Темірғали НҰРТАЗИН. АБАЙ ЖӘНЕ ОРЫСТЫҢ КЛАССИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТІ
Абайға деген балалық қызық шақ қысқа болды. Он үш жасында әкесінің баулуымен ел билеу жұмысына араласқан Абай елдің ортасынан озат шығамын деп ұмтылды. Бірақ тебесі көрінбей, көптің бірі болып, өзін қоршаған қарымсыз ортаның ұйығына малшына берді. «Қөңілдің кірлемеген ашығында көп дүниені көл…» деп жүрген Абай қырыққа келгенде өзінің «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» екенін анық аңғарып, достан да, дұшпаннан да торығып, үміт артқандарының бәрінен түңіліп келіп:
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды, —
деп назаланады.
Ел көші тоғыз жолдың тұйығында сияқты. Ала жылан, күпілдектер ала-ауыздық отын маздата түсіп жүрген патша чиновниктеріне арқа сүйеп, елді жыландай жайлап барады.
Не істеу керек?
Абай арманы бас сауға емес. Оның шерткені — ел шері. Абай тірелген тоғыз жолдың тұйығына ел көші де тірелген, Абай толғаған түйінді сұрауларды қатал өмір ел тарихының алдына тартқан. Бірақ күнделігін ойлаған күпілдектердің ел қайғысынан хабары да болған жоқ. Өзін елінің өміріне жарарлық «бір кірпіш» деп таныған Абай, опырылып жатқан ескі өмір қоғамының босағасына барып қалануды еп кермеді. Жаңа өмірдің іргесіне бірінші тас болып төселуді арман етті. Жол торабында толғанған Абай ескі дағдымен қанша бой ұрса да, ескі сүрлеулерге түспеді, беті бұрылған жаққа көз жұмып та кеткен жоқ, жас ортасынан асқанда, Семейдің кітапханасында отырып оқуға, үйренуге кірісті.
Көп іздену, орыстың, Европаның үлгі-өрнегін терең зерттеу нәтижесінде Абайдың рухани ерісі мейлінше кеңіді, өмір жұмбағының көп сырлары ашылды; ақын ел тұрмысының келелі мәселелерін тербеп, батыл қорытындылар жасады.
«Шығысым Батыс, Батысым Шығыс болды»,— деді Абай көзқарасындағы алуан теңкерісті қорытып.
Бұл — Абайдың тоғыз жолдың тұйығынан жөн тауып, түзу жолға түскен кезеңі. Осы уақыттан бастап Абайдың бет бұрған бағыты — Батыс, орыс мәдениеті, әдебиеті, үлгісі, өмір сабағы. Осы сағаттан бастап ол Шығысқа бір қырындап, сәулелі жарықты, нұрлы күнді Батыстан күтті.
Абай ахирет қамын бағу жолына түскен жоқ, дін жолын күйіттеуге отырған жоқ, еңбек, кәсіп істеп, өнер мен дүние күйіттеген орыс халқының үлгісін алды. Себебін Абай өзі жақсылап түсіндірді.
Орыс «…дүниенің тілін біледі… — деп жазады Абай.— Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды». «Хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі де орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек». «Кім де кім үйреніп жетпей жатып үйренгенін қойса, оны құдай ұрады…» «Орыстың ғылым, өнері — дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі». «Балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет… Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең, оқыт. Мал аяма!»
Абайдың пікірі айқын: оның құмартқаны дүниенің тілін білу, кілтін табу, ғылымды, білімді болу — бұлардың бәрі орыста. Ендеше орыстан үйрен, жалынышты болмас үшін, пайдасына ортақ болу үшін, теңдік дағуасына кіру үшін үйрен дейді.
Бұл — Абайдың дін бұғауын бұзып, жарық дүниеге шыққандығына толық дәлел. Абайдың дінге көзқарасын оның күнделікте дінді жақтауына, не толқып шүбәлануына қарап шешу қате. Өмірдің түйінді мәселелерін дүние пайдасына шешті ме, ахирет пайдасына шешті ме? Әңгіме осында. Дүниенің кілтіне құмарланса, тілі жаңа шыққан балаңа діні басқа орыстың оқуын, ғылымын үйрет десе, «құдайдан қорық, оқыт!» деп, құдайдың әмірін орыстың оқуын оқытуға жұмсамақшы болса, ол дінге ден қойған мінез емес.
Ескіден безіп, өзі бас болып түскен жаңа өмірдің сенімін Абай атаның атына сенген қуыс кеуделерге емес, дүние тілін білген енер-білімді жастарға артты.
Абай көпке ілесіп, ата жолы, ескі салт, дәстүрді қуған жоқ, орыс халқының өрнегіне ұйқас жаңа өмір құруға елді жетектеді. «Қарадан хан болған» әкесі Құнанбай өлгенде, Абай дін жолымен ескі дәстүрді жебеп ас берген жоқ, асқа арналған бұйымды, малды, ақшаны Семейде оқып жүрген панасыз балаларға апарып бөліп берді. Бұл мінез ескіліктің бетіне тиген ыстық шарпу еді. Ескілік туының астына ұйлыққан әкімсымақтар, молда, сопы, қажы, пысықтар тітіркеніп, жандары түршігіп қалды; олар мұны бір сұмдықтың басы, өздері мекендеген ескі әлемнің қорғанына ашық шабуыл деп танып аттан салды. Абайдың «дін бұзар», «ел бұзар» ерескел мінезін тілдеп, Омбыда шығатын «Дала уалаяты» газетіне мақалалар жазылды, ескілік күйін күйіттеген ақындардың тіл үскісі де Абайға қарсы жұмсалып қалды. Қеншімбай ақын:
Сәлем де Ыбырайға, бөлем еді,
Ас беріп Құнекемді елемеді,
Жер ошағын тастады-ау қоңырсытпай,
Екі күн ел күткеннен өлер ме еді?!—
деген.
«Жер ошақ» Құнанбай мұрасының пернесі еді, Абайдың бықсытып, ескілік түтінімен Шыңғыстың аясын буалдырлағысы келмеді, Құнанбайдың «қоңырсыған жер ошағына» суды құйды да, астың шығынын, ескілік отына май қылып жақпай, оқушы балаларға таратып берді.
Ахирет емес, дүние үшін, дүниенің бар зейнеті, рахаты адамның игілігі үшін — Абай көтерілген гуманизм шыңы осы.
Абай асқан батырлық, батылдықпен, әлем таңданарлық ерлікпен оқыс оралды, күрт бұрылды. Тамырын жайған ислам, «құл жиылып бас болмас!» деп қан ұйытқан ескі ұғым, кең сахарада ен жайылып, жайма-шуаққа әдеттенген салғырт ел салты — бәрі Абайға қарсы соғылған қабат-қабат тас қамал еді. Оның үстіне Абай үлгі ал деп жетелеген орыс мемлекетінен шыққан ұлықтар елді жеп, ала ауыз қып, ірткі салумен қатар жерін, малын алып, бүріп жатты. Діні, тілі басқалығы өз алдына, отарлау саясаты да орыс патшасының ала келген «сыйы» еді.
Айылын жыймай шіреніп ескілік тағы жатыр. Абай бастаған жаңалық жолында табиғи бөгеттер кесе-кесе еді.
Ел өмірінің ащы, тұщысын түгел білген, қайрылмас құрыш, сергек ойдың алыбы Абай соның бәріне тайсалмай жалғыз тиісті.
Абайдың тарих шолпаны болып шыңға көтерілуіне екі тарихи жағдай себеп болды. Бірінші, ел көші соқпақсыз сүрлеумен көше-көше талай жұтқа ұрынып, сүйенер нәрсе таба алмай, орыс халқының ұлы түбегіне жеткен. Абай шабуыл жасаған бөгет елдің алдында да созыла шөгіп жатқан. Бөгетті бұзып жөн табу бар да, бүйірге бұрылып, орға ұшырау бар. Мұның бір де бірінен көп «пысықтың» хабары болған жоқ, тек тарихи қарауылшысы Абайдың ғана қиядан көзі шалды.
Екінші, Абай орыс мәдениетімен, сол арқылы Европа мәдениетімен қаруланды. Орыс халқының алдыңғы қатардағы прогресшіл идеясы мен өзінің ұшқыр қиялын ұштастырмаса, Абай Махамбет пен Шортанбай жеткен сатыдан аспай тұрып қалар еді.
Зар заманның тұсында елдің қандай қым-қиғаш болғанын Шортанбай Абайдан кем сынаған жоқ.
Байды құдай атқаны,
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедей қайтіп күн көрер —
Жаз жатақта жатқаны,—
деп сынаған Шортанбай барды баяндаумен болды,, тұйыққа тірелген халықтың алдына жаңа сыбаға ұсынып, «жөнің мынау!» дей алған жоқ.
Шен, шекпенге кұмар, елін де, арын да сатқан хандарға қарсы күрестің дүбірінде туған Махамбет өзі басын тігіп қорғап жүрген елінің іргесі сөгіліп кеткенін, ескі жік енді тігіс көтермейтінін, ел болу үшін іргелес отырған ұлы орыс халқымен қолдасу керектігін, орыстың көбі еңбекші, азы чиновник екенін аңғара алмады.. Отарлау саясатының елгс енгізген ірткісін көрді де, бар зұлымдық сонда ғана деп ойлады.
Ал:
Орыс съез қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды…—
деген Абай, патшаның отарлау саясатының қандай зұлымдық екенін жақсы-ақ білді. Сонымен қатар партия құру, жала жабу, шенқұмарлық, ғылымға, еңбекке мойындамау сияқты сұмдық бар екенін ашты. Отарлау уын жайған қатал патша өз елінде де жаңалықты тұмылдырықтап, халықтан шыққан сабаздарды атып, асып жатыр еді. Бірақ орыста патшаның шеңгеліне сыймай жүрген Пушкин мен Белинский, Толстой мен Салтыков бар еді. Ал бізде елдің етегін басқан ескілік жаңалықты айтпай-ақ, аспай-ақ, жөргекте жатқанда тұншықтырып, өлтіре беретін еді. Екі зұлымдықты салмақтағанда, ең кеселдісі — ескілік. Орыстың күші, мәдениеті патшада емес, халқында. Патшамен емес, сол енерлі халықпен қолдасу керек.
Осы қорытындыға келген Абай сөз найзасының ұшын кебінесе ескілікке түйрейді, патшаға қарсы пікірді де елдегі шеңқұмар, ала жылан, ашбақаларды масқаралау арқылы таратады. Ал орыс халқына өмірі бір ауыз сөз қарсы айтпайды, оған достық құшағын ашумен болады.
Абайдың елдегі «етек бастыдан» қара үзіп шығып, жаңа әлемге шын беттеп, үзеңгіге аяқ салғандағы ұстаған бағыты осы. Бұдан былай ол Батысқа мүлде бұрылады. Абай пікірінде орыс классиктерінің алуан әсері барлығы сөзсіз. Бірақ Абайдың орыс мәдениетімен байланысы еліктеу, үйрену шеңберіне сыймайды. Абайдың шкірі, қоғамдық, саяси көзқарасы, эстетикасы орыс классиктерімен үндесіп, ұласып кетеді. Абайдың орыс мәдениеті, әдебиетімен байланысы сыртқы керінісінде ғана емес, ішкі жан әлемінде, рухани өрісінде.
Пушкиннің алуан данышпандығы, Лермонтовтың алғыр қиялы, Толстойдың кен кемері, Щедриннің жалынды сықағы, Белинскийдің семсер сыны Абай шығармаларында барлығы даусыз.
Бірақ Абай ешкімнің құрығы, көлеңкесі емес. Абай қазақтың классикалық жазба әдебиетін жасағанда, жылу жинап жасаған жоқ, өз халқының алтын қорын, Батыс, Шығыс, әсіресе, орыс халқының мәдениет мұраларын түгел малданып, данышпан қиялын байытты да, тыңнан ойып жасады. Сондықтан Абайдың төл шығармалары да, орысшадан аударғандары да оқушының көкейіне қона кетеді. Жаңа өмір деп ақсаған Абай бұлдыр сағымды қармаған жоқ, алдына келелі мақсаттар қойып, өмір салалары туралы айқын пікірлер айтты. Бұл беткейде Абайдың пікірі орыс халқының XIX ғасырдағы прогресшіл ойшылдарының, классиктерінің пікірлерімен қабысып жатады.
Адам, оған ортаның әсері туралы Абай былай дейді: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі ақымақтық». (Абай, ІІ-том).
Үлгісіз жұртты үйретіп қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Бұған орай айтқан Белинскийдің пікірі Абаймен қоян-қолтық келеді. «Адамды табиғат жаратады, бірақ жасайтын — қоғам» (Белинский, «Әдеби-сын мақалалары» Мемлекет баспасы, 1936 ж. 183-бет). «Онегинді бұл портретке ұқсас қылған оның жаратылысы, нәпсі құмарлығына қызбалығы, адасушылығы емес, өзі емір сүрген ғасыры» (Сол кітаптың 146-бетінде).
«Ондай болмақ қайда» деп
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер
Жанбай жатып сөнсеңіз,—
деп, Абай «жанбай жатын сөнген» замандас жастарды тілдеген Лермонтовпен де ұшырасып қалады.
Жаным отты жаралған
Жалбарыну менде жоқ.
Ұмтылмаса, қалар жан
Михнатқа пенде боп,—
деген Фаустың сөзіне орайлас, Абай:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек,—
дейді. Абайдың эстетикасы Белинскийдің көзқарасымен сабақтас. «Қандай тамаша пікірлер кернеп тұрса да, толғағы жеткен түрлі мәселелердің пернесін шертпекші болса да, поэзиясыз өлеңде ешбір тамаша пікір де, ешбір мәнді мәселе де болмайды. Егер одан жұрттың көзіне ілігерлік бірдеме табылмаса, ол тамашалап істемек болған жақсы ниетті жаман орындаған олақтық қана болуы мүмкін»,— дейді Белинский. Поэзияға Абайдың кояр шарты мынау:
Өлең — сөздің патшасы сөз сарасы,
Киыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы…
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы.
Сөздің іші алтын болуын қадағалаған Абай көркіне де жүрдім-бардым карамайды, сөзді сара, айналасын теп-тегіс жұмыр келтіруді бірінші парызындай көреді.
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,—
дейтін Абай Толстойдың ішіңді түзе, әрқайсың жүрегіңді тазарт, жаратылыста адам баласы тең деген пікірлерін алады, бірақ ол Толстойдың ізіне түсіп, дәрменсіздікке аяқ баспайды.
Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы,
«Сенімен мен тең бе?» деп мақтанасың,
Белгісі білімсіздік ол баяғы.
Жүрегіңе сүңгі де түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл тастай керме!
Көптің аузын күзетсең күн көрмессің,
Өзіңді өзің күзет, кел, шырағым!—
дегенде, Абай Толстоймен де душарласып отырады.
Абайдың ұлы сықағы мен Щедриннің сатирасы бір тектес. «Болыс болдым, мінекей» деген өлеңінде Абай болыстың өзін сөйлетіп қойып, әшкерелейді.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап!
Сияз бар десе жүрегім,
Орнықпайды суылдап.
Мықынын таянып, құлағына қол апартпай отырған болыс, сайлауды естіген күні үйінде отыра алмайды. Ояз не ойлап келеді, тас салушыларды қандай қу парамен жығып алып қойды?! Знак, мөрге сүйеніп жасап тастаған қылық та аз емес. Қобалжыған болыс:
Ұры залым, законшік
Тонап алды талайды.
Көрмей жүріп түсемін
Темір көзді сарайды,—
дейді күні бұрын үрейі ұшып. «Болыс болдым, мінекейді» оқыған адамға қорытынды жасау оңай: малыңды, арыңды шашып тапқан болыстығыңмен бір күн жадырап отырып асыңды іше алмайсың, «Темір көзді сарай» көз алдыңда елестейді де тұрады.
Абзалы — болыстыққа жоламау; ел де тыныш, өзің де тынышсың. Сілейте сықақтағанда, Абайдың айдап салатын жолы осы.
Щедриннің заманында орыс қоғамында саясат тізгініне ұмтылған әмірші, ақылшы — «халық бостандығын жақтаушылар» бар. Щедрин үлесіндегі міндет — сатира; ол үнемі ащы сатираны тереңдетумен болды. Ал қазақ даласында ақылшы да, әмірші де, сықақшы да Абайдың жалғыз өзі. Сондықтан ол көп өлеңінде сықақпен ғана тынбайды, өнегелі жол көрсетіп, ақыл айта отырады.
Некрасов ақын туралы сөйлегенде: «Ақын бола беруге жұрттың бәрі міндетті емес, ал елінің арлы азаматы болуға сөзсіз міндетті», — деп, елдің қызметшісі, шын ұлы болуға үндейді.
Бұған орайлас Абай:
Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ,—
деп, өзінің алтын сөзінің халықтың игілігіне арналғанын баяндайды.
Пікір өрісінде Абайдың орыс классиктерімен бұлай душарласа беруі кездейсоқ нәрсе емес: бәрі — арман еткен ортақ теңдік дағуасы, дүние кілті. Мәскеуде де, Сарыарқаның белінде де түбі бір ұғымдар. Сондықтан:
Карашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?!
Ішінде кімнің оты бар —
Қар жауса да сөнер ме?—
дейді Абай өз көңілінің жазы өткенін, арттағы май қайыра оралып келмейтінін айтып. Бірақ өзі сияқты ішінде оты бар жандардың мойындайтынын қоса айтады.
Абай сүйіспепшілікті әдейі өнерін көрсетейін дегендей түрлі сарынмен бейнелейді.
Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бойды тоңғыза үміт үзсе,
Дәмеленсе, өртенер күйіп, жанып,—
дегенде, Абай сүйіспеншілікті тым сұлу суреттейді. Бірақ Абай:
Қор болды жаным,
Сенсіз де менің күнім!
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым. Т
ағдыр етсе алла,
Не кермейді пәнда?—
дегенде, ғашықтың кілтін құдіреттің қолынан тілеп жалбарынатын араб, парсы әдебиетінің сарынымен кетеді.
Дегенмен Абай елдің дағдылы салтына, Шығыс сарынына алдана бермейді, ғашықтың сипатын да Батыс, орыс классиктерінің аңызымен суреттеуге көшеді. Абайдың жаңа өрнекпен суреттеген сүйіспеншілігі қасиетті, мінезді боп елестейді.
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі;
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі.
Екі ашық құмарлы,
Бір жолдан қайта алмай.
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай.
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері;
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.
Жанында жапырақ,
Үстінде жұлдыз да,
Елбіреп, қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да.
Абайға дейін қазақ әдебиеті сүйіспеншілікті мұндай көркем суреттей алған жоқ. Жан әлемінің құбылысын жаратылыс суретімен қиыстыра келтіру қазақ әдебиетінде тек Абайдың ғана қолынан келеді. Жігіт пен қыз қалтырағанда, жанындағы жапырақ та, үстіндегі жұлдыздар да солай көрінеді. Ерте уақытта жұлдыз бен жапырақ еркін жүретін, өзінде бас еркіндігі бар орыс жастарының ғана өрісіндегі нәрсе болатын. Дін мен ескіліктің бұғауында езілген қазақ қызы аулақтағы жапырақты қайдан көрсін. Сүйгенімен түн өткере отырып, жұлдызға талпынған қиялға қазақ қызы қайдан ие болсын?! Сүйіскен қазақ жастарына гүл жапырақты, күлімдеген жұлдызды тартқан Абай ғана!
Сөйтіп, Абай екі ғашықтың бірін-бірі таңдап тауып, еркін сөйлесіп, айнымас жүрекпен тілек қосуына жол ашады. Мұның өзі ол күндегі жастардың арманы еді ғой. Абайдың алғыр ойы соны шолған емес пе?
Ақын шабытын да Абай орыс ақындарының салтымен суреттейді. Өлеңге Абайша қарау қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес.
Ақындық рухқа, поэтикалық шабытқа орыс, Европа жазушыларымен дәрежелес баға беріп, қазақ өлеңіне бірінші рет ендірген — Абай.
Төрт салалы өлеңнен жалығып, жаңа түр іздеген Пушкиннен өнеге алған Абай, қазақ өлеңінің сөз мүшесін жаңалаумен тынған жоқ, поэзияда бұрын болмаған ырғақ, жаңа мөлшермен тосыннан он бір өлең түрін жасады. Ғасырлар бойы қоныс аудармай қойған қараөлең мен жыр Абай бойына шақ емес еді. Көңілін өлең кернеген халыққа құлашын еркін жазарлық жаңа ырғақты, көп өрнекті өлең, ән керек еді. Соны ойлаған Абай тоқсан толғаулы, терең мағыналы жаңа поэзия жасады.
Абайдың «Сен мені не етесің?», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем қаламқас» деген өлеңдері — қазақ поэзиясында тың жаңалық, асқар биік. «Сегіз аяқта» Абай өзінің өмір қорытындысын сипаттайды. Көп құбылалы, толғаулы ойды шолған, қиын қияға шарықтаған өмірді бейнелеуге сай өлең «Сегіз аяқ» еді. «Сен мені не етесіңде» Абай өлеңнің дағдылы ырғақ, ұйқасымын мүлде бұзып, тынысы кең, мағынасы мол өлең жасады. Өлең жолының буындары, жалпы шумақтағанда, белгілі шеңберді төңіректеп отырғанымен, ырғақ бірде артық, бірде кем келіп жаңа із салады.
Өлсе бір сөзбен, не керек…
Білесің сен зерек,
Мен пәндеңе,
Болды деме
Кел, қарас
Ешкім сөгіс
Айтпас… —
дегенде, дағдылы өлең салтының ырғақ, ұйқасымы ғана емес, сөз мүшесін қиыстыруда Абай ескі өлең салтынан алыстап кетеді. Шағатай үлгісімен құрылған қазақ өлеңдерінде пікір шумағы жол аяғында аяқталып, екінші жолды жартылап барып тынатын ұзақ, құрмалас сөйлем кездеспейтін. Төрт құбыласы түгел болып, ақсамау үшін өлеңнің ырғақ үйлесімі сақталу бірінші шарт болатын.
Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз,
Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз,—
дегенде жол аяғында тыныс жасалады. «Ешкім сөгіс» деген Абай өлеңінің аяғына тыныстау мүмкін емес:
«Ешкім сөгіс
Айтпас…»
деп барып қана тыныстауға болады.
Бір жолдан екінші жолға асып жататын сөйлемді Абай тек жаңа өлеңдерінде ғана емес, қара өлеңдерде де қолдаиады.
Білімдідсн аяман сөздің майын.
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын,—
дегендегі «ердің көңілі жаңғырсын» деген сөз шумақтары тұтас үғым беретін болғандықтан, Абай екі жолға жарып сыйғызып, өлеңнің мағынасы ақсамауын қадағалайды, жол аяғына тынатын ескі ережеге бас имейді.
Тұла бойы түгел көркем өлеңдер жасағанда, Абай сұлулыққа елігіп, тізгінінен айырылып қалмайды, әрдайым өмірші өзі, көркемдікті халықтың көзін қойып, көңілін ашуға қызметші қылады. «Сегіз аяқты» бастағанда-ақ Абай:
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,—
деп, тыңдаушының санасына салмақты сала
сөйлейді.
Ер көңілін жаңғырту — Абайдың бас арманы.
Батысқа бұлтақсыз бұрылған Абай әрдайым қазақ даласына орыс мәдениетін егу ісінде болады. Ұлы істің ұрығы деп Абай орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды, жасынан бойы үйреніп, сыбайлас болған араб, парсы тілінен еш нәрсе аудармады, жұрт құлай тыңдайтын «құдіретті» қиссаларға қызыққан жоқ. Онегин мен Татьянаны Сарыарқаның белінде беттестірді.
Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин, орыс өлеңі арқылы Гете, Байрон, Лафонтен — міне, Абайдың аудармада тілдесетін ақындары осылар. Әзірге мәлім болған үлкенді-кішілі аудармаларының саны елу үш. Оның ішінде «Евгений Онегин», «Демон», «Вадим» сияқты сюжетті ірі шығармалар да бар. Аударманың біразын Абай орыс оригиналының ізімен дәлме-дәл аударған, біразын еркін келіп, өзінен де қосып, алып та тастап, оригиналды өзгертіп жіберген. Бірсыпыра аудармасында аударма д-ген аты болмаса, Абай тыңнан жол тартып, орыс тіліндегі шығармалардың сарынымеи жанынан шығарған.
Абай көбінесе өз арманымен үндес, яки көркемдігіне көңілі ұйыған шығармаларды дәл аударған сияқты. Лермонтовтың «Тұтқын сері» деген өлеңінің:
Нет на устах моих грешной молитвы,
Нету ни песни во славу любезной;
Помню я только старинные битвы,
Меч мой тяжелый да панцырь железный,—
деген шумағын Абай:
Тәубе, дұға түк те жоқ тентек бойда,
Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда.
Қан ағып, қайрат қылған майдан менен
Ауыр қылыш, дулыға бірақ ойда,—
деп аударған. Бұл өлеңді Абай басынан аяғына дейін түгел, тіл өзгешелігінен туған бұрылыстары болмаса, дәл аударған.
Лермонтов арқылы Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі Абай аудармасында бұлжыған емес.
Лермонтов арқылы Байроннан аударған «Еврей күйінің» бірінші түйдегінің көркемдігі де, мәні де қонымды-ақ. Абай оны келістіріп аударған да, екінші түйдегіндегі салғырт келген: «кеудем қайғыдан жарылатын», «Өлім уын құйған ыдыстай сіресіп тұр» деген тым үшқары сөздері бар соңғы екі түйдекке тіпті соқпай кеткен. Бірінші түйдектегі ел ұғымына жат «арфаның» орнына «домбыраны», «саусақтардың» орнына «он саусақты» алып, «шауыптың» орнына «жорғаласа» деп, ақырғы жолға «қоңыр салқын» деген сөздерді жанынан қосып, өлеңге тыңдаушының көкейін ерітерлік көркемдік қуат берген. Дәлме-дәл аударған жерде де Абай текстің етегіне жабыса бермейді, орыс, қазақ тілдерінің сөйлем құрылыстарына қарай, өлеңге ілгерілі-кейінді өзгеріс кіргізіп, асқан тапқырлық, өнерпаздықпен өлеңнің көркемдік құнын темендетпеуді, авторға да, өзіне де кір келтірмеуді бірінші борышындай көреді. «Теректің сыйында»:
Терек воет, дик и злобен,
Меж утесистых громад,
Буре плач его подобен,
Слезы брызгами летят,—
деген шумақты Абай:
Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толкын,
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып,—
деп сөзбе-сөз аударған да, «жылағаны бейне дауылдың» орнына «Арыстанның жалындай бұйра толқын», «көзінен жасы ыршығанын» орнына «Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып» деп, Теректің екпінді күшін «дауыл», «ыршыған көз жасы» етіп алмай, арыстанның бұйраланған жалына, бүктеліп толғанған айдаһарға теңеп алады.
Пушкиннің өлеңмен жазылған романы «Евгений Онегинді» аударғанда, Абай түп қазыққа оқтын-оқтын ғана оралып, өз бетімен еркін қетеді, романды түгел алмай, үзінділеп алады. Бірақ аудармада «Евгений Онегиннің» түйінді желісін түгел береді. Онегин сипаты, Татьянаның хаты, Онегиннің жауабы, Ленскийдің дуэль алдындағы өлеңі, Онегиннің хаты, Татьянаның жауабы — Пушкин романының бар түйінді жерлері осы. Абай оны түгел қамтиды. Бірақ Ларин үйінің жайын, Онегиннің Петербургтағы өмірін, Ленскийдің думанды Германиядан не әкелгенін, балдың, дуэльдің егжей-тегжейлерін, Ольганы атамай етеді, Онегин Пушкиндегідей аңырып тұрып қалмайды, тағдыр соққысына налумен өледі.
«Евгений Оиегиннің» аудармасында Абай Пушкинмен пікір жөнінен бірде қоян-қолтық келіп, бірде алыстап кетіп отырады. Қыздың ғашықпын деп жігітке хат жазуы, жиырма алты жастағы сылкылдаған Онегиннің қабылдамауы сияқты оғаш нәрселер Абай тұсындағы қазақ өмірінде жоқ еді. Бірақ адам теңдігін, пікір еркіндігін, жаңа өмірді арман еткен Абай ондай оқыс жаңалықты тосырқамайды, ықыласпен алып, рухтана аударады.
Кончаю! Страшно перечесть…
Стыдом и страхом замираю…
Но мне порукой ваша честь
И смело ей себя вверяю…
деген Татьяна хатының сөзін:
Өз хатыма өз көзім
Ұялып, қорқып баға алмас.
Кепілім — сенің бір өзің
Бөтен жан несіп таба алмас,—
деп;
Я сколько ни любил бы вас
Привыкнув, разлюблю тотчас,—
деген Онегин сөзін:
Бүгін сүйсем, сені алсам — ертең жалығып
Суып қайтар кеңілім желше шалқып,—
деп Абай Пушкин сөзінің мән, көрік жөнінен өңін қашырмай, келістіріп аударады.
«Тура тілді кісіні дейміз орыс» деп, орыс халқының туралығын қасиеттеген Абай Татьяна мен Онегиннің ойындағыларын шымқап, бүкпей айтып тынғанын орынды деп санайды, бұл бағытта ол Пушкинмен қолдасып, шауып отырады. Ал жасынан басын тауға да, тасқа да соғып, жазушы да, ғалым да, ер де болам деп, өмір рахатынан безіп, ғашыққа да қолды бір-ақ сілтеп, жаһан кезген Онегин тұрақ таппай торығып, қайта сөз салып, Татьянадан және үміті кесіліп қалтиып тұрып қалғанда, артына бір бұрылмай, оқушылармен сыпайы қоштасқан Пушкинге Абай ермейді, өзі ұстаған бағыттан толқымай, жолдасынан жырылып шығып, Онегинге қарайды.
«Өзі ермей, ерік бермеген» елдің «мыңымен жалғыз алысқан» Абайдың бойын кернеген жігер, қайрат оны жалықтырмайды. Өмірі шағындығынан алыстағы мақсатына жете алмау ықтимал, бірақ ол «бір күндікке алданып», ат шалдыруға бұрылмайды, бағытынан таймайды. Өз кеңіліне осыны мықтап түйген Абай Онегинді әрі-сәріде қаңғыртып тастап кеткісі келмейді, оның қор болғанынан өлгенін мақүл көреді. Абай аудармасында Онегин:
…Атам, анам — қара жер,
Сен аша бер қойныңды,
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды,—
деп өліп тынады.
«Евгений Онегинді» аударудагы Абайдың шығармалық мінезінен мыналар байқалады: бірінші, Абай аударманың өзін «өнер шашу, наданның көзін қойып, көңілін ашу» мақсатымен жасаған. Сондықтан ол елдің бүгінгі, ертеңгі ұғымына жарасымы жоқ нәрсеге бой ұрмайды, борышын ақтарлық сөзге ғана еңбегін артады;_ екінші, жыртық жамағандай қолмен сипап, олақ тігіншідей бұрынғы тігісті қуа бермейді, сөзбе-сөз аударғанда өңі қашатын сөздерді мәні, көркемдігі пара-пар қазақ сөзімен ауыстырып, өлеңнің дәрежесін дәл келтіреді. Үшінші, Абай талғамай аудара бермейді, өз пікірімен сабақтасты ғана алады, пікір алшақ жерде жанынан жалғап, шығарманың сюжетін өзгертуден де тайынбайды.
Орыс классиктерінің ыңғайын алып, оны әдеби өмірге асырғанда, Абайда Батыс, Шығыс әдебиетінде ертеден келе жатқан салттық мінез байқалады. Араб, парсы әдебиетінің мүралары: «Ләйлі-Мәжнүн», «Мың бір түн», «Тотының тоқсан екі тарауы», «Шаһнама», «Жүсіп пеп Зылиха», «Салсал — Зарқұмдар» көшпелі сюжет болып, бірде қара сөзбен, бірде өлеңмен, әлденеше түрлі тарай беретін. Бұл мінез Батыс әдебиетінде де бар. Эсхильдің «Прометейін» сюжет етіп Шеллин, Гете, орыс ақындары өлецдер жазды; Мольердің қызқұмар «Дон-Жуанын» Байрон қарыспа, жанжалқұмар Дон-Жуан етіп жазды; Лесков Шекспирдің «Макбетіне» еліктеймін деп, «Леди Макбет Мценского уезда» деген повесть жазды.
Іргелес елдің әдебиетінен ұнаған үнді алып, өз елінің көркемдік тілегіне қонымды естіп шығарма жазу — жер жүзі әдебиетіндегі байырғы салт. Осы ізбен Абай да орыс классиктерінен жаңа мотивтерді алып, өз арманының үніне лайықтап өлең қылды. «Мен кердім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңнің аяғында Абай орысша тексте атымен жоқ:
Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреу етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін,—
деген шумақты қосып, өзінің көңіл зарын тыңдаушының құлағына сала кетеді.
Жер жүзі мәдениетін елге шашудың бір саласы ретінде Абай бұрынғы ертегі, қиссаның орнына сюжетті романдарды әңгіме етіп айтып береді, теңірегіндегі ақын, әңгімешілер арқылы халыққа жаяды. «Шаһнама», «Рүстем», «Үш Мушкетер», «20 жыл өткеннен соң», тағы басқалар Абай аузынан таралып, қырық елдің қиырыиа жайылып кеткен.
Орыс мәдениеті мен әдебиеті жөнінде Абай ісін шумақтағанда, мыналар байқалады. Абай өзі оқыды, балаларын оқытты, елді орыстың оқуына тартудан өмірі жалыққан жоқ. Оқу, білімді жаңа өмірдің ұйткысы деді. Орыс классиктерінің асқар пікірлерін малданып, өзінің байтақ қиялынан шығарып, жаңа ырғақ, жаңа түр, жаңа мән, жаңа ән, күй енгізді. Абай қазақтың классикалық әдебиетін жасады. Абай орыс, Батыс әдебиетінен қазақшаға аударып, қазақ әдебиетін жаңа сюжет, жаңа кейіпкерлермен байытты. Поэзия қарым-қатынасы арқылы әдеби интернационализмге жол ашты. Қазақ елі үшін дүние мәдениетіне жол тартты.
Абай — асқар ойлы кемеңгер. Оның үстіне ел көші қылыштың жүзіндей қырда тұрғанда дүние игілігі, адам игілігі үшін жар салып, ескіліктің қыруар бөгетіне қарсы шапқан қаһарман батыр. Ел арманын тұңғиықтан тербеп, дін, ел басқару, салт-сана, сүйіспеншілік мәселелерін өз ұғымына қарай жаңадан пішкен философ.
Абай ескіні жамаған жоқ, жаңадан пішті, ішке түскен жараның аузын емдеп, әуре болған жоқ, оны сылып тастап, орнына жаңа мүше салуға еңбек етті.
Абай арман еткен халық теңдігі, қазақтың орыс мәдениетінен мол азық алып, туысқандық адал ниетпен қолдаса отырып алға басуы — Абайдың іске асқан арманы!