Хайыржан Бекхожин. АБАЙ және «ДАЛА УАЛАЯТЫ»
Ұлы орыс халқының демократияшыл интеллигенциясының игі идеяларымен тәрбиеленген Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай сынды қазақтың алғашқы ағартушы-жазушылары XIX ғасырдың екінші жартысында жазба ұлт әдебиетінің негізін салды.
Қазақ ақындары мен жазушылары өздерінің шығармаларын Қазан, Петербург және басқа қалаларда бастырып шығарып тұрды. Мысалы, 1862 жылдан 1900 жылға дейін 80-нен аса қазақша кітап басылып шықты.
Халықтың санасын ояту үшін баспасөздің таптырмайтын күшті құрал екендігін ұғынған қазақ оқығандары өткен ғасырдың 90 жылдарында қазақтың өз тілінде күнделікті баспасөз (газет пен журнал) шығарып тұру туралы мәселе көтерді. 1905 жыл қарсаңындағы Россиядағы революцияшыл жалпы қозғалысқа қазақ халқы да үлес қосты.
Міне, осы жағдайларды еске алып, патша үкіметі «бұратана» халық деп аталатын қазақ халқының саясат және мәдениет жөнінен өркендеп кетуінен қауіптеніп, бұған қарсы түрлі шаралар қолданумен қатар, қазақ оқығандарының ұлт баспасөзіне бостандық бостандық беру жөнінде қойған талабын өз «мүддесіне» қолайлап шешуге мәжбүр болды. Демек, патша ұлт баспасөзін де өз қолына алды. Сөйтіп, XIX ғасырдың аяқ шенінде патша үкіметі өз тарапынан «Дала уалаяты» деген қазақша газет шығарып тұрды.
Қазақтың ол кездегі буржуазияшыл-демократияшыл ағымдағы прогрессившіл оқығандары мен ақын-жазушылары қазақ тілінде ең алғаш шыққан «Дала уалаяты»газетін өз ұлтына пайда келтіретін, оны қараңғылық ұйқысынан оятатын, жарық сәуле енгізетін құрал деп біліп, қуанышпен қарсы алды. Қазақ оқығандары мен ақын-жазушылары бұл газетті, шынында да, өз халқының ұлттық санасын оятуға, мәдениетті елдердің қатарына қосылуына көмектесетін құралға айналдыруға тырысты. Олар әлеуметтік маңызы зор мақалалар мен хат жазып тұрды, қазақтың қоғамдық ой-пікірін дамытатын құралға айналдырды. Сөйтіп, газет патша үкіметі ойлағандай қазақ арасына оның тек бұйрық-жарлықтарын жеткізіп тұратын және қазақтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы туралы мәлімет жинайтын ғана құрал болмай, нағыз қазақ баспасөзі дәрежесінде қызмет атқарды.
Қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы оқығандары мен ақын-жазушылары осы газеттің маңына топталды. Солардың бірі Абай болды. «Жазды күн шілде болғанда» және «Күлембайға» деген екі өлеңін өзі тірі кезінде тұңғыш рет «Дала уалаяты» газетіне бастырып шығарды.
Абайдың 1886 жылы шығарған «Жазды күн шілде болғанда» деген тамаша өлеңі «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы 17 февральда 7-санында басылып шықты. Онда бұл өлеңнің бас жағына «Семей үйезі, Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбайұлы ауылының Бақанас өзенінің бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген ұзақ тақырып жазылған. Ал өлеңнің аяғына «кісіден үйреніп жаздым, Көкбай Жантайұлы» деп қол қойылған. Мұның мәнісі, әрине бізге түсінікті. Өйткені Абай алғашқы кезеңде өлең шығаратынын жұрттан жасырып, Көкбайдың атынан таратқаны белгілі. Бірақ профессор Мұхтар Әуезовтың анықтауынша: Абай тек 1886 жылдың жазында өзінің «Жазды күн шілде болғанда» деген тамаша өлеңін жазып, түңғыш рет осы өлеңін өзінің атынан таратқан. Бұған қарағанда Абайдың бұл өлеңі «Дала уалаятына» басылғанда өзінің атынан шығуы керек еді, тегінде, бұл өлеңін газетке Абайдың өзі бұрынғысынша Көкбайдың атымен жібергенге ұқсайды.
Абай шығармаларының академиялық жинағында басылған түсініктерде тек ақынның «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңі «Дала уалаятында» басылғаны ғана көрсетілген. Ал, осы өлеңнің және «Күлембайға» деген өлеңі қай түрде басылды, осы күнгі тексттерінің газеттегіден айырмасы бар ма, жоқ па, — мұны тексеріп жазған ешкім жоқ. Біздің ойымызша, «Дала уалаятына» басылған тексттердің кейінгі басылымдардан айырмасын тексеріп білуде үлкен мән бар. Сондықтан біз бұл мақаламызды осы мәселеге арнап жазып отырмыз.
Абай «Жазды күн шілде болғанда» тек табиғаттың көркемдігін, жайлауға көшіп-қонудың қызықтығын ғана суреттеген жоқ, сонымен қатар байлардың тәкаппарлығын, оған жалынышты кедейлердің аянышты халін көрсеткені де мәлім.
Осы өлеңнің «Дала уалаяты» газетінде басылған тексте кедейлердің байларға жалынышты халін сипаттайтын сөздері жоқ. Қандай сөздердің жоқ екендігін білу үшін «Жазды күн шілде болғанда» өлеңінің академиялық жинақ пен газетте басылған кейбір жерлерін салыстырып көрейік.
Жинақта: Газетте:
Мал ішінен айналып, Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып Көңілі жақсы жайланып.
Байда келер ауылға Байлар келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап. Аяңшылы жылпылдап.
Сабадан қымыз құйдырып, Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып, Ортасына қойдырып,
Әзілдесіп сылқылдап. Әзілдесіп сылқылдап
Жал-жалдаған жас бала, . . . . . . . . .
Жағалайды шешесін . . . . . . . . .
«Ет әпер» деп қыңқылдап. . . . . . . . . .
Көлеңке қылып басына Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына, Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардан Салтанатты байлардың
Самаурыны бұлқылдап Жай отырғаны сөйлемей,
Білімділер сөз айтса, Қаржалғаннан ыстықта
Бәйге атындай аңқылдап, Самаурыны бұрқылдап.
Өзгелер басын изейді,
«Әрине» деп мақұлдап.
Газеттегі текстте бірінші шумақтың үш жолы жоқ, екінші шумақтың төрт жолының есесіне мұнда «Жай отырғаны сөйлемей, қаржағаннан ыстықты» деген екі жол кірген.
Бұдан кейін Абайдың жинағында «Жаз» деген өлеңінің мынадай бір шумағы «Дала уалаятында» тұтасымен жоқ:
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен:
«Малыңды әрі қайтар» деп,
Малшыларға қыңқылдап.
Бай «байғұсым» десін деп,
«Шақырып қымыз берсін» деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Абайдың бұл өлеңі шығармаларының жинағы мен газетте екі түрлі болып аяқталады.
Жинақта: Газетте:
Мылтық асқан, құс салған, Мылтық атқан, құс салған,
Жас бозбала бір бөлек, Жас бозбалалар бір бөлек,
Су жағалап қутыңдап. Су жағалап қутыңдап.
Қайырып салған көк құсы, Қайырып салған құстары
Көтеріле бергенде, Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап, Қаз сыпырса жарқылдап,
Өткен күннің бәрі ұмыт . . . . . . . . .
Қолдан келер қайрат жоқ . . . . . . . . .
Бағанағы байғұс шал . . . . . . . . .
Ауылда тұрып күледі, Тамашамен шалдардың
Қошемет қылып қарқылдап. Қошемет қылып қарқылдап.
Біз бұдан өлеңнің ақырғы шумағында үш жолдың қысқартылғанын көреміз.
Сонымен Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңі «Дала уалаяты» газетінде толық басылмаған, байлардың рақымсыздығын сынайтын және кедейлердің байларға жалынышты екенін көрсететін сөздер қысқартылған. Мұны цензураның ісі деп білу керек. Абайдың өлеңінде «Ақ көйлекті, таяқты, Ақсақал шығар бір шеттен» дегендегі «Ақсақалы» бір тостаған қымыз үшін байға амалсыз жарамсақтанатын кедей шаруаның бейнесі екені белгілі, әрине кедейлерді байларға қарсы қоятын мұндай сөздерді патша үкіметі тұсында баспасөзде жіберуге, оның бер жағында «Дала уалаяты» сияқты ресми газеттің бетінен орын беруге болмайтын еді. Сондықтан цензура ондай «қырын» сөздерді өшіріп тастаған, ал Абайдың:
Өткен күннің бәрі үмыт
Қолдан келер қайрат жоқ.
Бағанағы байғұс шал,
Ауылда тұрып күледі
Қошемет қылып қарқылдап, —
деген бес жолының үш жолын мүлдем өшіріп тастап, оның төртыншы жолын «тамашамен шалдардың» деп цензура түзеткен болуы керек. Мұндағы мақсат шалдың қарқылдап күлуі Абай айтқандай «қолдан келер қайрат жоқ» болған соң жағымпазданып қошеметтеу үшін күлген емес, цензураның түзетуі бойынша «тамашалағандықтан» күлген болып шығады.
Енді Абайдың «Күлембайға» деген екінші өлеңі «Дала уалаяты» газетінде қандай түрде басылды, соған келейік.
Абайдың бұл өлеңі «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы 24 марттағы 12-санында басылған. Өлеңнің бас жағына, ақынның жинағындағыдай «Күлембайға» деп емес, басқаша, «1888 жылы май айында Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының чрезвыяайный съездегі түрі» деген ұзақ тақырып қойылған. Өлеңнің аяғына қол қойылмаған.
«Дала уалаяты» газетінде басылған Абайдың бұл өлеңінің текстінде де кейінгі жинақтармен салыстырғанда өзгешелік бар. Абай «Күлембайға» деген өлеңін кейінгі жинақтарындағы баспасында «Болыс болдым мінекей» деп бастап, Күлембайды өзіне өзін сынатады, сонымен қатар тек Күлембайдың ғана емес, барлық болыс атаулының сықақ болған образын жасайды. Ал, «Дала уалаяты» дәл осы мағынада шықпаған. Мұнда өлеңнің сөздері, Абайдың кейінгі жинақтарындағыдай, бірінші жақтағы атаумен емес, үшінші жақтағы атаумен сөйлейді. Салыстырып байқайық:
Академиялық жинағында: «Дала уалаяты» газетінде:
Болыс бодым мінекей, Болыс болды кей кісі
Бар малымды шығындап. Бар малдарын шығындап,
Түйеде қом, атта жал: Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап. Сөйтседағы елдерін
Ұстай алмадым тығындап Ұстай алмады мығымдап
Өлеңнің «Күлембайға» деген өз тақырыбымен басылмауы және үшінші жақтағы атаумен өзгертіліп жазылуының себебі неліктен деген сұрақ туады. Мұның себебі, біздің ұйғаруымызша, мынада: цензура уставының 98-статьясы бойынша қызмет адамдарының кемшіліктері мен жолсыздықтары туралы баспасөз бетінде тек олардың атын, қызмет орны және мекемесін көрсетпей ғана пікір айтуға болатын еді. Осы себептен цензура Абайдың «Күлембайға» деп, оның болыстығын өзіне өзін сынатып, сатира ретінде жазған өлеңіне «бір уездің ел билеушілерінің сьездегі түрі» деген жалпылама тақырып қойған және өлеңнің сөз құрылысын да әдейі үшінші жақтағы атаумен өзгерткен болуы керек.
Абайдың «Күлембайға» деген әшкерелеуші мысқыл өлеңінде тек жәбір, жауыз болыстардың бейнесі ғана емес, ел қанағыш билердің де, патшалықтың зұлымдыққа негізделген заң-законы да өткір сыналатыны белгілі, Өлеңнің мұндай патша үкіметіне қолайсыз жерлерін ресми газет бетінде жіберуге, әрине болмайтын еді. Сондықтан цензура өлеңнің соңғы жағында келетін мынадай шумағын түгел қысқартып тастаған.
Айлам құрсын, білемін
Болыстықтың жолы тар, —
Дегеннен кейінгі, —
Қайтып көмек болады
Антұрған өңкей ұры-қар.
Көргенім әлі ойлашы,
Ұят, намыс, қалды ма ар?-
делінген төрт жол өшірілген.
Бұдан кейін:
Ендігі сайлау болғанда
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні
Боламын ғой деймін зар, —
Дегеннен кейін келетін:
Ақыл айтар, туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар.
Кәтолошке көбейді,
Сөгіс естіп, тозды ажар.
Мынау елді ұстарлық,
Кісі емеспін, кел құтқар, —
Дейтін жолдар газетте жоқ.
Абай бұл арада болыстардың өдерінің жолсыздығы мен халықтан қол үзген дәрменсіздігін көрсете келіп:
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкәр, —
дегізіп, болыс Күлембайды өзін-өзіне шенетеді. Осыдан кейін жалғасып аяқталатын 24 жол да «Дала уалаятында» жоқ. Ұлы ақынның бұл сөздерінде үлкен саяси мән бар еді. Абай би-болысты жексұрын етіп көрсету арқылы, олардың озбырлық және жауыздық қылықтарын сынау арқылы патша үкіметінің отаршылдық саясатына тағатын . халыққа патша үкіметін жексұрын етіп көрсететін. Сондықтан:
Ел жайылды, жетпей ме,
Оязға да бір хабар.
«Тағы бүйтіп кеттің» деп,
Қозғау салар, қолға алар,
Қатты қысым қылған соң,
Басым сотқа айналар.
Кірлі болып түскен соң,
Көрген күнім не болар?
Өзіне мәлім, тентектер,
Өз бетімен не табар?
Қағаз берер, қарманар,
Аяғында сандалар,
Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды,
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғаны,
Қалмысыңды санайды.
Ұры, залым, закөншік,
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсармын,
Темір көді сарайды, —
деп аяқталатын сөздері «Дала уалаятында» болмауы тегін емес.
Біз Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» және «Күлембайға» деген екі өлеңінің «Дала уалаяты» газетінде цензураның қолымен қысқартылып, тіпті кейбір жері өзгертіліп басылғанын көрсеттік. Енді біз Абайдың осы екі өлеңінің «Дала уалаятында» басылып шығуының қандай маңызы бар және сол замандағы газет оқушыларына қандай әсер етті, соған тоқтайық.
«Дала уалаяты» газетінде Абайдың жоғарыда айтылған екі өлеңінен басқа өлеңі де, қара сөзі де басылған жоқ. Мұның мәнісі мынадай себептерден деп айтуға болады. Демократшыл және әділетшіл Абай өз заманында қазақ арасындағы бұрынғы ру-ақсақалдық, бектік феодалдық қалыптардың қалдықтарына қарсы күрес жүргізді. Ру басы ақсақал-билердің, бай-феодалдардың, қожа-молдалардың, алыпсатар-саудагерлердің қалың бұқараны түрлі жолмен қанауына қарсы күрес ашты. Осындай «Ортаның залалды мінездерімен алысып, еліне тым құрыса сонымен пайдалы азамат болғысы» келіп, Абай халықтың бір ауыздан сайлап қоюы бойынша үш жылдай болыс болып та тұрды. Бірақ оның игі ниетіне ел жуандары жол берген жоқ. Олар Абайдың өзіне өтірік пәле-жала жауып, жарға жықпақ болады. Солардың кесіренен Абай 1876 жылдан 1886 жылға дейін, яғни 10 жылдай сот тергеуінде болып, ақыры өзінің адалдығы мен халыққа инабаттылығы арқасында ақталып шыққаны белгілі. Міне, — бұл Абайды патша үкіметіне сенімсіз етіп көрсетті. Оның үстіне патша үкіметіне қазақ елін басқартып қойған жергілікті чиновниктері Абайдың жер ауып келген «саяси қылмысты» адамдармен байланысы барлығын да сезіп, одан да қатты күдіктенді. Сондықтан «күдікті» адамның және сөзі «ащы» ақынның шығармаларына өзінің қарамағындағы газет бетінен орын бергізбейді. Біздің бұл пікрімізді мынадай дерек дәлелдейді: «Дала уалаяты» газетінің 1890 жылғы 12 январьдағы 1-санында: «Цензура уставының 139-статьясына сәйкес, редакция құрметті газетке сөз салушылардан сұрайды: болашақ уақытта өздеріңіздің туысқандарыңыздың ынсаф-мінәзалары, хұлықтары турада байқап айтуға, бізге әбден анықталған сөзләрні һәм хабарләрні білдіруге» деп редакция атынан хабар басылып шықты. Бұл Абай сияқты сыншы, шыншыл адамдардың газетке сөз жіберуіне тыйым салынғандығын байқатады.
Алайда, Абайдың өлеңдерінің басылып шығуы газет оқушыларына әсер етті.
Екі өлең шыққанда, автордың аты аталмаса да, жұрт бұл өлеңдер Абайдікі екендігін бірден таныды, қызығын оқыды. Бұдан кейін Абай өлеңдері газет бетінде көрінбеген соң жұрт аңсап, іздей бастады. Абайды жұрттан бұрын іздеген кісі Мәшһүр-Жүсіп. Ол «Дала уалаятының» белсенді тілшісі еді. Газеттің 1889 жылғы 1 декабрьдегі 48-санындағы бір мақаласында ол былай деп жазды: «Гәзитләрнің ішінде бір тақпақ өлең Құнанбай баласінікі деген халыққа жайылды. Ол өлеңнен байлығы жақсы білініп тұр, бірақ халыққа пайдалы іске жаһат қылғаны білінбейді.
…Біз Ыбырай мырзаның өнерін Құнанбайдан артық деп естіген едік… Артында байлығы һәм келісті болып өлеңге қосылып тұрған соң, өлеңіне муафиқ қылып сөйлесе керек қой деп айтып жатырмын».
Мәшһүр-Жүсіп бұл сөзді, тегінде, Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңі туралы айтқан. Өлеңде кедейлердің халін сипаттайтын жерлерін цензура қысқартып тастағанын біз жоғарыда айттық. Абай өз әкесі Құнанбайдың байлығы емес, жалпы қазақ байларының тұрмысын суреттегенін Мәшһүр-Жүсіп түсінбеген. Ал Жүсіптің «халыққа пайдалы іске жаһат қылғаны білінбейді» деп Абайға мін тағуы объективтік жағынан орынды да. Себебі, бұл сөзді өлеңнің қысқартылып басылған түріне қарап айтқан.
Қазақтың бұрынғы салтында ақын я шешен адамдар «бақас» болып, бастас адамдарымен әр жайдан айтысып, жарыса сынауға құмар болатыны белгілі. Сол сияқты Мәшһүр-Жүсіп те жоғарыдағы мақаласында «Осы күнде Құнанбайдың дүниеде бар-жоғын біле алмай тұрмыз. Құнанбай дүниеде бар шығар деуге тірі кісінің тіршілігі болады, — ол жоқ; өлі кісінің өлгенінің белгісі болады, — ол жоқ» деп, әкесі Құнанбайға Абайдың ас бермегенін сынап жазады.
Абайдың аты XIX ғасырдың аяқ шенінде қазақ елінің тұс-тұсына мәлім болғандығын мынадан тағы көруге болады: «Дала уалаятының» 1890 жылғы 12 январьдағы бірінші санында Омбы уезінің қазағы Қасен Кәкенов «Редакцияға хатында» «Ыбырайдың (Абай) өзі, Көпеев онша мақтамаса да біз алыстан естиміз: мейлінше хұрмитлі қазақ, — байлығымен емес, өзінің ақылыменен. Сондай ақылымен халыққа құрметті сүйкімді һәм сенімді, — бір өз төңірегіне емес, бүтін уезге» – деп жазды.
Мақаламыздың жалпы қорытындысында айтарымыз: Абай шығармаларының біразы өзі тірісінде жарияланып, XIX ғасырдың аяқ шенінде және XX ғасырдың бас кезінде қазақтың жазба әдебиетінің дамуына үлкен әсер етті. Оның творчествосымен баспа жүзінде халықтың тұңғыш рет танысуына «Дала уалаяты» газеті себепші болды. Абайдың нағыз халықтық асыл сөздері юбұл газеттің стилі мен ьіліне ықпалын да тигізді.
Газет бастапқы кезде татаршылап сөйлесе, кейін Абай тіліне шамасынша бейімдеп сөйлеуге тырысты.
«Дала уалаяты» газеті Абайдың өзіне де көп көмегін тигізді. Себебі газет орыс халқының озыө мәдениетіне араласу, оқу-ағарту, отырықшы ел болып, егіншілікке айналысу, әйел бостандығы, тағы сол сияқты мәселелерді көпшіліктің талқысына салды. Сонымен қатар газетте қазақ пен орыстың және басқа да ұлттардың әдебиет мұралары басылып тұрды. Пушкиннің «Бақша сарай фонтаны» туралы, Л.Н. Толстойдың шығармалары туралы пікірлер жазылды, белинскидің патриоттық нақыл сөздері, Крыловтың Алтынсарин аударған мысалдары, Г. Успенкийдің әңгімелері басылды. Газетте Шоқан Уәлихановтың және Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен ісі туралы толық мәлімет басылды. Міне, осының бәрін Абай «Дала уалаяты» газетінен оқып-көргені сөзсіз.
Екі тілде (қазақша және орысша) 13 жылдан аса шығып тұрған «Дала уалаяты» газеті Абайдың ұлы орыс халқының және басқа ұлттардың мәдениетімен толығырақ танысуына жәрдемші болды.
Сайтта жайғастыруға дайындаған
Мөлдір Молдағалиева,
Абай институтының магистранты