Б. Кенжебаев. АБАЙ ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР
Луначарский: «Әр бір данышпан адам, сөз жоқ, қандай да болсын бір әлеуметтік ұлы өзгерістің, әлеуметтік ұлы ілгерілеудің нәтижесі, жемісі», — дейді. Олай болса ақын Абайды туғызған қандай әлеуметтік өзгеріс, қандай әлеуметтік ұлы ілгерілеу?
ХІХ ғасырдың ішінде қазақ даласында қорғандар салынып, қазақ елі орыс патшалығына тегіс, әді-гүді бағынды, орыс патшалығының заңымен жасайтын, соның айтқанына көніп, айдауына жүретін болды, яғни орыс патшалығының отары болды. Осыған байланысты қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі өзгерді: қазақ елі ептеп отырықшылана бастады, егін кәсібіне айналыса бастады. Қазақ даласына сауда капиталы, капитализм ене бастады. Қазақ даласында феодализм мен капитализм айқасты, белдесіп күресті, күннен күнге капитализмнің мерейі үстем бола бастады. Осының бәрі қазақ елінің шаруашылық, саясат, тұрмыс-тіршілік қалпын, салт-санасын өзгертті, оны ілгерілетті.
Міне, ақын Абайды, данышпан Абайды қазақ өмірінде болған әлеуметтік өзгерістер, осы әлеуметтік қозғалыстар, ілгерілеулер туғызды. Абайдың дәуірі осы дәуір, қазақ даласында капитализм мен феодализм ұштасқан, феодализм басынан жығасы қисая бастаған дәуір.
Бұл өзгерістер, аласапырандар, шиеленіскен қайшылықтар, күрестер Абайға, Абайдың шығармаларына үлкен әсер етті, өзінің ен-таңбасын басты. Абайға тек өзінің шыққан табы феодалдардың, бұрынғы билеп, төстеп қалған үлкен ру, жуан аталардың басынан бағы таюы, жеңіліп опық жеуі, тап ретінен жойылуға бет алуы, дәулеті саябырсуы, осы қал-жайларын түзеуге, қадірін сақтауға, таптық орындарын жоғалтпауға жан таласуы ғана әсер етіп қойған жоқ, сонымен бірге бүкіл қазақ елінің орыс патшалығына бағынып, отар күйіне түсуі де, қазақ даласында болған Исатай-Махамбет, Кенесары-Наурызбай оқиғалары да, қазақ арасына капитализмнің ене бастауы да, осылардың нәтижесінде жаңа байлардың, жаңа пысықтардың шығуы да, қазақ арасында болған өзгерістің, жаңалықтың бәрі де әсер етті. Осылардың бәрі келіп, Абайдың «жүрегін қырық жамау» қылды. Абайдың «көңіл құсын шартарапқа құйқылжытты»; Абайдың «жүрегін біресе ысытты, біресе суытты», біресе «өртеді, біресе мұз етті», Абайдың көңілін біресе желдей естірді, біресе тілінен зар шығарды.
Сондықтан, үстірт қарағанда, Абайдың шығармаларының идеясы, пікірі, бағыты шым-шытырық, тұтасқан қайшылық, оның қай таптың жазушысы екенін, қай таптың жырын жырлап, сойылын соғып отырғанын бірден байқай қою қиын. Мәселен, ол бір жерде жаңашыл болса, екінші жерде ескішіл көрінеді. Бір жерде жаңалықты жамандап, ескіні дәріптейді. Бір жерде дінді дәріптесе, екінші жерде оған қарсы шығады. Бір жерде қазақ елінің орысқа бағынуын орынды, керекті деп білсе, екінші жерде орысқа бағынудың арқасында ел бұзылды деп жылайды. Осылай көп мәселе жөнінде өзіне өзі қайшы келіп, қарсы келіп отырады.
Осы жағдай көп жұртты адастырып жүр. Әлі күнге дейін Абай, Абайдың дәуірі, табы туралы әркім әр түрлі пікір ұстап жүр. Кейбіреулер Абай феодал табының ақыны дейді, екінші біреулер Абай буржуазия табының ақыны дейді, үшінші біреулер Абай екі бірдей таптың (буржуазия табы мен феодал табының) ақыны дейді. Төртінші біреулер ру-ақсақалдық дәуірдің ақыны дейді, тағы біреулер Абай таптың ақыны емес, көптің ақыны дейді. Мысалы, «Әдебиет майданы» журналының Абайдың өлгеніне 30 жыл толған күніне арналып шыққан санында (1934-жылғы 11-12 санында) Тоғжан ұлы Ғаббас жолдас жазады:
«…Абай тұсында қазақ аулында үстем болып отырған феодализммен қатар капитализм белгілері де көріне бастаған еді… Қазақ феодализмі орыс капитализмінің ықпалына түсіп, жаңа дәуірге кірген еді, қазақ феодализмі капитализммен байланысып келіскен кезі еді…
…Абай тұсындағы қазақ байларында осындай екі жақтылық, екі беттілік бар еді. Сондықтан бір байдың басынан екі заманның да таптық сипаттарын табуға болатын еді.
Осы екі жақтылық қазақ байының шаруасында да, салт-санасында да бар еді… Осы заманның бел баласы Абайда да болды», — дейді (95-96 бет).
Қорытып айтсақ, бұл Абайдың екі дәуірдің басын ұстады. Абай екі бірдей таптың (феодал табы мен капитал табы) ақыны деген сөз болады.
«Әдебиет майданы» журналының сол санында Лекерұлы Әзімбай жолдас жазады:
«Бұдан кейін жаңа заман басталады. Ол орыс патшасының толық отары болу, қазақ өлкесіне тауар-капитал қатынастарының кең түрде кіруі. Тарихтың заңы мен әр дәуірдің өзіне лайықты кісісі, идеологы болу керек. Осы жаңа заманның басшысы, идеологы болып Шоқан Уәлиханұлы, Ыбырай Алтынсарыұлы, Абай Құнанбайұлы шықты… Бұлар, бірінші жаңа туған капитализм заманына оқу-ғылым, өнер, еңбек керек болса, соны елге үндейді, соны жырлайды, екінші, патша үкіметіне қарсылықты қойып, оған мойынсұнып, бағынды, үшінші, екі мәдениеттің (шығыс, орыс) қайсысына бет бұру керек деген мәселеде, бетті толық орыс мәдениетіне аударды… (53 бет).
Сол себепті Абай қазақтың буржуазиялық сана-сезімінің, буржуазиялық ойының әкесі дейміз. Қазақтың буржуазиялық әдебиетінің негізін салушы, іргесін қалаушы, қазақ әдебиетінің классигі дейміз. Осылай баға беру тарих көзімен дұрыс», — дейді (63-бет)
Яғни Әзімбай жолдас Абайдың заманы буржуазия заманы, Абай буржуазияның ақыны дейді.
«Әдебиет майданы» журналының әлгі санында Қуаныш ұлы Қадір жазады:
«Абай — ақсақал, ру дәуірінің бел баласы. Абай феодал дәуірінің ел билеген, өсиет айтқан ақсақалдарының бірі.
Абай феодализмді кпитализм жеңуі керек екенін, капитализммен салыстырғанда прогресс (алға бастық) құрылыс екенін айқын түсіне алмай кетті. Ақсақал дәуірінен басқа, капитализм, социализм жәна коммунизм құрылыстарының болатындығын Абай білген жоқ», — дейді (3-бет).
Қадір ашық айтады – Абай ру-ақсақал дәуірінің ақыны дейді.
«Әдебиет майданы» журналының тағы әлгі санында Әмине жолдас айтады: «Абайдың тілегі жеке бір таптың тілегі емес, көптің тілегі», — дейді.
Міне, мұның бәрі де жолдастардың Абай шығармаларын үстірт қарғандығынан, Абайды, Абайдың шығармаларын, әлгі қайшылықтарын түсінбегендігінен.
Асылында, тереңдеп қарағанда, Абайдың феодал табының ақыны екені айқын көрінеді, Абай — феодал табының ақыны. «Әдебиет майданының» әлгі санында жазған мақаласында Әлжан ұлы Шәрәпи жолдас жазады: «…Абай екі таптың ақыны емес, феодалдың ақыны», — дейді. Осы дұрыс. Бұл Абайдың феодал табының ақыны екені оның шығармаларында ашық айтылады. Мәселен, Абай өлеңдеріінде айтады:
Сорлы Көкпай жылайды,
Жылайды да жырлайды,
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мына азған қу заман,
Қалыбында тұрмайды… (93-бет)
Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма?
Баяғы құс, баяғы түсің бар?… (189-бет)
Көк тұман алдыңдағы келер заман
Үмітті сәуле етіп көп көз қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сыпат жоқ, суретте жоқ көзім талған… (190-бет)
…Алдың жалын, артың мұз,
Барар едің қай жаққа? (166-бет), —
дейді.
Абайдың тұсында заманы өзгерген, азған, сұм дүние тонап жатқан баяғы күш, баяғы түсі кеткен, алдын көк тұман басқан, алды жалын, арты мұз, барар жері белгісіз тап қай тап еді? Әрине феодал табы еді.
Оқушыға мәлім, Абай тек бұл өлеңдерінде ғана емес, басқа өлеңдерінде де үнемі осылай деп келеді Абай данышпан, зерек, ақылды ақын болғандықтан, феодал табының бүгінгі күйін көріп, болашағын болжап, бәрін айқын айтады. Оның алды жалын, арты мұз болып, барар жері қалмағанына, оны капитализмның тонап жатқанына, тоздырып бара жатқанына күйіп,піседі,зар қылады. Абай күйіп пісіп, зар жылап қана қарап отырған жоқ. Ел тозып бара жатқан феодал табын түзеуге, жөндеуге, оңға бастауға жан таласты. Ол феодал табын еңбекке, өнерге, білімге шақырды. Сол арқылы оны жаңа заманға ыңғайластырмақ, тонап, құртып бара жатқан капитал табымен салғысаларлықтай еңбек болды. Бұл үшін Абай орыстын атақты жазушысы Гогольдің жолына түсті, соның әдісін қолданды. Гоголь өзінің тозып бара жатқан помещик табын түзеп, жөнге салып, капитализм мен тайталасарлықтай ету үшін оның кем-кетігін, жаман мінездерін, салдыр, салақтықтарын сынады, сықақ қылды, екінші жағынан оларды өнерге, білімге, бейнеткер болуға, шаруаға ыңғайлы, ұқыпты болуға, сүйтіп қирап бара жатқан шаруашылықтарын қолға қоюға, жаңа жағдайға ыңғайлануға шақырды. Бірақ іс жүзінде, объективный Гогольдің ойы ойдағыдай болып шықпады. Помещиктер табына Гогольдің сыны сүйеу болмады, соққы болды. Өйткені тап тартысының сол замандағы жағдайында сыны жетіп, төрінен көрі жақын болып қалған помещиктер табы Гогольдің сынын, зілді сықағын көтере алмады. Сондықтан олар түзеліп, шаруашылықтарын ондап, орнына жылжыды, әлсіретіп жылжуға бет алды. Сонан кейін, ойы ойлағанындай болып шыкпағаннан кейін, табын түзеп, күшейтудің орнына әлсіретіп, жылжытып алғаннан кейін Гоголь дін жолына, дінсіздікке түсті, ақыры жынды болды. Абай бір жағынан феодал табының кемшіліктерін, жаман, жұқсыз мінез-кұлықтарын сынады, сықақ қылды. Сабырсыз, арсыз, еріншек, Көрсе қызар жалмауыз. ………………………………. Алты бақан алауыз. Қызмет қылып мал таппай, Ғылым оқып, ой таппай, Құр үйінде жатады. Ел қыдырып ас ішіп, Еркек арын сатады… Сыбырдан басқа сыры жоқ. Шаруаға қыры жоқ. Өтірік, өсек, мақтауға Ағып тұрған бейне су, Ат шапқаннан кем көрмес. Біреу атын қойса қу…»(94-бет)
дейді. Осылай етіп, сынап, сықақ қылып, елді жаман мінездерден, салдыр,салақтығынан, атып ішер жалғандықтан жерітпек,бездірмек болды. Екінші жағынан оны (феодал табын) өнерге,білімге, бейнет қор болуға,шаруаға ыңғайлы, ұқыпты болуға, есек көтін жуып болса да мал табуға шақырды.
…Жалға жүр, жат жерге кет,мал тауып кел, Малың болса,сыйламай тұра алмас ел. Шаруаңның барінде қайрат қылмай, Шаңғып өткен өмірдің бәрі де жел. Тәуекелсіз талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас, еріншек адам болмас, Есек көтін жусаңда мал тауып кел, Қолға жұқпас еш адам кеміте алмас. Қулық,сұмдық,ұрлық пен мал жиылмас. Сұм нәпсің, ауыр болса, тез тыйылмас. Зиян шекпей қалмайсын ондай істен, Мал кетер,мазаң кетер, ар бұйырмас…
Егіннің ебін, Сауданын тегін Үйреніп,ойлап мал ізде. Адал бол бай тап, Адам бол мал тап, Қуансаң қуан сол кезде…(111 –бет ).
Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба, Ойнап боска күлүге Бес нәрседен қашық бол, Бес нарсеге асық бол. Адам боламын десеніз… Өсек, өтірік мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеніз. Талап, еңбек, терен ой, Шапағат, рахым ойлап қой Бес асыл іс көнсеңіз… Ғылым болмай немене? Балалықты қыйсаныз Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеніз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеніз. Дүние де өзі, мал да өзі. Ғылымға көңіл берсеңіз…» (87-бет) –
деді. Бірақ Абайдың көңілдегі көрікті ойы, іс жүзінде көрікті болмады, ойы ойлаған жерінен шықпады. Феодал табы жойылуға, оның орнын капитализм басуға тиісті еді, ол қоғам өсуінің заңы еді, оған ешкім қарсы тұра алмайтын еді. Сондықтан феодал табының көрінен төрі жақын қалып еді. Ол Абайдың сынын көтере алмады. Абайдың сыны ол үшін жығылған үстіне жұдырық болды. Ол әлсірегеннің үстіне әлсіреу берді. Осы әлсірегеннің салдарынан ол Абайдың аталы сөздерін, асыл сөздерін, айқын ақылдарын да ұқпады, ұғуға шамасы келмеді. Сонан соң Абай:
Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Одан да шықты жаңғырық, Естіп үнін, Білсем де жөнін Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас бір жартас Шаңқ етер түкті байқамас (115-бет) –
деп табына ызаланды, кейіді.
Ем таба алмай, От жалындай Толды қайғы кеудеге…(138-бет) Қайратым мәлім, Келмейді әлім… (114-бет) –
деп торықты, өзінің қоғамының өсу заңына қарсы тұра алмайтындығын, тозып бара жатқан тапты түзеуге ем таба алмағанын, оған қисынның шамалы екенін, әлінің келмейтінін білді. Сонан кейін Абай « Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «патша құдай сыйындым» деп дін жолына түсті. Осы сарын мен өмірін аяқтады.
Міне, қысқаша айтқанда, біздіңше, байдың дәуірі, Абайдың табы, Абай шығармаларының таптық мәні осы.
Әдебиет майданы (Көркем әдебиет және сын журналы)-
1935. — №1-2. — 153-158-б.