Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Төлеген ТӘЖІБАЕВ. Абайдың психологиялық көзқарастары

Т. Тәжібаев

Қазақ халқының XIX-ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген данышпан ақыны Абай ол кезде правосыздықта, езушілікте болған, бірақ бостандық сүйгіш, талантты өз халқының аңсаған арманы мен үміт-тілегін жан-тәнімен жырлады.

Абай ұлы ағартушы болды, ол ұлы орыс халқының прогресшіл мәдениетін үлгі етіп ала отырып, өз халқын ағарту ісіне, ғылым мен мәдениетке қажымай-талмай үгіттеді.

Қазақ халқын мәдени-экономикалық және саяси жағынан артта қалған, реакцияшыл мұсылмандық шығысқа бағыттаған панисламистердің, пантуркистердің және басқа әр түсті ұлтшылдардың тілегіне қарсы, ол өз халқын революцияшыл Россияға, оның сол кездің өзінде-ақ ғылымның, искусство мен әдебиет табыстарының теңдесі жоқ үлгісін дүние жүзіне танытып отырған данышпан өкілдері бар озат мәдениетіне бағыттады.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай өз халқының тек ұлы ақыны ғана болып қойған жоқ, сонымен бірге үлкен ойшылы да болды.

Абайдың шығармалары терең философиялық түйінді пікірлермен көмкерілді. Ол философия, тарих, этика және тәрбие мәселелері туралы аталы пікірлер, нұсқалы ойлар айтты.

Өзінің шығармаларында да, сондай-ақ практикалық қызметінде де жас буынды тәрбилеу мәселесіне ерекше ықыласпен көңіл бөлді. Ол адамдардың психологиясын өте тамаша білетін еді.

Абайдың поэтикалық шығармалары оның философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастарының терең негіздеріне лайықтанып құрылады.

Алайда, ұлы ойшылдың еңбектерінің бұл жағы, әсіресе оның философиялық және психологиялық көзқарастары, Абай творчествосын зерттеп танудың ақтай қалып келе жатқан беттері болды. Бұл мәселе жөнінде тарап жүрген бірлі-жарым еңбектер кейбір жеке-жеке, байланыссыз, кейде тіпті қате жағдайларды жалаң баяндаудан аса алмай жүр.

Бұл мақаласында автор Абайдың психология мәселелеріне қандай көзқарасы болғандығына тоқталып, қысқаша анализ жасамақшы.

XIX ғасырдың екінші жартысында жаратылыс тану ғылымында үлкен-үлкен жаңалықтар болды, оның ішінде физиологияның ғылыми негіздерін салған және жоғары нерв қызметінің физиологиясы жөніндегі өздерінің ілімімен материалистік ғылымды байытқан орыстың ғұлама ғалымдары И.М. Сеченов және И.П. Павловтың ілімдері көрнекті орынға ие болды. Олардың ілімдері психикалық әрекеттің механизмдерін ғылыми тұрғыдан түсінуде, сондай-ақ материализмнің идеалистік психология мен идеалистік философияға қарсы күресінде ерекше маңызы бар, жаратылыс тану ғылымына қосылған өте бағалы қазына болды.

Өткен ғасырдағы орыстың ұлы демократтары Белинский, Герцен, Чернышевский және Добролюбов физиологияға негізделген материалистік психология жасаудың позициясын жақтады. И.М. Сеченов революцияшыл демократтардың материалистік философиясына сүйене отырып, идеализмге қарсы қатал күресте психологияның материалистік системасын жасады. Сөйтіп, ол физиологиялық зерттеулердің ең соңғы нәтижелерімен дәлелдей отырып, дүниетанудың материалистік теориясын әрі қарай дамытты деуге болады.

Абайдың психология мәселелері жөнінде айтқандары ақынның Россиядағы материалистік психологияның сол кездегі жағдайларынан біраз хабары болғандығын аңғартады. Оның психологиялық көзқарастары құралып, қалыптасуына өзі оқып танысқан Миллдің немесе Спенсердің эмпирикалық және позитивтік психологиялары емес, И.М. Сеченов-тың, И.П. Павловтың, сондай-ақ К.Д. Ушинскийдің орыс психологиялық мектептері әсер етті.

Абай Құнанбаев шын ғылыми мәніндегі ғалым-психолог болған жоқ. Бірақ оның мәңгі өлмейтін поэтикалық және прозалық еңбектерінен адамның психикасын шебер және терең ажырата білгендігін көруге болады.

Көркем сөздің асқан шебері Абай өзінің көпшілік өлеңдері мен өсиет, өнеге-үлгі сөздерінде адамдардың басынан кешірген психикалық көңіл күйіне тән ерекшелікті өте шеберлікпен ашып береді.

Ол өзі жасаған образдарына психикалық пішіннің қалай болса солай ойдан алына салған ерекшеліктерін бере салмайды, қайта белгілі бір дәуірге, белгілі бір тапқа, белгілі бір жас мөлшеріне қосылатын адамдардың психологиясына тән ерекшеліктерді білді-ретін, әрқайсысының жеке-жеке өзіндік белгілерін көрсетеді. Абай шығармаларында адамдар психологиясына олардың белгілі бір тарихи жағдайларында алынып көрсетіледі. Сондықтан да оның адамдар өмірі мен психологиясын реалистік жолмен көрсететін шығармалары көпшілік бұқара үшін түсінікті және пайдалы болып келеді.

Адамдардың практикалық әрекеттерінде олардың психоло-гиясын терең және жете тексеріп зерттеумен бірге Абай өзінің орыс достарының көмегімен орыстың және шетел психологтарының еңбектерін оқып зерттейді. Ол оқып зерттегендерін жайдан-жай қабылдай салмай, ақыл елегінен, сын тезінен өткізіп, өзінің дүние тануына сай келетіндерін ғана алады да, оны қазақ халқының игілігіне айналдырады.

Абай арнаулы психологиялық еңбектер жазған жоқ, бірақ біз оның шығармаларынан психология мәселелері жөнінде аса қызық және аса бағалы пікірлер табамыз. Ол өзінің психологиялық пікірлері мен ұғымдарын көбінесе поэтикалық шығармаларында, сол сияқты өсиет, өнеге-үлгі сөздерінде («Ғақлияларында») айқын көрсетіп отырды. Сөйтіп Абай көптеген шығармаларында өзінің психология мәселелеріне көзқарасын белгілі шамада толық айтып берген ең бірінші қазақ болып табылды. Абай психологияны зерттеуде, біздің байқауымызша, өзі психология ғылымының мазмұны деп таныған үш түрлі мақсат көздеді.

Біріншіден, Абай түсінігінше, өлең мен ән адамдардың жан дүниесіне кіріп кетуі керек, олардың алтын қазынасы болып табылатын ең бағалы сезімдерін қамтуы керек. Олар халықты адамгершілікке тәрбиелеуде, адамдар санасындағы ескі феодалдық-патриархалдық қалдықтарға қарсы күресте маңызды роль атқарулары керек. Ол үшін олар халықтың аңсаған арманы мен үміт, тілегін жырлап қана қоймай, сонымен бірге оларды бақытты бостандық өмірге жетектеуі керек. Өлеңнің «іші (мазмұны) алтын, сырты (формасы-түрі) күміс» болып келуі керек. Көркем сөздің күші, Абайдың айтуынша, мынада:

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас;

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас;

Қыйналма бекер тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ ойға олақ

(Абай, Толық жинақ, 1945 ж. 70 бет).

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (1889), «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» (1896), «Құлақтан кіріп бойды алар» (1897), «Құр айғай бақырған» (1897) тағы басқа өлеңдерінде Абай жақсы ән мен тәтті күй құлақтан кіріп, адамның барлық сезімдерін қозғайды және көңілге түрлі ой салады деп көрсетеді. Жақсы әнді тыңдағанда, адам айналасында болып жатқандарды, тіпті өзін-өзі ұмытады, бір түрлі терең ойға батады, жүрегі бүкіл денесін жылытып, адам өз сезімінің әмірінде болып отырады. Бұл жағдайда ол сырт қоздырғыштардың бәріне де жауап бермейді; тіпті олар адам үшін өмір сүрмейтіндей болып отырады.

Ән адамның барлық бастан кешіргендерін есіне түсіреді, қайғыңды немесе қуанышыңды жаңғыртады, барлық өткендеріңді бастан-аяқ бір-бірлеп еске түсіруіңе мәжбүр етеді. Біресе біреудің өзіңе сыбырлағанын естігендей боласың, біресе күнде алдағыш қулардың сөзіне сене бастайсың. Ән тыңдау арқылы дейді ақын:

Ішіп, терең бойламын.

Өткен күннің уларын.

Және шын деп ойлаймын,

Жұрттың жалған шуларын.

Тағы сене бастаймын,

Күнде алдағыш қуларға.

Есім шығып, қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма?   (196-бет)

Әннің адамның психикалық әрекетіне ететін әсері туралы айта келіп, Абай адамның көңіл күйі оның терең ойлануының сәулесі, ал ән сол көңіл күйінің қылын шертетін көлеңкесі деп көрсетеді.

Көңіл күйі құйқылжыр шар тарапқа,

Адам ойы түрленіп ауған шақта.

Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің,

Тактысына билесін ол құлаққа.

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжыйды,

Жүрек тербеп оятар баста мыйды.

Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар. (182-бет)

Ән адамды қанаттандырғандай болады, оның сезімін тербетеді, оны рухтандырады.

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.

Жарамды әнді тыңдасаң жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер. (183-бет).

Ән деген – ол рақат, бірақ оны кезкелген құлақ тыңдай білмейді, тек «ойлы құлақ» қана тыңдай біледі. Ән адамның қайғысы мен қуанышын жандандырады, ұйықтап жатқан сезімін оятып, сілкіндіреді. Ән адамның ойлары мен көңіл күйін көрсетеді.

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар

Ақылының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар. (182-бет).

Әнді кез-келген адам ұға алмайды, оны өте жақсы тыңдайтын, көкірегі сезімді, көңілі ояу және қырағы, болжағыш ойы бар адам ғана ұғына алады:

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңіліңнің көзі ашық, сергек үшін. (77-бет).

Абайдың бұл сияқты айтқандарынан мынандай қорытынды өзінен-өзі келіп шығады: поэзия адамның психологиясына әсер етудің мықты құралы болып табылады, бірақ оның әсер етерліктей күші болуы үшін, ақын адамдардың психологиясын жақсы білуі керек және оған әсер ете білуі керек. Олай болса, поэзиямен шұғылданып жүрген әрбір адам адамның психикалық әрекеттерінің ерекшеліктерін, оның даму заңдылығын зерттеп, оны жақсы білетіндей болу керек.

Екіншіден. Абай өз халқын саяси правосыздықтан, экономика, мәдени жағынан артта қалушылықтан, надандық, қараңғылық пен қайыршылықтан құтқарудың жолы халықты, ең алдымен жас буынды ағартуда және адамгершілікке тәрбиелеуде деп біледі. Ол қазақ жастарын орыс мәдениеті мен орыс тілін үйренуге, орыс халқының барлық прогрестік жақтарын қабылдауға үгіттейді. Абай оқыту жұмысы әсерлі, табысты, балалардың ақыл-ойларын дамытатындай болу керек деп санайды. Ол үшін, балалардың психологиясын жете білу керектігі және оларды оқыту, тәрбиелеу ісін балалар психологиясының ерекшеліктерімен санаса отырып құрып қана қоймай, сонымен бірге оны жан-жақты дамытуға бағыттап құру керек екендігі өзінен-өзі түсінікті.

Үшіншіден, Абайдың толып жатқан өлеңдері мен айтқандарынан адамның психологиясын жете білуге аса зер салғандығын және оның өзін күнделік өмір үшін қажетті нәрсе деп есептегендігін көруге болады. Әлеуметтік еңбек өмірінде және тұрмыста дұрыс қарым-қатынас жасай білу, ниеті жат жауларды таный білу және олармен қалай қатынас жасау – міне, осылардың бәрі де Абай түсінігінде, адамдардың психологиясы мен мінездерінің (характерлерінің) ерекшеліктерін таный білуді талап етеді.

Абай психологиясының әдістері (методтары) туралы арнап ешнәрсе айтпайды. Бірақ оның шығармаларынан өзінің творчестволық еңбегінде объективтік және субъективтік бақылау (байқау) әдістерін қалай кең қолданғандығы байқалды. Абай, шындығында, байқағыштығы өте күшті дамыған және бақылаған объектісіне өте ұсақ ерекшеліктеріне шейін байқап қалатын адам болған. Мәселен, оның көркем сөз талантының ең тамаша үлгілері болып табылатын «Қан сонарда» (1882), «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» (1884), «Жаз» (1883), сол сияқты жақсы аттың сынын сыпаттайтын «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» (1886) т.б. өлеңдерін зер салып оқысаңыз, сыртқы табиғаттың құбылыстары мен жағдайларын, адамдардың әрқайсысының жеке-жеке психикалық айрықша нәзік белгілерін, күйініш-сүйінішін ақынның өте шебер байқап отырғандығына көзіңіз жетеді. Бірсыпыра өлеңдерінде ақын өзінің баға жетпес асыл ойларын және адамды толғандыратын эмоциялық күйініш-сүйінішін өте дәл жеткізіп отырады. Ол өз өлеңдерінде әртүрлі сословиенің, әртүрлі мамандықтың және әртүрлі жас мөлшерінің тобына жататын адамдарға өте айқын психологиялық мінездеме беріп отырады.

Психология мәселелерін қарағанда Абай сол кезде қалыптасқан үшмүшелі (ақыл, сезім және ерік) бөлуді алады да, оның мазмұнына түсінік беруге талаптанады («Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек», «Он жетінші сөз», «Жиырма жетінші сөз», «Қырық үшінші сөз» т.б. қараңыз). Ақыл-ой құбылыстарына ол түсіну мен қабылдауды, елестеу мен есті, қиялдауды, ойлау мен ақылдың өзін (яғни сананы) жатқызады.

Ал, мінезді (характерді) ерікпен қоса қарайды. Ақыл-ойға сабырлылық, анықтылық пен өткірлік қасиеттер жатады. Сезімге психикалық көңіл күйінің жылылығы, қуаныш пен кек, құмарлық пен махаббат, тағы сондайлар жатады. Ал, төзімділік, талаптанушылық, өзінің нәпсісін тыя білушілік ерік процестері болып саналады.

Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек.

Жылытқан тұлабойды ыстық жүрек

Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық

Бұл қайраттан шығады білсең керек (78-бет)

Ақыл мен сезім және ерік, Абайдың ойлауынша, бірлестікке, толық тұтастыққа және жарастықта болуы керек, өйткені бұлар бір-бірінсіз пайдаға аса алмайды; ал, бұлардың жеке-жеке ажырап кетуі, тығыз байланыста, бірлестікте болмауы адамды көңілсіз жағдайларға ұрындыруы, оны өмірдің қалыпты жолынан шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан ғылымның міндеті адамның осы үш салалы психикалық әрекетін зерттеу, сөйтіп олардың бірлестікте болуын қамтамасыз ету болып табылады.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым, сол үшеуінің жолын білмек. (78-бет)

Ерік (Абайша қайрат – Т.Т.), ақыл (немесе сана, Абай түсінігінде бұл екеуін бір деп таныған) және сезім бірлестікке келтірілуі керек. Бірақ, бұлардың арасы ажырап кететіндей жағдай туып қалса, онда қашан да басқарушы мен жетекші роль атқаратын жүрекке, яғни сезімің қалай дегеніне жүгіну керек. Ол, Абайдың айтуынша, ақылды дұрыс жолға салып, ерік күшін дұрыс пайдалануға жетектеуі керек.

Тағы бір жерде Абай ақыл мен ерік (қайрат) адам өмірінде шешуші болып саналады дейді. Бірақ олар, жүректен шығатын әділеттік болмаса, пайдасыз болады және өзінің функциясын атқара алмайды деп көрсетеді.

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың – жалын, артың – мұз

 Барар едің қай жаққа. (152-бет)

Бұл айтқандарынан Абайдың орыстың ұлы педагогі және психологі К.Д. Ушинскийдің көзқарастарына жақындайтын сенсуалистік көзқарастары өте айқын көрінеді.

Ушинский сезімді сана құбылыстары мен еріктің арасын байланыстырушы буын деп есептеп қана қоймай, сонымен бірге оны «адамның санысы мен еркіне байланысты әрекеттерін туғызушы және осы әрекеттің ең түпкілікті, ақырғы мақсатын көздеуші деп қарайды. Ақыр аяғында, сана жүрек арқылы сезімдердің біреуіне қосылады да, сөйтіп ішкі жан дүниесін үш мүшелі бөлу екімүшелі бөлуге, яғни сезім мен ерікке бөлуге әкеп соғады. Өзінің «Он жетінші сөзінде» (ғақлиясында). Абай еріктің, жүрек пен ақылдың табиғаты мен олардың бірлестігі туралы ойларын басқа шығармаларына қарағанда әлдеқайда толық суреттейді. Сондықтан бұл «Он жетінші сөздің» мазмұнын түгелдей келтіруді орынды деп таптық:

Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: ән, ғылым, өзің білесің дүниеде ешнәрсе менсіз кәмалатқа жетпейді, әуелі ғылым өзіңді білуге, ерінбей жалықпай ізденіп, үйреніп орнына келтірмек менің ісім, құдайға лайықты ғибадат қылып ерінбей, жалықпай орнына келтірмек те менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, әбүйір, мәнсапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай бойды таза сақтайтұғын күнәкәрліктен, көрсе қызар жеңілдіктен, нәпсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жыйғызып алатұған мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады? – депті.

  Ақыл айтыпты: не дүниеге, не ақыретке, не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын мен, сенің сөзіңді ұғатұғын мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды? – депті.

Онан соң жүрек айтыпты: мен адамның денесінің патшасымын, қанменен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге, төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың жәй-күйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын мен. Бірақ, мені таза сақтай алмайды, ақырында қор қылады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын; жақсылыққа елжіреп еритұғын мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады? – депті.

Сонда ғылым, бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып айтыпты: ей, қайрат! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлерің бәрі рас, сенсіз болмайтұғыны да рас, бірақ қарауыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің. Соның жаман – депті.

Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайында сен білесің; бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның, екеуінің де сүйенгені, сенгені сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрген сенсің, соның жаман — депті. Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ, менің ісім – депті. Бірақ, сонда билеуші, әмірші жүрек болса, жарайды. Ақыл сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгілі қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді, ермек түгіл жиреніп үйден қуып шығарады.

Қайрат сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуі бір кісіде менің айтқанымдай болса, табаныңның топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын. Құдайшылық қалыбыңды сонда таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп, кітаптың айтқаны осы, – депті (340-341 беттер). Енді ақыл, сезім және ерік үшеуіне Абайдың берген мінездемесіне толығырақ тоқталып өтейік.

а) Ақыл

Ақиқат шындықты танып білуді Абай материалистік жолмен түсіндіреді. Түйсіну мен қабылдау ақиқаттық дүниенің адам санасында сәулеленуінің алғашқы баспалдағы болып табылады. Адамның сезім мүшелері білу, танудың көзі болып есептеледі. «Көзіменен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады» (396-бет) дейді Абай.

Тағы бір жерде Абай «…егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззәт алар едік?» (352-бет). Егер «…құлақ болмаса: не қаңғыр, не дауыс, жақсы үн, күй, ән ешбірінен ләззәттеніп, хабар алмас едік, мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззәт алар едік?» (352-353-беттер) деп жазады.

Тек тәжірибе арқылы, сыртқы дүниені сезім мүшелерінің тікелей сәулелендірулері арқылы ғана адам ақиқат шындықты танып біледі.

Адам сыртқы дүниенің құбылыстарын суреттердің көшірмесі (копиясы) түрінде қабылдайды. Өзінің «Қырық үшінші сөзінде» Абай сыртқы дүниеден алынған «хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен көңілге түседі» (396-бет) деп жазады.

Қабылдау өзінің алдында болып өткен тәжірибемен байланысты болғанда ғана толық бола алады. Сондықтан өзіңнің бұрын естімеген сөзің бірден құлағына жат естіледі, ұғыла қоймайды. Сондықтан қабылдау жүйелі, дәйекті болуы керек: өткенді біліп алмайынша, онан кейінгілерін қолға алма, бәрі бір ол анадан гөрі де ұғынықсыз болады. Бұл туралы ақын өзінің «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінде:

Түзу кел, қыйсық, қыңыр, қырын келмей,

Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей,

Шу дегенде құлағың тосаңсыйды,

Өскен соң, мұндай сөзді бұрын көрмей.

Таңқаламын алдыңғы айтқаныңды ұқпай,

Және «айта бер» дейді жұрт тыным бермей  (77-бет), деп жазады.

Жақсы әнді кезкелген адам ұға бермейтіндігі, оны тек «ойлы құлағы» бар адам ғана ұғына алатындағы туралы айта келіп, Абай адам сезімдері дамуының тарихтылығын мейлінше дұрыс түсінеді.

Марксизмнің негізін  салушылар К. Маркс пен Ф. Энгельс сезімнің қалай адамдық сезімге айналу процесін, яғни адамның тәжірибе (практика) процесінде адамдық емес сезімдердің адамдық сезімдерге айналатындығын нақтылы мысалдармен көрсетті.

Абай тек адамның көзі ғана «дүниенің әсемдігін ләззәт» алуға мүмкіндігін туғызатындығын, егер «адамның құлағы» сол сияқты адамның «иіс сезімі» ғана аромат (жұпар) иістен ләззәт алуға мүмкіндік жасайтындығын дұрыс түсінді.

Рас, Абай бұл пікірлерді дамыта алмады. Бірақ ақынның айтқандары жануарлар мен адам сезім мүшелерінің арасындағы сапалық өзгешеліктерді, сол сияқты олардың әрекеттерінің арасындағы сапалық айырмашылықтарды және адам сезімдерінің өзіне тән өзгешелігін, яғни адам сезімдері – адамның тарихи практикалық әрекетінің нәтижесі екендігін Абай дұрыс көре білді деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Абай адамның психикасының жануарлар психикасынан айырмашылығы туралы, сол сияқты адам сезімдерінің адамдық қасиеттері туралы айқын айтады.

Абай түйсінулерді сыртқы дүниедегі құбылыстар мен заттардың біздің сезім мүшелерімізге әсер етуінің нәтижесінде пайда болатын психикалық функциялар деп қарайды: ал, сезім мүшелерімізге әсер ететін сыртқы заттар мен құбылыстар жағымды я жағымсыз болып қабылдануы мүмкін.

Бес сезім мүшесі арқылы қабылданған сыртқы дүниенің құбылыстары із-тозсыз жоғалып кетпейді, қайта, керісінше, сол құбылыстың немесе заттың суреті, бейнесі түрінде адам санысында жаңғырып сәулеленеді. Бұл – жас балада әуелі өте аз мөлшерде ұшырасатын, жетілмеген, қалыптаспаған, бірақ тәрбиелеу арқылы күшейтілетін, дамытылатын «жанның» еріксіз күші. Егер «жанның» осындай қабілетінің дамуына көңіл аударылмаса, онда ол мүлдем жоғалып кетуі я өзінен маңызын жоюы мүмкін.

Абай ес деген ұғымға анықтама беріп, оның мәнін ашып бермесе де, оны адам өмірінде, әсіресе мәдениетті меңгеруде ерекше маңызы бар психикалық функция деп қарап, оған өте көп көңіл бөледі.

Ол еске сақтап қалуға төселдіретін (жаттықтыратын, үйрете-тін, дағдыландырылатын) негізгі төрт түрлі жағдайдың болуын атап көрсетеді. «Естіген нәрсені ұмытпастыққа, — деп жазады ол, — төрт түрлі себеп бар: Әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек. Екіншісі, сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану (үлгу алу) керек, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғыну керек. Үшінші, сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек. Төртінші, ой кеселді нәрселерден қашық болу керек; егер олар кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы, күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді, бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер» (359-бет).

Қиял, Абайдың түсіндіруінше, ғылымның дамуында зор маңызы бар, адамның ішкі қабілеті болып табылады. «Білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар; адамның ішінде бірі мұлахаза (ойлау, пікірлеу), екіншісі берік мұхафаза (сақтау, қорғау) қылу, бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай ғылым зораймайды» (361-бет) дейді Абай. Сондықтан қиял мен ойлауды жан-жақты дамытып отыру керек. Бірақ мұнда өзіңді пайдасыз, нәтижесіз, жеміссіз бос қиялдан, ойдан сақтандырып отыру керек. Абай қиялдау мен ойлау туралы айтқанда олардың арасына тыянақты, белгілі бір шек қоймайды.

Ойлау – күрделі психикалық процесс, оның мазмұны өте бай болады; ешқандай сөз ойдың барлық байлығын қамтый да алмайды, дәл бере де алмайды. «көңілдегі көрікті ой, ауыздан шыққанда өңі қашады» (368-бет).

«Жапырағы қуарған ескі үмітпе» деген өлеңінде Абай адам үнемі үздіксіз ойлауы керек, өйткені тек үздіксіз, тұрақты ақыл-ой әрекеті арқылы ғана бір ой екінші ойды тудырады, яғни екінші бір ой пайда болады. Мыйдың өзгешелігінің өзі де – осындай тануға, білуге үздіксіз талпынуында. Бірақ сөйте тұра ой практикалық өмірмен байланысты, ақиқат (реалдық) ой  болуы керек деп үйретеді.

Сана мен ақыл – Абайдың түсінігінде – ақыл-ой әрекетінің ең жоғары баспалдағы, сондай-ақ адамның психикасын жануарлардың психикасынан ажырататын айқын белгі болып табылады. Абай «Ырыс алды тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық не? деп сұрайды да, «Жоқ, ондай тірлік иттерде де бар» (326-бет) деп жауап береді. Тірілік – сананың болуында. Сана ғана адамды басқа жан иелерінің ішінде теңдесі жоқ жан иесі ете алады. Дәл осы пікір ақынның «Жүректе қайрат болмаса» (1898 ж.) деген өлеңінде де айтылады.

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?! (207)

Егер ақыл болмаса, адам қайуаннан өзгешелігі болмас еді дейді Абай. Адамның ақылы оның барлық әрекетін, соның ішінде еркін де басқарып, билеп отыруға тиіс. Бірақ адамда ерік (Абайша — қайрат) жоқ болса, онда ақылдың өзі де мақсатсыз, өзімен-өзі болып кетер еді.

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас үстірттер. (206)

Абай көбінесе «жан» деп айтқанда, бұл ұғымға жаратылыстан жоғары бір күшті, метафизикалық ұғымды кіргізбейді, қайта құбылыстарды, бірақ адамның дене құбылыстарын емес, психикалық, рухани құбылыстарын айтады.

Тек сана арқылы ғана (Абай мұны көп ретте оймен және ақылмен бір деп қарайды – Т.Т.) адам объективтік шындықты таныйды, ғылымды меңгереді, қас пен досты, ізгілік пен залымдықты ажыратады; сансыз бен ақылсыз ешнәрсе танылмайды, білінбейді. Ақыл бұл дүниенің де, сондй-ақ «ол дүниенің де» маңызын ашып береді.

Дегенмен, адамның әрекетінде ақылдың басым болуы «пайдалы бола бермейді», өйткені ол адамды жақсылық жолмен қалай жүргізсе, жаманшылық жолмен де дәл сондай жүргізуге құдыреті келеді. Жақсылықпен ғана тұрмайды, амал да, айла да ақылдан шығады. Жақсылықтың да, жамандықтың да сүйенері, сенері, іздегенін тауып берері осы ақыл болады. Бір сөзбен айтқанда ақыл жақсылыққа қандай қызмет етсе, жамандыққа келгенде де сондай қызмет істейді («Он жетінші сөзін» қараңыз) деп үйретеді Абай.

Сана адам туғанда бірге тумайды және адам тумысында саналы болып тумайды. Сана адамның практикалық әрекетінде пайда болып, өсіп-дамып, жетіледі.

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды; естіп, көріп, ұстап, танып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танудағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» (343-бет).

Ақылдың өзіне тән өзгешеліктердің  бірі оның білмекке (тану-ға) құмарлығында, өйткені білімсіз еткен тірлік – адам үшін тірлік емес. Көп адамдарда осындай білмекке құмарлықтың жоқтығын қынжылып көрсете отырып, Абай мұндай адамдарды оларды дүниеге қарап тұрып, көкірек көзімен көрмейтін, түсінбейтін, білмейтін айуандардан ажырататын ақылдың жоқ екендігін атап көрсетеді. Айуан «дүниені құр көзімен көреді», бірақ оны танып білмейді. Ол «білмейді, білемін деп таласпайды» (328-бет).

«Сократ хакимнің сөзі» деп аталатын «Жиырма жетінші сөзінде» Сократ пен оның шәкірті Аристотельдің арасындағы диалогты келтіре отырып, алланың өзі дүниені және адамды әуелден ойлап жаратқан, адам оның бұлжымас заңдылығына (құдыретіне) бағынады, адам хайуанаттан санасымен артық саналады, адам хайуанаттың қолынан келмейтін құрал-сайман жасай алады. Сондықтан адамды артық жаратушы алланың өзі ең жоғары  сана дейтін Сократтың оқуын Абай ешбір қарсылықсыз қуаттайды. Бірақ Сократтың бұл айтқандарына Аристотельдің шүбәланатынын келтіру арқылы Абай құдайдың өте бір жоғары күш екендігіне өзінің күмәнданатындығын сездіреді.

Бұл оның құдайды әуелгі себеп, бір жаратушы деп көрсете оты-рып, дүниені материалистік жолмен түсіндіретіндігінде байқалады.

Сократ адамға тіршілік, жан беріп, соншама ақыл беріп, дүниені махаббатымен, шын ниетімен сүйіп жаратушы құдай өте бір жоғары күш деп дәлелдейді. Ол адамға сезім мүшелерін берудің өзі әуел баста алланың өзі ойлап істегендігі деп суреттейді. Адам денесі, Сократша, жер сияқты да, ал оның денесіндегі ылғал жердегі су тәрізді. Бұл жерде Абай адам «жан» деген нәрсенің келуімен байланысты ақылды болады дейтін Сократтың сөзін келтіреді.

Әрине, жан тек адамда ғана емес, жануарларда да бар, бірақ жанның дүние танып білушілік қасиеті тек адамға ғана тән. «Хайуан алды-артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы, артқы жағын тегіс тексермект тіпті жоқ. Тек адам ғана алды-артын және сол күнін – үшеуін де тегіс ойлап тексереді» (354-бет).

Адамның екі аяғымен басып тік жүруі дүниені түгел көруге, айналадағыны тексеріп тануға, өзге айуандарға үстемдік етуге мүмкіншілік береді. «Хайуанға адамның ақылын берсе де, мұнша шеберлік, мұнша дәрігерлік, бір-біріне ғылым үйретерлік, шешендік, сөйлей білушілік оның денесіне лайық келмейді». Жануарлар адамша «шаһар жасап, құрал жасап, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық, шеберліліктің үдесінен шыға алмайды» (354-бет).

Абайдың осы айтқандарын оқып отырып, Ф. Энгельстің «маймылдың адам баласына айналу процесіндегі еңбектің ролі» деген атақты еңбегін еріксіз еске түсіресің де, мүмкін Абай бұл еңбекпен белгілі дәрежеде таныс болған шығар деп ойлайсың.

Жоғарыда айтылғандардан, құдай тек дүние мен адамды жаратушы ретінде бетке ұстаған перде тәрізді болып ғана көрінеді. Ал тек осы пердені алып тастау ғана мұң, алып тастасаң аржағында өзінің барлық даму заңдарымен материалдық дүние көрініп тұрады. Дүние мен адамның табиғатын Абай материалистерше қарастырады; дүние, материя – алғашқы, жан, сана – соңғы.

Түйсінудің дамуы, Абайдың көрсетуінше, ақыл-ойдың дамуына жағымды әсер етеді. Сондықтан кімде-кім есіту және көру сезімдерін дамыту жолымен өзінің білімін, ойын да дамытып отырған болып табылады. Адамның ақыл-ойының дамуы құдайға байланысты емес, кейбіреулердің «құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейін» немесе «құдай тағала сенімен мені бірдей жаратып па?» деуі құдайға жала жабу болып табылады, өйткені «оған құдай тағала көрме, есітпе, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкі менен ішпек, жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қызынаңды жоғалтып алып, қайуан бол деген жоқ» (396-бет) дейді Абай.

Ақыл-ойдың даму дәрежесі талаппен байланысты болады. Алайда, кейбіреулер белгілі бір талап кімде болса, сол ғана ақыл таба алады, ал кімде ақыл аз болса, сол ақыл таба алмайды дейді. Бұл, әрине, бекер деп үйретеді Абай. өйткені талап әр балада да бар, бірақ ондағы «жан» қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, тек ескерсе ғана, күтіп айналдырса ғана зораяды (43-сөзін қараңыз).

«Адам баласының ең жаманы — талапсыз» (400-бет) адам.

Ақылды адамда айрықша үш түрлі сапа болу керек; бұл қасиеттерді жоғалтып алса, ол адамшылықтан айрылып, айуанға айналып кетеді. Олар қандай сапалар? Оның біріншісі «орысша подвижной элемент» деп аталады. Ол – не көрдің, не естіп білдің, соны тездікпенен ұғынып, онымен ғана шектелмей, «арты қайдан шығады, алды қайда барады» — соған байланыстырылып отыратындығы. Бұл «сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Ал бұл болмаған жағдайда көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Адам керекті уақытында ойламай, мезгілінде істемей, дер кезінде айтпай уақытын өткізіп алып, бүкіл өміріне санын соғып өкінумен өткізеді. Енді екіншісі орысша «сила притягательная однородного» деп аталады.

Барлық естігендерің мен көргендерің яғни барлық қабылдағандарың соған ұқсас басқа заттармен, құбылыстармен салыстырылып отыруы керек. Ондағы барлық ұқсас жағдайларды кеңінен ойластырып, белгілісін тексеріп, байқап, белгісізі туралы анықтамалар жыйнап, білетіндерден сұрап, ол туралы іздестіріп, оқып отыру керек. Бұл туралы Абай «біреуі орысша «сила притягательная однородного…» дейді. Ал, бір нәрсені естіп, көріп білдің, қош келді, кәзір соған ұқсағандарды тексересің, түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсастығы бар ма? әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмейінше тыншытпайды» (397-бет) деп жазады.

Бұл ұғымға (сила притягательная однородного) Абай тек жаңа қабылдаулардың, елестеулердің және жаңа ұғымдардың ассоциация заңдары бойынша ілгеріде өткен тәжірибеге байланыстылығын (әсіресе ұқсастығы жағынан) ғана жатқызып қоймайды, сондай-ақ оған ақыл-ойдың қоршаған дүниені үздіксіз тануға бағытталған білмекке құмарлығы мен құштарлығын да қосады.

Үшінші сапа деп Абай жүрек сезімін көрсетеді. Абайдың айтуы бойынша, жүрегіңді мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық сияқты төрт түрлі пайдасыз нәрселермен кірлетпей сақтасаң, онда сыртта ішке барған әрнәрсенің суреті жүректің айнасына (бұл жерде жүректің емес, сананың болуы керек – Т.Т.) анық болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмытылмайды, есіңде берік сақталады. Ал, егер бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, онда жүректің айнасы бұзылады, я қыйсық, я күңгірт көрсетеді. Нәтижесінде айнала қоршаған нәрселерден дұрыс ұғым болмайды.

«Мансапсүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірік-шілік осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылық, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде (жете тексергенде – Т.Т.) жақсы нәр-селерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни жоғары айғарып, құмарпаздыққа салып, жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек» (398-бет).

Мұндай әртүрлі жаманшылықтардан адамды тек сергек ақыл мен мықты қайрат (ерік) қосылып қана сақтандыра алады. Тек сергек ақыл мен күшті қайрат кімде бар болса, сол адамның ғана «сила притягательная однородного» және «подвижной элемент» сапалары көңілдегідей, жеткілікті күші бар болады. Ал, ақыл мен қайрат аз болса я тіпті екеуінің бірі атымен болмаса, онда соңғы екі сапа да қуатсыз болады.

Адам үнемі әрекеттену үстінде болуы керек. Әрекетін доғару оны құрытады. Ол өзінің ақыл-ойын, тудырған дағдыларын, ілімін және кәсібін үздіксіз дамытып, жетілдіріп отыруға тиіс.

Ал, егер бұл айтылғандар ұзақ уақыт өзгеріссіз қалса, онда олардың жоғалып кетуі де, сондай-ақ адамның өзі нанбастай болып өзгеріп кетуі де мүмкін.

«Жан қуатымен адамның тапқан өнерлері де, күнде тексерсең күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың… жоғалған өнер «ал мен жоғалды» деп хабар беріп жоғалмайды. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қыйынырақ тиеді» (397-бет).

Бұл жоғарыда айтылғандардан дүниетану процесін Абай материалистік тұрғыдан түсіндіріп көруге болады. Біздің көзқа-расымызша, ол өзінің психологиялық көзқарастарын анықтауда көптеген мәселелерді К.Д. Ушинскийдің психологиясынан пайдаланғандығына қарамастан, тану (білу) мәселелерінде материалистік  психологияның негізін салушы И.М. Сеченевтің позициясында болды.

Өзінің дүниетану теориясында идеалистік қателіктер жіберген К.Д. Ушинскийден Абайдың айырмасы сонда, ол тану процесіне материалистік тұрғыдан түсінік берді. Егер Ушинский объективті дүние адам санасында қайдағы бір символ, иероглиф түрінде сәулеленеді деп қараса және дәл сол арқылы «түкке қажеті жоқ агностицизм элементін» (Ленин) кіргізген болса, ал Абай дүние адам санасында заттардың көшірмесі (копиясы), суреттері, бейнелері түрінде сәулеленеді деп түсіндіреді.

Сөйтіп Абай «Дүние, шындығында да, адамнан тыс және өз алдына өмір сүреді, бірақ оны адам сезім мүшелерінсіз тануы мүмкін емес, өйткені сезім мүшелері әрекетінің продуктілері барлық психикалық өмірдің мәні, қайнар бұлағы» деп жазған И.М. Сеченов-тың позициясында болды. Алайда, Абайдың материализмі дәйекті, жүйелі материализм болмайды; ол, әсіресе, жалпы гносеологиялық мәселелерде бірқатар идеалистік елеулі қателер жіберді.

б) Сезім

Сезім адамның іс-әрекетінде үлкен орын алады. Абайдың ұғуынша, сезім – жүректің қасиеті, ол тамырлармен қан жүргізеді, ол – жанның тұрағы, мекені, онсыз өмір жоқ.

Гуманистік, адамгершілік сезімдері, альтруизм сезімдері жүрекке тән қасиет болып табылады. Жүрек адамды жақсылыққа жетектеп, жамандықтан алып қашады, жамандықты жек көреді, кішіпейілділік, әділеттік, қайырымдық, ілтифаттық (бауырмал-дылық) т.б. сол сияқты жақсы қасиеттердің бәрі де жүректен шығады.

Егер тіл жүректің айтқанына көнсе, онда ол қателеспейді. Героизм мен ерлік те – жүрекке тән қасиеттер. Ол – айтқан сөзде тұру, жаманшылықтан бойын тез жыйып ала білу, адасқан көптің атының басын тура жолға бұрып алуға жараған әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қыйын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау («Он төртінші сөзін» қараңыз).

«Ысытқан, суытқан» (1894) деген өлеңінде Абай адамның көңіл ауаны да сезімнің бір түрі, ол жағымды да, жағымсыз да болып келуі, адамды қуантуы да, ренжітуі де мүмкін деп түсіндіреді. Алайда, ақын бұл пікірлерді дамыта алмады.

Ол эмоционалдық көңіл-күйінің жағдайында адамның бет әлпетін байқататын қыймылдар мен физиологиялық өзгерістерге өте көп көңіл бөледі.

Жылы сөз бен күшті сезім адамның физиологиялық әрекетіне әсерін тигізетіндігін Абай Пушкиннен еркін аудармасы Евгений Онегин мен Татьянаның хаттарында тамаша көрсеткен.

«Білектей арқасында өрген бұрым» (1889) деген өлеңінде ол:

 

Егер де қолың тисе білегіне

Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе

Бетіңді таяп барсаң тамағына,

Шымырлап бу енеді сүйегіңе,

(87- бет), деп жазады.

Мұнда Абай адамның сезімдері сыртқы қоздырғыштардың, яғни сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарының адамға тигізген әсері арқылы пайда болатындығын көрсетіп отырғандығы байқалады.

Тағы бір жерде Абай адамның эмоционалдық көңіл-күйі табиғатының субъективтігін, яғни адам басқа біреудің сезімін дәл сондай сезімді басынан кешірмейінше ұғына алмайтындығын айтады.

Махаббат қызық кім көрер,

Оның да дәмін татпаса.

Бір жола басты кім берер,

Жаныңа қайғы батпаса… (105-бет).

Ақын өзінің «Қызарып, сұрланып» (1891) деген өлеңінде сүйіскен ғашықтардың құмарлық сезімінің құшағында болатын кездерінде олардың бет әлпетін байқататын қыймылдары және организмдерінің физиологиялық процестері өзгеріп кетеді деп көрсетеді. Құмарлық  сезім билеп кеткен минуттарда сөз, ақыл әлсіз, олар сезімге билететін болады.

Қызарып, сұрланып,

Лүпілдеп жүрегі

Өзгеден ұрланып,

Өзді-өзі керегі.

Екі ғашық құмарлы

Бір жолдан қайта алмай;

Жолықса ол зарлы,

Сөз жөндеп айта аламай,

Демалыс ісініп,

Саусағы суынып,

Белгісіз қысылып,

Пішіні құбылып.

Иығы тиісіп,

Тұмандап көздері;

Үндемей сүйісіп,

Мас болып өздері (124-бет).

«Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңінде ақын:

Таймаңдамай тамылжып

Бір суынып, бір ысып

Дем ала алмай бөгеліп,

Дүрсіл қағып жүрегі

(202-бет), деп жазады.

Ақын кейбір өлеңдерімен өнеге-үлгі (ғақлия) сөздерінде мына төмендегідей жеке сезім құбылыстарына қысқаша түсінік береді.

Қуаныш. Қуаныш – адамға сергектік пен күш-қуат беретін жағымды сезімдердің бірі. Ол көбінесе жастыққа тән сезім болып табылады.

Адам қартайған сайын, онда жағымсыз (отрицательное) сезімдер көбейеді. Алайда, адал еңбек ету адамға қашанда қуаныш, бақыт әкеледі.

Күлкі  адам қуанышының айқын көріністерінің бірі болып табылады.  Сондықтан орнымен ғана күлу керек. Күлкі адамның рақаттанып, ләззат алуынан туғанда ғана жақсы (орынды) күлкі болып табылады. Ал, біреудің қайғысына күлуге тіпті де болмайды, қайта ондай адамның қайғысына ортақ болып, жәрдемдесу керек. Қулықпен сүрген өмір – өмір емес, тек тіршілік етіп жүру ғана. Сондықтан өз еңбегі мен күшіне сүйеніп, адал өмір сүру керек. Еңбек адамға қашанда бақыт ала келеді. Міне бақыт күлкісі ғана шын жақсы күлкі бола алады.

Қайғы. «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құрытып, я тілден сөз болып ағады» (325-бет).

Ашу ерікпен (Абайша – қайратпен) байланысты: «Қайратсыз ашу тұл, тұрлаусыз ғашық тұл, шәкіртсіз ғалым тұл» (369-бет) дейді Абай. Егер ашулы адам айқайлап, дауыс көтеріп, шаптығып кететін болса, оның өндіретіні шамалы болады, қайта ашулы адам үндемей, сазарып отырып алса, міне сондай адамнан сақтану керек; оның арты жамандыққа соқтыруы мүмкін.»Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза қуаты артында болғаны; егер де аузынан қара қан ағызса, домбыт мақтаншақ, яки қорқақ» (368-бет) болғаны деп жазады Абай.

Дүниеде ешнәрсе, соның ішінде зұлымдық, жамандық та мәңгі емес екендігін есте сақтай отырып, оған қарсы күресу керек. «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек қайратсыздық, дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас: жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің. Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» — дейді Абай.

Ұят. Абай ұяттың екі түрі бар (надандықтан болатын ұят, абыройға сыйымсыз іске ұялу) деп көрсетеді де олардың әрқайсыларын сипаттап, ұялу және ар деген нәрсе адамгершіліктің маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады: ұят адамның табиғатына зиянын тигізеді деп түсіндіреді. «Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ, әншейін жалғасудан ұялған секілді,… ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын көрсетіп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған ұялу – ақымақтық, надандық.

Шын ұят… ақылға, абұйырға, бойға теріс бір іс секілді болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі: ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанда, көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол, ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады; «япырмай мына байғұсқа не болды, енді мұның өзіне не болады» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі… ақылға, абұйырлы бойға теріс, адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіне жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар: ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, өзін-өзі өлтіретін де кісілер болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы; иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың.  Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болады. Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да» (366-367-беттер) деп жазады Абай.

Достық пен қастық – екеуі де жүрек ісі, ақылды адамның ары мен ұяты ақылының күзетінде болады («Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі асылтас» (1902) деген өлеңін қараңыз). Алайда, жауыздық қашан да болып тұрады да, ізгілік ұзақ уақыт тұра алмайды. Үміт адамды қанаттандырады, алдына қойған мақсатына жетуге сенімін арттырып, адамға қуат бітіреді, адамды ақжарқын, уайымсыз жүретін адам етеді. Ал, үміті үзілген (үмітсіз) адамның берекесі қашып, әлсіреп, бұрауы кетіп қалады.

Тұла бойды тоңғызар үміт үзсе,

Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып (79-бет).

Үміт деген тез өте шығатын нәрсе, ол адамның қайғысын қуып шыға алмайды, өйткені зұлымдық әрқашан болып тұрады,–дейді ақын. Бір қайғы адамның ойына жүздеген басқа қайғыны түсіріп, жанын ауыртады, қинайды. Егер бір қайғыға бір қайғы жамала берсе, онда ол қайғы адамның жанын қатты қинайды.

«Жақсылық ұзақ тұрмайды» (1898) деген өлеңінде ақын:

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған о да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды (143-бет).

Абай адамда бір мезгілдің ішінде бірін-бірі жоққа шығаратын, біріне-бірі қарама-қарсы екі түрлі сезімнің сыйысып тұруы мүмкін емес деп көрсетеді. Егер адамның жүрегінен қайғы кетпейтін болса, онда оның құмарлық сезімі әлсіз болады. Адамның бет әлпетінен қайғырудың белгісі (ізі) кетпейінше, онда күлкі пайда болмайды.

Абайдың кейбір жағдайларда зұлымдықты жеңудің үміті мен сеніміне пессимистік көзбен қарауына ақынның халықтың жарқын болашаққа үміті, арманы мен тілегі іске аспайтындай көрінетін озбыр заманы себеп болды.

Бірақ Абай болашаққа берік сенген нағыз тамаша оптимист болды.

Ол алдан өмір көрді де, арттан тек суық ызғар, яғни келмеске кеткен өткен өксік өмірді ғана көрді, алдан қуаныш көрсе, арттан қайғыны көрді. Сондықтан, ол болашақ деген ұғымды келмеске кеткен, өтіп кеткен дәуірге қарағанда, адам үшін әлдеқайда қызғылықты және маңызды болып табылатын, әлі өтпеген, алдағы уақытпен байланысты талаптанушылық, ізгі ойлар мен мақсат, үміт, күрес пен еңбек деп қарады. Ол тура былай деп жазды: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек қайырсыздық» (367-бет) достық пен махаббат сезімдерін Абай ең жоғары асыл сезімдер деп дұрыс қарайды. Олар барлық адамда бірдей болмайды, мұндай сезім жағдайларында әр адамның өзіндік ерекшеліктері болады.

в) Ерік (қайрат)

Абай ерікті адамның алдына қойған мақсатына жету үшін, біліммен қарулану үшін ең қажетті сапалардың бірі деп қарайды. Ерік адамды әртүрлі пайдасыз істерден, оңай олжаға әуестіктен және пайдасыз азғантай уақыттық әуесқойлықтан, қызығушылықтан сақтандырып, адамды оның өміріндегі нағыз шын жолға – еңбекке бағытайды. Бірақ Абайдың түсінуінше ерік те (қарат та) ақыл сияқты жақсылық үшін, ізгі мақсат үшін қандай қызмет істесе, жамандық, зұлымдық үшін де дәл сондай қызмет істейді, сондықтан шамадан тыс ерік пайдасыз деп санайды.

Өзінің «Он бесінші сөзінде» ақын адам баласы алдына мақсат қоймайынша өмір сүруі мүмкін емес деп көрсетеді. Ақылды адам құмарлықтың айта қаларлықтай жақсы, пайдалы мақсатын дұрыс тауып алса, соны меңгеруге, игеруге, соған қолын жеткізуге тырысады, мақсатқа жету жолындағы күрес пен іздену дәуірі адам өмірінің ең таңдаулы, таптырмайтын кезеңі болып табылады. «Ақымақ адам өмірден өзіне орын таба алмайды». Бәрін көріп-білуге  ұғынып,  зерттеп, тануға ұмтылу адам жанының ең өзгеше тамаша қасиеті болып табылады. Егер адам табиғаттың көзге көрінген я көрінбеген жасырын сырларын я толық, я жартылап, бөлшектеп болса да тануға ұмтылмайтын болса, онда ол адам емес, ондайларда адам жаны емес, айуан жаны ғана болады деп көрсетеді.

Құмарлық – адамның бір нәрсеге қатты қызығушылығы. Бірақ сол құмар болған нәрсеге қолы жеткенде көп адамда адамның ақылын алжастыратын дандайсу, масаттану дегендер пайда болады. Ақылды адам масаттанушылыққа, дандайсуға сынбайды, қайта мақсатқа жету үшін барлық күшін салып күреседі, ал ақылсыз адам өзін-өзі билей алмай, масаттануға, дандайсуға салынады. «Егерде есті, кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал, сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды күніңде, өзің өкінбегендей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қалыппен өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (338-бет) деп жазады Абай.

Тағы бір жерде ол: «Қуанбақтық пен бақ – мастықтың үлкені: мыңнан бір кісі-ақ көтін ашпайтұғын ақылы бойында қалады» (368-бет) деп жазады.

Абайдың айтуынша, мінез (характер) – ғылым мен ақылды сақтап тұратын сауыт. Сондықтан мінезді бұзбай сақтау қажет, егер көрсеқызарлыққа, жеңілдікке беріле берсең, мінездің беріктігі бұзылады.

Адамның мықты еркі болу керек, яғни адамның ойындағысын іске асыра алатындай мықты қайраты болуы керек; ерік ақыл мен арды әртүрлі пайдасыз істен таза сақтайды.

Тек мақтаншақтар, еріншектер мен қорқақтар ғана әртүрлі пайдасыз істерге берілгіш болады. «Ол ар, есті білмейді, намысты білмейді, кең  толғау, үлкен ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ, не ақылдылығы жоқ, не арлылығы жоқ» (358-бет).

Еріншектік – халықтағы барлық пайдасыз істерді туғызушы басты себеп. Еріншек, жалқау адам – қорқақ және қайратсыз адам – әдетте мақтаншақ, ал мақтаншақ және қорқақ – ақымақ немесе надан болады да, ал ақымақ немесе надан адам жалғаншы болады. Жалғаншы, жалқау адам әдетте сұрамсақ, тойымсыз, яғни сараң, долы, жұмыссыз бей-жай болады, досы да жоқ болады.

Абай – жалқаулық өзгертуге болмайтын, құдай жасаған, тағдыр ісі деп қате түсінеді. Еріншектік тамақ тоқтықтан болады. «Тағдырдың барлығын білесіздер, өзгермейді. Пәндеде бір іс бар жалығу деген. Ол тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы! Осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен: тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл аз ба, көп пе жалығады. Әнің үшін, бәрінің айыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды» (344-бет).

Өзінің «Отыз сегізінші сөзінде» Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі надандық, екіншісі еріншектік, үшіншісі залымдық деп білесің, надандық білім-ғылымның жоқтығы. Дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады» деп көрсетеді.

Ал, еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік бәрі осыдан шығады. Еріншек адамның қолынан ұлы істер келмейді тек ерлік пен ізденушілік қана адамды жеңіске жеткізеді.

                Қаруыңның барында қайрат қылмай,

                Қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел.

                Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

                Еңбек қылмас еріншек адам болмас. (166-бет).

«Залымдық – адам баласының дұшпаны, адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады. Бұлардың емі халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадәләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын» деп көрсетеді Абай.

Адам бойына бітетін жаманшылықтың бірі – эгоизм (менмендік), адам онымен күресуге тиіс. Бұл өзі үш түрлі болады. Әуелгісі әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып, адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады. Екінші өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек, бұл адамдықтың нұрын, гүлін бұзады. Мұның тегі мақтаншақтық болады. Үшіншісі, біреуге қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. Мұндай адамдардағы әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті қозғайды. Ал, бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық  береді. Әрбір  көңіл тыныштығы көңілге талап саналады деп есептейді Абай.

Еріктің беріктігі, Абайша, кейбір қажетсіз жағдайларға ұрындыруға мүмкіндік жасайтын артықша қызбалықты басып отырады. «Қызулық қанша зор болғанымен, оған берілмеу керек» деп Абай сол арқылы адамның барлық әрекетін ерік басқарып отыруы керек екендігін аңғартады. Адамның қажеттіліктерін қанағатандырып отыру, Абайша, адамның рухани дамуының негізі болып табылады және мұнда Абай қажеттілікті материалистік тұрғыдан алып қарайды.

Қажеттілік рухани да, материалды да болуы мүмкін.

Өзінің «Жетінші сөзінде» Абай жас балада анадан туғанда екі түрлі қажеттіліктің болатындығын атап көрсетеді: «біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам», – деп туады, бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды», екінші – «білсем екен демектік, не көрсе соған талпынып» қызығу, одан ержетіңкірегенде естігендері мен көргендерінің барлығына ұмтылып, «ол немене?», «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігендердің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. «Мұның бәрі жан құмары. Білсем екен, көрсем екен, үйренсем  екен деген» – дейді Абай. Мұнда айналасын қоршаған дүниені тануға ұмтылушылықты Абай ең жоғарғы жан құмарлығы деп қарайды.

«Аш қарын жұбанама майды ас жемей» (1985) деген өлеңінде ақын адамның материалдық қажетін өтеудің (қанағаттандырудың) керек екендігі туралы айтады.

Аш қарын майды ас жеп, тоймайынша тыншымайды, ал егер майлы асқа тоя қалған күнде, одан гөрі дәмдірек нәрсені іздейді. Сөйтіп адамның бар қажеттігін өтеу оның екінші бір қажеттігін туғызып отыратын жағдай болып табылады.

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей,

Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.

«Бір тойған шала байыған» деген қазақ

Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей.

 Еңбек жоқ, харекет жоқ, қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей…

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді.

Ол немене жоқтықтың әсері емей.

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,

 Тәтті, дәмді іздер ең онан да арман,

Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр.

Құлдық ұрып, асайсың асы бардан.

Өлеңнің қорытындысында ақын адамның қажеттігі қандай қара жұмыс болса да жеркенбей қарап, тек өнімді еңбек еткенде ғана қанағаттанатындығын көрсетеді.

Абайдың психологиялық көзқарастарына қысқаша анализ бере келіп, қазақ халқының ұлы ағартушысы, данышпан ақыны және асқан ойшылы Абай адамдардың психологиясын өте шебер ажырата, тани білген және психология мәселесі жөніндегі өз ойларын өзінің өшпес мұрасына (өлеңдерінде, өнеге-үлгі сөздерінде) өте шебер бере білген деген қорытындыға келуге болады. Оның еңбектерінен біз бірқатар маңызды, құнды, нұсқалы психологиялық қағидаларды байқаймыз.

Орыс революционер-демократтарының материалистік фило-софиясының, сонымен бірге Россияда материалистік психологияның негізін салушы И.М. Сеченов пен К.Д. Ушинскийдің психологиялық көзқарастарының әсерімен Абай материалистік психологияның позициясында болды. Алайда, Абайдың материализмі дәйекті материализм болмады, иделистік шектелушіліктер болды; оның шығармаларында, психология жөніндегі пікірлеріне ақынның өзі зерттеп оқыған Сократ, Аристотель, Милл, Спенсер, т.б. еңбектерінің әсерінен туған бірқатар идеалистік қателіктер мен қайшылықтар кездесіп отырады.

Абайдың өмір сүрген кезінде соншама кең етек алып, жайылып кеткен позитивтік философия мен эмпирикалық психология ақынның психология мәселелері жөніндегі көзқарастарына шүбә жоқ. Сол сияқты Абайға ықпалы өте көп тиген орыстың ұлы педагогі К.Д. Ушинскийдің психологиялық көзқарастарындағы қайшылықтар да ақынның психологиялық көзқарасын қалыптас-тыруда белгілі әсері болды деп қарауға болады.

Осыдан кейін Абайдың кейбір қайшылығы бар пікірлерінің туу себептері бізге мәлім болады.

Абайдың психологиялық көзқарасында сезім адамның психологиялық әрекетінде басшы роль атқарушы болып саналады. Егер ақыл, ерік (қайрат), сезім үшеуінің арасында қайшылық, талас, келіспеушілік туа қалатындай болса, онда адам тек өзінің сезімін ғана тыңдау керек, тек сезім ғана адамды дұрыстыққа, әділеттікке, жақсылық жолға бағыттайды деп көрсетеді.

Бірақ бірсыпыра еңбектерінде ол адамның барлық іс-әрекетін ақыл билеуі керек деп өз айтқандарына өзі қарсы шығып қайшылыққа ұрынады. Бірақ, ол сөйте тұра адамның ақылы жақсылық үшін қандай қызмет етсе, жамандық үшін де дәл сондай қызмет істейді, сондықтан үнемі ақылға билету пайдалы бола бермейді, кейде зиянды да болады деп, бұл айтылған тезисін қайтадан жоққа шығарады.

Психикалық құбылыстардың шығуын материалистік жолмен дұрыс түсіндіре отырып, әртүрлі эмоциялық көңіл-күйінің кезінде адамның көңіл-күйін сыртқа сездіріп отыратын  бет әлпеттің әртүрлі қимылдарын толық сипаттай отырып, сол сияқты бұл соңғының адам организмінде болатын физиологиялық процестерге тигізетін әсерін дұрыс көрсете отырып,  Абай психикалық әрекеттерді туғызушы материялық субстрат (негізі, тегі) – ми туралы, жоғарғы нерв жүйесінің қызметі туралы ешнәрсе айтпайды.

Бұл Абайдың психологиялық көзқарастарының ішіндегі ең басты қателіктер мен кемшіліктердің бірі болып табылады. Сондықтан Абайдың ерікті де (қайратты) ешбір қисынсыз сезім сияқты ісіне жатқыза салуына таңқалуға болмайды.

Алайда, осы кемшіліктеріне қарамастан, Абай аз ба, көп пе өз дәрежесінде психологиялық көзқарастардың  жүйесін жасап, психология ғылымын зерттеумен шұғылданған ең бірінші қазақ екендігін мойындауымыз керек.

Оның тарихи еңбегі халыққа психологиялық ұғымдарды кең таратумен қатар, оларды өзінің шығармаларында халықтың ескі тұрмыс-салтын, адамдардың артта қалған психологиясын әшкерелеуде және өз халқын ұлы орыс халқының ілгері, озат мәдениетіне қосылуға шақыруда өте шебер пайдалана білуінде.

Сайтқа жайғастыруға дайындағандар: Дәутова Г., Турениязова Ж.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники