З.Қабдолов. АБАЙДЫҢ АҚЫНДЫҒЫ
Абай өзінің бір өлеңінде («Өлсем, орным қара жер…») былай деді:
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Осы екі жолда ақын өмірінің ащы шындығы жатыр.
***
Қазақ оқушысы көзі қара таныған күннен бастап, Абайды жаттап өседі. Мектепке барған баланың көз алдында құс жолындай сайрап, ақын өмірі жатады.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Абай бұл сөзді өлең туралы ғана емес, өзі жөнінде де айтқандай; қай-қайсымыз болсын, өмірге Абай әлдиімен келіп, өмірден Абай гөй-гөйімен аттанатын тәріздіміз.
Қысқасы, Абай — біздің рухани әкеміз. Александр Твардовскийдің «коммунизмге Пушкинсіз бару қиын» дегені сияқты, бізге Абайсыз тіршілік ету қиын. Ақын өмірін мектеп қабырғасынан байыптап, өлеңін ғұмыр бойы пайымдайтынымыз сондықтан.
Абайдың ғылыми ғұмырнамасын Мұхтар Әуезов жазды. Ақынның өмірі мен өнер жолын одан асып талдау да, толғау да қиын. Демек, Абай туралы Әуезовке жүгінбей сөйлеу мүмкін емес.
«Абай, — деп бастайды ол ақынның өмірбаянын, — осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған тобықты руының ішінде 1845 жылы туған». Әкесі Құнанбай — аталмыш рудың әрі байы, әрі биі, әрі билеушісі болған адам. Тағы да Әуезовше айтсақ, «не қылайыны» жоқ қатал әмірші, озбыр феодал, ел басқару ісіне ерте араласқан. Ру старшындығынан көтеріліп, бара-бара Қарқаралы дуанының алғашқы аға сұлтаны болған да осы Құнанбай. Ел ішінің дау-жанжалын, алыс-жұлысын өрттей лаулатып, бір топты бір топқа айдап салып, ру мен ру арасына алатопалаң салу; әлді ру басыларын қолдаған боп, өзіне икемдеу; әлсіздерге күш көрсетіп, тізе бүктіру; пара мен барымтадан байыған үстіне баю — міне, Құнанбайдың ел билеу тәсілі, әкімшілік машығы осындай. Осынау тоңмойын феодалдық ортадағы шонжар ру —
…Тобықты
Көп пысыққа молықты…
Ақын айтып отырған «пысықтар» — ел ішіне құнанбайлар өктемдігінің зардабын жаюшылар, қалың бұқараны талаушылар мен тонаушылар, олардың билеп-төстеушілерге қарсы бұрқанған ыза-кегін күшпен басып, булықтырушылар еді.
Абай осы ортада өсті. Кедей шаруаларды сүліктей сорып, алдау мен арбаудан «жиған малын қорғалатып жүрген байлардың» өтірігі мен өпіремдігін, «күш сынасқан күндестігін» көріп, озбырлар ортасынан жирене, түңіле өсті.
Мейірімсіз әкенің ызғарынан ығысқан Абай «ықтасын жерді» анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің маңынан тапқанын да Әуезов тұжырымдаған. Бала күнінен зерек, ойлы немересіне кәрі әже өзі білген ертегі-әңгімелерін айтып, оны талай қызық қиялға шомдырады; болашақ ұлы ақынды сәулелі сұлу сезімдерге баулиды.
Абай алғашқы кезде ауыл молдасынан хат танып, он жасында Семей қаласындағы медресеге түседі. Мұнда бар болғаны үш-ақ жыл оқиды.
Медреседегі діни схоластикалық оқу Абайды қанағаттандыра алмайды. Ол енді өз бетімен білімін толықтырмақ боп, одан әрі ізденеді. Туысқан Орта Азия халықтарының Навои, Низами, Фирдауси секілді жұлдызды шайырларының шығармаларымен танысады. Coлардың әсерімен алғашқы өлеңдерін жазады.
Абай медреседе оқи жүре, бір жағынан сол Семей қаласындағы приходская школаға түсіп, орыс тілін үйрене бастайды. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмайды: бас-аяғы бірнеше айдан кейін орысша оқу да үзіледі, әкесі Абайды қаладан ауылға қайтарып алады. Құнанбайдың ондағы мақсаты — баласын ел басқару ісінде өзіне ізбасар етіп дайындау. Абай бұл әмірге де еріксіз көнеді, әке ықпалымен ел жұмысына араласады. Ақынның кейініректе ызамен айтқан:
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен, түспе ізіме…
деген сөздері осының өкініші еді.
Бірақ Абай үшін бұл әрекет те ізсіз кеткен жоқ, бірқыдыру өмір талқысынан өтеді. Феодалдық ортаның түрліше қайшылықтарына кездеседі. Бұқара халықтың ауыр өмірін танып, оның мұң-мүддесін ұға түседі. Бұл Абайдың өз ортасынан жиренуіне себеп болады. Кедей шаруалардың қанау мен қараңғылық астындағы азапты тұрмыс-тіршілігі болашақ ұлы ақынның адамгершілік, азаматтық сезімін оятады.
Абай енді әділетсіздікке, халықты қанауға, феодалдық салт-санаға, діни әдет-ғұрыпқа қарсы күреске белсенеді, таланты мен қабілетін, қаламы мен қайратын осыған бағыштайды.
***
Абай өмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысы, әсіресе, аяқ шені Қазақстанның әлеуметтік өміріндегі әралуан қайшылықтардың әбден шиеленіскен кезі болатын.
XVIII ғасырдан Қазақстан тағдыры Россия тіршілігімен тығыз байланысты болғаны тарихтан мәлім.
1861 жылғы реформадан кейін Россияда кең өрістеген капитализм патша үкіметінің отары қазақ даласын ауқымына тартып әкетті. Еңбекші бұқараға саяси-экономикалық қысым ұлғайды. Халық екі жақты қанау астында қалды. Екі ұдай жүйенің ауысу-арбасуы бір кеңістікте жатты: қашаннан іргесін бекітіп, мықтап орнап алған феодалдық қарым-қатынас бірте-бірте ыдырап өшіп бара жатса, патшалы Россия арқылы келген жаңа, капиталистік қарым-қатынас бел алып, өсіп келе жатты. Қазақ даласындағы натуралдық мал шаруашылығына енді ақша ене бастады. Капиталдық базар пайда болып, сауда өріс алды. Қазақ байлары бұрын мал жиса, енді ақша жия бастады.
Осындай екі формацияның тоғысқан тұсы қазақ елінің әлеуметтік өміріндегі әр түрлі және бір-біріне кереғар таптық сипаттардың айқындала түсуіне әкеліп соқты. Екі жақты қанау қайшылық атаулыны шиеленістіре түсті.
Сонымен қатар, бұл тұста Қазақстанда тұңғыш темір жол салынды. Өндіріс орындары ашылып жатты. Көшпенділер тұрмысына отырықшылық ене бастады. Мұның бәрі жаңашыл Россияның Қазақстанға деген игі әсері, прогресшіл ықпалы болатын: дәл осылар арқасында әлеуметтік жіктелу жылдамдады.
Россия біреу емес, екеу еді. Бірі — ресми билеп-төстеуші, кертартпа патшалы Россия да, екіншісі — азаттық идеясының қайнары, ұлы орыс халқының ілгерішіл Россиясы. Мұның біріншісі қазақ халқын орыс мәдениетінен аулақ ұстауды, қараңғы қапаста қалдыруды мақсат еткенмен, екінші Россия арқылы Қазақстанға орыс ағартушыларының прогресшіл идеялары тамыр жайып, тарала беруін тоқтата алмады.
Абай өз елінде болып жатқан осындай тарихи оқиға мен өзгерістердің қалың ортасында болды. Ел жайын барлап, әлеуметтік өмірге, халықтың саяси-экономикалық халіне, мәдени тұрмысына назар аударып, көп ойланып, көп толғанды, өз дәуірінің заман ағымын сыншыл да шыншыл пайымдады.
Қанаушы тап пен қаналушы таптың арасындағы рухани теңсіздікті көріп, кедейдің ауыр халін түсінді («Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай»). Ақпатшаның ұлық-чиновниктеріне арқа сүйеген ауылдағы би-болыстар халықты қанаушы, қарақан бастарының құлқынын ғана ойлаған жалдаптар еді. Абай өз өлеңдерінде осыны аяусыз шенеп, әшкереледі.
***
Айрықша атап айтарлық нәрсе: орыс халқының маңдай алды прогресшіл мәдениеті мен классикалық әдебиеті болмаса, бүгінде біз білген дәрежедегі Абай да болмаған болар еді. Өзінің тума таланты мен қабілеті не тек орыс өнегесі дарығандықтан ғана Абай қазақ халқының аймақтық емес, әлемдік өлшемдегі кемеңгер ақыны, ойшыл азаматы, қоғам қайраткері, ағартушы демократы дәрежесіне көтерілген.
Қазақ еліндегі қараңғылыққа қарсы қаламмен күреске бел шешіп шыққан Абай өз бетімен ізденіп, Белинскийдің, Чернышевскийдің, Добролюбовтың озат идеяларымен танысты; Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың, Салтыков-Щедриннің, Лев Толстойдың көркем туындыларын оқыды; өзінің дүниетанымын осы негізде қалыптастырды. Оның «бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп, күншығысым күнбатыс, күнбатысым күншығыс болып кетті», — деуі, тіпті де, тегін емес.
Абай орыс классиктерінің шығармаларын өзі оқып-біліп қана қойған жоқ, оны ана тіліне аударып, туған еліне рухани сусын етті. Қалың жұрттың сана-сезімін оятты. Сөйтіп, езілгендердің ертеңге, жарқын болашаққа деген үмітін, сенімін күшейтті. Данышпан ақынның туған халқына көрсеткен перзенттік қызметінің бірі осы еді.
Абай орыс классиктерінің көптеген өлеңдерін (Пушкиннің «Евгений Онегинінен» фрагменттер, Лермонтовтың «Қанжар», «Ой», «Теректің сыйы», «Жалғыз жалау жалтылдап», Крыловтың «Қарға мен түлкі», «Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл», т. б.) қазақ тіліне аударды. Абайдың бұл аудармалары күні бүгінге дейін өзге тілден өлеңді шығарма аударудың үлгісі болып қалды.
Орыс ақындарының өлең жасау шеберлігін, пішін сұлулығы мен мазмұн тереңдігін, осыдан туған өршіл пафос пен биік идеяны кемітпей, солғындатпай дәл жеткізу — Абай аудармаларының негізгі ерекшеліктері. Оның үстіне аударма екенін ұмыттырып жіберетін ұғымға да, тілге де жеңіл мінсіздік — тек Абай аудармаларына тән қасиет.
Орыс классиктерін аудару үстінде Абайдың өзі де шарықтап өсті. Оның бойына орыс әсерімен сіңген асыл қасиеттердің басқасын қоя тұрып, тек бірден көзге түсетіндерін ғана айтсақ: Абай, алдымен, Пушкин поэзиясының мұхиттай тереңі мен өмірдің өзіндей кең құлашын, Лермонтов өлеңдерінің сол кездегі қоғамдық қысымға қарсы бұрқана атылған кегі мен отты ызасын түсіне білді. Крылов мысалдарының өз дәуіріндегі қараңғылықты нажағайдай тіліп түсіп жатқан ащы сықағы мен ызалы күлкісін ұқты. Міне, тек осының нәтижесінде ғана Абай ақындықтың кең арнасына шалқып шығып, құнарлы жолына түсті. Тек осының нәтижесінде ғана Абай өз шығармаларын тақырып, идеялық мазмұн, түр, тіл, стиль жақтарынан мейлінше байытып, өлеңдерінің сыншылдығын, шыншылдығын күшейтіп, қоғамдық маңызын биік сатыға көтерді.
Орыс мәдениетін құшақ жая қарсы алып, орыс әдебиетін өзіне үлгі тұтқан Абай орыс ғылымын «дүниенің кілті» деп ұқты. Халықты сол ғылымға, білім мен өнерге бастап, еңбекке тәрбиеледі.
Ол халықтың жарқын келешегіне сенді және оның тетігін тауып қаланар кірпіші жастар деп білді. Ақылы мен өсиетін соларға арнады. Бір өлеңінде:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім,-
деп, өзінің өткен өміріне өкінішін айта келіп, жастарды содан сақтандырса, енді бір өлеңінде олардың алдына «ғылым таппай мақтанба» деп қатал талап қойды.
Ол өзінің ғақлиясында ауыл қазақтарына: — Балаңа барыңды салсаң да орыстың ғылымын үйрет! Балаң бала болсын десең оқыт!- деп, қайткен күнде де «орысша оқу керек» («Жиырма бесінші сөз») екенін табанды түрде талмай насихаттаса, өлеңінде мұндай үгітпен ғана тынбай, білім, ғылым, өнер үйренудегі түпкі мақсат не екенін айтты.
Военный қызмет іздеме
Оқалы киім киюге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге,-
деп, жастарды шен мен шекпеннен, мансаптан бездіріп,
адамгершілікке, «Салтыков пен Толстойдай» ел қамын
жейтін ер-азамат болуға шақырды. Осы жолда «ерінбей
еңбек ету» керектігін айтты. Адаммын дегенді азаматтыққа бастады:
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар, қалан!
Қазақ халқының алғашқы ағартушылары Шоқан Уәлиханов пен Ыбрай Алтынсариннің игі мақсатын ілгер жалғап, прогресшіл идеясын одан әрі өрістеткен мұндай тамаша түйінді кемеңгер Абай ғана жасай алды.
***
Сөйтіп, Абай өзін қоршаған қапас дүниеде булыға бұлқынған қараңғы қауымның аянышты халін көріп, оның «көзін қойып, көңлін ашу» жолында қолынан келгенше жанып, жарқырап бақты. Езілгендердің еңсе көтеруі үшін барын салды. Ел басындағы қалың тұманның ақыр бір күн ашыларына, айығарына сеніп, жарқын келешекке зор үмітпен көз тікті:
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
Болашақтан бақытты өмір күтті. Бойындағы бар асылын, қабілетін, күш-қасиетін, білімі мен өнерін осы ұлы үмітке арнады.
Осынысы үшін ол қысым да көрді. Қазақтың бай-феодалдар тобы, патша әкімдері соңына түсіп, аяқ басқанын аңдып, ақын өмірі ауыр азапқа айналды. Абайдың ақыл-өсиетін ұға алмай, надандық «салтынан, қалғып кетушілер» де ел ішінде есепсіз көп болатын. Өмірінің соңғы кезінде ақын басында болған реніш, өкініш сарындары осыған байланысты еді.
Абайдың аңсаған арманына жете алмай өкініп өткені өлеңінде де тұр:
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ…
Енді бірыңғай Абайдың ақындығына көшейік.
***
Ақын кім? Ақындық деген не? Бұл сұрақтардың жауабын кезінде Абайдың өзі берген. Ұлы ақынның «Адамның кейбір кездері» деп басталатын өлеңінде мынадай керемет жолдар бар:
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай…
Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін, сайып келгенде, оның күллі идеялық-көркемдік құнын осыдан артық дәл тауып айту қиын. Сөз өнеріндегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы — әдеби шығарманың адам таң қалғандай әдемілігі, яки «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімі», Александр Блоктың «ақын — үндестік ұлы» деген тамаша тұжырымының түп төркіні де осыған саяды.
Сөз өнеріндегі сыр мен сымбаттың үлгісі қандай? Мұның жауабын да Абайдан табамыз. Ол үшін Абайдың лирикасын пайымдап байқау шарт.
Абайдың лирикасы — кең көлемді мол қазына, биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Алдымен, Абай — ақын. Ақын болғанда бүкіл бір халықтың ұлттық мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиетінің заңғар биігі болған данышпан, классик ақын. Олай болса, Абай творчествосының дені — поэзия. Ал, сол Абай поэзиясының дені — лирика. Осының өзінен-ақ, әлгі айтқанымыздай, мұның қаншалық шалқар теңіз екені белгілі.
Абай лирикасы сала-сала. Жалпы, лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар. Белинскийше айтсақ, Абайды бірыңғай қайғының, яки қуаныштың ақыны деуге, не мұңшыл, не күлкішіл ақын деуге тіпті де болмайды. Абай лирикасында осының бәрі түгел, тұтас жатыр. Оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жәй сезінудің өзі оқушысының жан жүйесін, көңіл күйін түгел тебіренте толқытып, «барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды» (Белинский). Бұл — ғажайып құбылыс.
Абай лирикасын талдауға кіріспес бұрын, әуелі, жалпы лирика туралы бір-екі ауыз сөз айту артық емес.
Лирика — поэзияның негізгі үш (эпос, лирика, драма) түрінің бірі. Лирикалық шығармаға көбінесе ақынның ішкі дүниесінің сезім күшімен тебірене толқуы, оның жеке өз басының көңіл күйі, күйініш-сүйініші тән. Ақын басында болатын мұндай толғаныс оның өзі өмір сүрген мезгілге, өзін қоршаған әлеуметтік ортаның моральдық бітіміне тығыз байланысты екені даусыз. Ақын қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады. Оқушы мұнан ақын өмір сүрген дәуірдің рухын, жай-жағдайын байқап, хал-күйін аңғарып отырады.
Жалпы, сөз өнерінің өзге түрлері секілді, лириканың да суреттейтін құбылыстары көп. Эпос па, драма ма, лирика ма бәрібір, мақсат — адамның мінез-құлқын, күйініш-сүйінішін суреттеп қана тыну емес, сол арқылы өмірді, дәуір шындығын суреттеп көрсету екені мәлім. Осы жағынан алып қарасақ, лириканың эпосқа, яки драмаға принциптік қайшылығы жоқ. Жалғыз-ақ, жанрлық жағынан айырмасы — эпостық шығарма қат-қабат, шытырман оқиғаларды суреттеуге лирикадан гөрі әлдеқайда кең құлаш жая алады. Сюжетке құрылады. Шындық құбылыстарды жан-жақты, толық суреттеуге, бір оқиғадан екінші оқиғаға көше баяндауға мол мүмкіндігі бар.
Ал, лирикалық шығарма олай емес. Көлем жөнінен, эпосқа қарағанда әлдеқайда ықшам. Қат-қабат оқиғалы сюжеті жоқ, одан гөрі отты сезім басымдау, композициясы бас-аяғы жинақы бір алуан ойға құрылады.
Белинский лирикалы өлеңнің оқушыны төзімнен айырып, жалықтырып жіберер ұзақ болуын онша ұнатпаған: «Лириканың ұзақ болу себебі ақынның бір өлеңнің ішінде бір сезінуден екінші сезінуге ауысуынан, сондықтан арасын жалғастыру үшін амалсыз шешендікке салынып, ақындыққа шәлкес сырдаң ақыл айтуынан», — деп білген.
Лирикалық шығармалардың күрделі композициялық формалары бола бермейді, сондықтан оны белгілі бір жүйеге келтіріп, түр-түрге бөліп жатудың керегі жоқ және күні бүгінге дейін тұжырымды түрде бұлайша топталған да емес. Ілгергі кезде (XVIII ғасырда), орыс әдебиетінде классицизм дәуірлеп тұрған тұста әркімдер лириканы түр-түрге бөліп көрген болды. Олардың бастылары: Ода, Элегия, Баллада, Идиллия, Романс, Мадригал, Эпиграмма, Надпись, Эпитафия, Эпиталама, Эклога, тағы басқалар.
Бірақ, мұндай бөлшектеу лириканың мазмұнын сұйылтады. Тек сырттай ғана, атүсті, үстірт топтау болып шығады. Бұдан гөрі лириканы идеялық-тақырыптық негізіне сай, мазмұнына қарай топтап, бірнеше салаға бөлу орынды: саяси лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы…
Сонымен, лирика дегеніміз не болды? Лирика — ақынның бір сәтте жалт еткен нұрлы ойы, жарқ етіп тұтас көрінген ішкі сырлы дүниесі.
Лирикалық шығармадан оны жазған адамның өмір сүрген ортасын, сол ортаның саяси-әлеуметтік халін, адамдардың алуан-алуан мінез-құлқын, ой-өрісін, жан-күйін, арман-тілегін, мақсат-мүддесін аңғарамыз.
Сонымен қатар, лирикалық шығармадан ақынның өзін, өзіне тән айрықша мінезін тануға да болады. Өйткені лирикада ақынның оқушыға бұрын онша мәлім бола қоймаған сыры мен сезімі жалт етіп сыртқа шығып, жарқ етіп бір көрініп қалады. Оның өзі ғана емес, оқушыны да тебіренте, сезіндіре көрінеді. Окушы енді бір ауық ақын басында болған күйініш-сүйінішті өз басынан кешіреді: «Оның қайғысымен қайғырып, қуанышымен, шаттығымен, үмітімен тыныстайды, оның көзімен көріп, құлағымен естіп, тілімен сөйлейді» (Белинский). Талантты ақын өз лирикасында осылайша жарқ етіп, терең ойы мен сезгіш жанының жалпы жұртқа бұрын мәлім емес белгісіз түкпірін нәзік толқынмен осылайша ап-айқын ашып, танытады. Мұны ұғу да, әрине, оңай емес.
Ұқпассың үстірт қарап, бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң,
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып, салмақтасаң –
деп, кемеңгер Абай тегін айтпаған.
Абайдың саяси-әлеуметтік лирикасын талдар тұста, алдымен, көркем әдебиеттің таптық екенін ескеру шарт. Суреткер өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс, жеке-дара қалып, томаға-тұйық өмір сүре алмайды. Ендеше, оның өзі өмір сүріп отырған қоғамда қалыптасқан белгілі бір таптық көзқарасы бар. Сондықтан, өмір құбылыстарын суреттегенде оған өз қарым-қатынасын көрсетпей қала алмайды. Өз шығармасында сәулеленген өмір шындығы туралы өз кесімін айтып, өз «үкімін» шығарады.
Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өзінің таптық көзқарасын, идеялық бетін айқындайды.
Абай — өз дәуіріне қатал сыншы болған адам. Қараңғы даладағы қат-қабат қарау әрекеттер — заңсыздықтар мен зұлымдықтар ақынды қатты күйзелтеді де, дәл осы жеке басқа тән жәй-күйлер енді бірде арнасынан асып, қоғамдық сипат алған. Сонда, ақынның бір адамды сынағаны — сол сияқты бүтін бір қауымды сынағаны, тілін болыс пен ұлыққа түйресе, сол кеселді туғызып отырған патша әкімшілігіне түйрегені болып шығады.
Болыс болдым, мінекей,
Бар малымды шығындап,
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын кырындап.
Съезд бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап…
Осында сол тұстағы ел билеушінің екіжүзді кескін-кейпі, мінез-құлқы оқушының дәл көз алдына келмей ме?
Осы секілді саяси сипаттағы сатиралық өлеңдерінде Абай болыс-билердің адам шошығандай қылығын, құлқын ғана суреттеп тынған жоқ, есте қаларлық образын жасады.
Қараңғылыққа, надандыққа жаны күйген Абай дүйім жұртты қайткенде түзеудің жолын көздеп, бір тоқтаған түйіні — ғылым, өнер болса, соның ізінше еңбекті тауып, халықты соған үндеді:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын…
Еңбек кылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Абайдың әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері көп. Соның бәріне желі боп тартылып жатқан негізгі идея — қалың бұқараның «көзін қойып, көңілін ашу», қараңғы қауымды еңбекке, білімге, өнерге, адалдық пен адамгершілікке бастау, азаматтыққа тәрбиелеу; замандастарын орыс халқының прогресшіл мәдениетіне әкелу. Бірақ, ұлы ақын осы жолда қолдау таппай, мынадай өкінішке келеді:
Моласындай бақсының —
Жалғыз қалдым — тап шыным!
Бұл ащы шындықта айрықша мағына бар.
«Күз» деген өлеңіне ілесе жалғасып, тақырып жағынан ұласа ұштасып жататын «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» деген өлең, сөз жоқ, Абайдың саяси лирикасының ең түйінді бір тұсы. Әуелі қысқа ғана табиғат суреттерін өрнектеп, одан шаруа-жайға көшіп, іле мұнан туған қоғамдық қарым-қатынасты суреттейді де, одан алған өзінің ақындық әсерін, азаматтық пікірін қорытады.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тонған иін жылытып, тонын илеп.
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Бұл — Абай заманындағы типтік көрініс: түндей қараңғы, қапас тұрмыста қоңыр іңірдей күңгірт мұңы, арман-сыры бар кедей үйінің жабырқау өмірі. Таңның атысы, күннің батысы аяғы сайға тимей, ұйқысыз да күлкісіз, бай малының соңында сабылып өзі жүрсе, азынаған қырық құрау қараша үйде ең болмаса жылынар отыны да жоқ, құныса бүрісіп, жыртық шекпенін жамап әйелі отыр. Бұл — бір көрініс, кедейдің қоңыр лашығындағы күй-жай. Осыған салыстыра ақын бай үйінің бір қалпын көзге елестете:
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,-
дейді де, әлгісіне қайта оралып:
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі.
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы,-
деп, тағы да өз ортасындағы тапшы тұрмыс жайын айтып, теңсіздік сырын баяндайды.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Уайым жоқ, қайғы жоқ, тамақ тоқ, көйлек көк, бұлаңдап өскен бай баласы… Бұл — бір көрініс. Жә, енді кедей баласы, әлгі жыртық лашықтағы жарлы-жақыбай ата-ананың жалғыз ұлы не күйде?
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Жалшыдан туған кінәсіз сәби бала да жалшы. Байға әке-шешесі қызмет етсе, бай баласына бұл да тәуелді халде…
Бәрінен бұрын, дәл осы шындықты, дәлірек айтқанда теңсіздікті Абайдың тура тауып, тануы көрегендік қана емес, кемеңгерлік болатын. Оның үстіне, өзі танып қана тынбай, өмірді өнерге көшіріп, өзгеге танытуы — өзінен бұрын, көп адамның қолынан келе бермеген шыншылдық.
Абай өзі суреттеп отырған өмір шындығынан көрінген кедейдің ауыр тұрмысына оқушысының аяныш сезімін туғызып, өзі де іштей сол жағында болады. Тілегі ауып, мейірімі түсіп тұрады.
Бірақ, қайткенде кедейдің халі жақсарып, жеке басына теңдік тиеді?.. Осы жолда жөн таппай кеп түйткілдейді.
Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай!-
деп, не істеудің бабын таба алмай, тіпті ыза да болады. Ақыр аяғында белгілі бір жөн жолға түсе алмай, булыға-булыға келіп, бай мен жарлыны алдына қатар келтіріп алады да:
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма, сен де о ғұрлы!-
деп, тамаша саяси лирикасының аяғын жай ғана салқын «ақылмен», оларды өзара ымыраластыру ниетінде бітіреді.
Абай өз заманындағы әлеуметтік өмірдің еңбір кезек күттірмес күрделі, түйінді мәселелеріне жауап іздеп, өзін қоршаған өмір-тіршілікті, жалпы ел тұрмысын зерттеп, өзіндік ой таразысына сала талдап, өз пікірін айтпақ болды. Бұл ретте орыс халқының ұлы революцияшыл-демократтарының идеялары және орыстың классикалық әдебиетінің сыншыл реалистік бағыты Абайдың әлеуметтік көз қарастарындағы ағартушы-демократтық бағытын қалыптастыруға, философиялық танымындағы кейбір материалистік белгілерді жинақтауға үлкен себепші болды.
Осының нәтижесінде Абай, сөз жоқ, қазақ елінің әлеуметтік өміріндегі тап қайшылығын көрді. Екі жақты қанауды өз шығармаларында ашып айтты, ашық әшкереледі. Бірақ, халықтың осы ауыр тұрмыстан қалай құтылу, түрмедей қапас өмірді қалай өзгерту жолын көрсете алмады.
Міне, осыған байланысты Абай байға да, кедейге де жай ғана ақыл, басу айтып, ымыраға мегзеумен тынады. Абайдың дүниеге көзқарасындағы негізгі қайшылықтардың бірі, тарихи шектелудің айқын бір көрінісі осы болып табылады.
Бірақ Абай халықты қараңғылықтан, қапас өмірден қалай құтқару жолын таппаса да, қоғамдық құрылыстың қалайша өзгеретінін аңғара алмаса да, жарқын келешекке сенді. Оған өзінің:
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек,-
деген түйінді сөзі дәлел.
Абай лирикасынан махаббат тақырыбы айрықша орын алады. Бұл саладағы лирикадан Абайдың ақындық өсу жолы, орыс классиктерінен үлгі-өнеге алу арқылы болған іштей творчестводық эволюциясы анық танылады. Ақынның махаббатқа, достыққа эстетикалық көзқарасы айқын көрінеді.
Ақындығының алғашқы кезеңінде, Абайдың орыс классиктерімен етене жақын емес кезінде жазған махаббат тақырыбындағы өлеңдері — теңеу, тіл жағынан да, махаббат-достық мәселесін сезініп, ұғыну жағынан да қазақ ауыз әдебиетінің бұрынғы көне үлгісінде жазылған шығармалар. «Айттым сәлем қалам қас», «Қиыстырып мақтайсыз», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», тағы басқа өлеңдерінің қайсысын алып қарасақ та, осы жайды аңғарамыз.
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды,
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, ал-қызыл бет тіл байлайды,
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген іш қайнайды…
Осында не бар? Мұнда Абайдың ақындық шеберлігімен біздің көз алдымызға, өз сөзімен айтқанда, «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» бір сұлу пайда болады. Бар сән-салтанатымен, мінсіз көркімен көз алдымызда тұр. Бірақ бары сол ғана. Мұның өзі түрлі-түсті бояумен келістіріп салған жансыз сурет сияқты: үнсіз, тілсіз… Сұлу бір жалт етіп көрінді де, көлеңкедей қатып тұрып қалды…
Қысқасы, ақынның бұл айшығы толыққанды адам образына айнала қоймаған. Адамның ішкі сыры мен сезіміне терең бойламай, сырт бедерін ғана қызықтап, статикалық портретпен тынған. Бұған қарап, әрине, өлеңнің поэзиялық қуатына нұқсан келтіруге болмайды. Ұлы ақынның бұл шығармасы да өз дәуірінің өлең сөздерінен озық, алда, биікте тұр. Біз жоғарыдағы сынды осыдан кейінірек туған тамаша сырлы лирикасын көріп, білгендіктен ғана айта аламыз. Бұл өлеңдердегі бізге сырттай ғана таныс сұлуды кейінгі өлеңдеріндегі бізге бар сыр-сынымен түгел танылып, мәлім болған адам образдарымен, салыстырамыз. Сонда ғана әлгідей болып шығады.
Осы айтылғандардың Абай творчествосынан біздің көзімізге түсуі заңды, себебі, бұл өлеңді жазған кездегі Абайдың образды ойлау машығының өзі осы сипатта, эстетикалық таным-талғамының өзі осы дәрежеде болатын.
Ал оның Пушкин мен Лермонтовты, Салтыков пен Толстойды оқып, орыс классикасымен сусындаған, одан үйренген тұстағы қалам сілтеуі әлгіден әлдеқайда өзге:
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі;
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі…
Мұнда адамның сырт құбылысының өзінен-ақ ішкі сезім толқындары тулап көрініп тұр. Бұл арада ақын да бағанағыдай ауыз әдебиетінің үлгісінде жалаң сылдырата бермей, адам жанының нәзік иірімдеріне тереңірек барып, өзгеше бір суреткерлік мәдениет танытады.
Бұл тұста Абай орыстың ұлы ақындарынан үлгі, өрнек алып, соны өзінше құбылтып, өзгеше жағдайда жұмсап және өз оқушысына ұғымды, қонымды етіп бере білді. Ендігі қыз да, жігіт те алғашқыдай құр сыртқы портрет, жалаң сурет емес, кәдімгі адам. Оларға енді ақын жан бітірген. Оларда енді қимыл бар, сөйлейді, сыр шертеді. Енді біз олардың сыртын көріп қана құр таңырқамаймыз, ішкі психологиялық жайларын бірге аңғарамыз.
Осылардың бәрі Абайдың творчестволық өсу-өрбуі болса, лириканың бұл саласында аңғарылатын Абайдың махаббат мәселесіне эстетикалық көзқарасы қандай?
Абай, әрине, эстетикалық трактат жазып, теориялық пікір айтқан адам емес. Оның сұлулыққа көзқарасы да өлеңдерінен көрініп, белгі беріп отырады.
«Әдемілік дегеніміздің өзі — өмір» (Чернышевский) десек, Абай да сұлулықты қиялдан емес, өмірден іздеді. Ескі салт-сана, әдет-ғұрыпқа, алдамшы діни ұғымға байланысты қиялдағы «періштеден», «хор қызынан» сұлулық тапқан жоқ, «әзірет Әлі айдаһарсыз» сөз айтып, «алтын иек, сары ала қызды» қоя тұрып, кәдімгі адамға тән шынайы асыл, аяулы қасиетті шыншыл жырға айналдырды:
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.
Махаббат жырларының ішіндегі Абайдың ұлылығын, асқан талантын танытқан — Пушкиннен аударған «Евгений Онегиннің» үзінділері. Мұнда ұлы орыс халқының классигін аударып отырған Абай жай аудармашы емес. Алдымен, өлеңмен жазылған ұзақ романның өз ақындық кредосына керекті жерін ғана таңдап алады. Пушкин -Абайдың үлгілі ұстазы. Бірақ оның «Татьянаның Онегинге хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Татьяна сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» сияқты роман үзінділерін аударған уақытта Пушкиннің ауқымында, өлең өрімі мен өлшемінде қалып, буыны мен бунағын санап отырмайды. Крыловты, не Лермонтовты аударуындағы кейбір дәлшіл әдетін мұнда қолданбайды. Әдейі қолданбайды. Өзінше жырлап, Пушкин арнасынан шығып та кетіп отырады. Тақырыпты ұлы Пушкинмен қатарласа, жарыса баяндайды. Соның нәтижесінде Абай бұл аудармасын өз өлеңдерінің нұсқасындай, өз оқушыларының түсінігіне лайықтап шығарған. Осы арқылы қазақ қыздарына Пушкиннің Татьянасын үлгі етіп ұсынып, тозығы жеткен феодалдық қоғамдағы әйелді кем, қор тұтар кеселді көзқарасқа біржола үкім айтып, ескіліктің торын бұзып, орын талқандайды. Екінші жағынан қазақ жігіттеріне «әйел де өзіңдей тең праволы досың» деген өсиетін айтып, Онегиннің тағдырын Пушкинше қалдырмай, оны ажал аузына апарып, оқушысын содан сақтандырады.
Мінезіне, қылығына қарағанда жаза-кесімі, әділ үкімі осы деп, Онегинді мысқылмен мінеп, түйреп тоқтаған Пушкиннен бөлек барып, оның қолына өзін-өзі ату үшін пистолет ұсынады.
Атам-анам қара жер
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды.
«Татьянаның Онегинге жазған хатындағы» оның жан сыры, іш толқыны түпнұсқадағы биік дәрежесінен ешбір кемімей, қазақ оқушысына тұңғиық терең сыр боп шертіліп, түгел жеткен:
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы.
Әлде азғырып әуре еткен
Жаумысың теуіп, таптаушы.
Шеш көңлімнің жұмбағын,
Әлде бәрі — алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Осыны аудару үстінде ақынның өзі де самғап, биік шығандап, поэзия шыңына шығыпты. Асқақтап, серпіле көтеріліп алыпты. Қазақ әдебиетіндегі өзіне шейінгі өлең сөздерден мүлде қара үзіп, ілгері кеткен. Бүкіл дүние жүзілік әдебиеттің үлгілі өрнегі — ұлы орыс поэзиясының сан дыбысты, сырлы, сиқырлы симфониясына өз үнін қосып, өзгеден ерекше өзіне тән ғажайып сұлу үнін қосып, майда қоңыр саз тауыпты. Кемеліне келе есейіпті.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Саусақ адам баласында ғана бар. Жүректе саусақ бола ма? Жүрек саусақ жайып, алыс көктегі айға қалай талпынар? Ол кездегі, қазақ ұғымында осы бар ма еді? Ескі қазақ поэзиясына осылай шығандау тән бе еді? Бірақ:
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Осыны түсінбеуге, ұқпауға бола ма? Жоқ. Данышпан ақынның отты, уытты лирикасы бұл терең сырға оқушысын тебіренте ұйытады: мың құбылған нәзік сезім ырғағы, жүрек дүрсілі, жан толқыны. Өлеңдегі сөз мүлде соны, жап-жаңа, тың. Бірақ тосын деп жатырқау былай тұрсын, алған әсер, ұққан сырды бір сәтке баса алмай, қызыға, қызғана оқисың. Кінәсіз, таза жанды орыс қызының мың құбылған нәзік сезім ырғағын, жүрек лүпілін, жан толқынысын терең ұғасың.
Міне, Абайдың ақындық шеберлігін жетілдіруде Пушкиннің ұстаздық тәрбиесі осындай. Бұдан былай Абайдың осы тақырыптағы өлеңдерінің бейнесі бұрынғыларына мүлде үқсамайды…
Абайдың табиғат лирикасы өз алдына бір сала. Табиғат — адам өмір сүрер, тіршілік етер орта. Онысыз өмір жоқ. Міне, осы табиғат көріністерін, оған бөленген қазақ даласындағы өмірді, тұрмыс-халді суреттеуге Абайдың көптеген өлеңдері арналған және қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын табиғат көрінісін мұншалық шебер, мұншалық терең һәм жан-жақты жырлаған ақын болған емес.
Абайдың бұл тақырыпта жазған лирикасында да ақындық эволюциясы — творчестволық түлеу жолының кезең-кезеңдері жатыр. Табиғат лирикасы — Абайдың ұлы талантын, биік мәдениетін танытатын өлеңдер.
Әсіресе, жылдың төрт мезгілі туралы жазылған өлеңдері бейнеті мен азабы мол мал баққан шаруаны, баянсыз, көшпелі ауылды, ескі қоғамдық қарым-қатынастың кейбір күңгірт белгілерін анық, қанық бояумен көрсететін, өз дәуірінің айнасы боларлық, сұлу шығармалар.
Абай — асқан реалист ақын. Оның табиғат жырларынан уақыттың әлдеқалай жылы, айы емес, өзі өмір сүрген заман жайы, сол заманда тіршілік кешкен адам жайы айқын көрініс табады.
Абайдың табиғат лирикасын оқығанда оқушының көз алдына сұлап жатқан, құлазыған бел-белесті шетсіз, шексіз маң даланың жалаң көріністері ғана жайылмайды, даладағы өзгеше өмір қайталанбас сыр-сипатымен тұтас суреттеледі.
Жазды күн шілде болғанда,
Көк орай, шалғын, бәйшешек
Ұзарып, өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге,
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жүні қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап…
Бұл — әшейін дала суреті емес, даладағы дарқан өмір, думанды тіршілік. Жалаң табиғаттың бірыңғай өзін ғана қызықтап, «анау арада гүл жайқалады, сонау арада жапырақтар сыбырласады, мынау жерде өзен сықылықтап күледі» деп сыдыртып өте шықса, табиғатты адам өмірінен жеке-дара бөліп әкетіп, сырттай боямаласа, одан сырлы сурет, терең поэзия тумас еді. Ал, Абай лирикасында жанды дүние — адамды да, адамдардың іс-әрекет, қимыл-қарекет бесігі — табиғатты да тұтас қаусырған бүтін бір әдемі әлем — құбыла құлпырған көркемдік атмосфера жасалады.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды,
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Осы әшейін қыс көрінісі ғана ма? Аумаған адам сияқты мінезі мен мүсіні бар, дем алатын, қозғалатын, жабырқайтын, жадырайтын жанды нәрсе емес пе?
Қыс бұл жерде «ақ киімді, денелі, ақ сақалды», баяғы бір «кәрі құда» шал. Қытымыр, қатал құлқы бар қушұнақ, тентек шал. Шаруаның соры — жұтын ала келетін кеселді «құда». Мал-жанға құрық үйіре келген қағынған қарт.
Қысты бұлай адам бейнесінде суреттеу қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын атымен болған емес. Бұл жерде де мәдениетті поэзияның өкілі Абай өзінің орыс классиктерінен үйренген үлгі-өрнегін төгіп отыр. XIX ғасырдағы орыс әдебиетінде арғысы Пушкин, бергісі Некрасов, шын жүйрік лириктер табиғатқа осылайша жан бітіріп, тұтас бір тіршілік әлемін жасайтын. Абайдікі осыған құр еліктеу емес, классикалық орыс поэзиясынан игерген үлгі-өнегесін творчестволық түрде өзінше өрнектеп, өзінің ұлт топырағында қайтадан өсіріп, өз дәні етіп беріп отыр. Адам бейнесіндегі қатал қыс қазақ оқушысының ұғымына лайық образға айналып отыр.
Абайдың табиғат лирикасы, әсіресе жылдың төрт мезгілін суреттейтін өлеңдері — күшті ақындық шеберлікпен, зор мәдениетпен жазылған аса сұлу, сылқым, сырлы жырлар. Бұлардың композициялық құрылымында да өзіндік өзгеше келісім бар. Жыл мезгілдерін сипаттау үстінде алдымен әр түсті ақындық бояу арқылы оқушының көз алдына түрлі-түрлі табиғат көріністері келеді: жайқалған гүл-бәйшешекті «көк орай шалғыны» мен «күркіреген өзені» бар, тамылжып тұрған шыбынсыз жаз да сонда; ақ кірпік бораны мен үскірік аязы бар, қылышын сүйреткен қырау қабақ қытымыр қыс та сонда; аспанын бұлт торлап, гүлі солған сарғыш даласын шық басқан сұрғылт күз де сонда… Әр өлеңінде ақын әуелі табиғат көріністерін суреттейді де, ізінше сол көрініске бөленген қазақ аулының тірлік-кәсібіне, шаруа-жайына көшеді. «Жазда» күркіреп жатқан өзеннің көкорай-шалғын жағасына көшіп барып қонып жатқан ауыл, ақ білегін сыбанып, үй тіккен қыз-келіншектер, өзен шетінде шыбындап, бөгелектеп тұрған құлын-тайлы көп жылқылар… одан әрі сол ауыл шындығы өрістеп кете беретін болса, «Қыста» шидем мен тондарын қабаттап киіп, оранып алса да долы боранға «бет қарауға шыдамай сырт айналып», тағы да мал соңында қар жамылып, мұз жастанған жылқышылар, суық өтіп, титығы құрыған тайлар мен жабағыларға ауыз салуға аран ашып, жан таласып, айдалада соқақ-соқақ жортып жүрген аш қасқырлар, т. б. көз алдымызға келеді. Мұның бәрі көшпелі қазақ ауылының сол кездегі тұрмыс-тіршілігі. Мұнан кейін келіп Абай дәл сол ортадағы қоғамдық қарым-қатынастан белгі береді. Енді табиғат лирикасы биігірек сатыға көтеріліп, саяси сипат алады да, алуан түрлі әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Абайдың тамаша реалистігі, сонымен қатар қоғамдық өмірге азаматтық көзқарасы дәл осы арада айқындала ашылып қалады.
Абайдың асқан сырлы лирикасының бірі «Қан сонарда бүркітші шығады аңға». Мұнда сонар күні бүркітпен аңға шыққан аңшының іс-әрекеті әдемі, тартымды суреттеледі. Аңшылық турасында бұған жеткен өлең де, мұндай шебер суреттеген ақын да болған емес.
Абайдың табиғат тақырыбындағы лирикасына кіретін біраз өлеңдері — аудармалар. Бірақ Абай аудармаларының өзіндік өзгешеліктері бар. Оның көпшілік аудармалары сол өлеңнің орысшадағы нұсқасымен жолма-жол қабысып, бірдей шығып отырмайды. Автордың айтайын деген ойын, негізгі желісін алады да, соны өзінше толғап, анаумен жарыса жырлап кетеді. Қайсыбір өлеңнің басы бірдей басталады да, аяғы өзінше бітеді.
Абайдың енді бір аудармалары бар, ол аудармалардың тұсында әлгі айтқанымыздай, немесе «Евгений Онегин» романының үзінділерін аударғандағыдай еркін кетушілік машығын қолданбайды. Түпнұсқа мүмкіндігінше толық сақталады.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер маужырап.
Даланы жым-жырт дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жолдағы
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы
Сабыр қылсаң азырақ.
Бұл өлеңде тек табиғат суреті ғана емес, сонымен қатар адам, адамның көңіл күйі бар; философиялық ой бар. Өлеңнің түпнұсқадағы осы мазмұнын, бусанған тынысы мен сырлы сазына дейін Абай аудармада дәл жеткізеді.
Осы ретпен Абай қазақ поэзиясына соны да сырлы ағым алып келді. Өз шығармаларын да жаңа, терең, күшті үлгі-өрнекке ауыстырды. Мәдениетті, білімпаз ақын болып, жаңа сарын, жаңа саз тапты.
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиектен асырса.
Күңгірт көңлім сырласар,
Сұрғылт тартқан бейуаққа.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Осы үзіндідегі табиғатты дәл осы түрде сезіну Абайдан бұрын қазақта болған үлгі ме? Жоқ. Стихия мен адам көңілінің шарпысуын бұлайша суреттеу — тек орыс әдебиетіндегі романтизм үлгісі. Ұлы ақынның сол классикалық әдебиеттен тауып, бойына сіңірген зор мәдениетінің айғағы.
Асылы, лирикалық шығарма ақынның көңіл күйіне құрылады дегенбіз; ақын онда өзін, өз сезімі мен сырын жырға айналдырады, өзі туралы сөйлейді. Ал, «ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке «мені» туралы айтса, ол — жалпы көпшілік туралы — бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені оның тұлғасында жалпы адам баласына тән қасиеттің бәрі де бар» (Белинский).
Демек «көңіл күйі» дегенді жеңіл-желпі түсінбеуіміз керек; бұл — өмірдің кез келген жағдайынан туа беретін құбылыс.
Идеясыз жалпы әдеби шығарма болмайтыны секілді, лирикадағы ақынның көңіл күйі оның өмірге көзқарасымен, таптық бетімен сабақтас. Бұларға да әралуан эмоция кіре алады. Абайдың өз көңіл күйінен туған өлеңдерінде әр адамның басында болатын психологиялық хал-жағдай, көңілдің әр түрлі толқын күйі, әр адамға тән күйініш-сүйініш әр қилы қыры-сырымен тұтас, шебер, тартымды, дәл суреттеледі.
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып:
Жер көгеріп, күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.
Бұл адамға тән құбылыс, адам басында болатын хал.
Абай бұл саладағы лирикасында сол өзі өмір сүрген дәуірде ауыр азап шеккен қарапайым адамдардың жан-жүрегіне сұлулық пен сүйіспеншіліктің, жігер мен үміттің ыстық қанын құйып, олардың сана-сезімін сұлу лирикасымен желпи оятып, риясыз, ашық сырласады. Бұл ретте, ақын замандастарын қаусаған көне дүниенің тұманды тозаңына тұншықтырмай, алға, келер күндерге нұсқайды; оларды өз тереңдеріне үңіле білуге, сөйтіп, адам бойындағы асылдықты бағалауға, жарқын келешекке сеніммен қарауға мегзейді.
Бірақ Абайдың бұл салада жазылған өлеңдерінің дені Лермонтов лирикасына ұқсап, қам көңілмен, жүдеу қабақпен жырланады.
Ақын басында болған жабығу, күңгірт көңіл, одан туған мұңды сыр, жүрек шерін шерте шыққан жалғыздық сарындағы жыр — оның жеке басына ғана тән нәрсе емес, Абай өмір сүрген беймезгіл тұстың, талантқа өгей ортаның әрбір ойлы азаматының басындағы хал-күй деп білу керек.
Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлатып әрнені;
Бір себепсіз қайғы құр,
Баса ма екен пендені.
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілімде.
Қайғырамын, жатамын,
Нені іздеймін өмірде?
Немесе:
Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден;
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әр неден.
Бұл — Абай көңіл күйінің бұған дейін бізге мәлім емес тағы бір түкпірі. «Мыңмен жалғыз алысқан» Абай жүрегі енді қапалы. Жұлысты, тартысты; ел үстін бұлттай торлаған надандық қасіретін, әділетсіздік лаңын бір өзі серпіп сейілте алмады (бұл мүмкін де еместі). Енді ақын амалсыз тоқырап, не істерге білмей дағдарған тәрізді. Осы жәйт ақын өлеңіне жабырқау, мұңды көлеңкесін түсіріп, қапалы көңіл енді селт етпей, сұлық суық қана, өзімен-өзі тілдесетін сияқты.
Өзінің Абай туралы зерттеулерінде Мұхтар Әуезов XIX ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ақын басында ауыр трагедия болғанын, бұл оның өлеңдеріне өмірден түңілу сарынын әкелгенін айтады. Өзін қоршаған өгей орта, ондағы озбыр, өрескел надан мінездер ақын жанын жирендіріп, ақынды өз төңірегінен түңілуге дейін апарады. Абай алдымен ел билеген жемқор болыс-билерден, содан соң «сәлдесі дағарадай болып, құранды теріс оқыған» «аңқау елдің арамза» молдасынан, одан әрі әкім-ұлықтардан түңіледі. Енді оларға қарсы күрестің бір алуан құралы етіп, ащы тілді сықақ өлеңдерін алады. Дәл осы арадан Абайдың ақындыққа, ақындық қана емес, жалпы көркемөнерге эстетикалық көзқарасы айқын көрінеді.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ, барды, ертегіні термек үшін,
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,-
деген жолдарда ақынның эстетикалық мұраты, азаматтық мақсаты жатыр. Демек, ақын басынан өткен әлгідей аянышты ауыр халдің өзі де тегіннен-тегін өтпепті. Ақын енді қайралған, шыңдалған секілді. Ендігі машық басқа сияқты. Ақын сөзі ыза мен ашуға суарылып, мысқыл мен сықаққа толып, тиген жерін тіліп түсер семсерге айналған тәрізді. Мұны ақынның өзі де аңғарғандай:
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
He жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл,-
деп алады да, өз ортасындағы сорлылық қылықтарға күйіне қарап, сол күйініштен туған ызалы жырың тағы да ел мұңын емдеуге төгеді. «Сатираны кексіз күлкі, жеңіл мазақ, ұсақ қылжақ деп түсінбей, масқара болған қоғамның құрысқан кегінің нажағайлы рухы деп тану»,- керек екенін айтқан Белинскийге бақсақ, Абай сатирасының қоғамдық мәнінің байыбына бара түсеміз.
Қара басқан, қаңғыған,
Қас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар,
Құлағын ойлы ер салсын!-
деп, ұлы ақын «қалың еліне» бір ауық ащы ызамен соқтықса, мұның да жаттығы жоқ. Бірде осылай қатты айтса, енді бірде жуасып, жұртына жайлап қана тілек білдіреді:
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Осы мысалдардың қай-қайсысынан болса да Абайдың эстетикалық көзқарасы айқын аңғарылады. Ол өлеңді өмірге игі әсерін тигізетін, адамға ақыл-өнеге беретін өнер деп біледі. Ақын алдымен азамат болуы, халықпен бірге қуанып, бірге күрсінуі керек, сөйтіп елінің тілегін толғап, мүддесін ойлап, сырын жырласын, ақиқат шындықты суреттесін дейді. Бұл тұжырымын ол «Адамның кейбір кездері» деген өлеңінде, әсіресе, ашып айтады:
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар…
Қыранша қарап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға
Шиыршық атар, толғанар.
«Көңілге түрлі ой салар» әдемі әннің де, «ақылдының сөзіндей» әсем күйдің де бар кадір-қасиетін, тәр-биелік мәнін терең түсінген Абай бұлардың да өмірдің әр алуан шындық құбылыстарын дұрыс суреттеуін қалайды. Көпшілікке жөн сілтеуін, өнеге беруін; ал көпшіліктен көркемөнерді жоғары бағалап, халық мүддесіне пайдалануын, одан үйренуін талап етеді.
Ұлы ақын өз өнерін, міне, осы мақсатқа жұмсады.
***
Абайдың ақындығын арнайы әңгіме етіп, лирикасының сыры мен сымбатын пайымдаған жағдайда оның поэмаларын орағытып өтуге болмайды.
Жұртқа мәлім, Абай лирикалы өлеңдермен қатар бірнеше дастан жазды. Бұл ретте ол қазақтың жазба әдебиеті тарихында тұңғыш рет сюжетті поэма жасаудың үлгісін көрсетіп, осы жанрдың ірге тасын қалады десе болғандай.
Біз бұл жолы Абай жазған поэмалардың бәріне емес, біреуіне («Ескендірге») ғана тоқталамыз.
Әңгімені, алдымен, «Ескендірдің» тақырыбынан бастасақ, мұндағы оқиға желісі — әр елдің әдебиетінде әр түрлі жырланып, халықтар арасына мейлінше мол тараған сюжет. Поэманың бас кейіпкері Ескендірді (бірде Александр Македонский, бірде Ескендір Зұлқарнайын деген атпен) осы тақырыпты жырлаған әр ақын әр түрлі бейнеде керсеткен. Мәселен, әзербайжан әдебиетінің классигі Низамидың «Ескендірнама» дастанында Ескендір ұнамды кейіпкер ретінде суреттеледі…
Ал, Ескендір образын жасаудағы Абайдың мақсаты басқа: мұнда Ескендір ұнамсыз кейіпкер бейнесінде көрсетіліп, ұнамды кейіпкер ретінде Аристотель алынады да, мұның болмыс-бітімі анаған шендестіріліп, қарама-қарсы қойылады. Міне, осындай идеялық мақсаттан туған поэманың тақырыбы, тұжырып айтқанда,- екі адамның бойындағы терең ақыл мен жеңіл нәпсінің шарпысуы ғана емес, адамгершілік пен озбырлықтың арпалысы; әділдіктің жауыздықты жеңуі болып табылады.
Поэманың мазмұны да нұсқалы: Македония қаласында тұратын Филипп деген патша өліп, оның тағына баласы Ескендір отырады. Ескендір жасынан қызбалау, «мақтан сүйген, қызғаншақ адам екен». Жасы жиырмадан аз-ақ асқан соң «көршілерге көз алартып, сұмдықпен әскер жиып, жақын жерге жау боп, күтінбеген көп елді қырып-жояды да, қалаларын тартып алады». Жазықсыз жандардың қанын төгіп, «шапқан елдің бәрін» өзіне бағынышты етеді. Ел шапқан сайын «араны ашыла түседі». Енді жер жүзін түгел жаулап, өзіне қаратқысы келеді. Осындай жауыздық оймен «жарақтанып, есепсіз әскер ертіп», жолға шыққан Ескендір елсіз шөлге ұрынады:
Сандалды cap далада су таба алмай,
Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай.
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты шөлдегенге шыдай алмай.
Енді бірде Ескендір ат үстінде тұрып, алыстан жылтыраған бір нәрсе көреді; «барса бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ». Суға қанып, шөлін баскан озбыр патша енді әлгі бұлақ ағып шыққан жерге барып, сол жердегі елді жауламақшы болады. Қолын ертіп, бұлақты бойлай күні-түні дамылсыз шауып келе жатса, «судың басы бір құзар шатқа кіреді»: шаттың аузы қорған, корғанның кақпасы бекітулі, бекітулі кақпаны даңғой патша қалай тартса да ашылмайды. Ескендір долдана айғайлап, қақпаны канша қаққанмен, арғы жағынан келген күзетші: «Рұқсат жоқ!» — деп ашпайды. Ескендір өзін таныстырып, мықтылық айтады. Сонда күзетші тұрып:
Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсек,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең! —
дейді. Амалы құрыған Ескендір не істеудің бабын таппай, күзетшіге жалынып, сыйлық беруін сұрайды. Анау орамалға түйілген бір нәрсе береді. Ескендір түйіншекті шешіп қараса, — бір қу сүйек; долданып, лақтырып жібереді. Ескендірдің ақылды жолдасы Аристотель оның көзінше әлгі сүйекті таразының бір басына салып, екінші басына барлық күміс пен алтынды, оның үстіне қалың колдың қару-жарағын түгел үйсе де кішкентай сүйекті баса алмайды, қайта сүйек ауырлана түседі. Патша таң қалады. Содан соң, Аристотель сүйек үстіне бір уыс құм шашқанда, «ана басы сылқ етіп жерге түседі де, сүйек басы жоғары шығып қалады». Аристотель патшаға «Бұл — адамның көз сүйегі екенін», араны ашылған адуын пенденің «жеміт — көзі» өзі өліп, «құм құйылғанда ғана тоятынын» түсіндіреді. Жауыз патша мойны салбырап, кері қайтады.
Поэмадағы адам бейнелері де бедерлі, қызық.
Абай өзінің ащы сатирасында («Болыс болдым мінекей», «Мәз болады болысың» т. б.) екі жүзді, жемқор болыстардың мінез-құлқын, іс-әрекеттерін баяндау арқылы, олардың кескін-кейпін окушылардың көз алдына әкелетін. «Ескендір» поэмасындағы образдар да дәл сол әдіспен жасалған.
Поэмада аты аталатын екі кейіпкер — Ескендір де, Аристотель де көне дүние тарихында бар адамдар. Бұлар ақынның суреттеуінде бірі — ақыл мен әділдіктің, екіншісі — қара көңіл озбырлықтың өкілдері ретінде көрсетіледі.
Ескендір — мақтан сүйгіш даңғой, іші тар күншіл, қызғаншақ, қаны қара жауыз, озбыр патша. Оның бойында адамға тән ешқандай касиет жоқ, аяныш дегеннің не екенін білмейді: жазықсыз жандардың «дарияның суындай» аққан қаны Ескендірге ешқандай ой салмайды, шіміркенбейді. «Ашуы кеп, қанішер, қаһарлы» патшаның «ашылған аранын» еш нәрсе тойдыра алмайды:
Алған сайын көңілі бір тоймады…
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Өмірге көр қазушы қанқұйлы, мейрімсіз әміршінің маңдайы «бекітулі қақпаға» тірелгенше ойранын тоқтатқан да ешкім болған емес:
Алдынан шыға алмады ешкім мұның,
Бәрін де алды, қорқытты жолдағының.
Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,
Жер жүзін жеке билеп алмақшының.
Осындай қатыгез патшаға Аристотельдің образы қарама-қарсы қойылады.
Аристотель — әр нәрсеге мән беріп, байыппен қарайтын, өмірдің әрбір құбылысынан өзінше қорытынды шығаратын байсалды ақыл иесі, терең ойдың адамы. Поэмада суреттелген оқиғаға соңғы жағынан қатысып, аз ғана көрініп өтсе де, оның бойынан осы қасиет аңғарылады. Ескендірдің қылмысты қылығына тоқтам салған да соның ақылы. Аристотельдің «жеміт көздің» араны үлкен екенін, дүниеге тоймайтынын айта келіп:
Қанша тірі жүрсе де өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен,-
дегені — Ескендірдің көзінің емес, өзінің қанағатсыздығын, құлқынқұмар мансапқорлығын түйрей сынағаны.
Өрісі тар, өзімшіл патшаны ақын қарапайым адамға бас игізіп, оның қомағай нәпсісін саналы ойға осылай жеңгізеді. Сөйтіп, ол Ескендірдің қылмысты ісіне Аристотельдің аузымен өз үкімін айтады.
Поэманың идеялық мазмұны да осында жатыр.
Енді «Ескендірдің» ерекшелігіне келсек, мұның өзі онша көлемді де, күрделі де поэма емес: сюжеті шағын, оқиғасы аз, бәрі бір кішкене ғана арнаның бойында жатыр; оқиғаға қатысатын негізгі (аты мәлім) кейіпкерлер де екеу-ақ. Осыған қарағанда, поэмаға арқау болған шындық сол кездің тұрмыс-тіршілігінен туған іргелі мәселенің өзі емес, бір ғана бұтағы тәрізді.
Ұлы ақын өзінің бұл еңбегінде көп адамдар қатысатын шытырман жайларды, қат-қабат құбылыстарды жан-жақты суреттеп жатпай-ақ, поэмаға арқау болған шындық желісін де, сол арқылы айтпақ болған өзінің ой түйінін де шебер шешкен. Мұндағы адам образын жасауда да Абайға тән ерекшелік бар: Ескендірдін де, Аристотельдің де сыртқы кескін-кейпі өз алдына суреттелмейді, ішкі психологиялық өзгешеліктері де нақты дерек-деталь арқылы берілмейді. Поэмада мұндай суреткерлік тәсілдер колданылмаған, тек болған істі бір ізбен баяндау ғана бар.
Бірақ осындай жай баяндаудан-ақ негізгі екі кейіпкер өз бойларына өзгешеліктер жинап, оқушыға сол ерекшеліктерімен толық жетеді; іші-сырты таныс, іс-әрекеттері нанымды. Әсіресе Ескендір тұлғасы оқшау, оқушының көз алдына келіп, дараланып тұрады. Рақымсыз ел тонаушының менмен, ожар түр-тұрпаты да, ақылсыз, даңғой мінез-құлқы да, қырғынды қимыл-әрекеттері де шебер жинақталған. «Жалпы композициялық құрылысын алғанда, «Ескендір» — Абайдың ең жақсы поэмасы» (М. Әуезов).
Поэманың әр жерінен кездесетін бірен-саран жеке сөздер болмаса, тілі таза, жеңіл, жалпыға бірдей ұғымды. Ақын сөзге сараң да, мағынаға терең:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македони шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйген, қызғаншақ адам екен…
Осы бір шумақта талай жай айтылып қалды: оқушының назарын шұғыл аударып алу үшін жазылған алғашқы жолды қоспағанда, қалған үш жолдың өзінен-ақ Ескендірдің тұрған мекені мен туған әкесінен мәлімет беріліп, мінезі баяндалды.
Поэманың тәрбиелік мәні зор. Абай өз кезіндегі адамдардың мінез-құлқын түзеу мақсатымен, оларды үстем тап өкілі Ескендірдің оспадар қылықтарынан, қылмысты істерінен жирендіріп, саналы адамгершілікке баулиды. Сондағы айтар ақыл-өсиеті мынау:
Ақылсыз өзін мақтап, былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?
Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?
* * *
Абайдың ақындығын арнайы әңгіме еткен жағдайда оның ғақлия-қара сөздері туралы үндемей кетуге болмайды. Өйткені «Абайдың қара сөздері — оның акындық мұраларына қосылған бағалы қазына» (М. Әуезов).
Жұртқа мәлім, Абай тек поэзиялық шығармалар ғана емес, сонымен қатар прозалық шығармалар да жазды. Бірақ оның қара сөздері, яки ғақлиясы роман, повесть не новелла секілді фабулаға, сюжетке құрылмаған. Сондықтан онда жан-жақты суреттелетін адам образдары да жоқ. Ақынның ағартушылық идеясына байланысты әр алуан ойларынан туған үгіт-насихат, накыл сөздер болып келеді. Жанрлық жағынан алып қарағанда адамдарға ақыл-өнеге берер ғылыми-философиялық шолулары бар публицистикалық эссе сияқты. Тақырып, идея жақтарынан алып қарағанда бұл қара сөздер ақынның өлеңдеріндегі пікірлердің жалғасы тәрізді. Ақын өлең арқылы толық жеткізіп бере алмаған пікірлерін осынау ғақлия-қара сөздер арқылы айтқанға ұқсайды.
Абай өзінің Лермонтовтан аударған бір өлеңінде. («Альбомға»):
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер…
…Арттағыға бір белгі қойса нетер?-
дей келіп,
Кім біледі, кез болса арттағылар,
Ойға салып, оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
«Рас-ау» деп, мағынасын о дағы ұғар,-
деп жазса, қара сөздерінің бірінде дәл осы пікірін қайталап, былай деді: «Ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін… кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын я оқысын, «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі…» («Бірінші сөз»). Бұдан Абайдың ғақлия жазғандағы мақсатын аңғару киын емес.
Абайдың қара сөздерінің өзіне тән ерекшеліктері бар: көлемі шағын, бірақ мазмұны бай, сөзге сараң мағынаға терең болып келеді. Абай өз «сөздерінде» не мәселені қозғаса да, қандай пікір айтқысы келсе де, нақты ойын белгілі бір жүйемен баяндап, желімен жеткізіп отырмайды, құбылтып әкете береді, біресе өзімен-өзі сөйлеседі, біресе оқушымен кеңесіп кетеді, енді бірде тосыннан сұрақ койып, соған жауап беріп жатады. Осыған байланысты Абай ғақлияларының сөйлем құрылысы да әдеттегіден оқшау, жазушының қағазға жазғанынан гөрі шешеннің қолма-қол суырып салып, ауызша айтқанына көбірек ұқсап тұрады.
Абайдың өлеңдері сияқты, қара сөздерінен де оның өзін қоршаған өмір шындығына көзқарасы, дүние тануы аңғарылып отырады. Өйткені, ол мұнда тек жеке адамның мінез-құлқын түзеуге арналған жайлар ғана емес, зор қоғамдық мәні бар, күрделі мәселелерді де қамтиды. Бірақ біз Абайдың барлық қара сөздерін түгел әңгіме етпейтін болғандықтан, оның ғылымдық мәні бар тереңіне бойлап, философиялық пікірлерін талдап, дүниетанымын пайымдап жатпаймыз.
Біз бұл жолы Абайдың халықты өнер-білімге, еңбекке шақырған, адамдардың ой-санасын көтеруге арналған, байлар мен болыстарды, билер мен малқұмар «пысықтарды» сықақ еткен, надандық пен қараңғылықты, қазақтың ескі мақалдарын сынға алған сөздерін ғана қысқаша шолып өтеміз.
Абай өзі өмір сүрген ортадағы әр алуан надандық мінездерді, озбырлық қылықтарды: ездік пен өзімшілдікті, ұрлық пен өтірікті, байлар мен билердің қулық-сұмдығын, мансапқорлығын қатал сынай келіп, қалың бұқараны қараңғыға қалдырып отырған, елдің өнер-білім үйреніп, сана-сезімінің оянуына кедергі болып отырған осылар деп қорытады. «Он бірінші сөзінде», «Жиырма бірінші сөзінде» ауылдағы құркеуде байлар мен ұлықтардың арамзалық, жауыздық іс-әрекеттерін, білімсіз қауымның жалған мақтанын, ұрлық-қулығын әшкерелейді: «…ұры ұрлықпен мал табам деп жүр; мал иесі, артылтып алып, тағы да байимын деп жүр… Ұлықтар «пәлі-пәлі», бұл табылған акыл деп, мен сені бүйтіп сүймеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйемін деп, мынаны жеп жүр…» («Он бірінші сөз»). Міне, мұнда сол кездің шындығы қаз қалпында, айқын баяндалып отыр. Бірақ бір айта кететін нәрсе, Абай өз ортасының жоғарғыдай жиренішті қылықтары мен мінездерін дәл көрсетіп, ащы тілмен түйрей сынаса да, өз пікірінен дұрыс байлау шығара алмайды. Ұрлық жоғалса, «бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді» деп, ағат тұжырымдайды. Ұрлықтың да, зорлықтың да шығар жері, «қайнар көзі» болып отырған байлар екенін, сол қанаушы тап құрымай халыққа жарық жоқ екенін түсінбейді. Бұл Абайдың негізгі қайшылығы екенін біліп алуымыз керек және мұндай қайшылық оның тек қара сөздеріне ғана емес, бүкіл шығармашылығына тән әлсіздік. Бірақ жалпы алғанда, Абай үстем тап емес, езілген таптың мұңын жырлап, халық жағында қалды. Ұлы ақынның әлгі айтқанымыздай, әр жерде аяғын шалыс басқаны — оны қалың бұқарамен біте қайнасқан, қабыса қосылған тілегінен айыра алған жоқ. Бұған оның кара сөздері де айғақ: «…ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын шаруаларды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым» («Жиырма екінші сөз»).
«Ақылы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны — бәрі мал» болған топас, надан байлар мен би-болыстардың «ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы» («Сегізінші сөз») жоқ екенін Абай жақсы түсініп, кара сөздерінде өзінің ғылымға, өнерге, еңбекке шақырған ағартушылық пікірлерін, үгіт-насихаттарын халық бұқарасына арнады. «Жетінші сөзде» «жас баланың да анадан туғанда екі түрлі мінезбен: ішсем, жесем, ұйықтасам және білсем, көрсем, үйренсем екен» деп туатынын айта кеп, адамдарды соңғысына шақырады. Надандығымызды білімділікке бермей таласқанда өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» («Жетінші сөз»), бұл дұрыс емес, білмегенді үйрену қорлық емес, қайта жалықпай іздену керек; «…естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе — дүниедегі жақсы, жаманды тануындағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» («Он тоғызыншы сөз») — деген ақылын айтады. Ал, адам білгенін, ұққанын ұмытпай ойына қалай тоқып алу керек екенін «Отыз бірінші сөзде» айтады, біз соны түгел келтірелік: «Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек. Екіншісі, сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибраттану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек. Үшінші, сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші, ой кеселді нәрселерден кашық болу керек; егер ой кез болып қалса салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы, күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді, бұл төрт нәрсе күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер».
Абайдың бұл айтқандары күні бүгінге дейін мәнін жоймаған, адамға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие берер, оқуға, оқып білгенді көңілге тиянақтап тоқуға үйретер құнды пікірлер.
Абай өзінің «Жиырма тоғызыншы сөзінде» қазақтың кейбір ескі мақалдарын катал сынға алады. Шынында да көнелеу мақал-мәтелдердің ішінде бір кезде үстем таптың тілек-мүддесінен туған, адамды адастыратын, зияндылары толып жатыр. Ақын жұртшылыққа соны әшкерелеп, мұндай сөздерге «сақ болу керектігін» түсіндіреді. Сөйтіп, оның бұл арада айтар пікірлері де халықты еңбекке баулыған үгіт-насихаттарына тоғысады: «жарлы болсаң арлы болма» деген мақалға қарсы шыққан Абай — «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргенде жаныңды қинап, еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол ар кететұғын іс емес, тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек; ол — арлы адамның ісі» — дейді. Немесе, «Сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ» деген мақалдың да нағыз кертартпа, теріс пікірден туған нәрсе екенін ашып, бұл жерде де көпшілікті еңбекке тәрбиелейтін қорытынды шығарады: «сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой».
Қысқасы, Абайдың ғақлия-қара сөздері өз дәуірінің ақиқат шындығынан туған, танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні зор шығармалар. Түрі көркем, тілі де әсем, мазмұны терең, идеясы көбіне халық тілегімен қабысып жатқан туындылар. «Әкенің баласы — адамның дұспаны, адамның баласы — бауырың»; «көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады»; «биік мансап — биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» дегендер, немесе:
Бақпен асқан патшадан,
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық!-
деген сияқты («Отыз жетінші сөз») талай тамаша нақылдардың жұртшылыққа соншалық кең, мол тарап, тіпті мақалға айналып кетуінің өзі, әлгі айтқанымыздай, Абай ғақлияларының құнды қасиетіне саяды.
* * *
Ақыр аяғында, Абай шығармаларының көркемдік ерекшелігіне аз-кем көз тоқтатар болсақ, бәрінен бұрын Абайдың тіліне назар аударған жөн. Былай: орыстың әдеби тілін дамытуда Пушкиннің орны қандай болса, қазақтың әдеби тілін дамытуда Абайдың ролі де сондай.
Абай өлеңнің ең әуелі «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюін» талап етіп:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білімсіз бишарасы,-
деді де, әдеби тілді халыққа шалғай, ұғымсыз, мағынасыз шет сөздермен шұбарлауға қарсы болды:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау…
Сөйтіп, ол тілдің тазалығы үшін күресті және мұнымен тынбай, өзі жаңа, таза сөздер тіркесін түзді, сол арқылы өлең сөздің образдылығын байытты.
Айталық, «Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім» деген бір ғана жол өлеңді мысалға алсақ, осындағы «жабырқаңқы сөздің» ұғымы бұрын қазақта бар ма еді? «Жабырқау көңіл» деп айтылса айтылған болар, бірақ «жабырқау сөздің» дәл беретін, терең жеткізетін ұғымы тек Абайдан қалған. Сондай-ақ, «қалғыған тау», «дел-сал дала», «сілкінген жапырақ», «күлімсіреген аспан», «ойланған жер», «күңгірт көңіл», «сұрғылт бейуақ» т.б. секілді сөзбен салынған су жаңа суреттер, соны мағына тауып жаңғырған, жаңарған, жасарған сөздер қазақтың әдеби тіліне тек Абай арқылы ғана енді.
Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз
Тасты жол жарқырайды буға амалсыз.
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп, ымдасқандай көкте жұлдыз.
Абайдың Лермонтовтан аударған осынау бір-ақ шумағынан канша әсер алар едік. Ал әсер сөздегі суреттілікте: үнсіз, тілсіз, жым-жырт түн. Түнгі шыққа малынып, буға амалсыз жарқыраған (қандай тың тіркес) тасты жол сайрап жатыр. Осы жолмен түн жамылған жалғыз жолаушы жүріп келеді. Меңіреу жапанда жалғыз жүргіншіден басқа жан серіппейді. Елсіз жер хаққа мүлгіп тұрғандай қимылсыз, сұлық түсіп, сұлай беріпті. Жалғыз-ақ, көк жүзіндегі көп жұлдыз ғана бір-бірімен ымдаса сөйлескендей жымыңдайды…
Бір шумақта осынша бай мазмұн бар. Бай мазмұн оқушыға Абай тілінің тек дәлдігі, мөлдірлігі, шыншыл да шынайылығы арқылы ғана жетіп тұр.
Абай тілі — бай тіл. Ал байлықтың бір алуаны суреткер палитрасындағы ұланғайыр ажарлауда, құбылтуда (троп), айшықтауда (фигура) жатыр.
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ;
Ауыз-омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Бұл өлеңде ақын жақсы аттың сыртқы кескінін ылғи эпитет арқылы жеткізсе, енді бір өлеңдерінде:
Қайғың — қыс, жүзің — жаз…
немесе,
Сен — жаралы жолбарыс ең,
Мен — киіктің лағы ем…
деп, адам образын жасауда аса нұсқалы метафоралар қолданады.
Арыстанның жалындай бұйра толқын,
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Осы екі жолдағы соны теңеулер «долданып, буырқанып, тауды бұзып, тасты жарып жол салған асау Теректің» ақжал толқындарын әсерлі түрде әдемі суретке көшіреді.
Кәрі Каспий кара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты,-
деген кейіптеу қиырсыз теңіздің кәдімгі кісі тәрізді тірі кескінін көз алдымызға әкеледі.
Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға…
Мұнда шебер жасалған шендестіру арқылы түлкі алған бүркіттің қар үстіндегі қызық қимылы ғажайып суретке айналып тұр.
Абайдың шеберлігі — әр сөздің орнын табуында; ал орнын тапса, ойнамайтын сөз жоқ.
Енді Абайдың өлең өріміне келсек, байырғы қазақ поэзиясында негізінен екі-ақ өлшем (он бір буынды қара өлең, жеті буынды жыр) болғанын ескеруіміз шарт. Абай, әрине, бұл түрлерді толық пайдаланды. Сонымен бірге мұның үстіне мазмұны мен пішіні де, өлшемі мен өрімі де, тіпті ырғағы мен ұйқасы да жаңа оннан аса өлең түрін косты. Абайдың бұл жаңалығы қазақ өлеңінің ішкі заңдарымен толық үйлесім тауып, оқушы ұғымына төл туынды қалпында терең сіңіп кетті.
***
Абайдың ақындығы туралы әңгімемізді қорыта келіп, Абай творчествосының тарихи мәнін жүйелегенде, ең алдымен, Абай «бұрын езілуде болған өз халқының орыс мәдениетімен бір мақсатта болу кажеттігін түсінген, Қазақстанның революцияшыл-демократияшыл Россиясыз азаттыққа жете алмайтынын ұғынған» (А. Фадеев) кемеңгер ақын екенін айрықша атап айту шарт. Сондықтан да ол орыс мәдениетінің қазақ даласындағы жаршысы болды да, өз халқын сол ұлы халықпен шынайы достыққа шақырды. Бұл — бір.
Екіншіден, Абай творчествосының мәні ақынның бұқарашылдығында, өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы әлеуметтік теңсіздікті көре білуінде, халық тұрмысына назар аударуында, қанау мен әділетсіздікті батыл сынауында, теңдікті жырлауында, адамгершілікті насихаттауында, халықты оқу-білімге, өнер-ғылымға, талап-еңбекке үгіттеуінде, сайып келгенде халық бұқарасының сана-сезімін оятып, ой-өрісін кеңітіп, жарқын келешекке сенім нығайтуында жатыр.
Абай творчествосының осылардан туатын тағы бір тарихи мәні — өзіне дейін болып көрмеген тың тақырыптарды жыр етіп, оған биік идея, терең мазмұн, тың пішін беруінде; қазақтың әдеби тілін байыта, дамыта қалыптастырып, жаңа жазба әдебиетінің негізін салуында; қазақ поэзиясын сыншыл реализмнің шырқау сатысына көтеруінде болып табылады.
1950