Әбділда Тәжібаев. БІРІНШІ АҚЫН
Қазақ ақындарында поэзия мақсатын орыс классиктерінше, сыншыл демократизм тұрғысынан ұғындырған бірінші ақын — Абай.
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, —
деп басталатын өлең поэзияның көркемдік құнын, әлеуметтік күшін қазақ халқына жаңаша, керемет прогресшілдік рухта мәлімдейді. Әркімнің-ақ жанында ақындық сезім бар, бірақ сөз патшасын ерлердің данасы, елдің қамқоры ғана қиыстыра алады. Осы бір шумақтың өзінде Добролюбов көрсеткен шарттар түгел қамтылған. Әдетте Абайдың осы өленіндегі:
Қобыз бен домбыра алып, топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен кайыр тілеп,
Кетірген сөз қәдірін жұртты шарлап, —
дегенді келтірушілер ақынның өзінен бұрынғыларға қарсылығы, жыршы, жырауларды мінеу деп түсіндіреді. Бұл да рас. Әйтсе де жеткіліксіз. Бұл — қай заманның ақындары үшін болса да қатал ескерту. Жұрт қамын ойлайтын поэзия бүгін де, ертең де өзінің халықтық мұнарасынан төмен түспеуі, жеке адамдарға құлшылық етпеуі керек.
Поэзияны эстетшілдікке, қоғамнан, саясаттан аулакқа тартатын, қәзіргі буржуазия идеологиясындағы ақынсымақтардың империализмді мадақтап, олардың кеме, зеңбіректерін ұлттық мақтан санаушыларға Абайдың:
Батырды айтсам ел шауып алған талап.
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,
Тыңдар едің, бір сөзін мыңға балап, —
деген бір шумағы — оңдырмай тиетін соққы.
«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзелдің» мәнін де керегінше ұғынған жөн. Осы жалғыз жолда қабат-қабат қалың ойлар бар: сөз түзелсе, қоғамдық рухтың белеске көтеретін, шын мағнасындағы халық ұлының туғаны, ғасырлар бойы рухани мүлгіген қазақтың оянар, серпілер кезінің, жаңа ойлар айтылар мерзімінің жеткені. Ол сөз: «Ынсап-үят, ар-намыс, сабыр-талапты» жетілдіреді. «Терең ой, терең ғылым іздеуге» шақырады. Барлық зиянымен кедергі жасар көне-коқсықпен күреске бастайды. Бұл Абайдың өзі туралы ғана емес, өзінен басталатын бүкіл жаңа поэзияға қоятын талабы. Ұлы ақынымыз ұсынған батыл программа Чернышевскийдің «көркемөнер өмірді көрсетуші ғана емес, оны ұғындырушы, өмір сүруге үйретуші, соның арқасында ол «өмір оқулығының» қызметін аткарады» деген белгілі пікірімен түп-түгел қабысады. Сөйтіп, Абайдың дүниеге келуі — қазақта жаңа поэзияның басталуы, жаңа ой-пікір жариялар тұңғыш көсемнің қазақ халқынан бірінші шығуы. Поэзияның әлеуметтік қызметі туралы ақындық декларациясын жариялаған Абай өзінің тылсымды лирикаларында суретшінің бүкіл әлемнен, барлық тірлік, шындықтан өз түйсігі аркылы әсер алар, шабыт табар, жан күйінің сәулелі, қызулы, ырғаққа айналар мерзімін барынша ірілікпен сипаттайды, сонда біз ұлы ақынның ойға толғатқанын, ғайыптан сыр тауып тіл қатқанын, кең дүниемен келісім тапқанын, күйлі бір жырға айналғанын көреміз…
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк ала бұлттан ашылса;
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай.
Кірлеген жүрек өзі ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас кұрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша карап Қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп дана, зұлымға
Шиыршық атар толғанар.
Әделет пен ақылға
Сынатып көрген, білгенін.
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсең де өзің біл.
Мінекей, ақын образы осы, жыр да осылай туады. Мұндағы дүние мен көңілдің келісім тартуы (гармония) сонша, өлеңнің әр сөзі емес, әрбір дыбысынан сұлу музыка естеміз, құбылған бояу көреміз, сол жаратылыстың көрікті бір құбылысы, қуанышты оқиғасы сияқты. Есіткен, сезгеніміздің табиғилығы мен жарастығы әрқайсымыздың-ақ өз сезіміміз, ішкі күйіміздей; томағамыз сыпырылғандай, өз жүрегімізге үңіліп, рухани сарайымыздың тазалығын, күнәсіздігін көргендейміз, бақыт тапқандаймыз.
«Лирика — барлық поэзиянын өмірі мен жаны; лирика — поэзияның поэзиясы» (Белинский).
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта,
Өне бойың езіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп, күш алар;
Аққан жасқа қаңғырып
Бас ауырып, іш жанар.
Екі аяқты, бір бастыда мұндай күйді басынан өткізбеген жан болмайды. Әлде айналып келместей жарыңды ойладың ба, әлде жардан жығылған жалғызың ойына түсті ме, әлде екі көзіңнің біріндей, үміт жұлдызындай, бір жыл бұрын дүние салған ер досыңды аңсадың ба, жоқ әлде қоршаған жұрт түсінбей, қанатыңды тасқа соқтырып, жүрегіңнің маздаған шоғына мұз басып кетті ме? Әйтеуір бір егілген шағың болады, сондай күйіндірген ой тар кеуденің, қыспағына сыймай, көк-ала бұлтша құрыстамай ма? Күркірегені күңіренуге айналғанда, көздің жасы жанбыр боп жаумай ма?
Біз ақынның екі шумақ өлеңінен өз жанымыздың толғағын, өз күйіміздің бір кездерін көреміз. Қайта бір ыңылдап, жатқа айтып шығып, «уһ…» дегендей, бойың, жеңілдегендей боласын. Ұлы Абай өзінді ақынға айналдырғанына ақ пейілмен алғыс айтқың келеді.
Абайдың өзі алған әсерлерін тікелей айтпай, әйтпесе оқиғаны өз сезімі арқылы өткізбей, суреттеу, мүсіндеу арқылы беретін лирикалары тіпті тамаша. Бұл шығармаларында оның асқан художник екенін танимыз. Мұндай өлендерінің әрқайсында-ақ көңіл түйер, сөз жетпес музыка бар, оки бастағанда-ақ жадыңнан өшпестей мүсіндерге, ғажайып бояулармен жазылған суреттерге кіресің. Әрбір ойлы сөз өз үнін шығарады да, айшық-өрнек болар орнына жымы айырылмастай қаланады. Сөйтіп тұтас та толық көрікке айналады. Бұл жағынан Абай — Пушкин суретшілдігін түгел меңгерген. Қазақ тілін көркемдік тіліне толық жеткізген ақын.
Желсіз тунде жарық ай
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай
Тасыған өзең гүрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген нт пен айтақка,
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа.
Таймаңдамай тамылжып
Бір суынып, бір ысып,
Демала алмай дамыл қып
Елең, қағып, бір шошып,
Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді суйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?..
Мінеки, ақын жазған жанды сурет осы. Оқып шығуымыз үшін минуттық уақыт өткен жок, қандай қызық дүниеге еніп кеттік: аспанға қара, ұлтарақтай бұлт жоқ, көмкерілген көк күмбезде таңбаға татыр кіршік жоқ, күнәсіз көктің көкірегі де кірбеңсіз, бусанған жерге махаббатпен қарайды, жарық жүрегіндей ай сәулесі мөлдір суда дірілдейді. Осынша әсем дүниеде сыбырласқан көк жапырақтар — құмарлықпен үндескен аспан менен жердің сырын шерте ме? Жоқ әлде ынтыға келіп табысқан, сүйісе тұрып, ләззәтқа тұншыққан жас жарлардың жан күйлерін айта ма? Тау жаңғыртып әупілдеген қай сырттанның даусы екен, айтақтаған кім екен?.. Жиырма жол өлеңнің бойында осынша кең дүние, осынша бай өмір бар дегенге сенгің келмейді.
Біз сұлу жүрегінің қалай соққанын сезіп едік, ыстық демін сезініп едік; қолына қолымыз тигендей өз жүрегіміз жарыса лүпілдеп, ажарын аңғаруға мұршамыз да келмеп еді. Онда түн еді. Енді міні таң атты, ақын бізге сол сұлудың портретін көрсетіп тұрғандай
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Камшат бөрік, ақ тамақ, қара шашты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін? —
дейді. Мрамордан мүсінші жасаған сұлу бейнені ұсынады.
Ақыннын «Жаз», «Қыс», «Күз» атты бәріміз жатқа оқитын өлеңдері мен аттың сыны («Шоқпардай кекілі бар»), «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» сияқты шығармалары лирикалық поэзияның ең асылдарына жататын, мәңгі өлмейтін, жастық қуаты мен жайнаған көркін жоғалтпайтын жырлар. Біз бұл шығармаларды грек заманының теңсіз ескерткіштеріндей құрметтейміз, ақынның сөзбен жасаған скульптуралық мүліктері деп қараймыз. Абай лирикасынан мысал келтіре берсек, онын шығармаларын түгел көшіруге тура келер еді. Сондықтан көп өлеңдеріне аялдамай, шынайы суретшілдіктің ең биіктерінің бірі «Қан сонардаға» аз ғана бөгелеміз, еріксіз бөгелеміз. Өйткені, бұл — ешбір елдің, оның ішінде қазақ поэзиясында да бұрынды-сонды болмаған, тек Абай сарайынан ғана шыққан өлең. Аңшылдық туралы әркімдер-ақ айтқан. Бірақ, Абайға тән ешкім де жазған емес. Мұндағы суреттер дәлдігі мен оқиға жандылығы, аңдысқан аңдардың әрекеттеріндегі дами түсер динамикада шек жоқ.
Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,
Қанды көз қайкаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң, құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға, —
деген жолдардағы қимыл суреттерінің ұмыт болуы мүмкін емес. Қан сонардағы қазақ даласының елсіз кескіні мен аңшылардың да із қаға шапқан жортуылдарын айқын көріп, дүбір-дабырын анық естиміз. Бүркіт пен түлкінің айқасқан жеріндегі шеберлік тіпті бөлек. Көркемдік тактын бұзбаған, көңілді оқушыға көңілсіз күй түсіргісі келмеген ақын, тағылардың өліскенше алысуын натуральдық түрде оңайлатпай, сол көріністен туған екінші бір суретпен, күрделі кескінмен көрсетіп кетеді:
Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанда?
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш
Қара шаш кызыл жүзді жасырғанда… —
дейді.
Жеңіл әзіл түрінде дәл ұғыммен алынған суреттер, қысқы даланың да ақындықпен танылған бір сипаты жатыр. Ақ қар, қызыл түлкі, қара бүркіт түстерінің қызықты қиюласуы сөз өнерін бояу өнершісінің еңбегіне айналдырғандай әсерлендіреді. Сонымен қатар ішкі қайшылықтары көп өмірдің, қарсылықтан туар бүтіндігін аңғартар философиялық мән де береді.
Абайдың антологиялық өлеңдері — көл-көсір лирикасының бір саласы. Мұндай шығармаларында ақын көрген, сезгендерін кексіз сөйлеп, күйінішсіз айтады, әрбір заттың өз орнындағы келістіктерін, адам мен жаратылыстың жайдары, жарықшақсыз кездерін жырлап кетеді. Көкорай шалғын, бәйшешек, күркіреген өзен, шыбындаған жылқы, сымпылдап ұшқан үйрек, каз, үй тіккен қыз, келіншек, аяңшылын жылпылдатып аулына оралған бай, мылтық атқан, құс салған бозбала, ошақтағы қазан, көңілді гулескен әңгімешілер, жайылған кілем, құйылған қымыз — тұтас бір картина: қыстай қысылған, жайлауға шығып жадыраған жұрттың қысқа ғана қызықты шағы, айнымаған қазақ аулының шындығы. «Жаз» деген өлеңінен даламыздың өткендегі географиялық бейнесін, халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін көреміз.
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып қымыз берсін деп, —
жалбақтаған жарамсақтар,
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген, —
жылқышылар талай түрлі мінездерді де аңғартады. Біз бұл мінездер тұсында ашырқанбаймыз да, түшіркенбейміз де, жай жымиып коямыз. Өйткені, ақын окушысына жанға сая, ойға рақат беретін жаз пейзажын ғана ұсынады. Жаңағы жарамсақ мінездерді де осы объективтік шындықтың бір деталы ретінде жаза кеткені болмаса, қоғамдық қайшылықтарға жауап беретін сұрақтар қоймайды. Сонымен бірге Абай үшін мұндай ауыл идеал да емес. Көтеріп айтайын деп көптірмейді, әсіре жарқылдатар артық бояу іздемейді, ісіріп-кептірер теңеулер де жоқ. Барды бар күйінше айтқанның өзінде үлкен қонымдылық пен орындылық жатыр. Бұл да үлкен акындықтың белгісі, жаз туралы кесек сурет салмақшы болған художник көркем натураны я ұлғайтып, я кішірейітпейді, көріністің барлық ұсақ деталын қамтымайды, ең қажеттілерін, сол ұлттың табиғаты мен адамын типтік жағынан айқындар элементтерін ғана алады, көлеңке мен жарық жарастығы арқылы әлем кеңдігіндегі занды кұбылыстардың ұлы гармониясынан шықпастай, қайта үлкен өмір туралы адамға білім, сана қосқандай мағыналы күйде көрсетеді.
Абайдың жыл мезгілдеріне арналған лирикаларының бәрі сондай. Бәрінде де ол өз заманының шындықтарын, өз даласының суреттерін бұлжытпай түсіреді. Жазда байы, жарлысы бірдей жадыраған, жаратылыстың жайлы мезгілінен кеңшілік тапқан жұрт, мезгіл қысымын тарта бастағанда тіршілік қамымен жіктеле, даралана бастағанын байқаймыз.
Кемпір, шал құржаң кағып, бала бүрсең,
Көңілсіз кара суық кырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап қайда көрсең, —
дегендей қиындық басталған мерзім, әркімдердің-ақ шаруашылық күйін тәлтіректете бастайды. Қарашаның кары жауып, желді аязы басталғанда бай мен кедей екі дүниенің адамындай.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Кедей бай малының сонында, үйде үзбей жағар отын жоқ, бүрсең қаққан қатыны жамау-жасқау үстінде. Жыртығын жамау, жазда артылдырған терісін илеп үлгіру о да үлкен мұрат. Ақын:
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай өле жаздап.
Кемпір, шалы бар болса қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда жел де азынап, —
деп жаңағы кедейдің үйін айтып отыр. Бұл да әсіреленбеген, ақынның дәл көрген суреттері.
Барлық елдің фольклорында «ер қанаты ат», батырға жан серік, шабысы ұшқан құспен тең, жел жетпес, күн шалмас, адамдай ақылды боп жырланатын жүйрік ат жазба поэзияда да ұшқырлық, күштілік белгілерімен сипатталады, шапшаң қимылы арқылы бейнеленеді. Ал Абайдың атында осылардың бірі де жоқ.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жер соғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ..
Кекілі шоқпардай, құлағы қамыстай, қоян жақ, бөкен қабақ жануар алдымызда елең қақпай, ер салынбаған, жабу да жабылмаған жалаңаш күйінде тыныш тұр. Біз атақты бір скульптордың мрамордан қашаған, жүйріктік қасиеттерді жылқының мүшесінен тапқан, колыңмен ұстағың келердей сымбатты көреміз. Бұл жылқы, жалпы жүйрік емес, қазақ жылқысының өзінен шыққан «қой мойын», «күлте құйрықтың» бірі. Осы «жуан, жуасқа» тымақты қазақты мінгізсеңіз, қолымыздан өсірген таныс жүйрік шығады.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні балбұл қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.
Соңғы шумақ ат кескініне жан береді, қан жүргізеді. Мүсін өнеріне тән динамикалық қуат қосады, жеңіл юмормен оқушыны да қызықтырады. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» деп басталатын өлең де осындай, Мүсіндеу арқылы сұлулықты тануға тәрбиелейтін шығарма. Ал «ескілік киімі» тұп-тура арғы заман қазағының портреті. Абай ол заманның байын да, батырын да алмай, нағыз шаруа, көшпелі қазақтың бейнесін көз алдымызға келтіреді.
Осы айтылған өлеңдер есептен көлденең қараушының, сырттай бақылаушының (созерцатель) жазғанындай көрінуі де мүмкін. Шығарушының әлеуметтік тенденциясы да қызу емес сияқты. Бірақ, үңіле қарасақ, сұғына ұксақ тіпті басқа. Біздін Абай да Пушкин сияқты грек дәуіріндегі классикалық көркемдік үлгісінде жырлар жаза отырған. Құбылыс, көріністердің ішкі мазмұнын бай күйінде камти, құпия сырларын аша, ал сыртқы түріндегі мазмұнға сай кестелерді, ықшамдылықтарды шығармалардың композициясына арқау етеді. Мұндай жырларында Абай поэзияның күшін өзінің субъективтік, қарақан басының наразы болу тұрғысынан іздемей, объективтік шындықтың ішкі қуатынан табады. Сонда сұлу жаратылыс бойындағы диалектикалық қайшылықтар: оның күшті жағы мен әлсіз, құнды жағы мен құнсыз, үмітті жағы мен үмітсіз жақтары еріксіз ашылады да, әділ ой, таза сезімді оқушы да еріксіз қуаттайды. Поэзияларымен осыншалық көркемдік академиясына айналу орыс әдебиетінде Пушкиннің, қазақта Абайдың ғана қолынан келген. Әйтпесе көргенін жырлай салудан натурализмге, шұбалаң сөзшеңдікке ұрыну оп-оңай.
Әдетте ақылшы болар поэзияның негізіне жетпей, мағынасын ұқпай, дидактика деген атпен бәрін бір-ақ кінәлай саламыз. Бұл да дұрыс емес. Ақылшының да акылдысы бар. Жүгіргеннін бәрі жүйрік емес те, сөйлегеннің бәрі шешен емес қой. Ақылшы да сол тәрізді. Білгірлігі қара басынан артылмас, халық жайын, қауым жайын өз тоқтығынан кейін ойлайтын білгірліктің құйрығы да өтіріктің құйырығындай бір тұтам. Білгір, ақылды көріну, мәртебе табу үшін сөйлейтін ақылдылардың да құнсыздықтары ұзаққа бармайды, елді еліктірмейді. Поэзияда да сондай. Абай сияқты халық қамқорлығына арнап туғандай, ұлы ақынның ақылшы поэзиясы бір бөлек.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға.
Ақын дұрыс айтады. Абайша ұстаздық ету — бүгінгі қазақ ақындары үшін де қымбатты еңбек. Мәселе қалай ақылшы болуда ғана. Отанын, елін жалын ата сүйген жүрек, бар тірлігін қоғамы үшін ғана бағышлаған ойлы, өрен ақын ақылды да көңілге қонымды айтады, ақындығын арзанға айырбастамай айтады. Ондайлардың ақылшы өлеңдері де әрі қысқа, әрі нәшті, миға ұялап, сезімге шабар, мақал-мәтелдей шығады.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар, қалан!
Пікірдегі ұғымдылық пен дәлділік философиялық ойлылыққа қосылғанда, жыр өмірге көсемдік жасар, көмек етер жанды қуатқа айналады. Бұған жыр жүйкесін әлдендіретін, ырғақ нақышын әрлендіретін әрбір сөздегі сомдылық пен үндестік, өлең жолдарын әнге бастап тұратын екпінді ұйқастар кұйылып, шығарма нағыз поэзиялық дәрежеге көтеріледі. Абайдың ұстаздық лирикаларын ерекше әлдендіретін тағы бір құпия сыр бар. Ол ақынның ақылшы өлендеріне де тың теңеулер мен жарқын юмор, ащы сатиралық тұздықтар қоса білуінде. Мәселен:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға, —
деген екі жолда ақыл суретке де айналып кетеді.
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Бұл екі жолдан да біз динамика-қимыл сезінеміз. Сөйтіп бұл өлең тақпақ емес, от берер, ойды жылытар сенім шақпағындай қабылданады.
Ұстаздық өлеңдерде сурет пен ащы сөздерді барынша мол, шебер пайдалану «Сегіз аяқтың» да өне бойынан түгел табылады
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
Біз жарамсыз қылықтардың аттарын естіп қоймаймыз, сондай қылықтылардың кескіндерін де көзіміз щалып қалады. Аздырар себептердің түсін танып, түгін тартып қарағандаймыз. Әлдекімді жағадан ұстап, көзіне шұқығымыз келгендей болады. Абай мұндай өлеңдерін дерексіз әңгімеге айландырмас үшін әдейі осылай етеді. Жексұрын қылық иелерін бет бұрдырмай ұстап тұрып, «осы сенсің» деп тұрып айтады. Ақынның ақылшылық қайраты ұшан-теңіз. Айтар тәсілі де молшылық, сан түрлі қызықты. Кейде Абай бір өлеңінің бойында неден сақтануды басқамызша тізімге айландырмай, жат, жағымсыз мінездердің портреттері мен ұшқары қылықтарын да көз алдымыздан өткізеді. Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңі — бұл пікіріміздің мықты дәлелі.
Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Не деген ғажап! Ақыл да, нақыл да төрт жолға сыйған. Ал тұп-тұтас, төрт жағынан түгел көрінген адам образы ше? Таңданғаннан, тамашалағаннан басқаға дәрменсізбіз. Таныс портрет, таңбалы мінез. Кеше ғана….. бүгін ғана көрген кісіміз. Мұндайлар қандай формацияда, қандай қоғамда болса да кездесе береді, Абай куәлігінен құтылмайды. Бұл төрт жол лирикашыл ақындарымыз ғана емес, бүкіл романшыларымыз, драмашылдарымыз үшін де үлкен үлгі.
Абайдың «Базарға қарап тұрсам әркім барар», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта….», баласы Абдырахман туралы жазғандары, «Жақсылық ұзақ тұрмайды», «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» сияқты өлеңдері жоғарыда айтылған шығармалар тобына қосылады. Мен осы топқа ақынның «Сағаттың шықылдағы емес ермек», «Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» сияқты философиялық тақырыптарға жазғандарын қосамын. Идиалистік философияны жақтаушы ақындардан ұстаздық мағына еш уақытта шыққан емес, шықпайды да. Олардың: «Адам туғанына дейін тәнсіз қалыпта, рух күйінде жасайды» дейтін Платон идеализіміне сүйенулері — әлем шындығын танымау, жаратылыс, қоғамдық құбылыстарын символ ретінде қабылдау, адамды туғанына дейінгі рухтық образда жырлауға ғана болады дейтін дәрменсіз қиялдарынан аспайды. Ал символ ретінде қабылданатын шындық көріністер оларға конкреттік дүние емес, абсолюттық идеяға еліктеу. Демек, Абай айтқан «мен». «менікі» оларша жаңсақ ұғымдар. Идея мен еңбектің жаратылысты тануға, оны адамға бағындыруға қызмет ететінін идеалист ақындар табиғатқа келісімсіздік (разлад) туғызатын зиянды әрекет деп біледі.
Тютчев:
Природа знать не знает о былом,
Ей чужды наши прирачные годы,
И перед ней мы случайно сознаем
Себя самых лишь грезою природы, −
десе тағы бір өлеңінде:
Лишь в нашей призрачной свободе
Разлад мы с ней сознаем, —
дейді. Сонда адамның өзіңдік сапасынан түк те қалмайды. Табиғатқа тізе бүгу, оны құдайға айландыруға, табынуға дейін барады. Абай орыс поэзиясының бұл жағына аттап басқан емес. Ол өмірге уақытты өлшеу етеді де, «бір минут бір кісінің өміріне ұқсастығын, уақытты өмір пайдасына: іске пайдалы әрекетке жұмсауға шақырады. «Мен» — Абайша әрі табиғат, әрі адам; табиғат өлсе де адам өлмейді. Оны өлтірмейтін, ұзақ жасататын — «менікі» саналатын баянды істелген еңбек жемісі.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырса? −
дейді ақын.
Өмір философиясын прогесшілдік рухта ұғындыру, адамды өз еркімен болмысты игеруге, өз мүддесін орындауға, өзге күштерден именбеуге, иілмеуге жетектеу — орыс демократтарының аса қасиетті салты. Біздің Абайдың ұстаздық ақылдары да осы мектептен өткізеді. Бұл — Абай лирикасының екінші саласы, шыған данқ, ақындық мәртебе қосқан саласы.
Ақынның реалистік шындықтан өмір сұлулықтарын, туған жері мен туысқан елінің жылы, жастық шақтарын, бақытты кезеңдерін көріп сүйсінулері бір жақты, сыңар тарта мадақтау боп шықпағанын көрдік. Жаратылыстың табиғи қалпындай, Абай жасаған дүниеде жарық пен көлеңке өлшеулері кілең мөлшерлес жүреді. Мұндай безбен әділдігі Абайдың антологиялық өлендерінде де аумайтынын байқадық. Жаратылыстағы гармонияны музыкаша тындап, суретше қабылдайтын Абай, қоғамдық өмірдегі жарамсыздықтарға наразылықпен қарайды; міншіл, сыншыл ақынның көзімен қабылдайды. Ұлттық, адамдық сезімдері тәрбиеге, оқытуға лайықтыларға ұстаздық етеді де, ауру, қырсықтыларға пышақпен кесер оташыдай емшілік құралдарын жұмсайды. Сол себептен біз оны сұлу дүниенің шебер соғушысы Гетеге, бірде жек көргенін жалынға қақтайтын Шиллерге ұсатамыз, бірде Пушкинге, бірде Лермонтовпен үндес, мұңдастығын танимыз.
«Біздің уақытымызда ескі заман (древность) үлгісінде құбылыстарға өз басын қатыстырмай, бақылаушы боп қана қарайтын поэзия болуы (объектившіл поэзия) неғайбыл нәрсе, сонымен бірге таланттың негізінде ғана заманның бақылағыштығы (созерцательность), өмір құбылыстарын өз қатысынсыз көрсеткіштік қабілеті болмаған ақын художник емес; әйтсе де біздің уақытымызда ақынның субъективтік элементінің болмауы — кемшілік», — дейді Белинский Лермонтов өлеңдері туралы 1840 жылы жазған мақаласында. Ұлы сыншының айтуынша: «Шағын ақындарда ішкі субъективтік элементтің басымдығы — ақындық таланттың таяздық белгісі… Ондайлар әдетте қарақан басының кішкене шерін ғана айтады, одан, артылмайды. Ал ұлы таланттардағы ішкі субъективтік элементтің молдығы — гуманизмнің белгісі. Бұл бағыттан корықпаңыз: ол сізді алдамайды да адастырмайды. Ұлы ақын өзі туралы, өзінің «мені» туралы айтып отырып жалпы — адам баласы туралы айтады, өйткені оның, натурасында адам баласына не тән болса, соның бәрі бар. Сондықтан да оның мұң-шерінен өз шеріңізді көресіз, оның жанынан әркім-ақ өз жанын түсінеді де, оның ақын ғана емес, адам, өзінің адамгершілік жағынан бауыры екенін таниды». Бұл сөз жоқ Абайға да лайық баға. Абайдың мұңға батқан, ойға үңілген, опық жеген лирикалары, шығармаларының басым көпшілігі, мұңы кекке, ойы өткір қанжарға, өкініші жалғандықтар мен терістіктерге қарғыс, жаза кесімін айтуға айналатындар да сол шығармалары. Мұндай өлеңдеріндегі конфликт ақынның заманымен, айналасымен келіспеуінен туған. Өмірдегі бадырайған қайшылықтардын өз бетімен жымдаспасын, зұлымдык пен бақытсыздықтың бейбіт бітім таппасын білген ақын барға қанағат, жоққа сабырлық етпейді, ояна бастаған елдің әлі қанаттанып үлгірмеген ой мұратын жырлауға бекінеді. «Жалау»-дағы:
Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап.
Ол жүрген жоқ бақ іздеп
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.
Астында дария — көк майдан,
Үстінде сәуле – алтын күн.
Қарашы, ол бүлік кұдайдан
Сұрайды дауыл күні-түн, —
деген Лермонтов жолдарында Абайдын өз идеалы, өз арманы бар. Абай бұл өлеңді қалам ақы алу, әйтпесе уақыт өткізу үшін аударған жоқ, көңіл-күйіне, ой-тілегіне сай келген соң, өз демін де қоса шығаруға аударған. Абайдың өз өлендеріндегі лептер де осындай. Алыс-алпарыссыз, көнімпаздыққа, тарих мимырттығына, өмір биғамдығына шыдамы жетпеген Абай да Лермонтовқа қосылып дауыл тілегендей, тынық теңізден толқын күткендей.
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа.
Төмен қарап мұндасар
Ой жіберіп әр жаққа.
Абайдың осы өлеңінің жалғасы етіп Некрасовтың:
Буря бы грянула, что ли?
Чаша с краями полна! —
деген жолдарын жалғастыра оқып кетсек, бір ақынның өлеңі боп шыққандай емес пе? Мұнда кездейсоқ ештеңе де жоқ. Жалындамас, кектенбес, қоғамдық құрылыстан мін таппас, «шүкіршілігі» басым Абай болса, орыс классиктері — демократ ақындармен мұншалық үндеспес еді. Онда біз Абайды дүние жаратылысына мейлінше ырза, жеке нашар мінездерге кейімес, өмірден «күйлі, рақатты көңіл» ғана табатын, «олимпиялық сабыр» иесі Феттің қатарынан табар едік. Жоқ, олай емес. Абай Лермонтов, Некрасовтар майданында. Мәселен, Абайдың Лермонтовтан аударма саналатын «Ойын» алыңыз. Бұл өлеңді аударма деуге де, Лермонтов мотивімен деуге де бірдей сыяды. Өлеңнің рухы, өткірлігі мен улылығы, нажағайдай жарқылдаған әрі көркем, әрі үрейлі, аумаған Лермонтов. Ал ашулы ой көзінің дәл көріп, мінеп, сынарлары — қазақ мінездері, қазақ қылықтары.
Келісімді тәтті ой, әр шеберлік
Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік.
Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай,
Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік?
Ерлік туралы сөз желін соқтыруға шебер, бірақ екі ауылдың ортасында тоқымдығы бусанбай, тамақ андып қыдырған кім болуы мүмкін? Әрине, қазақ. Мұны аз десек, «Ойдың» ақырғы шумағын оқиық:
Досың жок, дұшпаның жоқ, тыныш жатасың,
Мал үшін аш қатасың, жан сатасың.
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын!
Ақынды да ауыр ойларға үңілтетін, ашынған сөздер айтқызатын өз заманы, өз замандастары. Өткенді қажаса да тұстастарына сабақ болсын деп айтады.
Мен-дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма лажың?
«Боламын» деп жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім.
Төрт жолда қаншалық опық, канша өкініш, күйініш жатыр. Жалыны сөніп, жас жүзін әжім басқанша қайратты дәуренін босқа өткізген құрбының күйі — халқының да күйі. Ақын жүрегіне ұялаған осы дақ тырнақты аңға айналғандай. Сондықтан да оның аузынан шыққан ашулы сөздер ызалы арыстанның ыңыранғаны секілді. Жүрегіне шер тырнағы батқан ақынның өлеңі де өзгеше: қан ақтарылғандай, жалын атылғандай, кейде дұға, кейде қарғыс боп шығады дүниеге. Ақынның заманы мен замандастары, бүгіні мен ертеңі үшін ауруы деп осыны айтамыз. Ақылдылар арланар да ұялар, ойланар да түзелар деп үміт күткен Абай көп айтқандары құлаққа кірмеген соң:
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын, —
деп сол үшін күрсінген.
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың ашыған у, ойың кермек,
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?
Абай портретінің осы бір шағына аянышсыз қарау мүмкін емес. Біз ой патшасының уланған ажарын көреміз, көз жасын ерлікпен іріккен жанның әр тамшысы тас қайнатардай, өзін жандырардай. Енді соның жалынды мұңға толы көзімен қарасақ, ақын зығырданын қайнатқан тұстарын көреміз. Олар:
«Шыға ойламай, шығандап қылық қылмастар», «Шынға сенбей, жоққа сенетіндер», «Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіретіндер», «Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек, Сабырменен топ жасап бөлек-бөлектер»
Жирендірген дүниесін бұл жолы тізіп атаған ақын, «Қартайдық, қайғы ойладық» деген өлеңінде оларды жинақтап, кескіндері мен әрекеттерін әшкерелейді. «Терін сатпай, телміріп көзін сатып» аларман болғандардың өмір сүру тәсілдеріне қарғыс таңбасын басады. Белинский: «Егер сатираны кексіз күлкі, жеңіл тәлкек, ұсақ қылжақ деп түсінбей, қорланған қоғамның кұрысқан кегі, қаһарлы ызасы деп танысақ, Лермонтовтың «Ойы» дәл осындай сатира», — дейді ғой. Абай лирикаларындағы сатира да дәл осындай. Көк семсердің жүзіндей алып түсер, жандырып жіберер сатира. Біз бұл өлеңдерді оқығанда күлмейміз де, мазақ та етпейміз. Түршіге ойланамыз да: жаманшылық деген осы екен-ау дейміз. Өйткені біз қайырымсыздық пен зұлымдықтың қара жүректерінен сорғалай аққан сасық қанын көреміз.
Лирикаға сатиралық қуат беру, жағымсыз образдар туралы бас-аяғы тұжырымды портреттер сызып, айқын мінездер жасау, ол мінездерді үстірт мазақтамай, әрекетке байланысты психологиялық түрде нақ дәлелдеу өте қиын. Абай ащы лирикаларында гротескілік әдістерді қолданбай-ақ күнәкерлер кейіпін табиғи қалпында масқаралай біледі. Абай мұндай өлеңдерінде де карикатуршы емес, суретші, художник. Оқыңыз:
Қыран бүркіт не алмайды салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап,
Қыран шықса қияға жібереді,
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Тиіп-шығып, ыза қып ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
«Не таптық мұныменен» деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осыменен жүр далақтап.
Кейбір гротескілі сатира жазылған дәуірінен асқан соң, атылып болған оқтай суынады да, басқа тұстың, салт-санасына үйлеспей қалады. «Апыр-ау, осы да бізде бар-ау» деп айнала қаранбаймыз, ізденбейміз. Өткеннің бір келісімсіздігіне жымиямыз да қоямыз. Ал Абайдан алар әсеріміз тіпті басқа. Жоғарғы келтірілген өлеңнің бір сөзі де, бір суреті де көнермеген. Оқып жібергенде, «пәленше-екең», «түгенше-екеңдер» еске түседі. Өзі тындырмай, өзгеге тындыртпайтын далақбайлар кәзір де баршылық: өміріміздің басқа салаларын айтпағанда, дарынсыз жазушы, дәрменсіз артистердің өздерінен-ақ құлақтарынан сүйреп шығаруға болады.
Ақын мен заман арасындағы кайшылық таптық қоғамға тән нәрсе екені рас. Бұған Абай лирикасындағы коғамдық конфликт айқын дәлел. Бірақ бұған қарап бізде лирика конфликтісіз жазылады деген теріс ұғым шықпауы керек. Ақылы кеміс, пейілі теріс, өсу орнына өшетін, адал еңбек орнына ұрылық, қарылық жасауға, пәле жауып, күйе жағуға шеберленген, ауырдың үстін, жеңілдің астын іздейтіндер» әлі де жетерлік. Олар көпшілік арасында, ұлы жұмыстар үстінде әлдекімдердің ығы мен көлеңкесін паналап жүре береді. Жай жүрмейді, зиян келтіре жүреді. Бұлармен лирикашыл ақындар бүгін де, ертең де келіспеуге тиіс, Абай соған үйретеді.
Дос асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегенміз —
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Абайдың бұл пікірі де лирикашылдарға жақсы жолдама. Қосылған жүректер, тауып табысқан достар — адамзаттың үлкен салтанаты, әсемдік туғызар сәні. Бұл да өмір сұлулығы. Поэзияға мұндай сұлулык — биік идеал. Тек қана жалғандықтан жасалған көңіл жүктерін: алдамшы достық, баянсыз асықтықтарды қатты тежеп, аяусыз келекелесін. Сонда ғана ақындық өнер өз орнында айқын тұрады. «Айқындық ұлы ақындардын қасиеті, — дейді Белинский. — Бұл қасиет түгел Пушкинде де бар… Оны жалаң мұңшыл, не трагедияшыл, не комедияшыл ақын деуге болмайды. Оның бойында барлығы да бар. Ең жай сезінудің өзі-ақ оның жырларында барлық пернені түгел басып, барлық шекті түгел сөйлеткендей сайрайды. Сондықтан да оның өлеңдері сырдаң емес». Бұл — Абайға да тән қасиет. Бірде суретші, бірде ақылшы ақын енді бірде әмбе жексұрындықтардан ұшынған ауру жандай дедік. Бірақ соның бәрі — бір Абайдың көп қыры, сансыз сыры, оның айқындық, қоғамшылдық қасиеті. Әйтпесе, көп салалы жырлардың өзара қайшылығы жоқ, барлығында жалғыз-ақ мұрат бар. Ол — туған елінің қамы. Дүниені, адамдық қарым-қатынастарды терең білмей, бір бет сыңар жақ танушылар да болады. Ондай шағын таланттардың қуанышы да, қайғысы да қонымсыз келеді. Олар өмір қайшылықтарының себептері мен келешегіне түсінбегендіктен, я сәл нәрсені идеал көреді де, я сәл нәрседен шошынып, дәрменсіздікке ұрынады. Өзі де ауру, сөзі де ауру, пессимизмге малшынған «бұлбұлдың» жалған әсерден аққан көз жасы — күн жаумай суланған адамның бейнесіне тән, (бұлар туралы кейінірек тоқталамыз). Ал ауыр күрсінген, жылай шағынған Абайдың негізгі тірегі — үміт, сұлулық, әсем гармония. Мұндай өлеңдердің мысалын жоғарыда да келтірдік. Соған «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы», Пушкин, Гете, Лермонтовтардан аударған «Татьяна хатын», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Теректің сыйы», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Қанжар»-ларды қоссақ, жаратылыспен, өмір мақтаны саналар ғажайып дүниелерге кіреміз. Түнгі түн тынысы, көк пен жерді табыстырған тау, бүкіл жер-жаһанның үндестігі, адам мен жаратылыс жарастығы жапырақтар оқыған жұмбақ сырлар, тасқын мен теңіз жаны, табиғат перзентіндей өзі пәк, көңілі де мөлдір таза кыз жүрегі, тот та баспас, тас та сындырмас, кекке соғылған, майданға қайралған, сүйкімді болат қанжар — бәрі де сенімге, шексіз куат-кайрат, сарқылмас үмітке бастайтын жырлар. Замандас пен жас ұрпақтың жарамсыз мінездерін рақымсыз пышақтайтын Абай таза жандарға қолын кусырып, басын да иеді. Оларды да көктен, белгісіздіктен іздемей, өз ортасынан табады.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да:
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да.
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да, —
дейді ұлы ақын. Бұл — адамға, оның ішінде әйелге деген сүйіспендік гимні. Қандай дәуір, қандай құрылыста болса да әрбір жар сүйер жанның шынайы сезімінің, ақ жүрегінін ұраны. Бұл теңдікті, ерікті айтудан да жоғары, бұл — әйелді жүректер табынар махаббат тәңірісіне айналдыру, соған жан-тәнімен, барлық ерік, ииетімен қалтқысыз бағыну. Бұл — қос жүректің бірге соғуы, қос көңілдің біріккен тілегі, қос қанаттың бірге қағылуы. Мұнда «сен», «мен» айырымы жоқ, «сенді» мақсұд туындай көтерген, махаббаттан таусылмас бақыт, күнәсіз ләззат тапқан, күндей ыстық, кеудесі көлеңке түспес жарық -«мен» ғана бар. Бұл — қиналса да сынбайтын, ауырса да өлмейтін, тілегі биік, саулығы берік «мен». Бұл — қазақтың поэзиясына ғана емес, бүкіл адамгершілік санасына революдиялық тың ой салған өлең. «Айттым сәлем, қалам қас»-тағы:
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас, —
деген шумақтарды құмарлық талабындай, уақытша кызықтау ықыласындай, өрескел көретіндер де бар. Бұлай деп жазбаса да өзара айтқандарын естіп жүреміз. Ол дұрыс емес. Бұл да жатқа қарамас, көңілі айнымас Абайдың шын махаббатының сөзі. «Ғашықтық құмарлықпен ол екі жол» екенін Абай өзі үйреткен бізге.
Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да, —
Деп, Абайдың қазак поэзиясында тұңғыш рет жырлауы әйелге ғашықтықтан әлдеқайда жоғары. Бұл — оның адам үшін күресі. Махаббат сұлулығын, оның еркіндігін терең бағаламай, жалпы «бостандық» деп декларация соғудан Абай лирикасындағы махаббат пафосы әлдеқайда қымбат. Абай махаббатты тағдыр, сәтті, сәтсіздік билейді дейтін мистикалық ұғымнан да жоғары, ол адамды сезім мен ақылдан тыс себептерге бағындырмайды, адам еркіне өзі қожа. Сүюге жарамаған ұяңдық басқа күрестерде де осалдық етеді. «Сүюге, махаббатқа үйрету — бақыттылыққа үйрету, әркімнің өзін-өзі қадірлеуге, адамгершілікке үйрету деген сөз… Ең жақсы сүйіспеншілікке тәрбиелеңдер». Абай махаббаты Макаренко койған тілектің жауабындай. Ақынның соншалық үзіліп, жалбарына жазған жырында өкініш сезімнің ине көзіндей саңлауы бар ма? Жоқ. Абай ойда жоқта келе қалар, тоқталмай өтер құмарлыққа (мимолетная страсть) орын қалдырмайды, ұсақ, мещандық сезімшілдікке титтей де берілмейді. Оның жырлап отырғаны — сатылмас ерік, буржуазия қоғамы орнатқан лажсыз бағынып, амалсыз көнер «сауда сүйіспендігі» емес. Махаббат тақырыбын әлеуметтік өмірден бөлмей-жармай, үлкен өмір, үлкен бақыттың, бір бөлшегі деп түсінген ақын, калай өмір сүру, қалай жар сүю керек деген сұрақтарға шек қоймай, сауда-саттықсыз, жарастықтан, келістіктен табылар жүрек еріктеріне қалдырады.
Ұлы ақынның бұл бастамасы — біздің бүгінгі социалистік лирика үшін де ескірмейтін мектеп.
Абай лирикасының поэтикасын толық тексеру біздің міндетімізге кіре бермейді. Әйтсе де ұлы ақынның өшпес өнеріне өзек болар нәрселердің кейбір тұстарына тоқтала кету де қажет сияқты. Абайдың орыс классиктері: Пушкин, Лермонтов, тағы басқалар жасаған халықтық үрдісін, реалистік әдісін кабылдағанын айтумен бірге, солардың мәдениеті мен шеберлік өнерлерін толық игеруі ерекше қызықты мәселе. Орыс классиктерінің мақтаулы үлгілерін аудару әр тұста, әр халықта бола береді, біздің кәзіргі ақындар да көп аударып, оқушы жұртшылыққа көп пайда келтіріп жүр: бұл — халықтың да, жазушыларымыздың да рухани өсулеріне мол жәрдем. Бірақ, Пушкинді, Лермонтовты, Маяковский мен Твардовскийлер жазған белгілі шығармалардың қарасын, ұзын ырғасын қазақшалай салу толық мәнінде аудару емес. Оларға лайық аударушы талант сол өзінен озық мәдениеттің жалпы дәрежесін аңғарумен бірге, ішкі мазмұны мен түрін меңгерген, атақты ақындардың идеясына, пафосына, поэзия жасайтын құрал, аспаптарына қызыққан, ақындық шеберліктерінің құпия сырларына жетіккен болуы шарт. Сонда ғана аударманың құндылығын, аударушының да жақсы өнегеден оқығанын, өскенін танимыз. Ақындық өнер табудың бір жолы осы десек, әлі күнге дейін Абайға біріміз де тең емеспіз. Абай аудармаларына қарап отырсақ, біз қолданатын ұғымдағы «аудармадан» әлдеқайда бөлек, әлдеқайда биік. Ол өлеңнің ұйқас, ырғағындағы формальдық жақтарын ізденіп қоймай, сол шығарманың идеясы мен түр тұтастығына жан беріп, қан жүргізіп тұрған, өлеңнің жеке жолдары былай тұрсын, жеке сөздерінен от шығаратын күштерді табады да, соларды қазақша жеткізетін төлеу береді. Әр сөзді, дерексіз ойларды жанды образдарға айналдырарлықтай жұмсайды, көп сөзділіктен (баяндаудан) табылар ұғымды, сурет, қимыл, әрекет көрсетер сөздерден шығарады.
Онегиннің Татьянаға жауабындағы мына шумаққа қараңыз:
Сенісерге жан таба алмай
Сенделеді ит жүрек.
Тірлікте бір қана алмай
Бұл не деген тентірек?
Формальдық жағынан Пушкинге ұқсамас жерлері табылуы да мүмкін. Бірақ нағыз Пушкин. Осы шумақтың Пушкин лебіне дәлдігі сондай, біз Онегиннің де ішкі, тысқы сипаттарын толық танимыз. Мұндағы өзімізге түсінікті барлық қазақ сөзі Пушкин қажетін мінсіз өтерліктей тың мағына, тың сапаларға ауысқан. Әндей сұлу, көрікті де, мағыналы жолдар Онегиннің жан күйін де, сырт пішінін де жарқ еткізеді: сенісер доссыз жұртта қалған, иесіз иттей тентіреген, тұрағын, үмітін жоғалтқан жанның бір мерзімін бұдан артық дәл сипаттауға болмайды.
Көңлім менін қараңғы,
Бол, бол, ақын! —
деп те қазақ айтқан емес, ал Абай аудармасында алғашқы үш сөзде Байронның бүтін тұлғасы жатыр. Жоғарғы келтірілген екі мысалдан кейін Абайдың өз шығармасындағы:
Күнгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа…
немесе:
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой, —
дейтін жолдарынан қандай әсерленетініміз өзінен-өзі белгілі. Озық үлгілер, ғажайып шеберліктер күйеше жұға салмайды, ол машина тетіктерін үйренуде емес; ол — адамның рухани түлеуі, ой көзінің ашылуы, гуманизм туын көтеретін кемеңгерлік дәрежеге жетуі. Мұндай дәрежеге жетпей ақынның әр ісі еліктеушіліктен аспауы, өзіндік тұлғаға (самобытный) айналмай қалуы әбден мүмкін. Абай мәдениеті мен гуманизмі орыс классиктеріне теңелгендігі сонша, ол барлық көріністер мен құбылыстардың сыртқы бейнелеріндегі айырымдарымен бірге ішкі рухани тірліктерінің де мәнін терең таниды. Ақынның оларды танытатын ой көзі, кеуде сәулесі бар.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмағанға айтпа сөз,
Сәулең болса кеудеңде
Мына сөзге көңіл бөл, —
дейтіні де сондықтан.
Татьянаның Онегинге жазған хаты беріле, таза, кіршіксіз жүрек пен қалтарыссыз сүюдін тамаша үлгісі екенін бәріміз де білеміз.
Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім
Өз басымды қолыңа, —
ға қандай еліксек, қандай сенсек, Абайдың:
Шыдайды риза болып жар ісіне
Қорлық пен мазағына табынса да,
сына да сондай елігіп, сондай сенеміз. Оқу, үйрену жолында шәкірттіктен асып, өзіндік жол табу, ұлы ақындарға теңелу жұрттың бәрінің қолынан келе бермейді. Бәріміз бірдей Абайдай дәрменді болсақ, қазақ поэзиясының маңдайы жырта қарыс ашылар еді. Бірақ талпынбасқа да ақымыз жоқ. Ол үшін Абай тұлғасын жете тануға, оның табыстарын жетік білуге міндеттіміз. Жаратылысындағы күшті қасиетінің үстіне ұлы өнер тапқан Абайдың өрелі пікірлер айтуда ұстаздарына теңелгенін оның қай шығармасы болса да растайды.
Қара жұрт қарап көріп, сөзге нанбас,
Ант етемін жалғанын жан таба алмас.
Өзі алданып, өзгеден соққы жеген,
Және өзі біреуді алдай алмас» (Лермонтов)
Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен жанса, күйсе,
Қырмызы қызыл жібек бозбалалар
Оңғақ бұлдай былғайды бір дым тисе (Абай)
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенмен боласын тең (Лермонтов)
Көп адам, дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған (Абай)
Екі ақынның ақындық, ойлылық теңдестіктерін, тілек, мұрат ұқсастықтарын көптеген мысалмен дәлелдеуге болады.
Оқу, үйренудің нәтижесі рухани толығу, биік идея табу десек, ол жалпылай айтқан ғана сөз болар еді. Ақын, жазушы болмай-ақ білім иесі, түзу идея иесі болғандар мың сан. Мәселе ақын ерекшелігінде. Абай поэзияның міндет, қызметін ұлы ойшылдарша ұғыну үстіне оның пафосын да Пушкин, Лермонтовша тапқан ақын.
«Пафос не?» — деген сұрақ қойып, Белинский былай жауап береді:
«Шығарма ермек емес. Қөркем шығарма іш пысқандықтан, көңіл көтеруден тумайды. Ол художниктің еңбегі: жаңа шығарма дәнінің жүрегіне калай түскенін ақын өзі де білмейді , бірақ кеудесіне кірген поэзиялық ұрықты бала көтерген анадай әбден піскенше о да көтереді. Шығармалық процесі де бала туу процесі сияқты рухани толғату, қиналуы да сол тәрізді. Егер ақын еңбекпен іс тындыруға, шығармалық ерлік етуге бекінді десек, ол жайшылық емес, оны еріксіз айдап, жетелеуші бір ұлы күш бар, мойын бұрдырмас құмарлық (страсть) бар. Осы күш, осы құмарлықтың аты — пафос. Пафоста идея ақынға жанды сұлулықтай көрінеді, өзіне ғашықтай талпындырады, идеяға ол санасымен де, сезімімен де емес, барлық жаратылысымен сарқыла беріледі.
Сондықтан да ақын шығармасында идея дерексіз ой, өлі форма емес. Жанданған мазмұн мен оның жанды формасы өздеріне қуатты идея дарығанын, жамау-жасқаусыз сыналасқан бірлестіктерімен растайды. Идея мен форма арасында шек жоқ, екеуі де бүтін, табиғи жаратылыс. Идея санадан шығады: бірақ тірі өмір жасап, оны туатын — махаббат, дерексіз идея мен ақындық идеяның айырмасы да осында. Алғашқысы — ақылдың, соңғысы — махаббат, құмарту жемісі. Ендеше, мұны пафос дегенше, құмарлық деп неге атамаймыз дерсіздер. Онда да мән бар: «құмарлық» — сезімдік, пафоста нравтық ұғым басым, құмарлықта даралық, өзімшілдік көп, одан құнсыздық, пәс-төмендік табылуы да мүмкін. Әйелге емес, әйелдерге, даңққа емес, абыройға құмарлық та болады. Ақшаға, шарапқа құмарлықтарды да ұмытпауымыз керек. Құмарлықта — таза сезімдік, қандық, жүйкелік, дүниелік, тәндік әрекеттер жиі кездеседі. Құмарлық, тіпті қан толқытып, жүйкеге тиер құмарлық пафоста да жеткілікті. Бірақ пафос — адам жанында идеядан тұтанар, кашанда да идеяға бастар құмарлық. Сондықтан да ол — таза, рухани, нравтық, тәңірі ұйғарғандай құмарлық».
Сөйтіп, Абай шығармасы — шынайы поэзия-пафос. Оның лирикасы қандай такырыпқа жазылса да я шексіз сүйінуден, я шексіз күйінуден туады. Толғатпай, күймей, қиналмай, қаны тулап, жүрегі алқынбай жазылған жыр Абайда некен-саяқ. Сондықтан да Абай шығармасының идеясы мен формасының жігін айыруға болмайды. Пафос туралы айтқан Белинский пікірін Абай одан да асыра, нағыз ақын тілімен растайды.
Адамның кейбір кездері
Көңілдеи алаң басылса.
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса.
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай.
Кірлеген жүрек өзі ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінін күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Куатты ойдан бас құрап
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға
Шиыршық атар толғанар,
Әделет пен ақылға
Сынатып көрген, білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсең де өзің біл.
Шабыт процесін бұдан артық көрсету қиын. Дерексіз — абстракциялық ұғымдарды да бұдан артық жандандыруға, көзбен көріп, қолмен ұстағандай ету мүмкін емес шығар. Ақын кеудесі әлемнің өзі сияқты: кұрсаған бұлты тарап, алаңы басылғанда, кіршіксіз аспаны ашылады, шабыт күні жарқырап, көңіл ұйқыдан көзін ашады. Томағасы сыпырылған қырандай қаранады. Ол кезде әделет иесіне айналған ақын жүрек кірін жуынған, дүниелік доңыздықтардың бәрінен жоғары, ол — ақ таразы, әделет қолындағы семсер. Жақсылық, күнәны әділ өлшейді, надандықты, зұлымдықты қандата жазалайды, долы қол, ызалы жүрек әмірін орындайды. Пайғамбар ақын жалпақ қауымның күткенін сөйлейді. Ақын кәзір тас бұлақтың суындай сылдырлаған әсем келісімге (гармония) ғана ғашық. Сұлу келісім оның көзінде ерке жардай ең қымбаты. Оның аты — идея. Сол идея қозғау салғанда, қуатты ойдан бас құраған еркін сөздер де еркелене шығады. Сонда жанды күйге айналған мазмұн мен форма дегеніміз осы сөздердің қуатты ойдан толғағы пісіп шығуына, әлемге бояулы, дыбысты өмір ала келуіне байланысты. Жаңағы өленнің лирика туралы лирика, ән туралы ән боп қабылдануы да сондықтан. Мұның бір сөзі ғана ма, бір дыбысын алуға я өзгертуге болмайды. Егер өзгертеміз, өзге төлеу табамыз десек, Абай толғатқан күйді, сол дәрежеде басымыздан кешіріп көрейік. Онда әр сөзді теңіз толқынына жуып, атар таң, батар күн шапағымен бояуымыз керек, әр сөзді қаңтардың аязы, көрік үрлеген жалынмен шыңдауымыз, содан кейін оларға сылдырлаған әлем келісімінің сиқырлы үнін, данышпандық сөйлер тілін беруіміз керек.
Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың көп бақпасаң.
Көленкесі түседі көкейіңе
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Абай әділ айтады. Бұдан шығатын қорытынды: әрбір шын мәніндегі ақындық шығарма — пафостың жемісі. Пафоссыз жазылған жырдан ойға жылылық, бойға қуат боларлық ештеңе іздеуге болмайды. Өйткені онда жанды да, жарқын идея жоқ, одан қорғасындай бірге құйылған поэзиялық мазмұн, түр күтудің де қажеті аз. Ал шабытсыз, күшпен қосылған жалаң идея — жансыз идея. Ол шығарманың өлі дүние екенін ғана танытады. Мұндайлардан көркемдік құн іздеушілер я қателескендіктен, я эстетикалық кабілеттен жұрдай болғандықтан ғана іздейді.