Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Н.Ғабдуллин. АБАЙ СӨЗДІ БҰЛАЙ САПТАМАСА КЕРЕК

(Абайдың И.А.Крыловтан аударған мысалдары турасында)

Абайдың өмірі мен творчествосын ұзақ жылдар бойында жан-жақты, терең зерттеген Мұхтар Әуезов ұлы ақынның И.А.Крыловтан аударған шығармаларын талдай келіп, мынадай тұжырым жасайды: «Мен өзімнің бала күнімнен білетін, ескі қолжазбаларды еске алғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары: 1. «Есек пен бұлбұл»; 2. «Бүркіт пен қарға»; 3. «Шегіртке мен құмырсқа»; 4. «Түлкі мен қарға»; 5. «Піл мен қанден» (М.Әуезов. Әр жылдар ойлары. А, 1959, І66-бет).

Абайдың И.А.Крыловтан тәржімалағаны деп, ақын шығармаларының толық жинақтарына енгізіліп жүрген аудармалары — 13 мысал. М.Әуезов жоғарыда өзі көрсеткен бес мысалдан басқалары Абайдың аударғаны емес, Абай шығармаларының жинағына жаңсақ қосылып кеткен деп санайды. Бұл мысалдардың саны сегіз. Олар: «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі» («Боқтықта талтаңдап»), «Бақа мен өгіз», «Есек».

Абай — қазақ поэзиясында аударма өнерінің, мұны таратып айтсақ, дәл аударманың, еркін аударманың, нәзира әдісімен жарысудың классикалық шебер үлгілерін жасаған. Орыстың Пушкиндей, Лермонтовтай, Крыловтай ұлы ақындарынан тәржіма жасағанда, Абай олардың кез-келген өлеңін аудармаған, шертер сыры өз көнілінің күйіне өте жақын үйлесетін және, сонымен қатар, өзінің туған жұртының ұғуына мазмұны сонша түсінікті шығармаларды ғана таңдаған. Қазақтың ұлы ақынының Крыловтан аударған шығармалары осылар ғана деп, М.Әуезов көрсеткен бес мысалдың ащы мысқылы Абайдың төл сатирасымен қандай үндесі Үлкен сөз зергері дәл байқаған: «Абай Крылов мысалдарынан әсіресе орыс халқының Крылов заманындағы әлеуметтік, саясаттық ерекшеліктерінен туған әжуа, сатира жақтарын көп алмайды. Оның орнына «өз оқушысына оңай, ұғымды боларлық,   жалпы адам баласының қай қауымына болса да оңай үйлесетін мысалдарды бұрынырақ аударуға талап еткен».

Крыловтың бүкіл мысалдарын Белинский үш жікке бөледі: 1) Бірыңғай өсиет (мораль) айтуға құрылған «Емен мен шілік» сияқты мысалдарды бір топқа қосады және бұлардың әңгімесі де, көркемдігі де әлсіз деп санап, бұл шығармаларында Крылов әлі шебер  емес, басқаға еліктеуші шәкірт іспеттес дейді; 2) «Өсиетшілдік бағыт ақындықпен шарпысып» отыратын   «Есек пен бұлбұл», «Түлкі мен қарға» сияқты мысалдарды екінші топқа жатқызады; 3) «Айна мен маймыл», «Шортан», «Түлкі мен суыр» сипаттас мысалдарды әрі  сатиралық, әрі поэзиялық жағынан ең көркем үлгіләр деп, бәрінен де жоғары қойып, үшінші жікке топтайды.

Абай Крылов мысалдарының осы ерекшеліктерін – «әдебиеттік ерекше қасиеттерін жақсы аңғарған, Белинскийше аңғарған»,- дейді Мұхтар Әуезов. Абайдың аудармалары көбінесе Крыловтың Белинский атаған екінші топтағы мысалдары екенін айырықша атап айтады.

Абай Крыловтың өсиетке құрылған бірінші топтағы мысалдарына онша қызықпаған секілді. Өз елінің ескі билері мен білімсіз ақындарының ақылгөйсіп, мақалдал сөйлегенін мін санаған Абай   орыс ақынының өсиет айтатын мысалдарына да сол тұрғыдан қарап, олқысынған тәрізді. Абайдың бұл топтан аударғаны, М.Әуезовтің көрсетуінше, жалғыз ғана мысал («Стрекоза и Муравей»). Және мұнда Крыловтың инелігін өзгертіп, қазақ тұрмысына жақындатып, қазақ оқушысының ұғымына қонымдырақ қып, шегіртке етіп алады.

Абай Крыловтың Белинский үшінші топқа жатқызған мысалдарынан  аударма жасамаған дейді М.Әуезов. Сатирасы да аса уытты, поэзиялық бітімі де ерекше көркем пішілген бұл мысалдарында Крылов өз заманындағы орыс қоғамының әлеуметтік һәм саясаттық ерекшеліктерінен туған кеселдерді аяусыз сынап, өлтіре әжуалайды. Орыс қоғамының ұлы сатирик ащы мысқыл еткен бұл көріністері Абай заманындағы қазақ жұртына түсініксіздеу еді. Ал түсініксіз нәрсенің тағылымы аз болады. Абай мұны терең сезінген, Крыловтың үшінші топтағы мысалдарын сондықтан аудармаған.

Мұхтар Әуезов Абайдың аудармалары емес деп санаған сегіз мысалдың екеуі («Емен мен шілік», «Бақа мен өгіз») бірінші топтан, үшеуі («Қарға мен түлкі», «Жарлы бай», «Есек») — екінші топтан, үшеуі («Қазаға ұрынған қара шекпен», «Әншілер», «Ала қойлар») — үшінші топтан алынған. Бұл мысалдардың («Қарға мен түлкіден» басқасының) әңгімесі мен нысанасы Абайдың қалаған талабына — жоғарыда өзіміз айтып өткен өлшемге онша сәйкес келе қоймайды.

Абайдың Крыловтан аударғаны осылар ғана деп  М.Әуезов атаған бес мысалдың жөні бөлек. «Есек пен бұлбұлда» қадірлінің қасиетін танымаған надан келеке етіледі, «Қарға мен бүркітте» әлін білмеген әлек әжуаланады, «Шегіртке мен құмырсқада» еңбекке қырсыз ебелектер, «Түлкі мен қарғада»  беті жылтыр, сөзі жылмаң, арам қулар шенеледі, «Піл мен қанденде» өзінен зорға сыртынан жұдырық түйгеніне дүрдиетін ақылсыздар сыналады. Осы ұнамсыз кейіпкерлердің бәрі де — Абай заманындағы қазақтарға бейтаныс емес еді, өз орталарынан, өз қоғамының өмірінен күнде көріп жүрген адамдары болатын. Мына мысалдарда әңгімеленген оқиға-әрекеттер суреттері сол сүйкімсіз типтердің жағымсыз бейнелерін қазақ оқырмандарының көз алдына елестеткен. М.Әуезов Абайдың Крыловтан аударғаны осы бес мысал ғана, қалғандары оның аудармалары емес деп көрсеткенде, ең алдымен, негізге алған дәлелі — осы жағдайлар.

Үлкен сөз зергерінің өзге сегіз мысалды Абайдың аудармалары санатына қоспай, бұлар — басқа адамдардың жасаған аудармалары деуінің екінші дәлелі және ең күшті айғағы — сол сегіз мысалдың көркемдік дәрежелерінің тым төмендігі, тілінің реңсіздігі, сөз саптасы Абайдың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» сұлу өрнегіне мүлде қабыспай тұрғандығы.

Алдымен ұйқастарының түріне көз салыңызшы:

Біліп кеп тұрған ләпкесін,

Бұзып, талқан етіпті.

Түк қалдырмай әммесін,

Үптепті де кетіпті

                                          («Қазаға ұрынған қара шекпен»),

Аузын жимай бір адам

Кіріп келді тесіктан.

Жәдігөй ме? Шайтан ба?-

Әйтеуір әлгі сөзді есіткен.

Келе сала сөйлейді-

Байлықты керек қылдың сен.

Қылайын деген ісіңді

Мен есіттім байлықпен…

Өз-өзінен бір бақа

Күшенді де, бөртінді.

Қарны үлкейді қампайып

Өгіздей болам деп ісінді

                                                 («Бақа мен өгіз»).

Осы шумақтарда Абайша өрілген, «тас бұлақтың суындай сылдырап жатқан келісім» бар ма? Өлең жолдарының сүреңсіздігін, ұйқастарының қиюы хетіп, олақ әйелдің олпы-солпы пішілген көйлегінің қиқы-жиқы тігісіндей ұсқыны қашып тұрғанын дәлелдеудің де қажеті болмас.

Ал енді мына сөйлемдердің сиқына қараңызшы:

«Торғайға да майысып солқылдайсың» («Емен мен шілікте» еменнің тәкаббарсып шілікке айтатын сөзі). Бұл арада шіліктің басына торғай кеп қонғанда, осындай кішкентай құсты да көтере алмай, сабағынан иіліп майысып кететін әлсіздігі сөз етілуі керек. Сол мағынасы жоғалып кеткен. «Торғайдан да өзіңді төмен қойып, оған да кішірейіп иіліп тұрасың» деген өзге мағына туып тұр. Мысалдың уытты кекесіні мүлде солғын тартып қалған.

«Ояна келсе дап-дайын, қайыршы болу, қап салу» («Қазаға ұрынған қара шекпен». Осы сөйлемдегі «қап салуға» жол болсын! «Қап арқалау» десе бір сәрі. Бірақ қайыршы ғана қап арқалай ма?

«Иттеніп жүріп өлмей ме?» («Жарлы бай»). «Иттеніп жүріп» деген не сөз?  Қазақ «итшілеп жүріп» дейді ғой.

«Тырп етпес менің күшім жауын, желге» («Емен мен шілік»). «Күшім тырп етпейді» деп қай қазақ айтады?

«Ыңқыл қағып, тыпырлап», «Іш жарылды сытырлап» («Бақа мен өгіз»). Бүл сөйлемдерді оқығанда, күлерсіз бе, кейірсіз бе? «Ыңқыл қағып» үзілгелі жатқан сорлының тыпырлауға шамасы бар ма? Іш «сытырлап» жарыла ма? Сытырлап ағаш сынады, іш тысырлап жарылады.

«Құр айғай салған сәндері» («Әншілер»)». Біріншіден, қазақ тілінде «сән» деген сөзге көптік жалғауы жалғанып, «сәндер» деп айтылмайды. Екіншіден, «сәні айғай салады» деген жөні түзу сөз бе?

«Қошамет қылып бәрлері», «Шомын да жөндеп ерттейді» («Есек»). «Бәрлері» несі? Біздің қазақ «бәрі» немесе «барлығы» деп айтпай ма? «Шомды ерттегені» қалай? Ол ат емес қой ерттейтін.

Міне, осылар тақылетті орашолақ, тіпті қазақша құрылмаған жарымжан сөйлемдерді Абайға қалай телірсіз?

Енді мына бір жолдарға назар аударыңызшы:

Өзі кедей күңіренді,

Өзі көрген байлардың

Мінезінен жиренді.

Өзіне-өзі сөйлейді

                                     («Жарлы бай»)

Алтын үсте жүргенде

Сол қадырмен көп жүрген.

Өз ойында көк есек

Өзгеше тудым деп жүрген

                                                   («Есек»)

Осы шумақтардың көркемдік бояудан жұрдайлығын айтпағанның өзінде, бірінші төрт жолда «өзі» деген сөз төрт мәрте, екінші төрт жолда «жүрген» деген сөз үш мәрте қайталанып, автор тілінің тым жүдеулігін көрсетіп тұрған жоқ па?

«Қарға мен түлкінің» екінші аудармасында («Боқтықта талтаңдап»)  аңқау қарға түлкінің аярлықпен мақтанғанына масаттанып, аузындағы ірімшіктен айырылып қалатын көрініс былай берілген:

Барынша көсіліп,

Ырғалып қарқ етті.

Ірімшік жерге салп етті.

Тап етті, шап етті,

Ап кетті, қу түлкі.

Бұл шумақтағы: «Қарқ етті, ірімшік жерге салп етті» деген ширақ жолдар «Қарға мен түлкінің» Абай аударған нұсқасынан («Жұрт біледі, күледі») алынған. Егер осы жолдарды қоспасақ, қалған сөздерінің тіпті жібі түзу емес. «Барынша көсіліп» дейді. Жемін тістеп, бұтақта отырған құс көсіле ме екен? Қарғаның аузынан салп етіп жерге түскен ірімшікке түлкі «тап етті», «шап етті» дейді. Казақ осылай дей ме? «Тап берді», «шап берді» демей ме?

Міне, М.Әуезовтің Абайдың аудармалары емес деген сегіз мысалда, жоғарыда көрсетілгендей әрсіз, нәрсіз, сүреңсіз жолдар, қиюы қашқан олақ сөйлемдер, ұнасымы жоқ, тіпті, қазақша емес сөздер, тізе берсеңіз, аяқ алып жүргісіз. Тіл – «өткірдің жүзі, кестенің бізі» деп, сөз қадырын биікке көтерген, «өлең деген — әр сөздің ұнасымы» деп бағалаған ұлы Абай, «қазақта қара сөзге дес бермеген» шешен ақын сөзді дәл бұлай саптамаса керек.

Сонда бұл сегіз мысалды кім аударған? Осы аудармаларды Абайдікі деп санаушы әдебиетшілердің үш дәлелі бар: 1) Ақынның С.Петербургта 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жинағында бұл аудармалар  Абайдың  шығармалары ретінде берілген; 2) Мүрсейіттің жазбаларында Абайдың аударғандары деп көрсетілген; 3) 1933 жылы ұлы ақынның М.Әуезов жинап, бастырып шығарған толық жинағына да сол жүйемен енгізілген (М.Әуезов бұл шығармаларды Абайдікі емес деп санаған болса, өзі құрастырған жинаққа оларды неге қосқан? деген сұрақтың тууы заңды да).

Осы үш дәлелге байланысты бізге мынадай ойлар келеді:

1. Абайдың 1909 жылы шыққан алғашқы жинағын Кәкітай мен Тұрағұл   баспаға әзірлегенде, ақынның шығармаларын өздерінше жіктеп, қарасөздерін, көңілдің қамырығын толғайтын бірқатар лирикалық жырларын және жеке адамдарға арналған кейбір ащы сатиралық өлеңдерін бұл кітаптан алып қалған. Ұлы әкелерінің атына сөз келтіріп алмайық  деп, сақтық ойлағаны болар. Осылай еткен Кәкітай мен Тұрағұл  Абайдың төңірегіндегі оған туыс ақындардың Крыловтан аударған кейбір мысалдарды, өз әкеміздің атынан шыға берсін деп жинаққа  қосып жіберуі де әбден ықтимал.

2. Мүрсейттің жазбаларына байланысты Мұхтар Әуезовтің былай деп айтқан пікірі бар: «Абайдың қолжазбасын көшірген Мүрсейт сияқты және басқа да толып жатқан адамдар, революцияға шейін және одан бері де, кейінгі бастырушыларға қателік жасардай бір қатерлі әдет қолданатын. Олар Абай өлеңдері мен поэмаларын көшіріп, кітап етуді мақсат етіп отырып, сол Абай өлеңдеріне қоса, Абайдың шәкірт ақындарының және Алтынсарин сияқты ақындардың, тіпті басқа замандас ақындардың да кейбір өлеңдерін, авторларын атамастан, қоса көшіріп жіберетін-ді».

Ендеше, Крыловтан Абай аудармаған, өзге адамдар тәржімалаған, жоғарыда аталған ceгіз мысал Абай шығармаларының санатына осылай қосылып кеткен деуімізге қисын бар.

Бұл ceгіз мысалды бір адам ғана аудармаған. Әр қолдан шыққандығы стилінен ап-айқын көрініп тұр. «Емен мен шілікті», бәлкім, Ақылбай аударған болар. Баяндау, бейнелеу әдістері, сөз саптасы соның өлеңдерінің мәнеріне келеді. «Емен мен шіліктегі», әсіресе, Кавказдан көтерілгеи қара бұлттың кескіні мен құтырған дауылдың суреттері Ақылбайдың «Дағыстан» поэмасында сипатталатын Кавказ табиғатының құбылыстарына өте ұқсас. Және бір жағдайға назар аударамыз: Крылов өз мысалының түп нұсқасында «Кавказ» деген сөзді теңеу ретінде қолданып, еменнің құдды сол Қап тауы сияқтанып, өзін заңғар тұтып, такаббарсыған мінезін суреттейді. Аудар­­мада  осы көрініс өзгертіліп, Кавказға бір қара бұлт үйірілді, сол жақтан сұрапыл дауыл келді деп басқаша түрде берілген. Ақылбай Крыловтың мысалында айтылатын Кавказды өз поэзиясында суреттеген Кавказға үйлестіріп бейнелегісі келген секілді. Салыстырып көріңіз:

Кавказға бір қап-қара бұлт мінді,

Естіп тұрған кісідей тау күңіренді.

Жер дүниені шаң, тұман қабат басып,

Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді

                                                          («Емен мен шілік»).

Кавказдан қара бұлт шықты аспанға,

Түсі суық қорқыныш байқасқанға.

Еңсергенде екпіні тау жыққандай,

Шығар емес ешбір жан шайқасқанға.

Бір түрлі жауын жауды сатырлаған,

Жүктей тас домаланып батырлаған… («Дағыстан»).

Қазақ сөзінің қасиетін терең таныған ұлы ғұлама Мұхтар Әуезовтің осы пікіріне Абай аудармасын зерттеушілер неге ден қоймай келеді? Абайдың көркемдік мәнеріне үйлеспейтін нашар өлеңдер, әсем өрнектің құлпырған жібек жолдарының арасына қосылып кеткен буылтық-буылтық кендір жіп сияқтанып, бадырайып көрініп, ұлы ақынның сұлу өрнегіне нұқсан келтіріп тұр ғой. Осыны неге ойламасқа?

Абай поэзиясын зерттеуші белгілі ғалым Зәки Ахметов «Білімдіден шыққан сөз» деген мақаласында («Егеменді Қазақстан», 22 қаңтар, 1994)  біздің осы пікірімізге дау айтады. Бірінші дәлел: М.Әуезов Крыловтан аударылған өлеңдерге 1953 жылы С.Нұрышевтің жалақор сөзіне байланысты, «қатты шүйілсе де, 1957 жылы жарық көрген, өзі басқарып, тікелей қатысқан жинақты дайындау үстінде, Крыловтан аударылған деп саналып жүрген бір де бір мысалға шек келтірген емес, алып тастайық деген жоқ»,- дейді. Екінші дәлел: Абай Крылов мысалдарын еркін тәржімалаған, олардың түпнұсқадағы сыртқы жыр өзгешелігін сақтамай, «қазақ тілінде төл туынды болып шығатын сарындас аударма беруді мақсат еткен… Сондықтан түпнұсқадан алшақ түскен жері олардың кемшілігі емес»,- дейді.

Бұл екі дәлелдің біріншісіне біздің қарсы қояр дәлеліміз: М.Әуезов жоғарыда өзі көрсеткен бес мысалдан басқалары Абайдың аударғаны емес деген пікірін, ақын шығармаларының З.Ахметов атап отырған 1957 жылы жарық көрген жинағынан соң екі жыл кейін — 1959 жылы шыққан «Әр жылдар ойлары» кітабында еш өзгертпеген, алып тастамаған. Демек, бұл — соңғы байлауы.

Ал, З.Ахметовтың екінші дәлеліне байланысты айтарымыз: Абайдың аударғаны емес деп көрсетілген мысалдардың міні — олардың еркін аударылғандықтан, түпнұсқадағы түр ерекшеліктері сақталмағандығында емес. Негізгі үлкен кемістігі — тілінің сүреңсіздігінде, сөздерінің қалауы  келіспей қиюы қашып жатқандығында. Біздің басты  дәлеліміз: шебер ақын Абай сөзді бұлай саптамаса  керек. Және бұған қосып айтарымыз: Абай Крыловты өзінің тәржімашылық тәжірибесі молайған кезінде қолға алған. Абайұлы Тұрағұл жазады: «Крыловтан переводтарын 94 жылы Недоров деген уезной елге келгенде, менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, менің әкеме айтты: «Сіз Крыловты перевод етіңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы, жеңіл ғой»,- деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді» (Т.Құнанбаев. Әкем Абай туралы («Ана тілі», 1993).

Осының бәрін өлшем етіп қарасақ, Крыловтың жоғарыда аталған сегіз мысалының нашар аудармасы Абайдың тәржімасы емес деген пікірдің өте қисыны бар.

Сайтқа жайғастыруға дайындаған Қарлығаш Әбдікова.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники