Тәкен Әлімқұлов. ЖҰМБАҚ ЖАН
Жүрегіңнің түбіне терен, бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Абай.
Осы екі жол — теңізшінің тарланына жеткізбейтін мұхиттың тұңғиық түбіндей. Бұл тұңғиықта бір күнде, бір айда, бір жылда шешілетін құпия жатқан жоқ, ғасырлар шешетін, бәлки, шеше жататын жұмбақ жатыр.
Абай Құнанбаев сынды ұлы ақындардың мағынасы терең мұрасы бір кезеңнің, бір дәуірдің еншісінде қалмайды. Оған ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп өз бағасын бере жатады. Мазмұнды өмірбаянның, мәністі творчествоның қыры мен сыры дәуірлердің барысында ашыла түседі. Талдауға таусылмас әдеби мұраны былай қойып, Пушкин мен Лермонтовтың өлімі туралы тың деректерді еске алсақ, айтылмыш шындыққа күмән қалмайды. Пушкинмен атысарда Дантестің сауыт киіп шыққаны анықталды. Қиянатшыл қарауларға жүз жылдан асканда сот құрылды. Ал, Лермонтовтың өлімі күні бүгінге шейін жұмбақ. Біреулер Мартынов атты десе, енді біреулер жасырынып тұрған шешен атқан деседі. Бұған оқтың бүйірден қиғаш тигенін, Мартыновтын қартайғанда жарған сырын дәлел етіседі. Аталған екі алыпка қарама-қарсы ұзақ өмір сүрген Тургенов пен Лев Толстойдың тіршілік сапарынан ашылған шырғалаң жаңалықтар бүгінгі буынның сыбағасына тиіп отыр. Қазақ халқының төл перзенті Шоқан Уәлиханов хақында табылған, табылып жатқан соны да сирек деректер — қуанышты қазына, уанышты үміт. Бұлай болса, қилы кезеңде туып, шытырман өмір кешкен ұлы пенделерде жұмбақ көп. Абайдың айтып кеткені де осы еді. Қыры қыруар, сыры қиын Абай өз тұсына ғана жұмбақ болмай, осы заманға да сыбаға қалдырып кеткен. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», — дегенде, келешек дәуірлерге, тың түлектерге мұң шағып, сыр меңзеген, түпсіз тұспал қалдырған. Өз заманынан озған ойшыл жан болашақ кауымнан дәмеленгенде, тілдің таңбасынан жүректің тереңдігін артық көреді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінің онай табылмайтынын сыршыл да шыншыл бейнемен жеткізеді.
Абай осындай. Оның өмірбаяны, өскен ортасы, әркіммен әр топпен аралас-құраласы ел аузында сақталған аңыз-лақап арқылы жетті. Баспасөзден таңба тапқан тарихи деректер, архивтік материалдар мардымыз болды. Абай заманының шым-шытырық шәркездігі бейтарап талдаудан кағажу қалған шақтар өз алдына. Ауыз толтыра айтатынымыз бұрынғы екі Россия, ілгерімпаз Россия мен кертартпа Россия еді. Мәселені осылайша екіге бөлумен тынудың өзінде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өтерлік желбегейлік бар-ды. Абай сынды айрыкша дарынның, сыршыл, шыншыл суреткердің қоғам атаулыдан алатын әсері, бағдарлайтын байқауы, түйетін түйіні қазақша айтқанда, жақсыға жанасумен, жаманнан жерумен шектелмейді. Әлеуметтік көзқарас пен суреткерлік шыншылдықтың арасындағы қайшылық өз алдына. Халқының өсіп-өркендеуін, үлгілі ел болуын тілеген Абай — қайсар қайраткердің қатарында нәзік те әсершіл ақын, қиын болмыс. Оның ішкі әлемі өзі айтпаса, өзін тануға келгенде, ғажайып қайшылықтарға ұрынады. Бұл өте-мөте ұлы суреткерлерге тән қасиет. Гете
мен Омар һайямның, Пушкин мен Мицкевичтің, прозада Онорэ де Бальзак пен Лев Толстойдың тәжірибесі — осының айғағы. Осы тұрғыда абайтану проблемасы талапкердің еншісіне тиемел емес, төзіміне, еңбеккерлігіне, дарынына тиемел. Бұл жүйедегі шашыраңқылықты атап айтқанда, Абайды аңызға айналдырушылардың, оны зерттеушілердің, ол жайында еңбек жазушылардың мінез-құлқы, білім дәрежесі, дарын қыры, талғам мөлшері түрлі-түрлі екенін, демек олар ұлы адам төңірегінде өздерін көрсетпей тұра алмайтынын қоссақ, манағы жұмбаққа қайта соқпасқа лаж жоқ. Оны кім шешті, қашан шешті, калай шешті. Шешті ме, жоқ, жорамалмен тынды ма? Міне, гәп осында, Өсіре сөйлеуге немесе керісінше өшіре сөйлеуге шыдаған қазақ куәлігінде табиғи түйіндерді табу оңай емес. Бұған қоғам атаулының өсу сатылары болатынын, әр ұрпақ өткен кезеңдерге, асуларға өз көзімен қарайлайтынын, тарихи оқиғаларға, кұбылыстарға, көріністерге тағылған айдар, қойылған ат буын ұғымының сыр-сыпатына әйгілі әсер тигізетінін қоссақ, абайтанудың өте-мөте күрделі ілімге зәру екенін түйткілсіз түсінеміз.
Әдеби ілім өткендегіні кайталаудан, инабаттыға еліктеуден, даусыз деректі көшіруден тумайды. Шашыраған шындықтардың басын біріктіру де жеткіліксіз. Әдеби ілім сыршыл шындық, жаңсақсыз жаңалық әкелмек. Бейнелеп айтқанда, дөңгеленген дербес дүниелік болуға керек. Ғалымның ақындық албырт жаны, алғыр ойы, шынайы сезімі шарт. Сонда ғана оқырманды толғандырарлық, ой-өрісін кеңітерлік, көңілін байытарлық енбектер тумақ. Вольтердің: «Іш пыстырмайтын жанрдың бәрі жақсы» деген қағидасы осыған саяды. Ғылми еңбектің, ғылми жұмыстың ішкі тұтастығы, шеңбер сұлулығы табылса, мезілікке орын жоқ. Руссо мен Дидроның, Белинский мен Чернышевскийдің шығармалары осы пікірді нығайтады.
Қазақтың ысылған классикасы Абайдан басталса, оған күні бүгінге шейін бір де бір ақын тіркелмесе, Абай туралы еңбек жазудың жауапкершілігі өзінен өзі түсінікті. Асқар таудың түбі тұншықтырады. Оның биіктігін аңғару үшін алыстан қарауға керек. Көз жазып қалуға және болмайды. Бұл жағынан келгенде, мүшел мерекелер қонақтаған жолаушыны толғандырарлық белестерге барабар,
Абай — азамат, қайраткер, санаткер, ойшыл, ақын! Ол — өз заманының перзенті, тұстасы, ағасы, атасы. Ол — өз дәуірінің күрескері, ақылгөйі. Осының баршасын топтастырғанда, «Абай» деген кемеңгер тұлға туады. Бұл тұлғаны қалайша анықтауға, қалайша мүсіндеуге керек? Дәуір арқылы Абайды ашамыз ба яки болмаса Абай арқылы дәуірді ашамыз ба? Әдебиет зерттеу тәсілі жағынан келгенде, бұның мәні айрықша. Психологияны анықтайтын ғылым бір бейімді адамды талант тобына телісе, бірнеше бейімнің басын қосқан кісіні данышпан деп таниды. Абай Құнанбаев осының соңғысына жатады.
«Данышпан жан өзінің кім екенін білмейді» деген тұжырым тым ұшқары. «Жаһанға екі тәңірінің керегі жоқ» деген ежелгі қолбасшылардың астамшылығын, діңгегі табылса жер шарын шырқ айналдырмақ болған Архимедтің ғылыми арманын, сонау Овидийден басталған әдеби «Ескерткіштерді» еске түсіріңізші, кемеңгерлердің кім екенін айтпай ұғынасыз.
Өзінің кім екенін білген Абай тоғыз жолдың торабында өнерді, оның ішінде поэзияны таңдады. Соның өзінде «Өлең шіркін өсекші, жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп теткіді. Жіті ойласаңыз, осында қаншама мағына жатыр. Абай өзінің ішкі әлемін ашып, өлеңмен мұң шағады, өлеңмен наз төгеді, өлеңмен сыр шертеді. Поэзияның табиғатын жетік білген ақын жомарттық жасайтын жерде жомарт та, сараңдық жасайтын жерде сараң. Ол кейде төкпе, кейде бүкпе. Кейде сыршыл, кейде суретшіл. Кейде іңкәр, кейде торыққыш. Кейде әсершіл, кейде байқампаз. Кейде ойшыл, кейде ақылгөй. Осының бәрі оның байырғы болмысының, табиғи дарынының үстіне оның мұратының, мақсатының, мүддесінің кеңдігінен туған қасиеттер еді. Ағымдағы баспасөзі меншікті нәшірияты жоқ қазақ сахарасында өлең-жыр хисса-дастан өте-мөте өтімді еді. Сондықтан да Абай поэзияға төтенше жүктер артуға мәжбүр болды. Әбден тоқтасқан шағында туған қара сөздерін былай қоя тұрсақ, Абайдың фәлсапасы, эстетикасы, тұрмыстық толғаныстары оның поэзиясында, жұртқа тез тарайтын ұшқыр жанрда жатыр. Күн ілгері айта кету керек, Абайдың кейбір өлеңдерін орысшаға аударғанда, оның жалаң ақылгөй (дидактик), сырсыз шешен (риторик) боп көрінуінде осындай тарихи себептер бар. Осыған байланысты есте тұтатын және бір жәйіт, әдебиеттің жас кезінде, қалыптаспаған шағында поэзия әртүрлі міндет атқарып, әртүрлі жүк көтере береді. Горацийдің, Лукрецийдің поэмалары ғылми трактатқа жатса, Ломоносовтың кейбір ұзақ толғаулары шаруашылықты уағыздауға мәжбүр болады. Бұған баяғы Авиценнаның жырмен жазған ғылыми еңбектерін қоссаңыз, поэзияның алғашқыдағы орнын оңай аңғарасыз. Төркіні тым әрідегі қазақ поэзиясының ұлттық өмірде араласпаған саласы жоқ. Сәбидің тілін сындыратын жаңылтпаштан дананың жұмбағына шейін, жар-жардан жоқтау жырына шейін, қаһармандық дастаннан ғашықтық дастанына шейін, тойбастардан хиссаға шейін, ауызекі айтыс пен қағаз жүзіндегі айтысқа шейін поэзия үстемдік жүргізді. Терме, тақпақ, жарапазан жырмен айтылса, жезтаңдай шешендер сөзі ырғаққа құйылды. Осының бәрі қазақ топырағында поэзияны бірде құнды етсе, бірде құнсыз етті. Осындай салт-санада, осындай дәстүрде, осындай қауымда өскен Абай тұңғыш жырын пірге сыйынудан, баяғы «мәдет бер алладан» бастап, еліктеуге ұрынса, кейін бірте-бірте поэзияның өмірдегі орнын, ақындық куаттың құдыретін ұғына бастады. Санаға сіңген шешендік, қанға дарыған қаратілдік сарапқа түсіп, сараланды, сұрыпталды, екшелді. Сөз сұлулыққа құрылмай, шымырлыққа, шыншылдыққа, мағыналыққа, астарлылыққа құрылды. Бұның баршасы, қайталай айтқанда, Абайдың өзін кәміл танығанын аңдатады. Ақынның өзін тануы бар да, өз әлемін егжей-тегжейлі саралауы бар. Ішкі қайшылықтың қым-қиғаш қарбаласы бар. Бұл келелі кеңесті, тұрлаулы талдауды керек етеді. Оған қалай баратынымызға осынау еңбектің ұзын-ырғасы жауап бермек. Шеберлік шіркіннің бойға шым-шымдап, шымырлап тарайтынын айтпағанда, Абай мұрасы асығыстықты, ұшқарлылықты, дәлсіздікті кетермейді. Бұл мұраны ұғынуға дарын жетпесе шара жоқ, ал дарын жетсе, оның қатарында жауапты ізденістер, терең толғаныстар, байсалды пайымдаулар болуы шарт. Жақсыға сүйсінудің, тамашаға тамсанудың арғы жағында құнарлы да қосалқы дүниеліктер дәмділігі екі ұшты. Осы тұрғыдан келсек, Абайдың өмір тарихына, заманына, өскен ортасына жете зер салмай шындық шешілмейді.
Абай 1845 жылы 10 августа Шыңғыстаудың бөктерінде дүниеге келеді. Бұл кез қазақ халқының Россияға түгел қосылып болған кезі еді. Патша үкіметінің отарлау саясатының обырлығына, жүгенсіздігіне қарамастан, бұл қосылудың тарихи мәні аса зор болғаны мәлім. Мәдениетке жырақ ғасырлық көшпенділіктің негізі шайқалып, отырықшылық өмір жаңа нышанын көрсетті, прогрессивтік канатын жая бастады. Бұрынғы жабайы шаруашылыққа ақша араласты. Қазақ даласына тіршіліктің жаңа түрлері енді. Жаңа идеялар келді. Экономикалық, рухани жаңа мәдениет бой көрсетті. Бұл, әсіресе, Россиядағы 1861 жылғы реформадан кейін кең өpic алды. Россияда өркендеген капитализм қазақ даласының байлығына құныға түсті. Шортанбай, Бұқар жыраулардың зарлайтын «кер заманы» осы процестің алғашқы кезеңі еді.
Абайдың әкесі Құнанбай патша үкіметіне арқа тіреген ірі феодал еді. Ол күллі Тобықты руын билеп-төстеді. Қазақтан тұңғыш аға сұлтан болды. Мейлінше қатал, озбыр Құнанбай Абайдың ерекше зеректігін танып, оған үлкен үміт артты. Өзіндей етіп тәрбиелеп, өзіндей әкім, ағзам етіп шығаруды аңсады.
Құнанбай күллі қазақ сахарасына даңқты кісі болған. Айласына найза бойламайтын, ақылды адам еді. 1849 жылы октябрьде, яғни Абайдың төрт жасар кезінде, қазақтан тұңғыш аға сүлтан боп сайланған Құнанбай Өскенбаев екі түрлі саясат жүргізеді. Бірінші жағынан, ол патша үкіметіне арқа тіреп, Тобықтының қалың елін қойдай үйіреді, ақ дегенін — алғыс, қара дегенін — қарғыс етеді, дәулет молықтырады. Екінші жағынан, қазақтың ғасырлық ұғымын, салт-санасын пайдаланып, өз атағын шығарудың түрлі тәсілін табады. Кейін, қартайған шағында, Меке-Мединеге барып, өз қаражатына мешіт салдырып кетеді. Елге оралғанда «қара кылды қақ жарған қазы» атанады. Әйгілі «Біржан — Сара» айтысында төкпе ақын: «Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай, алашқа шықты даңқы кер бұландай» деп дәріптейді. Кенесары Қасымовтың бүліншілігіне байланысты ұлы жүзге сапар шеккен Вишневскийдің экспедициясына енген поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич Жетісуға келер алдында Сарыарқаны аралап, Тәттімбеттің аулынан түстік жеген, содан Шыңғыстауға шейін барған. Сол саяхатшы Янушкевич Құнанбай туралы былай деп жазады: «Памяты тамаша, сөзге шешен, табиғаттан парасатты туған Құнанбай — қарапайым қазақтың баласы. Дала правосының үлкен білімдары, қара қылды қақ жаратын қазы, тақуа Құнанбай — өз ағайындарының қамын жейтін іскер адам. Ол пайғамбардың даңқына ие. Оған ең алыстағы ауылдардан жастар мен кәрілер, кембағалдар мен дәулеттілер зиярат етіседі».
Осындай сырқынды Құнанбай зерек Абайды сәбиінде молдаға оқытып, сегіз жасында Семей шаһарындағы Ахмет Риза имамның медіресесіне оқуға жібереді, Абайдың басқа жолға түсетінін болжамай жібереді.
Дүние жүзіндегі ең бір шытырман, ең бір қиын, мағынасыз оқу — діни сабақтар жүретін медіреседе Абай да оңай азап тартқан жоқ. Мағынасы жат діни кітаптардың әрбір харпіне шұқшиып, жаттап алуға мәжбүр болды, медіреседе ересек адамдар да оқушы еді. Олар да қүранның түсініксіз сөздерін жаттап, ораза тұтып, намаз оқығаннан басқа өмірге жуысатын пайдалы ілім ала алмаушы еді. Бар әңгімелері діни ереже болатын осындай ойсыз ортада жүрсе де, жас Абай олардың ауқымыида, ықпалында қалып қоймады. Исдам дінінің кертартпа қағидалары оны қанағаттандыра алмады. Өмір үшін туған Абай сол діннің күңгірт дүниесінде адасып қалмай, сәулелі, нұрлы дүниеге қарай талпынды. Поэзияға ерте әуестенді. Медіреседе араб, фарсы тілін үйренген Абай шығыс ақындарын құмарта оқыды. Бар ынта-ықыласы соларға ауды. Шығыс классиктерінің ғажайып шығармалары жас Абайдың ой-қиялын тербетті. Тәтті армандар туғызды.
Патриархалдық ескіліктің өкілі Қүнанбайдың төрт әйелі болған. Олардың арасындағы бақастық, күндестік, ғайбатшылықтың шалығы балаларына да тиген еді. Сондай бақасшыл ортада Абай өсек-аяңның торына шырмалып қалмай, бойын аулақ сақтай білді. Ол мейірбан пананы өз шешесі Ұлжан, әжесі Зереден тапты. Бұл екеуі де парасатты, қайырымды, бауырмал ана еді. Құнанбай сұмдықтарынан олар Абайды шектей ұстауға тырысты. Құнанбай койған Ибраһим деген есімді Ұлжан еркелете «Абай» деп атады. Осы есім жаңа өмірді аңсаған сахара халқын рухани дұшпандардан қорғар Абай больш калды. Кейін Біржан ол туралы: «Орта жүз Абай қойған атын батпай», — деді.
Немересін жүрегімен мәпелеген Зере өзі шексіз көп білетін ертегі, жырлармен Абай қиялын әлдилеуден жалыққан жоқ еді. Сахара өлең-жырға, ән-күйге, не-не тамаша эпосқа, ертектерге, аңыздарға толы болатын. Соның бәрі медіреседе оқыған Абай қиялында шығыс гюэзиясына ұласқан соң, Абайдың ақындық ынтықтығы ерте ұлғаяды. Ол шығыс ақындарына еліктеп өлеңдер жазады. Әттең, бізге бірен-сараны ғана жетті.
Әрине, медіреседе жүрген шәкірт Абайдың алғашқы өлеңдері, әсіресе, тіл жағынан шұбарлау, халық тұрмысынан жырақтау еді. Кейінгі өте нәрлі, татымды піскен поэзиясына келе алған жок-ты.
Медіреседе бес жыл болған Абай сол жылдардың соңғы кезінде бір жағынан Семейдегі орыс мектебіне түсіп оқиды. Медіресенің діни қаталдығы оны қаймықтыра алмайды. Бұл — Россия патшалығына бағынған қазақ халқы орыс мәдениетінің дәмін толық тата бастаған, орыс тілін білу үлкен өнер саналған кез еді. Абай өз заманының жаңа оянған тілегіне орай, ерен талпынушылардың бірі болды. Бірақ Абай сол орыс мектебінде үш-ақ ай оқыды. Оны ел билеу ісіне араластырмақ боп, әкесі ауылға алып кетеді.
Құнанбай ол кезде каншама дәуірлеп тұрса да, карсылыққа көп ұшырап, бар күнін тартыспен өткізген еді. Қарапайым халықтың ішінен бас көтере бастаған адамдар болып еді. Соны сезген, содан қаймыққан Құнанбай ең алдымен балаларына арқа тіремек болады. Әрқайсысына әр тайпаны, әр руды баскартып, күллі өлкені шеңгелінде ұстай беруге күш салады, Сол балаларының ішінде Абайдың өрен алғыр, тапкыш, шалымды екенін кәміл аңғарған Құнанбай оған ерекше зер салады, өзінің төл мұрагері еткісі келеді.
Абай ғаделет жолын тарихи шындықтың шеңберінен шығып іздей алмайтын еді. Ол ел билігіне де араласты. Сол арқылы өз тұстарының, «үзеңгілестерінің» сырына қанды. Кейін, Салтыков-Щедриннің үлгісі бойынша, оларға улы сөзден оқ атты. Екінші жағынан, Абай еңбекші халықтың күйзелген халін де жақсы таныды. Соған мейлінше жаны ашып, қайғырды. Мұның өзі көп ойға түрткі салды. «Ерте оянып, ойланып, жете алмады».
Ақындық, ағартушылық қайратқа мінбеген, озық орыс мәдениетіне бойламаған кезінде Абай дала жуандарымен күресте іштен шалып құлатудың айла-тәсілін іздейді. Дау-далбаға жиі түсіп, билік айтатын Абай үшін ұтымды, орамды тіл, шешен сөз керек еді. Осы жолда ол бұрын-соңды сөзуарлық мұраға, мақал-мәтелдерге, нақылдарға, түрлі айтыстарға, өлең-жырларға, қысқасы фольклорлық байлыққа тағы қайта оралады. Терең зейін қойып, кеңінен қамтиды, мол үйренеді. Халық сөзінің қуатын, құнарын, нәшін ұғады. Сондықтан да ол «қазаққа қара сөзге дес бермеді». Сөз күшінің зор екенін жақсы білген Абай өмір күресінде калың бұқараның қамын жеп, мұңын жоқтайтын ақындардың жырына бой үрып, ерекше екшеп үйрене білді. Әрине, көбісінің есімі бізге жетпеген білімі тар бұл ақындар кейінгі озық білімді Абаймен салыстырғанда кеме жанындағы қайықтай болып кана қалады. Бірак соған қарамастан олар Абайға үлкен әсер етті. Абай сөз жұмсау тәсілдерін үйренді. Тілге молықты.
Мұның бәрі кейін Абайдың ақындық өнерінде орын-орнымен кәдеге асқанын көреміз. Абайдың дүние жүзінің прогрессивтік мәдениетінен, оның ішінде, әсіресе, орыс жаңашылдығы өзінің ұлттық дәстүріне шәркез келмей, жатырқамай, кайта соған туыса кетіп, соны байыта түсуі де осыдан болатын.
В. Г. Белинский Александр Пушкиннің шығармаларын талдағанда, оны тудырған, мәпелеген, қанаттапдырған орыстың халық поэзиясы екенін, содан кейін Державин, Сумароков, Жуковскийлер екенін баса айтады. Ал, бұл ақындар Пушкиннің ширегіне келмейтіні хақ кой. Асылы, ұлттық дәстүрден тысқары туатын гений болмасқа керек. Абай туралы да осыны айтуымыз мақұл. Абай да халық поэзиясына арқа сүйеді. Абай да өткен ақындар мен замандас ақындарының ілгерімпаз, жаңалықшыл жақтарын қоштайды. Абай да тіл тазалығы, бұқарашылдығы үшін күресті.
Осыны ерте сезген Құнанбай төңірегі Абайды ақындардан, қалың бұқарадан аулақ ұстауға тырысты. Бірақ шортанды судан шығаруға болмайтын еді. Абай өз үйірін тапты. Бұл әкесімен арасындағы шәркездікті күшейтті. Оның үстіне, Абай өз ісінде әділдікті көздеді, Құнанбай мүддесіне, ескі феодалдық көзқарасқа, салтқаа карсы шыға берді.
Өмір сүруде, уақытты өткізуде, мұратқа талпынуда ұғымның орны ерекше. Біздің заманды ұлы гуманист A. М. Горький: «Жер жүзіндегі ең биік лауазым — адам болу», — десе, сонау заманда Абай: «Биік мансап — биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады», — деген. От басы, ошақ бұтында ұдайы қол қусырып отыруға болмайтынын білген ол ел билеу ісіне лажсыз араласқан. Бір рет болыс та болған. Соның өзінде әділдікті жақтаған.
Қазақтың шежіресін жатқа соғатын, шешендіктен алдына жан салмайтын Абай озбыр «мыңмен алысты». Көбінесе орыс іліміне арқа сүйеді. Мың дегенмен, белгілі нормасы бар орыстың үкімет заңы, тәртібі сахараның жабайы жолсыздығын тықсырып, шеңберін тарылта бастаған еді. Бұндай жағдайда дала шонжарларының сойылдан шенге көшуі табиғи-ды. Абайдың бөбек кезінде, 1847-1848 жылдары, Сібір қазақтарынан дала уалаятында бір полковник (Қоңырқұлжа Құдаймендин), үш подполковник (Желқара Байтохин, Тұрлыбек Көшенов, Тұрсын Шыңғысов) болған. Бұдан шені бір елі төмен жеті майордың бірі Шыңғыс Уәлиханов еді.
Бұдан кейін тоғыз капитан, екі штабс-капитан бар-ды. Атақты он поручиктің бір де бірегейі Құнанбай Өскенбаев еді. Бұған сегіз прапорщик, сегіз хорунжийді қоссаңыз, шен кұмар қазақтардың төркінін тану қиынға түспейді. Осыған орай және бір дерек келтіре кетейік. «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомствам» деп аталатын баспасөз мағлұматында (1888 жыл, 18 ноябрь, № 46) уалаяттың генерал-губернаторлығының 1888 жылғы 31 октябрьдегі 93-санды бұйрығы жарияланады. Қедір-бұдыр кеңсе тілінде жазылған ол бұйрықта былай делінген: «За усердную службу и особые заслуги, местным начальством засвидетельствованные, награждены мною: по Семипалатинской области, Семипалатинского уезда:
Кафтанами 1 разряда: управитель Чингизской волости Остап (Оспан болса керек. — Т. Ә.) Кунанбаев, бий Арчалинской волости Джуваныш Джаркембаев.
Серебряными часами с такою же цепочкой: переводчик Семипалатинского уездного начальника, обер-офицерский сын Мухамед Рахим Юнусов…»
Бұны қазақшаға жатық аударсақ, былай боп шығады: «Жергілікті басшылардың жасаған куәлігі бойынша, беріле қызмет істегені үшін һәм айрықша сіңірген еңбектері үшін Семей уезінің Семей облысы бойынша мына адамдарды: Шыңғыс болысының болысы Остап (Оспан болса керек. – Т.Ә.) Құнанбаевты, Аршалы болысының биі Жұбаныш Жәркембаевты І жүйелі шекпенмен сыйладым.
Семей уезі бастығының тілмашы, обер-офицердің баласы Мұхамед Рахим Юнусовты әлгіндей шынжырлы бауы бар күміс сағатпен сыйладым…»
Тілмаш дегеннен шығады, шенге ие боп сыйлыққа қолы жеткен қазақтардың дені орыс тілін білмеген, білсе шала-пұла ғана білген. Осының өзінен де олардың ой-өрісін шамалауға болатын сияқты.
Абайға орыс тілі мәдениет дүниесінің есігін ашып беретіп кілт болды. Бірақ сол кілт басқа да кәделеріне асатынын ол жақсы білді. Немесе, орыстың революцияшыл-демократтарымен Лев Толстойдың романдарын оқып жүріп танысқан Абай орыс тілін солардың ақылы бойынша үйреніп еді деп айта алмаймыз. Марксизм әрбір құбылыстың объективтік заңдарын, себептерін әр тұстан толық қамтып, терең ашуды талап етеді. Олай болса, Абай туа салысымен-ақ өзін бүгінгіше таныды, бірден әдебиетке бой ұрды деу қарадүрсіндікке жатпақ. Тіптен, Абайдың өз өлеңдерін өмірінің ақырғы жылдарында ғана жинастыруының өзінде жұмбақ жатқан жоқ па. Бұған сонау Михаэлис, Долгополовтардың, «соңғы толқын» Әбдірахмандардың ықпалы тимеді дейсіз бе. Сөз жоқ, тиді. Абай өз искусствосының келешегі зор екенін кешірек таныды, бірақ кәміл таныды.
Абай әкей-үкейдің қабағына қарайламайтын болған кезде, балалық шағында аз айналысып қол үзіп кеткен орыс тіліне қайта оралады. Семей қаласына барып, қыста айлап жатады. Сірә, ол жеке мұғалімдерден дәріс тыңдаса керек. Орыс тілін үйреніп, терең мағлұмат алады. Тілге аса икем Абай орыс тілінде шыққан кітаптарды көп оқиды. Семейдің Гоголь есіміндегі кітапханасынан шықпайтын болып алады. Е. П. Михаэлиспен ең алғаш сол кітапханада танысқан. Абай одан басқа да жер ауып келген революционерлермен танысады. Бұлар Россияда шаруалар революциясының идеологі Николай Гаврилович Чернышевскийдің жолын қуған шәкірттері еді. Абай солардан қашпай, қәдірлес, сыйлас болды да, көп ұзамай мықтап достасып кетті. Бұлардың бәрі ірі ғалымдар еді. Жер ауып жүріп, әлеуметтік үлкен жұмыстармен шұғылданады. Солардың тілек, талаптары бойынша,
Антропологиялы, музей, көпшілікке арналған кітапхана ашылады. Олардың қайсыбірі қазақтардың даладағы өзіндік заңдарын, салттарын зерттеп, бұл туралы кітап жазады. Е. П. Михаэлис орыстың географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семейдегі бір белсенді қайраткері болады. Осы Михаэлис жөнінде орыстың географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің берген мынадай бағасы бар: «Батыс Сібір және Семей өлкелерінің ірі ғылыми қызметкері Е.П.Михаэлис қазақ даласында поэтикалық ірі талант тапты, ол қазақ ақыны Ибраһим «Абай) Құнанбаев еді, соны Михаэлис бірнеше жылдар бойында тәрбиелеумен шұғылданды. Осының нәтижесінде қазақ халқы Құнанбаевтай тамаша ақынға ие болды, ол ақынның өзі жазған және аударған (қазақ тіліне Крыловтың мысалдарын, Пушкиннің кейбір шығармаларын аударды) талантты шығармаларын күллі сахара ынтыға оқыды». Абайдың: «Дүниеге көзімді ашқан кісі — Михаэлис», — деуі осыдан болса керек.
Шынында да Михаэлис, Гросс, Долгополовтар Абайға үлкен ой салды. Бұлар қазақ халқының тұрмыс-хәлін, әдет-ғұрпын, мәдениетін зерттеді. Жазда Абай аулына барып, ұзақ меймандайтын болды. Қыста қалаға Абайдың өзі келіп тұрды. Келмеген кездерде үзбей хат жазысты. Абайдың орыс достары оған керекті әдебиетті екшеп берісті. Солар арқылы Абай орыс әдебиетімен мол танысты. Философия ғылымымен ұзақ шұғылданды. Ол Спенсердің, Спинозаның, Милльдің, Дрепэрдің, Тэннің шығармаларын оқыды. Біраз уақыт Дарвин ғылымымен айналысты.
Бұл орайда нәшірияттық, баспасөздік деректерге аракідік бой ұрмасқа болмайды. 1891 жылы, Абайдың тірі кезінде, Лондон нәшіриятында американ журналисі һәм саяхатшысы Джордж Кеннанның ағылшын тілінде «Сібір және жер аударылғандар» атты кітабы жарияланады. Бұл кітап 1906 жылы «Сибирь и ссылка» деген атаумен Петербургте орыс тілінде шығады. Осы кітапта Абай (Ибраһим) Құнанбаев туралы қызықты дерек бар.
Джордж Кеннан — патшалық Россияда әртүрлі тәсілмен жер аударылған
қайраткерлерді көзбен көріп, материал жинап, кітап жазбақ болған тәуелсіз журналист-жазушы. Ол көңілі қалаған жерлерін еркін аралайды, абақтыда отырған адамдармен сөйлесуге хұқық алады. Сөйтіп, 1864 жылдан бастап 1890 жыл аралығында Россияның азиялық және сібірлік аймақтарына төрт-бес мәрте саяхат жасайды.
Осындай сапарының бірінде Тюмень, Омбы, Новониколаевск (осы күнгі Новосибирск) қалаларында болып Семейге келеді. Одан Өскеменді, Алтайды, Шемонайханы, Пьяниярды (осы күнгі Новошульба ауданы), Котаңқарағайды, Шыңғыстауды, Марқакөлді аралап, қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен, салт-санасымен танысады.
Бұл кезде Семей патша әскерінің берік бақылауындағы қала еді (Мынадай қосалқы дерек келтіре кетуге болады. Семейде 1808 жылы әскери казактар 6200 адам болса, 1841 жыл әйел-еркегі аралас 84331 жан болған). Дж. Кеннан сол Семейдегі саяси жазықтыларға жолығады, Олар жер ауып келгендер еді. Кейде көрнеу, кейде құпия бақылау астында тіршілік құрып, қызмет атқарушы еді.
Аталған кітабында Дж. Кеннан орыс революционерлерімен қатар қазақ санаткері Ибраһим (Абай) Құнанбаев туралы да әңгіме шертеді. Ол былай дейді:
«Кешкі құрым біз қалаға (Семейге) қайтып келдік те, Леонтьевтің үйіне бардық. Бұл үйге көптеген бейтаныс адам жиналған екен. Бәрі де жер ауған жандар. Леонтьевтің үйінде Спенсердің суреті ілулі тұрды. Басқа жиһаз жоқ. Қонақ саны он бес адам болды.
Көңілді, қызықты, еркін әңгіме біздерді бір-бірімізге тез таныстырды, Менің кейбір сұрақтарыма жауап бере отырып, Леонтьев маған Семей қаласы кітапханасының қалай жұмыс істей бастағанын баян етті. Кдтапхананың жер аударылып келген мұңдықтарға ғана уаныш емес екенін, қала халқының да ой-өрісін кеңейтерлік рухани азығына айналғанын айтып өтті.
Керек десеңіз, бұл кітапханадан қазақтарға шейін пайдаланады. Мен Ибраһим Құнанбаев деген қарт қазақты білемін. Ол — кітапхананың байырғы оқырманы. Тіпті, ол Милль, Бокль, Дрэпер сынды авторларды оқиды.
— Семейде Милль мен Дрэпердің еңбектерін оқуға дәрмені жетерлік
қазақтардың болғаны ма? — деп бір студент таңдана дауыстады.
— Маған сенсеңіздер, осы. Ол қазақпен кездескен алғашқы күннің өзінде-ақ өзінің білім парасатымен таң қалдырды. Ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді сұрады. Содан бері оның ағылшын философтарының еңбегін егжейлеп, зерттеп жүргеніне және мен атаған авторлардың әммесін түгел оқығанына көз жеткердім.
— Сонымен, сіз, ол қазақты сол оқығандарын түсінеді деп ойлайсыз
ба? — деп манағы студент жігіт қайта өршеленді.
Дрэпердің «Европаның ой-өрісінің өркендеуі» атты кітабы жайынан мен одан қатарынан екі түн емтихан алдым. Соған қарағанда, оның түсінетініне мен сенемін»[[1]].
Джордж Кеннан — 1864 жылы телеграф әліппесінің негізін салушы Морзенің туысқаны. Ол Россияға бірінші ретте сол Морзенің тапсырмасымен келеді. Америкадан Россияға Беринг бұғазы арқылы телеграф желісін жүргізу жұмысымен айналысады. Бұның өзі оның Pocсияда еркін жүруіне мүмкіншілік туғызады.
Прогресшіл американ журналисінің Абай Құнанбаев хақында айтқандарының түгелдей растығына күмән болмаска керек. Бұл кез Абайдың философиядан, әдебиеттен мол білім алып қалған кезі еді. Ол Белинский мен
Чернышевскийдің, Салтыков-Щедриннің шығармаларын толық оқып, Пушкин мен Лермонтовтың, Крыловтың шығармаларын аударып жүрген болатын. Оның үстіне, Батыс жазушыларынын шығармаларын да молынан білген. Абай өзі оқыған кітаптарының мазмұнын маңындағыларға кең әңгіме етіп отырады екен. Александр Дюманың «Үш мушкетері», «Генрих Наварский», Конан Дойльдің «Шерлок Холмсы», Лесаждың «Ақсақ серісі» сахараға сол арқылы тараған. Әрине, батыс романдарын, әсіресе, француз романдарын Абай бұдан әлдеқайда көп білгені шәксіз. Өйткені, ол орыс тіліне аударылған шығармалардың басты-бастыларын түгел оқыған.
Петр Первый туралы, Валька-Канн туралы орыстың халық ертегілері де, Лермонтовтың поэмалары да, «Шахнама», Ләйлі-Мәжнүн» секілді көптеген шығыс дастандары да, «Мың бір түн» де сахара жұртына ең алғаш Абай аркылы кең тараған.
Қараңғы қазақ даласы жағдайында сол оқыған көп-көп кітаптарын Абай ауызша ғана тарата алатын еді. Сондықтан ол төңірегіне зейінді әңгімеші, ертекшілерді жинап, солардың құлағына құйып отырған. Ал әңгімеші, ертекшілер жұртқа тарататын болған. Осындай әңгімешілердің бірі Баймағанбет деген кісі көпшілік ортасында кәдімгі профессионал артистерше бет құбылысын, сөз нақышын келтіріп, түрлі-түрлі мақаммен баяндайтын болған. Сол сияқты, сахарадағы өнерлі, талапты, жаңашыл жастар Абай төңірегіне жиналатын еді. Бұлардың көбісі өлең шығарып, көбісі ән айтып, сөз жаттап, өз әлінше ағартушылық кызмет атқарысады. Олардың білім алуына Абай ағалық көмегін аямайды.
Абай өз балаларын орыс мектебіне оқуға береді. Қызы Гүлбадан, кіші баласы Мағауия біраз уақыт орыс мектебінде оқып, денсаулығының нашар болуына байланысты аулына кайтады. Үлкен баласы Әбдірахман Петербургтегі Михайлов училищесін бітіріп шығады. Ол кезде Россияның астанасы Петербургтен мол білім алып қайтқан аса зейінді Әбдірахман, Абай сөзімен айтқанда, «жаңаның басшысы» есепті еді. Ол орыстың прогрессивтік мәдениетін өз халқына кең таратушы қайраткердің бірі болмақ еді. Бірақ ерте өліп кетті.
Абайдың ақындық дарынын жете таныған, оның профессионалдық жолға түсуіне кеңесші болған адамдардың бірі Әбдірахман деп білеміз. Сол Әбдірахманмен Абай ғылыми, философиялық тақырыптарға көп сөйлесіп отырған. Тіпті, Абай одан пікір жарысын көруді ұнататын болған. Бұдан біз әр мәселеден тиянақты, терең бары бар Әбдірахманмен әңгімелесуден Абайдың рухани ләззәт, нәр алып отырғанын аңғарамыз.
Қоғамдық өмірдің қай саласында болса да атақ пен данқ көбінесе жастар арқылы шығады. Абайдың керітартпа кәрілерге иық тіремей, келешегі көрініп тұрған жасатарға сүйенуінде табиғи себептср жатады. Оны ел ішіндегі жуандар, би-болыстар, атқамінерлер көре алмады. Оның қалың бұқараның мұңын жоқтап, озбырларды шаншыған найзалы сөзінен шошыды. Сондықтан оның үстінен жоғарғы ұлықтарға арыз жаудырып, «ел ішін
бүлдіруші, патша ағзамға қарсы шығушы» деп жамандады.
Жер аударылған революционерлермен достасқан Абайдан бұрыннан да сезігі бар жоғары әкімдер Абайға астыртын бақылау қояды. Оның ауылдарын бағатын тыңшылар көбейеді. «Абай Құнанбаев — патша үкіметі үшін қауіпті адамдардың бірі» деген хабар соғыс губернаторына, Дала өлкесінің генерал-губернаторына жетіп жатады.
Бұған Абайдың кейбір содыр-сотқар туысқандарының жолсыздығы қосылады. Олар Адайдың беделін бетке ұстап, айналасын қан қақсатады, момын бұқараны қанаудың үстіне, ұры-қары аттандыруға шейін барады. «Киргизская степная газетаның» 1897 жылғы 24 августағы 33-санында жарияланған хабар осы жүгенсіздікке салынған таңбадай еді.
Текстін келтіре кетейік: «Предаются суду при Семипалатинском областном суде бывшие: волостной управитель Кзыл-Муллинской волости, Семипалатинского уезда Искак Кунанбаев и аульный старшина той же волости Какиш Джаныбеков…»
Бұны қазақшаға аударсақ, былай боп шығады, «Семей уезінің Қызылмола болысының бұрынғы болысы Ысқақ Құнанбаев және осы болыстың бұрынғы ауылнайы Кәкіш Жаныбеков сотқа тартылады, ісін Семей облыстық соты қарамақшы».
Осындай оқиғалар Абай үшін соққы еді. Жығылған үстіне жұдырық еді. Бұған саясаттың ісі, саяси күдік араласқанда, Абайдың басындағы хал түсінікті болады. Россияда жұмысшылар қозғалысы күшейіп, ескі дүниенің іргесін солқылдатқан дүмпу үдеп келе жатқан кезеңде әрі үрейлі, әрі ызалы патша үкіметі революциялық-демократтық ұранға үйлесіп кетеді деген әрбір үнді тұншықтырып тастауға әзір еді. Сол үкіметтің сеніп қойған адамдары жаңашыл Абайға қырын карады. Оның прогресеивтік әрекеті ұлғайған сайын қаһарлана түсті. Семей каласының полицмейстері қасына жандарм отрядтарын ертіп, Абайдың ауылына дүркіи-дүркін тінту жүргізді.
Соңғы тінту, жаңылмасақ, 1904 жылы жүргізіледі. Оған мынадай себеп болады. Белгілі ұлтшыл Әлихан Бөкейханов Абайға астыртын хат жазып, революциялық дүмпуді меңзейді, елді көтеріліске шақырмақ ниет білдіреді. Абай оған жауап қайырмайды. Ұлтшылдардың ымы-жымын тәрк етіп, тәкaппap санаткерліктен таймайды. Тінтуден нәтиже шықпағанда, Абай кіші әйеліне: «Хат сенің қалтаңда еді ғой, берсеңші!» — дейді.
Осындай сұмдықты күнілгері де, кейін де сезген, болжаған, байыптаған ақылды Абай ғайбатшыл күндегіштерді: «Қазақтың қайсысының бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бір жаласы; пысықтықтың белгісі — арыз беру, жоқ тұрса бес бересі, алты аласы», — деп, тайға таңба басқандай әшкерлейді. Әшкерлеу арқылы саналыларға сыр шертіп, мұң шағады. Абайдың маңдайға біткен соры да осы мінезі еді, өзгеден озық атағы, дархан даңқы еді. Көрнеу күнәсін, қалтарысты қылмысы таба алмаған мәртебелі ұлықтар оған күдікпен қарасады. Бұрын Абайдың біліміне, эрудициясына тәнті болған, «Осындай да қазақ болады екен-ау?» деп таңданған генерал-губернатор көз қимас Абайды шарасыз қуғындамақ болады. Бірақ халықтан сескенеді.
Семей әкімдері Абайдың достарын – Долгополов, Михаэлистерді басқа жакқа жер аударып жіберді. Ал дала шонжарлары Абайға қастандығын тыймады. Ағайын-жақындарын азғырып, алауыз етті. Абайды қоршаған талантты жастарды қудаласты. Тобыклының соқталы жуандарының бірі Оразбай Аққұлов өзге озбырлармен бәтуаласып, топ құрды да, 1898 жылғы Семей оязына қарасты болыс-билердің қайта сайлауында
Абайға таяқ тигізуден шімірікпеді. Күншіл, бақасшыл тобырдың қиянаты ақын көңіліне қаяу салып, қайратын қажады. Ұстаз есепті болған орыс достарынан қол үзіп, кәдімгідей жалғызсырап қалған Абай дала жуандарының жауыздығымен жалғыз алыса-алыса қажыды. Рухани жалғыздыққа ұшырап, ішқұсталыққа бой алдырған Абайдың дүниеден торықпасқа шарасы жоқ еді. Oл асқына торығады, хаққа мойын ұсынады, апиын ішуге шейін барады.
Халыққа тараған кауесетке қарағанда, санасыз сахара шонжарларының Абайға әлденеше рет у бергізгені расқа ұқсайды. Жіті бақсаңыз, ақынның шығармаларында «удан» аяқ алып жүре алмайсыз. «Улы сусын төгілсін», «Мен ішпеген у бар ма?», «Өткен күннің уларын», «Ашуың — у», «Су екен — у екен», т.б. «Уды у кайтарады» демекші, апиын ішудің астары болуы да мүмкін. Ішқұсталықтан ғана ішті деу қисынсыз.
Қазақта бақасқа у беру әдеті бұрыннан бар. Әсет Найманбаевты у беріп өлтірген. Жетісулық жаһилдер бәсекелеске қарақұрт асатқан. Ташкенттік сұрқиялар сонау заманда Арқадан бауырын (Дүрмен биді) іздеп кслген арғындардың үзеңгісіне у жағып қазаға ұшыратқан. Осы тақылеттес қаніпезерлерді Абай «көздің жасы, жүректің каныменен ерітуге болмайды ішкі мұзын» деп бейнелегенде, бастан кешірген қиянатты жазған. Дүние
жүзіндегі мемлекеттер тарихында у берушілік мансап-лауазым тартысына қарай шәркездігіне байланысты болушы еді. Қазақ топырағында болыстыққа таласқан әке мен бала, аға мен іні қандасуға шейін барушы еді. Сол жағымсыз құлықты шенеген, қалың қазақты игілікке баулыған періште ақынның ғұмырына кастандық жасау — құлак естімеген құбыжық.
Абайдың шорт сынып, морт отырып қалуына сонау Оспанның, одан бергі Әбдірахманның, ең соңғы Мағауияның өлімі себеп болды деген болжау мен үшін иланымсыз. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп, өміріне қам жеген қайраткер Абай, Оспанның өлімінде «бергішім-ой!» деп дауыс салған ағайынды «алғышым-ой!» деп қаза үстінде әжуалаған сыншы Абай, бауыр мен баланың қасіретін көтерсе керек-ті. Рас, жалпақ жұрттың аңызы Мағауия өлгенде, Абай: «Қырық күннен қалмай артыңнан барармын, қарағым!»- депті деседі. Абайдың қырық күннен кейін дүниеден көшкені де рас. Бірақ бұл фактының бір өзі Абай өлімінің түпкі себебін аша алмайды. Әсершіл ақынның, мейірбанды әкенің елжіреген жүрегін танытады. Қасіретті, қуанышты шақтарда пенденің көніл күйі шұғыл өзгермек, басына алуан ой оралмақ. «Өліп тынамын!» дегендердің өлмегенін талай көргенбіз. Абай кырық күнді меңзеген жерінен шықса, бұны фәлсапа тілінде кездейсоқтық дейді. Оның акырамаш түңіліске, таусылған торығысқа баруының өзінде тозған ғұмырдың қаңқасы жатпасын?! Абай сынды шексіз сезімтал акынның төл организмді тануы жатпасын?! Айтушылар сыршыл суреткер Бальзак адамның денесінен бұрын медицина байқамаған без тапқан деседі. Ақтық тынысы тақалып, көз жұмарында, дәрігерге: «Алты күндік тіршілік қоссаңыз, барлық кітабымды өңдеп шығар едім», — деп қиылған деседі.
Шығыстың сері шайыры Омар һайям да өлерінен қырық күн бұрын болжап, зиратын өзі нұсқаған. Бейіт үстінен бақтың жапырағы судырап жауып тұратынын жырға қосқан. «Шираздың сәнді бағында мәңгі ұйықтаймын!» деген. Сан-алуан ілімді игерген оқымысты Омар, сұлулықты сүйген сыршыл акын, заманынан түңілген ойшыл азамат шаршаған сырын сәуегейлікке ұластырған.
Абай да осындай жанның санатына косылады. 1904 жылы 6 июльде дүние салған Абайдың басындағы халдер шешімсіз шәркездікке толы еді.
Әлімқұлов Тәкен. Жұмбақ жан. — Алматы: Жазушы,1972.
Үзіндіні сайтта жайғастыруға дайындаған Анар Малдыбаева,
Абай институтының кіші ғылыми қызметкері
[1] Садық Қасиманов. Абай есімі американ әдебиетінде // Қазақ әдебиеті. — 25 декабрь, 1964 ж. № 52 (727).