Мұхтар Мағауин. АБАЙДЫҢ БЕЛПСІЗ ӘҢГІМЕСІ
Қазақтың қасиетін тану Абайды танудан басталмақ. Халқымыздың сөз өнерін зерделеу Абай тағылымын бағамдаудан байқалмақ. Абай — қазақ тарихындағы қайталанбас сом тұлға. Абай биігі — халқымыздың көркемдік ой-танымында ешкім жетпеген заңғар. Университет қабырғасында дәрісін тындап журген кезімізде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзінің: «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар», — деп балаша мақтанғаны көкейде қалыпты. Ол кезде «Абайтану» дейтін арнайы курс бар еді, «Абайтану» аталатын өрісті ғылым бар еді. Мұхаң дүниеден көшкелі отыз жылға ойысты. Мәдениеттің, өнердің, ғылымның барлық саласында бірдей өскенімізге күмән жоқ. Бірақ ұлы шәкірт — ұлы ұстаз негіздеген ғылымының «тануы» кетіп, Абайы ғана қалыпты. Арамыздан «соның өзі қалай…» дейтіндер де табылатын сияқты. Бұл, сыпайылап айтсақ, баяғы «итке темір не керектің» кері. «Теңізден таудай толқын соқса-дағы, Жағадағы жартасты жыға алмайды», — деп еді хакім Абай. Уақыт дауылы, замана толқыны, сілкініс пен дүрлігіс, төңкеріс пен апат — ғаламдағы ешбір хикмет тұғырынан қозғай алмайтын алыптар болады десек, қазақ мәдениетінің тарихындағы мызғымас тұлғалар — Абай мен Ахмет. Ахаңның өзгеше қызметін, біздің халықтың өткен тағдыр-талайындағы ғана емес, бүгінгі жеткен болмыс-бітісіндегі биік тұрғысын әлі бағамдап болғамыз жоқ, бұл — алпыс жылғы темір қапастан соң түсінікті де жағдай. Ал Абай… Абайды да танып-білуіміз кеміс жатыр. Көлденең себептерден, ықылас-ниеттің аздығынан емес, өреміз жетпегеннен. Бұл — ең алдымен елдің зиялылары санатындағы, тіпті қалам ұстау кәсібіндегі ағайындарға — бәрімізге қатысты сөз. Абай толық танылған жоқ. Әдебиетші қауым үшін сын емес, мін. Соның бір көрінісі — Абай прозасы төңірегіндегі ұғым-талғамымыз. Абайдың ұлы реформатор ақын ғана емес, қазақ прозасын негіздеушілердің бірі екендігі, тіпті әдебиет оқулықтарының өзінде ескеріле бермейді. Осы орайда, қазақ прозасының туып, қалыптасу тарихындагы көп күңгірттің бетін ашатын, әрі ұлы классигіміздің қымбат мұрасын молықтыра түсетін соны дерекке назар аударған едік: Шәкәрім алғаш ақталған кезде жазылған бір мақаламызда («Жұлдыз», N 8, 1988), одан соң Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» атты жинағына («Жалын» баспасы, 1988) берілген алғы сөзде Абайдың өзінің көзі тірісінде баспасөзде жарияланған, осы уақытқа дейін елеусіз қалып келген бір әңгімесін атап көрсеттік. Көп ұзамай, аталмыш әңгіменің тексті де жарыққа шықты («Жұлдыз», N1, 1989). Халқымыз үшін қуаныш болар, бәлкім, әдебиетші қауымның әр түрлі пікірін туғызар деп ойлаған едік. Тысыр еткен дыбыс жоқ. Тым-тырыс. Жаңғырық… жаңғырық шықты. Әңгіме сол бұрынғы қалпында, яғни, кімдікі екені белгісіз күйінде «Дала уәлаятының газеті» атты үлкен топтама құрамында қайыра басылыпты. Мұндай кітаптың дайындалуы — өте күрделі іс, ал халық алдына жетуі — игілікті оқиға. Жинақтың мәні, құны жөніндегі әңгіме бір басқа. Біз бұл арада Абайдың аталмыш әңгімесінің сол иесіз қалпында берілуіне ғана таңырқап отырмыз. Біздің Ғылым академиясындағы ағайындардың сөз ыңғайына (дәлірек айтсақ, мүлде үнсіз отыруына) қарағанда, бұл әңгіме ұлы ақынның кезекті кітабы басылғанда да қаперге ілінбей қалатын тәрізді. Сондықтан, «Дала уәлаятының газетінде» бұдан жүз жыл бұрын (1892, N29, 31-32, 34-40) жарияланған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикаяның авторы кім деген мәселеге арнайы тоқталуға тура келіп отыр.
Алдымен ескерте кетейік, аталмыш хикая әдебиет тарихында мүлде белгісіз дүние емес. Бұл шығарманың авторы туралы да сөз айтылған. Бірақ Абай есімі аталмады. Шәкерім туындысы деп шамаланады. Басты дәлел — хикаяның бақытсыз ғашықтар Еңлік — Кебек пен Қалқаман — Мамыр тағдырына арналуы. Шәкерімнің аты жалада жүрген кездің өзінде оның дәл осы тақырыпқа жазылған, халық арасына кеңінен тараған поэмалары барын ешкім теріске шығара алмайтын еді… Бұған қосымша дәлел — әңгіме авторының лақап аты. Байыптап қарағанда, бұл екі жағдай да шығарманы кім жазғанын нақтылауға негіз бола алмайтынына көз жетеді. Аңыздық немесе деректі бір сюжеттің әлденеше қаламгер назарына ілінуі — әдебиет тарихында жиі кездесетін құбылыс. Оның үстіне, Абайдың өз шәкірттеріне кейбір тақырыптар төңірегінде арнайы тапсырма беріп отырғаны, ал Ендік — Кебек оқиғасын жазуды Шәкерімге міндеттегені белгілі. Екіншіден, «Дала уәлаятының газетіндегі» әңгімеге қол қойған — «Ұмтылған», яғни -«талаптанушы», «ізденуші» болса, Шәкерім де өз өмірінің соңғы кезеңіндегі біраз шығармасына «Ұмытылған», ягни «естен шыққан», «ескерусіз қалған» (дәлірек айтсақ, «Мұтылған») деп қол қояды. Араб жазуының кілтипаны көп, әңгіме авторы — «Ұмытылған» болған күннің өзінде, бұл — 1892 жылы отыз төрт жасқа жаңа шыққан Шәкерімнен гөрі, сөз өнерінің асқар биігіне жеткен, алайда «қалың елі — казағына» әлі таныла алмай, тар қапаста күңіреніп отырған Абайға көбірек үйлеседі. Әйткенмен, әзірше екеуін тең ұстайық. Мүмкін, әңгіме авторы Шәкерім де, Абай да емес, мүлде басқа біреу шығар? Жоқ. Үстірт қарағанның өзінде хикая авторы — Шыңғыстау қазағы екеніне күмән қалмайды.
Негізінен баяндау үлгісімен жазылған көлемді хикаяны шартты түрде үш бөлімге жіктеуге болады: бірінші — Шыңғыстау өңірінің тарихи-этнографиялық сыпаттамасы, екінші — Еңлік — Кебек оқиғасы, үшінші — Қалқаман -Мамыр оқиғасы; хикая автордың өз заманына көзқарасынан елес беретін және болашақта жазбақ, осыған жалғас енбегінің мазмұнына нұсқаған сөздермен қорытындыланады.
Әңгіменің әлхамында «қазақтың кәрі шалдарының» өткен және осы заманға көзқарасы байыпталады. «Солардың айтуларынша, қазақтың жүріп-тұру шаруасы бұрынғы заманда осы күнгіден артық екен. Мәзікүр бишара шалдар өздерінің балаларына, ұрпақтарына қасіреттеніп айтып отырады: «Осы күнде білімді, ғылымды халықтармен араласқан соң, қазақ халқы бұзылды және күн де бір түрлі болды — қыс қатты болатын болды, бұрынғы заманда мұндай емес еді», — деп». Бұдан ары жазушы осы негіздегі түйінді мәселелерді нақты талдай отырып, заман және экология, география мен тарих төңірегінде кеңес қозғайды. Бұл ретте біз автордың үлкен ойшыл ғана емес, жай ғана ғұлама емес, еуропалық білімді еркін игерген оқымысты екенін көреміз.
«Адамның бір ғадеті — бұрынғы өткен уақытты онша мақтағандай болмаса да мақтау», — дейді автор. Сөйте тұра қариялардың сөзін түгелімен теріске шығармайды. Ендеше ауа райы неге бұзылды? «Бұрынғы заманда тауларда орман көп болып, орманда қар көп болып, қардың себебінен су көп болып, ала жаздай тау-таудан өзен-сулар тартылмайды екен»… Ал орман-тоғайдың қырқылуы, от пен судың азаюы, жердің тозуы — адамның табиғатқа кері әсерінің нәтижесі. Және бұл — тоқтаған, түйықталған процесс емес. Әлі жүріп жатыр. Яғни хикая авторы біз еңді ғана сөз етіп, қолға алып отырған экология мәселесі туралы өткен ғасырдың өзінде-ақ дабыл көтеріпті. Бұл, әрине, көзбен көріп, көңілге түю негізінде ғана жасалған қорытыңды емес, батыс ғылымымен жақсы таныстық нәтижесі.
Экологияға жалғас екінші мәселе географиялық ортаға қатысты. Бұрынғы заманда қазақтардың атамекен қонысы сулы, нулы, шұрайлы болған, шаруашылыққа қолайлы екен. Еңді жер азған, «қырда бұрынгыдай орманды, жақсы жерлер жоқ». «Бұрынгы өзен-бұлақтар тартылған соң, бірдеме қылып құдық қазған болысады, көбінесе сулары ащы болады». Ал қазақтар үздіксіз соғыстарда дұшпаннан аруағы асып, қорғап қалған кең байтақ дала сол ескі күндерде қайнаған өмір ордасы болған. Оған дәлел — «бұрыннан қалган сымтастар, қорғандар»…
Бұдан соң автор, сөз ыңғайына қарағанда, ел аузынан естіген, сонымен қатар, батыс пен шығыс тарихынан оқып білген деректеріне жүгінеді. Ол — Шыңғыс ханның қазақ жеріне келу жайы, хан котерілуі. Шыңғыстау өңірінің тарихы, мұндағы көптеген топонимдер атақты ханға, оның қолбасы батырларының есімдеріне тікелей қатысты екені айғақталады.
Осы өлкенің, осы мекендердің Шыңғыс хан дәуірінен соңғы, бірақ өз заманынан көп бүрынғы ахуалы, мінез-құлық, дәстүр-салты туралы әңгімеге ауыса келе, автор хикаяның негізгі бөлігіне көшеді. Ол — ел есінен кетпей жүрген Еңлік-Кебек әңгімесі. Автор бақытсыз ғашықтар туралы халық жадында сақталған көне хикаяны ешбір оқиғасын өзгертпей, қаз қалпында баяндаған сияқты. Бірақ бұл — қарадүрсін жазба емес, аса көркем жасалған, озық мәдениетті проза үлгісі. Әңгімедегі трагедиялық ситуация, шиеленіскен драма, терең психологизм — тәжірибелі де шебер, әрі шығыстың дәстүрлі прозасы мен батыстың жаңа әдебиетін еркін игерген білімдарға ғана тән қалам таңбасын танытады. Осыған орай, сенімді қолмен сызылған рең-бояу, бедерлі суреттер мен өзгеше иірімдер — толыққаңды реализм нәтижесі. Әңгіменің өз заманынан озық, тіпті, қазіргіге де үлгі болар бір сыпаты осында.
Біз шартты түрде хикаяның үшінші бөлімі деп отырған Қалқаман — Мамыр оқиғасы өте қысқа, шағын ақпар түрінде беріледі. Автор бұл әңгімені өткен заманның рәсім-салтын, мінез-құлқын нақты танытатын деректі, иллюстрациялық материал ретінде пайдаланған.
Енді осы бөліктің фабулалық ерекшеліктерін қарастыралық.
Қалқаман-Мамыр оқиғасы көпке белгілі поэмадан мүлде өзгеше сыпатта. Біріншіден, бұл оқиға Кеңгірбай заманында, әрі Еңлік-Кебек трагедиясынан көп кейін болады. Қалқаман — Кеңгірбайдың өзінің ағайыны. Мамырдың аты аталмайды, Қалқаман әйтеуір бір қызды алып қашады. Бар шатақ жесір дауынан туындайтын сияқты. Кеңгірбай екі ел арасындағы барымтаны тоқтату үшін «Қалқаманды атқа мінгізіп қойып, дұшпандарынан бір мерген» шығарып атуға бұйырады. Оқ тимей, аман қалған Қалқаман ағайындарына өкпелеп, Бұхараға кетіп қалады. Қыз тағдыры туралы ешқандай дерек жоқ. Автор Қалқаман жөніндегі ел әңгімесін шала білді, немесе саналы түрде бұрмалады деп айтуға қиын. Аңыздың кейбір нұсқаларында Қалқаман — Мамыр оқиғасы Еңлік — Кебек оқиғасынан сәл ғана бұрын, бірақ Сыр бойыңда емес, Баян-Аула төңірегінде болады. Яғни біз сөз етіп отырған әңгімеде Қалқаман оқиғасы толық болмаса да (қыз бен жігіттің ағайыңдастығы туралы деректі автордың бүгіп қалуы занды) әуелгі, шындық қалпына жақын үлгіде мазмұндалатын сияқты. Сонымен қатар, бұл — кездейсоқ, бөгде эпизод емес. Дербес жүк арқаламағанымен, алдыңғы трагедияны бедерлей түсу, оған үстеме рең беру үшін енгізілген көрініс.
Еңлік — Кебек оқиғасы да негізгі тұрғыларында ел әңгімесінің нақпа-нақ таңбаланған көрінісі деп білуге тиіспіз. Өмірлік, әдеби-фольклорлық діңі ортақ болған себепті, фабулалық өзегі кейінгі поэмамен нақпа-нақ келіп жатуы заңды. Бірақ бұл — екі туыңды бір адамның қолынан шықты деген қорытындыға негіз бермесе керек (Мұхтар Әуезовтің әйгілі трагедиясы да қалыптасқан сораптан ауытқымайды ғой). Сондай-ақ, біз талдап отырған хикаядағы Қалқаман, Еңлік-Кебек оқиғаларының әйгілі поэмалар желісінен айырым белгілері де бұлардың авторы бөлек деп айтуға дәлел бола алмайды. Өйткені өмірлік материал әр қилы екшеуден өтеді, тіпті нақты бір автордың нақты бір шығармасының өзінде әуелгі және соңғы нұсқалардың арасында түбегейлі айырмашылықтар ұшырасуы мүмкін. Сондықтан біз бұл мәселені автордың даралық тұлғасы, дүниетанымы, қаламгерлік тұрпаты, білім-таным дәрежесі, жазу машығы тұрғысынан қарастыруымыз керек.
Хикая авторының өз заманынан озған білімдарлығы туралы айттық. 1892 жыл қарсаңында тек Шыңғыстау өңірі ғана емес, бүкіл қазақ даласында мұндай өреге жеткен жалғыз Абай болатын. Шәкерімнің әлі жас, таланты толысса да, білімі толықпаған, батысты тануға енді ғана бет қойған, негізінен шығыс әдебиетіне үңіліп жүрген кезі. Тарих, социология, экология, этнография — адам қоғамының даму зандылығы туралы толғамдар — бұл кезенде Абай бойына ғана шақтасар сыпат.
Халық кешкен жол, коне ғасырлар келбеті туралы айтсақ, хикая авторы өткен күнді дәріптемегенімен, оны ел тарихындағы бұла дәуір, өзгеше кезең деп біледі, қатал зандарын айыптай тұра, бағзы заман бойынан, халық тұрмысы, оның салт-дәстүрлерінен коптеген қасиет табады. «…Шалдардың сөздерінің жарымына нанған мезгілде де, бұрынғы уақытта… халық ғаділетті, қулық-сұмдық жоқ екен. Халықтың рәсім-ғадеттері бұзылмай орнына келіп тұрады екен, халықтың мінезі ақпейіл, мейлінше табиғатты екен…» Бұл — қарттардың әңгімесін қайыра байыптау ғана емес, белгілі мөлшерде жазушының төл пікірі.
Хикая авторының өз көзқарасын тікелей айтатын, өткенді бүгінгімен шендестіре отыра, халық қасиетін ашуға ұмтылатын тұстары да бар. «Бұрынғы уақытта халықта батырлардың құрметті екені белгілі. Себебі, бұрын батырлар әрдайым халықты қайрат қылады екен һәм жай уақытта халық арасында ғаділетті, хүкімші де екен. Батырлар халықтың пайдасын тастап, өз пайдасы үшін қимылдамайды екен.» «Нысан… қобызымен ойнағанда… тындағандардың көздеріне жас келіп отырады екен. Бұл күнде олардай қобызшы жоқ. Бұрынғы қобызшылар қайда, есіткен кісілерді ерітіп жіберуші еді. Қазақтардың бақсылары бұрынғыдан қалған бір мұрасы, сонда да бұрынғыдай емес».
Батырға, бақсыға, заман адамына көзқарас осындай болғанда, сол кездегі ел ұстаған билер басқаша сыпатта бейнеленеді. Мәселен Кеңгірбай — «халық оған ауып кетеді» деп, яғни түптің-түбінде билікті алмаса да, хүкіміне тежеу салар деген қауіппен Кебекген құтылуға тырысады (Кейінгі интерпретацияда Кеңгірбайдың пара алуы — замана кейпі, образ табиғатымен үйлеспейтін жалған шешім.) Қолға түскен Кебек пен Еңлікті өзі тергейді, өлімге өз қолынан береді, олардың бесіктегі жас баласын далаға тастап кетеді. Хикая авторы Кеңгірбай Қалқаманға да шарасыздықтан емес, саналы түрде қатал билік қылды деп біледі. Сонымен қатар, Кеңгірбай жалғыз болмағаны, басқа билердің де оны қолдағаны байқалады. Билер тек ұнамсыз кейіпте ғана көрініп қоймайды, авторлық көзқарас тұрғысынан тұпа-тура айыпталады: «Осындай үш кісіні бір жерде өлтірсе де билер түзеле қоймапты, бірақ өздерін халық сүймейтінін біліпті. Оларды неғып сүйсін, адамға еркіменен ешнәрсе істетпеген соң, аяғын олай-бұлай бастырмаған соң.»
Ата қазақ: «Елге бай құт емес, би құт», — деп еді. Ескі заманда ата-тегіне емес, асыл жетесіне қарай, мал байлығы үшін емес, парасат байлығы үшін халықтың өзі сайлап отырған билер — ру ұйтқысы, мемлекет тірегі қызметін атқарады. Тарихта оған қаншама мысал бар: Сүтемген, Әнет, Төле, Тайкелтір, Қазыбек, Әйтеке… Қазақ дербестіктен айрылғаннан соңғы дәуірдегі, патша өкіметінің нұсқауымен бекітілген билердің жөні бөлек (қызметі тұрғысынан алғанда бұлар хүкімші би емес, дау-дамай тарқатар қазы, біздің бүгінгі тілімізбен айтқанда сот қана). Әдде сол жалпош, жебір билердің әсері ме, әлде өткен замандағы белгілі бір адам — Кеңгірбайға байланысты жұрт арасындағы әңгіме салқыны ма, — көне дәуірден бірталай үлгілі сыпат тапқан хикая авторының айтуынша сол кездегі келеңсіз жайыттардың барлығы да билердің кінәсінен болып шығады.
Ал поэмалар авторы Шәкерім қазақтың ескі күні туралы тым биіктен сөйлейтін, ежелгі салт-дәстүрлердің көбін «надандыққа», «тағылыққа» телитін. Бірақ ақынның билерге көзқарасы басқаша. Кеңгірбай тек ел мүддесін ойлайды, «қара қазан, сары баланың қамы» үшін, «малға тойын, жайлы қоныс» үшін күреседі, қанша қайысса да, трагедияға тосқауыл бола алмайды. Арыдағы Әнет Бабаң, Кеңгірбай-Қабекеңнен бастап, берідегі Құнанбайға дейінгі шонжарлар жөнінде тегіс ұнамды пікір айтып өткен Шәкерім атақты би, аруақты ағайын турасында қатаң сөзге баруы мүмкін емес.
Хикаяның көркемдеу жүйесіне келсек, бүл ретте де Шәкерімге жат сыпаттар молынан кездеседі. Жоғарыда ескерткеніміздей, образ табиғаты, кейіпкерлердің іс-әрекетіне байланысты қайшылықтарды сөз етпей-ақ қояйық. Кез келген қаламгердің қзінің әуелгі шығармасын қайта қарауы, өзгертуі, жетілдіруі мүмкін дедік. Әйткенмен, кейбір детальдарға назар аудармай болмас. Соның бірі портрет болса, бірі — жанды пейзаж.
Хикаядағы Еңлік портретіне зер салайық. Еңлікті Нысан Абыздың елес арқылы көріп суреттеуі: «Ұзын бойлы, ақ киіктей, шашы қарғаның қанатындай қара, мандайы жазық, көзі қара һәм өткір…» Кебектің көзбен көріп түйсінуі: «…қалыпсыз сұлу қыз ұшыраса кетеді, бұрын көрген рәуішлі болып. Әбден есі кеткеннен амандасуға мұршасы келмепті. Атының жалына қонып, бұрынғы бақсының айтқандары көңіліне тегіс келді дейді. Сол қыздың барша сыпаттары айтқандай болып көрінді дейді». Ал поэмадағы Еңлік «биік қабақ, сүрлау қыз» ғана. Кебекті сұлулығымен емес, мінезімен, қылығымен баурағандай. Бұл арада тек поэмалары ғана емес, басқа шығармаларында да Шәкерімнің дәйекті портретке көңіл бөле коймайтынын, ал Абай алғашқы өлендерінен бастап-ақ жанды портрет жасауға мән бергенін ескерте кеткен артық болмас. Әуелгі дәйекті портреттің мүлде мансұқ етіліп, жалғыз-ақ штрихпен алмасуы, екі Еңліктің өзара ұқсамауы кездейсоқ емес. Жалпы, хикаядағы сәтті сурет, ұтымды көріністердің поэмада мүлде назардан қақас қалуы — әдепкі жағдай. Мәселен, Нысан Абыз — «түсі суық, қарт кісі». Поэмада абыздың нақты жас мөлшері, түр-түсі туралы сөз жоқ. Тек бал ашқан сәті ғана бейнеленсді. Бал ашу эпизоды хикаяда да бар. Екі көрініс те өте әсерлі, шебер жазылған. Ортақ сыпат — бақсының болашақты болжауы, жас батырды қатерден сақтандыру десек те, бұл екі сурет бірін-бірі қайталамайды. Хикаядағы бедерлі деталь, мінездік айшықтардың ешқайсысы да поэмаға енбей қалған. Керісінше, поэмада хикаядағы көркемдеу тәсілдерінен аулақтауға тырысушылық байқалады.
Хикаяда Кебектің Нысан Абыз балынан соңғы көңіл толғанысы батыс прозасына тән үлгіде, табиғат суретімен астас берілген: «Айтқандарынан ешбір қорықпай, жай үйіне қайтыпты. Сол уақытта әр түрлі ой түсіп, көңілі босап, ақырын ілбіп отырды дейді. Сонда Кебектің көңіліндегі қасірет кетіп, көкірегі ашылғандай болды дейді. Маңайына қараса, биік жартас, қалың орман-ағаш һәм сарқырап ағып жатқан бұлақ дейді. Сонда Кебек батыр ойлады дейді: «Менің ғұмырым да осы дүниемен бірдей-ау, — деп. — Мына жартас болса, бір қалыппен тұратын дүние; самсып тұрған орман өткен ғүмырға ұқсас, ағып жатқан су өтіп бара жатқан өмір ғой», — деп. Жастықта адам ой ойлаушы болады той». Ал қыздың өзімен кездескен кезінде абыз сөзі есіне түссе де, өлім туралы мүлде ойламайды.
Поэмада Кебек қатал тағдыр туралы болжам шымбайына батқанмен, «жынның сөзін» қолма-қол ұмытып кетеді. Еңлікпен алғаш кездескен сәтінде де ойына ештеңе оралмайды. Тек ертеңіне, қызбен тағдыры қосақталған соң,
абыз айтқан қара жартасты көргенде ғана бөрі есіне түседі; қатты толқығанмен, тез бекінеді. Бұл арада қара жартас — шартты белгі ғана; құз кейпі немесе өзен, тоғай реңі — ешқандай жанды бояу жоқ. Бұл занды да. Шәкерім — табиғат суретіне зер салмаған қаламгер, «Жолсыз жазада» ғана емес, бүкіл Шәкерім творчествосында пейзаждың кейбір элементтері ғана ұшырасады. Бұл — бүкіл классикалық шығыс поэзиясына тән сыпат. Ал батыс пен шығысты тел емген, бейнелеу тәсілдерінде орыс және Еуропа классикасын үлгі тұтқан Абай қазақ әдебиетіне (бүкіл шығыс поэзиясына) пейзаждық лириканы енгізген бірінші суреткер болып табылады.
Өрнектеу, бедерлеу, дәйектеу (детализация) жағы да осы сыпатта. Поэмада Кебектің аңға шығуы жалпылама ақпар арқылы беріледі, ал бүркіттің түлкіге қалай түскені мүлде айтылмайды. Ал хикаяда бұл көрініс батыс прозасының дәстүрінде тәптіштеп суреттелген.
Әлбетте, тақырыптас екі туындының бірі — проза, бірі поэзия үлгісінде. Сөзбе-сөз, нақпа-нақ келуі мүмкін емес. Бірақ өз жазғанынан өзі қашқан, әуелгі әдемі суреттерді біржола мансұқ етіп, жаңа өрнек іздеген кім бар екен?!
Енді Шәкерім прозасының үлгілерін қарастыралық. Іріктеп ілмес үшін кез келген шығармасының басқы сөйлемдерін-ақ алайық.
«Әділ — Мәрия»:
«Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ. Шыңғыс, Темір сияқты талай-талай сыйыпқырандарды да қолыңнан жөнелттің. Сенде талай адамның құмары қанып, қуанғаны да болады, жүрегі жанып, суалғаны да болды. Талай-талай талпынған жас жүрек мұратына да жетті»…
«Ұждан»:
«Қытай патшалығы — ең ескі патшалық. Отырықты өмірге ерте түскен қауым. Ескі заманда қытайлар рақатты өмірде болған…»
«Үш сауал»:
«Бір патша: «Үш түрлі нәрсені күні бұрын білген адам бақытты болар еді, — деп, соны тауып берген кісіге көп сый беремін», — деп жариялапты…»
«Бәйшешек бақшасы» топтамындағы әңгімелердің бастамалары:
«Атақты Атымтай жомарт алғашқы кезде бір жұмада өңкей білгіш шешендерді қонақ қылып, келер жұмада жастарды қонақ қылып, ендігі жұмада қаріп-қасерлерді қонақ қылады екен…»
«Өткен заманда Мекке, Мәдинеге Құжаж деген адам патша болған. Елге мейірімсіз, қатты жүректігінен «Құжаж залым» атанған…»
«Арабтың бір патшасына бір уәзірі Лөйлі мен Мәжнүннің жайын әңгіме қылыпты…»
«Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан, ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен бір соқырға беріпті…»
«Бір адам қайыр сұрап, көп ақша жиып, әбден байыса да, қайыр жиған әдетін қоймапты…»
Бойлай оқысақ, өзіндік сыпаты бар өрелі қолтаңба көреміз, Абай әсері, шығыс әсері байқалады. Бірақ өткен үлгіден гөрі бүгінгі қалыпқа бейім. Бастауыш пен баяндауыш өз орнында, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштар тиесілі жерінде. Қазіргі қалыптасқан проза машығына жат, бірден көзге ұрар айырым белгілер байқалмайды.
Енді хикаяны қайыра оқылық. Сөйлем құрылымдарының қалыпты жоба, үйреншік үлгіден мүлде бөтендігі бірден танылады. Одағай бітім, тосын тіркес, ерекше жүйе. Үстірт көзге (турасын айтсақ, дүмше білгіштерге) сауатсыз болмаған күннің өзінде, тым анайы, кедір-бұдыр, кібіртік көрінуі де мүмкін. Бірақ мұның бәрі машықты қолтаңба, ежелгі дестүр жемісі, тек біз ұмытқан, мүлде дерлік қолданудан шыққан өзгеше стилистика. Жоғарыда біз ой ретіне, сөз орайына байланысты келтірген (яғни стильдік түрғыдан іріктелмеген) мысалдарға зер салыңыз. Хикаяның кез келген тұсына ежелей үңіліңіз. Өз толқыны, өз қисыны бар, табиғи да байыпты, әсем құрылымдар.
Хикаяның басынан түсейік.
«Осы мысал бұрынғы уақыттан қалған. Қазақтың кәрі шалдары бұрынғы өткен уақыттарын айтып отырады, өздерінің ата-бабаларынан қалған сөздерін…» Хикая дәл осы қалпында қазіргі баспасоздің тегершігін ұстап отырған редактор — тәжірибелі журналистің, тәп-тәуір жазушының алдынан өтті дейік. «Түзеліп», «өнделген» соң мына қалыпқа түспек: «Бұл — бұрынғы уақыттан қалған мысал. Қазақтың кәрі шалдары бұрынғы өткен уақыттарын, өздерінің ата-бабаларынан қалған сөздерін айтып отырады…» Бәрі дүрыс. Бірақ бұла сөйлемдер өзінің қан-сөлінен айрылып, жансыз кепке түсті.
Ары қарай сүзіп оқыңыз, аттамалап түсіңіз, әр жеріне көз салыңыз. Өзгеше күрмеу, қызғылықты конструкция.
«Енді бұрынғыны айтып отырған қарттар байқай ма екен, бұрын күннің жылы болатыны — сол замандағы орман-ағаштың көптігінен екенін. Осы күнде сондағы ағаш тауларда аз, қырып бітірісіпті».
«Осы күңде қырда бұрынғыдай орманды, жақсы жерлер жоқ, тым болмаса жолаушы сапар шегіп талғаңда, тұра қалып көңіл көтергендей. Сондай жақсы еш нәрсе қалмаса да білініп түр, бұрынғы қалған сымтастарға, қорғандарға қарағанда баяғыда бұ далаларда тұру жаман болмағаны. Бұларды байқамаған адамдар біле қоя ма һәм көңілдеріне ала ма!»
«Соңда Кебек көңілін көтеруге бүркіт алып шықты дейді. Далада аулап жүрсе де һеш түлкі жолықпады дейді. Сөйтіп отырып матай тайпасы мекен ететін Хан тауына шейін барды дейді.»
«Сонда Кебектің мойнына арқан тағып, аттың құйрығына байлап өлтірді дейді. …Сонан соң бұл бейшараны да еріндей қылып өлтіріп, сүйектерін қазулы тұрған бір орға тастай беріп, сөйлесіп қойғаңдай тұс-тұсына жөнелді дейді. Жас балаға ешкім қарамай тастап кетті дейді, бесігімен. О да сол жерде жылап өлсе керек».
Қазіргі проза түгілі, XX ғасырдың бас кезіндегі қара сөз үлгілеріне мүлде үйлеспейтін құрылым. Біршама машықты прозашы Шәкерімнің көркем туындыларында, тарихи, философиялық еңбектерінің ешқайсысында бұл тұрпаттас стилистика атымен ұшыраспайды.
Орта ғасырларда, «Қиссас-ұл-әнбия» мен «Бабыр-нама» кезінде қалыптасқан, кейінгі ұрпақтары мүлде ұмытқан ежелгі түрік прозасын зерделей оқып, бойына сіңірген Абай, ұлттық фольклордағы, халық тіліндегі көркем машық, қалыпты үлгілерді пайдалана отырып, жаңа қазақ әдебиетіне өзгеше жазу мәнерін әкелген еді. Қайталап айтайық, Абай стилистикасы — көне түрік өрнегін үлгі тұта отыра, халық әдебиетінің, ділмар шешендердің, әңгімеші, ертегішілердің сөйлеу машығынан табиғи нәр алған өзгеше құрылым. Кейін Мұхтар Әуезов дамытқан, қазіргі кейбір жазушылар қолданып та жүрген, ой ағымына, сөз әуеніне орай түзілетін, кітаби жасандылықтан ада, осы тақылеттес сөйлем жүйесі Абай «Ғақылияларының» кез келген бетінен үшырасады.
«Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады», — деп» («Үшінші сөз»).
«Өтірік, көрмегенін көрдім деуші куәлер да әлдеқашан дайындалып қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін» (Сонда).
«Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетүғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын» (Төртінші
сөз»).
«Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде, әттеген-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге» («Тоғызыншы сөз»). «Пәндеде бір іс бар жалығу деген» («Жиырмасыншы сөз»).
«Көзді, мұрынды ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін біліп ішіп-жесін деп» («Жиырма жетінші сөз»).
«Жұрттың бәрі біледі өлетүғынын, және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қайта жібермейтұғынын» («Отыз төртінші сөз»).
«Адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргенінен емес» («Отыз жетінші сөз»).
«Енді бұл сөзден білінді, ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда, білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе?» («Отыз алтыншы сөз»).
«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» («Қырық бесінші сөз»). «Дала уәлаятының газетінде» жарияланған хикая мен Абай прозасының стильдік бірлігіне ондаған, жүздеген мысал келтіруге болар еді. Ал ой туыстығына келсек, жалғас, үндес толғам, түйіндер де біршама. Хикаяда қазақ халқының өткен күндердегі тұрмыс-жайы, мінез-құлқы, заманның жаңаруына сай өзгерістер жайында кейде туралап, кейде тұспалдап біраз айтылған. Сонымен қатар, автор сөз ұшығын кейінге қалдырады. Хикаядағы осы мәнзілдес түйіндердің біразын Абайдың «Ғақлияларынан» ұшыратамыз. Әрине, хикаяның тікелей жалғасы емес, бірақ өзегі бір, ойы ортақ, әр кезде жазылған қарайлас, қабаттас, үстеме байламдар. Бұл арада қазақтың еркін замандағы әдет-ғүрпы мен кейінгі кезеңдегі мінез-құлқы салғастырыла байыпталған «Отыз тоғызыншы сөзге», халықтың тіршілік кебі туралы кеңес қозғайтын. Үшінші, Сегізінші, Он бірінші, Жиырма алтыншы, Отызыншы, Қырық екінші «Сөздерге» сілтеме жасауға болады (Көне заман суреті, қазақтың өткендегі игі мінез, абзал қасиеттері, рухының биіктігі, ән-күйінің әсемдігі, кейінгі ұрпақ дәстүрлі салт, ұлттық мінездерден айрыла бастағаны туралы толғамдар Абай поэзиясында да молынан кездеседі).
Бажайлай тексерсек, үйлестік, ұқсастық қана емес, нақпа-нақ қайталау фактілері де ұшырасады екен.
«Дала уәлаятының газетінде» басылған хикаяда Шыңғыстау өңірінің ескі тарихы туралы мынадай деректер келтіріліпті:
«Бұрын өткен атақты Темучин хан Көр ханды қаратып, жолы болып келе жатып, Шыңғыстауға жақын бір жерге тоқтады дейді… Қазақтар сол Темучин ханға бағынған он екінші халық екен, бұ жақта қарамаған ешкім қалмайды. Сонда Темучиннің көңіліне: «Бүтін дүниені аласың, Шыңғыс хан деп аталасың», — деген пайғамбардың сөзі түсіп, өзіне жаңадан ат қоюға ойлапты. Сонда ханға қараған он екі халықтан бір-бір жақсы кісі шығып, Хан тауының басына бір-бір қада орнатып, соған ақ шатыр құрды дейді. Сол он екі кісінің бірі Майқы еді. Темучинді ақ кигізге көтеріп, таудың басындағы шатырға алып келді дейді… Осыдан соң сол хан көтерген жер Хан тауы атанып, маңайындағы ауылдар Шыңғыс атанды дейді…»
Енді Абайдың өз атында тұрған, барлық жинақтарына еніп жүрген «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» жазбасына үңілейік:
«Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар құтты босынға барыпты. Бірақ қай жерде барғаны мағлұм емес, сөйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі маңғұлдың өз заңы бойынша «Хан» деген үлкен биіктің басында, ақ кигізге Шыңғысты отырғызып, хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол он екі кісінің бірі — қазақтан Майқы би деген кісі екен… Әуелде Көр ханды өлтіріп ұйғыр жұртын алыпты…»
Бұл арада артық түсініктің қажеті болмас.
«Дала уәлаятының газетінде» басылған хикая: Біз де шалдардың айтқанын қостайық: қазақ ішінде бәрі де өзгеріп кетті — мінездері де, жер-суы да. Жақсы болды ма, жаман болды ма — ендігі жазғанымыздан көрінер», — деген сөздермен тәмамдалады.
Ұлы ойшыл бұл тараптағы толғамдарын баспасөзге жібере қойды деген пікірден аулақпыз. Абай және сол замандағы баспасөз — бізде әлі тексерілмеген мәселе. Кітап шығару қазақ арасында қалыптасқан іске айналған кезде, ниет еткен екінің бірі өлендерін бастырып, ежелгі аңыз, жырлар ел арасына мындаған данамен таралып жатқан кезде ұлы ақынымыздың баспа ісінен шеттеп қалуы — мән-мағынасы мол, терең сырлы, әрі арнайы сөз етуге тұрарлық мәселе. Бұл арада аталмыш хикаядан соңғы, қазақ арасындағы өзгерістер туралы жазбаның жарияға шықпай, тіпті, межелі мұратына жетпей тоқтауы туралы ғана айтпақпыз. Оған да себеп көп. Ең бастысы — ұлы ақынның жаңа заманға өзгеше көзқарасы. Біз бұл мәселенің де бір ғана жағын алып, онда да тым жайдақтап түсіндіріп жүрміз. Абайдың өкімет тарапынан қатаң бақылау астында болғанын, еш жерде кітап шығармай-ақ, үндемес цензурадан ғұмыр бойы жапа шеккенін ескермейміз. Абайдың барлық қолжазба мұрасы патша охранкасының ақын аулындағы 1903 жылғы ойраны кезінде қаттауға түскені күмәнсіз. Дәл осы оқиғаның Абай өмірін қысқартқаны, оның күрт шөгіп, тез қартайып, ажалынан бұрын өлуіне себеп болғаны тағы анық. Тәуба, көптеген көшірмелер қалды, бірақ ұлы ақынның өз қолымен таңбаланған түпнұсқа диуанда тағы нелер болғанын кім біледі? Ол — тұманға батқан іс, одан соңғы заманда қаншама апат келді — сақталды ма, сақталса кім қайдан іздемек — әйтеуір үмітімізді үзбейік. Қолда бардың өзі өлшеусіз қазына. Абай қазіргі қалпының өзінде толық. Колемі көбейгеннен бағасы өзгермейді. Әйткенмен біз осы мақала арқьшы ұшан дарияның шетке шашыраған бір тамшысы өз арнасына қайтып оралса дедік.
Осы орайда, реті келген соң айта кетейік, «Дала уәлаятының газетінде» 1895 жылы басылған, Абайға қатысы болуы мүмкін тағы бір әңгіме — «Тәкаппар ескер басы турасынан» — ұлы ақынға тиесілі мұра емес деген пікіріге тоқтадық. Рас, бұл әңгіменің түп тамыры Абай «Ескендіріне» барып тіреледі. Бірақ сол поэманы естіген екінші бір адамның қолынан шыққан* олақ мазмүндау демекпіз. Әңгімеде Абайға тән, керек десеңіз, атақты поэманы сөзбе-сөз қайталайтын оралымдар, тіркестер ұшырасқанымен, жазу мәдениеті жетілмеген қалам таңбасы айқын көрініп түр. Бұл, тіпті, Абай қолынан шыққан әңгіменің бүлдірілген редакциясы да емес. Поэмамен үстірт таныстық нәтижесіңде туған әдепкі әпсана. Мұндай жаңғырықтың тағы бір көрінісі — Еңлік-Кебек трагедиясын екінші қайтара, бас кейіпкерлерінің есімдерін өзгертіп, өте олақ баяндаған, сол «Дала уәлаятының газетінде» жарық көрген «Қазақ турасынан хикая». Аталмыш екі нұсқа да Абай шығармаларының әр түрлі жолмен ел арасына таралып, халық санасына әсер етуінің өзіндік куәлары болып табылады.
Сөз соңында 1892 жылы «Дала уәлаятының газетіңде» басылған «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» атты хикая ешқандай даусыз, Абайға ғана тиесілі шығарма екенін қайталап айтқымыз келеді. Сонымен қатар, бұл жабайы ақпар, қарадүрсін мақала емес, бас-аяғы бүтін, артық-ауыс мүшесі жоқ, машықты, шебер прозашының қолынан шыққан, ұлы Абай атына лайық туынды екеніне куәлік береміз. Хикаяның көркемдік ерекшеліктері, бейнелеу тәсілдері, стилистикалық сыпаты — бүкіл болмыс-бітімі туралы тұтас бір зерттеу жазып шығуға болар еді.
Ендігі кезектегі мәселе — хикаяны текстологиялық тұрғыдан қайта қарап шығу. Әңгіменің «Дала уәлаятының газеті» атты жинақтағы соңғы басылымы мүлде қанағаттанғысыз дәрежеде. Абай прозасының өзгеше құрылымын байыптамағандықтан, сөйлем мен сөйлем араласып кеткен, сөз жүйесі бұзылып, мазмұнға нұқсан келген. Жаңсақ оқылған, қате басылған сөздер де көп. Бұл ретте «Жұлдыздағы» басылымға жүгінуге болар еді. Бірақ мұнда да әріп қателері, түсіп қалған сөздер ұшырасады. Керек десеңіз, түпнұсқа есепті, газеттегі басылымда да әдепкі емле, тыныс және басқа сыпаттағы қателермен катар, редактор қаламының ұшы тиген, яғни көпе-көрнеу бүлінген тұстар байқалады. «Көш жүре түзеледі» дегенмен жүз жыл өтіпті. Қалған шаруаны екінші жүз жылдыққа жіберуге болмас.
Ең бастысы — Абай қолынан шыққан, әдебиет тарихы үшін, рухани-мәдени қазынамыз үшін айрықша мәнді туындының көлеңкеде қалмауы. Ендігі жерде ұлы ақынның жинағы жаңа әңгімемен толыққаны ләзім.
1989.