Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Қабай. АБАЙ ЖӘНЕ ОНЫҢ ПОЭМАЛАРЫ

Қабай

Қытайда Абайды алғаш рет аударып зерттеген адам Қабай болды. Қабай — Абай десе ішкен асын жерге қоятын ғалым, зерттеуші әрі аудармашы. Ол мына мақалада Қазақстанда Абай туралы жарияланған көптеген материалдарға сүйене отырып, оны қытай халықына жүйелі түрде таныстыруға тырысқан. Мақала негізінен Абайдың өмір жолы, шығармашылығы және оның өлеңдеріне талдаулар секілді бірнеше бөлімнен тұрады.

Абай – ХІХ ғасырдағы қазақтың әйгілі ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, қазақ халықының алға басуына зор үлес қосқан ойшыл әрі қоғам қайраткері. Қазақ арасында Абай жайлы сөз бола қалса, мейлі қай ру немесе ауыл болмасын, барлығы тіл табыса кетеді; егер Абайдың бірер өлеңін жатқа білсең, тіптен ерекше сый мен құрметке бөленесің. Осыдан Абай өлеңдерінің халық арасындағы терең ықпалы мен Абайдың қазақ халықыт жүрегіндегі алар орнын көруге болады. Абай шығармалары ХХ ғасырдың алдыңғы жартысында-ақ көптеген тілдерге аударылып, Орта Азия халықтары арасында кеңінен тарап, «ХІХ ғасырдың соңғы жиырма бес жылындағы қазақ халқының нағыз энциклопедиясы» деп бағаланды. Алайда, біздің ұзақ жылдардан бері Абай мен оның шығармаларына деген бағалауларымыз бен зерттеулеріміз жеткіліксіз болды. Бұл кітапта Абайдың шығармашылық жолын қысқаша таныстырып, әрі оның өлеңдеріне бастапқы зерттеулер жасаймыз, және оқырмандардың қымбатты ой-пікірлер білдіруін күтеміз.

І  ӨМІР БАЯНЫ

1845 жылдың 10 тамызында Абай орталық Азияның Шыңғыстау өңіріндегі Тобықты руында дүниеге келеді. Әкесі Құнанбай сол рудың билеушісі, әрі феодал заң ережелердің қорғаушысы еді. Алайда шешесі Ұлжан жаны жайсаң, әділ, істің жөнін білетін кісі болды. Шешесінің мәпелеп тәрбиелеуінде, бала Абай бақытқа жарай феодал жанұяның, әсіресе Құнанбайдың ықпалынан аман қалды. Абай жастайынан өлеңге жаны құмар болды. 1855 жылы, он жасқа жаңа толған Абай, «кім екен деп келіп ем түйе қуған» деген шағын өлең шығарады. 1857 жылы Абай семей қаласындағы Ахмет Риза бастауыш мектебіне (медіресе) түсіп оқиды. Мұнда Абай ұстаз белгілеген сабақтан басқа, Араб, Парсы және шығыстың басқа халықтарының тілдерін өздігінен үйреніп, Низами, Физули, Фердауси, Науаи қатарлы шығыс ғұламалары әрі ақындарының классикалық шығармаларын оқиды. Дәл осы шығыс ақындарының сан құбылып құлпырған өлеңдері, ең алғаш Абайдың шығармашылыққа деген ынтасын оятады. Абай шакірт кезіндегі өлеңдерінің барлығы араб, парсы тілдерінде жазылған. Семейдегі кезінде, Абай орыс ауылындағы бастауыш мектепке де барып оқып, Пушкин, Лермонтов, Крылов және Тургенев қатарлылардың шығармаларымен де танысады. Орыстың озық әдебиеті Абайдың ойы мен шығармашылығына пайдалы ықпал етеді. Дегенмен Абай дарыны тасыған жастық шағында өзінің шығармашылығын бастаған жоқ. Сол бала шағында-ақ, Құнанбай Абайды өзінің мұрагері етіп қояды. Бастауыш мектеп бітірмей-ақ Құнанбай оны рудың іс-қызметтеріне араластырады. Абайдың жастық шағы дерлік Құнанбайдың қатаң бақылауы мен басқаруында өтеді. Алайда Абай өзінің арманын еш қашан ұмытпайды, жағдай бола қалса айналасында болып жатқан барлық істерге көз салып, өз болашағына ой жүгіртеді. Он жылға созылған шабармандық өмірінде Абай Жайлым иелері, байлар, діни жоғарғы тап өкілдері мен ру басылары жайнаған алты қанат ақ үйде жүргізген пасық алым-берімі мен зұлымдық қылықтарын көзбен көреді, бұл оның әділетшілдік сезімін тулатады. Ол әкесімен қарама-қайшы өмір жолын іздемекке бел шешеді, сонымен өзі туып өскен ақ сүйек әулиетінің қарсы жағына өтіп, әрі соңында ашық қарсылыққа шығады.

1876 жылдың басында, халықтың ұсынуы мен қоллдауында, Абай халыққа бақ орнатып, жаманшылық пен күреспек мақсатында Қоңыр Көкше руына болыс болып сайланады. Алайда көп өтпей, Қоңыр Көкше руынның басшылары мен жоғарғы адамдары, таптық мүдде мен рулық сыңаржақтылықтан түрлі жалаларды қолдан жасап аудан мен обылыс орталығына Абайдың атына арыз береді. Абай үш жылдық қызмет кезінде үнемі семей өңірлік сотының тергеуіне ілігеді. Ру аралық алауыздық пен таптық қақтығыстар араласқан тым күрделі жағдай да, Абай мен халық арасындағы байланысты үзіп кете алмады, ол үнемі еңбекші халық жағында тұрды. Абай ұсынған саяси жобалар көптен көп қалың кедей бұқараның мүддесін көздеді, бұдан ол халықтың қолдап құрметтеуіне ие болды. 1884 жылы, жеті жүз адам сотта куә болып, Абайды қолдап, арызданушының әдейі Абайға жала жапқандығын мойындатады. Бұл жазықсыз жаланың дұрыс шешіммен аяқталуы Абайдың халық арасындағы сенімі мен абыройын тіптіде асқақтатады. Осыдан бір жыл өтпей-ақ, семей өңіріндегі бес ауданның ру өкілдері Қарамолада өткен үлкен жиында, Абайды төбе би етіп сайлайды. Бұл жиында Абай өзі құрастырып әрі қол қойған «Қазақтың  жетпіс төрт тармақты жаңа заңы» ( «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері» – аудармашы) қабылданады. Бұл жаңа заң Абайдың кейбір озық ойларын заң түрінде бекітіп, қаналған, езілген қалың бұқара халыққа сол кездегі жағдай мүмкіндік берерлікдей өз пайдасын тигізеді. Бұл іс қазақ халықының тарихында маңызды эпизод болып қалды.

1885 жылы, Абай қазақ даласына жер аударылып келген орыс демократтары Михаэлис, Долгополов қатарлы адамдармен танысады, сөйтіп прогрессшіл демократиялық ойларды қабылдайды. Бұл кезде ол халықты ояту мақсатында, халық өзі сүйіп, ұнататын жыр-өлең түрінде ғылым мен демократияны батыл дәріптеудің қажеттілігі кезек күттірмейтіндігін сезді. Нақты айтқанда, Абайдың шығармашылық іс-әрекеті ХІХ ғасырдың сексенінші жылдардының орта кезеңінен бастау алады. Бұдан бұрын Абай тек саны жағынан аздау үйреншік өлеңдер ғана жазған.

1886 жыл Абай өлең туындыларын ең көп жазған бір жыл болды. Бұл жылы ол жиырма неше өлең жазады. «қалың елім қазағым, қайран жұртым», «ат сыны», «күз» қатарлы әйгілі туындылар осы жылы жарық көрген. Егер бұдан бұрынғы Абайдың үйреншік өлеңдерінен, халық жай ақындардың суырып салма өлеңдерінен тәуірлеу өлеңдерді байқаған болсада, бұл бір неше өлеңді оқығаннан кейін, қазақ халықы өздерінің талантты ақынының бейнесін көре бастады.

1888 жылдан 1889жылға дейін, Абай шығармашылықтан үлкен табыстарға жетті. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай», «сегіз аяқ», «жігіт сөзі», «қыз сөзі» секілді Абай ойының тереңдігі мен көркемдік стиліне өкілдік ететін көптеген тамаша өлеңдер, көбі осы уақыт аралығында жазылды. Бұл кезең Абай шығармашылығының шыңы деп айтуға болады. 1889 жылы Дала уәләяты газетінде бірінші рет Абайдың «жаз» және «Күлембайға» деген екі өлеңі жарық көреді. Осыдан Абай есімі тіпті де көп адамдарға таныла бастайды, әрі ықпалы да кеңейеді. Осы жылы шығармашылық пен қатар, орыс ақыны Пушктннің «Онегин» поэмасын қазақша қайта өңдеп жаза бастайды.

1890 жылы, орыстың Европадағы белгілі бір өңірінде туратын қолбасшысы Барон Таубе ақ патшаның атынан семейге келіп жергілікті рубасыларына шен беріп марапаттау кезінде, Абай оны қатты ашуға толы сөздермен сынаған болатын. Бұл іс өкімет пен жоғарғы тап топтарының қатты назарылығына ұшырайды. 1898 жылы Азберген қатарлы ру басшылары Абайға қастандық жасамақ болады. Достарының қорғауында Абай қастандықтан аман қалады. 1903 жылы Абай мен ұлы Мағауяның семейдегі үйі себепсіз өкіметтің тінтуіне ұшырайды.

Өмірде бастан кешкендер Абайға халықты тәрбиелеу үшін қазақ халықының өткені мен бүгінін зерттеу керек екенін сезінтеді. 1890 жылдан бастап, Абай өзінің қара сөздерін жаза бастайды. Бұл кітап абайдың көп қайрат-жігерін сарқады. Бұл кітапта ХІХ ғасырдағы қазақ феодал қоғамының саяси, экономикалық, оқу-ағартушылық, моральдық, салт-дәстүрлік және басқа түрлі жақтарының жағдайы мен мәселелерін қамтылған, қазақ тарихы мен қоғамдық өмірін зерттеудің ең алғашқы құжаты, көп кезіге бермейтін әдеби тарихи материал, әрі Абай өз халықына қалдырған құнды мәдени мұра.

1898 жылы, Абай жасы ұлғайғаны себепті, барлық қоғамдық әрекеттерін тоқтатып, шығармашылыққа толығымен кіріседі, әрі өмірден озғанша тоқтатпайды. Абай өмрінің соңы едәуір мұңлы болды. Ең сүйікті ұлы, талантты Абдрахман жиырма жеті жасында қайтыс болады, тағы бір ұлы Мағауя да Абай қайтыс болатыннан бір неше ай бұрын өмірден өтеді. Арт-артынан келіп жеткен бақытсыздық, Абай рухани дүниесіне зор күйзеліс алып келеді. Өзінің «ауру жүрек соғады ақырын жай» деген өлеңінде,

 

Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын

Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін

Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап

Кетірер деп, мазақтап, беттің арын, —

 

деп көз жасымен жүрегінің жарасын баян етеді.

Өмір жолы тарғалаң болғанымен, Абай өз сенімінен еш қашан тайған емес. Тіпті тұйыққа тірелген кездерде де, ол еш қашан үмітсіздеген емес, ол өз халықының қашан болмасын бір күні мәдени даму жолына, бақыт жолына түсетініне сенді. 1896 жылы ол «Көңіл қыраны» («Қөңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» – аудармашы)  деген өлеңінде өз сенімін былай көрсетеді:

Өткен өмір мұз, қыраудай болса да

Келер күндер күн шуаққа шомылар

 

 

(Өмірдің алды –ыстық, арты – суық.

Алды – ойын, арт жағы – мұңға жуық–аудармашы)

 

 

   Алайда Абай жаңа дәуірдің шуағын өз көзімен көре алған жоқ, бұл оның өмірлік арманы болды. 1898 жылы жазылған өлеңдерінен оның орындалмай қалған ұлы мұратына деген қайғысын көре аламыз. Ол кейін қалған еліне өзіне түсіністікпен қараса екен деген тілекте болды:

         Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?

         Өткір тіл, бір ұялшақ қыз болмай ма?

         Маһаббат ғадауатпен майдандасқан

         Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

         Жүрегіңнің түбіне терең бойла

         Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла

         Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім

         Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма

         Жасымда албырт өстім ойдан жырақ

         Айлаға, ашуға да жақтым шырақ

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым

Етекбасты көп көрдім елден бірақ

         1904 жылы 23 Мамырда, Абай өз туған ауылында ауырып қайтыс болады. Оның қазақ халықының әншісі, ұлы реалистік ақын ретіндегі жарқан бейнесі халық жүрегінде мәңгілік ескерткіш болып сақталады.

ІІ  АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ МАЗМҰНЫ

Абайдың өлеңдері көп те емес, жалпы саны екі жүзге жетпейді, бірақ мазмұны өте бай. Өткір әрі күрделі таптық талас-тартыс, шым-шытыр ру аралық алауыздықтар, сан қилы дала қақтығыстары әрі құлай сүйген ғашықтардың трагедиялары мен өмірдің ыстық суықтары, барлығы Абай шығармасынаның тақырыбы болды. Әйгілі жазушы, Абай өмірі мен шығармашылығын зерттеуші Мұқтар Әуезов былай деген, «Бұл ұлы реалистік ақын, дәстүрлі өлеңнің тар аясын кеңейтіп, қазақ поэзиясына көптеген жаңа тақырыптар енгізді, қазақ реализмінің толық әрі көп қырлы бейнесін қалыптастырып, сол замандағы қазақ қоғамының түрлі тап өмірін көрсете білді.» Абай өлеңдерінде философиялық өлеңдер мен саяси лирикалар көп бөлігін алады, оның ішінде әйгілісі, «жасымда ғылым бар деп ескермедім», «әсемпаз болма әрнеге», «талай сөз бұдан бұрын көп айтылған», «малға достың мұңы жоқ малдан басқа», «сенбе жұртқа тұрса да қаша мақтап», «Күлембайға» қатарлылар. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деген өлеңді де осы қатарға қосуға болатындай. Бұл өлеңнің кең таралуы, кезінде қазақ руларының әр табында дүмпу тудырған.  Төменде алғашқы бірнеше жолын келтіріп көрейік:

Қалың елім, қазағым қайран жұртым

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың

Жақсы менен жаманды айырмайсың

Бірі қан бірі май боп енді екі ұртың

Бет бергенде шырайың сондай жақсы

Қайдан қана бұзыды сартша сыртың

         Абай өз ұлтын әдейі жаман көрсетейін деген емес, кеудесіндегі ызаны шығарып бір рахаттанайын деген мақсатта да емес. Ол өз ұлтының бір жағынан орта ғасырлық надандықтың құрсауында болып, бір жағынан өзіне өзі табынып масайрап жүргенін көріп шыдай алмайды. Абай тек осылай қатал айтып, шынайы өмірдегі дертті тереңінен көрсете білгенде ғана халықты селт еткізе аламын деп сенеді. Абайдың мақсаты халықын серпілтіп жаңа өмірге аяқ бастыру. Тоқтаусыз кеткен ру аралық алауыздықтан жоғалған ұлттық абырой мен өмір идеалын қайта қалыптастыру.

         «Күлембайға» деген өлеңінде өткір сатиралық мағына бар. Абай халық мойнына мініп ойына келгенін істейтін ру басын айнытпай суреттеп, оқырмандарға ру басының сиқысыз бейнесі мен жиренішті қылығын елестетеді:

Болыс болдым мінеки

Бар малымды шығындап

Түйеде қом атта жал

Қалмады, елге тығындап

Күштілерім сөз айтса

Бас иемін шыбындап

Әлсіздің сөзін салғыртсып

Шала ұғамын қырындап

«сыяз бар» десе, жүрегім

Орнықпайды, суылдап,

Сыртқыларға сыр бермей

Құр күлемін жымыңдап

Егер бұл өлеңді әлі де ақынның ызалы көңілінің табиғи көрінісі деп білсек, онда көп өтпей жазылған «мәз болады болысың» деген өлеңі ақын көкірегіндегі ызалы оттың жарыла шашылған жалыны деп білеміз:

Мәз болады болысың

Арқаға ұлық қаққанда

Шелтірейіп орысың

Шенді шекпен жапқанда

Оқалы тон тола ма

Ар-ұятын сатқанда?

Осы да есеп бола ма

Ар, абүйыр тапқанға?

Сырттай қарағанда бұл өлең ру басыларына деген сын есебінде, шын туайтында бұл сөздердің барлығы патша үкіметіне қаратылған. Абай патша үкіметінің Азия сахарасында емін-еркін өскен қазақ хаылқына деген надандық саясатын аяусыз әшкерелейді. Ол өз халықына шекпен мен бірге кісенді де киіп алмауды ескертеді. Бұл өлеңді ақын ойының шарықтауы шыңы деп айтуымызға болады, әрі бүкіл шығармасының өзегі, Абай асқақ моралі мен оның ұлт жандылығының белгісі.

Абай жазған маһаббат лирикасы да көп емес, алайда барлығы да тамаша туынды қатарында. «жігіт сөзі» мен 1889 жылы жазылған «көзімнің қарасы» қатарлы өлеңдер феодал түзімге айтылған жаза үкімі секілді. Бұл өлеңдер феодал заң-жоралардың ауыр қысымындағы қыз, жігіттердің ашу-ызасы мен олардың идеалды қоғамдық түзімге деген арманын білдіреді:

Қайғың болса шермен тең

Қара көңілім жермен тең

Сенсіз маған жат төсек

Болар бейне көрмен тең

(Қыз сөзі)

 

         Жүректен қозғайын

         Әдептен озбайын

         Өзі де білмей ме

         Көп сөйлеп, созбайын

                                     (Көзімнің қарасы)

Бай қартайса, малына берер шылбыр

Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр

Біреудің қызын алып малға сатып

Баяғыны іздеген қандай құрғыр

(Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында)

Бұл өлең жолдары халық жүрегінде тудырған дауыл, ХХ ғасырда қазақ халықы жаңа қоғамдық түзімді қарсы алып, жас жігіттер мен қыздар еркін маһаббатқа, қалауы бойынша табысу құқығына қол жеткізген шақта ғана біртіндеп басылды.

Абай кей өлеңдерінде, сахара көркі мен қазақ халықының өмір келбетін суреттей жазған. Мысалы, «көктем», «жаз», «күз», «қараша желтоқсан мен сол бір екі ай» ж.т.б.. Бұл өлеңдерден сахараның қою исі аңқып тұрады, әрі адамға бейне сол сахарада тұрғандай әсер қалдырады. Алайда Абай натуралисттермен ұқсамайтыны ол қашанда өмір шындығына тән нәрсені қағыс қалдырмайды, сахараның бұрқаған қарлы боранын суреттегенде киіз үй ішіндегі аштық пен қиыншылықты, өмірдің ауыр жүгін арқалаған ақ қар көк мұзда алысқан кедей малшыны ойға алады. Төмендегі өлең жолдарынан Абай өлеңінің осындай ерекшелігін көре аламыз:

Кедейдің өзі жүрер малды бағып

Отыруға отын жоқ үзбей жағып

Тоңған иін жібітіп, тонын илеп

Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып

Жас балаға от та жоқ тұрған маздап

Талтайып қақтана алмай, өле жаздап

Кемпір шалы бар болса, қандай қиын

Бір жағынан қысқанда о да азынап

Қар жауса да тоңбайды бай баласы

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы

Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай

Артық қайыр артықша қызметке орай

          (Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай)

         Кедей малшылар Абай өлеңдерінен, күні бойы қарны тоқ, мәртебе мен игілікке бөленіп жүрген паразиттерді жетілдірген өздерінің еңбегі екенін сезеді; жайлым иелері мен байлардың ашшы қанауы мен, ру басылары мен дін басыларының берсе жолынан, бермесе қолынан алатын қылығы, өздерінің кедейлесіп күйреуіне әкеліп соққанын түсінеді. Солайша өздерінің еңбегінің құны мен өз еңбегінің жемісін өзі көру қасиетті құқығын түсінеді. Бұл Абайдың реалистік шығармашылық тәсілі мен оның өлеңдеріде көрініс тапқан халықтық қасиеттің алып құдіреті.

Абай «ескендір» қатарлы үш поэма да жазады, незігі ойы зорлық-зомбылық, ашкөздікпен күресіп, ақиқат пен еңбекті жырлау, адал маһаббат пен асқақ рухты мадақтау. Әсерлі әңгімелер, көркем өлең жолдары арқылы баяндалып, оқылғанда ырғаққа толы болып, адамды еліктіріп ала кетеді.

Абайдың лирикаларының көбі 1890 жылдан кейін жазылған. Олардың көбі халық арасында кеңінен тарап ел сүйетін тамаша шығарма болды. Мысалы, «ғашықтың тілі тілсіз тіл», «Ғабидоллаға», «ауру жүрек соғады ақырын жай», «жүрегім менің қырық жамау», «жапырағы қуарған ескі үмітпен» ж.т.б.. Тек осы өлеңдердің тақырыбынан-ақ, біз Абай өмірінің соңындағы шығармаларында тіпті де молайған мұң-зарды байқай аламыз. Бұнда ауыр жағдайлардағы күрсінулер, азаптанғандағы қан жылаулар жатыр. Бұндағы күрсіну мен жылаудың барлығы ұлттың бақытсыздығымен, дәуірдің азабымен бірге қатар жатыр:

Жүрегім менің қырық жамау

Қиянатшыл дүниеден

Қайтіп аман қалсын-ау

Қайтқаннан соң әрнедеен

                       (Жүрегім менің қырық жамау)

Көзіме жас бер, жылайын

Шыдам бер, сабыр қылайын

Жаралы болған жүрекке

Дауа бер, жамап сылайын

                      (Есіңде бар ма жас күнің)

Бұл өлеңдер қанды жасқа малшынып тұрсада, әліде атойлаған сардардың ұраны, дәуір үшін, халық үшін уәйім-қайғы ойлаған ұлы жүректің тозған заманға деген шағымы. 1897 жылы Абай өзінің қиындыққа толы шығармашылық жолын еске ала отырып, төмендегі өлең жолдарын жазады:

Бір күйгізіп, сүйгізіп

Ескі өмірді түргізіп

Өмір тонын кигізіп

Жоқты барғып, жүргізер

Ішіп, терең бойлаймын

Өткен күннің уларын

Және шын деп ойлаймын

Жұрттың жалған шуларын

Тағы сене бастаймын

Күнде алдағыш қуларға

Есім шығып қашпаймын

Мен ішпеген у бар ма?

                       (Құлақтан кіріп бойды алар)

Абай өз өмір жолында тар жол тайғақ кешсе де, еш қашан «үмітсізденіп, тартыншақтаған» емес. Ол еш қашан да өз сенімінен таймай, көздеген мақсатынан жаңылмай, өмірінің соңғы сәттеріне дейн жүріп өтті.

Шет елдегі Абайтанушылар, оның «төңкерісшіл демократияшыл дүние танымы биігіне дейін көтеріле алмағанына» өкініш білдіреді. Елімізде әлі ешкім бұл жөнінде терең талқылаулар жасаған емес. Мұнда Абай дүние танымы жайлы көп жазып талдамай-ақ қояйын, бір айтакететіне: Абай өз дәуірі оған жүктеген тарихи міндетті орындады – оның өлеңі таң алдындағы самал жел спетті, қазақ даласындағы қаптаған қара тұманды сейілтті, қазақ халықының оянуына орасын үлес қосты.

ІІІ  АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Абай өлеңдерінің ерекшелігі көптеген қырларынан байқалады, мұнда тек жеке өзім тереңірек әсер алған қырлары жайлы біраз таным-түсінігімді айтайын.

Тақырыптық және мазмұндық жағынан алғанда, Абай өлеңдерінде ұлтқа, руға, тап өкілдері тағдырына қатысты маңызды қоғамдық тақырыптар жатыр, әрі күнделікті өмірдегі талас-тартыс, адамдар арасындағы қуаныш пен қайғы және сахарадағы төрт маусымның пейзажы суреттуледі. Абай тәрбиелік мақсатта, көптеген ынтымақты, еңбекті, ғылымды, мәдениетті, достықты, ж.т.б. мадақтаған философиялық шығармалар жазады. Абайдың философиялық өлеңдері, оның лирикасымен қоса өміршеңдікке ие. Себебін қарастырар болсақ, бір жағынан, өлеңнің өзіндік ақиқаттық астарында болса, екінші жағынан, бұл философиялық өлеңдерде лирикамен бірдей көркемдік тартымдылық бар. Бұл ақынның асқан суреткерлік өнерімен қоса, өзі осы философиялық өлеңдерді жағанда шын жүректен тербеп жазуының маңыздылығында. Ақын өзінің өлеңімен қоса қырық жамау болған жүрегін де халыққа арнағандай. Осы себептен, кейбір оқырмандар Абайдың кей ойларын бастапқыда қабылдамағанымен, өлеңдегі шалқыған сезімге бой ұрады, уқыттың өтуімен әрі өз өмір тәжірибелері, оқырман жүрегінде үндестік оятады. Тарих мұны әлде қашан дәлелдеген.

Абайдың кейбір философиялық өлеңдері, істің жөнін абстракты түрде ғана дәріптемейді, қайта қазақ поэзиясында үнемі қолданылатын теңеу әдістерін қолданады, көрнекі теңеулер мен образды сөздер арқылы оқырманды елітеді. Төменде 1889 жылы жазылған «Сәулең болса кеудеңде» деген мына өлеңін мысалға алып көрейік:

Берекелі болса ел

Жағасы жайлау ол бір көл

Жапырағыжайқалып

Бұлғақтайды соқса жел

Жан-жағынан күркіреп

Құйып жатса аққан сел

Оның малы өзгеден

Өзгеше боп өсер тел

Берекесі кеткен ел

Суы ашыған батпақ көл

Құс қаңқылдап, жағалап

Сулай алмас жазғы төл

Оның суын ішкен мал

Тышқан тиіп, аспас бел

Көл деп оны кім айтар

Суы құрсын, ол бір шөл

Бұл өлең жолдары, оқырман көз алдына екі қарама-қайшы суретті елестетеді, суреттің түрлі бейнесінен, бейнеленген көңіл-күйінен және атмосферасынан, оқырман ынтымақ ру адамдарына қаншалықты маңызды екендігін түйсіне алады. Бұл осы өлеңнің тақырыптық ой өзегі.

Абай адамдар оңай байқай қоймайтын тіршілік құбылыстарын суреттеуге шебер, осылайша өмірдің шын мәнін ашпақ болып, адамдарға ой салады:

Сағаттың шықылдағы емес ермек

Әмишә өмір өтпек – ол білдірмек

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас

Өтті, өлді тағдыр жоқ қайта келмек

                       (Сағаттың шықылдағы емес ермек)

Абай философиясындағы көптеген қанатты сөздер, халық ұзақ уақыт қолданып жатқа айтқандықтан, нақыл сөз болып қалыптасып, халық арасында кеңінен тараған. Мысалы:

Тұлпардан тұғыр озбас шабылсада

Оған да үкі, тұмар тағылса да

                       (Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да)

Сен де бір керпіш дүниеге

Кетігін тап да бар қалан

                      (Әсемпаз болма әрнеге)

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек

                  (Малға достың мұңы жоқ малдан басқа)

Әрі Абайдың лирикалары да, жүрегін жарып шыққан айғайы, айнала дүниедеге деген маһаббаты мен қарғысы болса да, азды-көпті өмір философиясына тоыл, сондықтан Абай лирикасының көп бөлігі терең әрі астарлы, адамға терең әсер қалдырады. Оның көңіл-күй от шашуынан, әрдайым ақиқаттың сәулесі жарқырап тұрады:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

  Одан да шықты жаңғырық.

Естісем үнін,

Білсем деп жөнін,

   Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас — сол жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

                                                            (Сегіз аяқ)

Бұл ақынның қараңқылықта сабылып, кешіге ояна алмай жатқан халқына деген күрсінуі, әрі асықтыра салған үндеуі. Ол халықының жартастан қайтқан, санасыз, сенімсіз құр жаңғырықтай үн қатпай, өздерінің іс-әрекеттерімен заман үндеуіне пәрменді жауап қатуын қалайды. Абайдың көптеген өлеңдерін әрі лирика әрі философиялық өлең деп айтуға болады. Кейбір лирикалық бояуы қою қысқа өлеңдерінің өзі, оқырманға көркемдік ләззат силаумен қатар, рухани толғаныстар әкеледі.

Абайдың бір қатар өлеңдерін, қатаң түрде философиялық өлең немесе лирика деп бөлу қиын. Сондықтан «философиялық лирика » деп аталып жүр. Абай өмір сүрген дәуірде, халықы оған артқан міндеті, одан сезімге толы философиялық өлеңдер мен терең философиялық лирикаларды жазуды талап етті. Мінеки бұл Абайдың өлеңінің өз алдына ерекше болып, өзіндік өзгешелігі болуына алып келді.

Өлеңнің тіліне қарағанда, Абай қашанда өзі «өлең сөздің патшасы» деген бағытқа ұмтылуда болған. Ол бір жағынан әдейі қазақ тіліне араластырылған шет сөздерді ығыстырып, тағы бір жағынан шет ел әдебиеті тіліндегі шебер риторикалық әдістерді қабылдады. Сондықтан оның өлеңінің тілі әрі нәрлі ойларға толы, әрі сан құбылып тұрады, бұл Абай тіл өнерінің майталманы екендігін толық көрсетеді:

Біреуі көк балдырған, бірі – қурай

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?!

Екі көңіл арасы – жылшылық жер

Оны қайтіп қосады, ол ант атқан?

Бұл «бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңнің соңғы жолдары. Абай обыразды әрі ықшамды тілмен, феодал неке түзімі қазақ қыздарына әкелген бықытсыздықты дәл жеткізеді. Бұл өлең тудырған көркемдік әсеріне басқа қазақ ақындарының ұқсас тақырыптағы шығармалары теңесе алмайды.

Абай 1888 жылы жазған бір өлеңінде, «мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» дейді. Егер Абайдың әр кезеңдегі өлеңдерін салыстырар болсақ, Абай тіл ұстартуға салған қажыр-қайратын байқай аламыз. Оның тілдік шеберлігі, шығармашылық барысының ілгерлеуіне сай жоғарылап отырған. Абай өмірінің соңғы кезеңдерінде жазған кейбір қысқа өлеңдеріне бір де бір сөз алып қоса алмаймыз. Сөз талдау дәлдігі, қолдану шеберлігі, оқырманды тәнті етеді.  Мейлі суреттеу, лирика, асыл мұратты баян ету, айтысу болмасын, барлығы да кемеліне келген.

Алайда Абай мәнсіз бояма сөздерге толы өлеңге, сөйлем құрудағы жасандылыққа, мақал-мәтелдерді қабаттастыра қолдануға қарсы болды. Ол кезінде көне сарынды қайталап, жауыр болған жырды айтып қоймайтын ақындарды сынап, былай деген:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау

Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.

Абайдың шығармашылығы қазақ тілінің тазаруында маңызды роль атқарып қана қоймай, қазақ тілінің кейінгі күндегі бір қалыпқа түсуіне де негіз болды. Сондықтан Абайды ұлы тіл маманы деп те атайды.

Өлеңдерінің метрлік құрлымы мен ырғағына қарағанда, Абай өлеңдерінің көркемдік ерекшелігін тіпті де оңай байқаймыз.

Қазақ поэзиясының қатаң метрлік құрлымы мен ырғағы болады. Абай өз өлеңінде былай деген: шешендік сөздерде де сөз талдауы мен сөйлем құрлымына қарайды, өлеңнің метрлік құрлымына қалай қарамауға болады. Абай қазақ поэзиясының жаңа үлгісін жасағанымен, қазақ тілінің ережелерін қатаң сақтап қалып қаззақ фольклорлық поэзиясының музыкалық көркемдігін жалғастырды. Оның «сегіз аяқ» өлеңі осының нақты дәлелі. «сегіз аяқтың» бірінші, екінші жолдары, әр жол бес буыннан тұрып, үшінші жол сегіз буынды болып келеді, арықарай төрттен алтыншы жолға дейін жоғарыдағы бірінші ден үшінші жолға дейінгі ырғақ қайталанады, соңғы екі жол түгелімен сегіз буынды болып келеді. Ұйқастың орналасуы да жоғарғы ырғақтармен сәйкес келіп отырады. Яғни, үшінші және алтыншы жолдар ұйқасса, бірінші мен екінші, төртінші мен бесінші және жетінші мен сегізінші жолдар өз алдына ұйқасады. Сондықтан өлеңнің ырғағы да өте айшықы болып келеді.

Қазақ фольклорлық поэзиясында, әдетте бір де екі буынның ұйқасуы міндетті, егер екіден көп буындар ұйқасып жатса, онда өлеңнің музыкалығын арттырады. Абай өлеңдерінде көп жолдардың үш буыны ұйқасып қана қоймай, төрт буын ұйқасатын жағдайлар да болады. Абайдың кейбір өлеңдеріне музыка жазып жібіерсе бір көркем ән болып шыға келеді. Ол өзі де көптеген өлеңдеріне музыка жазған, бұл әндер қазір де қазақ халқы арасында кеңінен тараған.

Мұнда баса айтайын дегенім мына екі түйін: І. Абай өлеңдері қазақ фольклорлық поэзиясының музыкалды дәстурін сақтаған. ІІ. Абай поэзияның көркемдік әсерін талмай іздеген. Сондықтан, халық Абай өлеңдерін оқығанда әрі жаңашылдықты байқайды, әрі бейтаныс сезінбейді, оны қазаққа тән деп біледі.

Абай поэзия үлгісінде жаңашылдық пен тапқырлық танытқанымен, қазақ фольклорлық поэзиясын толық мойындайды, әрі өзінің кей өлеңдерінде халық әндері үлгісінде жазған. Абай поэзиясының тілі, метрлік жүйесі және көркемдік әдістері жағынан қазақ фольклорлық поэзиясының тамаша дәстурін жалғастырып дамыта білді, сол себептен, оның өлеңдерінің ұлттық бояуы тіпті де көрнекі әрі айшықты болды.

Атап айтатыны, үздік ұлттық әдеби шығарма, ұлттық бояуға бай болуымен қатар, жәнеде көрнекі дәуір ерекшеліетеріне де толы болуға тиіс. Тек дәуір ерекшелігі болғанда ғана, ол шығарма нағыз ұлттық бояуға ие болады. болмаса, шығарманың ұлттық бояуы бұлыңғырланып, еш арқаусыз болып қалады. Абайдың шығармасы, ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басындағы ерекше тарихи дәуірдің жемісі. Бұл қазақ халқының қасыретке толы ізденіс жылдары болды. Халық қаншама құрбандық берсе де, қаншама күйзеліс кешсе де, қадамдап қайсарлықпен алға жылжып отырды. Бұл қазақ халқының және барлық шығыс халықтарының ұлттық мінезінің негізгі қасиеті еді. Абай поэзиясының көрнекті ұлттық бояуы, қазақ халықының ұлттық мінезінің ескі және жаңа ғасыр ауысуындағы ерекше тарихи дәуірдегі көрінісін көрсете білуінде, әрі қазақ халқының ең қиын тарихи үдерістерде берген үлкен бодауын дұрыс бағалай білуінде.

Абай ешқашан өзінің шығармашылықта жеткен жетістігіне риза болған емес. Ол әрқашан талмай ізденіп, тіпті де жоғары өнер белесіне серпіледі. Ол өзінің өлеңдерінің мазмұн, тіл, ұйқас, ырғақ қатарлы барлық жағынан да жоғары деңгейдегі үйлесімділік пен бірлікке жетіп, адам көңілінің кілті болуын өз өзінен талап етеді. Абай дәл осындай адам көңіліне тура тартқан шығармашылық жолында өзінің ерекше өнер стилін қалыптастырады.

ІV. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҮЛЕСІ

Абайдың қазақ әдебиетіне деген үлесін талқылағанда, қазақ ұлтына қысқаша таныстыру жасап кетудің қажеттілігі туындайды. Осылайша Абайдың қазақ әдебиеті тарихында алатын ролі мен ықпалын толығырақ түсінуге болады.

         Қазақ халқы — ежелгі халықтардың бірі, ұзақ тарихы мен мәдениеті бар. Қазақ халқында мазмұны бай батырлар дастанымен қоса ғашықтық жырлары толып жатыр, әрі ұшан теңіз халық әндері мен өлеңдері бар. Халық арсында мынадай бір сөз тараған: «Өлең мен тұлпар қазақтың — қос қанаты». Қазақ халқы шығармашылықта нәтижелі адамдарды ақын деп атаған. Үлкен мерекелік іс-шаралар кезінде ақындар дәстүрлі айтысқа түсіп отырған. Қазақ халқының өміріндегі маңызды іс-шаралар, мысалы, шідеқана, той-томалақ, өлім-жітім, туған күн, мереке-мейрамдардың бәрінде өлең-жыр қатар жүреді. Абай өзінің бір өлеңінде: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», — деген. Поэзия қазақ өмірімен біте қайнасқандықтан ғана қазақтар «жыр елі» атанған.

Алайда Абайдан бұрынғы қазақ поэзиясы дәстүрлі фольклорлық жырларының пішінінен шыға алмаған, поэзия әлі де болса ауыз әдебиетінің саласына жататын. Абай өз шығармашылық тәжірибесімен, фольклорлық жырлардың негізінде, басқа халықтардың поэзиясынан үйреніп, үлгі алу арқылы, осы заманғы қазақ поэзиясын жасағаннан кейін ғана, жаңа поэзия жеке жанр болып қазақ әдебиетіне енді. Мұқтар Әуезов: «Қазақ жазба поэзиясын жасаған – Абай», — деп жазады.

Абайдан бұрын қазақ ауыз әдебиеті болып саналатын поэзияда, тек төрт жолы бір шумақ болып, әр жолда он бір буын болатын, және ұйқасы да тұрақсыз, әл жолда жеті буын болатын ұзақ өлеңдер ғана бар еді. Кейін келе, өмірдің байи түсуіне байланысты, жоғарғы екі үлгі поэзия тақырыбының түрленуіне үйлесе алмады. Көптеген ақындар, оның шінде Абай өзі де, шығармашылық ынталарына сай еркін көсілетін кеңістікке жол ашпақты қатты аңсады. Дәл осындай жағдайда, Абай жаңа өлең үлгілерін жасап шықты, мысалы әйгілі «сегіз аяқ», ж.т.б.. ХХ ғасырдың алдыңғы жартысында, қазақ ақындары ішінде, еркін үлгідегі өлеңдер жазатындар біртіндеп көбейді, бұл қазақ поэзиясының өркендеп, өрістеуіне алып келді. Бұл ең алдымен Абайдың іздненісі арқасында деп білеміз.

Абайдың поэзия жайлы жазған арнайы еңбегі жоқ, алайда ол өзінің өлеңдерінде көп рет поэзия жайлы танымын айқындап кеткен. 1887 жылы жазылған «өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңі осындай шығармалардың өкілі деуге болады. Төменде сол өлеңнің негізгі жерлерін алып көрелік:

Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп

Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы

Ол – ақынның білімсіз бейшарасы

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап

Жоғардығы өлең жолдарынан, Абайдың поэзия шығармашылығындағы мазмұн мен үлгі, тіл, метрлік жүйе, ырғағына дейін айқын ойлар айтқанын байқаймыз. Абай шығарманың мазмұнына ерекше көңіл бөледі, әрі ақындарға өмірдегі қоқысты, керексіз бұлғанышты, өлеңге қалай болса солай қоса бермеуді көп рет баса айтады, және де шынайы өмірді бейнелейтін, халықты алға жетелейтін шығармаларды жазуға ынталандырады.

Абай ақынның ар-намысы жайлы да сөз қозғайды. Ол ақында асқақ рух болуға тиіс, өлең жазғанда мақсатты түрде жазу керек, өлеңді саудаға салуға мүлдем болмайды деп біледі. 1888  жылы жазған өлеңінің бірінде былай деп жазады:

Сый дәметпе, берсе алма, еш адамнан

Нең кетеді, жақсы өлең сөз айтқаннан

Сүйсінерлік адамды сүй, құрмет қып

Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан

Абай кезінде жайлым иелері мен байлар жалдап баққан ақындарды қатты сынап, былай деген: бірер бас мал табу үшін тілін бұрап көки беру ақын үшін намыс. Ол басқаның босағасында жүрген ақындарға, өз бойындағы пайдакөстік әдетін тастап, халықтың ақыны болуға ақыл айтады. Абайдың тәрбиесі, өзінің шығармашылық тәжірибесін өнеге етуі, қазақ әдебиетінің жаңа дәстүрін қалыптастырды.

Шетел классикасын аудару мен таныстыру да Абайдың әдебиеттке қосқан маңызды үлесі. 1889 жылы Абай бірінші рет Пушкиннің «Онегин» поэмасының үзіндісін қазақ тіліне аударады. Кейін келе ол Лермонтовтың көптеген лирикасын және Крыловтың мысалдарын аударады. Және орысшадан Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» атты лирикасын аударады.

Абай жазған үш поэма да шығыста кең тараған аңыздарға негізделе жазылған. Абай қазақ халықы үшін әлем әдебиетіне асар алғашқы көпірді салып берді. Абайдан кейін, әлем әдебиетін таныстыратын адамдар көбейе берді, бұл қазақ оқырмандарының тәлейіне ХХ ғасырдың басындағы, әсіресе, Қазан төңкерісі кезеңіндегі прогрессшіл және төңкерістік әдебиетпен танысуға мүмкіндік берді. Абай аударған өлеңдер түпнұсқаның мазмұнын дәл баяндай білді, әрі түпнұсқаның көркемдік стилін сақтай білді. Оның әдеби шығармаларды аудару барысында ұстанған мұқият пейілі де әдеби аудармашы қызметкерлерінің үйренер өнегесіне айналды.

Абай — шынайы өмірді сынау жолымен қазақ феодал қоғамының заң түзімдерін шенеген алғашқы адам. Абай шығармашылық жолына түскен ХІХ ғасырдың соңы — қазақ қоғамының ең қараңғы, ең сұрапыл жылдары еді. Патша үкіметінің қанауы мен бұлауын, ірілі ұсақты ру басыларының берсе қолынан, бермесе жолынан алатын қылығы, түрлі діни айыппұлдар бейне бірнеше бұғау секілді қазақ халықының мойнына батып-ақ тұрды. Абайдан бұрынғы фольклорлық шығармалар, халықтың қиыншылығы мен феодал қоғамның іріп-шіруін және қараңғылығын суреттеген болса да, көбі үстірт кетіп, өзекті мәселелерге жете қоймаған еді. Абай сахара өміріне терең бойлай отырып, феодал қоғамның түрлі кемшілігі мен қарама-қайшылығын жеріне жете ашып көрсету арқылы, әбден ашкөзденіп шіріктескен жоғарғы тап өкілдерінің айнымас кескінін суреттеп, қазақ әдебиетінде шынайы өмірді сынға алатын реализм үлгісін жасап берді. Осы себептен Абай қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Абайдың дәуір дерттерін сынағын шығармалары мен саяси лирикаларының жарыққа келуімен байланысты қазақ әдебиетінде реалистік шығармалар біртіндеп көбейе бастап, поэзия да жалдамалы ақындардың ықпалынан ақырында босады, сөйтіп қараңғылық пен жауыздықты әшкерелейтін, ақ пен ақиқатты жырлайтын құралға айналды. ХХ ғасырдағы қазақ прогресшіл әдебиеті, оның ішінде Мұқтар Әуезовтің Абайдың өмірбаянына негізделе жазған «Абай» және «Абай жолы» да Абайдың реалистік сыншылдығынан зор ықпал алған.

Абайдың ең көз тартарлық еңбегі – оның халыққа мұра етіп қалдырған шығармалары. Абайдың өлеңдерінің саны көп болмаса да (200-ге жуық өлеңдері мен 50-ге тарта аудармалары), олар — қазақ әдебиетінің жаухары. Әсіресе, өмірінің соңындағы лирикалары көркемдік жағынан өте жоғары деңгейге жеткен.

Абайдың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі бар қазаққа белгілі. Абайдың шығармалары шығыс ғалымдарының тамсануы мен қызығуын тудыруда. Абай есімімен қазақ әдебиеті нұрға бөленіп отыр. Абайдың әдеби өнер туралы ойлары мен өнер стилі барлық қазақ прогрессшіл әдеби қызыметкерлеріне өнеге болып, ықпал етіп келеді. Дүниенің төрт бұрышына шашылған қазақтар, мейлі қай ел азаматы болмасын, Абай шығармасы барша қазақ ұлтының мәдениетінің шұғылалы өнегесі деп біледі. Абай аты қазақ әдебиетінің үздік дәстүрінің символы болуға татиды.

Абай шығармаларының толық жинағы

/Қытай тіліне аударған, зерттеу мақаланы

 жазған Қабай. – Пекин: Ұлттар баспасы, 2005.

 

Зерттеу мақаланы қытай тілінен қазақ тіліне аударған

және сайтта жайғастыруға дайындаған Әліпбай Бибол,

Абай институтының магистранты

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники