Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ. «ЕСКЕНДІР» ПОЭМАСЫНЫҢ СЮЖЕТТІК НЕГІЗІ

Қазақ әдебиеттану ғылымында Абайдың поэмалары сөз болғанда, «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізін Низамидің «Ескендір-намасына» телиді. Шынында да солай ма?

Низамидің шығармасында Абай «Ескендірін» еске түсіретін мынадай бір сюжет бар:

Ескендір күн шықпайтын жақта өлмес су бар дегенді естіп, қараңғылық жеріне сапар шегеді. Алға жіберілген Қызыр өлмес суды тауып ішеді де, кетіп қалады, ал Ескендір Қызыр келмеген соң кері қайтады. Қайтқан жолда оған періште жолығып, кішкентай ғана тас береді де:—«Сен әлемді жаулап алдың, бірақ сенің миың әлі толған жоқ. Мына тастың құнын біл, бүкіл жаһаннан осының салмағына тең, тас тап. Сенің нәпсіңді тек сол тас қана тияды!» — дейді.

Зұлматтан шыққаннан кейін Ескендір жаңағы періште берген тасты есіне түсіріп, оның салмағын өлшемек болады да, таразы алдырып, оның бір жағына кішкентай тасты, екінші жағына қаншама үлкен тасты қойса да, періште берген тас баса береді. Осы кезде алыста көрінген Қызыр таразьның екінші жағына бір уыс топырақ сал деп ақыл береді. Сөйтсе, періште берген кішкентай тас пен бір уыс топырақтың салмағы бірдей болып шығады. Содан Ескендір өзінің миын топырақ қана толтыратынын түсінеді.

Ал енді бәрімізге таныс «Ескендір» поэмасының сюжеті басқаша ғой?!

Онда Ескендірдің күн шықпайтын жакқа сапары жоқ. Оның орнына Ескендірдің жаугершілікпен жүріп, шөл далаға душар болғаны айтылады. Сондай-ақ Абайда ешқандай Қызыр да, періште де жоқ, өлмес су ту­ралы да, кішкентай тас жайлы да айтылмайды. Осыған қоса айтатын тағы бір нәрсе — Низамидің біз баяндаған сюжетінде қосымша ертегі мен мысалдар кездеседі.

Абайда баскаша, ешбір артық деталь жоқ, оның баяндағаны — Ескендірдің  басынан  кешкен   бір    ғана оқиға:

Ескендір қалың қолмен келе жатып, шөл далада бір бұлаққа тап болады. Бұлақтың басына өрлеп, қақпаға келеді де, жаулап алмақ ниетпен қақпаны ашуға бұйырады. Күзетші оған адамның, көз сүйегін береді. Оның мәнісін патшанын, жанындағы Аристотель түсіндіріп береді.

Міне, осы бір ғана оқиғаны Абай ешбір қоспасыз, жинақты түрде баяндап береді. Оның үстіне «Ескендір» поэмасында оқиғаның  болған жері (әдемі бұлақтың басындағы қақпаның алды), кейіпкерлер (Ескендір, күзетші, Аристотель), олардың әңгімесі мен өлшеген заттары (бас сүйек, алтын-жиһаз, қару-жарақ), т. б. компоненттер Низамидің «Ескендір-намасында» жоқ. Демек, бұдан шығатын корытынды: Абай өз поэмасының сюжетін Низамиден алмаған. Низамидің «Ескендір-намасын» біле тұра ол өз ойын, көзқарасын білдіру үшін Батыс пен Шығысқа кең тараған Ескендір бейнесімен ол туралы шығармаларды басқаша пайдалануға тырысып, басқа материалдар іздеген және солардың ішінен өзіне керегін тапқан. Ол қандай материалдар? Енді осыған кешейік.

Қазақ фольклоры мен жазба әдебиетінің құрамында Шығыстан келген бірталай дастан, ертегі, мысал, әпсана-хикаят бар екені мәлім. Солардың бірі — Ескендір жайындағы әпсаналар мен хикаяттар, қиссалар. Ертеде қазақ арасына кең тараған Ескендір туралы шығармалар жанр жағынан да, сюжет жағынан да әр түрлі болып келеді. Бірі әпсанаға жататын әңгімелер. Олардың сюжеті мынадай: Ескендір патшаның басында мүйіз бар. Сол мүйізін ешкімге көрсетпеуге тырысып, шашын алған адамдарды түгел өлтіріп отырған. Сондай шаштаразшылардың ішінен біреуі тірі қалады. Күндердің бір күнінде білетін құпиясын жасыра алмай, ол  құдыққа барып:   «—…Ескендірдің    мүйізі  бар!”- деп айқайлайды. Құдықтан қамыс өсіп шығады. Ол қамыстан бір қойшы сыбызғы жасап, ойнайды. Сөйтсе, сыбызғыдан шыққан дыбыс «…Ескендірдің мүйізі бар!»— деген ән болып, Ескендір патшаның құпиясы елге жа-рияланып кетеді.

Қазақ арасына тараған Ескендір жайлы шығармалардың екінші тобы хикаятқа жатады да, оның сюжеті төмендегіше болып келеді:

Ескендір өзінің Қызыр және Ілияс деген жолдастарын ертіп, Зұлматқа өлмес суды іздей келеді. Бірақ ол суды алға қарай озып кеткен Қызыр мен Ілияс тауып ішеді де, соңынан Ескендір келіп жеткенде, ол су ғайып болып кетеді, немесе ол суды қарғалар ішіп қояды.

Ал үшінші топты құрайтын шығармалар мына сюжетке құрылған:

Ескендір патша жорықта (жолда) келе жатып, керемет бұлаққа тап болады. Бұлақты бойлай жүріп, ол жұмақтың қақпасына жетеді. Патша қақпаны аш деп бұйырады, бірақ қақпаны ешкім ашпайды. Оған қақпаның арғы жағынан орамалға түйілген адамның бас сүйегін (кейде бір дорба үнмен қоса) тастайды. Оның мәнісін түсінбеген Ескендір ашу шақырады. Сол кезде әміршінің қасындағы Қызыр (данышпан) бас сүйекті таразыға салдырып, өлшетеді. Бас сүйекті еш нәрсе баса алмайды.  Сол уақытта  таңданған  патшаға данышпан:

«Адамның көзі дүниеге тоймайды, тек топырақ қана баса алады!»—деп, бір уыс топырақты сүйектің, көзіне салады. Сол сәтте таразының бас сүйек тұрған жағы көтеріледі де, бұл мысалдан ғибрат алған Ескендір пат­ша жаһангерлік райынан қайтады.

Міне, бұрынғы уақытта қазақ арасына тараған Ескендір жайындағы әңгімелердің сюжеті осылай болып келеді. Алғашқы екі сюжет, яғни мүйізді Ескендір мен өлмес су іздеген Ескендір туралы әпсана-хикаяттар Абайдың поэмасына негіз болмағаны көрініп тұр. Бұл екі сюжет Шығыс пен Батыс елдерінің бәріне дерлік тараған. Қазақ еліне олар Низамидің «Ескендір-намасы» мен Рабғузидің «Қисса-сүл-әнбиясынан» келген. Оның тарихы былай.

Белгілі ғалым Е. Э. Бертельстің дәлелдеуінше, Ескендір туралы алғашқы аңыздар мен әңгімелер оның өз сарбаздарының арасында туған. Ол әңгімелерді көпшілікке таратқан да —осы сарбаздар.

Кейіннен бұл аңыздар жинақталып, топтастырылып, белгілі «Александрия» шығармасына айналады. «Алек­сандрия» көптеген тілдерге аударылып, Шығыс халықтарына да жайылады. Шығыста бұл шығарма бөлшектеніп, бір елден екінші елге ауыса отырып, олардың ауыз әдебиетіне, кітаптарына, жылнамаларына енеді. Сөз жоқ, мұндай жағдайда аңыз-әнгімелердің өздері де, тіпті Ескендірдін өз образы да көп өзгеріске ұшырайды. Мәселен, гректерден сириялықтарға келген Ескендір қос мүйізді болып бейнеленеді де, «Зұлқарнайын» деп аталады. Содан барып, оған ерекше күш, айбын, тіпті ежелгі Египеттегі жануар басты құдайлар мен патшаларға тән қасиет танылады. Себебі Шығыс халықтарының ерте заманғы түсінігі бойынша, адамға біткен мүйіз — ерекше бақыттылықтың, аса бір ерекшеліктің ай-ғағы есепті. Мұндай түсінік қазақтарда да сақталған. Мәселен, қазақ тілінде «Кәне, шыққан мүйізің?»— дегей тіркес «артықшылығың қайсы?»— деген мағынада қолданылады. «Ер Тарғындағы» Ақжүністің, Қожаққа айтқан сөздерін еске түсірелік:

…Жиырма беске келгенде,

   Ақ балтырың түрініп,

 Оймақтай аузың бүрініп,

 Қарт бурадай қамданып,

 Қас батырдай шамданып,

         Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,

         Шыныңменен арланып,

 Қызды бақтың бір кезек,

 Кәне, шыққан муйізің?..

Я болмаса, Біржанның!

…Қанекей, соныменен шыққан мүйіз,

Қасына сұлу қыздың көп жантайдық?!—

деген сөздері — мүйізді адамның әйтеуір бір ерекшелігін білдіретін түсініктің іздері. Демек сириялықтардың Ескендірге қос мүйіз таңу себебі оны ерекше адам деп білуінде деп ұғамыз. Ескендір қос мүйізді деген аңыз басқа елдерге де жетеді. Мәселен, б. э. дейінгі II—I ғасырларда сасан ирандарының аңызында да Ескендірдің мүйізі бар. Және Ескендірдің өзі, оларша, ахеменидтердің, яғни сасан ирандарының арғы атасы деп жырланады. Оларша Ескендір — Иранның заңды патшаларының бірі, ал сасан ирандықтарының кейінгі патшалары — Ескендірдің тұқымы. Ескендір осы себептен де сасан ирандықтарының «Худай-нама» деп аталатын патшалык шежірелеріне енеді. Сасандықтардың бұл әңгімелері араб Динаваридің «Ал-Ахбарат-тивал» атты жылнамасынан да орын алған. Оның үстіне сириялықтардың Ескендір Зұлқарнайын туралы аңыздары арабтардың құранына да кіргізілген. Ескендірді құраннан көрген мусылмандар кейіннен оны Мұхаметке дейін өмір сүрген пайғамбарлардың қатарына қосады да, Тафсирге де кіргізеді.

X ғасырда арабтарда Ескендір туралы тағы бір әңгіме пайда болады. Ол — Табаридің әңгімесі. Бұл әңгімеде тұңғыш рет «өлмес» суды іздеген Ескендір Зұлқарыайынды көреміз. Е. Э. Бертельстің ойынша, Табаридің бұл әңгімесі сасандықтардың жоғарыда аталған «Хұдай-намасынан» алынған.

Зұлқарнайын туралы аңыздар арабтардан парсыларға жеткен. Оны біз X ғасырда жазылған екі кітаптан көреміз. Бірі — Баламидің жылнамасы. Бұл еңбек — Табари әңгімесінің аудармасы. Бірақ Балами өз аудармасын Құранның, Тафсирдің және Хадистің хикая-аңыздарымен толықтырған. Мысалы, Баламидің жылнамасынан Құранда келтірілетін Ескендір темір қақпа соғып тоқтатқан Әджүд-Мәджүд елі туралы әңгімені кездестіреміз.

Екінші кітап — Фирдоусидің «Шах-намасы». Фир­доуси өзінен бұрынғы әңгімелердің бәрін жинап, бір поэма жасаған. Оның суреттеуінше, Ескендір көптеген жорықтар жасаған Иран патшаларының бірі.

X—XI ғасырларда Ескендір туралы аңыздар түркі халықтарына да келіп жетеді. Дәлел ретінде Махмуд Қашғаридің кітабынан мынадай бір мысал келтірейік. «Тұтмач» деген сөздің мағынасын түсіндіре келе, М. Қашғари былай деп жазады: «Ескендір Зұлматтан шыққанда, адамдардың азығы таусылып калады. Аштықтан қорыққан адамдар оған «бізні тұтма ач»-де­ген. Сонда Ескендір білімпаздарымен кеңеседі, ал олар бір тағам даярлайды. Сол тағамды содан «тұтмач» деп атасып кеткен». М. Қашғаридің «Зұлматтан шыққанда» деген сөздеріне қарағанда, Ескендірдің «өлмес» суды іздегені туралы әңгіме түркі халықтарына X—XI ғасырлардың өзінде-ақ белгілі болғанға ұқсайды.

Ескендір туралы аңыз-әңгімелердің бұрьшғыдан да кең тарауына әсер еткен — азербайжан ақыны Низами. Өзінің «Ескендір-намасын» жазуда Низами езіне дейінгі екі нұсқаны пайдаланған. Біріншісі — Динавари, Табари және Фирдоуси шығармалары, яғни ирандықтар мен арабтардың әңгімелері. Екіншісі — Туртуши мен Газалидің діни жинақтарынан тараған румдықтардың әңгімелері. Низами өз поэмасында былай деп ескерту жасайды: румдықтардың әңгімелерінде «Әбілхаят» суын ішкен жалғыз Қызыр емес, оның жанында Ілияс бол­тан»,— дейді.

Низами тұңғыш рет мүйізі бар Ескендір мен өлмес суды іздеген Ескендір жайындағы әңгімелерді қатар пайдаланып, өзінің «Ескендір-намасына» Қызырмен бірге Ілиясты да кіргізеді. Сөйтіп, ол бұрынғы аңыздар мен әпсана-хикаяттарды кеңейте түседі.

Ескендір туралы әңгімелер орта ғасырларда түркі халықтары арасына, оның бірі — қазаққа да тараған. Низами, Науаи шығармаларын айтпай-ақ, Махмуд Қашғаридің кітабындағы әңгімелерге қарағанда түркі халықтары Ескендірді қатал, жаугер адам деп білген. Сондықтан да бұл халықтар арасында Ескендірдің қаталдығын керсететін — мүйізі бар патшаның күнәсіз шаштаразшыларды өлтіргені женіндегі әпсана кең тараған.

Демек, Ескендірдің мүйізі туралы сюжетке құрылған қазақ әңгімелерінің төркіні — Низамидің «Ескендір-намасы».

Ескендір туралы әпсана-хикаяттардың екінші бір сюжетінің негізі мен шығу төркінін ашуда көңіл аударарлық шығармалардың бірі — XIV ғасырда жазылған Рабғүзидің  «Қисса-сүл-әнбия»  кітабы.   Бұл  кітап   ескі аңыздардың, Фирдоуси мен Низами шығармаларының, Құран мен Тафсирдің үзінділерінен құралған. Құр үзінді ғана емес оларға қиял-ғажайып ертегілер де араласқан. Осы кітапта «Ғайныл-хаят» (Әбілхаят») суын іздеген Ескендір мен Қызыр туралы хикаятты кездестіреміз. Біздің ойымызша, Ескендір туралы қазақ әңгімелерінің екінші сюжеті, яғни «өлмес суды» іздеген Ескендір, Қызыр, Ілияс туралы хикаяттар осы «Қисса-сүл-әнбиядан» алынған. Оған дәлел: біріншіден, бүл сюжетке құрылған хикаяттар көбінесе хат танитын, діни кітаптарды көп оқыған адамдардан жазылып алынған, ал «Қисса-сул-әнбия»— пайғамбарлар туралы баяндайтын діни кітап; екіншіден, қос мүйізді Ескендір мен оның шаштаразшысы туралы әпсаналарда ол қатал патша, қанқұмар адам ретінде көрсетілсе, «Әбілхаят» суын іздеген Ескендіір туралы хикаяттарда ол екі дүниені (о дү-ние мен бүл дүние) бірдей билеген пайғамбар ретінде бейнеленеді. Осы ертегілерді айтып берген адамдар да «Зүлқарнайын» деген сөзді «Қос мүйіз» емес, «екі дүниені билеген» деп түсіндіреді. Демек, екінші сюжеттің төркіні—«Қисса-сүл-әнбия». Бұл кітапты тек хат тани­тын адамдар ғана оқитын болғандықтан, оның ішіндегі әңгіме де бұқара халыққа кең тарамаған.

Сонымен, ертеде қазақ арасында айтылып келген қос мүйізі бар Ескендір мен өлмес су іздеген Ескендір жайындағы әпсана-хикаяттардың сюжеттік негізі екі кітап болғаны анықталды. Бірі — Низамидід «Ескендір-намасы» да, екіншісі Рабғүзидің «Қисса-сүл-әнбиясы».

Ал жоғарыда айтқан үшінші, яғни жұмаққа тап болып, сыйға адамның бас сүйегін алған Ескендір туралы баяндайтын сюжеттің тарихы қандай деген сауалға келсек, ол ежелгі дәуірдің аса құнды жазба ескерткіштерінің бірі — «Талмуд» кітабына апарады. Дәлірек айтқанда, оның «Агада» деп аталатын бөлімінде кездеседі. «Агада» — біздің эрамыздан бұрынғы 5-4 ғасырлардан бастап ауызша айтылып келген алуан түрлі мысалдар мен әңгімелердің, ертегілер мен әпсаналардың біздің жыл санауымыздың 3-5 ғасырларында жазылып алынып, «Талмудқа» енгізілген шығармалардан тұратын жинақ.

Талмудтың осы бөлімінде Ескендір туралы бірнеше мысал-әңгіме бар. Соның бірінде ол Африкадан қайтып келе жатып, мынадай жағдайға душар болады. Салыстыруға жеңіл болу үшін әңгімені орыс тілінде толық берейік:

«На обратном пути остановился Александр для обеда близ одного ручья. Поданную ему соленую макрель (ба­лық — С. Қ.) царь начал обмакивать в воду ручья — и рыба получила удивительный запах.

—Это доказывает,— сказал Александр,— что ручей этот течет из рая.

Помыв лицо свое в воде ручья, Александр направил­ся по истокам его и дошел до врат рая.

— Отворите!— воскликнул Александр.

— Врата эти — Господни, праведники входят через них,— услышал он в ответ.

— Но я царь, и я знаменит,— сказал Александр,— дайте же мне какую-нибудь вещь на память.

Дали ему черепную кость. Придя в свое царство, Александр положил на одну чашу весов кость, а на дру­гую все серебро и золото, бывшее при нем. Перевешива­ла кость.

— Что значит это?— спросил Александр у мудрецов.

— Эта кость,— ответили мудрецы,— орбита челове­ческого глаза, ненасытного в жадности своей.

— Чем вы это докажете?

— Возьми горсть земли и посыпь кость.

Царь сделал так, и золото тотчас перевесило кость». (Агада, Сказания, изречения Талмуда и Мидрашей. 1910,1-бөлім, 177-178-беттер. Жалпы Талмудтың орысша аудармасы XIX ғасырда жарық көрген).

Көріп отырғанымыз: бұл әңгіме толығымен Абай «Ескендірінің» желісі. Тіпті кейбір эпизодтар мен детальдарға шейін дәлме-дәл келеді. Олар — Ескендірдің бұлаққа кездесуі, суға салынған кепкен балықтың иісі мен дәмінің өзгеруі. Бұлақты бойлаған Ескендірдің жұмақ қақпасына келуі, патшаның ашу шақырып, қақпа күзетшісімен сөйлесуі, одан белгі боларлық бір нәрсе сұрауы. Қақпаның ар жағынан кез сүйегінің түсуі, ол сүйекті алтын, күміспен өлшеуі.

Сонымен «Ескендір» мен Талмуд әңгімесінің желісі бірдей болып шықты. Ендігі туатын сұрақтар: Абай бұл сюжетті қайдан және қалай алды? Әлде ол Талмудты оқыды ма? Не болмаса Абай мен Талмудтың арасында дәнекер көпір бар ма? Енді осы мәселені қарастырайық.

Жалпы адамзат мәдениетінің тарихына көз жүгіртсек, көне дәуірде жазылған Талмуд пен Библияның, Ригведа мен Панчатантраның көптеген мифтері, әңгімелері, мысалдары және әпсана-хикаяттары қадим заманда да, орта  ғасырларда да, кейінгі  уақытта да  алуан түрлі шығармаларда пайдаланылғанын көреміз. Сондай әңгімелердің бірі — жұмаққа барып күш көрсеткісі келген, бірақ оған кіре алмай кайтқан Ескендір жайлы хикаят. Осы хикаяттың сюжеті кейде сәл өзгерген түрде, кейде сол күйінде әр заман авторларының шығармаларында кездеседі. Айталық, Ескендірдің бейішке барғаны жайында антика дәуірінде туған «Александр туралы романда» да айтылады. Тек онда бұл сюжетке тән жұмақтың қақпасы, оның күзетшісі, Ескендірдің күзетшімен әңгімесі, қу басты алуы, оны өлшеуі жоқ. Бірақ мұнда бейіш бар, ол мотив өлмес су іздеген Ескендір туралы сюжетпен біріктірілген.

Зұлматта келе жатқан Ескендірге адам келбетті құстар кездесіп, оған аспаннан тіл қатады да: «Сен келе жатқан өлке, Ескендір, құдайдың жері. Кері қайт, бақытсыз бишара! Бақытты пірадарлардың елінде сен жүре алмайсың! Ей, адам, кері қайт та, өзіңе тиесілі жермен жүр!»—деді. Ескендір құлдық ұрып, дауыстың, айтқанына кенеді.

Орта ғасырларда бұл сюжетті немістің атақты ақыны Лампрехт (XII ғ.) өзінің «Александр» деген шығармасында өте кеңейтіп пайдаланған. Мұнда жұмақ толық суреттеледі: ол қақпасы жоқ биік қабырғамен қоршалған, қабырғаның сыртында су толтырылған терең ор. Жасы үлкен кеңесшілер Ескендірге жұмақты шабуға болмайды дегеніне қарамай, ол «ақымақ адамдардың сөзіне» еріп, бірнеше сарбазын қайыққа мінгізіп, оларға қабырғаны айналып өтіп, жұмақтың есігін табуды және оның тұрғындарынан салық алуды бұйырады. Алайда, есік жоқ болып шығады. Бірақ бір кішкене терезе ашылып, оның арғы жағынан бір қария оларға не керек екенін сұрайды. Ол Ескендір туралы ештеңе де білмейтін, тіпті оның есімін естіп те көрмеген болып шығады да, сарбаздарға: «Ескендір жұмақтың тұрғындары—періштелерден ешқандай салық ала алмайды! Ескендір тым асқақтамасын. Ол да ет пен сүйектен тұратын адам. Мә, мына тасты менен сәлемдеме ретінде апарып берің-дер!»— деп жауап береді.

Сарбаздар тасты Ескендірге әкеп береді. Мұндай тас­ты ол бұрын көрмеген. Еліне келген соң Ескендір данышпандарын жиып, тастың жөнін сұрайды. Бірақ тастың сырын, оны жұмақтағы шалдың неге бергенін ешкім шеше алмады. Ең сонында бір кемеңгер еврей (сюжеттің Талмудтан алынғаны осыдан да көрінеді) таразы әкелдіреді, содан соң әлгі тасты таразының бір жағына, ал екінші жағына алтын мен неше түрлі гауһар тастарды салады. Сөйтсе кішкентай тас баса береді. Бір уақытта дапышпан шал әлгі тастың үстіне бір уыс топырақ төге салады, сол кезде таразының бұл жағы жоғары көтеріледі.

«Бұл тас,— дейді кемеңгер,— адамның көзі. Оны ал­тын да, гауһар да тойдыра алмайды. Тек оған кұм құйылғанда ғана ол тыныштық табады».

Осы оқиға Ескендірге қатты әсер етеді де, ол өзінің бұрынғы істеріне өкініп, жаугершілікті қояды, сөйтіп одан кейін он екі жыл бойы елді тыныш басқарады.

Неміс ақыны Лампрехт өз поэмасын Ескендірдің өлімімен аяқтап, соңында «бұл өмір — фәни, бәрі жалған»,—деген пікір айтады: «Ескендір он екі жылдай ғана ел басқарды, кейін оған қастары у беріп өлтірді. Сөйтіп, оның соншалықты көп жаулап алған дүниесінен ештеңе де қалған жоқ. Оған тек аядай ғана жер бұйырды. Ондай жерді жарық дүниеге келген әрбір кедей ала алады!»— деп тамамдайды Лампрехт.

Лампрехттің «Александр» поэмасында біз қарастырып отырған сюжет Талмудтағыдан сәл өзгертілген. Шығыс классиктеріндегідей мұнда да бас сүйектің орнына кішкентай тас бейнеленеді (Низамиде де солай, бірақ онда жұмақ жоқ). Ал Қызырдың орнында еврейдің кемеңгер шалы жүр. Бұл Талмудтың идеясы, оны Лампрехт сақтаған.

Ілгеріде айтқанымыздай, осы Ескендірдің жұмаққа барып, қу бас алып қайтқаны жайлы сюжет жаңа заманда да көркем әдебиетте пайдаланылған. Мәселен, XIX ғасырдағы неміс романтикалық әдебиетінің көрнекті өкілі болған француз Альберт фон Шамиссо (1781-1838) талдап отырған сюжетті Талмудтан алып, сол бойынша «Sage von Alexander (nасһ dem Talmud), яғни «Ескендір туралы аңыз (Талмуд бойынша)» деген көлемді өлең жазған. Мұнда Талмудтың сюжеті толық сақталған, бірақ біршама кеңейтілген. Және өлеңнің басында автор өзінің ескі мұраға, көне аңыздар мен әңгімеге құмар екенін айтады. Бұл түсінікті, өйткені Шамиссо ақындық жолды романтик ретінде бастаған. Ал романтиктер фольклорға, ежелгі заман әдебиеті мен мәдениетіне аса қатты көңіл бөліп, оларды дәріптеген, жырлаған, сөйтіп, өздерінің идеяларына, ой-пікірлеріне пайдаланған.

Міне, Шамиссоның, осы «Ескендір туралы аңызын» атақты орыс ақыны В.А.Жуковский (1783-1852) 1844 жылы еркін аударып, «Москвитянин» журналының 1845 жылғы № I санында жариялайды. Жуковский де — орыс әдебиетіндегі романтизмнің бастаушысы болған. Сол себепті ол да көне тарих пен мәдениетке, ежелгі елдер әдебиетіне айрықша мән беріп, оларды өз творчествосының өзегі еткен. Бұған дәлел ретінде Жуковскийдің «Махабхаратаны», «Одиссеяны», «Шах-наманы» аударғанын айтсақ та жеткілікті. Демек Б. А. Жуковскийдің неміс романтигі Шамиссо творчествосынан орын алған Талмудтық әңгімені оқып, өзінше жырлауы — кездейсоқ емес (Өз шығармасын ол «Две повести» деп атапты да, оны «Москвитянин» журналын шығарушыға бағыштапты).

Бұл өлең-әңгімеде Ескендір шөл даланың арғы жағында жатқан елге жорыққа шығады. Шөлдеп, шаршап келе жатып, олар бір үлкен өзенге тап болады. Су ішіп, тынығып алған соң, Ескендір өзеннің ғажайып жерден шығып жатқанын сезіп, қалың қолын өзенді бойлай алып женеледі. Келсе, жұмақ екен, бірақ оның қақпасы патшаға ашылмайды. Бейіштің күзетшісі оны тоқтатып, жұмаққа жол жоқ екенін айтады. «Мен жер бетіндегі патшалардың патшасымын. Мен- Ескендірмін!»—деген әміршіге күзетші: «Сен сияқты тойымсыз тонаушыларға жұмақ жабық!»—деп жауап береді.

Кіре алмасын білген Ескендір: «Бұл жерге тірі жан аяқ басқан емес, Ескендір жұмақтың қақпасының алдында болғанын жер жүзі білетіндей маған бір белгі бер!»—деді. «Мә саған белгі, лайым осы белгі сенің санаңды оятсын!»—деп, күзетші бір сүйек береді. Ескендір сүйекті алып, кері қайтады. Жолда өзінің кемеңгерлерін шақырып, сүйектің мәнісін сұрайды. Ақылгөйдің бірі: «Ей, Филиптің ұлы! Мұны жай ғана сүйек деп ұқпа. Түсіне білсең, мұнда көп сыр бар!»—деп, таразы әкелдіреді де, бір жағына әлгі сүйекті, екінші жағына толтырып алтын салады. Сүйек басып кетеді. Таң қалған Ескендір тағы сонша алтын салғызады, содан кейін өзінің алтыннан жасалған асатаяғын, тәжін, тіпті болмаған соң болат қылышын салады. Бәрібір сүйек басып кете береді.

Ескендір мұның сырын сұрайды: «Нендей күш бұл жерде табиғаттың заңын бұзып тұр?»—дейді. Сонда бір данышпан: «Ол күш — бір уыс қана топырақ!»—деп, сүйекке топырақты құя салады. Таразының жаңағы басы жоғары көтеріледі. Сонда кемеңгер ақылшы Ескендірге бұл — адамның көз сүйегі екенін, оның дүниеге тоймайтынын  айтады.  Сәл  ойланып   қалған   Ескендір бұл сөзді басқаша ұғады да, «өмір қысқа, сондықтан уақытты құр жібермеу керек!»— деп, әскерін Үндістанға жорыққа алып кетеді.

Шамиссоның шығармасын еркін аударған В. Жуков­ский түпнұсқаның сюжетін толық сақтаған, ал Ескендірді суреттеуде сәл ауытқыған, оның психологиялық сезімін тереңдете көрсеткен, патшаның тойымсыздығын аша түскен. Сонымен бірге аудармашы түпнұсқадағы авторлық толғауды алып тастаған, соның арқасында шығармаға эпикалық сипат берген. Оқиғаның дамуына пайдасы тимейтін Ескендірдің періштемен әңгімесі, одан соң достарына айтқан сөзі, сондай-ақ автордың аңызға кұмарлығы жайындағы ұзақ кіріспесі аударылмаған. Бірақ одан аударма ұтылмаған, керісінше Жуковскийдің өлеңі оқиғалы,   сюжеті    ширақ,    эпикалық    шығарма болып шыққан.

Сөйтіп, Ескендірдің жұмаққа барып, қу бас алып қайтқаны туралы ежелгі Талмудтағы сюжет XIX ғасырда орыс әдебиетіне келген.

Жуковскийдің, тексі бойынша, Александр Македон­ский ақылгөйдің көз сүйегі туралы сөздерін естіген соң да бөтен елге деген шабуылдарын тоқтатпай, керісінше, «өмір қысқа, бәрін үлгіру керек»,— деп, енді Индияны жаулауға аттанады. Елдерді қырып, қандарын судай ағызып, жеңіске жеткен сайын ершелене түседі. Ең соңында: — «Тоймас жаугерді бір уыс қана топырақ тоқтатты»,— деп  аяқтайды  Жуковский  шығармасын.

Абайда, керісінше, Ескендір «қолын алып жұртына қайта көшеді».

Оқиға осымен аяқталады. Одан әрі қарай Абай нақыл, ғибрат айтады. Мұның өзі — 16 жол. Акынның бұл сөздері оның ғақлияларымен, философиялық және ағартушылық көзқарастарымен ұштасып жатыр.

Абай поэмасында атап кететін тағы бір өзгеріс бар. Поэманың басында шөл аралап жүрген Ескендір, Жу­ковский өлеңіндегідей, үлкен өзенге емес, кішкене ғана бұлаққа кездеседі. Осы жерде Жуковскийде жоқ, бірақ жоғарыда аталған, Талмудта кездесетін бір эпизод бар. Ол — кепкен балық туралы.

Талмудта:

…Остановился    Александр   для   обеда   близ   одного  ручья.  Поданную  ему    соленую  макрель   царь  начал  обмакивать в воду ручья — и рыба получила удивительный запах.

Абайда:

Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ

Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.

Түсе сала Ескендір басты қойды,

Ішсе, суы өзгеше тәтті тым-ақ!

Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,

Сол суға балықты алды бір жудырып.

Исі, дәмі өзгеше болып кетті.

Абайдың сюжетке енгізген енді бір өзгерісі — поэманың басында Ескендірдің аты-жөнін, әкесін, тұрған жері мен патшалығын көрсетуі және Ескендірдің ұстазы Аристотельді енгізуі. Бұл өзгеріс, сөз жоқ, ақынның Александр Македонский туралы тарихи еңбектермен   таныстығының   куәсі.

Сонымен, «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізі көне заманның ескерткіші Талмудтағы мысал-әңгіме екеніне көзіміз жетті. Талмудтың әңгімесінің сюжеті Батые Европа арқылы орыс әдебиетіне, одан Абайға жеткен. Абай Жуковский өлеңін, Талмудтың өзін, сондай-ақ Македония мен Ескендірге қатысты тарихи еңбектерді творчестволық түрде пайдаланған.

Ал бүкіл Шығысқа тараған Ескендірдің өлмес су іздегені туралы және мүйізін көрген шаштаразшыларды өлтіріп отырғаны жайлы сюжеттерді алмай, Абай не себепті осы жұмаққа барып, қу бас алып қайтқан Ескендір хақындағы сюжетті пайдаланған. Міне, бұл арнайы қарастыруды қажет өтетін сауал. Осымен бірге зерттелуге тиісті нәрсенің бірі — Абайдың Ескендір бейнесін Шығыс классиктерінен басқаша бейнелеуі. Мәселен, Фирдоуси, Низами, Науаи, Джамилерде Ескендір Иран елінің жеті атасынан бері патша болып келе жатқан ұлы әрі әділ әміршісі болып суреттеледі. Сондай-ақ, Батые Европа авторларында да оны дәріптеу бар. Алайда бұлардың бәрін бір мақала көлемінде шешу мүмкін емес және бұл мақалада ондай мақсат қойылған да жоқ. Біздің көздегеніміз — жаңа мате-риалдар мен ізденістердің негізінде Абайдың «Ескендір» поэмасының сюжеттік түп-теркінін табу еді. Осы тілекті орындау барысында тағы бір көзіміз жеткен нәрсе — Абайдың нағыз ұлыларға лайық диапазоны. Ол орта ғасырлардағы Шығыстың да, Батыстың да ұлы классиктерін білумен бірге көне дәуірдің жазба ескерткіштерін және жаңа замандағы аса көрнекті ақын-жазушылардың творчествосын, бүкіл болмысын жақсы таныған. Олай болса Абайдың Ескендір образына баруы кездейсоқ нәрсе емес.

Шығыста Фирдоуси, Низами, Джами, Науаи; Батыста Лампрехт, Ламберу, Бернэ, Шатильонский, Шамиссо; ал Ресейде Жуковский жырлаған Ескендір Абайды да қызықтырған. Сөйтіп, ол «Ескендір» поэмасын жазып, әлемдік  «Ескендір-намаға»   өзіндік үлес қосқан.

Абай тағылымы / Құрастырған Н.Ғабдуллин. – Алматы: Жазушы, 1986.

 

Сайтта жайғастыруға дайындағандар:

 Гүлназ Даутова, Абай институтының магистранты;

Анар Малдыбаева, Абай институтының кіші ғылыми қызметкері.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники