnrykbB/view?usp=sharing
Ұйымдастыру тобы
ХАБАРЛАНДЫРУ!!!
«Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармашылық
мұрасы мен ілімі жас ғалымдар көзімен»
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында Абай күні аясында 2020 жылы 10-15 тамыз аралығында республикалық сырттай ғылыми конференция өтуде.
Аталмыш конференция аясында 13 тамыз күні, сағ. 11.00-13.00 аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты баяндамасы негізге алынып, «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы мен ілімі жас ғалымдар көзімен» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтеді. Дөңгелек үстел Zoom платформасында өтеді. Сілтеме қосымша хабарланады.
Ұйымдастыру тобы