Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Герольд БЕЛЬГЕР. АБАЙ МЕН ГЕТЕ

Г. БЕЛЬГЕР

  

Нұрын, сырын көруге 

 Көкірегінде болсын көз.

Абай

 

Мен өзімді кейде Абайды түсініп-түйсінетін деңгейге жақындап жүргендей сезінемін. Бұл жерде мәселе әлбетте «мен» есімдігінде емес, «түсініп-түйсінетін» деген тіркесте болып отыр.

Бәлкім, қателесуім, бірақ бұл сөзімде астамшылық нышаны жоқ. Әйтеуір маған солай көрінеді.

Сірә, творчество атаулының қадір-қасиетін ақылмен танып, салқын санамен түсінуден гөрі, көңілмен ұғып, ыстық жүрекпен түйсіну әлдеқайда маңыздырақ болса керек.  Шынында  да,  есі  түзу  адамның  біраз нәрсені пайымдап, танып білуі әбден заңды. Бірақ соны күллі жан-дүниеңнің елегінен өткізіп барып қабылдау оп-оңай шаруа емес. Бұл да дарын іспеттес, яки шынайы махаббат секілді сирек ұшырасатын қабілет. Мұндай қабілет біреуде бар, біреуде жоқ екені белгілі. Ал жоққа жүйрік жетпейді.

Бұл жөнінде Абайдың өзінен асырып айту қиын:

 

Ақылмен ойлап білген сөз

Бойыңа жұқпас, сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз

Бар тамырды қуалар!

 

Бұл ойдың сыбағалы салмағы «жүрек» деген сөзге түсіп тұр.

Немістің ұлы ақыны Гете де осы Herz — жүрек деген сөзді әрқилы мағынада өте-мөте жиі қолданған. «Жүрек» — Абай творчествосында да көп айтылатын, ең сүйікті, әмбебап образдардың бірі.

Мұның бәрі, әрине, кездейсоқ құбылыс емес. Демек ақыл-оймен болжап білген сөзден гөрі, жүректің өзіне жетіп жатқан сөз қымбат. Жүрекке жеткен ол сөздің аты — поэзия!

Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін айтыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы бойыма сіңіріппін.

Қалай десек те, танып-білудің жолы кейде осылай иір-шиыр болады екен…

* * *

Менің тағы бір таң қалатын нәрсем — біздің беделді де білімдар әдебиет зерттеушілеріміздің осы кезге дейін «Абай мен Гете» тақырыбына назар аудармауы. Қателеспесем, бұл тақырып зерттелмек түгілі, тіпті әлі күнге дейін баспа бетінде әңгіме болған емес. Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындықтың, рухани тамырластықтың тіпті туысқандықтың бары анық болса, сол жақындық, сол туыстық Гете мен Абай творчествосында айрықша айқын білінеді. Әр түрлі тарихи-географиялық ортада, әр түрлі қоғамдық формация мен тарихи кездерде, тіл мен әдеби дәстүрі бір-бірінен мүлдем алшақ жағдайда өмір сүргендеріне қарамастан, Гете мен Абай тағдырында, дүниетанымдарында, ізденістерінде, адамгершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана сезімді ояту бағытындағы ересен еңбектерінде үндес, сарындас әуендер жиі кездеседі. Екі ұлы ақынның творчестволық үндестігі мені сонау студент кезімнен  қызықтырып, толғандырып жүр. Сол үндестіктің философиялық, эстетикалық, тарихи-қоғамдық заңдылығы мен астары бар екенін көмескілеу болса да сеземін. Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» негізінде туындаған Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдерініц үндес әуендерін мен кезінде біраз зерттеп, ол жайында үлкенді-кішілі мақала, эссе, әңгіме жазғанмын. Зерттеу барысында жұрттың бәріне мәлім небәрі сегіз жолдық миниатюраның түп-тамыры көне грек ақыны Алкманға барып тірелетініне көзім жетті. Осы бір ғана қызықты деректің төңірегіндегі ойларым мен топшылауымды  бірер жыл бұрын шыққан «Үндестік» (орысшасы «Созвучие») атты кітапшамда білдірген болатынмын. Бұл арада, бірақ мен «Жолаушының түнгі жыры» жайында емес, мүмкіндігімше Гете мен Абай творчествосындағы үндестіктің әрқилылығы, поэтикалық рухтың сарындастығы жайында әңгіме қозғамақпын. Гететанушы да, Абайтанушы да емес екенімді, әрине жақсы түсінемін, бірақ Абай атамыздың «Болмасаң да ұқсап бақ» деген қағидасы кейде нар тәуекелге итермелемей ме?..

                        * * *

Абай мен Гете. Мәселені дәл осылай төтелеп қою жөн бе? Екі ақынды қатарластыра атауда ең алдымен қандай қисын бар? Мұның өзі зорлап қиюластырған субъективті пікірге ұқсамай ма? Немістер айтпақшы, «шашынан сүйреп шығарудың» өзі емес пе?

Иә, осындай сұрақтардың туындайтыны даусыз. Әрине екеуі де — ұлы ақын. Ұлттық данагөйлер. Бірақ екеуін қатар қойып зерттеу үшін мұндай оңай анықтама жеткілікті болар ма екен? Әлбетте, біз білетін қазіргі модерншіл әдебиетте уақыт пен кеңістік фантастикалық заңдылыққа сәйкес оп-оңай орын ауыстырып, алмасып жүре бермекші. Тіпті әдебиеттану ғылымында осындай ұғымды білдіретін термин де — диахрония — ойлап табылған. Мысалы, Анна Зегерстің «Жол үстіндегі кездесу» атты новелласында автордың қалауымен әр заманда өмір кешкен Гоголь, Гофман, Кафка үшеуі Прага кафесінде бас қосып, сұқбат құрып отырады. Әрине, мұның бәрі көркемдік тәсіл екені белгілі.

Сол сияқты, егер көркемдік қиялдың күшімен Гете мен Абайды бір дастарқан басында кездестірер болса, бұлардың бір-біріне айтары аз уақыттың ішінде таусылып бітпес еді деп ойлаймын. Зегерстің новелласында суреттелетін үш мықтыға қарағанда, неміс ақыны мен қазақ ақынын туыстыратын ұқсас жайларды, бәлкім, көбірек ұшырастырар ма едік… Бірақ біз бұл арада қиял жетегінде кетпей-ақ, реализм әдісін мықтап ұстансақ та, дүниетаным үндестігі, поэзия міндеттерін ұғыну, музалардың өзара тілдесуі төңірегінен де талай қызықты құбылыстарды аңғаратынымыз ақиқат.

Иоганн Вольфганг Гете атын атағаннан-ақ алуан сырлы атаулар тізбегі, сол заманды марапаттап айқындайтын символдық белгілер көкірегіңізде ояна кетеді. «Ұлы неміс». «Таңғажайып талант». (Ф. Энгельс). Алып ойшыл. Адам баласы көркемдік ойының асқар тауы. Неміс романтиктері. Неміс философтары. Гегель. Кант. Шиллер. «Фауст». Ақыл-ойдың соңғы байлауындай естілетін: «Кім табандап күн құрғатпай күрессе, бақытты еркін өмір соның сыбағасы болмақ». Сонсоң: құдыретті Гете көзі тірісінің өзінде бүкіл Европа елдеріне танылып, көзі тірісінде талай томдық кітаптары дүркін-дүркін басылып шыққан.

Абай атын айтсақ, әлгіндей асқақ ассоциативті заман сипаттары сырт көзге әлдеқайда жұпынылау, қораштау болып шығар еді. Үйреншікті сыртекі ұғыммен қарасақ, сол баяғы ұшы-қиырсыз сары дала… ат тұяғының дүбірі… домбыраның тыңқылы… рулық таластар… барымта… халықтың ән-күйлері… аузымен орақ орған шешендер… патриархалдық қоғам… т.т. елестер еді. Даланың қырыққа жаңа келген ұлы ақыны: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп, немесе: «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» деп текке күрсінбеген ғой.  Осындай ақынның кітабы өзі өлген соң бес жылдан кейін ғана баспадан шығыпты.

Сонымен екі ақын өмір сүрген уақыт басқа, заман басқа, заң басқа. Тарихи тәжірибе, әлеуметтік орта, өсу-өркендеу сатысы – бәрі бір-біріне ұқсамайды.

Абырой-атақ қызығына қарық болып, Гете қартайып қайтыс болғанда, Абай дүниеге әлі келген жоқ еді. Гетенің қазақ даласындағы замандастары — хан алдында қасқайып шындық сөзді айта білген Бұқар жырау, Құлеке ұлы Шал ақын еді. Шортанбай, Дулат, Махамбет жас жағынан Гетеден көп кіші болды.

Ал сонда Гете мен Абайды жұптастырып жатқан көген жіп қайсы? Жұптастырған ғана емес, екі халықтың данышпан перзенттерін бауырластырып жатқан ортақ сипаттар шынында да аз емес. «Театрдағы прологта» («Фауст» трагедиясы) Ақын былай демеуші ме еді:

 

Жоқ, асықпай жетіліп жылдар бойы,

Саф алтындай сомдалып, піссін ойың.

Сыртын емес, сөзіңнің түзе сырын,

Кейінгіге мұра боп қалсын жырың!

(М. Құрманов аудармасы).

 

Абай да «Көкірегінде оты бар ойлы адамға» сөз арнап, «әр сөзін бір ойланып, салмақтануға» шақырады, өйткені «жүрекке жылы тиіп» ой қозғайтын, «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысының» қадірін жоғары бағалайды. Гете мен Абайдың ақылымен жүрер болсақ, дәл осылай — сырты жылтыраған арзанға қызықпай, іші мағыналы қымбаттың сырына үңілсек қана ақиқатқа қолымыз жетпек. Екі ұлы ақынды жалғастыратын философиялық-эстетикалық безбенді де осы төңіректен іздеуіміз керек.

Мәдени, әдеби қарым-қатынас пен байланыстардың көп қырлы, көп мағыналы болып келетіні белгілі. Ондай байланыстар кейде сырттай қарағанда бір-бірінен алшақ құбылыстардың арасында да кездеседі. Мәселе тек сол сыры мол тақырыптық, идеялық-керкемдік, философиялық байланыстардың қырларын жан-жақты байқап, ыждаһатты анықтауда болып отыр. Академик В.М. Жирмунский шотландықтардың «Эдвард» балладасы мен қазақтың әйгілі эпосы «Қозы Көрпеш — Баян сұлудың» эрасындағы ұқсас әуендердің барлығын дәлелдеген жоқ па еді!? Сол сияқты әр халықтың батырлық эпостарындағы Зигфрид, Ахилл, Исфендиар (Фирдоусидің «Шахнамасынан»). Алпамыстардың ортақ қасиетке («мотив неуязвимости») ие екенін жіті байқап ашқан да осы — В. М. Жирмунский. Белгілі германист Н. Н. Вильмонт өзінің «Достоевский мен Шиллер» атты көлемді зерттеу кітабында да немістің ұлы романтик ақыны мен орыстың ұлы реалист жазушысының арасындағы көптеген философиялық, моральды-этикалық, эстетикалық, психологиялық, идеялық, көркемдік сәйкестіктердің параллельдердің, ортақ ізденістердің барлығын нақты мысалдармен жүйелі түрде терең ашады. Вильмонттың пікірі бойынша, тіпті Данте мен Достоевский творчествосында да әдеби-философиялық параллельдер кездеседі, өйткені Достоевский романдарында «Данте тақырыбы» — адам рухының күйреуі мен қайта туындауы әңгіме болады. Әдебиеттану саласында мұндай мысалдарды көптеп табуға болады. Менің бұл жердегі айтпағым: «Гете мен Абай» тақырыбына да дәл осындай философиялық-эстетикалық үлкен мақсат, биік тұрғыдан барған жөн.

Абайдың «жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын» (М. Әуезов) білсек, сол саланың бірі — қазақ ақынының Европа мәдениетімен сан түрлі байланысы осы кезге дейін түбегейлі зерттелген жоқ. Меніңше, мұндай зерттеуді Гете мен Абайдың рухани байланыстарынан бастаған абзал.

 

* * *

Иоганн Вольфганг Гетенің Абайдан бұрын өмір сүргенін жоғарыда айттық. Гете, әрине қазақ фольклорының өнегелерімен таныс емес еді. Бірақ ол Шығыс поэзиясының жарқылдаған ою-өрнекке, жанып-күйген сезімге, философиялық ықылымға толы нұсқаларын недәуір білген. «Батыс-Шығыс диваны» аталатын — махаббат пен сұлулық гимніне, адамшылық асыл мұраттардың катехизисіне айналған бірнеше циклдан тұратын көлемді шығармасы соның айғағы. «Ақынды танып-білу үшін оның ел-жұртын көріп, тану керек» деген поэтикалық дүниетанымның қағидасына айналған әйгілі сөзді Гете осы шығармасында жария еткен. «Құдіретті Шығыс! Құдіретті Батыс!» деп, дүниенің ажырамас бірлігін паш еткен.

Ал Абай Гетені оқып білген бе? Абай өлеңдерінен, қарасөздерінен Гетенің атын кездестірмейміз. Замандастары айтқан азды-көпті естеліктерде де ондай деректер жоқ. Бірақ Абайдың Гетені білгенін анықтайтын қосалқы мәліметтер аз емес. Солардың кейбіреулерін еске салайық.

Абайдың Пушкинді, Лермонтовты, Гогольді, Тургеневті, Л.Толстойды, Салтыков-Щедринді, Белинскийді, Чернышевскийді, Добролюбовты, Писаревті қадағалап, іждаһатты оқығаны мәлім. Ал олардың еңбектерінде ұлы неміс ақынының аты жиі айтылады. Олар Гетені уағыздаған, аударған, талдап-талқылаған, мадақтаған, не керісінше айтысып, әшкерелеген. Мұның бәрін Абай байқамады деу мүмкін емес.

Бүкіл XIX ғасыр бойына Гете шығармалары орыс тіліне аударылып, көптеген журналдарда («Современник», «Отечественные записки», «Вестник Европы», «Сын Отечества», «Русская мысль», т. т.) жарияланып жүрді. Өткен ғасырдың 80-90-жылдарында Абай Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты қазақ тіліне ерекше құштарлықпен, қызыға аударды. Ол тұста орыс журналдарында Гетенің өмірбаяны, творчествосы жайында сансыз мақала, неміс ақынын орыс тілінде сөйлеткен Губер, Струговщиков, Воронченко, Вейнберг, Феттердің тәржімаларына рецензиялар басылды. Гетенің шығармалар жинағы шықты. 1891 жылы Гете өмірінің соңғы жылдары жайында Эккерманның естелік кітабы Д. П. Аверкиев аудармасында жарық көрді. Осы аталған кітап, журналдардың барлығы бірдей Семейдегі Гоголь атындағы қалалық кітапханасының белсенді оқушысы Абайдың назарынан тыс қалған жоқ шығар. Ендеше Абайдың Гетені аттап етуі мүмкін бе?

Абай ғылымның әр саласынан хабардар болып, тарихты, философияны, экономиканы зерттеп оқыған. Платон, Спенсер, Спиноза еңбектерімен танысқан. Америка саяхатшысы Джордж Кеннан Абайдың тіпті Д.Милль, Г. Бокль, Дж. В. Дрэпер еңбектерімен танысып, батыс Европа философиясына ынта қойғанын жазыпты. Дрэпердің «Европадағы қоғамдық ой-сананың даму тарихын» оқыған Абай Гетеден хабарсыз болды деу ақылға сыймайтын сияқты.

Абайдың ең жақын достары Евгений Петрович Михаэлис пен Александр Львович Блек — орыс арасына сіңіп кеткен немістер еді. Абай мен Михаэлис арасындағы қалтқысыз достық жиырма жылға созылды. Блек болса 1883-84 жылдары Семейде айдауда жүріп, Абайдың өзі мүше болған Статистика комитетінде қызмет істейді, қалада   музей, кітапхана   ұйымдастыруға қатысады. Блек әрі Москвадағы «Аудармашылар мен баспагерлер қоғамымен» қарым-қатынаста болған. Михаэлис пен Блектің орыс классиктерін қазақ тіліңде сөйлетіп жүрген Абаймен Гете туралы сұқбаттаспауы тағы мүмкін емес.

Сол сияқты Пушкиннің «Сцена из Фауста» деген шығармасы Абайдың көзіне түспеуі мүмкін бе?

Гетенің «Жолаушының түнгі жырын» Лермонтов аудармасы арқылы қазақшалаған Абай орыс ақынының барлық кітаптарында көрсетілген «Гетеден» деген сөзге мән бермеді дейсіз бе?

Рас, Гетенің аты Абай шығармаларында кездеспейді. Бірақ онда тұрған не бар? Мәселен «Кең жайлау — жалғыз бесік жас балаға» деген Абай аудармасының түп-төркіні Шиллер өлеңі екені белгілі. Ал Абай шығармаларында Шиллердің аты аталынбайды. «Көңілім менің қараңғы бол-бол ақын!» өлеңінің түп-төркіні — Байрон. Абайда оның да атын кездестірмейсіз. «Қара сөздеріне» қарағанда, Абай Монтеньді де білген. Шығармаларында, бірақ Монтеньнің аты жоқ. Гете де солай.

Қалай дегенмен, Абайдың Гете жайында хабарсыз болуы көңілге қонбайды.

 

* * *

Базбір білгіштер: «ау, жүз том еңбек жазған Гетені небәрі екі томдық мұра қалдырған Абаймен салыстыру артықтау емес пе?» деп қыршаңқы сауал қоюы мүмкін.

Артық емес!

Біріншіден, екі халықтың екі алыбын теңдестіріп, теңестіріп жатқан ешкім жоқ. Әр тау өзінше биік, өзінше көркем көрінбек. Екіншіден, рухани байлықтын құны еш уақытта көлеммен белгіленбейді. Өйткені көркем әдебиетте, жалпы творчество атаулыда сан әрдайым сапаға ауыспайды. Мәселе сөздің көптігінде емес — сыбағалы салмағында. Осы тұрғыдан қарасақ, Абай, сөз жоқ, өлеңнің қадір-қасиетін терең түсінген алып ақын. Абай поэзиясы — шексіз-шетсіз жатқан сұлу әлем. Оның әр жолын оқып шыққанда, дүние сырына қанығып, ойға — ой, сезімге — сезім қосасыз. Кейбір кіп-кішкене миниатюраның өзі тұтас бір философиялык-көркемдік жүйені аңғартып отырады. Абай жайында жақсы кітап жазған Т. Әлімқұловтың («Жұмбақ жан») «Абайдың әр өлеңі кітапша болмаса да, дербес мақала жазуға тұрады» деуінде артықшылық   жоқ. Шыны   сол! Абайдың айталық, «Өлсем, орным қара жер, сыз болмай ма» өлеңі бір кітаптың жүгін көтеріп тұрған жоқ па? Немесе «Тоты құс түсті көбелекті» еске түсірейікші. Соңғы төрт жолда қаншама мағына, қаншама философиялық ой, түйін жатыр!

 

Әркімді заман сүйремек,

         Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек!

 

Қалай?  Гегельдің диалектикалық қағидаларындай әсер етпей ме?

Абай сөзінің шымырлығы, қуаттылығы, бейнелілігі, көп мағыналылығы шынында да таңқаларлық. Абай өлеңдерінің орысшаға аударылғанда өзінің көркемдік деңгейінде шықпай жатуының бір себебі де осы қасиеті болса керек. Абайдың кез келген бір жолын орысшаға аударып көріңізші. Аудара алмайсыз! Әлденеше вариант жасап, түсініктеме, сілтеменің көмегімен мән-мағынасын әзер түсіндіресіз. Мысалы:

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге куат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Бір қарағанда бәрі де түсінікті сияқты. Ал енді орысшалаңызшы. Ай, қиын-ау!

Немесе, екі ғана сөз — «бойы бұлғаң» дегенді орысша қайтып бересіз? Бір академик «хвастун» депті. Ал, шынында, бір «бойы бұлғаңды» орыс тіліндегі «гуляка», «праздно шатающийся», «воображуля», «нарядно одетый», «выхваляющийся», «бездельник», «спесивый», «пустопляс» сықылды сөздердің бәрі қосылып, мағынасын бере алмайды.

Абай сөзінің салмағы дегенде мен оның осы қасиетін айтамын.

Мұның барлығын мына жағдайға байланысты айтып отырмыз. Гетенің ұғымында, көркем творчествода рухани өнімділік деген болады. Сол рухани өнімділіктің шығармалардың санына, көптігіне еш байланысы жоқ. Бір-екі үздік шығарма қалдырған жазушы рухани өнімді болуы мүмкін де, жүз том кітап қалдырған «жазғыш» рухани өнімсіз саналуы әбден ықтимал. Рухани өнімді талант — шын бақытты. Сол рухани өнімділіктің шырқау биігіне жеткен даналар — Рафаэль, Моцарт, Шекспир. Гетенің пікірінше, рухани өнімділік — мәңгілік деген ұғымға пара-пар. Абай:

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?

дегенде де осы бір ойды мегземей ме? Меніңше, Абайдың екі томдық мұрасы Гете айтқан рухани өнімділіктің куәсі бола алады. Рухани өнімділіктің шырқау биігі Абайға да тән. Шығармаларының мәңгілігі де осында. Демек, осы тұрғыдан қарағанда, Гете мен Абайды қатар қойып зерттеуде ешбір артықшылық жоқ.

 

***

Ал енді Гете мен Абайдың генезисіне назар аударып көрейік. Бұл жерден де біраз ұқсастық пен үндестік табамыз. Өйткені даналар дүниеге кездейсоқ келе бермейді екен. Қауым атаулының қажетінен даналар тумаушы ма еді? Белинский өзінің «Александр Пушкиннің шығармалары» атты еңбегінде: «Адамды табиғат жаратқанмен, оны өсіріп, тәрбиелейтін — қоғам» деп тектен-тек жазбаған.

Гете 1749 жылы алауыздық пен алакөздіктен әбден жүйкесі тозған, жеке князьдіктер арасындағы соғыстар сорын қайнатқан Германияның меңіреу бір түкпірінде дүниеге келіпті. Бұл Германияда феодализм үстемдік құрған қапас заман еді. Надандық пен қараңғылыққа қаны қас жас Гете Италияға қашып кетеді. Өзара қырық пышақ болып қырқысып жатқан елін тастап, жат жерді мекендеген ақын енді гректің ежелгі миф-аңыздарын, тарихи шежірелерін оқып зерттейді. Өз бойындағы қажыр-қайратты тежеп, тұрпайы тұрмыс-тіршіліктен безінеді, Znnerlichkeit — жан тыныштығын іздеп, ішкі жан-дүниесінің рақатын көксейді.

Бірақ мұның бәрі бос қиял, өнімсіз әрекет еді.

Абай болса, 1845 жылы феодалды-патриархалды ортада дүниеге келеді. Өзге рухани әлемдерден оқшау тұрған ескі тұрмыс. Ақ патша үкіметінің отаршылдық саясаты. Зар заман жырлары. Кітаби сөз. Орыс демократиялық мәдениетінің алғашқы лебі. Даланың о шеті мен бұл шетіне көшіп-қонған ауылдар. Рулық айтыс-тартыстар, феодалдық қақтығыстар. Осының бәрі қиялшыл бала көкірегіне сәулесін түсіріп, көңілін күпті қылмақ. Осы ортадан алысқа кеткісі келеді. Бірақ қайда бармақ? Көңілге жұбанышты қайдан таппақ? Семейдің діни медресесінен   бе?

 

Фзули, Шәмси, Сәйхали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз — бу һәммәси

Медет бер, я шағири фәрияд!-

 

деп Шығыс ақындарының әруағына сиынып, көңілге медеуді сол жақтан іздейді.

Жас Гете де, жас Абай да өз пешенелеріне жазылған тағдыр үлесінен, әрине хабарсыз еді.

«Гетенің әкесі Франкфурт қаласындағы империялық кеңесші еді, әрі сол жердегі тұрмысы оңды буржуа болатын. Өзі есебінен жаңылуды білмейтін парасатты, байсалды адам, екінші жағынан Германияда кеңінен тараған бюргер-формалист қауымының нағыз адал өкіліне жататын» деп жазады А. Шахов. («Гете және оның заманы», 1908 ж, 33-бет.)

Гетенің әкесін жан-жақты сипаттайтын осы сөздерді оқып отырғанда, біздің есімізге — алыстағы қазақ даласын жайлаған, Шыңғыстаудың етегінде бүкіл өмірін өткерген Құнанбай түседі. Абайдың әкесі Құнанбай да, Әуезовтің суреттеуінше, ақыл-парасаты, амал-айласы бір басына жетіп жатқан жуан феодалдың өзі болған.

Гетенің шешесі Катарина Элизабет Текстор, замандастарының айтуына қарағанда, аса мейірімді, ақкөңіл кісі екен. Оның үлкен ұлы Гетеге ақындық талант анасынан дарыған деп біледі. Гетенің «Қайран шешем» аталатын өлеңі ананы қадір тұтып, өле-өлгенше сыйлап өтудің өнегесін танытады.

Абайдың шешесі Ұлжан да айналасына қадірі өткен, парасатты, орнықты адам болған. Шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайдың өзі осы бәйбішесінің қабағына қарап отырған. Ұлжан өзінің сүйікті ұлы Абайдан бар мейірім-шапағатын аяп қалмаса керек. Абай кейініректе:

 

Атадан алтау,

Анадан төртеу-

Жалғыздық көрер жерім жоқ,-

 

деп жазса, ақынның өстіп жалғыздық көрмеуіне септігін тигізген ең жақын адамының біріанасы Ұлжан болса керек.

Гете жоқшылық көрмей, жасында қамсыз-мұңсыз өскен. Тіпті кейініректе зор байлыққа, зор мансапқа да қолы жеткен. Байлық пен мансапқа немқұрайды қараған адам болғанмен, тұрмыс тапшылығынан бойын аулақ ұстап жүрген.

Абай да жоқшылық көрмей, жасында қамсыз-мұңсыз өскен. Далалық өлшеммен қарағанда, алдында — мал, үстінде — ақ отау, дастарқаны молшылық еді. Бірақ ол айналасындағы елдің кедейшілік, кембағалдық тұрмысына жаны ашып, солардың сойылын соғып, сөзін сөйлеуді өмірлік мұратына айналдырды.

Франкфурт қаласының империялық кеңесшісі өз ұлы Иоганды 1772 жылы көктемде Ветцлерге окуға аттандырғанда, әрине ақын болып қайту үшін жіберген жоқ еді. Әкесі Гетені болашақта заң қызметіндегі төре болады деп ұміт етеді.

Дала билеушісі Құнанбай да баласын ақындық жолға дайындаған жоқ. Ол Абайды рулық дәстүрлерді жетік білетін ел билеушісі, өзінің адал мұрагері болады деп есептеді. Ол Абайды Семейдегі діни медресеге оқуға аттандырғанда, ислам заңдарын үйреніп қайтқан баласын кейін қалың бұқараны басқару ісінде қолғанат, көмекші болады деп ойлады.

Ветцлерге оқуға барған жас Гетенің империя заңдарын оқып үйренуге құлқы болмай, әрқилы ақындар творчествосын зерттеуге кіріседі.

Семейге оқуға барған жас Абай діни оқуға құмбыл кірісіп кетудің орнына, молдалардан жасырынып жүріп, орыс тілін, орыс жазуын үйренеді. Шығыс ақындары творчествосын зерттеуге кіріседі.

Гете Ветцлерде көп аялдаған жоқ.

Абай Семейде үш-ақ жыл оқиды.

Гетенің бүкіл өмірі ауыр еңбекке, күреске, рухани ізденіске бағышталған еді.

Абайдың да бүкіл өмірі ауыр еңбекке, арпалысқа, рухани ізденіске толы болды. Дала билеушісінің ұлы жасынан арзан қызық, оңай атақ іздеп көрген жоқ. Қырыққа келген ақынның көкірегі уайымға тұнып тұр. Мыңмен жалғыз алысқан дананың өмірі трагедияға кенде емес.

 

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда, —

 

дейді Абай. Ағайыны көп, руласы жеткілікті, өзі Құнанбай баласы бола тұрып:

 

Ағайын   бек   көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ,

 

дейді Абай.

Ал неміс ақыны Гете өзінің хатшысы Эккерманға бірде былай дейді: «Мені жұрт жолы болғыштың өзі болды деп ойлайды. Әрине менің тағдырға, өмірге өкпем жоқ. Бірақ мен өмір бойы ауыр бейнеттен арылмай келемін, тіпті осы жетпіс бес жыл ішінде бір ай жан рақатын көрмеппін. Қаншама күш жұмсап бақсам да, ауыр жартасты орнынан қозғай алмаппын».

 

Баяғы жартас — бір жартас,

 Қаңқ етер, түкті байқамас!

 

деген Абай сөзімен үндесе айтылған пікір емес пе бұл? Гете болса:

 

Біреуге ұнау үшін жыр жазбаймын,

Өнеге іздеп тапсаң болғаны тек! —

(сөзбе-сөз аударма)

 

деп өзінің творчестволық кредосын ашады. Абай болса:

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,-

 

деп алдына ізгі мұрат қояды.

Бірақ Гете мен Абай өздері өмір сүрген ортадан баян таппай, сергелдеңге түседі.

 

Тобырменен дос болып, шықтым жолдан,

Танып соны, ақыры қалдым жалғыз! —

(сөзбе-сөз аударма)

 

деп күңіренеді Гете.

 

Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым — тап шыным!

 

деп оған Абай үн қосады.

«Неміс ғұламасының өмірі дегеніміз немене? Онда бір кісі сүйсінерлік нәрселер табылып қалса, соны айтып жатудың өзі қисынсыз секілді. Ондай құйма кұлақ тыңдаушыны қайдан іздеп табарсың?» деп Гете қапаға түссе, Абай «Бірінші сөзінде»: «Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, неғылып өткіземіз? Соны таба алмай, өзім де қайранмын» деп уайымға батады. Ал тағы бір өлеңінде: «Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?» — деп налиды.

Өз айналасындағы былық-шылықты тәртіпке келтіріп, қоғамдық қатынастарды жөндеу үмітімен Гете 1775 жылы кішігірім Саксен-Веймар герцогтік мемлекетінің сарайын төңіректеп жүріп, ақыры Карл Августың министрі болып тағайындалады. Оқыған абсолютизм идеяларына шын сенген ақын немістің осы ергежейлі мемлекетін өркендету үшін тау-кен өндірісімен театр құрылысымен, ғылым жетістіктерін насихаттаумен белсене айналыса бастайды. Веймар сарайында оң жыл министр болған Гете ақыр соңында осы әрекеттерінің түкке аспайтын құрғақ қиял екеніне көзі жеткесін бәрін тастап, біржола поэзиямен, өнер-ғылыммен қоңсы қонбаушы ма еді?

Осыдан тура жүз жыл өткен соң, 1875 жылы Абай Қоңыр Көкшенің болысы болып сайланады. Ондағы мұраты — халықтың көзін ашып, тұрмысын оңайлату, өнер-білім ұрығын егу болады. Осы асыл мұратын іске асыру жолында ақын қолдан келгеннің ешқайсынан аянған жоқ: күштілермен, надандармен, жікшілдермен алысты-арпалысты, жеңді-жеңілді. Бірақ бәрібір үш жылдан соң Абай бұндай биліктеп бас тартуға мәжбүр болды.

Бәрі айналып келгенде, баяғы Гете жазған Вертердің: «Дүниенің аяғы ырың-жырыңмен бітеді» деген сөзіне саяды. Әлбетте Вертер «ырың-жырыңды» білмеген, «люмперай» деп жазған. Бірақ немістің «люмперайы» қазақтың «ырың-жырыңына» дәл келеді.

Гете романының бас кейіпкері Вертердің осы ойын Абай өлеңмен әдемі өрнектеп шығарады:

        

Өмірдің алды — ыстық, арты — суық,

Алды — ойын, артқы жағы — мұңға жуық.

 

Гете мен Абайдың генезисін әрі қарай жалғастыра беруге болар еді.

1830 жылы Италияда Гетенің жалғыз ұлы Август дүниеден қайтады. Бұл қаза ақынды үлкен рухани күйзеліске ұшыратады.

1895 жылы Абайдың ең сүйікті ұлдарының бірі Әбдірахман дүниеден қайтады. Бұл қаза ақынды рухани күйзеліске ұшыратады. Әкесі баласына арнап әлденеше өлең жазады.

Гете әлденеше тілді жетік білген. Абай өзінің ана тілінен басқа орыс, араб, парсы, түрік тілдерін игеріп, Пушкинді, Лермонтовты, Хафизді, Рудакиді түпнұсқасынан оқыған.

Гете поэзиядан басқа, сурет өнерімен айналысқан. Абай өз өлеңдеріне ән шығарған.

Мұның бәрі, әрине кездейсоқ нәрселер болуы мүмкін. Бірақ екі алып ақынның арасындағы рухани үндестіктің бары даусыз. Гете мен Абайды туғызған әлеуметтік ортадан, рухани әлемнен туындап жатқан екі ұлы ақынның ортақ тағдырындағы кездейсоқтық — кейде заңдылыққа ұқсап кетеді.

                 * * *

Енді Гете поэзиясы мен Абай поэзиясының көркемдік, түрлік ерекшеліктеріне аз да болса назар аударып көрейік.

Бірақ алдын ала ескерте кететін нәрсе: қазақ тілі мен неміс тілінің ереже-жүйелері бір-бірінен алшақ жатады, сондықтан тоникалық өлең өлшемі меп силлабикалық өлең өлшемі де — екі басқа дүние.

Гетенің неміс әдеби тілінің негізін қалаушы қайраткер болғаны баршаға мағлұм. Германист-тілшілердің айтуынша, XVIII ғасырдың басына дейін немістің көпшілікке ортақ әдеби тілі толық қалыптасып бітпеген еді. Өзара пәленбай князьдіктер мен ергежейлі мемлекеттерге бөлініп өмір кешкен халықтың бәріне бірдей түсінікті ортақ тілді жасау үшін ол заманда талай тілші ғалымдардың, философтардың, әдебиетшілердің қызмет етуіне тура келді. Олардың жұмысына неміс тілінің кейбір диалектілік, жергілікті ерекшеліктері недәуір нұқсан келтіргеніне қарамастан, ақын Гете бастаған оқымыстылар осы абыройлы міндетті түбегейлі атқарып шықты. Дегенмен, бұл арада біз Гете мен Шиллердің халық тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді жемісті пайдаланғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, Гете шығармаларында франкфурт диалектісінің, Шиллер шығармаларында швабтардың тілдік ерекшеліктерін айқын аңғарамыз.

Ал Абай қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін қалады. Әрине қазақ тілінде диалектілік алшақтық жоқтың қасы, бұл жөнінде М. Әуезовтің белгілі пікірі бар. Бірақ Абай қазақтың дәстүрлі өлең жүйесін мағыналық жағынан да, түр жағынан да ересен байытты. Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Абай қазақ өлеңіне жиырмаға жуық жаңа өлшемдер енгізді. Ол ежелгі силлабикалық өлең үлгісіне тоникалық үйлесімді дарытқан ең алғашқы қазақ ақыны болды десек, қателеспейміз.

Гете де немістің дәстүрлі өлең жүйесін ересен байытты. Мәселен, ол «Рим элегиясына» ерте дәуірдің өлең өлшемін пайдаланса, «Батыс-Шығыс диванынан» шығыс поэзиясы өрнектерін тану қиын емес.

Қазақ поэзиясында кең тараған өлшемнің бірі – он бір буынды қара өлең екені мәлім. Мұның ұйқас жүйесі әдетте ааба болып келеді. Бұдан басқа жеті-сегіз буынды өлең өлшемі бар, мұның ұйқас жүйесі — абаб. Әрине, қазақ поэзиясында бұл екеуінен өзге әлденеше өлшемдер бар (әсіресе ауыз әдебиетінде), бірақ біз бұл арада оларға тоқталып отырғанымыз жоқ. Осы он бір буынды, жеті-сегіз буынды өлең өлшемін Абай да жиі қолданған.

Қазақ поэзиясында жиі кездесетін ааба ұйқас жүйесі неміс поэзиясында жоқ. Ондай үлгіні Гете шығармаларынан да іздеп таппаймыз. Оның есесіне, Гете шығармаларында «книттельферзе», «фаустферзе» үлгісінде жазылған, егіз ұйқасқа ааббвв құрылған өлеңдерден аяқ алып жүре алмайсыз. Мұндай ұйқас жүйесі Абай поэзиясында тым сирек ұшырасады десек де болады. Сол секілді абаб ұйқас жүйесі қазақтың дәстүрлі өлеңінде кездесе қоймайды. Бірақ ол Абайда бар. Дәл осындай үлгі Гетеде де кездеседі. Бұған көз жеткізу үшін Гете мен Абай кітаптарын түпнұсқадан салыстырып оқып шықсаңыз, жетіп жатыр.

Абай қазақ өлеңіне алты буынды ауыспалы ұйқас үлгісін енгізді. Мысалы:

 

Қызарып, сұрланып,

Лүпілдеп жүрегі.

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі керегі.

 

Ысытқан, суытқан

Бойыңды бір көңіл.

Дүниені ұмытқан

Құмарлық тозар, біл.

 

Дәл осындай өлең өлшемі Гетеге де жат емес. Неміс тілін білетін қазақ оқырманының көзін жеткізу үшін бір-ақ шумақты мысалға келтірейік:

 

Таgе dег Wоnnе

Коmmt іһг so bald?

Sсһеnkt mir dіе Sоnnе

Нugel und Wald?

(“Fruhzeitiger Fruhling”)

 

Гетенін әйгілі «Май жыры»   да осындай өлшеммен жазылған.          _

Өлең өлшемдерінің осындай тың үлгілерін іздеу Гетеге де, Абайға да поэзияның музыкалылығын, үнділігін арттыру үшін қажет болған секілді. Гете халықтық дәстүрде бірнеше өлеңдер жазса, олар іле-шала композиторлардың назарын аударып, оның ішінде «Даланың раушан гүлі» секілділері, мысалы, неміс тілінде сөйлейтін елдерге тез тарап кетеді. Өйткені бұл өлеңдер ерекше әдемі әуезділікке, ішкі иірім-ырғақтарға, жан сырына тұнып тұр.

Абай ақын өзінің жаңа тұрпатты өлеңдеріне арнайы әндер шығарып, оның ішінде «Сегіз аяқ», мысалы, қазақ жеріне тез тарап кетеді. «Сегіз аяқ» — Абай тапқан ең тамаша үлгілердің қатарына жатады. Оны оқығанда, ішіңізден күбірлеп, әндетіп отырасыз.

 

Алыстан сермеп,

Қиядан тербен,

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған,

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл.

 

Бір қызығы — Гете жазған «Жаңа жыл» өлеңінің де әрбір шумағы сегіз жолдан тұрады. Оның түпнұсқадағы үлгісі мынадай:

 

Zwischen dem Alten,

Zwischen dem Neuen,

Ніеr uns zu freuen,

Sсһеnkt uns das Gluck,

Un das Vergangne

Неibt mit Vertrauen

Vorwarts zu schauen,

Schauen zuruck.

 

Абай жазған «Сегіз аяқтың» ұйқас жүйесі — аабввбгг.

Гете жазған «Сегіз аяқтың» ұйқас жүйесі — аббвгддв.

Абай алты жолды шумақ жүйесін де шығарған. Мысалы:

 

Бай сейілді,

Бір бейілді

Елде жақсы қалмады.

         Елдегі еркек

         Босқа селтек

Бағып, елін қармады.

 

Осы өлеңнің өлшемі ғана емес, әуезі де Гетенің «Фауст»
трагедиясындағы «Перінің асханасындағы» мына жолдарға ұксап тұр:    

 

Познанья свет

Для всех секрет,

Для всех без исключенья!

Порою он,

Как дар, сужден

И тем, в ком нет мышленья.

                                                    (Н. Холодковский аудармасы).

 

Әйтпесе, осы трагедиядағы Гретхеннің әніне құлақ түрейікші:

 

Где шумно, людио,

Дышать мне трудно.

Поднять глаза на посторонних — срам.

А дома волю

Слезам от боли

Даю, и сердце рвется пополам.

(Б. Пастернак аудармасы).

 

Осы өлеңдерден «Сегіз аяқтың» ырғағы анық естіліп
тұр. Сол секілді, Абайдың «Бойы бұлғаң» өлеңі мен Гетенің «Екі дүние арасы» өлеңінің ырғақәуендері бірбіріне өте жақын. Бұл өлеңдердің ұйқас жүйесі де — аабввб — бір-бірінен айнымайды.

Өлеңдегі өлшем, ырғақ, ұйқас, түр — дербес ұлттық бояу-нақышы бар нәзік материя. Екі ұлы ақынның реформаторлық ізденіс пен тәжірибелерінің үндес, сарындас, ұқсас келуі бір жағынан таңқаларлық болса, екінші жағынан рухани өсіп-өркендеу барысындағы заңдылық демекпіз.

Гете де, Абай да ұлттық поэзияны дамыту, байыту мақсатында бір соқпақпен жүріп отырған-ау…

Гете мен Абай поэзиясынан рухани туыстық іздегенде осы екі суреткердің өздері өмір сүрген ортаға деген көзқарасқа ерекше назар аудару керек. «Адам — белгілі дәрежеде уақыттың құлы», «Ең ұлық суреткерлердің өзі өз заманының ықпалынан озып кете алмайды» деп жазады Гете. Неміс ақынының шығармаларында сол дәуірдің әлеуметтік, саяси, тіпті күнделікті тұрмыстың шындығы көрінетіні рас. Гете жас күнінен өмірлік мұратын дұрыс таңдап, бүкіл ұзақ өмірін халқының рухани кызметшісі болуға жұмсаған. Оның ұстанған қағидасы: «des Lebens Leben — Geist» — «өмірдің мәнісі — рухани тіршілік» дегенге саяды.

Абай да өз дәуірінің перзенті болды. Сол тұстағы феодалдық-патриархалдық жікшілдікке бөлінген даланың барлық қам-қарекеті, уайым-қапасы оның кеудесін жайлап алды. Абай — даланың көкірек көзіне айналды. Абай — даланың лүпілдеп соққан жүрегі еді. Абай — халық даналығының таразысы бола білді.

Осы ретте Абай мен Гете дүниетанымынан ұқсас жәйттерді көптеп табуға болады. Бірақ бұл арада Гете мен Абайдың өздері өмір кешкен ортаның дүниетанымын білдірумен шектелмейтінін, олардың рухани мұрасының қашанда ескірмейтінін айта кетуіміз керек. Абай мен Гете — мына біздердің замандастарымыз секілді. Абай мен Гете шығармаларынан адам баласы тіршілігіне ортақ мәңгі құбылыстарды табамыз.

Бұл жағдайға, әсіресе екі ақынның лирикалық өлеңдерін оқығанда көзіңіз жеткендей болады. Бұлардың лирикасында тірі адамға тән ой-сезімдердің барлық түрі кездеседі десек, қателеспейміз. Мәселен, Гете табиғат лирикасын көп жазған ақын. Оның атақты философ Б.Спинозаның жолын қуушы, «құдай дегеніміз — табиғат» деген пікірдің жақтаушысы болғанын білеміз. Гете табиғатты адам өмірімен бірлікте жырлайды, өмірге құштар адамның әдетімен оны әсірелеп, әшекейлеп көрсетеді, сондағы ақынның ізгі мақсаты — адамды табиғатқа, табиғатты адамға жақындату болып шығады.

Абай табиғаттың төрт мезгілін жырға қосады. Ақын дала суреттерін ақ қағаз бетіне түсіргенде, жарқын, жарық бояулар табады, ұлттық образ жүйесі негізінде жүрекке жылы тиетін әуез-үн табады. Менің түсінігімше, Гете мен Абайдың лирикасында үндестік, туыстық аз емес. Ең бастысы — екеуінің жаратылысты жырлаудағы эстетикалық принциптері ыңғайлас. Оны нақты мысалдармен дәлелдеу қиын емес.

Гете творчествосында махаббат лирикасы маңызды орын алады. Бұл ретте оның «Зезенгейм жырларын», «Рим элегиясын» еске түсірсек те жетіп жатыр. Бұл өлеңдерде ақын бірде лапылдап жанып, бірде салқын сабырмен, философиялық тереңдікпен әйел затына деген құштар сезімді аспанға көтеріп әкетеді. Оның «Батыс-Шығыс диваны», мысалы, алпыс бес жасқа келген Гетенің Марианна Виллемерге ғашық болған кезінде дүниеге келсе, «Құмарлық трилогиясы» атты циклында қолға қайтып түспес бал дәурен, сезім-құштарлық жайы айтылады.

Абай ақынның жырлауындағы махаббат — қолға түсе бермейтін бақыт, жан дүниенің тазалығы, көңіл-көкіректің үндестігі, былайша айтқанда, тіршілік тірегі. «Махаббатсыз — дүние бос!» деп жар салады Абай. «Махаббатсыз — тіршілікте жан жоқ!» деп жазады Гете. Гетенің ұғымында, дүниедегі бар жақсылық, бар сұлулық тек махаббат құдіретімен жасалған. Абай болса, махаббат лирикасын адамгершілік мұраттармен қатар өрбітеді.

Екі ақынның философиялық лирикасында да табысатын, туысатын тұстары аз емес.

Тіпті Абай поэмалары мен Гете балладаларының желісінде ортақ жайлар кездеседі екен.

Бірақ бұл айтылғандар жеке зерттеуді қажет етеді. Реті келсе, ол туралы кейінірек тоқтамақпыз.

Гете шағын философиялық этюдтерді біраз өндіртіп жазған ақын. Мұнда оның өмір-тірлік туралы қысқа пайымдаулары топтастырылған. Әрине мұндай тәжірибелер әлемдік әдебиетте бұрыннан бар: Платонның «Диалогтарын» айтпағанның өзінде, Монтеньнің «Тәжірибелерін», Ларошфуконың «Қысқа қайырымдарын» еске түсірсек те жетіп жатыр.

Абайдың «Қара сөздерін» оқысақ, олардың Гетенің ойларымен үндесіп, қабысып жататынын байқаймыз. «Немістердің айналасы азғындыққа толып барады емес пе?!» деп күйінеді Гете Эккерманмен әңгімесінде. «Енді несі қалды? Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді…» деп қапаға түседі Абай («Үшінші сөз»).

Одан әрі Гете рухани жағынан кедей адамдардын күдікшіл болатынын айтады. Абай: «Кеселді кісі ер келетұғыны несі?» дейді. («Қырқыншы сөз»).

Гете: «Әрбір талантты адамның өсіп-өркендеуі үшін соны туғызған үлттық өнер-білімге жақын тұруы шарт» деп жазады. Өнер-білімнің қадір-қасиетін Абай да жоғары бағалайды. («Қырық бірінші сөз»).

«Біздер, немістер, күні еткен жұртпыз» деп жазады Гете. Өз ортасынан қайыр таппаған Абай: «Қайратты күнімде қазақты қиып, бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып үйір   боларлық  қайрат, жалын  сөніп те қалған екен» деп зар айтады («Тоғызыншы сөз»).

Енді ел қатарына қосудың қиындығын айта келіп, Гете: «Қаталдықпен не қайырымдылықпен біраз нәрсе тындыруға болар, бірақ  ешкімнің  беделіне қарамай, әділдікпен, білгірлікпен істеген іс артық» деген қорытындыға келеді. Абай да дәл осындай пікірді жақтай еліп: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратына сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дейді («Төртінші сөз»).

Мұндай салыстыруларды жалғастыра беруге болар еді. Гете өзінің қысқа қайырымды «Максим және рефлексий» атты еңбегінде Эсхилдың «Ақылды адамдар бірі-біріне ұқсас келеді» деген пікірін келтіреді. Гет мен Абайды салыстырып оқысақ, данышпандардың бір-біріне жақындығы одан да гөрі айқынырақ па деп ойлайсыз. Данышпандарды жақындастыратын рухани туыстық. Ол туыстық дүние-тірліктің мән-мағынасын, ақиқатты, әділеттілікті, сүлулықты іздеуден шығады.

Әр елдің, әр халықтың мақтанышына айналған ұлы азаматтары болады. Мәселен, біз Данте атын естісек, көзімізге Италия жұрты елестейді. Сондай-ақ, Шекспир аты Англиямен, Гете аты Германиямен, Пушкин аты Россиямен қатар жүреді. Қазақ даласында Абайдан бұрын да талай ұлы ақындар, ұлы батырлар өткен. Бірақ бәрібір Абайдың орны бөлекше. Абай десек, біздің есімізге қазақ халқы бойындағы ең асыл, ең озық қасиеттер елестейді. Абай есімі — жарқын символ секілді. Ру-руға, жік-жікке бөлінген көне заманда Абай есімі елдің бірлігінде, ұлттық мүдденің биік туындай естілген болуы керек.

                      * * *

Гете мен Абай творчествосы көл-көсір дүние. Мұхтар Әуезов айтқандай, олардан бәріміз де шөмішпен қалқып алып отырмыз. Гете мен Абайды оқып, түсініп-түйсініп, тану үшін бір адамның ғұмыры аздық етеді. Оларды оқу — өнер. Оларды танып-білу — еңбек.

Үлкен ақыл-білім иесі Гете Эккерманмен әңгімелесіп отырып, кітапты дұрыс оқып-түсінудің қиындығына тоқтала келіп, өмірінің сексен жылын оқу өнеріне арнаса да, осы өнерді түбегейлі игере алмай жүргенін мойындап еді.

Абай не оқыса да — түп-тамырына жетуді мақсат тұтқан. Джордж Кеннанмен кездескенде, Абайдың индукция мен дедукция тәсілдерін сұрауы тегін емес. Гете мен Абайды да осылай асықпай, ойлана, толғана, әлсін-әлі қайта соғып, күбірлеп, әр сөзінің дәмін алып оқыған жөн. Онсыз олардың таңғажайып дүниесіне басыңды сұға алмайсың.

Өз басым Абаймен тоғыз жасымда кездестім. Ол кезде қазақ мектебіне оқуға түсіп, қазақ тілін енді-енді үйрене бастаған едім. Оқу программасы бойынша мұғаліміміз Күлшара Қасымова Абайдың «Қыс» аталатын өлеңін үйден жаттап келуге тапсырма берді. Есілдің жағасындағы кішкене қазақ ауылы қарлы боранның астында қалған. Сол жылғы қыс сұмдық қатал болды. Біз бұрынғы дәрігерлік пункттің бір бөлмесін паналап отырғанбыз. Терезені жел ұрғылайды. Кішкене қаңылтыр пештің іші гу-гу етеді. Жетілік шамның сығырайған жарығының астына алба-жұлба оқулығымды қойып, күбірлеп Абайдың өлеңін оқып мен жатырмын.

 

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы — ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды…

 

Мен Абайдың өлеңін оқысам, анам кішкене қарындасыма әлдилеп немісше өлең айтады:

 

Roslein, Roslein, Roslein rot,

Roslein auf der Heiden.

 

Шешемнің айтып отырғаны — кейін білдім — Гетенің «Даланың раушан гүлі» атты өлеңі екен.

Сөйтіп, менің санама Гете мен Абай бейнелері қатар сіңіпті.

Бірақ Абайды бұрынырақ танығаным рас. Өйткені біздің ауылда үлкен-кішілер Абай өлеңдерін, Абай әндерін көп айтатын. Ауыл сахнасында «Абай» спектаклін қоятын. «Абай жолы» романын елдің бәрі таласып оқитын… Қазақ тілін еркін игеріп алған соң, өзім де Абай тереңіне бас қойдым.

Кейініректе Гетені іздеп таптым. Енді екі ұлттың екі заңғар биігіне қарап отырамын да, таң-тамаша қаламын. Гетені оқысам, Абайды танығандай боламын. Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын.

Тілі басқа, тілегі бір ақындарды түпнұсқадан оқып, түсінгенім үшін әжептәуір марқайып қаламын. Сол қуанышымды бөлісу үшін осы мақаланы жаздым.

Абай тағылымы. Әдебисын мақалалар мен

зерттеулер / Құрастырған филология

ғылымының докторы, профессор Нығмет Ғабдуллин. –

Алматы:-Жазушы, 1986. — 173-194-беттер.

 

Сайтта жайғастыруға дайындағандар:

 доценттер Е.Адаева, Е.Кәрбозов.

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники