Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

А. Машанов. ҰЛЫ ҰСТАЗ АБАЙ

Қәзір Абай қазақ халқының ұлы ұстазы десек артық айтпағанымыз. Біздер ес біліп, әріп тани бастаған кезімізде 1915 жылдары қазақтың екі адамының атын білдік. Оның бірі Ыбырай Балғожаұлы Алтынсарин, екіншіci — Абай Құнанбайұлы. Біріншісінің хрестоматиясы қолымызда болды, екіншісінің өлеңін жатқа айтатынбыз.

Сол кезде бізге Абай өлеңін үйреткен,  жаттатқан ешкім жоқ.   Оны   біз   өз   бетімізбен   жаттап   алған сияқтымыз. Басқаша айтқанда Абай өлеңдері өзінен өзі бойға сіңіп, ойда қалып қойса керек. Осының себебі не деген ой келеді.

Қазіргі кезде ойлап қарасақ ол халқымыздың қамын ойлаған қамқоршы екен. Сонымен қатар ол барлық адам баласына әділетті жол көрсеткен, өмірден шындық іздеген дана екен. Осынау ұлы мақсаттың ұйқас ырғақпен, шебер үндестікпен, келтіргенде өзінен өзі ойда қалмай, көңілге қонбай қайтушы еді!

Халқымыздың басынан кешкен жақсы-жаман тағдыры Абай жырынан орын алған деуге болады. Халқымыздың тілі де, өнері де, тарихы да, діні де, ғылымы да, тіршілік қарекеті де, ойы да, бойы да Абай жырынан елестейді. Абай жыры халық дастаны.

Абай жыры адамның ар ұятын оятатын нұр сәулесінің шапағаты. Қазақ «Талапты ерге нұр жауар» десе, сол жауатын нұрдың көзін біз Абай даналығынан табамыз.

Осыдан көп жылдар бұрын бір сауатты апайдың айтқаны ойымда. Соғыстың аяғы қазақстандықтар Абайдың жүз жылдығын өткізуге дайындалып жатқан кез (1944 жылдары). Бір кездескенде ол кісі маған: «Мынау Абай кісі өлтіреді» дегені. Мен жұлып алғандай: «Ол қалай? – дедім. Сонда ол кісі маған былай түсіндірді:

— Мен Абайды көп оқимын, әр сөзіне ой жіберемін. Сол кезде байқап қарасаң көп сөздері өзіне тікелеп, мірдің оғындай қадалады. Осыңдай жерлерін ойлағанда ұйқым бұзылатын болды», — дегені. Әмина апай, әдебиетші ақын емес, жай сауатты, табиғат тану саласында маман ғана. Абайдың: «Ұятың, арың оянсын, Бұл сөзімді ойлансын…» дегені сол ғой, адамдық арды ойлаған жанды Абай сөзі тебірентпей қоймайды.

Абайдың туғанына жүз жыл толған мерекесін өткізу кезінде халқымыздың басыңда ауыр ауыртпалық бар еді, ол соғыс кезі болатын. Солай бола тұрса да Абай тойына ерекше көңіл бөлінді. Халық Абайдай данасынан қысылған жерде ақыл сұрайтын сияқты, оның даналық шуағынан жылу алуға қажет сияқты.

Сол кезде Қазақстанда Бүкілодақтық Ғылым aкадемиясының бөлімі (филиалы) болатын. Соғыс аяқталысымен сол филиал өз алдына отау тікпекші.

Абайдың жүз жылдығын өткізу үшін арнайы комиссия құрылды. Абай дастаны ертеден әдебиет, өнер саласынан орын алып келгені мәлім. Сонымен қатар, академия Абайдың басқа саладағы еңбектерін еске алды. Абай шығармасы әдебиет шеңберіне сыймады. Оның ойшыл философ екені мәлім. Және де табиғат дүниесіне көзқарастары да көрсетілуі керек деген пікір болды. Осы кейінгі мәселе жөнінде маған баяңдама жасау, мақала жазу тапсырылды.

Мен сол міндетті орындап, «Абай азат ойшыл» деген мақала жаздым (қолжазба 186 бет). «Данышпан Абай» атымен жүз жылдық мерекеде сөйлеп, баяндама жасадым. Сондағы менің ерекше тоқталғаным Абайдың «Әрбір ғалым хаким емес, әрбір хакім ғалым» деген қағидасы болатын.

Абайдың жүз жылдығына арналған еңбектер жинақталмай қалды. Оның бірінші себебі соғыстың қиындық жағдайы, қағаздың жоқтығы болса, екінші себеп сол кездегі Абайға деген көзқарастың қайшылықтары еді.

Соғыстың қысылшаң кездеріндегі сөздер, ондағы кейбір көзқарастар соғыс аяқталған соң басқаша өлшеуге түсті. Жеңістің желігіне мастанған көп адамдар Абай даналығына құлақ аса қоймады. Әсіресе «Абай азат ойшыл»,  «Абай данышпан» деген сөздер көп адамдарға, әсіресе өзінен басқаны адам деп қарауға жағдайы жоқ жандардың жүрегіне ауыр тисе керек.

Осы жағдайды түсінген соң мен айтылған қолжазбаның көшірмесін Абай музейіне жібердім. Түп нұсқасы өзімде жататын еді. Соны қазір қайта қолға алып отырмын…

Менің   ұғымымда   Абай   ұлы  данышпан,   қазақтың ақылшысы, ұстазы, досы, халқымыздың тірегі, сенімі, ар-ынсабының әділ таразысы. Абайдың:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

                Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла…

дегендегі жұмбағы, біздіңше осы арнада жатқан сияқты. Абайдың бұл жұмбағын тура түсіне білу, батыл, санасы көреген, батыл көзді, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған дарынды түсіну, ол бір ғана адамның бір саладағы істейтін адамдардың қолынан келмейтін нәрсе.

Абай тану ісіне, оның өзі айтқандай, қырын, қиғаш келмей, тура келу, сыңаржақтамай, айла-калтқысыз, әділ жүрекпен, таза ниетпен кірісу керек.

Шыншыл ғадалатты Абайдың есімін атақ үшін, мансап үшін пайдалану адамдық ардың алдында зор қылмыс болмақ.

«Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» деген Абай қағидасын осы тұрғыда түсінсек деймін.

«Отыз сегізінші сөзде» Абай: «Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ дүние тануда басқаланады», дейді. Ол басқалану Абайдың түсінігінде бұрыннан айтылып келе жатқан қағидалы өсиет (нақыл) сөзге жүйріктер ғалым аталады. Олар нақылияға ерушілер болмақ.

Хакімдер бұрыннан келе жатқан нақлия қағидаларды, өсиеттерді  жақсы біледі.  Сонымен қатар сол білумен қоймайды. Дүниедегі заттардың себепсіз жаралмайтынын біледі. Сол себебін іздейді. Бұл табиғат дүниесінен шындық іздеушілер. Бұлар әр нәрсенің себебін білу арқылы шындық пен жалғандықтың арасын айыра білушілер. Сол арқылы олар адам баласын тура жолға салушылар. Сол жолда олар қанша қиыңдық болса да соған шыдаушылар; олар алдымен көптің қамын ойлаушылар.

Осы  тұрғыдан  алып   қарағанда  Абайдың  айтқаны: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» дегені. Өйткені анық пен танықтың арасын айыра білмеген адам, білмеген халық адаспай бара алмақ емес. Адасқан адам апатқа ұшырауы оңай.

Абайды әрі қарай оқып көрейік:

«Бұл заманның молдалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық пиғыл…».  Ғылым Алланың бір сипаты… Бастың аты — хақ, хақтың бір аты – Алла».

Демек,   Абайдың   ең   басты   жұмбағының   шешуі іздеушілік, зерттеушілік, ол хакимдік, данышпандық — философтық (фәлсафалық) жол. Ол даму жолы, ол ғылым жолы… Демек, мұнан келіп шығады: «Өмірдің өзі ақиқат, өмір жоқ жерде камалат жоқ». «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз… Ақыл сенбей сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз… Надандарға бой бермей, шын сөзбенен өлсеңіз».

Абайдың өзімен сөзі екі ұдайы емес, екеуі бір жерден шығады. Абайдың даналығы осында. Абайды жақсы білетін бір қарттың айтқаны бар: «Абай сынына толмаған сөзді аузына алмайды». Басқаша айтқанда Абайдың аузына алған әрбір сөзінің арғы жағында терең тамырлы, күрделі мағына жатады… «Ақыл, Қайрат, Жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек»… Басқаша айтқанда ойлау-зерттеу әрекеті, оны іске асыру, өмірге пайдалану әрекеті, адамдық сезім, әділеттік іс-әрекеті. Немесе іздену, өмір, адамдық. Осылар бас қосқан жерден ғылыми шындық шығады,

Ғылым үйрену, өнер үйрену өзі де жақсылық жолы — ихсан. Бірақ ол өнерді адамдық, әділетті жолға жұмсау шарт. Халықтың қамына жұмсау шарт.

«Қазаққа күзетші болайын деп, бізде ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек».

Сонымен ғылым — өнер үйренудегі мақсат Абайдың қағидасында алдымен надандықтан арылу, шындыққа көз ашу үшін. Онан кейін адамдық әділетті жолда болу үшін. Екіншіден өзіңнің халқыңды жақсылық, адалдық, адамдық, шындық жолға салу үшін. Өз еліңді адасудан, апаттан сақтау үшін, соның күзетінде болу үшін.

Ғылым мен өнердің табысы әділет жолға жұмсалып «адам аулауға, адам алдауға салынатын болса онан келер пайда жоқ, зиян көп».

Халық   қамын   ойлаған   Абай   алдымен   бірлікке шақырады: «Біріңді қазақ бірің дос, — Көрмесең істің бәрі бос».

Осы ұстаздық жолынан Абай жалықпай өтті.

Абайдың алдында тамаша сырлы, ақыл жетпес кең, шебер жасалған ғажайып табиғат дүниесі тұрды. Абай оны сезеді, оған қайран қалады, еліктейді, бейнелеуге, ұғуға ұмтылады, Екінші жағынан адам баласы, оның жаратылысы, дене құрылысы, өмір әрекеті, ғақли істері, жан сезімі, нәзік парасаты, хикметті кеудесі Абайды тағы таңдаңдырады. Дүние ішінде дүние болған толған келісімге Абай қайран қалады, ойланады, толғанады, тебіренеді. Күні-түні ғаламның шындығын іздеп дамыл көрмейді.

Даналық көзді тереңге салған Абай:

          Малда да бар жан мен тән,

Ақыл сезім болмаса,

 Тіршіліктің несі сән,

    Тереңге бет қоймаса?-

дейді.

Шексіз ғаламның сырын білуге адамның қаншама қабілеті, қысқа өмірі жетпейтінін Абай жақсы біледі: «Мақсат алыс, өмір шақ… Кештеп қайтар жол емес, Жол азығым мол емес»… Солай бола тұрса да сен оған қапа болма. Ақылдың жеткен жеріне дейін бар… Арғы жағына қадам баса алмасаң да жүрегің сезеді… соның өзі адамдықтың сипаты — Абай кредосы бұл.

He нәрсеге болса да талап ету міндет, мақсат адал ниет пен талапта:

«Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды».

«Адам жанының құмары — білмекке құмар».

  «Адам баласының ең жаманы талапсыздық».

Адам өмірі жан мен тәннің бас қосқан «майданы» деп түсіндіреді Абай. Жан хайуан малда да бар дейді екінші жағынан. Мұндағы Абайдың хайуан жан деп отырғаны тән тілегіне қызмет ететін тіршілік — нәпсі. Ал адамдық жан болса, ол жанның нәпсіліктен жоғары дәрежедегі сатысы, ол ғақли жан, ол рухани түсінік.

Адам табиғатында осы екі тілек майдандасқан. Адамның ғақли қабілеті осы екі бағыттағы тілекті ғамалаттікке бағыттап басқара білуде.

    Тән сүйгенін бермесе,

            Жан шыдамас жаны ашып.

    Бере берсең, бер десе,

Әдет етер таласып.

Мұндағы «тән сүйгені» кең мағынада алғанда: тамақ, киім, бақ, ойын күлкі, атақ, мансап…

Нәпсінің барлық тілектерін тойдырам десең басқа рухани дүниеге орын қалмайды.

Нәпсі тілегіне беріле берсең, ақырында ол өзіңді билеп алып түбіңе жетеді:

  Үш-төрт жылғы әдетің,

Өзіңе болар жендетің.

Рухани талаптан айырылған адам, нәпсі тілегіне билеткен адам — ол.

Адам бір боқ көтерген боқтың қабы.

Боқтан сасық боларсың өлсең тағы.

Абайдың осы сөзін алдыңғы қатардағы азаматтың бір себеппен нәпсінің алдауына еріп, кейбір маскүнемдікке салынған адамдарды елестетеді.

Абайдың ғылым жолдары жөніндегі өсиеттері көптеген өлеңдерінде бар. Ол кісінің 17 және 31-32-інші сөздері түгелдей осы мәселеге арналған.

«Білім-ғылым үйренбекке талап кылушыларға әуелі білмек керек…» Талаптың өзіндік шарттары бар:

Абай шарттарының қысқаша мазмұны мынадай:

Бірінші шарт: Білім-ғылымды ізденуде күнделікті ұсақ іске жарата қою үшін, немесе біреуден артылу үшін, ерекшеленіп мақтану үшін іздену болмау керек. Ғылымға алдымен берік ынта-ынтықтық, білмегенді біле беруге құмарлық, махаббат керек. Білмегеніңді білген сайын сол құмарлық арта береді, жүрегің қанағаттанып, көңіл орнығып, сенім арта бермек. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды».

Екінші шарт. Ғылымнан ақиқат табу мақсатын қою. Өз айтқанымды ғана болдырам деп, бос сөз таластыру үшін, бақас үшін ғылымға қол созба. Пікір таластыру өзі де ғылымның бір жолы, таластан пікір ашылады, шындық ашылады, көңіл бекиді. Бірақ ол таласта тек өзімдікі ғана дұрыс деп қатып қалу жаман. Ондай өз сөзін ғана іске асыру мақсатын қоюдың түбінен ғылыми шындық тумайды, өзімшілдік, күншілдік туады. Оның ақырынан адамдыққа да, ғылымға да зиян келеді. Осы арада еске ала кететін нәрсе Абайдың «Мутакаллим, мантығын бекер босқа езе дүр» қағидасын осы мағынада түсіну керек. Бұл мәселеге кейін ораламыз.

Үшінші шарт. Әр нәрсенің шындығына өз көзің толық жеткенде ғана, сенімің берік болғанда ғана, соны ғылым тұт. Сенімің берік болмаса ол ғылым емес. Ақиқатына көзің жетсе, онан ешуақытта айырылма.

Төртінші шарт. Ғылымды үздіксіз зорайтып, молайтып, көріктеп отыратын нәрсе керек, — ол ақыл ойдың ісі. Ақыл ой арқылы көркейіп отырмаса ғылым дамымайды, өспейді, өшеді.

Бесінші шарт. Ғылымда салғырттықтан, еріншектіктен сақ болу керек: Білгендеріңді іске асыру керек, ол үшін еңбек ету керек. Сол іске асыруда белгілі болған жақсыларын әрі қарай дамыта беру керек, жарамсыздарын тастау керек.

Алтыншы шарт. Ғылым-білімде ұстамдылық қажет, ақыл ойдың, мінездің беріктігі керек, ол үшін қайрат керек. Ғылымды да, ақылды да сақтайтын сауыт сол ұстамдылық, табандылық мінез.

«Сол мінез бұзылмасын, көрсе қызарлықпен, жеңілдік я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ, қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегеніңде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын. Ол бір ақыл үшін, ар үшін болсын.

Сонымен Абайдың ғылыми жолы: құмарлық — махаббат, шыншылдық әділет, берік сенімділік, ғылымды дамытатын нұрлы, ойлы парасат, жақсыны іске асырып отыратын батыл еңбек, шындықты сақтайтын ұстамды қайратты мінез: Абайша айтқанда: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», «Ғылым сол үшеуінің жолын білмек» дегені осы айтылған шарттардың көркемдік бейнесі болса керек…

Жоғарыда айтылған білім-ғалым шарттарын орындау көрінген адамның қолынан келе бере ме? Тәрбие арқылы адамды тура жолға қоюға бола ма? — деген сияқты мәселелерге Абайдың беретін жауабы бірнеше сатыларға бөлінеді. Алдымен Абай тәрбие ісіне зор мән бергені мәлім.

«Мен, егер закон қуаты колымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», — дейді Абай.

Бұл тұжырымға келгендегі Абайдың табиғи тірегі адамның табиғи қасиетіне сену. «Аз ба, көп пе білсем екен, көрсем екен деген арау (тілек), бұлардың да басы жибли (табиғи тілек). Ақыл, ғылым — бүлар кәсіби (еңбекпен табылатын нәрсе)».

«Кейбіреулер айтады: ақыл жибли болмаса да, талап — жибли. Талап берген адам ақылды тапты. Талапты кімге аз берген, таба алмайды дейді, ода бекер: талап әр балада бар, оған талас қылуға болмайды. Бағана айттық қой: жан қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды деп. Жан қуатыменен адамның тапқан өнерлері де, күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнерінің өзі жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың».

«Талап ұғым махаббаттан шығады. Ғылым — білімге махаббат-тандырмақ әлгі айтылған үшеуінен», яғни жақсы сөзімнен, деннің саулығынан және айналаңдағы үлгі тәрбиеден болады».

«Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды, басында зорлықпен, яки алдауменен үйір қылу керек үйрене келе, өзі ізденгендей болғанша, қашан бір ғылым-білімді махаббатпенен көрсетерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады».

«Өнер мен ғылымда осы да болады деген сөз болмау керек», — дейді Абай.

Абайдың тәрбие ісіне зор мән беруінен көрінген адам ғалым бола алады деген түсінік тумаса керек. Тәрбие ісінің өзі алдымен айналаңдағы тәрбие үлгісіне байланысты деп отыр ғой. Екінші жағынан тәрбие ісі ұстазсыз болуға мүмкін емес. Демек Абайдың тәрбие жөніндегі пікірі ұстаздың ісіне жатады. Ол Абайдың өз басының ісі. Басқаша айтқанда, Абайдай дананың қолында заң қуаты болса, еркі болса, жағдайы жақсы ерікті ел болса, онда қазақ халқын жолға салуға әбден болар еді…

Ғалымды бағалайтын заман болса басқалар сондай ғалым болмағанымен, соған ұқсап баққан болар еді. Ол ұқсауда алдымен әркім өзінің қолынан келген еңбегін істеп, адал жол мен табан ақы, маңдай терімен еңбек етіп, күнін көрген болар еді.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» — дегені мәлім. Адам екеніңді ұмытпа. Еңбегіңді сат, арыңды сатпа, арың таза болсын, сонда ғана сен адамсың, дейді ұстаз өзінің халқына. «Малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой», — деді емес пе?

«Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі — қазақтың әулиесі сол».

«Қазақтың жамандыққа үйір бола беретінінің бір себебі жұмысының жоқтығы. Егер егінге салынса, не саудаға салынса, қолы тиер ме еді?» «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ, — өнерсіз иттің ісі…»

«Қайратыңа сүйеніп, енбегіңді сау; еңбек қылсаң, қapa жер де береді, құры тастамайды».

                 Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар.

                                                    Тамағы тоқтық,

                                                    Жұмысы жоқтық.

                                                    Аздырар адам баласын…

                                                    Егесіп босқа, жау болып досқа

                                                    Қор болып құрып барасың…

                                                    Біріңді қазақ бірің дос,

                                                    Көрмесең істің бәрі бос.

Халқының ел болуын арман еткен данышпан өзінің 39 сөзінде елдіктен кетіп бара жатқан жаман ниетке талдау жасаған.

«Рас бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл заманғылардан білімі, күтімі, сыпайы тілі, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінез бар еді. Сол екі ғана тәуір мінездерін жоғалтпай тұрсақ, бізде ел қатарына кірер едік. Енді сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі  үйренген өнеріміздің бәрі  де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады; жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол. Ол екі мінез қайсы десек: әуелі ол замаңда, ел бастайтын, топ бастайтын кісілер болды… «Қой асығын қолыңа ал, қолыңа жақсы сақа ғой» — «бас-басыңа би болсаң Манар тауға сыймассың, бас алқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды соған бердік. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен… Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, олардың қамын жемей қайтеді».

«Екіншісі: Намысқор келеді екен. Аты аталып, аруақ шақырылған жерде, ағайынға өкпе, араздыққа қарамас екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан, жаттан зар тұтады» — деп «аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «ағайынның азары болса да безері болмайды» деп; алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» десіп, «жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп.

«Кәнеки енді осы екі мінез қайда? Бұлар да, арлылық, намыстылық табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы бейіл емес, алдау. Дұшпандығы кейін емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық».

Әлеуметтік   ойын   қорыта   келіп   Абай   артындағы ұрпаққа аманат артады: «ей, жүрегімнің қуаты перзенттерім    «Адамның   адамшылығы   істі   бастағандығынан білінеді, қалайша біткендігінен емес, дегенді айтады: Мен бастадым, сендер әрі іске асырарсыңдар»; — дегені.

Елдіктен кетудің тағы бір мінезін Абай ескертеді: «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе «жарықтық» деп жалбыpaп қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтындығын» айтады.

Данышпан ұстаздың осы ауыр аманатын мойынға алу, соған еңбек ету, соған тілектес болу, сол жолдағы адамға қол үшін беру бәріміздің адамдық міндетіміз деп білемін.

Екі ұлы ұстаз әл-Фараби мен Абай қазақ жерінде қайта бас қосып отыр.

Машанов А. Әл-Фараби және Абай. –

Алматы: Қазақстан, 1994. – 71-80-беттер.

Сайтқа жайғастыруға дайындаған Анар Молдабаева,

Абай институтының кіші ғылыми қызметкері

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники