Б. Кенжебаев. АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ СОҢҒЫ БАСЫЛУЫ ТУРАЛЫ
Абай шығармаларының соңғы баспасы 1954 жылы, ұлы ақынның қайтыс болғанына елу жыл толуына байланысты екі том болып шықты. Оны Қазақ ССР ғылыми академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкерлері (З. Ахметов, И. Дүйсенбаев, Ғ. Әбетов) баспаға әзірлеген. Абай шығармаларының алғашқы(әсіресе 1909, 1933 жылдардағы) баспаларын жеке адамдар басқарды және олар арап, латын әріптерімен басылды, советтік әдебиет ғылымы, соның ішінде Абайды зерттеу ғылымы әлі жетілмеген, жасалмаған кезде шықты.
Осыдан Абай шығармаларының ол баспаларында көптеген кемшіліктер болды: Абайдың шығармалары түгел енбеді; ақынның өмірі, қызметі, шығармалары жөнінде толық, ғылыми түсініктер берілмеді, берілген ретте көбінше қате болды; әріп, емле, сөз қателері көп болды.
Ал, Абай шығармаларының 1945 – 1948 жылғы басылуы ақынның туғанына жүз жыл толуына байланысты, жаңа әріппен, әдебиет тану ғылымы өскен кезде шықты. Оны баспаға Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және институты әзірледі, тіл, әдебиет ғалымдары, жазушылар, атап айтқанда, профессорлар Н. Сауранбаев, М. Әуезов, жазушылар С. Мұқанов, Ғ. Мұстафин басқарады.
Осыдан Абай шығармаларының бұл баспасы бұрынғы баспаларынан әлдеқайда жақсы болып шыққан еді. Оған Абайдың мейлі лирикасы мен поэмалары болсын, мейлі қара сөздері болсын түгел кіріп еді; біраз текстологиялық жұмыстар жасалып, бұрын қате, орынсыз, теріс басылып жүрген, түсіп қалып келген жеке сөздері, сөйлемдері түзетілген, енгізілген еді; Абайдың өмірі мен творчествосы туралы бірқос толық, дұрыс түсініктер, мәліметтер берілген еді; кейбір қате, кемшілігі бола тұрса да, кезінде Абайды зерттеу ғылымының елеулі табысы болып еді.
Абай шығармаларының соңғы басылуын баспаға әзірлеген, басқарған жолдастар осы табысты пайдалануға, оның кемін толтырып, қатесін түзеп, ұлы ақынның мұраларын мінсіз етіп, нағыз ғылыми тұрғыда шығаруға, Абайды зерттеу ғылымын тағы да дамыта түсуге міндетті еді. Бірақ бұл жинақ көп ретте жұртшылық күткен дәрежеде шықпаған.
Олар Абай шығармаларының революциядан бергі жердегі баспаларының бәрін былай тастап, оны жинау, бастыру, зерттеу жөнінде 15–20 жыл бойы істелген игі жұмыстарды, азды-көпті табыстарды түгел жоқ еткен де, Абай шығармаларын баспаға әзірлегенде оның тек 1909 жылғы баспасына және Мүрсейіттің 1905, 1907, 1910 жылдардағы қолжазбаларына ғана сүйенген, соларды ғана негізге алған. Яғни соңғы жинақты әзірлеушілер Абай шығармаларының қазақ ғалымдары мен жазушылары басқарып шығарған, советтік әдебиет зерттеу ғылымы негізінде шығарылған баспасынан ерте уақыттағы салақ басылған, ескі татар баспаханасы қызметкерлерінің, жеке адамдардың қолынан өткен баспасын сенімді, беделді көрген!?
Сондықтан, Абай шығармаларының бұл баспасынан ақынның революциядан кейін табылған, ғылыми экспедициялар жинаған, Абай шығармаларының 1945 жылғы баспасына еніп, ғылым және жұртшылық Абайдікі деп таныған 15–20 шақты өлеңі шығарылып тасталған.
Онан соң Абайдың жас кезінде, бұрынғы ақындарға еліктеп шығарған, ақын шығармаларының барлық баспаларына еніп келген, жұртқа әйгілі болған бір топ өлеңіне, мысалы, «Иузи-рәушан, көзі гәуһар», «Әліфби», «Мен жасымнан көп көрдім», «Фзули, Шамси, Сайхали», «Кең жайлау–жалғыз бесік жас балаға» деген сияқты шүбә келтірілген. Жинақты әзірлегендер бұл өлеңдерді «Негізгі нұсқасы белгісіз өлеңдер» деп бөліп алыпты; шығарып тастамақшы болыпты да, тағы қалдырыпты, сөйтіп екінші томның ең ақырына апарып тіркеп.
Үшіншіден, Абайдың көптеген өлеңдерінің жазылу тарихы, көздеген дәл нысанасы бар. Яғни Абай көптеген өлеңдерін өз тұсында болған нақты оқиғаларға, белгілі бір адамдарға арнап жазған. Оларда ақын жеке адамдардың аты-жөнін дәл атай отырып, жаман, жақсы мінез-қылығын, ісі мен сөзін мінеген, я қостаған.
Өлеңнің жазылу тарихы болуы, кімге, неге арнап жазылғаны белгілі болуы ақынның көзқарасын, ниетін анықтау, білу үшін де ақын сөзінің сықақ, әзілінің өткірлігін, көркемдігін байқау, бағалау үшін де өте қажетті мәлімет.
Алайда, жинақты әзірлеушілер, бір жағынан, Абайдың ондай өлеңдеріне ешқандай түсінік бермеген, екінші жағынан, ондай өлеңдердің автор қойған атын («Әбдрахманға», «Күлембайға», «Әсетке», «Ақылбайға» және т.б.) кімге арналғанын айтпай, өзгертіп, жойып жіберген. Осыдан барып ұлы ақынның көптеген тамаша сөздерінің кімге, неге айтылғаны, қандай жағдайда жазылғаны мәлімсіз болып қалған. Бәрі де белгісіз, жұмбақ; ежелден білуші, зерттеуші болмаса, көпшілікке күңгірт.
Ақырында, жинақты әзірлеушілердің Абай творчествосындағы көркем аударма мәселесі жөніндегі кейбір топшылаулары да дау туғызады. Олар Абайдың Лермонтов, Пушкин, тағы басқа ақындар сарынымен жазған бірқатар өлеңдерін ішіндегі бірді-екілі сөздері, бірер тармағы жуық келсе-ақ, оларды аударма деп жариялаған. Осылай ақынның «Адамның кейбір кездері», «Құлақтан кіріп бойды алар», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген және басқа кейбір өлеңдері аударма делінген. Бұл мәселе әлі де асықпай, ғылыми тұрғыда мұқият зерттеуді қажет етеді.
Тіл және әдебиет институты, оның осы жинақты әзірлеген қызметкерлері бірталай текстологиялық жұмыстар жүргізгенін де айта кету керек. Абай өлеңдерінің 1909 жылғы баспасы мен Мүрсейіт қолжазбаларын түпнұсқа етіп алып, оларды Абай дәуріне жақын жасалған нұсқа деп, ең дұрыс нұсқа деп біліп, ақын шығармаларының барлық текстерін солар бойынша түзеген; ол екеуінде екі түрлі болып шыққан реттерде өздерінше қайсысы жақсы, қайсысы Абайға лайық, жарасты десе, соны алған.
Осылай етіп, олар Абайдың бұған дейін жаңылыс, екінші түрлі, теріс басылып келген көптеген жеке сөздері мен сөйлемдерінің дұрыс, орынды түзеген; жеке өлеңдерінің бұрынғы басылуларына кірмей келген кейбір тармақтары мен шумақтарын тауып, енгізген.
Бұл жөнінде Ә.Жиреншиннің «Қазақстан мұғалімі» газетінде (24 февраль, 1955 жыл) жарияланған мақаласындағы кейбір пікірлеріне қосылуға болмайды. Ол мақаласының бір жерінде: «Біреудің кісісі өлсе, қарала ол» деген өлеңнің соңғы шумағының алғашқы екі тармағы әуелгі басында:
Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ –
деп басылған еді. Соңғы баспаларында осының екінші тармағы «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» болып басылып жүр. Абайға дәл осылай дегізу тіпті қисынға келмейді» деп жазады.
Біздіңше, Жиреншин жолдастың наразылығы қисынға келмейді. Себебі, ағартушы, данышпан Абай «Наданның көзін қойып, көңілін» ашуды мақсат еткен. Абай тек бұл өлеңінде ғана емес, тағы бірсыпыра өлеңдерінде де, мысалға, «Білімдіден шыққан сөз», «Көзінен басқа ойы жоқ» деген өлеңдерінде де осылай деп келеді. Надандарды көзі соқыр деп шенемейді, көңілі соқыр деп шенейді, көрмейді деп сынамайды, ұқпайды жеп сынайды.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегіңде болсын көз…
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі… –
дейді.
Онан соң «Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» дегеннен «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деген әрі жүйелі, терең мағыналы, әрі өткір, көрікті. Абай сияқты данышпан, ағартушы ақын осылай айтуға тиісті.
Ә. Жиреншин мақаласының тағы бір жерінде: Абайдың «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» деген өлеңінің екінші шумағы әуелгі баспасында:
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды іште мұзын, –
деп келуші еді. Соңғы баспаларында:
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінен бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын –
болып жүр. Ал, шынында, «ішкі мұз», «сыртқы мұз», «бірінің бірі» деген сөз саптаулары көкейге қонымсыз, тым тұрпайы көрініп тұрады» дейді.
Бірақ, Жиреншин «ішкі мұзын», «бірінің бірі сөзін» деген сөз тіркестерінің неліктен тұрпайы екенін , не себепті көкейге қонымсыз екенін айтпайды. Біздіңше, бұл сөз тіркестері тым тұрпайы да, көңілге қонымсыз да емес. Сыпайы, қарапайым, көкейге қонымды. Мейлі мағынасы жағынан болсын, мейлі емлесі жағынан болсын, қисынды.
Қайта, Жиреншин жақтап отырған «бірінен бірі… ұқпас сөзін», «іште мұзын» деген сөз тіркестері мағынасы жағынан да, емлесі жағынан да қисынсыз, ауыр оқылады және екіұшты ұғылады. Мысалы, алдыңғы сөз тіркесін қазақ бірінен бірі шапшаң деп ұғуға да, бірінің сөзін бірі шапшаң ұқпайды деп ұғуға да болады. Сондай-ақ, екінші сөз тіркесін қазақтың мұзын іште (ақын өз ішінде) еріту деп ұғуға да, қазақтың ішіндегі мұзын еріту деп ұғуға да болады.
Өлеңнің негізгі идеясы, жалпы сарыны бойынша Абайдың айтқалы отырғаны сөз тіркестерінің алғашқы мағынасы емес, кейінгі мағынасы. Ендеше, бұл сөз тіркестері бұрын жаңылыс жазылып кеткен. оны түзеу, соңғы баспаларындағы жазылуынша жазу орынды да қажет те.
Жинақты әзірлеушілердің жүргізген текстологиялық жұмысында олқылықтар да бар. Олар Абай шығармаларының текстерін салыстыру, түзеу, жеке сөздері мен сөйлемдерін таңдап алу жөнінде бірсыпыра қате, кемшілктер жіберген. Мынадай мысалдар келтіруге болады.
«Бөтен елде бар болса»-ның бір тармағы Мүрсейіт қолжазбасы бойынша 1945 жылғы баспасында «Жаудан бетер жамандар» деп басылған екен. Сол 1909 жылғы баспасы бойынша соңғы жинақта «Жаттан бетер жамандар» деп түзетілген.
Біз осының түзетілуі орынсыз деп білеміз. Өйткені өлеңде бастан-аяқ жау, дос жөнінде, жау мен жаудың, дос пен достың ара қатысы жөнінде сөз болады. жатты жат жамандай бермейді, жауды жау жамандайды. жатты жаттың сонша, бет алды жамандауы мүмкін емес, жауды жаудың қалай да жамандауы мүмкін. Сондықтан «Жаттан бетер жамандар» дегеннен, «Жаудан бетер жамандар» деген ой жүйесі, мағынасы жағынан да, сөз қисыны жағынан да әрі нанымды, әрі жарасты.
«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген өлеңнің оныншы шумағының алғашқы екі тармағы бұрынғы баспаларында:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау –
болып басылып келген екен. Мұны әзірлеушілер қате, әлсіз деп тауып, 1909 жылғы баспасы бойынша:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау –
деп түзеткен. Біздіңше, бұл түзету орынсыз. Себебі, бұлай жору Абайды нигилистікке апарып соғады.Абай ешқашан да ескінің, өзінен бұрынғының бәрін жаман, зиянды, керексіз деп білмеген, қайта ол тарихта бұрын-соңды болған әрбір классик ақын сияқты, өз халқының бұрынғы мәдениетін, соның ішінде өзінен бұрынғы ақындардың өлеңдерін қадірлеген, мұқият тексерген: оның жақсысын да, жаманын да білген, таныған; жақсысынан үлгі алып, жамаын сынаған. Сондықтан оның «бәрі жамау, бәрі құрау» деуі мүмкін емес. Тек «бірі жамау, бірі құрау» деуі ғана мүмкін. Және көркемдік, өлеңдік жағынан «бірі жамау, бірі құрау» деген сөз шумағы «бәрі жамау, бәрі құрау» деген сөз шумағынан ауыр емес; қайта күшті, әсерлі.
«Болыс болдым мінеки»-дің бір тармағы Мүрсейіт қолжазбасы бойынша 1945 жылғы баспасында: «Ұры, залым, закүншік» деп басылған екен. Бұл, 1909 жылғы баспасы бойынша соңғы жинақта «Өзі залым закүншік» деп түзетіліпті. Мұның бұлай түзетілуі де қате. Себебі0 осы тармақтың алдыңғы екі жолы:
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды, —
болып келеді. Сонда санаған қылмысты тек «өзі залым, закүншік» қана болмай, «ұры, залым, закүншік» болып тізіліп келуге тиісті. Сонда тармақтың мағынасы әрі толық, әрі нанымды болады.
Абай тек бұл өлеңінде ғана емес, тағы бірқатар өлеңдері мен қара сөздерін де би, болыстарды, атқамінер, қуларды осылай, ұры, залым, закүншік деп, қылмыстарын санап әшкерелейді. Мысалы, жиырма екінші қара сөзінен жоғарыда келтірілген үзіндіде би-болыстарды, атқамінер, қуларды: «ұры, залым, қу» деп әшкерелеп отыр.
«Сегіз аяқ»-тың 24-шумағының соңғы тармағы бұрын: «Қысылған жерде жан жалдау» болып басылып келген болатын. Сол «Қысылған жерде жанжал-дау» болып түзетілген. Бұл да ешқандай қисынға келмейді.
«Бай сейілді»-нің сегізінші шумағының төртінші тармағы Мүрсейіт қолжазбасы бойынша бұрынғы баспаларында: «Жақсы құрбы» болып басылып келген. Сол 1909 жылғы баспасы бойынша: «Жасы құрбы» болып түзетіліпті. Бұл да дұрыс емес. Өйткені, алдымен құрбы – жасы шамалас деген сөз, «құрбы-құрдас» дегенде «құрбысы» жасы шамалас, «құрбысы» дәл жастысы болады. Сонда «жасы құрбы» деген екі сөз бір ған,а мағынаны: жасы бір, құрбы деген мағынаны ғана білдіреді. Абайда мұндай басы артық сөз, көп сөзділік болмайды. Онан соң, адамның жастары құрбы болмайды, өздері құрбы болады. Қазақ тілін білетін кісі «жасы құрбы» деп тіпті айтпайды. Абайдың «жасы құрбы» деп айтуы мүмкін емес. Сондықтан бұл тармақ «жасы құрбы» емес, «жақсы құрбы» болуға тиісті.
«Жартас»тың соңғы екі тармағы Мүрсейіт қолжазбасы бойынша 1945 жылы:
Бәрі осы-ау деп қыз деген,
Тұмсарып тұрып жылапты, –
болып басылған-ды. Жинақты әзірлеушілер: «Бұл жердегі «қыз» деген сөздің оригиналына қарағанда ешбір қисыны жоқ, дұрысы «құз» болу керек» – деп біліп:
Бәрі осы-ау деп құз деген,
Тұмсарып тұрып жылапты, —
деп түзетіпті. Бұл дұрыс емес. Өйткені жартас – құз, құз – жартас. Сонда құз құзға, өзіне өзі таң қалған, налыған болып, тіпті мағынасыз бірдеңе болып шығады. Лермонтовта да, Абайда да мағынасыз шумақ, бос сөз жоқ.
Лермонтовтың бұл өлеңінің негізгі мағынасы, идеясы, кейбір әйелдің тұрақсыздығын, опасыздығын айту, сынау. Сол ойын ақын шендестіріу ретімен келтіреді: жас бұлттың бүгін жартасқа келіп қонып, ертеңіне ұшып жайына кеткені арқылы береді. Кәрі жартас, (ақын) жас бұлттың (қыздың) сол мінез-қылығына: тұрақсыздығына, опасыздығына таң қалады, налиды. Сондықтан бұл тармақтағы «қыз» деген сөз өте орынды тұр. Тармақтың 1945 жылғы баспада » Бәрі осы-ау деп қыз деген» болып басылуы әбден дұрыс.
Қысқасы, Абай шығармаларының соңғы баспасында тағы да көптеген сөз, сөйлемдер орынсыз, қате түзетілген. Оларды тегіс теріп отыруды қажет деп таппадық.
Тіл және әдебиет институты, оның ғылыми қызметкерлері Абай мұрасын жан-жақты, жете, мұқыят зерттеп, ақын шығармаларын қай жөннен болса да мінсіз етіп шығаруы қажет еді. Оған күш те бар еді, Мезгіл де сай еді.
«Социалистік Қазақстан» №26(9708) жексенбі, 29 май 1955 жыл.