Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Х.Сүйіншәлиев. АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ

(1845-1904)

Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев — өз ұлтының реалистік гуманистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің ең басты мәселелерін дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін зор мақсатқа меңзеді.

Кемеңгер ақынның ұлы мақсат-мүдделері бізге тамаша гуманистік әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ елінің шын сырын ашты. Абайдың шығармалары — өз дәуірінің келелі мәселелерін реалистікпен суреттейтін, ағартушылық гуманистік мазмұнға бай, ізгі ниеттер мен терең ойға толы, шебер тілді көркем туындылар.

Амал не, Абайдың осы асыл мұралары өзі тірі кезінде, бүгінгідей жоғары бағаланып, кең танылып кете алмады. Абай шығармалары (бір-екі өлеңнен басқасы) қолдан көшіріліп, қолжазба күйінде не жатқа айтылу арқылы ғана таралды. Ақын өлеңдерін шағын жинақ ретінде 1909 жылы Кәкітай Ысқақов бастырған еді. Ал одан кейін 1917 жылы Құрманов дегеннің редакциясы бойынша Абайдың таңдамалы өлеңдерінің шағын жинағы Орынборда басылып шыққан-ды.

Ресей географиялық қоғамы Абай туралы мәліметтерді ерте кезден-ақ бере бастады. 1906-1907 жылғы «Хабарларында» ақынның суретін және ол туралы Әлихан Бөкейхановтың көлемді мақаласын жариялады. Ал 1914 жылы сол қоғам A. Н. Веселовскийдің құрметіне арнап шығарылған «Шығыс жинағының» үшінші бөлімінде ақынның кейбір өлеңдерін бірінші рет орыс тіліне аударып басты. XX ғ. басында өмір сүрген ұлы жазушылар — Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, т. б. ақынның ерекшелігін танып оны «Қазақтың бас ақыны», — деп ардақтады, үлгі тұтты. Кейін ақын шығармашылығы жаңадан жаңғырғандай болды. Оның шығармалары толық жинақ түрінде де, жекелеген кітаптар түрінде де әлденеше рет баспа бетін көрді, туысқан халықтар тілдеріне аударылды.

Кейінгі жылдары республикамыздың ғылыми-зерттеу орындары мен әдебиетшілері Абай шығармашылығын игеруде жаңа қадамдар жасады. Күнделікті баспасөз бетіндегі мақалаларды былай қойғанда, көлемді монографиялық зерттеулер де жарық көруде. Бұл еңбектер, сөз жоқ, абайтану тарихында жаңа бір белес биігін танытады.

Абайтану қазір өз алдына бөлек бір ғылым болып қалыптасты. Бұл ғылымды негіздеудегі аса көрнекті ғалымымыз М. О. Әуезовтің еңбегін ерекше атап көрсету қажет. Ол қазақтың классик ақыны Абайдың көркем образын жасаумен қатар, терең ғылыми-зерттеу жұмысын да жүргізіп, абайтануғылымының негізін салды. Ақын шығармаларын жинастырып, оның тұңғыш толық жинағын шығарды, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы фактілерге бай, ғылыми тұжырымдары дәйекті де терең, көлемді монография жариялады. Ұзақ жылдар бойына еңбек етіп, Абай шығармашылығының келелі мәселелері туралы көптеген зерттеулер, мақалалар да жазды [1].

Бүгінде Абай мұралары жанрлық жағынан да, поэтикалық тілі, көркемдігі мен халықтығы жағынан да жан-жақты әрі тиянақты зерттелуде. Абай шығармашылығының арналары басқа елдер әдебиетімен, оның ішінде классикалық әдебиеттермен байланысты қаралып, одан ақынның үйрену, аудару тәжірибелері мол зерттеулер туғызып отыр. Абайдың дүниеге көзқарасы, қоғамдық ойлары, оның орыстың озық, ілгерішіл идеясымен байланысы сияқты мәселелердің де беті ашылды. Абайды зерттеуге тілшілер де, экономистер де, философтар да, тарихшылар да, заң-хұқық қызметкерлері де белсене ат салысуда. Бұлардың еңбектері өзінің жақсы нәтижелерімен жұртшылық көңілінен шығып отыр.

Абайды зерттеу ісі қазір тек қазақ ғалымдарының ғана шұғылданар ісі болмай, бүкіл жер жүзі ғалымдарының төл ісіне айналып кетті.

Әсіресе, 1995 жылы ЮНЕСКО-ның Абайдың туғанына 150 жыл мерекесін тойлау туралы шешімі, оның даңқын бүкіл әлемге әйгіледі. Осы тұстағы Абай шығармаларының басқа тілде басылулары мен ақын жайында шыққан жеке мақалалар мен кітаптар оны қалың қауымға бұрынғыдан да танымал ете түсті.

 

1

 

Дана ақын Абай 1845 жылы тамыз айында, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауында туған.

Абайдың әкесі — Құнанбай — өз еліне атағы шыққан аға сұлтан. Зерделі, зерек ел ағасы, ірі тұлға.

Абайдың жас кезіндегі көңіл сергітіп, жүрегін жібіткен жылы құшақ кіші пейіл анасы — Ұлжанның мейірімді көңілі, көпті көрген әжесі Зеренің жылы қойыны. Абайдың ақкөңіл, адамгершілік сезімі күшті, зәбір-жапа шеккен адамды, жоқ-жітікті аяғыш, сергек бала болып өсуіне де осы жайлар себеп болған.

Оқу жасына жеткеннен бастап, Абай ауыл молдасында, үйде оқыды. Біраз уақытын молдамен бірге өз үйінде «әліп», «би» жаттаумен өткізеді. Бұған қосымша, ел шешендерінің шебер тілді мақалдап айтқан тұспал әңгімелері, халықтың ақын, жыршы, ертегішілері сөздері — Абайдың алғашқы сәбилік сезіміне түрткі салып оятқан күштің бірі.

Сегіз жасар Абай өзінің зеректік қабілетімен әке көзіне ілігіп, үміт күтер, ата жолын ақтар бала болар ма деген ой салады. Міне, осы себептен әкесі Құнанбай Абайды Семей қаласына апарып, әуелі Ғабдулжаппар молдаға оқуға береді. Бұл молданың қарамағында екі жылдай оқып, мұсылманша бастауыш білім алады. Бұдан кейін, он жасар Абай, бір басқыш ілгері дәрежедегі, жабық оқу орны, мешіт жанындағы діни медресеге түседі. Осы медресе имамы Ахметризаның қарауында оқиды. Абай бұл медресе оқуын да меңгеріп, үздік көзге түсті. Абай молдадан оқи жүріп, өз бетімен көп ізденеді. Сол кезде көп тарап жүрген Орта Азия және тәжік, парсы халықтарының ұлы ақындары — Науаи, Низами, Фердоусилер шығармаларымен танысады. Бұлардың еңбектеріндегі адамгершілік идеясы, реалистік мотивтер Абайға үлкен ой салады. Оны білуге, ілгері іздене беруге ұмтылдырады. Соған орай ол көрнекті ақындардың шығармаларына үлкен назар салып, келісті сөздерін жадында сақтап жүреді. Ендігі жерде Абай медресе айналасындағы салтқа, жүрекке қонымсыз бір сарынды жаттанды оқуға, оның тәубешіл имамдарына қанағаттанбай, ел өміріне жанасымды білім алар жерді іздестіреді.

Семейде болған аз жыл ішінде Абай тек медресе маңын, діни қауымды танып қойған жоқ. Абайдың сезімтал, жас, ынталы жүрегі оған қаланы тегіс танытты. Ол қала халықтарын, оның мәдениеті, тұрмыстарын күнкөріс тіршіліктерін, даладан өзгешеліктерін, тағы басқа жақтарын түгел танып, зердесін өсіреді. Қала халқының бойындағы игі қасиеттерді Абай сол оқушы кезінің өзінде-ақ таниды. Өз бетімен қала халқына жақындасып кетеді. Ең алдымен тілін үйренуге зер салды. Құрбы балалармен бірге орыс мектебіне де барады. Ол мектеп оқуы өзге, өмірге жақын, дүниелік екенін таниды. Аздаған уақыт орыс мектебіне (үш айдай) қатысып, сабақ алады. Мұғалім жалдап, үйден де оқиды. Сөйтіп орысша оқуға жан сала кірісіп, сол тілдің қиындығына қарамастан, еңбектене жүріп, біраз хабар алады. Орыстың тілін, жазуын меңгеру арқылы Абай өзіне кең дүниенің есігін ашып, мол қазынаға қолын жеткізгендей болады. Енді, ол қалалық кітапханадан шықпай оқып, білімге бой ұрады. Кітапханаға жиі барып тұру арқылы ғалымдар тобымен танысып, олардың көңілін аударады. Дала халқы, қазақ баласының кітап алуы, оқуы — ол кезде көп кездеспейтін, тым сирек жағдай. Сондықтан, кейбір оқымыстылар, көреген қариялар, әр түрлі ойлы адамдар Абаймен тілдесіп, өздерінің ақылын айтып, шын мейір көрсетіп, ішіне тартып, баули бастайды. Олар Абайдың ұқыпты, зеректігін сезіп, өз меншігіндегі кітаптарды, кейін, тіпті сирек кездесетін шығармаларды оқуға жәрдемдеседі, рұқсат етілмейтін авторларды ұсынып, әбден достасып кетеді.

Осылайша, қала өмірін танып, жаңа дүниенің есігін тауып, ішіндегі нәрді тата бастаған оқушы Абайды әкесі Құнанбай оқудан айырып, елге алып келеді. Енді ол Абайға өз «өнерін» үйренуді ұсынады. Ел билеу ісіне баулу мақсатымен оны ру арасы, ел іші дау-жанжал, айтыс-тартысына қосады. Амал не, Абай бұл талапқа да көнеді. Өзіне жүктелген тапсырмаларды кейде әке ырқынша, кейде өз жүрек қалауынша, ойы жеткенінше, әліне қарай шешіп жүреді.

Енді Абай өз еліне бұрынғыдай емес, саналы, ойлы, оқыған жас болып оралады. Елдегі өмірде жете танырлық дәрежеге көтеріледі. Бұрын көп елемей, құр тыңдап қоятын ұшқыр сөз, мақал-мәтел, өлең, жыр, ақындар айтысы енді Абайдың назарын аударып, өзіне тартып әкетеді. Бұл сияқты халықтық мол мұраны меңгеру Абай үшін ең керекті іс болып танылады. Абай өнерпаздар жиынына, Ұлжан анасының оларға деген сыйына, мейірлі меймандостығына өте ризалықпен қарады, олардың басы-қасында жүреді. Абай да өнерлі ақындарды өзіне тым жақын тартып, олардың шеберлік жетістіктерін меңгеруге тырысады.

Абай осы қалыппен қыр қазағы, әке көмекшісі болып қала берген жоқ. Ол нәр алған қала мәдениетіне оралуды үнемі арман қылды. Ер жете келе, өз бетімен қалаға қайтып оралып, жиі келіп жүрді. Осы келу сапарларында Абай көптеген өмір азығын алып кайтатын. Ол алып қайтқан өмір азығы, барып оқыған кітаптар арқылы тапқан мәдениет қазынасының құнды қорлары — Батыс классикасының шығармаларынан жиған рухани табыстары еді.

Абай классикалық әдебиеттерді оқыған сайын көзі ашылып, өмірдің, қоғамның сырларына түсіне бастайды. Бұрын Абай өмірдегі жақсылық пен жамандық, дәулеттілік пен жоқшылық бәрі құдай ісі деген молдалардың ғана сөзін естіп келсе, енді Абай өмір туралы, ондағы қоғамдық теңсіздік туралы өзгеше ой, ақылға сыйымды, өмірге үйлесімді жаңа түсініктер табады. Сөйтіп Батыс әдебиеті Абайдың дүниеге көзін ашып, көңілін сергітеді. Абайдың ықылас, ынтасы сол уақыттағы озық ойларды, ағартушылық гуманистік түсініктерді сарқа меңгеруге ауады.

Абайдың медреседен кейінгі оқу жолы осындай өз бетімен іздену, үйрену дәрежесінде болды. Алыстан араласқан Абай өзіне жаңа орта — тың жол тапты. 17-18 жастан 28-29 жасқа дейінгі Абайдың өмірі осындай өз бетімен іздену, ел өмірін зерттеу, халық даналығы мен батыс әдебиетін меңгеру жолында өтті. Бірақ бұл жылдары Абайдың өз басының билігі өз қолына тимей жүрді. Көбіне-ақ беделді әкенің тәлімі астында өтті. Бұл жағдай Абайдың ел өмірін, қазақ қоғамын жете тануына жәрдемдесті, Абайдың ойын дамытып, тіл шеберлігіне дағдылануына әсерін тигізіп отырды. Талай шебер тілді шешендік, өткір тілді ақындық, сөз тапқыр, әділ биліктер Абай үшін керекті өнер еді. Абай сол өнерді халықтан үйреніп, жақсы меңгереді. Бар жас кезін осындай ел жанжалы мен дауын басу үшін жұмсай беру Абай сияқты халық үшін туған ақыл иесі адамға ой салмай қоймайды. Оның үстіне, оқыған әдебиетіндегі ұлы адамгершілік идеяны таныған сайын, ақынның халықтық беті айқындала береді. Енді билік айтса, адалдықпен халық мақсатын айтып, ел билеріне, әке тобына өзінің наразылығын білдіріп отырады. Көбіне үйде отырып кітап оқып, өз ойларын жазып, оқығандарынан халық арасында әңгімелер айтып, өз қалауымен жүріп, іздене түседі.

Осылайша, Абай тек отыз жастан асқан соң ғана өз көңіл қалауымен қызмет етеді. Абай осы кездерден кейін шығармашылық қызметпен де айналыса түседі. Бұған дейін, Абай көбінесе ізденіп, оқып үйреніп келген-ді. Кейде жеңіл әзіл-оспақ ретінде жастық сезім күйін шертіп, кейде мінезі жаман адамдарды, оның сараң шолжаң әйелдерін, қуларды келеке етіп қоятын, кейде сұрампаз, жағымпаз ақынсымақтарды, шешенсіген билерді сөзбен шалып, олардың орынсыз сөздерін бетіне басатын. Әуелгі кезде оқушы жолдастарына арнап, кейбір молдаларға қаратып, ұшқыр сөз, өткір өлең шығарып айтып та жүрген. Сол алғашқы кезінде, қанатты сөздерді өзі оқыған діни оқуынан таппақ болып, араласып жатқан тілі шұбар өлеңдер де шығарып отырған. Кейде Низами, Науаи, Фердауси сөздерін қайталап, солар жазған тілдің сөздерін өз өлеңіне молырақ ендірмек те болған. Ескі діни оқудың әрбір әрпін келеке етіп, ұйқастыра сөз қосып, өлең айтып жүрген.

Ал ер жетіп, ақыл тоқтатқан кезден бастап Абай жат тіл қолданып, жеңіл сөз айтудан аулақтай береді. Ол саралап сөз жиып, салмақпен тіл қатып, байсалды ой мен терең пікірлер қозғап отырады. Өз халқының тіл байлығын сарқа пайдалану мақсатын көздейді.

Абай 35-40 жастар шамасында өзінің ақындық талантын таныта бастайды. Ендігі оның шығармалары жаңа бағыт ұстайды. Зор идея мен тың мазмұнға негізделген соны шығармалар беріп, бірден-бір дұрыс жолмен ілгері аяқ басады. Абайдың тез өзгеріп, жетіле түсуіне өзі іздеп тапқан рухани азығы — батыс әдебиеті мен сыны мықты әсер етті.

Абай қалада айлап жатып, еліне арбалап кітап алып қайтады. Семейге айдалып келген, патша өкіметіне қауіпті деген адамдармен де кездесіп, олармен ұзақ кеңесіп, ішкі, сыртқы жағдайлар туралы хабар алып тұрды. Солардың ұсынуымен, оқуға рұқсат етілмейтін әдебиеттерді тауып оқыды. Соның нәтижесінде, Абай өзінің өмір мақсатын түсінді, творчестволық жаңа жол белгіледі.

Абайдың медреседе білім алған кезеңі күні бүгінге дейін жете зерттелмей келеді. Асылы, жас талаптың бұл кезеңі өте нәтижелі өтсе керек. Абайдың бай да нәрлі шығыс классик әдебиетін толық игерген кезеңі осы отыз жасқа дейінгі кезеңі болған емес пе? Қадім түркі шағатай ғана емес, парсы мен араптың тілін жетік біліп, сол тілдердегі ғылыми, тәлім-тәрбиелік мәні бар шығармалармен де кезігіп, кейбір шежіре жинақтар, тарихи мәні бар еңбектерді оқиды. Шығыс дүние танымы: дін — ісләм оқуы, оның адам баласын имандылық, инабаттылық жолда тәрбиелеудегі зор мәнін тап осы тұстарда тани түсуі әбден мүмкін. Қалай десек те ақынның гуманистік мұсылманшылық пікірлері толық қалыптасқан кезін біз осы жылдарға жатқызамыз. Бір айта кетерім, ақынның наным-сенімі, бір алланы тануы, оған деген сүйіспеншілігі өмірінің барлық кезеңінде еш өзгеріссіз қалды. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деуі, өле-өлгенше бір алланы ардақтап өтуі, оған ешбір шек келтірмей сенгені және соған үндегені ақынның көптеген шығармаларынан айқын. Ол алла адамды ерекше сүйінішпен жаратты, оған ақыл, тіл, басқа да көптеген мүмкіншілік беріп, оны басқа хайуанаттан өзгешеледі. Адам алланы да қадыр тұтып, оған құлшылық етуге міндетті деп білді.

Абайдың дүниетаным көзқарасын зерттеушілер тоталитарлық талаптардың деңгейінен ауытқымау үшін, марксистік эстетикаға бейімдеп, Абайды таза материалистік, тіпті, атеист етіп көрсетуге бет алған-ды. Олай етпеу ол тұста мүмкін де емес еді. Өйтпеген жерде кемеңгер Абайдан көз жазып қалу қаупы таяп тұрды.

Біз Абайдың шығыс (араб, парсы) ілімін қаншалықты игергенін білерлік дәрежеге әлі көтеріле алған жоқпыз. Бұл саладағы ақынның білім дәрежесі өте жоғары болған. Сондықтан бұл салада әлі талай жылдар зерттеулер жүргізуіміз керек болып тұр. Абай мұсылманшылық мәдениетті игеріп қана қоймай, оны өзінше зерттеп, тереңдетіп, ілгерлетуді де көздеген сияқты. Біз кейде ақынның дүмше молдаларды, білімсіз діндарларды сынағанын бетке ұстап, оның пікірінен кереғарлық таппақ ниетте болдық. Ол дұрыс емес. Абай дін мәселесінде де әулиелік рөл атқарған оқымыс орыста Л. Н. Толстой қандай болса, дін саласында Абай да сондай. Мұсылман қадіс, иман шарттарын жай жаттап мүлги бермеген. Оның терең мәнін ашып, өзінше ой түйіп, жаңа болжамдар ұсынған. Адам баласының өсу тарихында діннің атқарған және атқаруға тиісті қызметіне ерекше мән берген. Дінсіздіктен, имансыздықтан, арсыздықтан сақтандырып, тағылыққа жол бермеуге үндеген.

Абай көптің бірі емес. Жеке дара туған талант. Ол адам баласын бөлмелемей түгел бауыр тұтып, бәрінің де бақытты болуын, бірдейшілік дәрежеде алласына сеніп, тәубесіне бас ұрып, адамгершіліктің ең жоғарғы сатысына жетуін, ел-жұртты түгел әділеттік билеуін, ешкім қиянат қиындықтарын көрмеуін керек еткен. Аттары мәлім пайғамбарлардың қай-қайсысының да талаптары осыған саяды ғой. Абайдың түпкі ниеті де осы болғаны күмәнсіз.

Біз Абайдың ізденісінде білім дәрежесінде шек жоқ екенін айттық. Ол өз халқын оның мәдениетін біле жүріп, шығысты әбден игеріп, енді Еуропаға көз тіккен кезі басталды. Осы тұста оның ақындық творчествосының да кілті табылып, бойындағы талантының есігі айқара ашылады. Ақын көзқарасында өзгеріс пайда болды. Жетілу, кемелдену кезеңі басталды. Енді әлемдік ілім-білімді игеріп, оның сырларын ашты. Шығысым — Батыс болуға айналды деген пікірге келуінде осындай өсу-жетілу заңдылықтары бар. Әлемдік білімге қол созып, өрісін кеңейтті. Шексіз, шетсіз білім, сарқылмас дүниетаным кезеңін бастағаны мәлім болды. Ол өзі игерген Шығыстың дана ойшылдары мен әлемге аттары әйгілі өнер-білім жұлдыздарының тамаша табыстарын (иман, инабат, әділет, ар-ождан) адамгершілік ниеттерді жоғары гуманизм сатысына көтеріп, оны өзі енді ғана кезіккен Батыстың жаңа ғылым тұрғысындағы жетістіктерін ұштастырушы мақсатын көздеді. Осылайша, түгел адам баласылық өркениет ой өрнектерін жасауды қолға алды.

Шығыстың, әсіресе, мұсылманшыл әдебиетінде (қисса, хикаялары мен дана дастан-намаларында) адамның мүмкіншілік пәрменінен тыс зор күштер араласқан ұшы-қиыры жоқ қияли өмір көріністері утопиялық романтикаға негізделгенді. Адамның жаны тәнінен ажырап фани дүниенің армансыз қызығына, мәңгі бақытқа қол жеткізу арман аясы баяндалатын. Бұл саладағы әдебиет, оқу-ілім, білім де бір алланың жазымышына бой алдыратын. Шығыс мәдениетіндегі осындай бірбеттілік ерекше дарын иесіне, Абайдай кемеңгерге өмірлік үлгі бола алған жоқ. Оның соңғы ізденісі материалдық, техникалық өркениет елдер жетістіктеріне кезіктірді. Ғылым мен мәдениеттің адам айтқысыз табыстарымен таныстырды. Оқу, өнер талапкерлері алдына нағыз ғылымның өзін ұсынды. Ағартушылықты арман еткен Абайға көктен тілегені жерден табылғандай әсерлі болғаны байқалады. Ақынның Шығысы Батысқа ауысу себебінің бір жағы осында жатса керек. Абай оқыған орыс, батыс классикасы өмірге негізделген шынайы шығармаларды уағыздады. Онда ағартушылық, адамгершілік, әділеттік пікірлер сайрап жатты. Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтовтар қазақ ақынына нағыз керекті рухани азығындай тамсандырды. Оған бой алдырмасқа ақынның күші де жетпеуі мүмкін. Бірақ Абай өз тұсында кең тараған революционер-демократтарды қолдай алмады. Гуманист-моралист жазушыға революция — қан төгіс пікірлер ұнаған жоқ. Олардың демократиясы да оның бойынан орын тебе алмады. Ол «единица мен нуль» арасындағы айырмашылықты ашық айтты. Көпке қарсы топырақ шашуға болмаса да, оның жетегіне ере беруге болмайтынын айтты. Себебі дана — данышпан көп емес, аз, біреуде болса бірегей деп түйді…

Бұл арада менің ескертпегім, «Абай және орыстың ұлы демократтары» деген тақырыптардағы Абайды зерттеушілердің еңбектерінің біржақты теріс түсініктер беріп келгендігі. Абайға «революционер, демократ» деген атауларды орынсыз тағып келгендігі. Біз Абайды — ағартушы, гуманист пікірдің өкілі және реалист жазушы деген бағаға тоқталып, ақынның кемеңгерлігін, шеберлік суреткерлік құдіреттерін айқындай түсуге бар күшімізді жұмсауымыз абзал демекпін.

Қазіргі Абайтану ғылымының деңгейі — М. Әуезов бастаған абайтанушылар еңбектерінің қорытындысы. Оны бір сөзбен Абайтанудың М.Әуезов кезеңі деп атасақ деймін. Аталмыш кезеңде Абайдың кемеңгерлігін әлем жұрты толық мойындады. Бұған жалғас абайтанудың жаңа кезеңі сұранып тұр. Ол ақынның керемет кемеңгер, ұлы ойшыл, бір туар дана, ұлы суреткер екенін құр сөзбен емес, шығармаларын жаңа тұрғыда терең зерттеу арқылы таныту. Абайдың ақындық құдіретінің көзін ашу болса керек.

 

2

 

Абайдың шығармашылық жаңа жолына үлгі болған орыстың классик жазушылары — Пушкин, Лермонтов, Крылов, т. б. еді.

Бұлар Абайды өзі шыққан ортадан мүлде бөліп, басқа ортаға — қалың ел ішіне, өркенді өнерпаздар қауымына әкеліп қосты. Классиктердің озық идеялы, реалистік еңбектері Абайға жаңа күш берді. Оның шығармашылығының жаңа қарқынмен дамуына жәрдемдесті.

Абай өз елінің өнер қазынасын меңгеріп, оны жаңа табыстарына қосып, біріне-бірін ұштастырып өсті. Халық өміріне жақындап, ел ішіндегі мұңды, момын, нашарлар тұрмысын таныды. Көптің тілегін жер қылып жүрген зорлықшыл жуандар әрекеттерін көріп, Абай олардан түңіледі. Өзі панасыздарға іш тартып, әділет жолына, имандылыққа үндеп отырады. Абай бұл жолға белін бекем буғанша біраз уақыт ой кезді, көп ізденді, ақыры өзіне демеу тауып, арын таза ұстап, адамшылық қарызын өтеу Жолына анық бекінді. Мал құмар бақталастық жолындағы өнімсіз өзек жыртысқан жеке жандардан түгел безініп, ел тағдырын толғайды. Сол кездегі қазақ қоғамының қазіргісін біліп қоймай, өткендегі тарихына да көз жіберіп, оның болашағын да болжайды. Олардың алға басар бағытын көре алмай, бір қалыппен болымсыз ескі ізбен, ата жолынан тапжылмай келе жатқанын, өнерсіз, білімсіз жағдайда, бас көтергісіз ауыр халде екенін, заманынан көп кейін жатқанын түсінеді. Сол халықтың еңсесін басқан азабынан арылтарлық жол қарастырады. Абай ондай жол­ды өнерден, адал еңбектен күтіп, үлкен ойға келеді. Сол келген ойларын тұрмыс қайғысын арқалаған халқына жеткізу әрекетін қарастырады. Езілген еліне түсіндіру, олардың көзін ашып, көңілін ояту оңай жұмыс емес еді. Абай өз алдындағы мұндай қиындықтарды білді. Сол қиындықтың кілтін таппақ болды. Оның ұшқыр қиялы, жүйрік ойы сол кілттің тұрған жері — халық санасы, жылы жүрегі деп білді. Сондықтан Абай халық санасын өзгертерлік, жылы сезім берерлік озық ой рухын егіп, жүрегін оятарлық таза қан құюға бекінеді.

Осылайша, азамат ақын Абай халық санасын өзгертерлік жаңа әдіс тапты. Сол арқылы тапқан ойларын жар салып, жарғақ құлағын жастыққа тигізбестен, тынымсыздықпен үгіттеп отырды. Абай енді өзгеше өмірге көшіп, бойындағы қуатын түгелдей іске кірістірді. Сол жолда, Абай өзгеше бір тың ойды өзге кестеге орап шебер істелген көрікті мәнері бар сөздермен беріп отырды. Бұл Абай салған жаңа өрнек өзінің бойына халқымыздың ғасырлар бойы жасап жетілдірген сөз кестесін де, көрші елдер халқы жасаған алуан құбылысты мәдени мұраларын да молынан сақтап отырды.

Абай, өзі айтқандай, «соқтықпалы соқпақсыз» жерде өсті, отаршылдар билеген ауыр заманда өмір сүрді. Сол қоғамның езілген халыққа істеп отырған тағылық, айуандық қылмыстарын көзімен көрді. Ол халық игілігін, болашақ қамын көздеді. Ел дертіне ем болар, түскен еңсесіне дем болар қуат — оқу, өнер деп, оның жаңа түрін, жетілудің тың жолын ұсынды.

Ақын өзінің жастық шағы мен ер жеткен кезін, кездескен соқтықпаларын, етек басты кедергілерін:

 

Жасымда албырт өстім ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етек басты көп көрдім елден бірақ.

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме.

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.

Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті,

Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме,-

 

деп түйді.

Абай қазақ халқын қараңғылықтан алып шығатын жол тек алдыңғы қатарлы мәдениет ғана деп білді. Сондықтан да ол қазақты мәдениеті ілгері елге жақындату амалын, халықтардың мәдени бірлестігі жолдарын қарастырды. Осы бір ізгі мақсаттарды ақын өзінің тамаша шығармаларының өзегі ете білді.

Абай әдебиеттің маңызын, оның қоғам өмірінен алатын орнын дұрыс түсінді. Ол өлеңге жеңіл желпі қарап, байларды мақтап, тілін безеп, мал үшін сатылып, өнердің қадірін кетіріп жүрген ақынсымақтарды қатты сынға алды.

 

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,

Ақындары — ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

 

Өзіне дейінгі әдебиет сорабын осылай қорытып, өлең өнерінің игі мақсаттарын айқын түсінген Абай:

 

          Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,      

Жоқ-барды ертегіні термек үшін,

 

деп өзінің ақындық мақсатын мүлде басқаша түсінеді.

Ақын ақынды өмір оқытушысы, үгітші, үлгі берер азамат жыршысы болуы керек деп білді. Өзі «көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі болды, оларға ақыл айтып, өлең жазудың тамаша шебер үлгілерін көрсетіп берді. Абайдың ойынша, қиыстырып айтылған сөздің бәрі өлең емес, құр айқай, санасыз сарын ән емес, «өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы», оның тілі жеңіл, жүрекке жылы тиерлік, құрылысы шебер, айналасы теп-тегіс, аз сөзді, терең мағыналы келуі керек.

Абай шебер өлеңді, тәтті әнді мәдениеті жоғары, білімді ақын ғана бере алатынын ескертіп, «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол — ақынның білімсіз бейшарасы» деп көрсетті.

Ақындық өнердің мақсатын, мәнін осылай терең түсінген Абай, кезіндегі әдебиетке батыл сын айтты.

Абай — өзі өмір сүрген дәуір шындығын ақтара зерттеп, ішкі-сыртқы сырларын жете ашқан реалист жазушы. Ол өз кезіндегі қоғам өміріне сын көзімен қарап, барлық қайшылықтарын көре білді. Елінің әлеуметтік жайына, тұрмысына, ой-армандарына, мұң-мұқтаждарына үңілді. Қалың бұқараның өз еңбегінен игілік, бақыт көрмей, азап тауып, қорлық көріп келе жатқанына қынжылды. Ел берекесін алып, дау-жанжалды қоздырып, бүліктен пайда тауып жүрген қулардың зұлымдық бетін ашты. Ақын пысықсыған қазақ даукестерін өлтіре мысқыл етіп:

 

«Пысық кім?»- деп сұрасаң,-                 Өтірік, өсек, мақтанға

Қалаға шапса дем алмай,                       Ағып тұрса, бейне су,

Өтірік арыз көп берсе,                            Ат, шапаннан кем көрмес

Көргендерден ұялмай.                          Біреу атын қойса «қу» [2], —   

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ.

 

деп, ел қуларының шындық бейнесін суреттейді.

Бұдан кейін Абай қазақ билерін, болыстарын сынап, тек жай, шыншыл ақын ғана емес, сонымен бірге өзінің үлкен сыншыл ақын екенін де танытты. Қазақ болыстарының сайланған күннен бастап шұғылданатын іс-әрекеттерін, мақсат-мүдделерін, мінез-құлықтарын айқын сипаттап, типтік образдарын жасап берді. Олардың болыс болғандағы мақсаттары ел қамы үшін қызмет ету емес, өз қамы, өз құлқыны екенін әшкереледі.

 

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде,-

 

деп, Абай бұларға қарсы ашына наразылық білдірді.

«Болыс пен биді құрметтейін десең,- дейді Абай өзінің қара сөздерінің бірінде,- сатып алған, жалынып бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ. Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ… Жә, кімді сүйдің, кімнің тілеуін тіледің? Енді әлбетте, момындықтан «ырыс баққан — дау бақпас» деген мақалмен болам деп, бергенінен жаза алмай… жүрген, ұры, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасақ, соның тілеуін тілемесек болмайды, сонан басқаны таба алмадым».

Осылайша, Абай кезіндегі ел билеушілерге қарсы шығып, патшаның болыстық, билік тәртібін сынға алады. Олардың қылмыстарын бетіне басып, ел мұңын, халық тілегін білдіреді. Реңі кеткен қазақ елінің бейнесін айқын көрсете келіп, ол:

 

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!..

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың,-

 

дейді.

Абай халықты қараңғылық тұңғиығына матап ұстап отырған өзімшіл дін иелерін де өткір тілмен түйрей сынайды.

 

Кейбірі пірге қол берген,               Кейбірі қажыға барып жүр,                   

Іші залым, сырты абыз.                  Болмаса да қажы парыз.

 

Ақын қажы барып, пірге қол беріп жүргендерге де ақыл айтып, арын оятып, оған адамгершіл ой салғысы келеді.

 

Өтірік, ұрлық,                                  Ұятың, арың оянсын,

Үкімет зорлық                                  Бұл сөзімді ойлансын,-

Құрсын, көзің ашылмас,

 

дейді.

Абай өзінің осы сияқты өлеңдерінде («Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Бойы бұлғаң», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», т. б.) өткір сыншы-сатирик жазушы есебінде бой көрсетті. Абайдың бұл сындары өзінің өткірлігімен орыс әдебиетіндегі сатирик жазушылар сынына үндесіп жатты. Қазақтың жағымпаз, қу, бұзақы тобын өлтіре сынады, олардың екі жүзді, сүйкімсіз образдарын жасап, сол топқа батыл қарсы шыққан ақын болды. Сөйтіп, ол өзінің көптеген шығармаларын сыншыл реализм сатысына жеткізді.

Абайдың өлеңдері отты да өткір, нысанасына дәл тиеді. Би-болыстардың екі жүзді келбетін асқан шеберлікпен бейнелеп берді:

 

Жуанды қойып, жуасты               Мақтамаймын елімді.

Біраз ғана шеттеймін…               Өз еліме айтамын:

Оңашада оязға                               «Бергенім жоқ,- деп,- белімді».

 

Абай қазақ жеріндегі теңсіздікті, тағы басқа қайшылықтарды түсіне білді. Оны өзінің бойындағы ақындық шабыттың бар күшімен жырлады. Бай мен кедейдің арасындағы тұрмыс қайшылығын, дәулет теңсіздігін көрді. Өзінің «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңдерінде қазақ кедейлері мен байларының өмірін салыстыра бейнелеп, кедейлердің аянышты халін айқын суреттеді. Кедейдің үй ішінің жұпыны көрінісін ауыр тұрмысына ұштастыра реалистікпен бейнеледі.

 

Кедейдің өзі жүрер малын бағып,

Отыруға отын жоқ үзбей жағып.

Тоңған иін жылытып, тонын илеп,

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

 

Қожасының малының соңында ауыр азапта жүрген кедей тұрмысы, оның реңсіз үй іші, құлазыған үйде бүрсең қағып, бай терісін илеп, шекпен тігіп отырған әйелі көзіңе елестейді.

Күздің қураған сұрғылт суреті қайыршы кемпір-шал бейнесінде, күлкісіз, көңілсіз өмір ретінде шебер көрсетіледі.

 

Жасыл шөп бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылып ағаш қурай.

 

Бұл жерде ақын сұрғылт күз суретіне астастыра кедей тұрмысын, оның жұпыны өмірін, жетім-жесірді бейнелейді. Осы өлеңнің екінші бір жерінде малайы болып жүрген кедейге байдың көрсететін «сыйы» туралы былай делінеді:

 

…Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі

Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,

О да қылған кедейге үлкен сыйы.

 

Абай мейірімсіз байдың тым рақымсыз, сараң екенін: ол өзі де «кәрі қойды ептеп сойып» жеп отыр деп мазақ етеді. Әйтсе де, бай және оның үй іші, бала-шағасы жылы үйде, тоңбай, азап шекпей, еңбек етпей, тамағы тоқ, қарап отырады деп, оны кедей тұрмысына қарама-қарсы қояды.

Абай өлеңдеріндегі негізгі елеулі әлеуметтік мәселелердің бірі — қазақ әйелдерінің жайы, қазақ жастарының махаббат, еркіндік мәселесі.

Махаббат, әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы адамгершілік идеясымен қабысып келеді. Абай бұл мәселелерді көтеруде де өзінің жаңашыл, еркін ойлы ақын екенін көрсетті. Ол қазақ қыздарының теңсіздікте езіліп, сүйгеніне қосыла алмай келген ауыр халін көрді. Өзі бұған, наразылық білдіріп, аянышты сезімге толы өлеңдерін шығарды. Қазақтың ескі салты бойынша әйелдерді сүймеген адамына зорлап қосты. Абай бұл жағдайға реніш білдіріп, бас бостандығы үшін күрескен жастарды жақтады. Ол өзінің «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде осы ескі салт бойынша жас өмірін қор еткен қазақ қызының трагедиясын суреттейді. Зорлыққа, қара күшке бас имей, ханның кигізген алтын-күміс алқасына алданбай, өз арын жоғары ұстаған қыздың жүрек күшін сүйсіне жырлап, оның қапас өмірге деген на­разылығын жақтайды. Қорлық өмірге төзгеннен өлгенді артық санаған қыз шешімін қолдайды.

 

«Етімді шал сипаған құрт жесін» деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға.    

 

Абай үйлену, ерлі-зайыпты болу ісіне немқұрайды қарауға, мал беріп алғанның бәрі жар болып, дос өмір сүре алады-мыс деген ескі түсініктерге қарсы шығады.

 

Кәрі, жас дәурені өткен тату емес.

Епке көнер, ет жүрек сату емес.

Кімде-кім үлкен болса екі мүшел

Мал беріп алғанымен қатын емес.

 

Немесе:

 

Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.

Ортасында бұлардың махаббат жоқ…

 

Абай достық пен махаббатқа бөленген тең, тату-тәтті, ерлі-зайыпты өмірді мақұлдап, жүрек епке де, малға да, күшке де көнбейді, күні өткен кәрі мен уылжып тұрған жас келісті өмір сүре алмайды деп, қалыңмал салтына батыл наразылық біддіреді.

Абай өзінің шығармаларында әйелді біреуге ана, біреуге қарындас, қыз; біреудің қорғаны, ақылшысы, жанашыр қымбаты, сүйген жары деп дұрыс түсіндіреді. Өзінің «Масғұт» поэмасының бір жерінде Абай:

 

Еркектің еркек адам болса қасы,

Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы,

Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма арашашы.

Тегінде адам басы сау бола ма?

Үйінде тексерілмес дау бола ма?

Ері ашу айтса, әйелі басу айтып,

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?-

 

дейді. Осы поэманың басты кейіпкері Масғұттың алдына таңдау ұсынғанда дүниедегі ен байлық пен ақыл даналығын алғызбай, Абай оған әйел жұртшылығымен достықты қалауды ұсынады.

 

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едім бір пайдасы маған тиер.

 

Масғұт: еңбексіз малды болам деп, біреуді жеп, не қайыршы болып тіленіп нем бар? Ақылым артық дана болсам, мені кім ұғар, кім сыйлар? Көп ақылсыз ішінде бір ақылдының өзі-ақ ақымақ танылар деген оймен, асқан дәулет пен байлықты да, даналықты да қаламай, әйел жұртын сүюді ұйғарады. Бұл таңдау, сөз жоқ, автордың да таңдауы. Оның дүниедегі ең қымбат санайтыны — адам, оның ішінде аяулы ана, сүйген жар. Сондықтан да әйелді адам ретінде жоғары бағалауы — ақынның озат ойының жемісі.

Әйел мәселесіне осы тұрғыдан қарағанда Абай махаббат мәселелерін терең толғайды. Абай өлеңін оқығанда ғашық жастардың ішкі сезімі, жүрек сыры, ақ ниет, адал пейілі көңіліңе бірден ұялап, көз алдыңа тұрғандай болады.

 

Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл,-

 

деген үзіндідегі автордың ғашықтық сырды терең толғауы сол кездегі ескі түсінікке мүлде қарама-қарсы.

Абайдың A. С. Пушкиннен аударған «Евгений Онегин» үзінділері де осы сүйіспеншілік тақырыбына сай өз пікірін толықтырарлық еңбектер.

Абай адамды қорлауға, бірін ер, бірін әйел деп бөліп кемітуге қарсы. Дүниенің қызығы, өмірдегі жан тыным табар жұбаныш достық өмірде деп білген Абай:

 

Жүрегі жұмсақ білген құл,                       Пайда мақтан — бәрі тұл

Шын дос таппай тыншымас.         Доссыз ауыз тұщымас,-

 

дейді.

Абайдың достық туралы пікірлері оның адамгершілік, гуманизм идеяларымен тығыз байланысты. Абай, адамның бәрі бірдей, оның туысы, өлімі бәрібір. Олардың айырмасы ақылында, мінезінде деп бағалайды; басқа дәулет дәрежемен оздым деу бос кеуде керушілік, орынсыз және надандық деп біледі. Өзінің қара сөздері мен өлеңдерінде Абай: өмірде ең қызық нәрсе — адамды сүюшілік, одан өзге нәрсе жоқ дейді. Адамды сыйлап бауыр тұтып отыруды керек етеді.

 

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және «Хақ, жолы осы» деп ғаділетті…

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

 

Абай осылайша, адамгершіліктің туын жоғары ұстаған ұлы гуманист жазушы. Ол әр уақыт халыққа: «мақтан қума, ойсыздарға қосылма!» — деп ақыл береді.

 

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге…

 

Абай шығармашылығынан ерекше орын алатын ендігі бір үлкен тақырып — оның ағартушылық идеясы. Абай — өнер-білім, тәлім-тәрбиеге ерекше көңіл аударған, ұлы ағартушы ақын.

Оның ойынша, адам қоғамның қажетті мүшесі, ол дүниенің кетігіне қалауға жарарлық кірпіш сияқты. Өзінің орнын тауып, өмірдің керегіне асып, ел үшін еңбек еткендей азамат болуға тиіс. Дәулеттің ең маңыздысы, асылы — білім деп білген Абай жастарды салғыртсымай, ғылымды меңгеруге шақырады.

 

Ғылым болмай немене,                  Бір ғалымды көрсеңіз.

Балалықты қойсаңыз.                          Ондай болмақ қайда?- деп,

Болмаса да ұқсап бақ,                        Айтпа ғылым сүйсеңіз!

 

Абай өз кезінде дін оқуын, молдалар сабағын сынап, балаларды білім негізін оқытатын мектебіне беруді талап етеді.

Молдалардың мал құмар, тоғышар мінезін бейнелеп, олардан тәлім алған бала білімге жарымайтынын айдан анық танытады.

 

Кітапты молда теріс оқыр,         Мал құмар көңілі бек соқыр,

Дағарадай болып сәлдесі.                      Бүркіттен кем бе жем жесі!?

 

Абай — оқыған білімді жастардың мақсаты айқын болу керек, ол халқы үшін еңбек етерлік азамат болсын деген талап қояды. Кейбір тілмаш, адвокат болып, шен, сыйлық алып, мал табуды арман етіп, елді бүлінген үстіне бүліндіріп жүргендерді сынайды. «Я тілмаш, я адвокат — болсам деген бәрінде ой»,- деп бас қамынан аспайтын мұндай тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтып, ел үшін оқитын жаста түбегейлі мақсат болуы керек деп ескертіп, жастардың алдына Дауанидей дана адамдарды, Салтыков-Щедрин мен Л. Толстойды үлгі етіп ұсынады. Солардай елі үшін еңбек етерлік ұлы адам болуды барлық оқушы жастар алдына биік мақсат, зор нысана етіп тартады.

Ғылым жолы оңай жол емес, соқпақсыз шатқалды қиын жол дей келіп, Абай соған қарамастан, талмай еңбек етіп, зор ынтамен бейнеттеніп ізденген адам ғана ғылымды меңгере алатынын ескертеді. Ол өзінің өлеңдерінде жас кезінде көп оқи алмай, көп нәрсені өткізіп алғанын айтып өкінеді, жастарды уақытын босқа өткізбеуге шақырады. Өзінің ұлдарымен бірге қызы Гүлбаданды да мектепте оқытады.

Абай адамға керекті және керексіз нәрселерді санап береді. «Тілеген өмірің алдыңда, оған қайғы жесеңіз» деп жастарды келешекке сендіре сөйледі. Одан кейін адам болам деп талаптанған жасқа ескерерлік, ең қажет «бес нәрсе» бар. Олар: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым; қашық болар бес дұшпан бар, олар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ,- деп көрсетеді.

 

Қызмет қылып мал таппай,

Ғылым оқып, ой таппай,

Құр үйінде жатады,-

 

деген өлең шумағында ақын мақсатсыз құр селтеңдеп жүргендерді де сынап өтеді.

Абай өлеңдері — еңбек сүйгіштікке тәрбиелейтін зор идеялы шығармалар. Абай дүниеде өмір сүру де, оны білу де, тану да бәрі еңбекпен келетінін түсінеді. Адам өмірі үшін де ол еңбектің шешуші роль атқаратынын, еңбексіз өмірдің адамды аздыратынын ескертеді.

 

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын.

 

Абайдың көптеген өлеңі ақынның өз еліне, халқына деген сүйіспеншілігін бейнелейді. Абай, қай өлеңі болмасын, бәріне де халыққа назар аударып, оған ой салып, санасын оятарлық сөз қозғайды. Ол елінің мәдениет жағынан кем, кенже қалғанын айтып, болашақ тағдырын ойлап, оған жаны ашып отырады. Қазақты көрші елдермен салыстырып, сол елдердің бәрі де қазақтан мәдениетті, ілгері жатқанын өкінішпен білдіреді. Берекелі, мәдениетті, тату-тәтті ел болуды арман етеді. Басқа көрші елдермен, оның ішінде орыс, өзбек, татар т. б. кәсіпқор халқымен дос болуды, олардан өнер үйренуді, тағлым алуды аңсайды.

Абайдың табиғатты суреттеп жазған бір топ өлеңдері тек түр жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да өзгеше. Ол өлеңдерінде ақын еліне, жеріне шексіз сүйсіне отырып, өмір шындығын кеңінен қамтып көрсетеді. Классикалық әдебиет үлгісінде жазылған бұл өлеңдерінде қазақ жерінің табиғаты жалаң сипатталмайды, онда ел өмірі, жалшы тұрмысы, бай серуені бірге қамтылады. «Желсіз түнде жарық ай», «Қыс», «Жаз», т. б. өлеңдерінде жыл мезгілдерінің әрбір кезеңін қазақ аулының өмір тіршілігіне қабыстыра суреттейді. Ақын табиғатқа жан бітіре, ерекше мейірлене жырлады. Табиғаттың көктемде оянуына, құлпыруына нағыз суреткерше қуана білген Абай көктем туралы өлеңдерінде жер — қалыңдық пен күн — күйеудің мифологиялық образдарын жасады:

 

Күн — күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

 

Абайдың табиғат туралы өлеңдерін оқығанда, ол суреттеген жерде өзің де жүргендей боласың. Шын суреткерлік шеберлікпен жасалған көктем мен жаз көріністері адам жанын тебірентеді. Оның тасыған өзені мен жасыл алқапты жағалай қонған қазақ аулы көз алдыңнан кетпейді. Ал «Күз» өлеңін оқығанда көңілің жадау тартып, жабырқайды. Айналаңды тұман басып, бойыңды тітіркендіреді, көзіңе қурап, солған сүреңсіз өмір елестейді. Қыс жайы одан да бетер өңсіз, жайсыз, қытымыр. Оның келе жатқан ызғарының өзі үрейлі.

Абайдың табиғат лирикаларының ішіндегі ең таңдаулыларының бірі –«Желсіз түнде жарық ай».

 

Желсіз түнде жарық ай,                 Ауылдың жаны терең сай,

Сәулесі суда дірілдеп,                               Тасыған өзен күрілдеп,-

 

деп басталатын өлеңі табиғаттың түнгі көрінісін, махаббаты жарасқан екі жастың тулаған жүректері мен жылы құшағын ұштастыра бейнелейді.

Абай қазақ қызының шынайы бейнесін жасады. Абайдың қаламынан туған қыз бейнесі Пушкин жырлаған орыс қызы да, Гете суреттеген неміс қызы да емес, ақынның өзі көрсеткендей, қазақтың ақ жарқын, ұяң жүзді, ай бейнелі, піскен алма секілді сұлуындай, өзіне тән тұлғасымен көрінеді. Ақынның бұл сияқты шығармалары — сырлы сымбатты нағыз лирика. Көркемдік суреткерлік дәрежесі — сыншыл реализм биігінен шыққан туындылар.

«Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде ақын қыздың аянышты қазасын сипаттап, сол замандағы теңсіздікті, әлеуметтік қоғамдық мәселені көтереді.

 

Сән-салтанат жұбатпас жас жүректі,

Кім де болса тұрғысын көксемек-ті,

Мезгілі өткен дәуренді қуалаған,

Неғылсын бір қартайған қу сүйекті?

 

Қартайған шал мен жас қыз арасының қыс пен жаз сияқты алшақ жатқанын, оларды күшпен теңгеруге келмейтінін ұқтырады.

Махаббатты өте жоғары бағалай білген ақын ғашық болу тек жай сезіммен сүйгендік қана емес, адамшылық пен шын көңілдің тоғысқандығы деп пайымдайды. Ол жастардың сүйген жарына деген нағыз адал көңілдерін ашып, жыр ете білді. Жүрекпен сырласқан екі жастың кездесуі, олардың арасындағы іштей бірін-бірі ұғынулары шебер бейнеленді.

 

Аяңдап ақырын,                                           Иығы тиісіп,

Жүрекпен алысып,                             Төмендеп көздері,

Сыбдырын, тықырын,                               Үндемей сүйісіп,

Көңілмен танысып…                                  Mac болып өздері.

 

Біріне-бірі шынайы ынтық екі ғашықтың кездесу суреттері, жүректерімен алысқан сырлары, үнсіз ұғыну, құмарлық-құштарлық лебіздері, сезімге берілген адамға тән жағдай, айтар сөзін аузынан шығара алмай демі құрып алас ұрулары шебер бейнеленіп, күрделі психологиялық көрініс, келісті сәттері терең ашылады, абзал жанға тән адал махаббат суреттеледі.

Сүйіскен жастардың алар ләззаты, жан рақаты түгел айнаға түскендей бейнелі.

 

…Жүрекке құйылып,                              Сенсің — жан ләззаты,

Жан рақат бір сәуле…                           Сенсің — тән шәрбаты.

 

Абай лирикалары — алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзік. Ақын лирикасы — нәзік сезімді толғанысымен ғана емес, сонымен бірге, өзінің гуманистік рухымен де, терең ойлылығымен де, асқан суреттілігімен де жаңа мәнді реалистік шығармалар. Абай өлеңдерінің реализмі өзінің шынайылығымен, озық идеялылығымен Еуропа классиктері реализміне сабақтас. XIX ғасырдың екінші жартысында Абай да реалистік әдебиет үшін күресті, әдебиетке айрықша қоғамдық маңыз берді. Оның көзқарасы бойынша, әдебиет қоғам әділетсіздігін айыптап, халықтың санасын оятуға, жарқын болашақтың жолын нұсқауға тиіс. Сондықтан ақын былай деп жазды:

 

Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ,

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

 

Абай халық сүйіп, қадірлейтін осындай мәнді, бейнелі көркем жаңа реалистік поэзияны жасау жолында талмастан еңбек етті. Ол мұндай поэзияны жасады да.

Абайдың ойынша, жаңа поэзияны жасаушы ақын қарапайым ақындардан жоғары тұруы керек. Ерікті, азат, тәуелсіз ақын әділетті үкім айтушы және данышпан ұстаз болып қалыптасады. Ақындық өнердің міндеттерін жете түсінген ол байларға жағымпазданып, тек сый-сыяпат үшін ғана жырлап, өзінің ар-ұяты мен ақындық дарынын саудаға салған ақындарға батыл қарсы шықты. Ол ақындық өнер туралы өлеңдер жазды. Ақындық өнерге жаңа түсініктер енгізді. Сөйтіп Абай жаңа тұрпатты поэзия жасаумен бірге, соны тудырушы ақынның ролін жоғары бағалады, оның әлеуметтік қызметіне, шығармашылығына ерекше маңыз берді.

Қазақ әдебиетіндегі реализм тек классиктер дәстүрінде ғана қалыптасты деу аз, мұнымен қатар жазушының халық творчествосы жасаған қарапайым реализмі және туған елінің тұрмысымен байланыстылығының да ерекше маңызы болды. Сондықтан Абай реализмін әзір күйінде басқа елден әкеліп, қазақ топырағына қондыра салынған екпе ағашқа ұқсатуға еш болмайды. Ол — ұлттық өмірдің туындысы. Өз халқы мәдениетінің жемісін Абай өз шығармашылығының өзегі етіп, қазақ халқының өмір шындығын дұрыс көрсете білді. Оның шығармаларының құндылығы да осында. Туған халқының өмірі мен күресін суреттеуді Абай өзінің игілікті мақсаты етіп қойды. Халықты келер күндерді, болашақты ойлауға шақырды, қарыштап алға басуға үндеді. Елінің талапсыз, өнерсіздігіне қынжылып, батыл сындар айтты.

 

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай,

He ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

 

Абай өмірдегі ескі салтқа, керітартпа түсініктерге қарсы шықты. Ол надандықты, мансапқорлықты, екіжүзділікті, парақорлықты аяусыз сынады.

Қоғамдық сана мен әдебиеттің өркендеуі үшін сатираның қуатты құрал екендігі мәлім.

Ұлы революцияшыл демократтар, реакцияны мейлінше әшкерелеген орыс әдебиетінің саяси сатириктері Н. A. Некрасов, М. А. Салтыков-Щедриндер өз шығармашылықта­рында халықты қорлаушы, озбыр топтардың, помещиктік құрылыстың барлық саяси және қоғамдық тәртібінің зұлымдық негіздеріне шабуыл жасады. М. Е. Салтыков-Щедриннің «Бір қаланың тарихы» мен «Головлев мырзалары», Н. А. Некрасовтың көптеген өлеңдері дәл осындай шығармалар еді. Олардың сатирасы терең реалистік сипат алды, Абай олардың бұл дәстүрлерін шығармашылық түрде меңгере отырып, «Мәз болады болысың», «Күлембайға», «Сегіз аяқ», «Ойға түстім, толғандым», т. б. өлеңдерін жазды. Бұл Абай поэзиясының идеялық жаңа кезеңі болды. Отарлық әкімшіліктің ескі ауылға қойған «алып кел, шауып кел» қолшоқпары — болыстың бет пердесін сыпырып тастайтын «Күлембайға» деген өлеңінде ақын атаққұмар жағымпаз болысты өлтіре әжуалап, ел алдында мазақ етеді. Мұнда Абай кейіпкерді өзін-өзіне әшкерелететін Некрасов тәсілін шебер қолданады.

Сатиралық шығармаларын өз заманындағы Россияның ақ сүйек чиновниктерін мысқылдау арқылы патшалық құрылысты келемеж еткен М. Е. Салтыков-Щедрин шығармаларына үндестіре жазып, Абай бір болысты сықақтау арқылы барлық болысты, сол кездегі әкімшілік тәртіпті қатты сынайды.

Абай A. С. Пушкин мен М. Ю. Лермонтовтың реалистік әдістерін жете меңгерген еді. Осы әдіспен қазақ аулының тұрмысына тән көріністерді бейнелейді, әлеуметтік өмір шындығын жырлады. Мәселен, ол оқушыларға кеңінен мәлім «Жаз» деген өлеңінде тек көкорай шалғын, бәйшешек басқан даланы, не үйрек ұшып, қаз қонған қоғалы көлді жалаң суреттемей, көл жағасын жайлаған құлынтайлары, маңыраған малымен қонып жатқан қазақ байларының салтанатын қоса суреттейді. Елдегі әлеуметтік теңсіздіктің де бетін аша кетеді. Әсіресе, «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» деген өлеңінде тап қайшылығын айқынырақ бейнелейді. Бұл сияқты табиғат суретін өмірге байланыстырып, оған әлеуметтік мән бере сипаттауда қазақ ақыны A. С. Пушкинше толғайтын сияқты. Қазақ аулын суреттейтін Абайдың «Жаз» деген өлеңі мен A С. Пушкиннің орыс табиғатын сипаттайтын лирикалары сабақтасып жатады. A. С. Пушкин орыс шаруаларының өмірін өзен жағасындағы орыс селосының көрінісіне ұштастыра сипаттаса, Абай да сарқырап жатқан өзенге келіп, қонып жатқан қазақ аулының көрінісін, оның көшпелі тұрмысына, халқының салтына байланыстыра суреттейді.

Абайдың қазақ қоғамының қайшылықтарына терең көз жіберіп, патшалық құрылысқа қарсы ызалы ашумен наразылық білдіруі, кейбір творчестволық тәсілі мен идеялық мотивтері оны М. Лермонтовпен де үндестіреді. Абай — М. Лермонтов сияқты өзі өмір сүрген қоғам озбырлығына батыл қарсы шыққан кекті ақын. Абайдың көптеген тамаша шығармалары М.Лермонтов шығармашылығында азаматтық әуенмен үндес. Мұндай шығармалардың қатарына оның: «Жүрегім нені сезесің», «Менсінбеуші ем наданды», «Сегіз аяқ», «Не іздейсің көңілім, не іздейсің?», «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», «Жүрегім менің қырық жамау», т. б. өлеңдері жатады. Абай аудармасы арқылы Лермонтовтың «Тұтқындағы батыр», «Ой», «Альбомға», «Қанжар», «Дұға», «Теректің сыйы», «Шайтан», «Асау той тентек жиын, опыр-топыр», «Вадим», «Бородино» және басқа өлеңдері қазақ арасында тұңғыш тарады.

Әлеуметтік жаңа мазмұнды толық ашатын поэзияның жаңа қисынын іздеген Абай осылайша орыстың классикалық әдебиетіне иек артты. И. А Крылов мысалдарын («Бақа мен қасқыр», «Піл мен қанден», «Қарға мен түлкі», «Емен мен шілік», «Жарлы мен бай», «Есек пен бұлбұл», «Бүркіт пен қарға», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар» және басқаларын) аударып таратты.

И. А. Крылов мысалындағы басқа тілдерге аударуға қиындық келтіретін идиомалардың көптігіне, аударудың қиындығына қарамастан, Абай алға қойған міндетін абыроймен орындап шықты. Бұл мысалдарды аударғанда Абай, ең алдымен, оның идеялық мәнін сақтауға тырысты. Мұнда ақын қазақтың дүниетану жайын, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып аударды.

Реалистік әдебиеттің негізгі дәстүрлерінің бірі патриотизм болып табылады. Отан мен халыққа деген қалтқысыз сүйіспеншілік Абай шығармаларының өзегі. Қазақ кемеңгері Абай өз халқын шексіз сүйіп, ауыр заманның қара түнегінен алып шығу жолын іздеді. Бұл жолда ақын рухани жалғыздықты басынан кешірді. Ескіліктің ауыр зілі жанышқан елде ақынның сүйенер сенімді серігі болмады.

 

Таппадым көмек өзіме

Көп наданмен алысып,

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып,-

 

деп халық арасында бой алған түсінбестікке қайран қалды. Сөйтсе де ол туған еліне деген өзінің сүйіспеншілігін еш бәсеңдеткен жоқ. Қайта ол:

 

Жігерлен сілкін,

Қайраттан беркін!-

 

деп жігерлі іске үндеп, асқақ талап қоя жырлады. Өз халқы бойындағы жақсы қасиеттерді қастерлеп, жаманына налып, надандықтан туған жұғымсыз мінездерді аяусыз сынады. «Қалың елім қазағым, қайран, жұртым» сияқты өлеңдерін шығарды.

Абай өз халқын қастерлеумен қанағаттанып қалмай, басқа халықтарды бағалай білді. Әсіресе мәдениеті озық елдер туралы жылы пікірлер айтып, ел ішіндегі өзімшіл топтар таратып жүрген теріс ұғымдарға қарсы шықты.

Әдебиеттегі патриоттық пафос жазушының халыққа деген сезімін мейлінше айқындайды. Ал ақынның патриоттығы мен халықшылдығы арасында үзілмес өзек, ажырамас ұғым бірлігі болатыны сөзсіз. Сондықтан, әдебиеттің халықтық проблемасы реалистік әдебиеттің негізгі мәселелерінің бірінен танылады.

Жазушының халық өмірін таныта білуі, сайып келгенде әдебиетте азаттық, патриоттық, демократиялық идеяны, нағыз реализмді туғызды.

Әдебиеттің халықтығы — ақынның арман-ойын білдірген өнердің шығармашылық бағытын, сырын, арнасын белгілейді.

Барлық реалистер халық шығармашылығы негізінде, оның идеялық мазмұны мен шеберлігін пайдалану арқылы өсіп, жетілгені мәлім. Абай да өз халқының мәдениетін қадірлеп, сол халқы өнерін өсіру үшін жан аямай еңбек еткен ақын еді. Абай поэзиясының халықтығы оның еңбек адамына деген сенімі мен еліне деген шын ниетінен айқын көрінеді.

Абай поэзиясын халық өмірінен бөліп қарау мүмкін емес. Ұлы ақынның шығармашылығы өзінің тамырын халық поэзиясының тереңіне жібереді.

Ақын оқып, білген орыс жазушылары да өз халқының әдебиетіне ерекше сүйіспеншілікпен қарады. A. С. Пушкиннің өзі орыс халқының данышпандығы халық поэзиясында әсем бейнеленгенін талай рет көрсеткен болатын. Ол орыстың халықтық поэзиясының қайнар бұлағына, ертегі-аңыздарына, орыс әндеріне көңіл аударды. Тек A. C. Пушкин емес, басқа классиктер де бұған ерекше көңіл қойды.

И. А. Крыловтың мысалдары, A. С. Грибоедовтың «Ақыл азабы», A Н. Некрасовтың поэмалары халық шығармашылығы негізінде жазылып, кейін халық арасына мақал-мәтел болып таралып кетті.

«Әнге мұнша бай басқа халықты маған көрсетіңізші,- деген болатын    Н. В. Гоголь,- Біздің Украинадан әнге бай халық қайда бар? Еліміз әнге лық толы ғой. Еділді бойлап үстірттен теңізге қарай баржаны тізілтіп сүйреген бурлак әні шырқалады. Бүкіл Русь әндете жүріп, қарағайдан үй салады… Орыс адамы өлеңмен жөргекке оралады, үйленеді, жерленеді».

Өлең туралы пікірін Абай да осылай түйеді:

 

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең.

 

Абай да қазақтың бай фольклорына ерекше зейін қояды. Өз халқының ақындық мұрасын жетік білген ол бұл қазынаны жаңа шығармашылық жолмен байытты.

Абай тек өз шығармашылығының орасан маңызы арқылы ғана танылған дарақы данышпан десек, бір жақты да кем өлшегендік болар еді. Ол ақынды өскен ортасы мен кейінгі ұрпағынан бөлектеуге жол берер еді. Жалпы ұлттық әдебиетіміздің толысып, ілгерілей түсуіндегі ролі де көмескі қалар еді. Әрбір кемеңгер сияқты Абай да туған елінің өз топырағында туып өскен төл, сол тума ортаның қадірлі қамқоры. Халқына деген шын журек сезімдерін қажырлы қаламының құнарлы жемістері арқылы танытқан талант; ұлтының қайталанбас қасиеттерін өзінен өзгеден кездеспейтін мінез, өз бойына ғана шақ дүниетаным, ой өрістерін, сан түрлі салт сезімдерін бұлжытпай бейнелеген салиқалы суреткер.

Абай шығармаларының шалқар көзі дәуірінің қасіреті мол шырайсыз шындығында жатыр. Ақын өмір теңізін кешіп жүріп, оның терең тұңғиығынан меруерт терді, сынаптай таза мөлдір тұнығынан нәр татты.

Абай шығармаларының шырқау биігі мен шынарлы шыңы жер жүзілік көркем өнер туындыларының ең жақсы үлгілері деңгейінен табылады. Абай есімі адам баласы тарихында сирек кездесетін таланттар қатарында аталады.

Абай лирикалары — өмірдің шынайы жылуына толы, күн нұрындай әсерлі шығармалар. Онда жан сергітер самал лебі есіп тұр. Ақын өлеңдері оқушысын күн нұрына бөлеп, көк майсаға орағандай керемет ләззат береді. Ол кейде шексіз қуаныш бесігінде тербетсе, кейде қайғы-қасіреттің қара түнегіне душар етеді. Бойыңа талмас жігер құйып, жан дүниеңді жадырата береді. Соқтықпалы, соқпақсыз заманға, қайғысы мен зары мол қоғамға деген өшпенділігіңді өршіте түседі. Сондықтан да Абай сөздері күні өткен тарихтың мүлкі бола алмайды. Қазіргінің ең қажет рухани құралы боп қала береді. Ақынның әлеуметтік көзқарасы, дүниетаным бағыттары — айдан анық. Халықтық, гуманистік жақтан ауытқыған емес, әрдайым өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін көтере білді. Кемеңгер шығармалардың әр жолынан дәуір үні сайрап тұрады. Сондықтан да Абайды заманының тамаша ұраншысы, оқу-өнер, білім ісінің жалынды жыршысы, жақсылық пен жарқын болашақтың жаршысы деу орынды.

Абайды өмір қайшылықтарын жай ғана суреттеп, жаманынан жиреніп, адамшылық үгіт-насихат айтып өткен өсиетші ақын деп қана тану, сөз жоқ, жеткіліксіз, тіпті, мүлдем тапшы баға. Абай өзі жасаған заман шындығын ақтара зерттеп, оның бойындағы мерездерін аямай сынауға күш салған батыл сыншы, тіпті, сол заманның әділ үкімшісі де болды. Қазақ даласының сұрқай тіршілігін, үстемдер озбырлығын, екіжүзді, алымқор, алдамыш топтарын, арамза молда, арызқой пысықсымақтарын өлтіре сынап, оларға деген ел наразылығын айқын танытты. Дәуірінің ащы да ауыр шындығы, шиеленіскен қайшылықтары, тағылық, талан-тараж, береке-беделсіз тартыс-арпалыстар, дау-жанжал, бақталас-тақастықтар, күншіл күшті-бейбастақтар — барлығы өзінің нағыз шынайы бейнесінде зәрлі тілмен мысқылданады. «Дүтбайға» деген өлеңінде ас-суын алдыңа әкелген, көз алдыңда бәйек қаққан байдың әлгі сый-сияпат көрсеткен адамның сыртынан, оның көзі жоқ жерде талай сұмдықты істеуге баратынын сынап, олардың бойындағы тұрлаусыздықты, жылпостықты өте шебер бейнелейді. Жылпос байдың образын көз алдыңа елестетеді.

 

Бір көрмеге тәп-тәуір,                Бүгін сыйлас көрініп,

Қазаны мен қалбаңы.                           Бүгін жалын, ертең шоқ,

Дөң айналмай ант атты,                  Сөзі мен өзі бөлініп…

Бүксіп бықсып ар жағы.            Тұрлауы жоқ құбылып, —

Сенен аяр түгі жоқ,

 

деп, қазақ болыстарының мінез-құлықтары мен іс-әрекеттеріне тән құбылыстар, олардың көз бояғыш әрекеттері табиғи бейнесінде айқын да шынайы суреттеледі. Ұлықтар алдында құрдай жорғалап, өзінен зорларға қол қусырып құлшылық етіп, ал қарапайым халыққа кісімсіп, бөрідей түксиіп қалатынын әдемі мысқылдайды. Олардың бет пердесін жұлып тастап, шын тұлғасын танытады.

Көпшілікке мәлім «Бай сейілді», «Мәз болады болысың», «Күлембайға» өлеңдеріндегі болыстар сиқы да осындай. Ел өмірінде етек алған қулық-сұмдық, өтірік-өсек, сыбыр-жыбырға, мәнсіз мақтанға әуестіктер де жеріне жеткізе («пысық кім деп сұрасаң») сыналып, қыңыр-қисықтар мен қырсыздар тобы әшкере болады. Халқына қасқырша тиіп, қан көрсе өлексеге шүйілген құзғындай тиетін басқа да жемсау құлқын құмарлар бейнесін, сәлдесі дағарадай болса да, көңілі соқыр, малқұмар надан молдалар сиқын Абайдай айқын танытқан ол тұста еш ақын болмағанын дәлелдеп жатуды керек қылмайды. Абайдың бұл сияқты сындары жай сипай салды сын емес және ол жеке адамдардың мінез-құлқындағы, іс-әрекеттеріндегі кемістіктерді түзетіп қана қоюды тілейтін дәрменсіз де емес. Абай сындарының нысанасы айқын. Ол жеке адамдар емес, түгел қоғамдық топ, үстем қоғамның әлеуметтік негізіне бағытталған, тиген жерін ойып түскендей саяси бағыты айқын сын. Сондықтан Абай шығармаларының озық үлгілерін жай ағартушылық реализм тұрғысында танудың өзі де дәл емес. Ол нағыз озық реализм үлгісіндегі гуманистік шығармалар ретінде танылуға тиіс. Асылы, Абай шығармаларының сиқырлы сырының көзі оның сол сыншыл реализм әдебиеті жеткен жоғары сатыға, нағыз көркемөнер сатысына қазақ поэзиясын көтере білуінде, өз шығармаларын сол биік тұрғыдан шығара білуінде болса керек.

Абай шығармалары надандық пен озбырлықты сынағыштығымен ғана сыншыл реализм дәрежесінде деп отырған жоқпыз. Бұл — мәселенің бір-ақ жағы. Ал кемеңгер ақынның поэзиясындағы көркемдік нәр, нағыз әдебиетке тән суреткерлік үлгілері — түр, мазмұн жаңалықтары. Тіл ұстарту жолдары, ақындық интеллект, поэзияның қоғамдық сырын аша білуі — бәрі қосылып, Абайдың жаңа тұрғылы реализм әдебиетінің өкілі дәрежесіндегі   ақын   екенін   толық   танытпақшы.   Ол әдебиеттің түрі мен мазмұнын біртұтас күйінде таныды. Оны озық гуманистік ағартушылық идеяларға ұштастыра білді. Абай XIX ғасыр ойшылдары демократтары — Белинский, Чернышевский идеяларынан қоректенген, Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Крылов салтындағы классик ақын. Солар сияқты өз елінің қылаусыз патриоты, зор гуманист жазушысы болды. Халқының сол кездегі хал-жайына қайғырып, оған шын жаны ашып, күйіне, күйзеле жыр шертті.

 

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі — қан, бірі май боп екі ұртың,-

 

дегендегі ақын күйінішті нағыз жанашыр патриотқа тән толғаныс. Елінің қайғылы тәуелді халіне күйзеліп, күйініп айтқан сөзі. Нағыз патриоттың айтар сөзі.

Абай өлеңдерінде кедейдің ауыр тұрмысы, жарлы-жалшылардың сүреңсіз өмірі, еңбексіз еріншектер — құр селтеңмен өмір кешетін бай-мырзалар бейнесі ақын шығармаларындағы тағы бір ауыр шындық куәлары. Азамат ақын ашқан халық қасіретінің бір көрінісі.

«Кедейдің өзі жүрер малын бағып, отыруға отын жоқ үзбей жағып»-міне, кедей тұрмысы, «сырмақ қып астына, байының тоқымын, отының басына, төренің қоқымын» — міне, болыстың атшабары Масақбайдың үй іші. Ал байлар кәсібі қандай?

 

Байлар жүр жиған малын қорғалатып,

Өз жүзін, онын беріп алар сатып.

Онын алып, тоқсаннан дәме қылып,

Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?

 

Елдің реңін алып, бос кезбелікке салынып, ас аңдып жүрген арсыздарды қаңғырған бұралқы итке ұқсатады:

 

Мінер атын, киімін ып-ықшам ғып,

Сымбаттанып, сымпиып, тамақ аңдып…

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,

Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.

 

Қазақ арасындағы бұл сияқты жұғымсыздықтарды сынап қана қоймай, ақыл-кеңес айтып, жөн сілтейді.

 

Еңбекті сат, ар сатып неге керек,

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

 

Абай — терең ойдың ақыны. Ол әрбір шығармасын жүрек тебіренте тереңнен толғайды. Кемеңгер ақын өлеңдерін сыдыртып оқып шығып, толық түсінік алдым деу қиын. Әрбір өлең жолдарының сөзіне үңіле, ойлана оқу ғана дегенге жеткізеді. Оқыған сайын бұрын оқыған Абай сөздерінің жаңа сырын ашып отырасың.

 

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла,-

 

деген жолдардың өзінен-ақ ақын көп нәрсе аңғартқандай. Оқушысын ойланта жыр шертті. Заман кесепатын көп көрген ақын кезінде қолдаушысын таппай жабығып, жалғызсырайды да. Сөйтсе де түңілмей ізденіп, жарқын өмірдің сәулесін көрсетуге күш салды.

 

Өмірдің алды — ыстық, арты — суық,

Алды — ойын, арт жағы — мұңға жуық.

 

Абай дүниенің құбылысын терең түсінген ақын. Өмірде, қоғамда өзгермейтін, біртіндеп дамымайтын еш нәрсе болмайды. Бәрінің де өмірге келмегі, дүниенің қызығына елігіп ермегі, ақыры алжып өлмегі қақ. Адам өз мақсатына түсініп ойлана, ақылмен өмір сүруге тиіс. Дәуірі үшін іс қылса, адамгершілік қарыз өтеледі.

 

Тоты құс түсті көбелек,                          Харекет қылмақ, жүгірмек,

Жаз сайларда гулемек,                           Ақылмен ойлап сөйлемек,

Бәйшешек солмақ, күйремек,                   Әркімді заман сүйремек,

Көбелек, өлмек, сиремек,                Заманды қай жан билемек,

Адамзатқа не керек:                                 Заманға жаман күйлемек,

Сүймек, сезбек, кейімек,                 Замана оны илемек.

 

Замана талабын түсіну, сол ұсынған зор мақсатқа сай қызмет қыла білу саналы, ойлы ақынға, алдыңғы қатарлы адамға лайық. Абай сөздері шетінен ойлы, сырлы. Ақын тереңнен толғайды. Адам баласының қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен сүйінішін түтел шертіп, шерменде халықтың сай-сүйегін сырқырата, оған ой сала, санасына сәуле түсіре сөз қозғайды. Ақынның жас жүректің қылын шертіп, махаббат дүниесін, өмір қызығын, ғашықтар сырын ақтаратын шығармалары қандай ғажап, адам қоғамымен бірге жасап отыратын мәңгілік туындылар. Қартайған адамның басындағы қажыған өмір сырын шертер жолдар қандай әсерлі және табиғи. Адам өмірінің әрбір кезеңдерін көрсетуі жағынан да алып ақын өзінше толғаныс тапқан жаңашыл. Бұл мәселеде Абай өзіне дейінгі кәрілік туралы толғауларды еш қайталамайды. Мүлде өзгеше жыр туғызып, жаңа поэзия жасайды.

Абай шығармаларында халық поэзиясының көркем тілі, қанатты сөздері көп кездеседі. Мысалы, халық аузында жиі кездесетін теңеу, эпитет, метафораларды Абай мол қолданады. Ақынның «Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл, ұқсайды қаса сұлу шомылғанға», «Сен жаралы жолбарыс ең, мен киіктің лағы ем», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды» деген және басқа сол сияқты жолдарындағы теңеу, эпитет, метафоралар, образды сөздерінің негізі, сайып келгенде, әрине, халықтық. Өйткені, халықтың мақал-мәтелдерін, импровизаторлық поэзияның кейбір үлгілерін орынды пайдаланды. Бұл да Абай поэзиясының халықтығының және реалистігінің бір сипаты еді.

Классик жазушылар мен сыншылар әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігіне ерекше маңыз берген еді. «Көркемдік,- деп жазды Н. Г. Чернышевский,- түр мен идеяның сәйкес келуінен шығады; шығарманың құндылығының қандай екенін көру үшін, оның негізі болып отырған идея ақиқат па? Әлде жоқ па? Мүмкіндігінше, осыны өте зер салып зерттеу қажет. Егер идея жалған болса, оның көркемдігі жөнінде сөз болуы мүмкін емес, өйткені түр де осындай жалған болады…»[3].

Озық реализмнің бұл принциптерін Абай өз шығармаларында қатаң сақтады. Ол:

 

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар тандамасы,

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы,-

 

деп жазды.

Абай бұл принципті өз шығармашылығында мейлінше мұқият сақтады. Оның өлеңдері терең идеялығымен ғана емес, асқан көркемдігімен де ерекшеленеді. Нағыз реалистік әдебиет немесе озық жаңа тұрғылы реализм туындылары — шын мәніндегі көркемөнер. Ол өмір шындығын бұлжытпай баяндаумен ғана құнды емес, өмірді бейнелеп, суреттеп бере білумен, қоғамдық типтердің образдарын жасауда асқан шеберлік білдірумен айқындалады. Абай шығармалары өмір шындығын нақты сурет арқылы танытуымен тамаша. Шынын айтсақ, Абай қазақ поэзиясында нағыз реалистік образ, шебер сурет, жаңа көрініс жасаған білімді, мәдениетті жазушылардың тұңғышы.

Абай суреттеген қыс, жадыраған жаз бейнелері, күн — күйеу мен жер — қалыңдық, қалғыған тау, дел-сал дала, сыбдырлаған жапырақ, күлімдеген аспан, ойланған жер, ақ қардың үстінде түлкі алып жатқан бүркіт, т. б. нағыз реалистік әдебиетке тән, шын өнерлік қасиет. Бұл тұстағы озық шығармалары оны жаңа тұрғылы реализм өкілдері тобына қосты.

Абай шығармаларының мазмұны мен түр бірлігінің жігі білінбей қабысып, ұштасып жатқандығын байқау үшін оның «Сегіз аяғынан» бір мысал келтіруге болады. Осы өлеңнің негізгі идеясы — еңбекке, өнерге шақыру десек, осы бір ойын шебер жеткізіп беру үшін ақын ұтымды түр де таба білген.

 

Болмашы кекшіл.

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң,

Бола ма дәулет нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,-

Тояды қарның тіленбей…

 

Бұл өлеңнің алдыңғы екі шумағы — үш жолдан тұратын кіші шумақтар. Ал алты жолдың төрт тармағында ақын ой пікірлерін моральдық пайымдау ретінде бес буынды өлеңмен айтып береді де, ал соңғы екі жолында жеті буынды дәстүрлі мәтел өлеңмен ол ойларына қорытынды жасайды. Ал осы қорытынды ой нақыл сөздік сипат алады. Абай нақыл арқылы айтпақ ойын тыңдаушысына ұғымды, қарапайым сөзбен еркін жеткізеді. Сондықтан Абайдың әлеуметтік моральдық жаңа түсініктерді неғұрлым қысқа түрде білдіретін сөз өрнектері мақал-мәтелге айналады. Өз кезіндегі реалистік поэзияның баға жетпес үлгілерінен шығармашылық жолмен үйрену арқылы және қазақтың байырғы өлең құрылысын, оның ішкі мүмкіншіліктерін жете зерттеп, пайдалана отырып, Абай көптеген жаңалықтар ашты.

Абай шығармашылығында реалистік әдебиеттің тақырыптары мен образдары кеңінен орын алды. Қазақ ақынының бүкіл творчествосына A. С. Пушкин мен М. Лермонтовтың, И. А. Крыловтың дәстүрлері мол әрі терең сіңісті. Абай өзінің көптеген өлеңдерін A. С. ІІушкин мен М. Ю. Лермонтов шығармаларының рухында жазды. Реалист ақындардың әділетсіз дүниеге қарсы жазылған, өшпенділік пен ызаға толы және адамгершілікті, ізгілікті мадақтаған тамаша шығармаларын өзінің ана тіліне тұңғыш аударған Абай болуының өзі де тегін емес-ті. Орыстың классикалық әдебиетінен халыққа қызмет етудің, нағыз биік өнер жасаудың баға жетпес үлгісін тапқан Абай өзінің шығармаларын сол дәстүрді қабылдай отырып жазды. Ұлы ақынымыз, ұлттық мақтанышымыз Абайдың бұл дәстүрлері қазіргі қазақ ақын жазушыларына да көп нәрсе үйретеді.

Абай өлеңдері өзінің реалистігіне қоса асқақ та өршіл романтизмге тән сипаттарымен де ерекшеленеді. Ақынның жүрек сезімін шерткен махаббат лирикалары мен қияға қанат қаққан көңіл күй лирикалары, негізінен алғанда, романтизм сарынындағы шығармалар. Ондағы ақынның ой серпіні, қиял қанаты аспанға шырқап, өмір өрін кезеді, адамгершілік пен әділет үміті желдей есіп, оқушысының сезімін сырға бөлеп, өмірге, болашаққа деген сенімін арттырады. «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Жүрегім, ойбай соқпа енді!», «Көңілдің күйі тағы да», «Не іздейсің көңілім, не іздейсің?» — деп келетін ақын өлеңдері — осындай романтизм сарынындағы шығармалар. Онда ақынның ішкі жан дүниесі, сезімі, арманы, топастар қауымына наразылығы, өз басының қайғысы, жан сыры ашылады.

«Жалын мен оттан жаралып», «Жүрегім, нені сезесің?», «Жапырағы қураған ескі үмітпен», «Ішім өлген сыртым сау», «Ем таба алмай», «Ауру жүрек ақырын соғады жай», «Жүрегім менің қырық жамау» өлеңдерінен ақын романтизмі айқын көрінеді. Сәнсіз жастық шақ, сәтсіз махаббат, отсыз сезім, зары мен шері көп ел, дел-сал дала, сұрғылт аспан, мұнартқан өлке, құнарынан айрылып, қураған дала, құлазыған сүреңсіз өңір ақын өлеңдерінде кеңінен қамтылып, адам жанын жігерлі романтикаға бөлейді. Бұл шығармалар ақынның жаңа стильде жазылған өзге сападағы еңбектері.

«Жарқ етпес, қара көңілім», «…Есіңде ме жас күнің», «Асау той тентек жиын», «Қапамын, мен қапамын», «Өлімнің ұйқысы емес іздегенім», «Асқа тойға баратұғын», «Қол жетпеген некені», «Қараңғы түнде тау қалғып» сияқты аударма өлеңдері мен өзіндік туындылары — ақын көңілі мен сезіміне толы қайғылы, мұңды, кейде тіпті, торығуға да әкеліп соғатын, нағыз романтизм сарынындағы шығармалар. Абайдың бұл салалас еңбектері оның A. C. Пушкин мен M. Лермонтов рухындағы екінші бір қырын танытады. Бұған ақын не аудару, не еліктеп жазу, не өз ой толқуын шерту арқылы келеді. Сөйтсе де Абай құрғақ қиялға салынбайды, өмірден безіп, өксігін баса алмайтын түңілушілікке бой алдырмайды. Өзінше жаңа өріс тауып, іші толған наразылық сырын ақтарып, қайғылы шындықтың ауыр күйінішін сездіреді. Оны ақын өз басының өкінішіндей бейнелейді.

 

Ауырмай тәнім,                                          Ағызды сығып жасымды.

Ауырды жаным,                                         Жөн таба алмай,

Қаңғыртты, қысты басымды.                       От жалындай,

Тарылды көкірек,                                     Толды қайғы кеудеге,

Қысылды жүрек,

 

деп ақынның өзі айтқандай, амалы құрыған кезде ғана кейбір торығу сезімдерін сыртқа шығарады.

Абайға түңілу емес, өршілдік тән. Абай — болашаққа қыранша қарап, алысты шолып, жақсылық жолын сілтей білген көреген ақын. Ол — ел үшін еңбек етіп, халқына өнердің жарық сәулесін түсірген кемеңгер, азаматтық борышын ақтаған зор талант иесі.

 

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!

 

Ақын шығармаларында әр алуан сарын осындай «соқтықпалы» дәуірдің сипаты болатын.

«Егер жазушының сөзі,- дейді Н. Г. Чернышевский,- шындық идеясы мен қоғамдық ой-санаға пайдалы әсер етуге талпынғандықпен рухтанған болса, ондай сөзде өмірдің арқауы бар, ол ешқашан өлмейді» [4]. Олай болса, Абайдың бұл саладағы шығармаларының да өмірі ұзақ, әдебиет тарихы үшін маңызы зор болмақ.

Абай өлеңдері — мазмұны мен түрі біріне-бірі сай, ең асыл сөзді поэзия. Ақын поэзиясы мазмұны жағынан қандай салмақты болса, түр жағынан да сондай көрікті. Абай өлеңінде артық сөз, орынсыз пікір кездеспейді. Бәрі де белгілі өлшемге сай, терең ойға құрылып, етек жеңі жинақы келеді.

 

3

 

Абай өлең теориясына қатысты бірнеше шығарма жазып, поэзияның мазмұны мен түріне ерекше көңіл бөлген. Өлеңнің көркемдік шарты түрі мен мазмұнының бірдей тартымды шығуында екенін тереңінен ұғынды. Бір кезде Н. Г. Чернышевский «Көркемдік — түр мен идеяның ұштасуынан шығады. Шындықты ғана суреттеген шығарма, өзінің түріне идеясы толық сәйкес келген жағдайда ғана көркем болмақ»[5],- деп көрсетсе, Абай шығармаларында осы қағиданы есінен бір минут шығарған емес. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Өлең сөздің патшасы», «Біреудің кісісі өлсе қаралы — ол», «Талай сөз бұған дейін көп айтқанмын», «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар», «Сәулең болса кеудеңде», «Адамның кейбір кездері», «Өзіңе сенбе жас ойшыл», «Өзгеге, көңілім тоярсың», «Сап-сап, көңілім, caп көңілім» деген шығармаларында Абай өлеңнің теориясын терең танып, ұстаздық көрсетті. Ойлы, сырлы, әсерлі, тілге жеңіл, көңілге қонымды, әрбір сөзі сары алтындай, аса көркем шығарма жасауға шақырды. Ол қазақ өлеңдерінің бұрынғы тар тақырып шеңберін әлдеқайда кеңейтіп, оған жаңа мазмұнды соны түр енгізді.

Өлеңнің сыртқы формасы бұрын төрт жолды не көп жолды шумақтар ғана болса, екі, үш, төрт, алты, сегіз жолды бір шумақтар Абай поэзиясы негіздеген жаңалық болатын.

Буын саны жағынан да Абай бұрынғы формаларды өңдеп, жетілдіре түсті. «Сегіз аяқ», «Сен мені не етесің», «Бай сейілді», «Ақылбайға», «Көзімнің қарасы», «Бойы бұлғаң», «Оспанға», «Антпенен тарқайды», «Ыстықтан суықтан», «Я, құдай, бере көр», «Қатыны мен Масақбай», «Мен сәулем жазамын», «Болды да партия», «Жалын мен оттан жаралып», «Тайға міндік» және басқа өлеңдері шумағы жағынан да, буын саны, бунақтары мен ырғақтары жағынан да мүлде жаңа түр, соны құбылыс.

 

Тайға міндік,                   Үкі тақтық,

Тойға шаптық,                        Күлкі бақтық,

Жақсы киім киініп.          Жоқ немеге сүйініп.

 

Осы келтірілген шумақтар буын саны жағынан да соны (3, 4, 5, 6, 7 буын аралас), шумағы 3 жолдан келген жаңа түр.

Тағы бір-екі мысал:

 

1.Бойы бұлғаң,                         3.Ата-анаға көз қуаныш —

Сөзі жылмаң,                                          Алдына алған еркесі,

  Кімді көрсем, мен сонан.               Көкірегіне көп жұбаныш,

Бетті бастым,                                Гүлденіп ой өлкесі.

Қатты састым,                              Еркелік кетті,

  Тұра қаштым, жалма-жан.          Ер жетті,

He бітті?

2.Кешегі Оспан

Бір бөлек жан,

Үйі — базар, түзі — той.

 

Жоғарыда біз келтірген үш шумақ өлеңнің құрылысына көз жіберсек, бұл өлең түрлерінің жаңалығы ешбір дәлелдеуді керек етпейді. Ол өз жаңалығын өзі-ақ көрсетіп, Абай қосқан соны форманы танытады.

 

Танымадық,                     Қолына алып,

Жарымадық,                    Пәле салып,

   Жақсыға бір іргелі.                 Аңдығаны өз елі.

 

Немесе:

 

Сен мені не етесің?          Және алдап,

Мені тастап,                   Арбап,

Өнер бастап,                      Өз бетіңмен сен кетесін,.

Жайыңа

 

Бұл келтірілген шумақтардың бунақ-тармақтары да өзінше бөлек. Мұнда кейбір өлең жолдары 1-2 буынды бірақ сөзден не 2, 3, 4, 5, 8 буындардан тұрады. Бунақтары: 3-2, 4-3, 5-4, 3-3.

Абай өлеңдерінде ұйқас пен ырғақ жағынан да көптеген жаңалықтар ұшырасады. Абай ерікті ұйқасты көп қолданады, оның өлеңдерінде ой екпіні мен ырғақ толқыны қабысып, ерекше түр жасайды.

 

Алыстан сермеп,                              Қисынын тауып,

Жүректен тербеп,                           Тағыны жетіп қайырған.

Шымырлап бойға жайылған.           Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Қиуадан шауып,                                        Сөйлеймін десең, өзің біл.

 

Осы өлеңдегі ырғақ толқыны ой екпінімен әбден ұштасып жатыр. Түр жағынан да, мазмұны жағынан да Абайдың «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң», «Сен мені не етесің», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», «Татьяна хаты», т. б. өлеңдері, аудармалары, жыл мезгілдеріне арнаған лирикалары — мүлде өзге, бұрын-соңды қазақ әдебиетінде қалыптаспаған түрлер. Абай 3, 4, 5, 6, 9 буынды, шалыс ұйқасты өлеңдер түрін мейлінше көп қолданды. Бұл түрлердің көбі — Абай енгізген жаңалықтар.

Абайдың өлеңдері — тілі жағынан да ерекше көркем. Ол — қазақ тілінің лексикалық байлығын жете меңгерген ақын. Абай, әсіресе, қазақ тілін бөтен сөзбен шұбарлаушыларға өте-мөте наразы болды. Ол тіл бүлдірушілерді қатты сынға алып, өзі қазақтың әдеби тілін байытты. Ақынның:

 

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бейшарасы,-

 

деп келетін атақты өлең жолдары бәрімізге жақсы таныс.

Сөйтіп, Абай «тілге жеңіл жүрекке жылы тиетін», айналасы теп-тегіс өлең кестесін жасап берді.

Абай поэзиясының тілі туралы алғаш ғылыми пікір қозғаған профессор Құдайберген Жұбанов: «Абай тілінің сөздігі, грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, бірге тұрып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады… өлеңнің өлшеуі мен ұйқасымына кіргізген сыртқы өзгерісінің өзі тек өздігінен бола салған іс емес, Абайдың барды сынай отырып, соныға тартқанынан туған межесі[6]» деген өте орынды пікірлер айтып, ақын жаңалықтарын ғылым тұрғысында тұңғыш танытты.

Абай өлеңінің тілі өткір дедік. Мұның тамаша үлгісін оның сын-сықақ өлеңдерінен де айқын көреміз. Мысалы, би-болыстарды мысқылдаған сөздерін еске алайық. Онда бір ерекше күш жатыр.

 

Байы — баспақ,

Биі саспақ,

Әулекі аспақ сыпыра қу…

 

Немесе:

 

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

 

Осы үзінділердегі мал жанды пасық бай, дәрменсіз қу би, екіжүзді болыс бейнелері ақын мысқылының аса бір өткірлігін, халықтық сырын жақсы танытады.

Абай адам баласының баршасына достық, өзара ынтымақ керек деп түйіп, адамгершілік, достық туын көтерді. Ұлтына, жынысына, сыртқы түр-түсіне қарап немесе қоғамдық дәрежесіне қарай адам баласын алалауға наразы болды. Ұлттар арасындағы, дәулеттілер мен дәулетсіздер қауымындағы қайшылықтардың отын сөндіріп, зор адамгершілік идеясын жырлады. Адамнан екінші бір адамның артықшылығы басқада емес… оның ақыл-ой дәрежесінде, білімділігінде, ар-ұятында, мінезінде деп атап көрсетті. Өзгеден оздым ғой деушілік (не малы, не дәулеті, не даңқ-дәрежесі, не жынысы, не түр-түсі) бәрі — бос даурығу, мүлде ақымақшылық деп ашықтан-ашық атап көрсетті. Осылайша, Абай барлық мәселелерде де терең тебіреніспен ой түйді. Кезіндегі ең алдыңғы қатарлы сананы жақтап, барлық озбырлық атаулыға, кертартпа-керенаулыққа қарсы шықты.

Абай да басқа ақындар сияқты өз дәуірінің төлі, өлеңдері де сол кезеңнің негізгі мәселелерін қамтиды. Бірақ күні өткен, ескірген дүние емес. Ол — заманының алдыңғы қатарлы ой-санасын жырлап, кейінге өшпес мұра қалдырған, шығармашылық рухы өмір сүре беретін мәңгілік тұлға. Абай жасаған керемет поэзия, тамаша картиналар — әлі көп замандарға қызмет етерлік, тәлім берерлік құрал, көркемдік үлгі.

Абай — тек өсиетші емес, шебер өрнекші. Қазақ поэзиясындағы ақын өрнектерін кейінгі ұрпақтары жалғастырып, өсіріп, жетілтіп әкеткен баға жетпес мүлік. Абай — жаңаның жаршысы. Халқына да, поэзияға да соны жол сілтеп, өсу-өзгеру бағытын бастады.

Абай қалыптастырған жаңа реалистік әдебиет ағымы XX ғасырдың басындағы бұқарашыл ағартушы ақындар шығармашылығынан берік ірге теуіп, өркен жайды. Ол кейін де бірте-бірте ұлғая дами береді. Сөйтіп шын мәніндегі жаңа реализмінің туы аспандап, көркем образды өнер туындыларымен астасып кетті.

Абай өзінің барлық ақындық күш-қуаты, бүкіл творчестволық рухымен, шалқар шабыт, тапқыр талант, шешен шеберліктерімен кейінгі ақын-жазушылардың ең сүйікті ұстазы, бүкіл қазақ әдебиетінің шын мәніндегі кемеңгері, алып тұлғасы болып қазіргі қауым ортасында жасай береді.

Осылайша XIX ғасырда қазақ әдебиетінде жаңа реалистік әдіс қалыптасып, гуманистік идея өріс алды. Қазақ әдебиетінде Абай дәстүрі — реалистік жаңа дәстүр өркен­деді. XX ғасыр басында өрісін кең жайған сыншыл реализм осы Абай реализмі дәстүрінің заңды жалғасы, соның ізгі әсерінің нәрлі жемісі еді. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы, Ақылбай мен Мағауия және Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев, Мұхамеджан Сералин жаңа леп осы Абай дәстүрінің жемістері болатын.

Абай поэзиясының реалистік озық дәстүрі XX ғасыр қазақ әдебиетінің қалыптасуына да негіз болды. Оның бойындағы тамаша сипаттар, классикалық үлгілер жас қазақ әдебиетіне қуат беріп, оның бой сала өсуіне әр уақыт нәр беріп келеді. Сондықтан Абай поэзиясы тарихтық мұра ғана емес. Ол қазіргі өмір қажетіне асып, халқымызды тәрбиелеуге себін тигізерлік ең қажет рухани азық болып отыр.

 

4

Абайдың поэмалары. Ақын творчествосынан елеулі орын алатын шығармаларының бір саласы — оның поэмалары. Олар: «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімесі». Бұл — ақынның лирикадан — оқиғалы, көлемді шығарма жазуға ойыса бастаған кезеңін танытатын маңызды еңбектер. Абай өзінің поэмаларында да жоғарыда көрсетілгендей әлеуметтік, адамгершілік идеяларын көтерді. Мысалы, өзінің «Ескендір» поэмасында Александр Македонскийдің озбырлығын, соғысқұмарлығын, дүниеқорлығын әшкерелейді. Ескендір патша туралы кезіндегі алып-ұшпа мадақтау сөз, аңыздарға қарсы, Абай озбыр Ескендірдің жағымсыз бейнесін жасады. Ескендірге қарсы ақыл иесі философ Аристотельді алып, өзі сол дана философ жағында екенін көрсетті.

 

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары оған мекен.

Филипп патша баласы, ер көңілді,

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен,-

 

деп бастаған жерден Абай Ескендірдің мансапқор, нысапсыз бейнесін көз алдыңа әкеледі. Ескендірдің жорығын баяндап, былай дейді:

 

Ескендір елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын көңілі бір тоймады.

Араны барған сайын қатты ашылып,

Жердін, жүзін алуға ой ойлады.

 

Бұдан кейін ақын Ескендірдің бір сапарын түгел сипаттап береді. Сол жолда біраз елді күшпен өзіне қаратқанын да айтады:

 

Алдынан шыға алмады ешкім мұның.

Бәрін де алды, қорқытты жолдағының.

 

Осы сапарында Ескендір қолы шөл далаға кездесіп, қиындыққа ұшырайды. Сонда патша тым қатал әмір беріп, жауыздық тоқтамға келеді. Өзіне жәрдем беріп, жанына еріп келе жатқан қызметкерлерді қыруға бұйырады.

 

Сандалды cap далада су таба алмай,

Шөлдеген жұрт қайтеді, бос қамалмай?

Қызметкердің бәрін де өлтірмекші,

Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай,-

 

деп, Абай Ескендір патшаның қара ниетін көрсетіп, патшалар үшін адам өлімі ешнәрсе емес, олар өзін қорғап жүрген адамдарға осындай мейірімсіз болғанда, басқаға не көрсетпек деген ой туғызады. Ақыры су табылады. Бәрі де қанып ішіп, төніп келген өлімнен аман қалады. Шөлі қанып, демін алып, жайғасып алған патша, енді еліне қайту орнына, сол судың басын іздеп, қожасын тауып өзіне бағындырмақ болады. Бұл әрекет Ескендір патшаның даңғой, құлқынқұмар, зұлым екенін одан әрі айқындай түседі. Абай мұндай өзімшіл қанағатсыз, көзі тоймайтын жаугершіл жанға қарсы өз ақылын айтады.

 

Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,

Мықты болсаң, өзіңнің нәпсінді жең!..

 

дейді.

Мұндай адамның көзі, нәпсісі тек топыраққа ғана тояды деп, Абай соғысқұмар патшаға көз сүйегін тартып, Аристотельдің ұстамды сөзімен поэмасын аяқтайды.

Осылайша ағартушы ақын қара күшті ақылға жүгіндіріп, ақылмен адамшылық іс қылуды уағыздайды.

Абайдың «Масғұт» поэмасы да — жаңа идеяға негізделген шығарма. Ақын өз поэмасының негізгі кейіпкері Масғұтты адамгершілік үшін күрескер етіп көрсетеді. Масғұт өзінің ізгі ниеттілігімен — тонаушылардың озбырлығынан зәбір көріп жатқан қарып-қасер, жазықсыз шалды қорғап қалады. Шалды Масғұт тонаушылар қолынан өз басына пайда ойлап, соның үшін құтқармайды. Тек жазықсыз жанды қорғау мақсатымен ғана қауіпті іске араласады. Масғұттың қорғайтыны өлім тырнағына ілінген шал болса, кейін таңдайтыны — жәбір көрген правосыз әйел қауымы. Поэмадағы бұл тоқтам жай айтылған сөз емес, ол романтикалық аңыздау арқылы суреттелсе де ақынның гуманистік идеясын танытатын озық ойының түйіні.

Абайдың жоғарыда аты аталған екі поэмасы да революцияға дейінгі қазақ әдебиетінде ерекше орны бар шығармалар. Бұл ерекшелік Абай поэмаларының идеясынан да, түр өзгешелігінен де айқын танылады. Абай бұл поэмаларында өмірде кездесетін шындықты романтизм әдісімен суреттейді. Кейіпкерлері — қарапайым адамдар. Олардың іс-әрекеті де қарапайым. Ал романтизм сол әрекеттердің байланысы, желісі ретінде көрініп, ақынның ұшқыр қиялымен қабысып кетеді. Кейде соны ақын қуаттайды да. «Адамның көзі тоймайды, көз сүйегі ауыр болады-мыс немесе әулиелік істейтін пір бар» деген сияқты түсініктер қуатталып отырады. Бұл ойлар ақынды амалсыз романтизмге бой ұрғызады. Сөйтсе де Абай шынайы өмірден аулақтамайды. Өзінің мифтік, романтикалық ойларын адам өміріне, шындыққа жанастыра баяндайды.

Абай поэмаларын қазақ ауыз әдебиетінде қалыптасқан жыр, толғау дастандармен де, шығыстық қиссалармен де салыстыруға болмайды. Абай поэмалары — оқиғаны өмір шындығына жанасымды етіп бере білуі, сөз тіл қолданудағы қарапайымдылығы, халыққа түсінікті болуы, образдардың жай адамдар бейнесінде сипатталуы, идеясының терең және айқын адамгершіл болуы жағынан өзінен бұрынғы жыр толғаулардан мүлдем ерекше жаңа сипаттағы шығармалар.

Абайдың поэмаларының бұл ерекшеліктері — ақынның өзіндік түр іздеу жолындағы сол кез әдебиетіндегі тосын бір жаңалығы деп айтуға болады.

Дүниежүзі әдебиетін көп оқып, оның дастан-поэмаларының сырына қанған Абай қазақ әдебиетіндегі өзіне дейінгі поэма үлгілері мен қалыптасқан формаларға бейтарап қараған жоқ. Ол қазақтың дағдылы эпостарына, жыр, толғауларына қанағаттанбай, жаңа форма іздейді, романтикалық поэманың мектебіне алғаш із тастады. Абай поэмалары өзінің композияциялық, сюжеттік кейбір олқылықтарына қарамастан поэма тарихында елеулі орны бар, жаңа бетбұрыс болды.

Ескендірді шығыс ақындарының көпшілігі-ақ жырлап келді. Фердауси, Низами, Жәми сияқты Абайдың кейбір кезде бас иген ұстаздары патшаның кемеңгерлігін жер­көкке сыйғызбай дәріптеген болатын. Фердауси өзінің «Шахнамасында» Ескендірді Иран патшасының тұқымы, мұсылман ақсүйектерінен туған деп, әдейі біле тұра теріс танытып, оның айбынын ардақтады.

Низами ақын «Ескендір нама» атты арнайы дастан жазды. Ол Ескендірдің туысын тарихқа сай баяндап, көп елді өзіне қаратқан жорықтарын жырлады. Оны асқан ақыл иесі етіп көрсетті. Жәми «Ескендірдің даналық кітабын» жазып ардақтады. Бірақ, Абай, біз жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Ескендір оқиғасына өзінше баға беріп, мүлде өзге тұрғыдан түсіндірді. Ол Фердаусиді де, Низамиді де, Жәмиді де қайталамайды.

Низамидің Ескендірі ақылды данышпан бейнесінде ақырғы сөзді өзі айтса, Абайдың Ескендірі — дөрекі, мансапқор патша. Соңғы сөз тоқтамын ақын патшаға емес, ақыл иесі философ Аристотельге айтқызады. Қыдыр бейнесі де Абай поэмасында айтарлықтай шешуші роль атқармайды. Абай Ескендірді қанағатсыз, жұғымсыз, озбыр адам етіп көрсетеді. Сондықтан, Абай Низамидің «Ескендір намысына құр еліктеп, оны қайталаушы болған жоқ. Ол мүлде өзгеше пікір түйінін жасап, сол Ескендір туралы аңыздарды шындыққа сай баяндауға күш салды. Поэмадағы Ескендір де, Аристотель де жай адамдар ретінде суреттеледі. Олардың бойында, сөзінде, ісінде сол кездегі көп аңыздар мен шығыс әдебиетіндегідей асқақ сыр, әулиелік мән жоқ[7].

Абайдың «Ескендірін» орта ғасырлық Еуропадағы Александрия циклындағы бірыңғай мадақтау повесть-романдарға ұқсатуға да болмайды. Абайдың «Масғұты» мен «Әзім әңгімесі» де шығыс елдерінде көп тараған аңыздар сюжетіне сүйеніп жазылған дастандар.

Абайдың «Масғұтының» мазмұны И. Тургеневтің «Восточная легенда» әңгімесімен мазмұндас екенін М. Әуезов көрсеткен-ді. Бірақ бұлардың арасындағы ұқсастықтың сыры сол — «Ескендірдегі» сияқты, шығыс халықтары аңызын бұл екі кемеңгер де өздерінше пайдаланған И. Тургенев аңыздың сюжет желісін Джиаффардың зәбір көріп жатқан ақсақалды құтқару оқиғасын естуі бойынша, жай баяндай салған. Көркем шығарма дәрежесіне көтергендей өңдеу жүргізбеген[8] (Масғұтты Тургенев Джиаффар деп атаған). Ал Абай аңыз сюжетін жаңа бір шығарма жазу үшін пайдаланған. Масғұт тағдыры өзгеше шешімін табады. Абай аңыз сюжетін өз көзқарасын уағыздау үшін пайдаланып, өзінің адамгершілік ойларын танытады. Негізгі қаһарман әрекетін автор өз ойына, өзінің дүниетаным көзқарасына негіздеп бейнелейді. Бұған қарағанда, шығыс аңызының сюжеті Абайға тек қызық оқиғаны жай жырлай беру үшін ғана емес, шешуін қажет еткен өмірдің маңызды мәселесін бейнелеу үшін қажет болған сияқты.

Абайдың аяқталмай қалған «Әзімнің әңгімесінің» сюжеті бізге араб ертегісінен «Мың бір түн» қаһарманы Шахризада хикаяларының бірінен мәлім Хасан зергердің әңгімесіне ұқсайды. Ақын хикаяны түгел баяндамайды. Тек алданған жас зергердің оқиға тарихын беретін жайлары ғана алынады. Сондықтан Абай ертегінің сюжетін ғана қайта жырлап бермейді. Мұнда да ақын өзінің адамгершілік идеясынан туған пікірлерін уағыздау мақсатын көздейді. Ол қалайда бай болуға құмартып, оның оңай жолын қарастырып, өзінің үйреншікті кәсібін тастап, барға місе тұтпаған жастың тағдырын танытады. Жас адамға тән аңқаулык, тәжірибесіздіктер ескертіледі. Сондай-ақ ақша құмар жылпостардың адам өмірімен еш санаспай қыршын жасты алдап, өлімге айдап, оның сүйегін аттап, алтын табудан тартынбайтынын әшкерелейді. Осылайша ертегінің кішкене оқиғасын кемеңгер ақын әлеуметтік мәні зор мәселелерді суреттеуге пайдаланады. Хикаялық сюжеттен реалистік түйін түйіп, келелі ой қорытады.

Сонымен, Абай поэма жазуда да ешкімді қайталаған жоқ. Ол өзіндік жаңа сападағы дастандар туғызады. Біздіңше Абай бұл жаңа жолды Байрон мен Пушкинге еліктей отырып қолданады. Солар жасаған Шығыстық сюжеттегі романтикалық поэмалар үлгісінде тың дастан жазуға талаптанады.

Пушкиннің орыс әдебиетінде романтикалық мектептің негізін қалағаны сияқты Абай да өз айналасына тілектес ақындар топтады. Шәкәрім (1858-1931), Ақылбай (1868-1904), Мағауия (1870-1904), Әсет Найманбайұлы (1864-1923), Көкбай сияқты ақындарды тәрбиелеп шығарды. Бұл жас ақындар Абай бастаған ро­мантикалық поэма жанрын ілгері дамытты. Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған жаңа поэмалар туғызды.

Абайдың шәкірттері Шәкәрім — «Ләйлі — Мәжнүн», Ақылбай «Дағыстан» мен «Зұлысты», Мағауия — «Медғат — Қасым» мен «Еңлік — Кебекті», Әсет «Салиха, Сәмен», «Ағаш ат» поэмаларын жазды. Бұлардың поэмалары Абай поэмасының дәстүріндегі жаңа үлгі, негізінен, романтикалық дастандар болды. Олардың көпшілігі тосын оқиғалы өлеңмен жазылған новелла сияқты. Жаңа романтикалық поэмалар алып күшке сүйенген, «әулиесі» қолдайтын ерекше адамдарды емес, көбіне қарапайым, қатардағы жандарды бейнелейді. Олардың істерінде адамға сыйымсыз әрекет аз кездеседі. Асқақ сөз, асыра дәріптеу, қалың бояу да көп орын алмайды. Бірақ поэма қаһармандары өзгеше тағдырлы жандар, басқа адамдар да бөлек мінездерімен ерекше көрінеді. Сөйтсе де қаһарман қоғамдық тап өкілі болу қасиетінен айырылмайды. Кейіпкерлер тағдырының ерекшелігі романтикалық поэмалардың сюжетіне арқау болады, оның сюжет ерекшелігін айқындайды. Жеке адам өмірі күнделікті тұрмыстың үйреншікті көрінісінен біраз көтеріңкі жырланып, романтикалық қаһарманға жан бітіріп отырады.

Романтикалық жаңа поэмалардың новеллалық жаңа ерекшелігіне қоса тағы бір өзгешелігі — олардың лирикалық сарынына байланысты келеді. Сондықтан кейбір романтикалық поэмаларды лирикалық поэма деп атауға болады. Алайда басқа поэмалардағы эпикалық жырлардағы лиризм бірдей емес. Эпоста кейіпкердің күйініші, не өмір белесі шегініс оқиғаларда бейнеленсе, романтикалық поэмалардың лирикалық сарыны бар оқиғамен біте қайнап, оның бойына түгел еніп кетеді. Кейде кейіпкер мен автор бірінен-бірі бөлінбей екеуі бірігіп жатады. Сөйтіп көптеген романтикалық поэма автордың лирикалық толғауы болып та көрінеді. Романтикалық поэмалардың лирикалық сыры өз бойына сыйымды келеді. Оның эпостық тегіне ешбір қиянат етпейді. Сондықтан романтикалық поэманы таза лирикалық поэмалармен шатастыруға болмас еді.

Романтикалық поэмалардың композициясы да біраз өзгеше құрылады. Суреттеліп отырған оқиға өзінің субъективтік қалпында логикалық байланысымен дамымай, лирикалық сезімге негізделе баяндалады. Кейіпкердің ішкі дүниесі, жан сыры ашылып, ол әр түрлі жаңа жағдайға душар болып отырады. Негізгі сюжет желісі бұзылып, жеке драмалық оқиға үзінділеріне бөлінеді, композициялық инверция экспозияны бөгеп, кейіпкердің өткені мен болашағы көп жерде бүркеме қалып отырады. Романтикалық шығармалардың мазмұндары ұлттық не тарихтық болмай, басқа ел, өзге жұрт өмірінен алынады. Мысалы, A С. Пушкиннің «Цыгандарында» Бессарабияны ен жайлап көшіп жүрген цыгандар өмірі бейнеленсе, Абайдың «Ескендірінде» Македония шаһарын мекендеген Ескендір мен ескі грек философы Аристотель, «Масғұтта» Бағдат жігіті Масғұт өмірі беріледі. «Әзім әңгімесінде» де Бағдаттық адамдар арасындағы тосын оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ, Ақылбайдың «Дағыстанында» тау халқы өмірі, Әсеттің «Ағаш атында» Бағдат жігіті Хасен тағдыры сөз болады. Бірақ Пушкиннің «Цыгандары» орыс өмірінен алшақ па? — десек, оның орыс өміріне жанасымды шығарма болғанына ешкім дау айтпайды. Ендеше Абай мен оның жолын ұстаған жас ақындар поэмаларындағы оқиғалардың да қазақ өміріне жаттығы болмаса керек. Ескендір патшаның озбырлығын мысқылдау, Масғұттың гуманистік істерін жақтау, Әзімнің адал еңбегін қоштау, озбырлық пен алдау сияқты адамшылыққа жат қылыққа соққы беру қазақтың Абай жасаған заманының шындығына сай келмей ме? Әрине, сай келеді. Сол сұм өмірдің озбыр көрінісін көз алдыңа елестетеді. Автор өзінің жаңа пікірлерін бұл ретте жаңа түрмен суреттеп, романтикалық поэма жасайды.

Әлеуметтік идеясы мен композициялық тұтастығы жағынан Ақылбайдың «Дағыстаны» мен Мағауияның «Медғат-Қасымы» — өзіне дейінгі шығармалардан ерекшелігі бар жаңа туындылар. Бұларда М. Лермонтовтың өткір де күшті романтизмінің әсері молырақ. Онда құлдыққа бас имей, бас бостандығы, адам ары үшін күрескен жастар дәріптеліп, бостандық идеясы көтеріледі. Қазақтың феодалдық патриархалдық қоғамындағы құлдық пен қорлыққа бұл поэма мазмұнының қатысы жоқ деуге болмас еді.

Абай әсерінен нәр алған бұл жас ақындардың поэмалары лирикалық, романтикалық сарында жазылған. Бұлардың кейбіреуі қазақ қоғамының шындығына тікелей байланысты. Мәселен, Әсеттің «Салиха мен Сәмен», Мағауияның «Еңлік — Кебек» поэмаларында бірін-бірі шын сүйген қазақ жастарының сәтсіз махаббаты, армандарына жете алмай, ескілік пен озбырлықтың құрбаны болған тағдыры баяндалады.

Әсеттің екінші поэмасы — «Ағаш атта» Бағдат жігіті Хасен еліндегі бір шебердің жасап берген таңғажайып ағаш атын мініп, ешкім бұрын-соңды көрмеген бөтен бір хандыққа ұшып барады; сондағы сұлу, асыл қызды тауып, соған қосылады. Бұл поэманың сюжеті де «Мың бір түннен» алынған. Мұнда ақын жастардың сүйген жарын тауып, өз ықтияр-еркімен қосылуын армандайды.

Осылайша қиял-ғажайып ретіндегі образ бен көріністер романтикалық поэмаларда белгілі бір дәрежеде орын алады. Бірақ ол шығарма сюжетіне негізгі арқау бола алмайды, екінші қатарда тұрады. Ертегілік дию-перілер де көп кездеспейді. Адам айласы мен өнері баса көрсетіледі. Абай поэмаларындағы көз сүйегі мен Қыдыр шалдың бейнелері — осындай романтикалық поэмаларға тән сыйымды мөлшердегі қиялдар. Сондай-ақ Әсеттің соңғы поэмасындағы  «Ағаш атта» да өнер болашағына сенім арманы басым.

Абайдың «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде жартастан құлаған қыз, Мағауия поэмасындағы Еңлік пен Кебектің өлімі, Әсеттегі Салиха мен Сәмен қазалары — бәрі де азаттық идеядан туған біріне-бірі ұқсас бір сарынды танытады. Бұл қазақ еліндегі теңсіздік пен әділетсіздіктен ашынған жастардың ескілікке қарсы күресінің, әлсіз де болса, айқын наразылығы еді.

Бас бостандығы үшін күрестің мұндай түрі қазақ ауыз әдебиетінен де мәлім. Енді жаңа дәуірдегі жасқа мұндай құрбандықтан гөрі басқа жол — батыл күрес жолын ұстаған орынды еді. Ол жолды Абайдың жанапшр жас достары кейінірек жырлады.

 

5

Абайдың қарасөздері мен нақылдары — ақын шығармашылығының елеулі саласы, өлеңдерімен мазмұндас, идеялас, бірін-бірі толықтыра түсетін маңызды шығармалары. Сонымен бірге, әдеби жаңа түр, алғаш көрінген проза, публицистика. Ақынның тереңнен толғаған озық ойларының шынайы туындысы. Өлеңдерін туғызған тарихи әлеуметтік жағдайлар қарасөзінің тууына да себепкер. Ол — өлеңдерінде де, қарасөздерінде де өмір шындығын, халықтың арманын, болашақ қамын көздеген жазушы. Өзі айтқандай: «Қыранша қарап Қырымға, мұң мен зарды қолға алды, Кектеніп надан зұлымға, шиыршық атты толғанды».

Абайдың қарасөзге бет бұруы ойламаған жерден ойға алған кездейсоқ емес, керекті заңды бетбұрыс еді. Таланттың өзін туғызатын тарихи әлеуметтік жағдай, халықтың қалың ортасының керегі болса, оның творчестволық ізденістеріне бастау да сол.

Көңіліндегі көрікті ойдың өңін қашырмай халыққа жеткізу, өнеге қалдыру, ақыл айту, оны терең толғантты, қиялы қанаттанып, шабыт биігіне көтерілді. Айтар сырларын, арман-ойларын түгел баяндап, тыңдаушысын тәнті етіп, оқушысының сусынын әбден қандыру үшін тек поэзия аздық ететіндей, прозаға да бет бұрды. Кейбір тарихи не философиялық пікірлерін жеткізе айту үшін оған поэзиядан гөрі қарасөздің мүмкіншілігі мол сияқты сезілді.

Бірақ Абай алдында әзір тұрған проза үлгісі қазақ әдебиетінде болған жоқ. Бұрынғы ауыз әдебиетіндегі түрлі тақпақ, ертегі аңыз-әңгіме түрлері де, шешенсіген би сөздері де Абайға көркемдік үлгі болып кете алмады. «Ескі бише отырман бос мақалдап»,- деп қазақтың ескі билерінің түр қуған бос сөздеріне сын айтты. Абай өз сөздерін халықтық терең идеяға құрып, оған көркем түр бере түзеп, тыңдаушыларын да түзелуге шақырды. Ол қандай шығарма жазбасын бәрінде де түр қуаламай, мазмұнға ерекше мән беруді мақсат тұтты. Сондықтан да өз шығармаларының түрі мен мазмұнын қабыстырып, терең мазмұнына сай өзінше түр тауып қолданды.

Ол үшін, Абай өзіне әбден таныс қазақ ауыз әдебиеті, Батыс әдебиеті, Орта Азия әдебиеті жасаған әзір үлгілерді білсе де оның барлық белгілі түрлерін қабылдай алған жоқ. Ертегі, аңыз шежіре, хикая тағы басқа жазған жоқ. Ол өзінше жазды. Ақындық жолындағы ізденістері нәтижесінде лириканың көптеген жаңа түрлерін дамытқан Абай прозаның қолдануға ыңғайлы, жетімді түрін іздестірген сияқты. Құлаққа жеңіл, жатқа айтуға да көнерлік, сол тұстағы қауым талғамына сай өзіндік стиль тапты. Осылайша қазақ әдебиетінің тәжірибесіне әлі сіңбеген прозалық шығарма жазуды бастады. Бұл салада алғаш қадамдар жасады. Ол өз кезіне лайық жаттап алуға, ойға салып, тәлім алуға мүмкіндігі мол қарасөз түрін тапты. Сол сөздер арқылы Абай өлеңдерінде қозғаған алуан түрлі жаңа пікірлерін, ішін кернеген ой толғауларын жазып қалдырды. Келешектің кәдесіне жарарлық өсиет, кезіне керекті насихат, жас буынға ой саларлық ғақыл, өмір ережесі етіп тұтарлық шешен нақыл сөздер тізді.

«Ақыры ойладым,- дейді Абай,- осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі». Осы ойға кіріскен Абай, өзінің көтерген мәселесін ұзақ желіге құрып, оқиғасын көркем бейне арқылы ашуды мақсат қылмайды. Ол өзінің айтпақ болған ойларын, өлеңдерінде көтерген мәселелерін көлемі шағын, мазмұны бай, сөзі орамды, тілі өткір қарасөздер арқылы қысқа ғана әңгімелеп береді.

Абай өзінің өсиет сөздерін, ғақияларын тұтас бір шығарма ретінде шығару жолында өзіне әзір стилдік үлгі болар туындыны, біздің кейінгі кездегі болжамымыз бойынша батыстан да емес (біз бұрынғы зерттеуімізде  A. С. Пушкиннен тапты дегенбіз), шығыстан, парсы ғұламаларының еңбектерінен тапқаны анық. Ондай ойға біз «Кабус наманың» қазақ тілінде бөлек кітап боп шыққан кезінен келгенбіз. Байыптап қарасақ Кей қауыстың «Кабус намасы» өзінің сыртқы түрі мен стилі жағынан өте жақын туындылар екен. Екеуінде де қырық бес өсиет сөздер тізілген. Айырмасы мазмұнында екен. Кей қауыс өзінің «Кабус намасын» (өсиет кітабын) өзінің туған ұлына арнап, соның болашағы үшін керекті ақылдарын айтады. Өз басының тәжірибесін қорытып, болашақта қажет болар деген ниетпен, баласына өсиет етеді. Өмір тәжірибесін түйіп, жақсылық, әділдік жолдарын меңзейді. Аллаға, дін ісіләм қағидаларына берік болудан бастап, үкімет билігін қалай жүргізу, адал адамгершілік, ақыл иесі болу жолдарын, өнерлі, өнегелі іс қыла білуді әңгімелеген. Ал Абай болса, бір адамға емес, ақылдарын барлық қазаққа, қала берді бүкіл адам баласына қарата айтады. Қазақ елінің, ұлтының шындығынан алып сөз қозғайды. Елінің мақсат, мүддесін көздеп, оның парасатты ұрпағына жөн-жосық көрсетеді. Керек жерінде сын айтып, керексіз әдеттер мен мінездерден сақтандырады. Жалпыға ортақ ойлар түйіндейді.

Сондықтан, Абай сөздері сырт формасы жағынан «Кабус намаға» өте ұқсас болса да, мазмұны мүлде бөлек. Бұл тұста біз Абайдың аталмыш шығарманы оқығанын және түрі, стилі жағынан болса да үлгі тұтқанын айтпақпыз.

Жанрлық іздену жолында ол шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғақлияларын есте ұстағаны даусыз.

Қазіргі қолданылып жүрген мағынасында көркем проза жанрын тікелей Абайдан іздеп, соның біріне оның ғақлия қарасөздерін жатқыза салам деудің реті келе бермейді. Мысалы, көркем прозаны алсақ, оның қазір көлемді түрі және шағын түрлері қалыптасты. Көлемді түрі: роман, повесть, шағын түрі: әңгіме, новелла, очерк, т. б. Көркем публицистика түрлері бар. Бұлардан тыс әдебиет қорына қосылатын жанама шағын формалардан — сын, мақала, деректі әңгіме, қызықты памфлет, фельетон, ғылыми-философиялық мәні бар эссе, трактат, сұхбат, суреттеме, өсиет сөз, нақыл сөз, т. б. атауға болады.

Абай прозасы ішінде ғақлия, нақыл сөздер де, ғылыми мақала да, ойшылық трактат та, өткір сын, мысқыл ретінде келетін сатиралық әңгіме де, адамгершілік өсиеттер де (дидактикалық рассуждение), публицистикалық насихат түрлері де, шешендік әңгіме кеңестері де бар. Тек көлемді көркем проза жазбаған.

Қысқасы біз: 1) Абайдың қарасөздерін негізінен прозаның шағын түрі деп атау керек, 2) Абайдың қарасөздерінде шағын прозаның мынадай түрлері бар деп білу керек демекпіз:

1.Өсиет ғақлияға Абайдың адамгершілік мораль, мінез-құлық туралы мысал жөнімен келетін өсиет мазмұнды эссе ретіндегі сөздері және діни ғибрат ретінде жазған біраз дидактикалары жатады. Олар: «Он үшінші», «Жиырмасыншы», «Жиырма сегізінші», «Отыз сегізінші» сөздері деуге болады.

Абай өсиет ғақлия ретті эссені тек түр ретінде өз мақсатына сай жаңа мазмұн бере отырып, пайдаланған. Мұны Абай ағартушы насихатшылық талабына, өнеге, ақыл айтып кету арманына сай жазған. Сондықтан оны түр ретінде пайдаланудан қашпаған.

2.Тастих (утверждение) немесе философиялық трактат. Бұған Абайдың философиялық ойларын, дүниеге көзқарастарын білдіретін ғылыми пікірлер айтқан эсселері жатады. Мысалы, «Жетінші сөз», «Он жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз», «Қырық бесінші сөз».

Бұдан басқа «Жиырма жетінші сөзі» мен «Отыз сегізінші сөзі» де трактат үлгісіне ұқсайды. Бірақ олар терең ойлылығы жағынан жақын болса да, түрі жағынан біраз алшағырақ. Сондықтан бұл сөздерді өсиет ретіндегі диалог-кеңес сөз үлгісіне (поучение, сұхбат формасына) жатқызған жөн.

3.Нақыл тұспал сөз (Афоризм, изречение). Абайдың өлеңдерінде де, қарасөздерінде тауып айтқан тұжырымды, үлгілі деп аталып жүрген сөзі түгелдей афоризм (23 афористік сөз), тұспал сөздер де көп. Осындай афоризм тізімі «Кабуснамада» да кезігеді. Қарасөздердің ішінде «Отыз жетінші сөзде», бұдан өзге де афоризмдері көп. Олар әр жерде шашылып жатыр, өлеңінде де, қарасөздерінде де, әркімнің еске алған сөздерінде де кездеседі. Оларды өз алдына тізсе, мол дүние болып шығады.

Мысалы: «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық», «Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның қуаты бір қалыпта тұрмайды. Ендеше көңіл қайдан бір қалыпта тұра алады» (Жиырмасыншы сөз). Осылайша, тұспал сөзбен ақыл айтып, тұжырымды ой беріп, әдебиетте тұспал мәтел сөз формасын дамытты.

4.Әңгіме, кеңес ретіндегі диалог, монологтарында Абай кейде екі адамды не адам мүшелерін сөйлестіріп, кеңестіреді. Кейде өзі әңгіме-дүкен құрып, тыңдаушысымен не өзімен өзі кеңесіп отырады. Біреуге сұрау қойып, жауап күтеді, не өзі екінші кісінің ролінде толғанады. Жауабы өзінен-өзі белгілі сұрақтар қояды. Мысалы: «Төртінші», «Бесінші», «Сегізінші», «Тоғызыншы», «Оныншы», «Он екінші», «Он алтыншы», «Он тоғызыншы», «Жиырма бесінші», «Жиырма жетінші», «Отыз бірінші», «Отыз екінші», «Қырқыншы» сөздері.

5.Публицистикалары: «Бірінші», «Екінші», «Үшінші», «Он төртінші», «Жиырма төртінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма тоғызыншы», «Отыз үшінші», «Отыз тоғызыншы», «Қырық бірінші», «Қырық екінші» сөздер және «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» мақаласы.

Публицистика — мерзімді баспасөздің шығуына байланысты пайда болған белсенді жанр. Онда саяси-әлеуметтік, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар мәселелер қозғалады. Жағымсыз құбылыстар, мінездер сыналады. Кейде ғылыми мәселелер көтеріледі. Абайдың «Екінші», «Үшінші», «Бесінші», «Тоғызыншы», «Отыз үшінші», «Қырық екінші» сөздері мен «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» сөздері — ғылыми мақала ретінде жазылған публицистикалық еңбек. Онда Абай алуан түрлі қоғамдық саяси-әлеуметтік, ғылыми мәселелерді қозғайды. Бұл сөздердің мақалалық сипаты айқын байқалады. Күнделікті бір мәселені қысқаша жай ғана баяндап берушілік, оған әлеуметтік мән бере сөйлеу — мақалаға ұқсататын қасиеттер.

Абай қазақтың болыс, билерін, байларын келеке етті, елдегі қырсыздық, еңбексіздік, надандық тағы басқа жағымсыз істерді сынай сөйлеп, «Алтыншы», «Он бірінші», «Он төртінші», «Жиырма екінші», «Жиырма тоғызыншы», «Қырық бірінші» сөздерінде публицистиканың сын-сатира эссе, очерк, мақала, памфлет жанрларын әдебиетке әкелді. Памфлетте ирониялы күлкінің, сатираның, элементтері басым болады. Памфлет адамшылыққа жат қылықтарды мұқату, халықты оған қарсы қою, жақсылыққа шақыру мақсатын көздейтін публицистика. Әсіресе, «Алтыншы», «Он бірінші», «Жиырма екінші», «Қырық бірінші» сөздері памфлетке ұқсайды.

Ал Абайдың бірер сөзі («Бірінші сөз») мемуарлық, кейде күнделік деректі білдіреді. Соның элементтері байқалады. Мұнда Абай өз жайын, ойын, мақсатын, талаптарын айтып отырады.

Қысқасы, бұл сөздер арқылы Абай өз заманының ірі бұқарашыл публицисі болды. Ол қазақ жазба әдебиетінде публицистикалық прозаны бастады. Қазақ публицистикасының басы болды. Абай публицистикасы өз кезінің келелі мәселелерін көтерді. Қазақ қоғамының кертартпа салт-санасына қарсы сын айтты. Өнер-білімге үндеді. Көрші озық елдер мәдениетін үлгі етті. Ал, Абайдың «Он бесінші», «Он жетінші», «Он сегізінші», «Жиырма үшінші», «Жиырма алтыншы», «Жиырма жетінші», «Отызыншы», «Отыз бесінші», «Отыз алтыншы», «Қырық төртінші» сөздерінің көркемдік сипаты басым; әсіресе, мінезсіз адамдардың (кербез, мақтаншақ) бейнесін суреттеуі әдемі шыққан. Аталған әңгімелердің бір тобы көркем дидактика (изречение), шешен толғаныс туындылары. Олар кей тұста өткір мысқылмен де қабысады. Кейбіреулері таза диалогты әңгіме. Енді біразы автордың терең толғаныстары, монологы, ақыл айтып, кеңес жасау толғана сөйлеу (рассуждение) ретіндегі монолог. Бәрі де сюжетсіз, белгілі бір ойды ғана білдірерлік шебер, шешен туындылар. Аталмыш диалогтары мен монологтары басқа сөздерінен ерекше көркем, қазақтың шағын прозасының алғашқы көріністері. Ол адамдар арасында кездесетін кербез, кердең, мақтаншақ, құр кеуде, жұғымсыз мінез-құлықтарды шебер бейнелейді. Бір топ адамның жағымсыз мінезін көз алдыңа елестетеді.

«Қырқын мінсе қыр артылмайтын осы бір «қырт мақтан» деген бір мақтан бар… Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең толғау, үлкен ой жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы жоқ, арлылығы жоқ. Мойнын бұрып қойып: «Ой тәңірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің! Кімнің басы кімнің қанжығасында жүр. Ол менің қазаныма ас салып беріп жүр ме? Мен онан сауын сауып отырмын ба?», «Ой, енесін ұрайын, өліп кетпей неге керек? Азар болса атылып, осы үшін айдалып кетсем де көнгенім-ақ! Әйтеуір бір өлім бар ма?» деп, қалшылдайтын кісі көп қой» («Отызыншы сөз»).

Бұл арада Абай мақтаншақ кісі тек осындай ретпен мақтанады деп жай баяндап отырған жоқ, оны көркемдеп, әсірелеп, бейнелеп, сурет жасап отыр. Ол көп жерде образды сөздерді мол қолданып, әсірелеуте де әуестенеді. Айқын салыстыру, шендестіруді орынды қолдана отырып, терең толғанады.

«Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатымен мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат — екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуат мұнан салсаң онан шығатын бір жорға атпен тең. Егерде бұл екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі қуаттар — бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма, құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де жөн сұрамай қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етегі жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше» («Қырық үшінші сөз»).

Сайып келгенде, Абайдың прозасы өз кезіндегі алуан түрлі мәселелерді қозғап, идеясы мен тақырыбы жағынан оның өлеңдерімен жалғасып жатыр.

Егер де Абай дүние, өмір, табиғат, дін туралы ойларын айтпақшы болса, ертеден мәлім тастих (утверждение) ретіндегі трактат формасында ойлы эсселер жазған. Егер ол халықты жақсылыққа бастап, жастарға ақыл айтып қалдырмақшы болса, өсиет сөз (поучение) формасында эсселерін ұсынған. Егер ақын өзінің ішіндегі ойларын түгел ақтарып сыр айтпақшы болса, әңгіме-дүкен ашып, ойлы кеңес құрады. Бейнелі көркем ой толғайды. Жұртқа ақыл айтып, өнегелі сөз, тұжырымды ой білдірерде нақыл сөз (афоризм), мәтел үлгісін қолданған. Егер қоғамдық санаға әсер етуді ойлап, саяси әлеуметтік тақырыптар көтерсе, публицистиканың кейбір өткір түрлерін: мақала, очерк, суреттемелерін жазады.

Абай қолданған прозаның бұл формалары — ертеден мәлім прозаның шағын түрлері. Еліне деген ескертпелерін жазушы ескі эссе үлгілерінде танытты. Абай өзінің прозаларында бірінші орынды мазмұнға береді. Қолданған жанр түрлері мазмұнға бағынышты. Абайдың өсиеті тек қана діни уағыздар мен иманшарттарын үгіттемейді; керісінше, кейде оны сынай талдайды. Адамгершілікке, өнер-білімге, әділеттілікке үндейді. Мазмұн жағынан олар — ел тілегі, халық мүддесі, болашақ қамы үшін айтылған адамгершіл ақыл-ғақлия сөздер.

Абайдың прозасы — қиял прозасы емес, өмір прозасы. Ол — объективтік шындықтың шешендік қорытындысы, ғылымға негізделген терең ой тебіреністер, адам мінезін бейнелейтін әсерлі әңгіме, деректі эссе, көркем публицистика, насихатшыл дидактика. Бұл жағынан Абай Пушкинге де ұқсастық білдіреді.

A. С. Пушкин, әуелі күнделік, сын заметка, памфлеттер, қысқа записка, афоризм түрлерінде өмір кезеңдерін және көргендерін тізіп (наброски мыслей и наблюдение), хат трактат (трактование, как литературная данность) жазған. Содан кейін ұзақ проза (повествовательная проза), ең соңынан публицистика мен тарихи повестер қалдырған. A. С. Пушкиннің бізге мәлім бірнеше памфлеттері де бар («Феофилактика Косычкина», «Торжество дружбы», «Записка Ведока», «Несколько слов о мизинце Г. Бульгарина»). Бұл шағын прозалары өз атынан жай әңгімеленіп, әңгімеші (рассказчик), кеңесші (собеседник) ретімен, кеңес сөз (беседа) сияқты болып жазылған. Одан кейін ол беллетрист, сосын зерттеуші болып көрініп отырған.

Абай да осы Пушкинше бастаған сияқты. Бірақ, ол түрлі себептермен Пушкинше көлемді көркем проза бере алмаған. Абай тек публицистикалық шағын проза, өнеге өсиет сөз, эссе, нақыл мен әңгімелер жазды. Алайда осы шағын прозаларының өзі бұрынғы өсиеттерден өзгеше мазмұнда, өткір көркем тілді, жаңа идеядағы еңбек болып шықты. Қазақ әдебиетінде көркем прозаның өсуіне жол ашты.

Абайдың қарасөздері тек жанры — прозалығы жағынан ғана маңызды шығарма емес, сонымен бірге, ол өзінің тілі, стилі жағынан да аса маңызды еңбектер.

Қандай шығарма болмасын, ол белгілі бір стильде жазылады.  Одан жазушының шығармашылық ерекшелігі көрініп жатады. Шығарманың идеялық мазмұны мен жекелік тіл формасы, тағы басқа алуан түрлі өзгешелік қасиеттері оның стилін танытады. Стильдің дұрыс шығуы, оның қарапайым, айқын болуы, шығарманың құндылығын арттырады. Жаңа көзқарастағы халықшыл Абай өз шығармаларының түрін де, стилін де, мазмұнын да мүлде өзгеше құрды. Ол қазақтың сөйлеу тілін жоғары көтеріп, қалың бұқараның қарапайым сөзін жазба әдебиетке енгізді. Әдебиетті жұртшылықтың тілегіне қызмет еткендей, оған оқушы жеңіл түсініп, санаға тез әсер бергендей халге жеткізуді көздеді.

Осындай игі мақсатты көздеген жаңашыл жазушы қазақ әдебиетінде өріс алған орамсыз, мағынасыз шұбалаңқы ескі стильді тежеді. Көне әдебиеттен келген шұбар әдеби тіл орнына таза халық тілін ұсынды. Сөйтіп, Абай қазақ әдебиетіне тек мазмұн жағымен емес, түр, стиль жағынан да үлкен реформа жасады. Абай қазақтың жазу тілін сөйлеу тілімен ұштастырды. Өз шығармаларын ол еңбекші халыққа өте түсінікті, әбден таныс, көкейіне қонымды тілде жазды. Абай қарасөздерінің стилі — ескі діни формадағы әдебиеттен мүлде басқа, өзінің тілі жағынан халық әдебиеті стиліне орайлас шығарма.

Абайдың қарасөздерінің стиль-ерекшелігі — мазмұн мен идея жаңалықтарына байланысты қалыптасқан реалистік публицистика стилі. Қазақ жазба әдебиетінде Абайға дейін ойшыл, сыншы ғалым жазған ғылыми, философиялық еңбек, сатиралық қарасөз үлгісі қалыптасқан жоқ-ты. Оның алғашқы үлгісі тек Абайдан ғана айқын көрінді. Мәдениетті ғалым-жазушы терең ойлы толғануларына сай бай мазмұнға негізделген, өзіндік беті айқын, жаңа стиль жасады.

Абай проза жазуға өз бетімен келді. Оның алдында жетілген ұлттық проза тәжірибесі болған жоқ. Ол өзі оқып білген, естіген жаңа ойларын қазақша қарапайым сөзбен, шағын көлемге сыйғызып баяндады.

Абайдың қандай шығарма жазбасын бәрінде де мазмұнға бірінші орын беріп, оған ерекше көңіл бөлуінің негізгі себебі де осы.

Абайдың қарасөздерінің қалың көпшілікке тән стильдік ерекшеліктерінің бірі — лаконизм (белгілі ойды қысқа, анық, нақты етіп айтып беретін қасиет). Ол ешуақыт егжей-тегжейлеп, айнала орап, өмір фактілерін қалдырмай термелеп жатпайды. Айтар ойынан тікелей бастап, етек-жеңі жинақы тіркестер арқылы түйіндейді.

Абай қарасөздеріндегі екінші бір стильдік ерекшелік, ол — нақыл сөзділік (афористичность). Афоризм, лаконизм — Абай сөздерінің бірсыпырасына тән қасиет. Абайдың өз атынан айтылып, толғанатын сөздерінде афоризм өне бойы кездесіп отырады. Кейде ол афоризмдері Абай сөздерінен бөлініп, жеке өз алдына өмір сүріп, халық арасына етене сіңіп кете барады. Олар өзінше бөлек нақыл, мәтел сөзге айналады.

Тағы бір өзгешелігі, оның үгіт-өсиетшілдік мазмұнына лайық публицистикалық дидактизм. Абай шығармаларының негізгі стильдік өзгешеліктері — оның идеялық-мазмұнынан өрістейтін жаңалықтар.

Қорытып айтқанда, Абай прозасының стилі, негізінде, реалистік публицистикалық стиль. Қарапайымдылық пен лаконизм Абай прозасының бұқарашылдық бағытын белгілейді. Терең ой мен ғылыми деректілік, дидактикалық сарын оның публицистикалық сырын анықтайды.

Абай прозасы нақты мақсат көздеп, белгілі бір себеппен пайда болып, жазушының пікір жаңалықтарын хабарлайды. Мәңгілік тәлім берер өнегелі өсиет болып өмір сүреді. Әрбір көркем шығарма сияқты ол да қоғам қайшылықтарын ашады. Халықтың өмірге деген сенімін арттырады. Көзін ашып, көңілін сергітеді. Келешек керегіне қызмет етеді.

Абай — XIX ғасырдағы гуманитарлық ой сананың жемісі, ол — көркем әдебиет тілін жалпы халықтық қазақ тіліне жақындастырып, оның бұқаралық сипатын зорайтқан, қазақ әдеби тілін қалыптастырып жетілдіруші. Абай өзінің көркемдігі жоғары шығармаларын жалпы халықтық қазақ тілінде жазды. Халық тілі байлығын өте шеберлікпен ұстартып, ұқыптылықпен қолданды.

Абай шығармаларының тілінде қазақ тіліне тән барлық халықтық қасиеттер сақталған. Қазақ тілінің монолиттік бірлігін, ертедегі ескі формаларын және оған көрші — татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, араб, парсы, орыс тілдерінің заңды әсерін Абай шығармаларының тілінен айқын көруге болады. Керек жерінде шет тіл сөздерін орынды қолданады. Мысалы, шақты, еден, смер, зинаһар, ғұрырлық, хорлану, хүсідшілік, бақас, ұстат, дарақы, харам, т. б. сөздерді қолданудан тартынған жоқ.

Абай заманында қазақтың билеп-төстеушілері, дін басылары, татар молдалары қазақ тіліне араб-парсы сөздерін көп енгізіп, оны бірте-бірте күшейте түсті. Абай олардың қазақ тілін бөтен сөзбен шұбарлап, бұзуларына жол бер­мей, тіл тазалығын керек етті. Абай қазақтың бай әдеби тілін меңгеріп, оны ілгері дамыту мақсатында өзіндік жаңа сөз, сөйлем тіркестерін жасады. Кейбір қолданылып жүрген сөздердің өзіне жаңа мағына беріп отырды.

Абай орыс сөздерін қолданғанда оны қазақ тілінің заңына көндіре, қазақ ұғымына, айтуына ыңғайлап, өзгертіп те жіберді. Мысалы, старшина емес, старшына, суд емес сот, уезд емес ояз, губерния емес гүберене, т. б. Кейде орыс сөздерінің кейбіреуін сол өз қалпында алып, өзгертпей де қолданады: образование, назначение, посредник, т. б.

Халық әдебиетіндегі мақал-мәтел сияқты нақыл сөздерді өзінше пайдаланып, оны да жаңа тұрғыда дамытты. Қазақ әдеби тілін орыс тілімен жақындастырып, одан аударып не тікелей сөз алу жолымен қазақ тілінің сөздік құрамының өсуіне алғаш үлгі көрсетті. Сөйтіп Абай қазақтың әдеби тілін бұрынғы қалпына әлдеқайда жетілдіріп, мәдениеті ілгері елдердің әдеби тілі дәрежесіне жеткізу қамын жасады.

Абайдың философиялық қарасөздерінің тілі автордың өз ойы мен кезінің алдыңғы қатарлы санасын бере білуде тиянақты, өзіндік өзгешелігі бар екенін және оның дүние танып, қорытынды жасау талабында болғанын танытады. Оның әрбір сөздері — қысқа айтылған терең ойға, шебер түрге, афоризмге толы туындылар. Онда ғылыми терминдер жанданып, айқындала түседі.

Абайдың философиялық-публицистикалық шығармалары кейін дамыған қазақтың лексикасы мен фразеологиясының негізін қалады.

Абай тілі қазақтың публицистикалық сын прозасының демократтану бағытын көрсетті. Абстракт философия терминдері мен лексикаларының қалыптасу және ескі кітаби тіліне қарсы күрестің күшейіп жатқанын білдірді. Сөйтіп Абай өзінің шығармасының тілі жағынан да, ескі мұсылманша әдебиеттен бөлініп, жаңа әдеби тіл жасау жолын бастады.

Абай — музыкалық шығарма жазған композитор. Оның бізге жеткен көптеген әсем әндері бар. Ақынның музыка саласындағы өнерін А. Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдарында» (1963 жыл) кең талдап, танытқан болатын. Қазір Абайдың екі күйі де табылып отыр. Олар: «Май» және «Тор жорға» күйлері.

Абай — XIX ғасырдағы ағартушыларының озық идеясын қазақ жеріне алғаш әкелуші, олардың тамаша шығармаларын өз халқы тіліне аударып, таратушы.

Абайдың қазақ мәдениеті тарихынан алатын орны да оның шығармашылығының жан-жақтылығымен, тереңділігімен, ағартушылық гуманистік, ақындық еңбегінің зор маңыздылығымен белгіленеді. 1995 жылы Абайдың туғанына 150 жыл толды. Бұл мерейтой жер жүзілік көлемде, бұрын-соңды еш болмаған ұлы мереке дәрежесінде өтті.

Ақынның шығармашылық қыр-сырлары ашыла тусті. Отыз шақты тілдерде ақын шығармалары басылды. Түгел өркениет елдер әдебиет қорына қосылды.


[1]Абай шығармашылығы туралы біраз мақалалар мен монографиялар жазушының «Әр жылдар ойлары» (А., 1959) және «Абай Құнанбаев» (А., 1968) атты кітаптарында басылған.

 

[2]Абай өлеңдері оның 1961 жылы шыққан бір томдық шығармалар жинағы бойынша берілген.

[3] Н. Г. Чернышевский. Полн. собр. соч., т. III. 1947, с. 663.

[4] Н. Г. Чернышевский. Әдеби сын мақалалары. А., 1950, 45-бет.

 

[5] Бұл да сонда, 56-бет

[6] Қараңыз: Қ. Жұбанов. Абай — қазақ әдебиетінің классигі. «Әдебиет майданы» журналы, 1934, 11 — 12-сандары.

 

[7]Абай поэмаларының шығыс классиктері дастандарына мазмұндық ұқсастықтарын М. О. Әуезов біраз толық баяндайды. Қараңыз: «Әр жылдар ойлары» атты кітабы, 144-152-беттер.

 

[8] И. С. Тургенев. Собр. Соч., том восьмой, М., 1956, с. 468.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники