Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Ө. Әбдиманұлы. АБАЙ ЖӘНЕ АЛАШ

декан-факультета-682x1024

Ө. Әбдиманұлы

Қай халықтың болмасын белгілі бір тарихи кезеңде өнері мен әдебиеті, яғни бүкіл мәдени болмысы өзгеше бір биікке көтеріліп, кейінгі өрлеу мен дамуға кең жол ашары сөзсіз. Ендеше біздің қазақ халқының тарихында да сондай кезеңдердің бар екендігі шындық. Қазақ халқының руханияттық дамуында осындай толағай өзгерістер мен ерекше серпілістердің көзге айрықша шалынар сәті — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы.

Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замананың тұрпатын, ұлт тұрмысының кемшілікті тұстарын Абайдай көре білген, ұлы ақындай таныған жан кемде-кем. Абай жасампаздығының мәңгілігі мен өнерінің өрістілігі осында жатса керек. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені –  қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы орны айтып болмас ұлы құбылыс!

Алаш зиялылары танымындағы Абай

Әрине, Абай ұлылығын, шығармашылық тұлға ретіндегі болмысын тап басып тануға біраз уақыт қажет болды. Ал абайтануды алғаш жүзеге асырғандар – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұланғайыр істердің бастау көзі ұлы Абайды тану мен танытуда деп біліп, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық қасиетін ардақтауға ұмтылды. Абайды өздері ғана қадір тұтып қоймай, оның ұлт абызы ретіндегі кемеңгерлік тұлғасын өздері айтпақшы «жұртқа», яғни көпке танытуды мақсат тұтты.

Қазақ зиялылары ә, дегенде-ақ, Абай туралы туралы келелі ойларын сол кездегі түрлі басылымдарда жариялай бастады. Оның ішіндегі елді елең еткізер, оқушылары тұшынып оқыр, рухани азығы молы да, кеңге қанат жайғаны да, әрине, «Қазақ» газеті болды. «Қазақ»  халыққа қызмет көрсетуге жарарлық, халықтың көкейкесті ой-арманын көрсете алатын материалдарды ғана жариялап, озық үлгідегі дүниелерге ғана орын берді. Және әрбір жарияланымдағы ұлттық сипаттың айқындылығына көңіл бөлді. Соның бірі қазақ зиялыларының әдебиетке, әдеби тұлғларға қатысты пікірлері. Ал, енді газеттегі әдебиетке қатысты мақалалардың негізгі авторлары А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов екендігі тағы шындық.

Алаш ардақтаған басылым өзінің алғашқы сандарының бірінде «Қазақ тарихы» деген мақала жариялап, онда мынадай ой айтылды: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, осы ғасырдың ғылыми жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің әдет-ғұрыпқа сай «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы» [1]. Бұдан біз газеттің негізгі мақсаттарының бірі қазақ әдебиетін өркендету болған айқын аңғарамыз.

Қазақ әдебиетінің сол дәуірдегі шығарма­шылық мәселелерін мүмкін қадарынша сарапқа салып, жұрттың эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруға алғаш қадам жасаған» Айқап» журналы болса, оның артынша «Қазақ» бұл істі жандандыра түсіп, оны биік деңгейге көтере алды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақ» әдебиетіміздің озық үлгілерін насихаттауда ерекше қызмет атқарды. Кемел ой мен келісті сыр тоғысқан, сұлу сезім мен мұңлы шер шарпысқан көрікті де көркем жырдың шебері Абай шығармаларына айырықша назар аударуы осының бір айғағы. Әрине, газеттегі қайбір мәселе болмасын іргелі ойға қозғау салушы – бас жазушы Ахмет Байтұрсынов екендігі белгілі. Соның ең үлкен мысалы Абай сияқты ұлы тұлғаны кеңінен насихаттап, оның шығармашылығына айрықша назар аударып, терең талдау жасап, әділ бағасын беруге көшбасшы болуы.

Қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай арқылы қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы сөз қозғап, өлең сөздің қадір-қасиеті жайлы толғаулы ой қозғаған алғашқы мақала Ахмет Байтұрсынов қаламынан шықты. Абай туралы “Қазақ” газетінің 1913 жылғы 39-41– сандарында газет редакторы Ахмет Байтұрсыновтың “А. Б.” деп қол қойған “Қазақтың бас ақыны” атты көлемді мақаласы жарияланды. Мұнда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев туралы алғаш тереңнен тартып ой айтылған. Абай өлеңінің асыл қасиетін терең түсінген, өлең өнерінің озығы екеніне көз жеткізген А.Байтұрсынов: “Одан асқан бұрынғы-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ” деген тың да түйінді тұжырым жасайды.

Жалпы Ахмет Байтұрсыновтың өзі басқарып отырған газетінің бетінде жарияланған өлеңдерден Абай үлгісін көргісі келетіні, ақындардан сол деңгейдегі талап-талпынысты танығысы, оларды сол бағытта баптап, тәрбиелеуді мақсат тұтатыны анық сезіледі.

Ахметтің Абай шығармаларын өте жоғары қоятыны әуелден-ақ, әр кезде, әр жағдайда жарияланып жүрген түрлі мақала, жазба-ларынан белгі беріп қалатын. Ал мына мақала сол бір Абай жайлы толғамды ойларының түгел күйде жарыққа шығып, оның өз талап-тілегінің негізсіз еместігін дәлелдей алғанының нақты көрінісі еді.

Автор өз мақаласында бүгінгі зерттеушілеріміз көтеріп жүрген көптеген өзекті мәселелерді тілге тиек еткен. Ол Абай шығармаларының тілінің ауырлығы, мазмұнының қабылдауға қиын екендігін айтар ойға азық етіп, оны  шеберлік қыры ретінде көрсете алған. “1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олардың сөзінен  басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойлап дағдыланған адамдар болмаса, біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас», — деген жолдар жоғарыдағы сөзімізге нақты дәлел бола алады.

Автор мақаласында өзі пір тұтып, талантын, дарындылық қасиетін ерекше бағалаған Абай ақынды сол заманның ақындарынан даралап көрсетеді, оның артық екенін дәлелдейді. Жалпы Ахмет Байтұрсынов қалың жұртқа Абайды таныстыру мақсатында оның шығармаларын газет бетіне жиі жариялап тұрған. Ол “Қазақ” газетін екінші Абай мектебіне айналдырды. Ахмет айналасындағы алаш зиялылары өздерінің шығармалары арқылы Абай дәстүрін әрі қарай жалғастырды.

Абайды әр қырынан ашуға тырысқан мағыналы мақалада мынадай жолдар бар: «Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет-ықыласпен күтіп алып, төр түгіл тақтан орын берген. Бірақ басқа сөзден өлеңнің таққа мінгендей артықшылығы қандай, оны да көрсетіп, айтып қойған. Айтушы мен тыңдаушының көбі надан болғандықтан, өлең болып айтылып, тыңдалып жүргендердің көбі өлең емес екендігі, өлең жазушылар болса да, келістіріп жазушылары ішінде бірен-саран таңдама екендігі, жұрт мағыналы, терең сөзден гөрі мағына жоқ, маңыз жоқ, желдей гулеп, құлаққа дыбысы тиіп өте шығатын жеңіл сөздерді таңдауға құмар екендігі Абайдың өлең жайынан жазған сөздерінде көрсетілген» [2]. Мұндағы Ахметтің айтпағы — Абай ақынның сыншылық көзқарасының өткірлігі мен нағыз ақынға қажетті де керекті шеберлікті толық игерген жасампаздық тұлға екендігі.

Замана ауыртпалығын, елдің басына түскен зорлық-зомбылықты терең сезініп, жүрегімен түсініп, жырлай білген Абайды «Қазақ» газетінің авторлары пір тұтқан, ұлы ұстаз тұтқан.

Ахмет Байтұрсынов аталмыш мақаласында Абай өлеңдерін қабылдау қиынға соғатындығын айта келіп, «…Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас, бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік» [2], — деп бір түйіп алады. Сөйтіп, Абай сөзін ұғынудың қиындығы Абай поэзиясының жадағай жылтыр сөзден құралмай, ойлы, мағынасы тереңде жатқан сөз жүйесі болғандықтан деп біледі. Одан әрі осының бір мысалына Абайдың «Көк тұман алдыңдағы келер заман», — деп басталатын өлеңін алады.

Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.

Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,

Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған, —

деп басталатын өлеңді «оқушылар түсінбесе, ол Абайдың үздік ілгері кетіп, оқушылары шаңына ере алмағанын көрсетеді», — дейді автор. Яғни, Ахмет пайымдауынша оқырманның Абай сөздерін түсінбеуінің басты себебі, ақынның өз заманындағы талғам-танымнан озық кетіп, сол тұстағы оқырман деңгейінен ой асырып тұр-ғандығынан.

Асыл сөздің әрі мен нәрін тап басып танитын сөз өнерінің білгірі: «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, артықтық басқа ақындардан Абай сөзінде ғана емес, өзінде де болған” [2], — дейді. Сөйтіп Ахмет Абайдың өскен ортасына, тәлім-тәрбиесіне, өмір жолына көз жіберіп, осылардан қалыптасар адамдық болмысына ой тастап, одан туындаған пікірлерін ортаға салады.

Жалпы, Абайды күллі қазақ даласына, ел-жұртқа таныстыруда, оның шығармаларын жариялап, өнегелі де ғибратты сөздерін қазақ оқырмандарына жеткізуде «Қазақ» газетінің және оны шығарушылардың еңбегі орасан зор.

1903 жылы Абай сөздерімен алғаш танысқан Ахмет қызыға да тұщына оқи келе, құдіретті сөз иесінің кемеңгерлік болмысын байқап, байыптап, сөз асылының қыр-сырына әбден қаныққан соң, Абай өлеңдері тебіренткен тұнық сезім мен тың ойларын оқырманмен бөлісуді қалайды. Абайдың әрқайсысы дәуір жүгін арқалаған сөз құдіретінің құпиясына үңіліп, Абай әлемінің әсемдік сырын ашуға ұмтылады.

«Әрбір сөзі оқырманға сын» Абай ақындығының өзгелерден оқ бойы озықтығы оның өмірден түйгені мол көрегендігімен қатар, терең білімпаздығынан деп таныған Ахмет, Абай білімінің құнары европалық ғылым-білімде деп есептейді. Абай білімінің негізі жайлы жаза келе: «Михайэлис пен Гроссқа кез болмаса, сол күйімен бәлки кетер еді, қандай асыл, қандай мағыналы, қандай терең сөздер жерге көмілер еді. Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ» [2], — деген ой түйеді.

Сонымен бірге Ахмет осы  мақаласында ақын шеберлігінің сыры неде деген сұраққа жауап іздестіреді. «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, дәмді, орынды болуына сыншылық керек, мағыналы, маңызды, болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған». Міне, Ахмет тапқан Абай шеберлігінің сыры осыларда жатыр. Жалпы ақынға, өнерпазға тән қасиеттің бәрі бойына жинақталған Абай ақындығының табысы да, табиғи ерекшелігі де әлгі Ахаң айтқан үш нәрседен қуат алады, «сондықтан да өлеңі қай тарапынан болса да толық».

Ахмет мақаласында Абай шығармашылық тұлға ретінде толық болмысымен көрінді. Ол Абай поэзиясының төл ерекшеліктерін нақты мысалдар, өлеңдерінде өрілген көркемдік белгілер арқылы ашып көрсете алды. Сондықтан да бұл мақала қазақ көркемсөз танымының алғашқы ірі қадамы болып саналады. Өйткені қазақ сөз өнерінде жеке ақын шығармашылығына эстетикалық талдау жасап, биік көркемдік талғамнан өткізу – онша жиі кездесе бермеген құбылыс. Қазақ әдебиетіндегі осынау сүрлеуді алғаш А. Байтұрсынов салып, әдеби шығарманы көркемдік-эстетикалық тұрғыдан тануға жол ашқаны қазақ әдебиеттану ілімінің қалыптасуына айрықша ықпал еткендігін жоққа шығара алмаймыз.

Әрине, Ахметке дейін де баспасөз бетінде, кейбір жинақтарда Абай туралы пікірлер жарияланып тұрды. Абай ақындығына баспа-сөзде [«Дала уалаяты»,1889, I. 48] алғаш баға берген Мәшһүр Жүсіп Көпеев. 1909 жылы Абайдың Петербургта шыққан өлеңдер жинағына Кәкітай Ысқақов «Абай (Ибрахим) Құнанбай ұлының өмірі» атты алғы сөз жазды. Кәкітай мұнда Абайдың ата-бабасы, өскен ортасы туралы алғаш рет толымды мәлімет береді. Және әкесі Құнанбай данышпандығы туралы қысқаша айтып өтеді. Оның Абайды тану үшін ақынның өскен ортасын білудің мәні зор екенін жақсы сезінгендігі көрінеді.

Кәкітай сонымен бірге өз мақаласында Абайдың ұлылыққа тән өзгеше мінезін, ақындық лабораториясын танытуға айрықша көңіл бөледі. Бұл туралы Ол: «Абай өзі өлеңінің өнер екенін біліп жаза бастаған соң бұрынғы надандықпен өлеңді өнер орнына жұмсамағандарды» қатты сынға алғанын ашық айтады. Әсіресе, оның өзіндік әдеби мектеп қалыптастырғанын баса көрсетеді. Бұл туралы Кәкітай былай деп жазады: «Абай жазған өлеңдерінен басқа, әншейін отырғанда көбінесе өзінің қызықты көріп, көңілі рахат болатұғыны: сөзі ұғар бала-шағасы уа ғайри жаңа талап, байыпты жас жігіттер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қалай  іздеуге болады, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдар өткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір нетүрлі нәсихатын болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығы түзелер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да еш жалықпай, ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді». Бұл Абай ортасының өзіндік сырын ашқан шындық сөз. Кәкітай сонымен бірге Абай ақындығы тәлім алған бастау бұлақтарға да жөн сілтеп, ол оқыған орыс-батыс ақындарының, орыс-батыс ғалымдарының атын атап, түсін түстеп те кетеді. Бұл дерегі мол тарихи мәні зор нақты мәліметтер болып табылады. Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов: «Абайды танудың басы төңкерістен бұрын басталғанын және оны бірінші бастаған Кәкітай болғанын көреміз» [3,81],- деп Кәкітай еңбегін қатты бағалайды. Шындығында, осы «Алғы сөз» Абайды қазақ оқырмандарына алғаш кеңінен таныстырған сөз еді.

Ал орыс оқырмандарына Абай есімі бұдан сәл ертерек танылды. Абай өмірі мен творчествосының білгірі Қайым Мұхамедханов: «Абайдың көзі тірісінде, оны орыстың оқырман қауымына тұңғыш рет таныстырған адам – Әлихан Бөкейханов» екенін айтады. «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық кітаптың 1903 жылы «Киргизский край» деген 18-томы жарық көрді. Оның авторларының бірі Әлихан Бөкейханов «Абайға ерекше тоқтап, қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы» атаған», — дейді.

1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде, 1907 жылы басылып шыққан «Записки Семипалатинского Подотдела, Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического Общества» деп аталатын кітапта Абай өмірбаяны басылып шыққан, авторы Ә. Бөкейханов.

Абай туралы және бір мақала 1908 жылы татар тіліндегі “Уақыт” газетінің 393-шы санында жарияланды. Мақала авторы Міржақып Дулатов болатын.

Жоғарыдағы мақалалардың қай-қайсысы да өз кезегінде Абай ақындығын тануда біршама қызмет атқарғаны талассыз. Солай дей тұрғанмен де, бұл мақалаларда тарихи өмірбаяндық  сипаттың бел алып жатқандығын байқау қиын емес. Оларда Абай ақындығының ерекшелігі, оның қазақ  поэзиясын дамытудағы атқарар қызметі там-тұмдап сөз болғанмен де терең зерттеліп, кеңінен толғап пікір айтылған жоқ. Ендеше, шынайы әдеби талдаудан өтіп, зерделі ой, зейінді талғаммен Абай ақындығына ғылыми тұрғыдағы алғашқы әділ баға А. Байтұрсынов мақаласында берілді.

«Қазақ» газетінде жарияланған Абай туралы дерегі бар мақала авторларының бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол 1887 жылы Торғайда дүниеге келген. Педагог, мәдени қайраткер, журналист, аудармашы болған. Нәзипа Қостанай қаласындағы орыс-қазақ әйелдер гимназиясын бітірген. Ол «Қазақ» газетіне оқу-ағарту, мәдениет мәселесі туралы мақалалар жазып, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің бағдарламасы туралы пікірлерін жариялап, белсенді арласып жүрген. «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 101-санында «Нәзипа» деп қол қойып, «Бір керек жұмыс» деген мақаласын жариялаған. Мақалада қазақ жерінде әдебиет кештер және басқа да түрлі ойындар өткізу турасы сөз болады. 13 ақпанда Семей жерінде өткен әдебиет кеші және сол кештің рухани тірегіне айналған Абай туралы ой қозғалады.

Мақаладан біз автордың көксегені халқының рухани баюы, білімді ел қатарына қосылуы екенін байқаймыз. «Басқа жоғары мәдениетті елдерге еліктеп біз де мәдени-әдеби кеш, жиындарды жиі ұйымдастырып тұрсақ деген ниет» деген жолдар осының айғағы. Мақаланың өн бойынан сол кезеңдегі өнер-білімге жақын, жалпы, қолына қалам ұстаған кез-келген азаматтың цензурадан көздерін аша алмай, айтарын айта алмай қиналғанын байқаймыз. Нәзипа Құлжанова оқырмандарға «сендер тек сол жоспарыма қосылыңдар, бірігіп жұмыс істесек алға басамыз» деген ой тастайды.

Газет Абай тұлғасына қатысы бар біраз мақалалар жариялаған. Солардың бірі — газеттің 1915 жылғы №10-санында «Қыр баласы» деп қол қойылған «Жаңа кітаптар» атты мақала. Мақаланың авторы – Әлихан Бөкейханов. Мұнда ол соңғы шыққан кітаптармен таныстырады. Таныстырып қана қоймай, олардың мазмұнын түсіндіреді, кітаптың авторы туралы бірер деректер беріп кетеді. Кітаптың жазылу жайы туралы да құнды ойлар айтады.

«Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического Общества. Выпуск VIII,1942 г. Цена 1 руб.», — деп басталатын мақалада автор бұл кітаптың ұлы Абайдың ұстазы — Евгений Петрович Михаэлиске арналып жазылғандығы туралы айтады. «Бұл кітапта, – дейді Әлихан Бөкейханұлы, — Абай Михаэлиске айтқан көп сөзі болуға лайық. Михаэлис тәржіма хәлін жазған Г.Б. «Қырда жоғалатын қазақ алтыны Абайды тапқан Михаэлис». Шыныменен, егер Михаэлиспен Абай өмірде кедеспесе Абай өз бойындағы бүкіл қабілет-дарынын аша алар ма еді. Оны осындай дәредеге жеткізіп отырған, нағыз «Абай» қылған – Шығыс және Батыс мәдениетін, әдебиетін, ғылымын жете танып-білуі. Ал оны осы жолға түсірген – Михаэлис».

Михаэлистің хаттары мен әртүрлі тақырыптарда жазылған мақалалары топтастырылып берілген бұл кітаптың қазақ жұртына берері мол екендігіне Әлихан Бөкейханұлы баса назар аударады. Ол мақалалардың барлығында қазақ жері, суы, жануары, Тарбағатай, Алтай тауларының табиғи ерекшеліктері туралы жазылғандығы, бұл деректердің келешек ұрпаққа да қалатын мол әрі құнды дүниелер екендігін көрсетеді.

Уай, қаным, сен денеде аз күн қонақ,

Заман жоқ көп тұруға, өмір шолақ.

Жас мезгіл екі айналмас, мойынын бұрмас,

Жұмыс ет, оқтай зырлап, қардай борап, —

деген өлең жолдарымен аяқталған бұл мақалада өмірдің өткінші екенін, «аз ғұмырыңда оқу оқып, білім біл, еңбектен» деген ой меңзелген. Сол арқылы өсіп келе жатқан жастарды еңбексүйгіштікке, ғылым-білім жолына түсуге үгіттеу мақсаты білінеді. Жалпы, Әлихан Бөкейханұлының газет бетінде шыққан мақалалары немесе жасаған баяндамалары мен жазған дүниелерінің мазмұнына үңілсек, басым көпшілігі танымдық тұрғыда жазылған.

Абай творчествосын тану мен танытуда өзіндік орны бар мақаланың бірі – Міржақыптың «Абай» атты мақаласы. Ұлы Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толғанына орай жазылған бұл мақаланың мынадай басты құндылықтары бар. Бірінші – Абай ақындығын, Абай мұрасын, Абайдың ұлылығын ұғынудың алғашқы соқпағын салушылардың еңбегін көрсетіп, зерттеушілер есімін нақты атаумен бағалы. Қашанда әділдік жақтаушысы, өзгенің еңбегін бағалауда тура жолдан таймайтын Міржақып осы мақаласында Абайды алғаш елге танытушы Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екендігін айтып, оларды тұңғыш Абайтанушылар ретінде бағалайды. Абай шығармашылығы туралы түйіндеулерінде әдебиеттің халық өміріндегі орны жайында айтқан Ахметтің қадау-қадау пікірлерін дамыта отырып, «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес», — деп түйеді. Сондықтан да ол Абайды қазақ әдебиетінің асқар шыңына балап, Абайдың ұмытылуы — қазақ әдебиетінің ұмытылуы, жоғалуы деп санайды. Абайдың қазақ әдебиетінің алтын діңгегі екендігін, одан көз жазып қалу болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнә екендігін ескертеді. Ақын Міржақып Абай ақындығын терең түсініп, «Әдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш — Абай сөзі, Абай ойы боларға керек. Абайға шейін қазақ қолға алып, оқырлық шын мәніндегі қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. …Бәлки мұнан кейін, Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жұлдыз – Абай», — деп, Абай ақындығының әділ бағасын береді.

Автор осы мақалада Абай есімін ұмытпау тұрғысында істеліп жатқан шараларды қуана қарсы алып, сол жолда ізденіп жүргендердің ісін құптайды. Семейдегі Абай кешін өткізген оқыған қазақ жастарының ісінен игіліктің бастамасын көреді. Сөйтіп, Абайды болашақта жан-жақты таныр, Абайды жаттап өсер күннің туарына сенім білдіреді.

Адалжанды, халқының аяулы перзенті сол күндерде бүгінгінің жайын сезгендей, өз рухының халқымен бірге екендігін де ескерте кетеді: «ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер».

Міржақып атап өткен еске түсіру кеші Абай шығармаларын насихаттаудағы игілікті шаралардың бірі еді. Бұл туралы «Қазақ» газетінде «Тілші» деп қол қойған автордың мақаласы жарияланды. Онда «Бұл жағрафия жұмхриатының көші халықты сүйіндіріп, көңілін ашты: «Бізде де Абайдай данышпан адам туады екен-ау, атағы қазақ түгіл орысқа да шығып, өзі өлсе де терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұртына мирас қылып, артына қалдырғандай» деп жұрт шаттанды», — деп жазды. «Абай туралы» баяндаманы «Нәзипа ханум (Құлжанов жамиһаты) орысша оқығанын» да көрсете кетеді.

Жалпы алғанда, XX ғасырдың басында ең көп таралыммен тараған газеттің бетіндегі озық ойлы қазақ зиялыларының Абай жайлы айтыл­ған келелі ой-тұжырымдары ұлтының ұлы рухани ұстаз туралы зерттеудің қалыптасуына жаңа жол ашты. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану дәуірі солардан бастау алады. Ол кейін кең арнаға, ұлы ағысқа айналды.

Бүгінде абайтануда тың белестерге көтерілдік десек, ол ең алдымен осы ғылымның бастауында тұрған ұлылар еңбегінің нәтижесі. Соның жемісі. Мұны еш ұмытуға болмайды. Ал, абайтанудағы қазақ зиялыларының «Оқшау сөздері» ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап назардан тыс қалып келген тарихтан белгілі. Оны енді-енді байыптай бастадық. Ештен кеш жақсы демей ме?!. Сең қозғалды. Ары қарай іс жүреріне еш күмән жоқ. Ұлылардың ұлылығын тануға кең жол ашылғай.

ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрі

 

ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ ақын-жазушыларының бүкіл шығармашылығы Абай атты ұлы арнадан бастау алады. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы әдебиетті сөз еткенде, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды ұлы тұлғалар поэзиядағы Абай салған дәстүрдің сан қырын ашып, жаңашылдықпен жалғастырғанын атап өту ләзім. Онсыз сол кездегі поэзияның даму барысын, көтерілген биігін аша алмаймыз.

«Абай — қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол – керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге біз Абайды ойшыл ақын дейміз. Мұны алдымен ақынның өмір құбылыстарын терең толғау жағы басым келетін өлеңдеріне қатысты айтсақ, сонымен қатар өмір, адам тағдыры, дүние, заман ағымы жайлы пікірлері, дүниетанымы көбірек көрінетін өлеңдеріне қатысты, яғни ойшыл-философ ақын деген мағынада айтамыз» — деп, З.Ахметов ұлы дарынға үлкен баға береді де: «Ақын тұлғасы қаншалықты ірі болса, ықпалы соншалықты зор болатыны, айналасына түсетін жарығы да мол болатыны анық», — деген тұжырым жасайды.

Абай өзінен кейінгі ақындардың барлығына «Жарығын түсірді» десек, өсіріп айтқанымыз емес. Өйткені «Абай — қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы, тереңге сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан». Ұлы Мұхтар Әуезовтің бұл ойларынан артық Абай болмысын тап басып тану қиын. Абай дәстүрін жалғастырушылар оның осы «оқушылары». Олар ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды бір туар дарындар еді. Бұлардың бәрі өз кезегінде Абай ұлылығын тануға ұмтылып, ақындығын бағалауға тырысқан болатын. Осы орайда Абай ақындығын бағалаудағы олардың ұлы ақынға берген атаулары да әрі қызық, әрі ой саларлық. Ең жақын шәкірті Шәкәрім «Ұлы ұстаз» тұтса, Ахмет «Қазақтың бас ақыны» деп біледі, Мағжан үшін «Ақындар хакімі» болса, Сұлтанмахмұт «Ақындар пайғамбары» көреді.

Абай ұлылығын тани біліп, ақындығына табынған осынау «оқушылар» ұлы ақын дәс-түрінің әр қырын, әр бағытын өз шығар-машылық мүмкіндігіне, ұстанған мақсатына орай дамытып, жаңғыртып әкетті.

Абай – сонымен қатар келер ұрпақтан үмітін еш жоймаған аса зор жасампаздық  тұлға. Өзін өнеге етер ұрпақ жайы ұлы арман күйінде қалмасына сенген оның:

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын ұғуға,

Көкірегінде болсын көз, —

деген ел жастарына қояр талабы шын мәнінде жүзеге асты десек, оны Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, т.б. шығармашылық тұлғалар болмысынан табамыз.

Өздерінің ақындық жолының бастауында-ақ, олар Абай үмітін жалғастыруды шығармашылық мақсат тұтты. Қалай болғанда да өлең сөз деп танылған сөз өнері арқылы халқына септігін тигізудің қамын ойлады. Сөйтіп, ұлы ұстаз міндет артқан ақындық өнерпаздықты мирас етіп, оның дертпен тең екенін жанымен түсінді. Елге ой айтуға өлеңді оңтайлы көріп, соны дұрыс санап, сөзінің діттеген жеріне жетеріне сенім артты. Елді оятуды мақсат тұтқанын өздеріне бақыт санады. Мәселен, Ахаңның «Жазушы қанағаты» атты өлеңіндегі мына жолдар осының куәсі:

Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,

Құлағын біреу салмас, біреу салар.

Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,

Кейіне жарамаса, кейіне жарар.

Қайсысы ықыласын салып тыңдап,

Жаратпай қайсыбірі теріс қарар.

Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар.

Солардан аз да болса белгі қалар [4, 57].

“Ызыңдап ұшқан сары масаның” тірлігін өмір-күресте арқау еткен Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжанның  «бал араның» тынымсыз еңбегіндей  ісі түбі жарыққа шықты. Олар бүгінгі дүниеде «рухани көсем» атанып, болашақ ұрпақтың бой түзер бәйтерегіне айналды.

Абайдың төл шәкіртіне саналатын Шәкәрім өлеңдерінде айырықша көзге түсетін ерекшелік — азатшыл, күресшіл рух. Бұл қасиет оған Абайдан жұққан. Абай поэзиясынан үйренген үлгі екендігіне мына жолдар дәлел бола алады:

Патша құдай, сиындым,

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме.

Арғын, найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды

Тобықтының езіне.

Ұлы ақын өз заманында жұрт түсінбей қор болғандығын аһ ұра өкінішпен еске ала отырып, «Жау жағадан алғанда, жан көрінбес көзіме» деп рухының биіктігін танытады. Сол бір рух биіктігі Шәкәрімнің қай өлеңінде болсын көрініс тауып жатады.

Шәкәрім сонымен бірге Абайдың қоғам туралы толғамын, адам болмысын танудағы ізденісін, адамдық, азаматтық имандылықты, ар-ұжданды, адамгершілікті уағыздау өнегесін, білім мен өнер шашпақ үлгісін, теңіздей терең ойшылдығын ұлы ұстаз дәстүрін сақтай отырып, жаңаша жаңғыртып, жасампаздықпен дамытты. Ол ұстаз ұстанған ұлы мақсатты айқын аңғарып, ақын ағаның жан дүниесін өзіндей тани білді. Сондықтан да ойлары үндес шығып, сырлары бір бірлік бойынан табылып жатты. Абайдың көзі тірісінде жазылған «Жастарға» атты өлеңінде Шәкәрім:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік,

Бір білімді данышпан жан табалық.

…Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға жүр баралық, —

деп, ұстаз ұлылығын танып, жастарды Абай төңірегіне топтастырып, данадан тәлім алуға үндесе, кейінгі өлеңдерінде ұстаз болмысымен тіпті үндесіп, оның рухын терең ұғынғандығын дәлелдей түседі.

Кім жалғыз, дүниеде есті жалғыз,

Болмаған соң мұңдасар бір сыңары.

Жалтақтап жалғыз Абай өткен жоқ па?!

Табылды ма қазақтан соның пары?

Бұл «бұл қазақтан мұңдасар жан таппаған» Абай рухымен астасу емей, не? Ұстаз жанын таныса, Шәкәрімдей танысын!

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап күрт алға басқан ағартушылық ой-сананың өрістеуі Абай арқылы қазақ поэзиясына азаматтық ой-толғанысты әкелген болатын. Шәкәрім де ұлы ұстаз ұстанған осы бағытты дамытты. Азаматтық поэзияға тән биік асқақ-тық, өмір құбылысына терең үңілген таным-толғам Шәкәрім өлеңдерінің басты идеялық тұғырына айналды. Ақынның шынайы азаматтық болмысын, ақындық сенім көзін айқын-дайтын басты тақырыптар – қоршаған орта, табиғат әлемі, тартысты қоғам, қоғамдағы адам, оның болмысындағы қадір-қасиет, адамгершілік қағидалары және мінез-құлық, тәрбие негізі. Шәкәрім үшін нағыз адам деген атқа лайық жандар – ең биік идеал. Шәкәрімнің сыршыл поэзия арқылы адамдық болмысты тануға ұмтылған азаматтық ірі мақсатының бірі – ұлтының бойына бәле болып жабысқан осы бір жағымсыз қасиеттерден арылту. «Үйретуден жалықпау» қағидасын ұстанған Абайды дана ұстаз таныған Шәкәрім ұлы ақын ұсынған адамды адамдыққа тәрбиелеу атты жанды идеяны одан әрі дамытты. Данышпан Абай:

Болмашы кекшіл,

Болсайшы көпшіл.

Жан аямай кәсіп қыл! —

деп нақыл айтса, Шәкәрім де ұлтқа қызмет етуді адам баласының ең басты міндеті, қасиетті парызы санайды.

Адамдық борышың,

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай,

Ар сақта, оны біл.

 

Мұнда ол өзінің өмірлік тәжірибесін алға тартады. Шәкәрім өлеңдеріндегі азаматтық тұлғаның болмысын айыратын көрсеткіште осыған тығыз байланысты. Яғни ұлт алдындағы борыш ұғымы алдыңғы қатарға шығып, азаматтың халқына сіңірген еңбегіне қарай бағалануы. Ал өмірде адам болып қалу үшін, адамгершілікті жоғалтпау үшін не қажет?! Адамның адам болып қалуы – әлемдегі сөз өнерін қадір тұтқан бұрынғы-соңғы бар суреткерді толғандырған киелі мәселе. Замананың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов бұл сұрақ-ты ХХ ғасыр биігінен адамзат алдына қоя білді. “Қашан адам қалады адам болып?! Соғыста да сол сұрау, бейбіт күнде де сол сұрау!” деген ұлы толғаныс адам өнер атты ұлы үрдісті жанына арқау еткелі бері “күн тәртібінен” бір түскен емес. Бұл сұрақ қазақтың ұлы ақындары Абай мен Шәкәрімді де өмірді сөзбен өрнектеген суреткер ретінде толғандырмай қоймасы хаһ. «Адам деген даңқым бар, Адам қылмас халқым» бар күңіренген Абай ұйықтаған ойды түртпек ниетпен адамның адам болып қалуын көздеп, талай даналықты алға жайып салды. Ұлы ақынның адам болып қалу үшін ұсынған бес қағидасын:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ —

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой —

Бес асыл іс көнсеңіз.

Шәкәрім “Талап пен ақыл” өлеңінде сегізге жеткізеді:

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғаған.

Шәкәрім Абайдағы өнер-ғылымға үндеудің арнасын отаршылдықтың езгісіндегі ұлтының бостандығы жолындағы күреске бұруға ұмтылып, ол жолдағы ел мен ер бірлігінің атқарар міндетін айқындауды шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырады. Жаңа ізденістерге бет бұрады. Осы бетбұрыстан кейінгі өз шығармаларына азаттық ойды арқау еткен Ахмет, Міржақыптарға ой салған алғашқы идеялардың көрінісі бой көрсетеді. Әрине, Шәкәрім шығармалары тікелей азатшылдық күресті меңземегенмен, осы ойдың өміршең болуына, өзінен кейінгілердің шығарма-шылығынан мол орын алуына септігі аз болған жоқ. Азаттық ойдың, ұлт-азаттық идеяның орнығуына үлкен әсер етті. «Қош» атты өлеңінде:

Мен қайғы жедім ғой,

Қапы өтті дедім ғой.

Қазағым, қам ойлан,

Сен де адам едің ғой, —

дейді Шәкәрім. Бұдан біз ел-жұрт қамын ойлаған тұлғаның халқына қайырылуын көре-міз. Мұнда үмітсіздіктен гөрі сенім басым. Туған халқының бойындағы ұлы күштің бұлқы-нысына сенеді ақын, сол сеніміне үмітті серік етеді. Тұлғаның толығарына, елінің оянарына ақын үлкен сеніммен қарайды.

Әдебиеттегі жаңашылдық пен дәстүр ұғымдарының нақты белгісін осы Шәкәрім шығармашылығынан көреміз. Дәстүр дегеніміз М.Әуезовтің сөзімен айтқанда: «…мағынасына характер де, түр де, оқу мен өсу де, дами түсіп өзгеру де, мазмұн мен сыртқы сипат көрік-күй мәселесі — бәрі де кіретін нәрсе».

Бұл тұрғыдан келгенде Шәкәрімнің Абайдың інісі ғана емес, дарынды шәкірті екендігін, ұлы ақын дәстүрін өзіне тән өрнегімен әрлеп алға апарушы екендігін алғаш айтып, ғылыми тұжырым берген Мұхтар Әуезов болды. Шынында Абай мен Шәкәрім арасындағы шығармашылық байланыс аса терең. Ол — құрғақ еліктеушілік емес, бірін-бірі толықтырған өнерге тамырластық.

Шәкәрім шығармашылығында таза ағартушылық тақырыптың да орны ерекше. Шәкәрім жәй оқуға шақырушы емес, Шәкәрім үшін оқу-білім, ғылым жолы. Оның бұл ойлары “Сен ғылымға”, “Сынатарсың өзіңді”, “Ғылымсыз адам хайуан” т.б. өлеңдерінда анықта, нақты көрініс тапқан. Ол — әйтеуір оқудың жоқшысы емес, сол оқу апарар танымның жол басшысы.

Ғылымсыз адам — айуан,

Не қылсаңда ғылым біл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса ғылым тұл.

Шәкәрімнің ғылымға үндеудегі мақсаты тым алыста. Ол — алдыңғы толқын қалыптастырған ағартушылық бағытты одан да әрі жетілдірмек ниетте жүрген “Жаңа жолдың басшысы”. “Оқу білім бұлағы, білім өмір шырағы” деген қағиданы ұстанған, білім шырағының таным шам-шырағына айналуын аңсаған ұлы ағартушы.

Үш-ақ түрлі өмір бар: бәрі де мас,

Бір рәуішті болады шал менен жас.

Ең керекті дегенің — ортаншы өмір,

Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.

Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,

Өкінішті қалмайды кетсе ағатың.

Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артыңда адам атың, —

дейді Шәкәрім. “Үш-ақ түрлі өмір бар”… Осы бір жолдарда адам өмірінің бүкіл болмысы айқындалып тұр. Ақын өмірдің ортаншысын көрсету, соған негізгі ойдың салмағын сала меңзеуі арқылы, адамды ізденіске, білімге талпындырады. Осынау екі шумақ арқылы түйінделген тұжырымда, ақынның ағартушылық ой идеясының тұтқасы жатыр. Ол – ізденіс, ол – еңбек.

Ал еңбек тақырыбы – Шәкәрімнің бүкіл ағартушылық болмысы мен даналық ойының  дәні де нәрі. Абай “еңбек түбі зейнет” деген ұлы қағиданы ұстанып, “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген қанатты сөз қалдырса, Шәкәрімдегі еңбек ізденіспен тығыз байланысты. Шәкәрімдегі ой “Инемен құдық қазғанды” меңзейді. Және ол үнемі алға ұмтылысты жақтайды, соған үндейді. Оған үлгі ретінде Абай жолын ұсынады.

Шәкәрімді ақын ретінде де, дана ойшыл ретінде де толғантқан, тұңғиық ойдың тереңіне тартқан тылсым сырдың бірі – «өмір» ұғымы. Ол ақынның «Дүние мен өмір», «Өмір», «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы», «Өмір сырын көздесең», «Анадан алғаш туғанымда», «Үш-ақ түрлі өмір бар…» өлеңдерінің тақырыбына арқау болған. Қашанда болмасын, қай заманда болмасын ақындар адам ғұмырына өз өресі жеткен биіктен ой жіберуге тырысып-ақ баққан. Ежелгі жыраулар, жыраулық толғам мен ақындық айқындықты ұштастырған Бұқар толғауларынан мұны айқын байқаймыз. Абай да, Шәкәрім де бұдан тыс қала алмайды. Дүниеге келу мен кетудің мәні не де?.. Өмір соңы өкініштен тұра ма?.. Өкінбестей айла бар ма?.. Міне, Шәкәрімді толғандырған осы сұрақтар. Адам баласының дүниеге келуінің өзінен Шәкәрім оның өмір жолының бар мәнін ашып береді.

Анадан алғаш туғанымда,

Жыладым неге дыбыстап? —

деп басталатын өлеңінде ақын адам өмірінің мың құбылған астарлы сырына үңіледі. Сәбилік түйсік пен есейген сезімнің тоғысынан өмір атты ұлы ұғымның мәнін ашуға ұмтылады. Әлгі сұрақтың жауабы қандай болмақ? Жауабы мынау:

«Мұқтаждық өмір жолы бұл» деп,

Мұңайтып ақыл жылатқан.

«Жас өмір қызық оны біл» деп,

Алдамшы үміт уатқан.

Ақын ойынша өмір қиындығын жеңер жалғыз күш — алғы күннен жақсылық күтер үміт. Үміт алға жетелейді. Бірақ үмітке «серік» қажет, ол — «серік» — «өмір өлімге тұсалғанға» шейінгі аралықтағы қажет қасиеттер.

Еңбекке шыда, ебін тап та,

«Сабырдың түбі — сары алтын».

Өзімшіл болма, көпті ардақта,

Адамның бәрі өз халқың.

Ынсап пен мейрім, әділетті,

Жаныңдай көріп, жан сақта.

Ол жолда өлсек, неміз кетті

Мақсатқа жетпей қалсақ та.

Ұлы Абай өмір туралы:

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек, —

деп, толғанса, Шәкәрімнің де өмір туралы тұжырымы осылай өріледі. Бірақ Шәкәрім танымының бір сыры – ол өмірдің алдамшы екенін біле тұра, оны өкінбестей өткізудің нақты мысалдарын алға тартуында.

Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы,

Ортасы өмір, жоқтық ғой — екі басы.

Сағымдай екі жоқтың арасында,

Тіршілік деп аталар біраз жасы.

Иә, өмірге келдің, кеттің, белгі бар ма?! Белгі қалуы мүмкін бе? Сағым дүние сағым күйінде қала бермек пе… Өкініш! Ал осы сағым дүниені сағынышты өмірге айналдыруға бола ма? Болады. Ол үшін Шәкәрім жеті нәрсені бұлжытпай орындауды ұсынады.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,

Ол айла — қиянатсыз ой тазасы.

Мейрім, ынсап, әділет, адал еңбек,

Таза жүрек, тату дос — сол жарасы.

Шәкәрім – нағыз лирик ақын. Оның лирикасы сыршыл сезімге толы. Өлеңдері көркемдік бояуы қанық, жүректің қылын шертетін нәзіктікке бай болып келеді. Абай өлеңдерінен табылатын суреткерлікке тән белгілер Шәкәрімнің лирикасынан да бой көрсетіп отырады. Өйткені Шәкәрім – Абай дәстүрін, оның сөз өнеріндегі үлгі-өрнегін жаңашылдықпен байытып, дәстүр мен жаңашылдық бірлігінен жаңа жол, соны соқпақ тапқан ақын.

«Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың» деген Абай қағидасын Шәкәрім – бүкіл өмір бойы берік ұстап өткен адам. Ақын:

Адамның маған бәрі бір,

Не мұсылман, не кәпір.

Тамам адам бір бауыр,

Бөлінбесе өлген соң.

Мен ұлтшыл емеспін,

Жақыным мынау демеспін,

Ашылсын анық көмескім,

Айтайын кезі келген соң, —

дейді.

Шәкәрім поэзияны сөз өнерінің ең озық үлгісі деп біледі. Ұлы Абай «өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» десе, Шәкәрім өлеңді «қоспасыз, таза күміске» теңейді. Сондықтан да ол өлең өнерінің асыл қасиетін ардақтап өткен. Оған өз шығармашылығы арқылы мысқалдай болса да нұқсан келтірмеуге тырысып баққан. Шәкәрім – поэзия өлкесінде өз биігінен еш төмендемеген, қазақ өлеңін биікке көтерген ХХ ғасырдың ең айтулы ақыны. Ол ақындықтағы Абай дәстүрін өрістете отырып, қазақ поэзия әлеміне өзіндік өшпес өрнегін салып кетті. Өзінің поэзияға, өлеңге қойған мына талабының өресінен шыға білді.

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты-гүл, жарасымды ішінде — сыр,

Жаныңның ләззат алар жарығындай,

Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.

 

Өлеңнен сезім терген, сыр терген, сол арқылы санаға ақыл құйып, нәр берген Шәкәрім асыл сөзі арқылы кейінгіге өсиет қалдырып, өнеге беріп кетті.

Адам үшін еңбегім,

Өмірден бар тергенім.

Қалағанын қарап ал,

Мұрам сол, жастар бергенім!-

деп өзі айтқандай, соңына мол мұра қалдырып, таңдауды да, толғауды да кейінгі ұрпаққа аманат етті.

ХХ ғасыр басындағы Абай дәстүрін биікке көтеріп, жаңашылдықпен дамытқан, сөйтіп қазақ поэзиясында өзіндік дәстүрін қалыптастырған ұлы ақынның бірі – Мағжан Жұмабаев. Мағжанның бүкіл өмірінің мәніне айналған Абай поэзиясы — рух биіктігінің белгісі. Абай мен Мағжан – ой-сана, ел алдындағы ұлы міндетті ұғу, рух бірлігі жағынан өте жақын ақындар. Өйткені Мағжан «ақынның ақының» ретінде Хакім Абайдың сыр мен сезімге толы көңіл күй лирикасын, адамның ішкі болмысына терең бойлаған сыршылдығын, жан тербетер сезімнің терең ирімдерін жүрекке дөп жеткізер сезімшілдігін, жансызға жан бітірер суреткерлігін шебер игеріп, оны «европалық әшекеймен» үлбіретіп, өзіндік үлгі тауып, өзгеше өріспен ұштастырды. Қазақтың дәстүрлі поэзиясынан қанып ішіп, Абайдай ұлы рухани ұстаз тапқан Мағжан өз шығармашылығының алғашқы кезеңінде еліктеуімен бірге, өз үрдісін табуға тырысты. Үйрену мен ізденуді ұштастырған дарынды ақын өзіне деген сенімді шегелей түсті.

Қазақ өлең өнерінің жарық жұлдызы «Алтын хакім Абайға» арнаған өлеңінде жасырын тұрған лирикалық қаһарманнан біз осындай сенімді байқаймыз.

Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме!

«Қор болды қайран сезім босқа» деме,

Артында қазақтың жас балалары мен

Сөзіңді көсем қылып жүрер жеңге!

Мағжанның «Артыңда қазақтың жас бала-лары» сөздерінен Абай ізін басқан ұрпақтың атынан сөйлеген ақынның сертті үнін аңға-рамыз. Абай арқылы ақындықты пайғамбарлық, хакімділік деп түсінген ақынның олар тудырған туындыларды “қасиетті сөз” деп білгенін, оның ермек үшін жазылмайтынын, жан мен ар тазалығынан жаралатынын, сондықтан да теңдессіз биік өнер екендігін әу бастан танығанын төменгі өлең жолдарынан байқаймыз.

Жанымның жаны,

Тәнімнің қаны,

Тіршілігім сенімен,

Ойландым — тоймадым,

Іздедім — қоймадым,

Кеңес біраз менімен,

Естісе сені — жан ұйыр,

Бағаңды білмес көп сиыр!

Ақынның «Өлең» атты шағын өлеңінен алынған бұл үзіндіден Абай үлгі шашқан өлең өнеріне деген құштарлық пен оның құдіретіне деген шексіз сүйіспеншілік сезіліп тұрған жоқ па?!

Міржақып өлең өнерінің Абай таныған құдіретін мойындау арқылы оны ұлттың санасын азаттық  күреске оятудың күшті құралы деп біліп, өз поэзиясына азатшылдықты арқау етуі негізінде Абаймен іштей үндесіп, өлең өлкесіне өзіндік рух септі.

Сұлтанмахмұт әлеуметтік өмірдегі теңсіздік көрінісін шыншылдықпен суреттей біліп, қоғам-дық қайшылықтың негізін «көкірек көзімен» көріп, нақты танып-біліп, ащы шындықты ақындар пайғамбары санаған Абайша айта алып, шыншылдыққа суарылған азатшыл ойдың өрісін кеңейтті.

Қарап отырсақ, ХХ ғасыр басындағы ақындар Абай мұрасынан үлгі-өнеге ала отырып, ұлы тұлғаның сан қырлы, мол сырлы поэзиясынан жандарына жақын, рухына үйлес, өз ой-пікірімен үндес келер тұсын үйіріп әкетіп, жаң-ғырта да жаңаша дамытқанын байқаймыз.

Иә, бірінің-бірі жалғасы іспетті Ұстаз бен шәкірттер шығармашылық байланысы — үлкен ізденістерге апарар сара жол. Соның шынайы көрінісін Ахмет Байтұрсынұлы поэзиясынан табамыз. Ахмет шығармашылығы — қазақ өлеңінің реформаторы ұлы Абай мұрасының тікелей жалғасы. Оның қай өлеңін алып қарасақ та, не тақырып шешімінде, не сөз саптау мәнерінде, не өлең құрылысында Абай ақын өнегесі сезілмейтін тұс кемде-кем. Ең бастысы — олардағы идеялық үндестіктің бірінен екіншісінде жал-ғасын тауып, уақыт талабына орай жаңашылдықпен дамытылып отыратындығы.

Ахмет бас ақынға қоғамның ең көкейкесті мәселелерін қозғаған ой-толғам, отарлық қыспағындағы ұлттың қамын ойлаған тұстан үндесіп, азаматтық ұстанымынан туындаған азаттық сарынды алға тартуымен жаңаша жол тапты.

Елдің бетке ұстар азаматтарын бірлікке шақырып, күреске үндеген Ахмет өлеңдері бостандықты, азаттықты аңсаған әлемнің алдыңғы қатарлы прогресшіл үнімен ұштасып жатады.

Мен бұқтым-жаттым,

Сен бұқтың-жаттың,

Кім істемек қызмет?!

Ауызбен айтып,

Істерге қайтып,

Жоламасақ не міндет?

Осы Ахаңның өзіне тән сарын, өзі салған жол дейтін күресшілдік рухтың өзінде Абай тәлімінің астары жатқандығы айқын. Абайдың атақты «Сегіз аяғындағы мына жолдар соның куәсіндей:

Біріңді қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға,

Қор қылма, қорға татулас.

«Сегіз аяқ» демекші, осы өлең үлгісінде жазылған Ахметтің «Жиған-тергенін» осынау Абайдың даналық туындысының дүниеге қайта келген бір сыңары деп бағалауға болатындай. Өзгені былай қойғанда, екі ақынның сөз бас-тауларына дейін егіздің сыңарындай төгіліп түсуі ғажап келісім емес пе?!

Абай:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған.

Толғаулы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Ахмет:

Оюын ойып,

Орындап қойып,

Түр салғандай өрнекке.

Қиыннан қиып,

Қиырдан жиып,

Құрап, сөзді термекке.

Еңбекке егіз, тіл мен жақ,

Ерінбесең, сөйлеп бақ!

Ахметтің тек ағартушылық, өнер-білім, күреске үндеген өлеңдерінде ғана емес, терең философиялық түйін түйген өлеңдерінде де танымы, түйсінуі Абаймен сабақтас өріліп жатады. Оның «Н. Қ. Ханымға (Нәзипа Құлжановаға арнаған) өлеңінде бұл жай тіпті жақындық танытады.

Бұл өлеңінде Ахмет:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлатындар мен емес бір күнгісін,

Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін, —

деген зор сенім мен үлкен философиялық ой түйеді.

Азаттық үшін күрес жолындағы сансыз қиындықтар, жазықсыз жапа шегу мен қудалау, қиын тағдыры мен арпалысты өмір, бостандықтың мәні мен мақсаты жайлы толғаулар ақынды осындай өмір мен өлім, бүгін мен болашақ туралы терең тұжырымға алып келеді. Ол ғұмырын арнаған игі істің жемісі мен жеңісін ертеңінен күтеді. Алға жетелген ақ арман биігінде мерт болудан қамықпай, тәні өлгенмен, рухы өлместігіне сеніп, бүгіннен келешектің жалғасын көреді. Осы арқылы адамның өмірі мен өлімі жайлы — «менің мен «менікінің» айрылғанын, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес» деп ұлы Абай түйген ойды өрістете түседі.

«Н. Қ. Ханымға» өлеңінен біз елінің ертеңі үшін, жарқын болашағы үшін бойындағы барын сарп етер, ештеңесін аямайтын қаһарман күрескер бейнесін танимыз:

Шаршайды деп ойлама шалдыққаннан,

Ұзақсынып жатпаспын жалыққаннан.

Жұрт қолымнан келмесе өкпелемес,

Барым сақтап, мен аяп алып қалман.

Ұлы Абайдан тәлім алып, өлең құдіреті арқылы халқына ой салып, саналы іс-әрекетке, күреске үндеу – Ахмет поэзиясы әкелген жаңа арна. Сондықтан ол қазақ поэзиясында бастаған жаңа бағыт – ұлттық бірлік пен ұлттық азаттықты жырлау. Құр жырлау, құрғақ ойбай емес, бостандықтың биігіне алып шығар жолды көрсетіп, жөн сілтеу. Ахметке дейінгі ақындар өз халқының қайғы-қасіретін сезініп, жаны езіле жырлағанымен, құтқарудың жөнін айта алмады, ал Ахмет көрер көзге, сезер жүрекке мұны көрсетіп ғана қоймай, нысана етіп қоя білді. Бұның басты себебін С.Қирабаев: «Олардың (Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов) бүкілроссиялық дамудың жаңа бір кезеңі туғанын дұрыс танып, соның ыңғайымен қазақ қоғамын қозғалысқа келтірудің жолын іздеуінен» [5, 78 б.], — деп біледі.

Ахмет поэзиясындағы ағартушылық – оянуға, ояну – қасіреттің сырын білуге, бас кінәліні сезінуге, сезіну – бостандыққа жол ашар бұлқынысқа жетеледі. Міне, Ахметтей поэзияның ұлы тұлғасы салған өлең өлкесіндегі сара жол осы.

Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,

Сөзі алтын, мағынасы меруерттей,

Осыдан ғибрат алып жас жігіттер,

Һәммасы өз халқына қызмет еткей! —

деп Міржақып тегін айтпаған. Сұлтанмахмұттың сонау 1914 жылы «өткірсің наркескеннің алмасындай» деуі осыдан еді.

Қашанда жаңа ой, жаңа жолдың қалыптасып кетуі, көкейден шыға қалуы қиын. Ахаң тағдыры да, өлеңі де жасандылықтан сау. Ол еркін­дік үнін өлең арқылы шырқау биікке көтерді. Абайдан тәлім алып ғана қоймай, өзіндік сара жолын да әкелді. Қазақ поэзиясына Ахмет Байтұрсынұлы әкелген елдік, еркіндік, азаттық сарынын Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Бернияз, Сәкен, Ілиястар азаматтық абыроймен көтеріп тың ізденістермен байытты, жаңа рухани биіктерге көтерді.

Ахмет поэзиясының арналы бағыты, қазақ әдебиетінде алар орны жайлы Міржақып Дулатов: «Ол қарапайым да түсінікті қазақ тілінде азаттық туралы, ұлт туралы, езілген, артта қалған қазақ ұлты туралы жырлады. Ол – қарсылықшыл ақын. Ол поэзиясын қазақтарды езген монархиялық Ресейдің саясатымен күресудің құралына айналдырды. Ішкі сұлулы­ғы мен мазмұны жағынан, жинақылығы мен желілігі жағынан А.Байтұрсынұлы жырлары қазақ әдебиетінде бірінші орын алады» [6.19 б.], — деп өлеңдері өршіл рухымен дараланатын­дығын атап өткен болатын.

Тапшылдыққа қанша табынса да, Ахаңның қазақ жазба әдебиетіне жаңа сарын, жаңа үлгі әкелгенін таныған, Ғ.Тоғжановтың: «…Ахметті қазақ еңбекшілері ұмытпайды. Бір кезде «Сары маса» болып ызыңдап оятқан Ахметті қадірлей біледі. Көбіміз сол Ахметтің бауырында өскенбіз. Сол кездегі Ахметтің әлі де ескірмеген үлгілі сөздері, үлгілі істері көп. Ахметтің тарихи ісіне, тарихи маңызы бар өлеңдерін әлі де біз үлгі қыламыз. Абай, Ахмет сықылды өз тұсына ие болған тарихи адамдарын қазақ еңбекшілері сыйламақ» [7, 29 б.], — дегеніне қосылмау қиын. Ендеше ұлы Абай салған сара жолды одан әрі дамытып, қазақ поэзиясына өзгеше ойлы өлең әкелген Ахмет Байтұрсынов шығармашылығы кейінгі ақын-жазушыларға өзіндік үлгі-өнеге болары сөзсіз. Қазақ ой-санасының қос алыбы қоғамдық дамудың әр кезеңінде өмір сүргеніменен, үнемі ойы үндес, жүрегі тілдес екендігі айдан анық.

ХХ ғасырда Абай дәстүрінен үлгі алып, қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге көтерген бір-туар ақындар дүниеге келіп, олардың әрқай-сысы соны үнімен, тың тынысымен қазақ поэзиясы айдынында емін-еркін жүзді.

Поэзиясы аз да болса саздығымен, қазақ өлеңінің төл табиғатынан туған тазалығымен, бір естігенде-ақ көңілге қона кетіп, ойға ұялай қалатын әрі бейнелі, әрі мағыналы сөз үлгісімен ерекшеленетін Ахмет Байтұрсынов, жеке басының, әлеуметтік топтың, немесе белгілі бір таптың мүддесі емес, ел мұңы, ел шері, ел зары, ел кегін жырлаған Міржақып Дулатов, заманымыздың атақты жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай “жарқыраған әшекейімен, Европалығымен” тамсандырған жыры сұлу, сезімі сыршыл Мағжан, терең танымдық өлеңдерімен, асқақ романтикалық эпикасымен толғандырған Шәкәрім, қазақ ой-санасының аспанына жарық “күн” сәулесінің нұрын шашуды, өлең өнерінің “толған айы” болуды аңсап, ұлтының ұлы мұратын алға асыруға ұмтылып, поэзия көгінде жарық жұлдыздай жарқырап өткен Сұлтанмахмұт қазақ әдебиетінің “алтын кезеңінде” өмір сүріп, туған әдебиетімізге қайталанбас туындылар сыйлады. Олардың бәрі Абайды поэзия әлеміндегі ұлы ұстаз тұтты. Ұлы ақын дәстүрін жаңашылдықпен дамытты. Сол арқылы қазақ поэзиясында мәңгілікке өшпес із қалдырды.

ӘДЕБИЕТ

1. «Қазақ», 1913, № 3

2. «Қазақ», 1913, № 41

3. Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері. — Алматы: Атамұра, 1995.

4. Байтұрсынов А. Шығармалары. — Алматы: Жазушы, 1988. — 267 б.

5.Қирабаев С. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. — Алматы: Білім, 1995. — 288 б.

6.Дулатов М. Байтурсынов Ахмет Байтурсынович. Общество изучение киргизского края. Вып. 3. — Оренбург, 1922.

7.Тоғжанұлы Ғ. Жүсіпбектің сыны, Мағжанның ақындығы туралы. — М., 1926. — 119 бет.

Ө.Әбдиманұлы


АБАЙ ЖӘНЕ АЛАШ

Аннотация. Мақалада қарастырылған мәселелер. Алаш зиялылары танымындағы Абай. Алаш зиялылары — Абайтанудың бастамашылары. А.Байтұрсынов және Абай. Кәкітай Абайдың ақындық лабороториясы туралы. М.Дулатов, Н.Құлжанова, Ә.Бөкейханов Абай туралы. ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясындағы Абай дәстүрі. Абай шәкірттері. Абай және Шәкәрім.

Тірек сөздер. Алаш, абайтану, Байтұрсынов, Кәкітай, Шәкәрім, Мағжан.

О.Абдиманулы

АБАЙ И АЛАШ

Аннотация. Вопросы, рассматриваемые в статье. Абай в понятии интеллигентов Алаша. Интеллигенты Алаша – инициаторы Абаеведения. Абай и А.Байтурсынов. Какитай о поэтической лаборатории Абая. М.Дулатов, Н.Кулжанова, А.Бокейханов о творчестве Абая. Традиции Абая в казахской поэзии в начале ХХ века. Последователи Абая. Абай и Шакарим.

Ключевые слова: Алаш, абаеведение, Байтурсынов, Какитай, Шакарим, Магжан.

 

O.Abdimanuly

ABAI AND ALASH 

Abstract. The issues dealt in this article Abai in the concept of of Alash intellects. Alash intelectsstarting of Abai study. Abai and  A.Baitursynov. Kakitay on  Abai’s  poetic laboratory. M., Dulatov N. Kulzhanov, A. Bokeyhanov about Abai. Abai’s tradition in kazakh poetry in the early twentieth century. of Abai. Followers of Abai and Shakarim.

Keywords: Alash, Abay studies, Baitursynov, Kakitay, Shakarim, Magzhan.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники