Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Мұратбек БӨЖЕЕВ. «ЕВГЕНИЙ ОНЕГИН» АБАЙ АУДАРМАСЫНДА

М. Бөжеев

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың толып жатқан ау­дарма еңбектері бары көпшілікке мәлім. Абай басқа халықтардың ақындары шығармаларын қалай аударды, оларды өзінің ақындық ісіне қалай пайдаланды, бұл жөнінде Абай қандай тәртіп қолданды? Ол тек қана аудармашы ма? Болмаса өзіне тән өзгешелігі бар ма? Бұл — әлі толық шешілмеген, Абай шығармаларының терең мағыналарын толығырақ түсіну үшін маңызы зор, қадағалап зерттеп, пікір айтуды керек ететін мәселе.

     Абай басқа ақындардың сөздерін бұлжытпай аударуға өте шебер, бірақ ол аударған шығармаларды сөзбе-сөз тәржімалауды үнемі құнттап отырмайды. Ақынның аудармалары көбінесе еркін аударма, кейде аударма деп жүрген өлеңдерді аударма деп айту да қиын. Абайдың бір езгешелігі — бір өлеңді тәптіштеп аударып жатудан гөрі сол өлеңнің сюжеті, тақырыбы сарындарын ғана пайдалануды көбірек құнттайды. Абай бұл жөнінде  тек аудармашы ғана емес, ол — бас­қа ақын-жазушылардың шығармаларынан ғибрат алушы, өз ақындық өзгешелігіне қарай өзге ақын үлгісінен пайдаланушы. Ақын өзге ақынның керекті шығармаларын аударғанда, өз ақындығына үнемі үйлестіре отырады.

     Толық аудармаға жататын Абай өлеңдерінің бірі — Лермонтовтың «Гетеден» деген өлеңі. Бұл өлең өте дәл, көркем аударылған. Абайдың аса шебер және дәл аударуға ақындық қуаты қаптал жететіндігін осы өлеңнен айқын байқауға болады. Абай Лермонтовтың бұл өлеңін бұлжытпай қазақшалап, өлеңнің ақындық қуатын, маңызын, әсерін әлсіретпей айтып бергеніне қарағанда, оның аударма еңбектерінің өзімен ғана әдебиеттен үлкен орын алатын ақын екендігі аңғарылады.

      Бірақ Абай осындай бірен-саран өлеңдерінде ғана болмаса, көп өлендерінде аудармашы ақынға ұқсамайды. Басқа ақындардың жазғанына көз салып, көңіл қойса, құр ғана аударумен болмай, өзіне керектісін алып, кем деген жерін толықтырып жазғандықтан, Абай өлеңдерінің көбі аудармадан гөрі төл өлең секілді болып келеді.

     Абайдың бір ұмытпайтын нәрсесі — өзгенің ықпалына ермей, басқаның сөзін айтумен болмай, өз ақындық қуатына сүйеніп, өз шамасынша дүние тану, көркемдік сезім байыту ісіне беріліп, тыңнан жол салып, ілгері аттауды көксейді. Сондықтан атақты ақындардың өзіне сын көзімен қарап, өлең жазудың, пікір таратудың тосын жолдарын іздейді. Ақын өзінің бір шығармасында:

                       Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

                       Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.

                       Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

                       Кемшілігі өр жерде көрінеу тұр-ау, —

дейді. Шортанбай, Бұқар жырау, Дулат секілді атақты ақындардың өлеңдерінде кемшіліктер аз емес, енді өлеңді қалай жазу керек, шын ақын кім? деген сұрақтар қойып:

                        Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,

                        Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ,

                        Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер

                        Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, —

Деп өзінің ақыннан нені күтетіндігін айта кетеді. «Ақындықты» думан-сауық ісіне сарп еткендерге қынжылып,  өнер  шашу,  надандық  қараңғылығынан құтылу, тіл ұстарту ісіне жұмсап, өткір тіл, саналы ой іздеген, білімге, өнерге шақырған, ел қамын ойлаған, күрделі іске ұмтылған қамқор ақын екенін білдіреді. Шор­танбай, Дулаттардың ақындық  жұмысындағы  кемшіліктерін айта келіп, ауызға алуға осылар толымды дегендей болып ең алдымен соларды сынайды.

      Абай Бұқар жырау, Шортанбай туралы сөйлегенде олардың қырағы сыншысы есебінде сөйлейді. Сондықтан өз алдына қойған күрделі мәселелерді санап өтіп («Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ»), ақындық ағарту ісіне жұмсалсын деген пікірді қадап айтады. Шортанбай, Дулат туралы   Абай айтқан пікірдің бәрі дұрыс деуге болмайды. Оның дұрыс жағы да, бұрыс жа­ғы да бар. Бұл жерде Абай пікірінің бізге керек болған жағы — оның алдына ұлы-ұлы мәселелер қойған ірі ақын екенін ескерткені.

     Абай өлең жазсын, басқа ақындар жазғандарынан пайдалансын, оның аса құнтталған бір мәселесі, басқаның ауқымынан аса отыруды өзіне зор міндет санайды, өзінің ақындық ісінде өзгешелігі бар ұлы ақын екенін ұмытпайды. Қарапайым ақын емес, өз тарапынан да көркем сөз, терең ой айтуға шамасы мол келетін ақын екенін әбден сезетіндігі көрінеді.

     Өз халқының ұғымы, түсінігі, сезімімен санасу — Абайдың өте-мөте кұнттаған мәселесі, тыңнан өлең жазсын, не басқа ақындардың өзі ұнатқан шығармаларын аударсын, қашан да жазғаны өтімді, халық ұғымына жатымды, көпшілікке түсінікті болу жағын катты ескеріп, ел санасы ұғымынан қашық кетпеу ісіне көп назар салады. Сондықтан басқа халықтардың тілінде жазылған өлеңдерді аударғанда, қазақшалауға қиын ұғымдарды, сөздерді халық ұғымына, қазақ тілі заңына сәйкес келтіре аударуды айырықша ескеріп, осы жөнінен өте шебер акын екенін аңғартады. Пушкин, Лермонтов, Крыловтың құр ғана аудармашысы емес, солардың ақындық қазынасынан пайдаланушы және ақындық дүниесіне өзі берген үлесінің де аз емес екендігін көреміз. Абай аты аталған ақындардың тақырып сюжетінен пайдалана отырып, сол тақырып сюжеттерге керекті сөз, ұғымдарды өз жанынан коса отырғандықтан аудармашылық шеңберінен ылғи шығып отырады. Абайдың аударма деген еңбектерінің көбі сюжет, тақырып жағынан Пушкин, Лермонтов, Крылов өлеңдеріне ұқсағанмен, басқа жақтарынан ұқсамай тұрады.

     «Евгений Онегиннің» Абай қайсыбір жеріне ғана көз салған. Пушкин романын түгел аудармай, сол романның тек басты адамдары Евгений, Татьяна сипаттары жайында жазған. Бұл сипаттардың тұлғасын түгелдей сақтауды Абай онша құнттамайды. Олардың Пушкин романындағы қалпын өзінше өзгертіп жіберген. Абайдың Онегинді өмірмен қоштастыруы кездейсоқ нәрсе емес. Бұған қарағанда, Абай өз шығармасында Онегин оқиғасын басқаша бағалағаны байкалады.

     Абай Онегин — Татьяна арасында болған махаббатты өзінше айтып, олардың халін басқаша түсіндіргісі келеді. Сөйтіп, ол «Онегин мен Татьяна» деген тақырыпқа тыңнан шығарма жазуға бекемделген секілді. Пушкин тақырыбын алып, сол тақырыпты өзгеше ай­тып бергені байқалады.

     Өйткені Пушкин жасаған Онегин, Татьяна сипаттары мен Абай жасаған Онегин, Татьяна сипаттары бір-біріне онша ұқсамай тұрады. Пушкин жасаған сипаттар мен Абай жасаған сипаттар арасында еш айырма жоқ деуге болмайды.

     Пушкиннен аударды деген өлеңдерінде Абай қосқан жаңалықтар аз емес. Ол — Абайдан бізге қалған жеке-жеке өлеңдер. Осы жеке-жеке өлеңдер Абай шығармасының жалпы схемасы қалай құралуын айтып тұрған секілді. Сол жеке-жеке өлеңдерде болашақ шығарманың түйінді-түйінді жерлері   айтылған, бірақ сол түйіндердің арасында келіп отыратын оқиғалар айтылмай қалған, сондықтан олар  бір ұлы шығарманың үзінділері  сияқты. Үзінділерге қарағанда, Онегин мен Татьяна оқиғасының желісі былай болу керек. Онегиннің кім екендігі туралы, оған Татьянаның ғашық болуы, Татьяна Онегин тілегін орындай алмауы, дүниеден торыққан Онегиннің өлуі. Абай өлеңдеріндегі (Пушкинде жоқ) өзгешелік, жаңалықтарға қарағанда, Пушкин жазған Онегин оқиғасы мен соны әр ақын сөздеріне хас болған өзгешеліктерге  қарай әр түрлі ұғынып, әр түрлі түсінгендігі көрінеді.

     Абай жазған Онегин оқиғасына келсек, онда Пуш­кин романында бар нәрселердің көбі жок. Мұның үстіне Абай Пушкин романынан алды деген өлеңдерге де жанынан сөз, образдар қосып айтып отырады.

     Абайдың Пушкиннен аударды деген өлеңдеріне келейік, Пушкиннің Онегин туралы жазған өлеңінің бірін (бірінші тараудың X, XI шумактары мен XI шумақтың басқа алты жолын) Абай дәлге жақын аударған. Бұл жерде Абай Пушкиннен онша қашықтамай, Онегиннің жалпы тұлғасын бұзбау жағын ескерген. Пушкин берген сипатты Абай да дәл айтып беруді мақұл көргенге ұқсайды. Бірак Абай XII шумақтың:

                     Но вы, блаженные мужья,

                     С ним остались вы, друзья;

                     Его ласкал супруг лукавый

                     Фобласа давний ученик, —

деген жолдарын әдейі  аудармағанға ұқсайды. Онегиннің Фобластың шәкірті екендігі Абайға ұнамаған шығар. Пушкин Онегиннің әйелшіл адам екендігін, кейде өз жолдастарының әйелдеріне де көз сала жүретін бозбалашылыққа    құмар ұстамсыз екенін айта кетеді. Абай Онегиннің бұл сияқты келісімсіз   ұсақ мінездерін қазымырлай айтып жатуды артық көрген. Абай Онегиннің ұсақ мінездерінен гөрі оның тәуір жақтарына көз салған көрінеді. Сондықтан Пушкиинің Онегинді сынай кеткен сөздеріне салқын қарайды. Пушкин шығармасынан, әрине, керегін ғана алады. Өйткені Абай сипаттамақ болған   Онегин,  жоғарыда айтылған ұсақ мінездерден аулақ адам болуы мақұл. Көп жерде Абай Онегин тура­лы түсінік бере отырса, кейде Онегин сипатын   Пушкин берген қалыпта беруді онша теріс көрмейді, өлеңнің бір жерінде Онегин жайында:

                     Биттей бойы босаса сезер сонда,

                     Жастық жеңіп көңілді шайқағанда, —

дей келіп, Онегиннің ғашық тіліне шебер екенін ескертіп, Пушкин романында жазылған:

Подслушать сердца первый звук,

                     Преследовать любовь — и вдруг

                     Добиться тайного свиданья,

                     И после ей наедине

                     Давать уроки в тишине, —

деген жолдарды Абай:

                     Жүрегің қалай соқса байым кылар,

                     Жылы ізін суытбас, дамыл көрмес.

                     Бір оңаша жолығар жер айтқызар,

                     Ел аулақта оңаша қолына алып,

                     Көңіліндегі сабағын айтып тынар, —

деп тәржімалайды. Абай Пушкиннен алынған бұл бес жол өлеңнің екінші жолы болмаса, басқаларын дәл аударуды құнттаған.

     Онегинге ғашықтығын айтып, Татьяна хат жазады. Пушкин романында жігітке әуелі хатты қыз жазады, жүректегі сырын көңілі түскен жігітке таза ниетпен, қорғанбай білдірген батыл, ақ жарқын қыздың бұл мінездері Абайға да теріс көрінбейді, сондықтан Оне­гин оқиғасының бұл жеріне Абай айырықша көңіл қояды. Татьяна халінде болған жас қыз, өз ғашығына кірлемеген таза ойын қалай айтуы жөн, көңіліндегі нәзік сырын қалай жеткізуі керек? Міне, Абай мәселенің осы жағына да ой бөліп, Татьяна хатының кей жерін аударумен бірге, бір жағынан өз жанынан жаңа сөздер коса отырады. Сондықтан орыс тіліндегі Та­тьяна хаты мен қазақ тіліндегі Татьяна хатының кей­де ұқсамай отыратын жерлері аз емес.

Пушкин жазған Татьяна хаты:

                    Я к вам пишу — чего же более?

                    Что я могу еще сказать?

                    Теперь я знаю, в вашей воле.

                    Меня презреньем наказать, —

деп басталса, Абай жазған Татьяна хаты:

                    Амал жоқ қайттым білдірмей,

                    Япырмау, қайтіп айтамын?

                    Қоймады дертің күйдірмей,

                    Не салсаң да тартамын, —

деген жолдармен басталады. Татьяна хатының бір жерінде өз басының мұңын шаға келіп, оның жабыққан халіне Онегин мейірімі түсіп, көңілін бөлмес пе екен деген сияқты пікірін айтады. Татьянаның бұл ойына лайықтап Абай мынау жолдарды жазады:

                        Талайсыз, бақсыз мен сорлы,

                        Еріксіз аттап ұяттан,

                        Қорлыққа көндім бұл құрлы,

                        Байқалар халім бұл хаттан.

     Татьянаның күйінішті халін Абай Пушкиннен гөрі аяныштырақ етіп көрсеткісі келеді. Татьяна өмір ауыртпалығына ұшыраған, «талайсыз, бақсыз» сорлы, жалғыз жүріп зарланған жан секілді. Татьяна тек ғашықтықтың зардабын шеккен, соның отына ғана өртенген адам емес, «бақсыз» болуына одан да басқа себептер бар секілді.

     Татьянаның ғашықтық сезімін білдіруінің өзінде өзгешелік бар, оның мұңы зарлы, оның ғашықтығы да әншейін ғашықтық емес секілді. Татьяна хатының бір жерінде:

                    Әлімше мен де ұялып,

                    Білдірмен дедім өлсем де.

                    Шыдар ем күйіп мен жанып,

                    Айында бірер көрсем де.

                    Болмады көріп қалуға,

                    Есітіп біраз сөзіңді,

                    Шыдар ем бір ай жатуға,

                    Ұзақ түн жұмбай көзімд! –

дейді. Пушкин шығармасы мен Абай щығармасындағы хаттың осы жерін салыстырғанда, бір байқалатын нәрсе — Абай шығармасындағы Татьяна сөздері басқалау. Абай Пушкинде бар сарынды аса бұзып әкетпегенмен, Татьяна ойын жаңғыртыңқырап айтқысы келген көрінеді. Хаттың осы жерінде айтатын: «в вашей деревне», «вам слово молвить», «до новой встречи» деген сөздер Абай тәржімасында жоқ. Татьянаның айтатын сөздерінің өзі де дағдылы сөздер емес, көтеріцкі, шалқыма сөздерге ұқсайды.

                    Шыдар ем бір ай жатуға.

                    Ұзақ түн жұмбай көзімді, —

деген сөздер — құлаққа батымырақ естілетін сөздер. Сөйтіп Абай жазған Татьяна хатының аудармасы ға­на емес екені байқалады. Абай Татьяна хатын бір жағынан өзінше жаза отырса, екінші жағынан Пушкин жазған Татьяна хатынан да аудара отырады:

                    Другой.., нет, никому на свете

                    Не отдала бы сердце я!

                    То в вышнем суждено совете…

                    То воля неба: я твоя, —

дегенді Абай:

                    Өзгеге… ешбір дүниеден

                    Еркімен тимес бұл жүрек.

                    Әзелде тағдыр иеден

                    Қожам сенсің, не керек, —

деп аударады.

     Татьяна мен Онегиннің бақшада кездесіп, Онегиннің Татьянаны жұбатып айтқан сөздеріне Абай көңіл бөлген көрінеді. Онегин: үйленуде ойым болса, сенен артық жар іздемес едім, сені ағаңнан да жақсы көретін шығармын, жанның бәрі сені мендей ұға бермес, тәжірибесіздік арты жайлы болмай жүрмесін, тағы да біреуге көңілің түсер… деген сездерді айтады. Абай Онегиннің бұл сөздеріне өзгеріс кіргізіп жазады. Бұл өлеңнің қайсыбір жері ғана аудармаға келеді, оның өзінде де сюжет, сарын жағынан аударма демесек, сөз, дәлдік жағынан тәржіма деу қиын. Абай Онегин сөзін өз жанынан жазған ба дейсің, Абай Онегин сөзін:

                   Таңғажайып бұл қалай хат,

                   Мағынасы алыс, сөзі жас, —

деп бастайды.

         Бұл секілді сөздер орысша тексте жоқ. Осындай тыңнан кірген сөздер аз емес.

                   Сен тоты құс бақта жүрген,

                   Қай жерімнен пар келем.

                   Мен сынық жан, жамағанмен

                   Түзеле алман түрленіп.

                   Мен — көмірмін қалған өрттен,

                   Енді рұқсат бізге бер.

Онегиннің Татьянаға бақшада айтқан сөзінің аудармасына, Абайдың «Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін» деп басталатын өлеңі келеді. Бұл өлең «Таңғажайыптан» гөрі Пушкин жазған Оне­гин сөзіне жуық.

     Бұлардың бәрі — Абайдың өзі  қосқан сөздер мен ұғымдар.

                    Мен — жаралы жолбарыспын,

                    Жұрттың атқан оғы өтіп.

                    Енді бізге бір өлімнен

                    Басқа түк жоқ арнаған, —

деген сөздер де Пушкин романындағы Онегин аузынан шықпаған сөздер.

     Абай шығармасындағы Онегин — өмірден торығудың үстіне, өлімге бойсұнған, үлкен трагедияға ұшыраған, ең алдымен жалғыздықтан таяқ жеп, титығы құрып шаршаған адам. Абай Онегині мен Пушкин Онегині тек сырттай ұқсағаны болмаса, олардың ішкі сезімдері кейде біріне-бірінен алшақ. Абайдың Онегині зарлырақ, оның үстіне өмір текпісін көбірек жеген, кайратына орын табылмай, арты өкініш, алды үмітсіз. Сондықтан ол:

                    Ол жас ағаш, бір қызыл гүл,

                    Жапырағы жаңғырар.

                    Сорлы Онегин, жолды өзің біл,

                    Қай тарапқа қаңғырар, —

дейді.

     Пушкин жазған Онегин сөзіне Абай өз тұсынан көп сөздер қосудың үстіне, Пушкинде бар сөздердің көбі Абайда жоқ. Мысалы:

                    «Вы ко мне писали?

                     Не отпирайтесь».

                     «Скажу блесток мадригальных

                     Нам заготовил Гименей».

                     «Не всякий вас, как я, поймет:

                     К беде неопытность ведет», —

деген сөздер. Сөйтіп орысша текске екі түрлі өзгеріс кіріп отырған. Бір жағынан қалып қойған сөздер болса, екінші жағынан тыңнан жаңа сөздер қосылып отырған, бұл өзгерістермен бірге Онегин сипатына да өзгеріс кіргені байқалады.

     Пушкин шығармасындағы Онегин өзін жоғары ұстап, тәжірибелі екенін ескертіп, балалық шегінен шықпаған Татьянаға, пісіп-қатпаған бұйығы қызға ақыл айта сөйлесе, Абай шығармасындағы Онегин ондай асқақ мінез жасамай, өз басындағы мұңын Татьянаға өзінің бір теңдесіндей шаға келіп:

                      Басы қатты сұм жүрегін

                      Тоқтата алмай өтті де!

                      Сорға біткен көкірегін

                      Сендіре алмай өтті де! –

дей келіп, «сен есірке» «мен ғаріпті есіңе ал» дегенді айтады. Өзінін, Татьянадай қыздан айырылғанына арманда болып:

                      Міне дәулет, міне асыл қыз

                      Болды маған арам ас, —

деп қамығып өкінеді. Онегиннің өкінішіне карағанда, оның Татьянадан айрылуына өз басы ғана кінәлі емес, одан басқа да бір үлкен себеп бар секілді.

     Пушкин Онегині үйленуге бел байламаған адам, сондықтан Татьянаның көңілін ырза қылуға уәде бере алмайды. Бұл арадағы Онегин өкінсе де, өкінбесе де өз еркі, онша қысылмаған секілді. Абай Онегинінің өкініші еріксіз өкінішке ұқсайды.

     Татьяна Онегинге көңілі суып, бір князьға тиеді. Сұлулығы, байымдылығымен көзге түседі. Онегин бір жерде Татьянаны көріп, қызығып, құмарланады. Ғашықтығын білдіріп, хат жазады. Пушкин жазған Оне­гин хаты:

                      Предвижу все — вас оскорбит

                      Печальной тайны обьясненье.

                      Какое горькое презренье

                      Ваш гордый взгляд изобразит! –

деген    сөздермен    басталса,    Абай    шығармасындағы Онегин хаты:

                      Құп білемін, сізге жақпас

                      Ескі жара білтелеу.

                      Ак жүрегің енді ұнатпас,

                      Мезгілі жоқ қай медеу1, —

деген жолдармен басталады. Жалпы мағына, сарын жақтарының біркелкі келгені болмаса, бұл үзінділердің дәлме-дәл емес екені жай салыстырудың өзінен-ақ көрініп түр. «Ескі жара білтелеу», «ақ жүрегің енді ұнатпас» деген жолдар Пушкинде жоқ. Міне, сөйтіп екі хаттың біріне-бірі жуық деген жерлерінің өзінде недәуір айырма бар екенін көреміз. Абай Онегині бұрынғы үмітсіздіктен арылып, бойына қайта қуат кіріп, қайраты құрыш болып, мұз жүрегіне жылы қан жүгірген адам екенін ескерте келіп, Татьянаның бір кезде оған ғашық болғанын сылтау етіп:

                       Сен бақшада піскен алма,

                       Әзір едің, алмадым.

                       Құп кіріптар кылдың, алла,

                       Әлде мені қарғадың, —

десе, осы өлеңнің енді бір жерінде:

                       Он сегіз мың бұл ғаламның

                       Бар тынысы күнде тұр.

                       Мен сықылды сорлы адамның

                       Ықтияры сенде тұр, —

дейді. Бұл өлеңді Пушкин жазған Онегин хаты деп айтуға еш болмайды. Бұл сөздерді айтып отырған — Абай Онегині. Абай Пушкин жазған Онегин хатының жалпы сарынына көз сала отырып, өзінше жазады. Сондықтан бұл екі хаттың сездері біріне-бірі сәйкес келмейді. Онегин ғашықтығын айтқанда:

                       Не болайын, тез болайын,

                       Ақ жүзіңді көрейін, —

деп не болмаса «қайғысы асқан шерлі едім» деп егіле сөйлейді. Оның ғашықтығының өзі — шерлі ғашықтық. Оның тыныс қылғаны — жалғыз ғана Татьяна.

     Бір күні жалғыз отырған Татьянаның үстіне кіріп келген Онегин оның хат оқып жылап отырғанын көріп, келе аяғына жығылады. Әрі-беріден кейін Татьяна «жетер, тұрыңыз, жайымды ашық айтуым жөн» дей келіп, Онегинге былай дейді:

                       Онегин, я тогда моложе,

                       Я лучше, кажется, была,

                       И я любила вас, и что же?

                       Что в сердце вашем нашла?

Абай шығармасындағы Татьяна сөзі:

                       Тәңір қосқан жар едің сен,

                       Жар ете алмай кетіп ең,

                       Ол кездерде бала едім меи,

                       Аямасқа бекіп ең, —

деп басталады. Бұл жерде Пушкин де, Абай да Татьянаның қыз кезінде Онегинді сүйгендігін, оның Татьянаны «жар ете алмай» кеткенін айтады. Бірақ Абай Татьянаның ойын айту үшін Пушкин қолданған сөздерден басқа сөздер қолданады. «Тәңір қосқан жар едің сен» деген сөздер — Пушкин Татьянасының аузынан шықпаған сөздер.

                       Сен жаралы жолбарыс ең,

                       Мен киіктің лағы ем.

                       Тірі қалдым өлмей әрен,

                       Қатты батты тырнағың, —

деген жолдар Пушкин романының еш жерінде жоқ. Абай тек қана аудармашы ақын болмағандықтан, өз ақындығы сарынымен кетіп, өз жанынан бейне образдар беріп, Татьяна сөзін жаңғырта жазады.

          Абай Татьянасының:

                       Қаймақ еді көңілімде,

                       Бізге қаспақ болды жем, —

деуі — Пушкин романындағы дворян қызына қолайсыз көрінуі ғажап емес. Абай Татьянасының бұл «қаймақ, қаспақ» деген сөздері — Пушкин Татьянасына жат сөздер. Бұл мал өсіріп, көшіп-қонып жүрген қазақ қызы айтқан сөздер емес пе? Абай Татьянасы, бір жағынан, нәзік сезім, терең ойларын білдіре отырса, екінші жағынан, қарапайым халқынан қашықтамаған. Сөйтіп екі Татьянаның ой-сезімінде, тәрбие-тәлімінде, мұң-зарында, махаббатқа көзқарасында өзгешелік бар. Сондықтан олар кейде бір-біріне үқсаса, кейде үқсамайды.

     Абай Татьянасы да Онегиннің өзіндей өкінген, өмірден о да торығып, құр сүлдері жүрген жан секілді. Ескі ғашығы Онегинге мұңын шағып:

                        Сорға біткен ғашығымсың,

                        Неге тым кеш сермедің? –

деп, бір кезде Онегинді ұнатқанын еске алып:

                        Жан таба алмас сен секілді,

                        Мен де сендей сорлы жар, —

дейді. «Өзіме аян сорлымынды» айтып, өзінің бір жара­лы жар екенін ескертеді. Абай Татьянасының аузынан шыққан сөздер Пушкин Татьянасы сөздерінен мұңдырақ, шерлірек. Ол Онегин мен өзінің мұндай халге ұшырауына өз басынан басқа себептер бар екенін сезген секілді.

                        Сен шошыдың ғашығыңнан,

                        Өзге жұрттан қамшы жеп,

                        Мен де сорлы нәсібімнен

                        Жатка тидім алшы деп.

     Пушкин Татьянасы деревняда жүрген кезінде жатсынып, енді үлкен қаланың ақсүйектері ортасында жүрген елеулі әйел болғандықтан көзің түскен шығар деп кінәлағандай болады. Сарай маңындағылар құрметтеген әйелдің әдебіне бір нұксан келтіру сенің атағыңды асырар, талантыңды көтергендей бір іске жарар, я соған себеп болар деген ойда шығарсың, ойыңда бүкпең бар шығар деу сиякты жору жасап күмәнданады. Абай Татьянасының аузынан шыққан дәл  осындай сөздерді кездестіре алмайсыз. Бұдан басқа, Пушкин жазған Та­тьяна сөзінің бір бөлегі қалып қойған (бірінші тараудың (XI, VI шумағы) және Абай Татьянаға арналған сөздерді өз жанынан алып отырады:

                       Осы қиял келсе басқа,

                       Сен жүдер деп мен үшін.

                       Болар еді қайнамасқа,

                       Мыс қазандай сорлы ішім, —

деген жолдарға мағына жағынан дәлме-дәл келетін жолдарды Пушкин жазған Татьяна сөзінің еш жерінен таба алмайсыз.

         Пушкин Татьяна сөзін:

                        Но я другому отдана:

                        Я буду век ему верна, —

деген жолдармен бітірсе, Абай:

                        Көрісуге шыдамаспыз,

                        Айрылалық сол үшін, —

деген жолдармен бітіреді.

     Бұл Абай жазған соңғы екі жолдан Татьянаның Онегинге жар болмайтынын хат арқылы білдіргені көрінеді. Ал Пушкин романында Татьяна өз сөздерін Оне­гинге көзбе-көз айтады. Ендеше бұдан барып сюжет сарыны да өзгергені байқалады. Бұл жолдардан тағы бір көретін нәрсе, Татьяна ғашықтық отына шыдамаспыз, сондықтан «айрылалық» деп, екі ғашық бір-бірін көрсе күйіп-жанатын «Ләйлі — Мәжнүн» оқиғасын да ескерткендей болды.

                         Но я другому отдана:

                         Я буду век ему верна, —

дан басқа екені көрінеді, бұл сарын — өзге сарын. Бұл сарын Күншығыстан келген секілді. Сөйтіп жоғарыдағы мысалдардан бір көрінетін нәрсе, Татьяна сипатына Европаның да, Күншығыстың да әсері тигендігі байқалады. Абай суреттеген Татьяна Пушкин Татьянасының көшірмесі емес, оның қазақ жағдайында өскен әйел екендігін көрсететін мінездері де бар екенін ескермеуге болмайды.

     Пушкин романында оқиға Онегин мен Татьянаның айрылысуымен бітеді. Екеуі де тірі қалады. Ал Абайдың шығармасындағы Онегин өмірмен қоштасып:

                         Мен бұрылып түзеле алман,

                         Қайтсін дедің сорлыңды?

                         Ата-анам қара жер,

                         Сен аша бер қойныңды,

                         Сенен басқа еш жерден

                         Таба алмадым орнымды, —

дейді. Бұл арада Абай тек қана басқа ақынның өлеңін аударушы ғана емес, ол Онегиннің өліміне арнап өлең жазады. Сөйтіп Абай шығармасы мен Пушкин романы сюжет жақтарынан да сәйкес келмейді.

     Пушкин 1822 жылдары бір хатында «Кавказ тұтқыны» деген шығармасын еске ала келіп: «Мен мұнда XIX ғасыр жастарының бір өзгешелігі болып кеткен, өмірге, оның қызығына салқындықты, жасына жетпей қартаюшылықты суреттегім келді», — дейді. Пушкин сол кездің өзінде XIX ғасыр жастарының айырықша мінездерін көрсетуді ескергені, бұл мәселе оның ойында жүрген мәселе екені ап-айқын көрініп тұр.

     Пушкин өмірден торыққан адам сипатын «Кавказ тұтқынында» ғана көрсетіп қоймай, Алеко сипатын жасау арқылы да көрсеткен еді. Пушкиннің бұрынғы геройлары өз ортасынан шығып оқшау жүрсе (Алеконың цыгандармен жолдас болып, табор адамы болғаны секілді), басқа бір жат жағдайда әрекет жасаған жандар болса, романдағы Онегин өз ортасында жүріп, өмірден торыққан жан болып керінеді. Пушкин Онегин сипатын орыс жағдайына бейімдей көрсетеді. Пушкин романында сол кездегі орыс өмірінің шын суреттері, ерекшеліктері көрсетіледі.

     Абай Онегинді өз ортасынан қашықтатып әкеткендіктен, Онегин сипатына өзгеріс енгізгендіктен, Пушкин шығармасында көрсетілген Онегин мінездерінің кей кемшіліктеріне онша назар салмайды. Бұған қарағанда, Абай Пушкинге жуық келсе, Пушкиннің алғашқы ойы емес, соңғы ойына, Пушкиннің екінші тараудан бастап алған бағытына жуық келеді. Өйткені Абай шығармасында  Онегиннің трагедиялық жағы басымырақ   айтылған.

     Енді екі ақынның Онегин оқиғасына арналған өлеңдерінің құрылысы, түр жақтарынан байқалатын өзгешелік-айрымдарға келейік.

     Пушкин романында қалып қойған шумақтар кездесіп отырады. Бірнеше шумақтардың орнына рим цифрлары қойылған, шумақтардың өзі жоқ, тек олардың номерлері ғана қойылған. Қейде бір шумақтың бірнеше жолдары да қалып қояды (екінші тараудық VIII шумағы). Бұл қалып қойған шумақтардың кейбіреулері колжазбадан табылған. Бұған қарағанда, қалып қойған шумақтарды орны-орнына келтіріп, романды толықтырған жөн болар ма еді? Бүйтуге болмайды, өйткені Пуш­кин бұл шумақтарды неге қалдырды, міне, осы мәселенің басы ашылуы керек, әйтпесе романның тексі бұзылып кетуі мүмкін.

     Пушкин бір жерде романның қалып қойған шумақтары туралы былай дейді: «Евгений Онегинде» мен баспаға жібере алмаған, не әдейі басқызғым келмеген шумақтар бар, бұған таңданудың керегі аз. Олардың қалып қоюы әңгіменің желісін үзеді, сондықтан олардың қай жерде болуы керек екені ескертіліп, орындары көрсетілген. Бұл шумақтардың орнына басқа шумақтар беру, не менен калған шумақтарды қайта түзету һәм орындарына келтіру жөн болар еді. Бұған деген жалқаулығым бар, кінәлімін. «Дон Жуанда» да қалып қойған екі шумақ бар екенін де момындықпен мойныма алам».

     Абайдың Онегин оқиғасы туралы жазғандары — бө­лек-бөлек өлеңдер, ол өлеңдерде біртұтас оқиғаның тек жеке-жеке кейбір керекті жерлері ғана айтылған секілді. Бірақ Абайдың Онегин туралы жазғандарының ара-арасындағы алшақтарына, оқиғаның түрлі желілерінің бір-біріые кірігіп, жымдаспай тұруына себеп болған нәрсе — Абай еңбегінің толық бітпей қалуына байланысты көрінеді. Сондықтан Абай шығармасында жазылмай қалған шумақтар, тараулар да бар секілді.

     Пушкин романының өлеңдері жеке-жеке шумақтарға бөлінген. Бір тараудың ішіндегі шумақтардың бас-басына рим цифрымен керсетілген немерлері бар. Шумақтар жалпы сан жағынан бірдей келіп отырған да, сол шумақтар бір өлшеммен жазылған. Бұл тәртіп бірнеше рет қана өзгереді. ІІІ тараудағы Татьяна хаты мен қыздар өлеңі, ҮІІІ тараудағы Онегин хаты біркелкі шумақтарға бөлінбеген. Романның басқа да өлеңдеріне қарағанда, қыздар өлеңінің басқа өлшеммен жазылғаны байқалады. Онегин оқиғасына арналған Абай өлеңдері түрлі-түрлі өлшеу, түрлі-түрлі шумақтармен жазылған. Абай түр жағынан алуан-алуан, түрлі-түрлі өлеңдер жазуды құнттаған.

     «Евгений Онегин» шумақтары ылғи он төрт жолдан болып, өлең жолындағы ұйқастар не кезек, не қатар келіп отырады. Бұл он төрт жолды шумақ екі жолмен аяқталып отыратынына қарағанда, шумақтың басқа жолдарын төрт жолды үш өлеңге бөлуге болады. Әрбір төрт жолды   өлеңде бұл екі ұйқаспен келіп, үш тәртіп қолданылған: 1) бірінші жол екінші жолмен ұйқасады, үшінші жол төртінші жолмен ұйқасады, бұлар егіз ұйқастар (аа, вв); 2) бірінші жол үшінші жолмен ұйқасады, екінші жол төртінші жолмен ұйқасады — аттамалы ұйқас (ав, ав); 3) бірінші жол тертінші жолмен ұйқасады, екінші жол үшінші жолмен ұйқасады — бұл ұйқасты қаусырмалы ұйқас деуге болады. Пушкин өзінің романында бұл үш түрлі ұйқасты толық пайдаланады. Әр шумақтың алдыңғы төрт жолды өлеңі қашан да аттама­лы ұйқас болып (ав, ав), екінші — сегіз ұйқаспен келіп (аа, вв), үшінші қаусырмалы ұйқаспен жазылып оты­рады (ав, ва), мұның үстіне шумақ бірыңғай ұйқасты екі жол өлеңмен бітіп отырады (ее).

     Пушкин шығармасында ұйқастардың осы ретпен келіп отыруына айрықша назар салған. Оқта-текте бір жерлерде болмаса Пушкин романы бастан-аяқ осы тәртіппен жазылған. «Евгений Онегин» шумақтары жеке-жеке тұрады да, өз алдына бөлек өлең сияқты.

     Абайдың Онегин оқиғасына арналған өлеңдеріне келсек, бұл өлеңдер, Пушкин романындағыдай, бірыңғай шумақтармен жазылмаған. Абай жазған өлеңдердің өзіне арнаулы шумақтары бар. Онегиннің сипаты туралы өлеңнің әр шумағы төрт жол (6 жолдан келіп отыратын III, VI, VII шумақтардан басқа), әрбір жолында 11 буын, бірінші жол мен екінші тертінші жолдар ұйкасып, үшінші жол бос қалып отырады: Мысалы:

                          Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

                          Дәмеленсе, күндесе білдірмеген,

                            Нанасың не айтса да, амалың жоқ,

                         Түсінде бір күдік жоқ алдар деген.

     «Амал жоқ қайттым білдірмей», — деп басталатын өлеңдегі шумақ 4 жолдан, жолдары 8 буыннан құрылған. Бұл өленде бірінші жолмен үшінші жол, екінші жол мен төртінші жол ұйқасады (ав ав). Мысалы:

                          Амал жоқ қайттым білдірмей,

                          Япырмау, кайтып айтамын?

                            Қоймады дертің күйдірмей,

                            Не салсаң да тартамын.

     Бұл секілді аттамалы ұйқас Пушкин өлеңдерінде де бар, бірақ шумақ жағынан өлең Пушкин өлеңі шумағына ұқсамайды.

     Онегиннің жауабы туралы өлеңді алсақ, бұл он бір буынды төрт жолды шумак, ұйқас жағынан Онегиннің сипаты туралы өлеңге ұқсайды (аа ва), бірақ бұл өлеңдер буын жақтарынан біріне-бірі дәл келмейді, бірі сегіз буынды өлең болса, екіншісі 11 буынды.

     «Құп білемін сізге жақпас» деп басталатын Онегиннің Татьянаға жазған хаты жеті буынды, 4 жолды өлең, бұл өлеңнің шумағындағы бірінші жол мен төртінші жол ұқсайды (ав, ав). Татьяна сөзіне арналған өлең шумағы да 4 жолдан, жолы 8 буыннан. Өлеңнің бірінші жолы үшінші жолмен ұйқасып отырады (ав, ав), «Жарым жақсы киім киіп» деп басталатын өлеңді алсақ, бұл өлеңнің ұйқастық жақтарында біркелкілік болғанымен (аа, ва), шумақтарда кездесетін жолдардың буын саны Абайдың Онегин оқиғасы туралы жазған басқа өлеңдеріндей біркелкі келіп отырмайды.

     Сөйтіп, Абайдың Онегин оқиғасына арнап жазған өлеңдерінің ішінде алуан-алуан ұйқастар, түрлі-түрлі шумақтар бар екенін кереміз.

     Абай басқа ақындардың жазғандарын аударсын, не бір сюжет, сипат, сарын тақырыптардан пайдалансын, болмаса терең сезім, мағыналы көркем сөз, жаңа шумақ, ұйқас, ырғақ іздесін, пікір таратып, өлең жазсын, әдебиеттік ісінде өз жаңалығын үнемі айта отырады, кіргізе отырады өзінің ұлы ақындығын көрсете отыра­ды. Ол бір нәрседен пайдаланса, өз ақындығына бейімдей пайдаланады.

     Абай шығармасына басқа жақтан кірген сарын, сю­жет, ой, сезім, тың сөздер, т. б. оның ақындық қазанында кайнап, басқа бір қуат алып, бастапқы қалпын өзгертіп, бір алуан реңк алып, ақынның өзіне тән нәрсе сияқтанып кетеді. Сондықтан оның аударма деген өлеңдерінің көбі аудармадан гөрі Абайдың өзі жазған өлеңдерге ұқсап тұрады.

Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер / Құрастырған филология ғылымдарының докторы, профессор Нығмет Ғабдуллин. – Алматы: Жазушы, 1986. – 209-224-беттер.

Сайтта жайғастыруға дайындаған Анар Малдыбаева,

Абай институтының кіші ғылыми қызметкері.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники