Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Шәмшиябану Сатпаева. АБАЙ ЖӘНЕ ЕВРОПА ХАЛЫҚТАРЫ ӘДЕБИЕТІ

Қазақ әдебиетінің басқа елдер әдебиетімен, оның ішінде Европа халықтары әдебиетімен қарым-қатынас, байланыс тарихында ұлы классик, данышпан ақын Абай Құнанбаевтың (1845-1904) орны ерекше. Ұлы ақын еңбектерінің биік ысаналы өрісінің тағы бір қыры — М.О. Әуезов өзімен айтсақ: «өзінде Европа, өзі Европада боп, қарға тамырлы боп байланысқаны… Бұл белгі — сүйсінерлік нағыз ірі белгі». Қазақ филологиясының абайтану  саласында  М.О.  Әуезов  айқындап  кеткен ғылыми концепция бойынша «дана ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз: Мұның біріншісі — қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауыз әдебиет қоры, ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті.

Екінші бір қол артқан қазынасы — араб, парсы, түрік тіліндегі шығыстың көркем классикалық поэзиясы.

Үшінші — үлкен өнер, мол азық алған зор саласы — орыс халқының мәдениеті және сол арқылы Европа мәдениеті. Осы соңғы өріске құлаш созған Абай өз заманы үшін, әрі жаңа тарих, жаңа дәуірдің басы, әрі кең майдан келешек еді.

Абайдың ақындық білімінің кемелдене толысуына, өрісінің биіктене түсуіне негіз болған бұл үш үлкен салаға оның қарым-қатынасының кейбір жайы абайтануда едәуір зерттелді. Алайда ақынның орыс мәдениеті арқылы Европа мәдениетімен байланысы, Европа жағасынан алған нәр оның творчествосында қандай іздер мен өрнектер қалдырғаны әлі арнайы зерттелмей келеді, сөз етілмей келеді.

Европамен таныса келе, Абайдың: «Шығысым батыс, батысым шығыс боп кетті», — деуі Батыс елдерінің мол рухани қазынасы, мәдени, әдеби өсу жолдары ақынды катты қызықтырғанын аңғартады. Бұл тану, қызыға зерттеу, үлгі таңдап, нәр алу ақын творчествосына өз ізін қалдырмауы мүмкін емес еді. Европа елдерінің әдеби қорына қарым-қатынасында Абай Құнанбаев құр ғана үйренуші, таңыркаушы, еліктеуші ретінде емес, үлкен ойлы, терең толғаулы ізгі ақындық ерекшелігімен, ұлттық келбетімен, ұлы реалистік өзіндік, Абайлық тұлғасын сақтайтын кадір-қасиетімсн, қалып-қабілетімен көрінді. Ақынның қазақ сахарасынан шығып, орыс мәдениетіне, сол арқылы Европа елдерінің қазынасына жалғыз өзі жол тартуы, оның тамаша қадір-қасиетін бұрынғыдан да арттырып, биіктете түскен еді.

Абай оқып, біліп, танысып өткен Батыс мәдениетінің, әдебиетінің көлемін, шеңберін нақты анықтау қиын. Абайдың орыс әдебиеті арқылы барлап көрген өрістері туралы М.О. Әуезов былай деген еді: «Батыс Европа мен орыс жазушыларының көпшілігін ол әуелі көп оқып, тексеріп өтеді. Өзінің білім алып, дүние тануына солардың шығармаларын азық етеді. Осы ретпен оқып шыққан ақын-ғалымдарының ішінде Батыс Европаның Гетесі, Шекспир, Шиллер, Гейнесі, Байрон, Бальзак, Беранжесі де болады. Ол кездегі білім-өнерлердің мол қоры, үлкен бесігі Батыс Европа екенін аңғарып, сол жақтың ақындары ғана емес, неше алуан философ, білімпаздарын да зерттейді. «Европаның есею тарихы», «Ескі Шығыс мәдениетінің тарихы» сияқтыларды да сол Батыс Европа ғалымдары арқылы оқып-біледі. Европа философиясын зерттеу ретінде Спенсер, Спиноза, Декарттарды оқиды. Беріде Дарвинге қызығады. Қиыр Шығыс тарихынан Будданың жайын да біледі». Бұдан кейін М.О. Әуезов Абайдың Батыс Европада орта ғасырда болған діни сот-инквизицияның зұлымдықтарын суреттейтін романдарды көп зерттегені, Европада әкімшілік құрған патша, король нәсілдерінің сарай тартысын білмек боп Александр Дюма романдарын көп оқығаны, кейін «Үш мушкетер», «Он жылдан соң», «Король әйел Марш» романдары ақынның әңгімелеуі бойынша елге танылып, ертегі боп кеткені туралы айтады. Африка, Америка, Австралияда немесе басқа бір жабайылар арасында тіршілік еткен білімділер немесе сол жергілікті адамдардың ішінен шыққан ерлер, намысқорлар, дана адамдар туралы әңгімелерді де Абай Құнанбаев сүйсіне оқығандығы туралы деректер де бар. Сондай-ақ Африкадағы негрлер (Абай сөзімен айтқанда — зәңгілер) мен ақ жұрт араларындағы алыс-тартысты көрсететін «Валентин Леви», «Азажүрек», «Ягуар Медуленец» деген әңгімелер де Абайдың ертегі қып таратқан әңгімелері екендігін, осылайша европа жазушыларының да көп-көп әңгіме-дастандарын еліне жая жүргенін М.О. Әуезов айтқан болатын.

Міне, бұл көрсетілген деректердің өзі-ақ Абай Құнанбаев назар аударған, оқып-біліп таныған Европа қазына-қорының мәдениет көлемінің қандай болғандығын көрсетеді. Ал Европа қазынасының ішінде Абайдың дәл өзінен қалған поэзиялық және прозалық шығармаларға қалдырған іздері мен өрнектері ұлы ақын мәдениетінің ірі, жоғары мәдениет екенінің тағы бір айғағы, дәлелі — Абай Құнанбаевтың Европа мәдениеті мен әдебиетіне қарым-қатынасы оның орыс әдебиетімен байланысының бір қыры, бір бөлімі. Орыс тілі, орыс әдебиеті, орыс классиктері арқылы дүние жүзі мәдениетінің үлгілерімен танысқан Абай өз елінің талабына сәйкес Европа елдерінің кейбір мәдени-әдеби құбылыстарын халқының рухани қажетіне жарата білді.

Абай Құнанбаев творчествосындағы Европа жағасының белгілерін оның орыс классиктері ерекше қадірлеген ескі антикалық, ескі классикалық тарихы мен әдебиетіне анда-санда болса да, оқта-текте соғып отыруынан, бүкіл Батыс, Шығыс тарихтарын бірдей әңгіме еткен «Ескендір» жайынан әңгімелі өлең жазуынан, классиктер — Шиллер, Гете, Байрон, Мицкевичтердің кейбір өлеңдерін алғашқы рет қазақшаға аударуынан, бірсыпыра батыс романдарын әңгімелеп, ел арасына таратуынан, өзінен кейінгі жас ақындарға сыртқы өзге елдер жайында шығармалар жазуына ақыл беріп, әсер етуінен көруге болады. Бұл белгілер халқымыздың рухани тарихында мән-маңызы зор ерекше құбылыстар еді.

Ұлы гуманист ақын Абай Құнанбаев мұрасының ежелгі антикалық және элладалық тарихпен де байланысы аса қызғылықты белгілердің бірі. Эллада елінің мәдениеті мен әдебиеті адамзат дамуы тарихында ерекше орын алатыны, оларды революцияшыл пролетариаттың ұлы үстаздары жоғары бағалағаны белгілі. «Греция мен Рим салған фундаментсіз қазіргі Европа да болмаған болар еді», — деп жазды Ф. Энгельс «Анти-Дюринг» деген еңбегінде. Грек өнері мен эпосы «бізге көркемдік ләззат береді және белгілі бір дәрежеде норма мен үлгі де бола алады», — деді К. Маркс.

Орыс жазушылары, әсіресе, Абайға ықпал еткен Крылов, Пушкин, Лермонтовтар да антикалық дәуірдің көркем мұраларын жоғары бағалаған-ды. Пушкин жас өспірім кезінен-ақ антикалық әдебиетті жақсы білді. Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» поэмаларын Пушкин француз тіліне Битобе аударуынан оқыған. «Қалашық» деген өлеңінде Пушкин антикалық әдебиеттің өзі жақсы көретін әйгілі өкілдерінің қатарында Гомерді атайды. Н. Гнедич жиырма жылдай уақыт аударған «Илиада» орыс тілінде жарық көргенде, ұлы ақын екі жол өлең арнады:

Естимін баяу қаққан дыбысын ғажап эллин сөзінің

Ұяла жаным сеземін ұлы қарттың көлеңкелі келбетін.

«Дидарластың Гомермен ұзақ уақыт жалғыз сен» деген бір өлеңінде Пушкин «Илиаданың» орыс оқушыларына еткен әсерін бейнеледі.

Антикалық мәдениет пен әдебиеттің орыс қоғамында жоғары бағалануы, ықпалы Абай Құнанбаевтың назарын аудармай қалуы мүмкін емес еді. Антикалық мәдениеттің Гомер, Софокл, Сократ, Платон, Ксенофонт, Аристотель сияқты өкілдері Абай шығармаларынан да орын алды.

Абай өлеңдерінде, әсіресе, қара сөзінде кездесетін эллин классикасының үлгілері ұлы ақын рухани ізденістерінде адам баласының ортақ мұраларына қол артып өрлегенін байқатады. Ежелгі гректердің эстетикалық мұраттары қазақ ақынының да ізденіс-толғаныстарына үндесе үйлесті. Өзінің «Жиырма жетінші сөзінде» өнеріне таңырқауға лайықты адамдар деп бәйітші, жыршы Гомерді, трагедия шебері Софоклды, суретші Зевксисті атайды. «Гомерге бәйітшіліктігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сипатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын», — деп, соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты.

Грек ойшылдары арасынан Абайдың көбіне-көп назар аударғаны — Сократ, Платон, Аристотель.

Сократ (біздің заманымыздан бұрынғы 469-399 ж.)  — ежелгі грек философы, ойшылы. Қайшылықтарды шешу арқылы шындыққа жету диалектикасын ашқан Сократтың философиялық және этикалық идеялары мен ол туралы   деректер біздің заманымызға көбіне-көп оның шәкірті Платон (б. з. бұрын 427-342 ж.), Сократпен 20 жылдай бірге болған тарихшы әрі жазушы Ксенофонт (б. з. 430-355 ж.) және Аристотель (б. з. 384-322 ж.) арқылы жетті. Бұл ойшылдардың атын Абай атап қана қоймайды, Ксенофонттың шығармаларын талдай оқып, соның негізінде «Жиырма жетінші сөзін» (Сократ хакімнің сөзі) жазды.

Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктер» деп аталатын философиялық трактатын Абай орысша басылуынан оқыған. Философия және басқа ғылым салаларымен Абай қатты шүғылданып жүрген 70-80-жылдары Ксенофонттың шығармалары Россияда бірнеше рет, мысалы, 1876 жылы Киевте, 1887 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген болатын. Ксенофонт шығармаларының бұл екі басылуында да «Сократ туралы естеліктері» бар. Бұл шығармалар кезінде Абай тұрақты оқушысы болған Семей кітапханасына да түсуі ықтимал. Немесе оларды сол жылдары Семейге көптеп келген саяси тұтқындар ала келуі мүмкін. Қалайда Абайдың Ксенофонттың шығармаларын, әсіресе, «Сократ туралы естеліктерді» оқығаны анық, тек оқып қоймай, аздаған өзгертулермен «Сократ хакімнің сөзі» деп аталатын шығарма жазды.

Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктері» мен Абайдың «Сократ хакімнің сөзі» көп жерлері біріне-бірі сай келе тұрса да, екіншісі біріншісінің аудармасы деп қарауға болмайды, Ксенофонт идеялары мен пікірлері, дәлелдері мен түжырымдарын Абай өз оқушыларына, өз қоғамының мұң-мұқтаждарына қарай сәйкестеп өзгерістер, түсініктер, анықтамалар, пікірталастар енгізген. Сондықтан да Абайдың «Сократ хакімнің сөзі» казақ, орыс, көне грек мәдениеттерінің эементтері өзара байланыса астасқан, өзіндік ерекшеліктері бар төл шығарма ретінде қаралып, бағалануы керек.

Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктерінің» төртінші бөлімі «Тәңірінің адамға деген қатынасы туралы Аристодиммен әңгіме» деп аталады, Абайдың дәл осы бөлімге көбірек тоқтап, қазақшалауының сыры да тереңде жатыр. Ксенофонт шығармасының бұл бөлімі тәңірі мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат, жан мен тән, өмір мен өлім сияқты аса күрделі дүниетанымдық құбылыстарды, философиялық мәселелерді әңгіме етеді. Осы аталған құбылыстар ақыл-ой, сана-сезім дүниесін толғандырмаған, олар туралы өзіндік таным-түсініктер, болжау-жорамалдар, ертегі-аңыздар қалыптаспаған бірде-бір халық жоқ деуге болады. Адам мен табиғат өмірінің сан қилы ғажайып сырларын танып-білуге қазақ халқы да сергек болатын.

Оның дүниетану тарихы жазыла қалған күнде зерттеушілер басқа халықтар таным-түсініктерімен ұқсастықтарын және ерекшеліктерін көптеп көрген болар еді.

«Табиғат және адам, өмір мен өлім аса бір таңғаларлық жайлар және әрқашан ашылмаған құпияға толы. Табиғат пен адам! Айтыңызшы, адам мен табиғаттан ғажап және сыры мол не бар? Әлемді, оның ғажайыптарын білу қажеттілігі, өмір мен өлім және адамның табиғатқа қатынастары туралы мәселе шамандықты — әлем мен табиғатты, өлген адамдардың рухын құрметтеуді туғызды», — деп жазды Ш. Уалиханов.

Табиғат пен адам өмірінің сырлары туралы өз халқының түсінік-танымдарымен жақсы таныс Абайды сонау ерте замандағы грек оқымыстыларының айтқандары қатты қызықтырды. Өзі ойшыл ақын, өнер адамы болғандықтан да Абай Ксенофонт шығармаларының ішінен Сократ пен Аристодимнің адам өнері туралы диалогтарынан бастайды.

Ксенофонттың «Сократ туралы естеліктерінің» төртінші бөлімі де және Абайдың «Жиырма жетінші сөзі» (Сократ хакімнің сөзі) де Сократтың сұрақтарынан, Аристодимнің жауап беруінен басталады. Ксенофонтта: «Аристодим! Есть ли такие люди, мудрости которых ты удивляешься?

—         Конечно, — ответил тот.

—         Так назови мне их по именам, — сказал Сократ.

—         В поэмах я наиболее удивляюсь Гомеру, — отвечал Аристодим, — в

дифирамбах — Меланиппиду, в трагедий — Софоклу, в ваянии — Поликлиту, в живописи — Зевксису». Бұл диалогты Абай қазақша дәлме-дәл аударады, тек Маланиппид пен Поликлиттің аттары мен олардың негізгі істерін атамайды:

— Ай, Аристодим, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? — деді.

Ол айтты:

—         Толып жатыр, қазірет.

—         Бірінің атын аташы, — дейді.

—         Гомерге бәйітшіліктігі себепті, Софоклге трагедиясы себепті,  яғни

біреудің  сипатына түспестік,  Зевксиске суреттілігі себепті таңырқаймын, — деп соған ұқсаған неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты».

Одан әрі қарай Абай тәңірі, құдай адамды аса күрделі етіп, оған ақыл, ой, жан, сезім беріп, ерекше жаратқаны, сондықтан адам құдайдың ұлылығын қасиеттеуі керектігі, т.б. туралы Сократтың теологиялық және этикалық ой-пікірлерін еркін баяндайды.

Тәңірінің ұлылығына құлшылық ету, бас ию туралы Сократ пен Аристодимнің әңгімесін Абай сәл өзгертеді де, адамның табиғи қасиеттері пайдалы істерге қолданылуы қажеттігін баса айтады. Ксенофонттың баяндамасындағы Аристодимнің Сократқа «я не отвергаю высшего существа, но я считаю его слишком величественной для того, чтобы нуждаться в моем поклонении» деген жауабын Абай сәл өзгертеді: «Тахқиқ, бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ, бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады?» — деді.

Ксенофонт шығармасында жоқ, тек Абай қолданған «лайықты жарастықты законымен жаратылып», «керекке бола жаратылып және бір-біріне себеппен байланыстырылып», «мықты көркем законға қаратылып жаратылуы» деген философиялық түсініктер кездеседі.

Атай кететін тағы бір жай — жеке белгілер не мысалдар арқылы жинақтау, қорытындылау кейін Сократтық индукция деп аталып кеткен Сократтың негізгі методын, қарсы пікір айтушы не әңгімешінің сұрақтарына жауап, пікірталасы — диалог ретінде шындықты ашу әдісін Абай өзінің «Сократ хакімнің сөзінде» қалпында сақтады.

Абай Кұнанбаевты Сократтың кейбір идеялары ғана қызықтырып қойған

жоқ, сонымен бірге оның өміріне, надандықпен алысып өткен өжет бейнесіне, аянышты өліміне де ақын назар аударады. Өз идеяларын, пікірлерін батыл айтқаны үшін, Сократ реакциялық топтардың қысымына ұшырағаны, «мемлекет таныған құдайлардан басқа жаңа құдіреттер енгізіп», «жастарды бұзады», «афин демократиясын жек көреді» деген айып тағылып, гелие — ант берушілер соты — оған өлім жазасын үкім еткені, одан кейін өзі у ішіп өлгені бізге тарихтан мәлім. Реакциялық күштермен арпалысып өлген Сократтың қажырлы бейнесі көп елдердің ойшылдары ақын, жазушылары қадірлеп, құрметтеген. Өзінің «Отыз жетінші сөзінде» қазақ ақыны грек ойшылының аянышты өлімін еске алып, «Сократқа у ішкізген кім?» дейді де, оны бағалай білмеген көпшіліктің надандығы, ақылы жоқтығы екендігін ашына атайды.

Сөйтіп, қазақ ойшылы бүкіл адамзат ой дамуы тарихына енген грек философы Сократтың кейбір теологиялық және этикалық идеяларымен, ғажап өмірімен таныс болып қана қоймай, сонымен бірге оны өз отандастарының танып-білуіне де көп үлес қосты.

         М.О. Әуезов Абай туралы зерттеулерінде ұлы ақынның өз ұлтының көлемінен асып, сыртқы өзге елдер жайында сөз қозғауы «жалғыз қазақ ауқымында қалмай, Пушкинше масштаб іздеуі, өзінің шәкірті болған ақын жастарга неше алуан әңгімелерді айта отырып, өлең еткізіп халыққа жаюы» туралы айта келіп, букіл Батыс, Шығыс тарихтары бірдей әңгіме еткен «Ескендір» жайынан әңгімелі өлең жазғанын, т. б. атап көрсеткен-ді.

         Бүкіл дүние жүзі халықтарының бірсыпырасы: өз өмір тарихына, сана-сезімдеріне, мақсат-мұраттарына, қажет-мұқтаждарына, тілек-талаптарына сәйкестендіре әңгіме еткен ертедегі грек қолбасшысы Александр Македонский (қазіргі заманға дейінгі 356-323 ж.) туралы ғасырлар бойы жазылған әдеби шығармалар белгілі бір өзіндік дәстүрге ие болғаны белгілі.

Халықаралық әдеби кейіпкерге айналған Александр Македонский Шығыста алғашында Ескендір Зұлқарнайын (Қосмүйізді), кейін Ескендір аталып, қыруар шығармаларға негіз болды да, өзіндік сипаттары мен ерекшеліктері мол шығыс «Александриясын» жасады. Бұл тақырыпқа қазақ әдебиетінде де фольклорлық және жазба туындылар бар. Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасы әдебиеттану ғылымында байсалды зерттеліп, дәлелді тұжырымдар айтылған. Алайда бұл поэманы өзі тақырыптас кейбір туындылармен қатарлас салыстыра, байланыстыра зерттеу, «Александрияға» қазақ ақыны қандай өзіндік үлестік түсінік, жаңа шешім қосып, дәстүр байытқанын анықтау — Абай асқан биіктің тағы бір қырын аша түсер еді. Әдетте, осы поэмада кездесетін шығыс классикасына кейбір ұқсастықтар, ондағы кейіпкер мінездемелері және ақын творчеетвосындағы орны мен маңызы баса айтылады да, «Ескендірдің» осы тақырыптың даму тарихына, Шығыс әдеби дәстүріне жаңа леп әкелгені, сондықтан да, оның «Александрия» әлемінде жоғары баға, тиісті орын алуына әбден жарарлық мүмкіндіктері солғын көрсетіліп жүр.

Әр халықтар әдебиетіндегі Александр Македонскийдің бейнесін көп зерттеген атақты ғалым Е.Э. Бертельс Шығыста қалыптасқан дәстүр туралы былай деген еді: «Шығыс халықтарына Александр жорықтарының шын мәні беймәлім болды. Александр Грек республикасын талқандап, азаматтарын бағыныштыларға айналдырғаны, біршама еркінділіктің орнына өктемдік орнауы, оның жорықтары Шығыс елдерін ойрандап, мәдениет қазыналарын орасан жойғанына олар мән бере қоймады. Мұндай әрекеттер Шығыс тиранына әдет-ті. Сондықтан да, нағыз Александр тез ұмытылып, аңыздар мен әңгіме-ертек тұманында ғайып болды. Александрды өнегелі басқарушы етіп суреттеу дәстүрі қалыптасты. Ол туралы нақты деректердің жоқтығы кейіпкердің бойына автор қандай касиеттерді қаласа, соны аялатты. Мұның өзі басқарушыға үйрету, ақыл айту — «зерцало» тақырыбы топтасқан ерекше бір шығармалар тегінің тууына әкеп соқты да, «Александрия» фабуласына, түйініне өз кезіндегі ғылым салаларының бәрінен әр түрлі деректерді енгізу әректіне әкелді. «Александрия» әлеуметтік жағдайына лайық басқарушы адам меңгеруге тиіс білімдерді қызықты түрде хабарлайтын өзіндік бір энциклопедияға айналды. Сөйтіп, Александр туралы шығыстың шығармалары біз үшін аса зор маңыз алады. Бұл тек көркем шығармалар ғана емес, сол шығармалар туған дәуірдің саяси даналығының жиынтығы».

Бұл дәстүр, негізінде, Фирдоусидің (934-1020) аса ірі поэмасы «Шах-намэның» «Искендер» бөлімінде, Низамидің (1141-1203) «Искандер-намэ», Хосроудың (1253-1325) «Искандердің зерцалосы» мен Жамидің (1414-1492) «Искандер даналығының кітабы» және Навоидың (1441-1501) дидактикалық-философиалық дастаны «Садди Искандерий» («Ескендірдің қорғаны») шығармаларында дамығаны, оларда Ескендір қастерлене, көтермелене ырланғаны, ал бұл шығыс классиктерін Абайдың жақсы білгені белгілі.

Шығыс ақындары дәстүрлі жыр еткен тақырыпқа Абай да шығарма жазуы, сюжет құрамында Низамидің «Искандер-намэ» дастанының бірер көріністеріне аз да болса ұқсас баяндау келтіруі, шығарманы дидактикалық, адамгершілік, гуманистік ойлармен аяқтауы — Абай «Ескендірінің» шығыс классикасымен байланысы, міне, осы белгілер төңірегінде болып келеді де, ал поэманың тақырып шешілімі, мазмұны, кейіпкер суреттеулері мен одан шығатын қорытындылары Шығыс шығармаларынан әлдеқайда өзгеше.

Ең алдымен көзге түсетін өзгешелік — ол қазақ ақыны Ескендірді тарихқа, шын өмірі мен әрекеттеріне жақындата суреттеуі. Тарихта болған адамның керкемдік бейнесін суреттеуде тарихи шындық негізін сақтау деген Шығыс «Александриясына» тән емес екенін Бертельс жоғарыда келтірілген сөздерінде анық айтқан. Ал Абай оның бейнесін елестетін деректерді поэмасына негіз етеді. Ескендір туралы тек шығыс елдері шығармаларымен шектеліп қалмай, ақын өзіндік зерттеу, ізденулер жүргізген. Сондықтан да бұл поэмада ақын мұрасына тән өз халқының, шығыс және орыс, сол арқылы Батыс Европа мәдениеттерінің табиғи үштасу белгілері айқын көрінеді.

Абайға дейінгі шығармаларда Ескендірдің өмірге келуінің өзін әр автор өз қалауынша өзгертті. Мысалы, I-III ғасырлардағы белгілі «Псевдо-Каллисфен» романы.

Оны Египет адамы Нектанебтың баласы, Фирдоуси Иран шахының ұрпағы ретінде баяндаса, ал патшалык етуінің өзін әр ақын әр елге патша етіп суреттесе, Абай дәл тарихтағыдай Македония патшасы Филипп өлгеннен кейін оның баласы Ескендір 20-21 жасында таққа отырғанын, данққұмар, мақтан сүйгіш жас патша ең әуелі маңайдағы елдерді бағындырып, одан соң әлемге билік етуді көздеп, есепсіз әскерлермен жорықтар жүргізгенін, жорықтар қиыншылықтарын, оның тәрбиешісі Аристотельдің даналығын әңгімелейді.

Ескендір елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын кеңілі бір тоймады.

Араны барған сайын қатгы ашылып,

Жердің жүзін алуға ой ойлады.

Қанішер қаһарлы хан ашуы көп,

Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп,

Сол күнде қошеметші айтады екен,

Ханның — ханы, патшаның — патшасы деп, —

деген сипаттамалар шығыс шығармаларында жиі кездесе бермейтіндігін айтпағанның өзінде, осы мінездемелердің өзі де белгілі бір тарихи шындыққа едәуір сәйкес келеді. Грек қолбасшысының жанындағы адамдар жазып қалдырған күнделіктерде де, сәл кейінірек атақты Плутарх, Арриан, Диодор сияқты тарихшылар еңбектерінде де көп жағымды қасиеттерімен қатар, Александр Македонскийдің қаһарлы, қатал, қанішер, мейірімсіз болғаны туралы талай деректер келтірілген.

Ескендір жорықтары шығыс шығармаларында әңгімелене қалса, көбіне бірыңғай жеңімпаз боп қастерленетін. Мұнда да Абай өз өзгешелігін, өз қалып, мәнерін сақтайды. Поэмада жорықтардың тек қиыншылық, кедергілік жақтарын көрсетуді кейіпкерінің мінез-құлық дүниесін аша түсуге, грек оқымыстысы дана Аристотельді қастерлеуге, құрметтеуге шебер пайдаланады.

Абай поэмасында әңгімеленетін «жүре-жүре» бір елсіз шөлге түсу, cap далада су таба алмай сандалу, шөлге шыдай алмай қызметкерлерін өлтірмекші болу, өлген атының жалын құшып зарығу жайы Ескендір өмірі мен жоғарыдағы кездерінің тағы бір сырын елестете кетеді. Александр Македонский жорықтарының ішінде Орта Азияны өзіне қарату кезі (қазіргі заманнан бүрын 330-327 ж.ж.) туралы грек тарихшылары жазбаларын мұқият зерттеген ғалымдарымыз: «Көне жазу материалдары Яксарт (Сырдария) үшін жорықтың өте ауыр болғанын, әскерлердің ыстық шөлден азап шегіп, Александрдың өзі қатты ауырғанын әңгімелейді», — деп жазады. Өз дастанына бүл бөлімді енгізуде де Абай белгілі бір деректерге сүйенуі әбден ықтимал. Бұл тарихи деректерді Абай мына жазбалардан білді, соларды негіз етті деп дәл айту қиын, алайда өз шығармасын қазақ ақыны Александр Македонский туралы зерттеулер негізінде жазғаны анық.

Абай поэмасындағы баяндауда Ескендір және оның әскерлері зарыққан кезде табылатын «сылдыр қаққан мөлдір бұлақ, таспадай бейне арықтан шыққан құлап, суы өзгеше тәтті тым-ақ» деп келетін бөлімде де ақын Ескендір жайындағы шығыс шығармаларында жиі кездесетін қасиетті су, адамға мәңгі тірлік беретін киелі, шипалы су іздеу хикаяларынан мүлде басқаша, реалистік мәнерде баяндап, кейіпкерінің негізігі белгілерінің бірі — жауынгершілік, көз тоймастық, қанағатсыздығын аша тусуге бейімдейді. Әлгінде ғана көрген зарығу, азап шегу, қиналуын қолбасшысы су ішіп, көңілі жай болысымен-ақ лезде ұмытып, «бір бай елден осы су шыққан шығар, өрлеп барып үстіне тігелік ту» дейді де, «көкпеңбек темір киген өңкей батырын» — қолын ертіп, сырнай-кернейлетіп жөнеледі.

Ескендір жайындағы көп оқиғалардың ішінен жорықтардың аяқталу кезеңіне Абайдың көңіл бөлуі жэне шөл дала азаптарынан кейін бітіруі де кездейсоқ бітіруі емес сияқты. Македонскийдің байтақ империясының бір жақ шегі осы күнгі Орта Азия, қазақ жері — Сырдария шебі болғаны туралы да тарихта деректер аз емес: «Зеравшан жазығын мекен еткен қалың ел Александрға бағынды да, енді Александрдың эскері Яксарт (Сырдария) жиектеріне шықты. Оны жоғары өрлеп отырып, Александр жиек бекіністерінің барлығын мұқият нығайтты, өйткені Яксарт Александр империясының шегі болмақ-ты», — деп жазылған «Ертедегі авторлар Орта Азия туралы» деген кітапта.

Абай поэмасындағы кісінің көз сүйегінің өзгеше сыры мен түйіні туралы әңгіме төркінін де зерттеушілер көбіне-көп Низамидің «Искандер-намэсінің» бір бөлімдегі салмағына ешбір қазына бара-бар болмай, тек бір уыс топырақ қана сай келген кішкентай тас сырын баяндау тұсынан өзгертіп өсіріп алған деген қорытындыға келіп жүр. Алайда бұл сюжет ертеден халық шығармаларында кең тарағаны белгілі. Бұл сюжетті Низами мен Абайдың творчестволық дәрежісі баршама бара-бар екені анықтала бастады. Олай болса, бұл ұқсастыққа қарап Абай «Ескендірі» Низамидің «Искандер-намэ» шығармасының кейбір оқиғаларын қайталау ғана дәрежесінде болуы мүмкін деген ой туып қалмас үшін немесе «Реалистік жазудың алғашқы піспеген тәжірибелерінің бірі» деп те жазылған дүдәмал ұшқары пікір ұшығы өріс алмауы үшін осы сюжеттің туу, жайылу сыры мен өзгерілу тарихын салыстыра зерттеудің де өзіндік маңызы болмақ.

Поэманың соңғы шумақтарындағы ой-түйіндерінде Абай дәстүрлі тарихи тақырып шешімін өз заманы тынысы мен талабына шебер сәйкестендірген.

Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл әңгіме,

Мұны бір өзге сөздің бірі деме.

Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,

Тоймас көзің толар деп қайғы жеме.

Қу өмір жолдас болмас, әлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе өзің қарқ болма бекер.

¥ятың мен арынды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.

Мақтанасың біреуге мақтасын деп,

Шаужайымнан еш адам қақпасын деп.

Сен кеткесін артыңнан күліп қалар,

«Антұрғаннан кұдайым сақтасын» деп.

Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,

Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды.

Жақсы болсаң. жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сүрайды.

Поэманың тарихи кейіпкеріне ақын заманы тудырған бірсыпыра жағымсыз қылықтардың бейнебір елесі болу қызметін де жүктеп, өзінің негізгі гуманистік, ағартушылық бағытына, адам қоғамының рухани өрісін жоғарылату мақсат-мұраттарына сәйкестендіреді.

Ескендір жайлы шығармалардың көбіне оған серіктер, қолдаушылар, ақыл-көмек берушілер кейде әулие, сәуегей, қызыр немесе Низамидың «Искандер-намесіндегідей» әр кез өмір сүрген ойшыл философтар тобы ретінде суреттеліп келді. Мысалы, Македонский дүниеге келуден 43 жыл бұрын қайтыс болған Сократты да, одан бір ғасырға таяу бұрын өмір сүрген Платонды да, заманы бір Аристотельді де, қолбасшы дүние салғаннан 37 жыл кейін туған Архимедті де, тағы басқа ойшылдар, ғалымдар тобын Низами Ескендірдің маңында суреттесе, бұл анохризмнен Абай бойын аулақ салып, тарихтағы шындық Ескендірдің тәрбиешісі болған Аристотельді бейнелейді.

Сол күнде Аристотель жеке-дара,

Ақыл-сөзін тыңдамай бар ма шара, —

деп, оны ақылына, даналығына патша бас иер хакім ретінде бейнелей отырып, ақын ақыл мен білімді, парасаттылықты ерекше жоғары санап, бағалай қастерлеген өзінің ой-пікір, дүниетаным жүйесін, ағартушылық мақсат-мүдделерін поэмада тағы да паш етеді. Поэмада суреттелген тіріде тоймас адам көз сүйегі сырын ашу көрінісіне гуманист ақын көп идеялық-көркемдік жүк артып, әлемге әйгілі философ Аристотель бейнесін қазақ сахарасына аялдатқанда, көңіл көзі ашық, санасы сергек, ойы алғыр, қиялы қанатты жастарға үлгі ете, даналықты қастерлей суреттейді.

«Ескендірде» кездесетін осы ерекшеліктер мен сипаттар бұл шығарманы тек шығыс классика үлгісінде, ақын қазынасының аясында ғана бағалау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Замана қажеттерін гуманистік, ағартушылық бағытпен астастыра отырып, қазақтың ұлы ақыны тарихи адам туралы өзіндік идеялық көркемдік қасиеттері мол реалисттік поэма жазып, шығыс «Александриясына» үлкен үлес қосты.

Александр Македонскийдің, оның есімімен байланысты ежелгі грек ойшылдарының қазақ жеріне «келуінің» олардың көркем бейнелері де жасалуының өзіндік тарихи ерекшеліктері бар. Бұл тектес материалдарды жинау, «Александрия» дәстүрлерімен белгілі бір жүйеде салыстыра зерттеу, көп ғасырғы қазақ сөз өнерінің томаға-тұйықта емес, басқа халықтар мәдениетімен де біршама байланыста, рухани сергектікте дамығанының кейбір сырларын аша түсер еді.

Фольклорлық және жазба әдебиетімізде Ескендір туралы біраз шығармаларда оны жеңісқой қолбасшы, тәңірі, ақыл иесі, парасатты патша ретінде дәріптемей, қайта оның жаугершілік жорықтары үшін жағымсыз етіп бейнелеу тенденциясы басымырақ. Бұл бағыттың аса анық көрінісі Абай поэмасындағы мақтан сүйгіш, даңққұмар, тойымсыз, қатыгез қолбасшы Ескендір, оны тоқтамға келтірер дана ақыл иесі Аристотель бейнелері. Қазақ шығармаларындағы бұл бағытты баса айту тарихи адам, тарихи құбылыстар туралы қазақ халқының да ой-сана өмірінде белгілі бір түсінік қалыптасып, сөз өнерінде өзіндік із қалдыру сырын білу үшін ғана емес, сонымен бірге тарихты кейбір бұрмалағысы келетіндерге тойтарыс беру үшін де қажет.

«Буржуазия тарихшылары, — деп жазды ғалым Б.Г. Ғафуров, — Александр Македонский жорықтарын прогресшіл құбылыс деп түсінеді де, ол жорықтардың басты мақсаты Шығысқа Греция үстемдігін жаю, сауда айналымын кеңейту, Шығыс халықтарын езу және олардың байлықтарын иемдену екенін көрсетпейді». Шет елдерде Александр Македонскийді Азия елдерін «мәдениеттендіруші» ретінде суреттеген кейбір кітаптар да бары белгілі. Ал біздің елімізде тарихи шындықты даттамай да, ақтамай да грек қолбасшысын объективті көрсететін ғылыми зерттеулер мен көркем туындылар аз емес. Солардың қатарында, сонау XIX ғасырда ұлы гуманист ақын қаламынан туған «Ескендір» поэмасын қазақ елі рухани тарихында да Ескендір туралы өзіндік түсінік, түжырым қалыптасқанын, ол тұжырымдарда Македония патшасы дәріптеле бермей, халық сынына да ұшырап отырғанын, ал ақыл-ой, білім қазынасы ежелден ел қастерлісі екенін баяндайтын шығарма қалдыра алғанын орынды мақтанмен атай алады.

Өткен мұраны зерттеу жөніндегі маркстік-лениндік принциптерді нақтылы туындыларға қолдана тексеру, абайтану ғылымында әділ орныққан ақын қазынасының үш негізі — туған мәдениетінің, шығыс, орыс, сол арқылы батыс мәдениетіне ұштасуы туралы М. Әуезов айтқан пікірді жеке шығармаларына қолдана талдау «Ескендір» поэмасының да біраз қырларын ашуға, сөйтіп оның «Александрия» тарихында алуға лайық маңызы мен орнын анықтай түсуге жәрдемдеспек.

Батыс классиктері Шиллер, Гете, Байрон, Мицкевичтің кейбір өлеңдерін Абай Қүнанбаевтың алғаш рет қазақ тіліне аударуы халқымыздың рухани тарихында ерекше маңызды құбылыс болды.

Неміс халқының үлы ақыны Фридрих Шиллер (1759-1805) Абай шұқшия зерттеген озық ойлы орыс қоғамында аса қадірменді болатын. Россияда Шиллерді лицейстер Пушкин, Дельвиг, Пущин, Кюхельбекер, декабристер оқып, қадірлеген. Лицей кезін еске түсіріп жазған өлеңдерінің бірінде Пушкин Дельвигке «Шиллер, данқ, махаббат туралы» әңгімелескен күндерімізді жаңғыртайық дейді. Ал «Евгений Онегинде» бір кейіпкері туралы ақын:

Лирамен жаһан кезді дәйім,

Аралап Гете, Шиллер жайын,

Солардың от ақындығы

Жанын өртеп, алқындырды, —

деп жазады.

Ұлы гуманст ақының романтикаға, игілік пен сұлулық құдіретін сүю мен сенуге толы ғажап жарқын поэзиясы гуманизм, шындық, жақсылық, әділет идеалдарын аңсаған талай адамдарды, ұрапақты баурап, оларға ықпал етіп келеді. Герцен Шиллерді «игілік қарқынының ақыны» деп атады және былай деп жазды: «Шилер! Сені тәңір жарылқасын, саған мен көңілсіз жастық шағымның жарқын минуттары үшін қарыздармын… Шиллерді қалай қолыма алдым, содан бері онымен ажыраса алмадым, қазірде де, мұңды минуттарда, оның мөлдір өлеңдері мені емдейтін болды».

Шиллер шығармаларымен Абай орыс ақындарының, көбіне-көп М.Ю. Лермонтов аудармалары арқылы танысты. Шиллердің «Бесіктегі бала» («Дитя в люльке») атты шағын өліңін Лермонтов аударған.

Счастлив ребенок

И в люльке просторно ему,

Но дай время сделаться мужем,

И тесен покажется мир.

Бұл өлеңнің мазұны мен жол сатылығын сақтай отырып, Абай қазақшаға еркін аударған да, соңғы екі жолда есейген шақта адам өмірі тыйышсыздыққа, ізденістерге душар болатыны туралы айтады. Сөйтіп, Шиллер өлеңіндегі бақытты балалық шақты қызықтау мен есейгенде адамның өмірге талап, қажеті көбейетіні туралы мазмұн Абай аударуында сәл өзгертілген:

Кең жайлау — жалғыз бесік жас балаға,

Алла асыраған пендесі аш бола ма?

Ержетке соң, сыймайсың кең дүниеге,

Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.

Неміс халқының тағы бір үлкен ақыны әрі ойшылы Иоганн Вольфганг Гете (1749-1832) творчествосы Россияда XVIII ғасырдан бастап-ақ зерттеліп, жоғары бағаға ие болған-ды. Гете өлеңдерін орыс тіліне аударуға В.А. Жуковский, Пушкин айналасының ақындары және Ф.И. Тютчев, Н.П. Огарев, М.Ю. Лермонтов, А.А. Фет, т.б. қатысты. Гете қазынасына қазақ ақына Абай Құнанбаевтың да қызығуына Лермонтовтың әсері мол болды. Гете шығармаларының орыс тіліндегі ең тәуір аудармалары, мысалы, В. Жуковский аударуындағы «Орман патшасы», А. Толстой аударуындағы «Коринф қалыңдығы» қатарынан саналатын М.Ю. Лермонтов аударған «Горные вершины», «Тау шыңдары» лирикалық туындысын Абай қазақшаға еркін аударды.

Горные вершины,

Спят во тьме ночной.

Тихие долины,

Полны свежей мглой;

He пылит дорога,

He дрожат листы…

Подожди немного

Отдохнешь и ты, —

деп келетін тамаша пейзаждық көріністі Абай дәлме-дәл дерлік шебер аударған.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ,

Тыншығарсың сен-дағы

Сабыр қылсаң азырақ.

Көптеген поэтикалық шығармалардың текстіне арнап Абай шығарған әуендер, әндер қатарында Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі де бар, бұл ән — қазақ халқының сүйікті әндерінің бірі. Ұлы Абайдың Гете өлеңіне ән шығаруы оның сол кездің өзінде немістің ұлы гуманист ақынының лирикасындағы тамаша белгілер мен ғажап әуеніне терең бойлап, жан қозғалысының үндестігін таба алғандығының айғағы. Гете творчествосын зерттеушілердің айтуынша, «Гете өз өмірінде 1600-ге тарата өлең жазған. Солардың көбі халық өлеңдеріне айналған; дүние жүзінің ең тәуір композиторлары олар үшін музыка шығарған». Осы дүние жүзіне ән боп тарап кеткен Гете өлеңдерінің бірін Абай аударып, өзі де ән шығарып қазақ сахарасына жайып жіберген. Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі мен әні қазақ сахарасында кең тарауы сияқты тамаша мысалды Герман Демократиялық Республикасы делегациясы Қазақстанда болғанда, әңгімелесу кезінде М.О. Әуезов мақтаныш сезіммен атаған болатын.

«Нейес Дейчланд» газетінің редакторы, публицист жазушы Гейнц Штерн «Гүлденген Қазақстан» атты очеркінде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың есіміне, қазақ халқына деген терең сүйспеншілік, құрметтеушілік сезімін білдіре отырып, өз отандастарына осы бір ғажап фактіні хабарлаған еді.

Абай аудармаларының ішінде ұлы ағылшын ақыны, революцияшыл романтизмнің көрнекті өкілі Джордж Ноэл Гордон Байронның (1788-1824) әйгілі «Еврей сазы» циклынан «Көңілім қараңғы» деген өлеңі бар.

Байронның «Еврей сазы» 1814-1815 жылдары Библия сарындары бойынша жазылған. Мұнда адам рухының күші мен ұлылығына сену пафосы, күрес пен жеңістерді дәріптеу сазы басым. Байронның лирикалық өлеңдерінің ішінен «Еврей сазынан» бөліміне Абай Құнанбаев назарын тегін аудармаған. «Еврей сазынан» Абай ұлт езушілігінің зардабын тартқан жазықсыз адамдардың қайғы-шерін, азап азасын естді. Бұл өлеңнің өзегі болған езілген халыққа деген ықылас-ілтифат, гуманизм идеялары, қиындық кезде сол езілген халықпен бірге ауыр жүк көтерісер сөз бен саздың күші мен құдіретін сүюшілік қазақ ақынына да қатты әсер етпей қалмады. Өз халқының да отарлық әрі ұлттық езушілік зардабын тартқан күй-жайына қанық қазақ ақыны Байронның «Көңілім менің қараңғы» өлеңін былай аударды:

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақын.

Ішек бойлап,

Он саусақ жорғаласа,

Бейістің үні шығар қоңыр салқын.

Егер сорым түбімен әкетпесе,

Керек қой көңілді үміт тебіренткен.

Қатып қалған көзімде бір тамшы жас

Төгілмей ме, бой жылып,

Ол да ерісе?

Бұл өлеңде түпнұсқаның негізгі мазмұны мен бағыты дәл сақталып, қазақ өлең өлшемдеріне, ерекшеліктеріне сәйкестендіріліп еркін аударылған. Түпнұсқадағы кей-бір сөз, мысалы, «алтын арфа» қазақ оқушылары мен тыңдаушыларына түсінікті «алтынды домбыра» деген сөзбен ауыстырылған.

Алтын домбыраны шертіп тартушы ақын Абай аудармасында өмірінде көп азап шеккен, бірақ көңілі жарқын үміткс, бойы қайратқа толы, ұмтылыс-серпіліске, батыл қимылға, күреске бейім жан болып бейнеленеді.

«Қатып қалған көзімде бір тамшы жас» — адам азабының, сорының ауырлығын ғана бейнелеп қоймады, сонымен бірге адам бойындағы сарқылмас күш, мұқалмас жігер, айбарлы ашу айбатының да елесі іспетті. Өзінің көрген азабы мен қиындығын, келешекке үміті мен талабын, тілегі мен қажетін езілген халық тек ақынына ғана сеніп айта алған, ақыны ғана оның жоқшысы, өкілі бола алған. Байрон өлеңіндегі бұл өмір шындығы алыстағы сахара елінің өмір жайына да жақын, таныс-ты. Сондықтан да Байронның «Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!» өлеңі Абай аудармасында қазақтың өз төл өлеңіндей түсінікті болып, ел арасына кең тарады.

Поляк ақыны Адам Мицкевичтің (1798-1855) жарқын есімі әлем әдебиетінің ұлы классикалық жазушылары Шиллер, Гете, Байрон, Пушкин есімдерімен қатар тұрады. Жалынды патриот, демократ, революционер ақын, халықтар ынтымағы мен достығының жаршысы болған Мицкевичтің әдеби мұрасын прогресшіл бүкіл адамзат қадір тұтады. Мицкевич туындыларының гуманистік, халық сүюшілік рухы Абай Құнанбаев арқылы қазақ даласына сонау өткен ғасырда-ақ жеткені мақтанышпен атарлық.

Абай Құнанбаев шығыс ақындарынан бірінші болып Мицкевич өлеңін қазақшаға аударды. Аудармасын «Тұтқындағы поляк жандарының сөзі» деп жалпы атауына қарағанда, Абай Мицкевичтің бірнеше өлеңін аударғанға ұқсайды. Абайдың төл шығармаларының өзі бізге толық жетпегені сияқты, аудармалары да түгел сақталмай, жоғалып кетуі әбден ықтимал. Бізге бір-ақ аударма өлеңі жеткен.

Поляк ақынын Абай Құнанбаевтың білуі, өлеңін аударуы түсінікті жай. Мицкевич өзінің көзі тірісінде-ақ көптің ықылас-ілтифатына, даңққа бөленген ақын-ды. Оның Пушкинмен айырылмас достығы екеуінің де творчествосында із қалдырғаны белгілі. Пушкин поляк досына арнап «Ол біздің арамызда…», «Фонтандар салқын самалында…» атты өлеңдерін жазып, бірнеше шығармасында оның атын қүрметпен айтады. Ұлы орыс ақыны Мицкевичтің әйгілі «Конрад Валленрод» романтикалық поэмасын, «Үш Будрыс» және «Барлаушы» балладаларын (орысшасында «Будрыс и его сыновья», «Воевода» деп аталады. — Ш.С.) орыс тілінде аударған. Сөйтіп Пушкин өмірі мен творчествосында Мицкевич қалдырған белгілер арқылы оған қазақ ақынының да ықыласы ауа бастады деуге болады. Оның үстіне дәл сол кезде Минаев аударған, Н.П. Полевой редакциялаған А. Мицкевич шығармаларының екі томдығы 1882 жылы Санкт-Петербургте басылып шақты. Мицкевич өлеңін қазақ тіліне аударғанда Абай Құнанбаев осы басылымды пайдалануы мүмкін.

Мицкевичтен Абай аударған өлең — «С.Б. альбомына». Бұл өлеңнің кімге арналғаны әлі толық анықталып болған жоқ деуге болады. Мазмұнына қарағанда бұл өлеңді ақын декабристер және 1830 жылғы поляк қозғалыстарынан кейін европа реакциясы етек алған ауыр жылдарда жазған болуы керек:

Дни благородные прошли,

Когда поля пестрели чудо,

Когда цветы везде росли…

Теперь цветок найти мне трудно.

Ненастье, бури и тоска…

На нриве, где завыла вьюга,

He вижу я нигед листа,

Чтобы сорвать его для друга.

Все, что нашел — дарю.

Такой Листок не должен затеряться:

Он подан дружеской рукой

Он дар последний, — может статься.

Бұл текстен ақынның көңілсіз, минорлық көңіл-күйі, жарқын келешектен үміт еткен кездерін еске түсіріп қамыққан жайы, «ызыңдаған боран-бұрқасын» жағдайындағы қапаланған халі айқын сезіледі. «Ызыңдаған боран-бұрқасын» реакция бейнесі деуге болады. Мицкевичтің бүл өлеңін Абай қазақ тіліне былай аударған:

Дүрілдеген нажағай,

Бұрқыраған жауынның

Ашылмағы бар ма басынан

Бағы қайтқан қауымның?

Мен орманға барғанда,

Неше түрлі гүл үстап,

Қайтушы едім қолыма.

Гүлдер түгіл бүл күнде

Шөп тағы жоқ маңында.

Түпнұсқаның жалпы мәні мен мазмұнын сақтай отырып, қазақ тіліне еркін аударғанда, Абай өлеңге «дүрілдеген нажағай», «бұрқыраған жауын», «бағы қайтқан қауым» сияқты сөздер қосып, өлеңге едәуір қоғамдық-саяси рең бере түседі. Мицкевич өлеңдегі соңғы шумақ Абайда жоқ, Абай аудармаған ба, әлде аударса да бізге жетпей жоғалып кеткен бе — ол арасы белгісіз. Аз да болса Абай аударған осы тамаша лирикалық өлең екі ақынның көңіл-күй әлемінде бір-біріне жақын үндес мотивтер, орайлас ойлар болғанын да аңғартады.

Ағылшын басқыншылығымен жүз жылдық азаттық күрес кездерінде асқан қажырлылықпен ерекшеленген француз халқының батыр қызы Жанна д’ Арктың (1412-1431) есімін қазақ ақыны аса құрметпен еске алуы, «Отыз жетінші сөзінде» А. Құнанбаев көпшілік үшін киын-қыспаққа да түскен ержүрек жандардың қатарында Жанна ‘ Аркты атап, «оны отқа жаққан кім» дейді де, тобыр опастығы, надандық екендігін әшкерелейді.

Әр ел халықтарының тарихындағы мұндай уақиғаларды еске алу надандық пен қараңғылық етек алған жағдайда биік адамгершілік нысана, жарқын ой мен батыл ерлік қасиеттердің тағдыры гуманист ақынды қатты қобалжытып, толғандырғанын аңғартады.

Қазақтарды   Батыс   Европа   әдебиеттерінің   кейбір үлгілерімен таныстыруда, ол шығармалардың ел арасына ауызша әңгіме түрінде кең тарауында Абай Құнанбаев үлкен рөл атқарған. Абайдың ауызша айтуы бойынша көп елге жайылып ертегі боп кеткен М.О. Әуезов көрсеткен Лесаждың «Ақсақ жын», Александр Дюманың «Үш мушкетер», «Он жылдан соң», «Король әйел Марго» романдары соған куә.

«Қызыл сақал» деген атпен ертегі түрінде айтылған инквизиция заманының бір романы, Африка, Америка, Австралия тұрғындары жайынан әңгімелер, «Валентин Леви», «Аза жүрек», «Ягуар Медуленец», т.б. әңгімелер дер кезінде қағазға түсіріліп, жазылып қалғанда, қанша қыруар құнды материалдар осы шығармалардың қазақ топырағындағы қызғылықты варианттары болып қалған болар еді. Амал не, сақталмаған, алайда осы шығармалардың әңгіме, ертегі ретінде қазақша айтылуының, жайылуының іздері мүлде жоғалып, жойылып кетуі мүмкін емес. Фольклорлық шығармаларды жинастырып, зерттеу процесінде Батыс Европа туындыларының да кейбір елес, іздерін, ауысу-алмасудағы трансформацияланған мотив, сюжеттерін, белгілерін ажырата жүру жағын да ескерген жөн.

Сонымен, халықтардың рухани, мәдени қазыналары алмасуы арқылы бірін-бірі тану-білу тарихында қазақтың ұлы ақыны мен ойшылы Абай Құнанбаевтың орны мен рөлі ерекше. Дүние жүзі мәдениеті тарихында өзіндік маңыз алған антик дәуіріне қазақ ақынының назар аударуы, одан тақырып алып, шығарма жазуы, Батыс Европа классиктерінің кейбір өлеңдерін қазақ тіліне аударуы, біраз әдеби туындыларын ауызша ертегі түрінде елге таратуы — бұлар біздің әдебиеттегі тағы бір соны, интернационалдық маңызы зор қызықты жаңалықтардың бірі. Бұл жаңалық қазақтың ұлттық әдебиеті тар көлемде қалмай, кең шеңберде бүкіл адамзат көркемдік дамуы процесімен байланыста дамуына ыңғайланғанының бір көрінісі іспетті еді. «Европалық қызығулар» мен Европа мәдениетіне қарым-қатынасында да ұлы гуманист, ойшыл, ұлт ақыны Абай көрінеді.

Абай Құнанбаев өз халқының ғасырлар бойғы рухани мәдениеті мен әлем әдебиетінің алтын қорының арасын жалғастырушы бейне бір көпір іспетті,  бұл Абай ұлылығының, даналығының тағы бір өшпес биік нысанасы еді.

Cәтбаева Ш.Қ. Бес томдық шығармалар жинағы. І том. – Астана: Елорда, 2007.

 

Сайтта жайғастыруға дайындағандар:

Гүлназ Даутова, Абай институтының магистранты;

Жаннұр Төрениязова, Абай институтының ғылыми қызметкері.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники