Мақалалар
Ө. Әбдиманұлы. АБАЙ ЖӘНЕ АЛАШ
Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп, кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашары сөзсіз. Ендеше біздің қазақ халқының тарихында да сондай кезеңдердің бар екендігі шындық. Қазақ халқының руханияттық дамуында осындай толағай өзгерістер мен ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы.
Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замананың тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс! Толығырақ »
З.Бисенғали. АБАЙ ЖӘНЕ ӘУЕЗОВ
Абай қара сөздерiнiң «Абай жолы» эпопеясында қолданылуы әуезовтанудағы ірі проблемаларды деректі негізде қозғауға және даңқты эпопеясын жазу жолындағы М.Әуезовтің шығармашылық лабораториясына енуге, оның әлi белгісiздеу жатқан астарларына көз жiберуге мүмкiндiк бередi.
Абай қара сөздерi мен «Абай жолы» арасындағы байланыстарды анықтау үшiн эпопеяда байқалған мазмұндық сәйкестiк пен өзгешелiктердi салыстыра қарастырғанда біраз жайлар айқындалады. Қаламгер романда қарасөздерi қаз қалпында да, мазмұн мен мағына, ой әуендерiн сақтай өзгерте де колданылады. Әр әрекеттің астарынан ұлы жазушының көркем мазмұнға артатын алуан түрлі ой, тұспалдары байқалады. Қара сөздер — ұлы гуманистiң болмыс пен тiршiлiк, табиғат пен адам өмiрі, қоғам мен заман, сенім мен сезік, дін туралы философиялық ойлары мен толғаныстарының нәтижесi. Бұл шығармаларды ұлы ақын белгiлi бiр жанр қалыптарын сақтамай, толғаныс, тебіреністерінің үндестігін көздемей, тақырыптарды топтастырмай еркiн жазған. Сонықтан да қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы әр зерттеушi одан өзiне қажет мәндi белгiлердi, ойларды тауып жатады. Толығырақ »
Қ. Мәдібаева. АБАЙ ӨЛЕҢІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ
Абай өлеңі — ақындықтың алуан құбылған мінезі. Сырғыған нұрдан сыр аулап кеудеге қуаныш жайылған сәт. Тылсымға қамалып, тығырыққа тіреліп, болымсызға болдырып отырған шарасыз күй.
Жан жанып, жанарда күн ойнап қайтадан тірілген құштарлық…
Абай жырының өлмейтін өлең мәніндегі құпиясының бірі оның құрылымында. Сол негізде Абайдың өлең құрылысын зерттеу қашан да мәнді.
Кейінгі кезеңде Абай ақындығы, Абай дүниетанымы, Абайдың өмірбаяны, Абайдың әдеби мұрасының зерттелу тарихы тұрғысында елеулі жаңа ғылыми бағыттар айқындала түсіп отыр. Өскен, озған жұрттардың өнегесінде Абайдың ақындық әлеміне біз де түбегейлі бас қою мүмкіндігіне ие болдық. Тарих қазақтың тағдырын сан мәрте талқыға салған тұстарда тұтас танымға тарту мүмкін болмаған Абай ақындығы айналасына барып тірелетін тарихи-әлеуметтік негіздер, көркемдік заңдылықтардың дәстүрлі, жаңашылдық бағыттар аясындағы өрісі қазіргі кезеңде тағы бір саралаудан өтіп, тың пайымдаулармен тұғырлана түсуі – абайтанудың қазіргі кезеңдегі ғылыми нәтижелері әрі келешек зерттеу бағдарлары. Абай ақындығын осы тұрғыда ХІХ ғасырдағы қазақ өлеңінің түрі мен тегі туралы тұғырлы тұтас таным аясында жүйелі ғылыми негізде бағалап, саралаудың өзіндік мәні бар. Толығырақ »