Қажым Жұмалиев. АБАЙҒА ДЕЙІНГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ ЖӘНЕ АБАЙ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТІЛІ
Абай — қазақтың әдебиет тілінің негізін салушы, дамытып, ілгерілетуші дегенде, біздің әдебиетшілеріміздің ескермей жүрген мәселесінің бірі — Абайдың алдындағы әдебиетіміздің тілі қандай еді, онда поэтик тілдерден не бар, не жоқ деген мәселе. Мұны әлі ешкім сөз қылған емес. Абай жөніндегі тексеру-зерттеулерді ақтарсақ, бұл туралы еш нәрсе таба алмаймыз.
Абай — ұлы ақын, кемеңгер ақын дегенде, онан бұрын еш нәрсе жоқ деп қарау дұрыс болмас еді. Абай — өзінен бұрынғы ауыз әдебиетін, жеке ақындардың әдеби мұраларын толық меңгеруімен, өз тұсындағы әдебиетке сын көзімен қарап, кемшіліктерін көре білуімен және кейінгілерге үлгі аларлық мұра қалдыруымен Абай.
Қазақ фольклоры (ауыз әдебиеті) бай фольклордың бірі боп саналады десек, поэтик тіл жағынан да осыны айтуға болады.
ХҮІІІ ғасырдың екінші жарымынан басталатын тарихи әдебиеттің алғашқы өкілдері: Бұхар, Дулат, Махамбет, т.б. ақындардың өздері ауыз әдебиетінің негізінде өссе де, ой-пікір жағынан болсын, поэтик тіліне өздерінше жаңа образдар кіргізу жағынан болсын, өмір бейнесін суреттегенде шындыққа негіздей отырып бейнелеу жағынан болсын, әдебиетіміздің тілін ілгерілетпесе, кері кетірген жоқ.
ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы ақындардан әдебиетіміздің бұрынғы тіл тазалығын аздырып, тілді шұбарлау ағымы туа бастап еді, бұл кезде тарих сахнасына ұлы ақын Абай шығып, тіл шұбарлауға қарсы майдан ашты. Бұл жөнінде кейін айтпақпыз. Қазіргі тоқталатын мәселе — ауыз әдебиеті, Абай алдындағы, кезіндегі тарихи әдебиет және Абай.
Бұл — осы еңбектің негізгі мәселесі. Өйткені ауыз әдебиеті, оның алдындағы және тұстас әдебиетінде поэтик тілден не бар, не жоғын аша отырып, Абайдың жаңалық ерекшелігін аша алсақ, оның әдеби тіл жөніндегі ұлы еңбегінде қазақтың әдебиет тілінің негізін салып дамытушы, ілгерілетіп, жоғарғы сатыға көтеруші екені де айқындалады. Бұрынғы барды айтып, жаңаның бетін ашу жалпы зерттеу еңбектерінің негізгі нысанасы болса, Абай алдындағы әдебиеттердің тілі жөнінде еште бір даяр зерттеу еңбектерінің болмауы Абайдың тілін өзіне шейінгі, не өз кезіндегі әдебиет тілімен салыстыра отырып зерттеуді міндет етеді. Орыс әдебиетшілері бір ақынның тілін зерттеу керек болса, бұрын мынау бар еді деп жатпайды. Өйткені оған шейін ол зерттеліп айтылған, тексерілген. Сондықтан сол ақынның өзіне тән ерекшелік, жаңалықтарын айтып беруге тырысады.
Біздің жұмысымыздағы үлкен қиыншылықтың бірі, міне, осы. Абайдың тілін айту үшін, оған шейінгі әдебиет тілінен еш нәрсе болмағандықтан, оларға да тоқталмауға болмайды. Әрине мұны бір ауыз сөзбен айта салу қиын. Бұл мәселе осы еңбектің ұзына бойына созылады, поэтик тілдердің әрқайсысына жекелеп тоқтағанда, өзімізше, Абайдың жаңалығы, ерекшелігі дегенімізге, сол тарау, қай бөлімдермен байланысты айрықша тоқталып отырмақпыз.
Абай өз халқының әдебиетін сүйе де, сынай да білді. Ол өзіне шейінгі әдебиеттің жақсы табыстарын дамытты, сол үлгіде жаңартып, ілгерілетті, кемшілігін қайталамады.
Ауыз әдебиетінің кейбір түрінде өзіне тән бір «түршілдіктер» болатын. Абай мұны кемшілік санады. Өз өлеңдерінде оған жол бермеді.
Мысалы, біреу «Ап, түш!» — десе, екінші біреу: «Ақ сиырдың сүтін іш!»-дейді. Әңгіме түшкірушіге жақсы тілек тілеу болса, «Қара сиырдың», не «биенің сүтін іш!» десе де болар еді. Дәл «ақ сиырдың сүтін іш!» деуі — түр іздегендік. «Түш» пен «іш» ұйқасып, екі сөздің басы да «а» дыбысынан басталуы осыны көрсетеді. Мағына жағынан қандай сиырдың сүтін ішсе де, бәрібір.
Немесе ауыз әдебиетінде он бірге шейін санамақ пен жұмбақ жасыру бар. Мысалы, «бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, он бір. Ал, тап, жұмбағым осы!» — дейді. Шешуі:
Бір дегенің — білеу,
Екі дегенің — егеу,
Үш дегенің — ұшпақ,
Төрт дегенің — төсек,
Бес дегенің — бесік,
Алты дегенің — асық,
Жеті дегенің — желке,
Сегіз дегенің — серке,
Тоғыз дегенің — торқа,
Он дегенің — оймақ,
Он бір — қара жұмбақ, —
деп жауап береді. Бұл жұмбақтың негізгі мақсаты — он бірге шейін сан үйрету. Мақсат әр санды есте қалдыру болғандықтан, есептік сандар қай дыбыстан басталса, оның әрқайсысына тең етіп алынып отырған сөздер сол дыбыстан басталады:
Бір — білеу
Екі — егеу
Үш — ұшпақ
Төрт — төсек, т.б. —
бәрі де осы тәрізді дыбыс қуалау заңына сүйенеді. Әйтпесе «бір мен білеудің», «екі мен егеудің» мағына жағынан еш байланысы жоқ. Бұларды байланыстырып тұрған түр — әр сөздің бас дыбыстарының бірлігі мен аяққы ұйқастарының бірдей естілуі.
Бірақ сөз араларында мағына байланыстары болмаса да, дыбыс, үндестік байланысы бар. Сондықтан құлаққа естілуі жат емес. Егер дыбыс қайталауы мен ұйқасын алып тастап, «бір дегенің — ұшпақ, екі дегенің — арқа» десек, дыбыс құрылысы жағынан да еш байланысы болмай, құлаққа естілуі жағынан да қасиет қалмас еді.
Негізгі мақсат он-он бірдің мөлшерінде сан үйрету болғандықтан, әрбір есептік санды есте қалдыру үшін мағына жағынан үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сөздер болса да, дыбыстары сәйкес, әуезділігі бар, әр сөйлемі белгілі буын санына құрылып, ырғақ жасап тұрғандықтан айтылуға оңай, үйренуге жеңіл, тез ойда қалады.
Ауыз әдебиетіндегі халық «түршілдігінің» екінші түрі — сөз ойыны (игра слов). Бұл да сан есіммен байланысты. Біреу сан айтады. Екінші біреу оның айтқан сан есіміне ұйқасып келетін күлкілі сөз тауып, бірінші сан айтушыны не ойынға қатысушы құрбы-құрдастарын әжуаға айналдырады.
Бірінші адам — бір,
Екінші — жағаң сенің кір.
Бірінші — екі,
Екінші — үстің толған бекі.
Бірінші — үш,
Екінші — сенде бар арам күш.
Бірінші — төрт,
Екінші — Ахметтен шығады өрт.
Бірінші — бес,
Екінші — Тәкенде жоқ ес.
Бірінші — алты,
Екінші — Жапардың ақылы жарты.
Бірінші — жеті,
Екінші — Әбділданың қара ниеті.
Бірінші — сегіз,
Екінші — Балтаның малы семіз.
Бірінші — он,
Екінші — басына оның қон.
Мұнда да алдыңғы тәрізді айтылған сан мен оған жауап ретінде берілген сөздердің арасында логикалық еш байланыс жоқ.
Алдыңғысынан айырмасы, бірінші мен екіншінің сөздерінде тек қана ұйқас бар да, ырғақ, дыбыс үндестіктері жоқ. Алдыңғыда сан үйренуді белгілі мақсат етіп қойса, мұнда ол да жоқ. Ұйқасты іздеушінің ой-қиялы, не жағдай нені керек етсе, соған қарап, ұйқас та өзгере беруі мүмкін. «Үш» дегенде, «үстің толған құс» деп те, «бес» дегенде, «онда бар аз-мұз ес» деп те жауап беруге болады. Қысқасы, «екі мен бекіні», «бір мен кірді» байланыстырып тұрған құпия сыр — ұйқас. Аяққы сөз, дыбыстардың құлаққа бірдей естілуі, екінші сөзбен айтқанда, сөздің мазмұны емес, түрі.
Әрине, бұл тәрізді халық санасының сәбилік дәуірінде туған жабайы түршілдікті қайталамағандығы үшін Абайды мақтаудың өзі Абайға мін болған болар еді. Ол дәрежеден Абай тұрсын, халық әдебиетінің марқайған кездерінде туған лиро-эпостық жырлар да, Абай алдындағы дидактикалық поэзиясындағы түршілдік мәселесін сөз етудегі мақсат — көлемі үлкен, тілі бай халық әдебиетінің жақсылығымен қатар, кейбір кемшіліктерінің де бетін аша кету. Бұл үшін халық әдебиетін жазғырмақ емеспіз, Абайға шейінгі бардың жақсысының да, жаманының да бетін ашпақпыз.
Ауыз әдебиетінде ескі заманнан келе жатқан және бір жайт өлеңнің ырғағын, шумағын толтыру үшін өлеңнің шумағында айтайын деген ойына қатынасы жоқ сөз, не сөйлем, я жолдар кіргізіп отырушылық болатын. Бұл әдеттен Абай алдындағы тарихи әдебиет те түгелдей арыла алмады.
Бұл «Қара өлең», «Қайым өлең», «Айтыс», барлығында да кездеседі.
Жігіт:
Шыны кесе, ендеше, шыны кесе,
Береді ер тілеуін құдай десе.
Өзіңді құдай айдап кез келгенде,
Айта көр өлеңіңді, жөні келсе».
Қыз:
Ақын Сартай, ендеше, ақын Сартай,
Өлеңді алып жібердім басын тартпай.
Қай дұшпаның кемітер,сені жігіт,
Ажарың бар қызарып жанған нарттай.
Тағы бір айтыста қыз:
Сарманымды, ендеше, сарманымды,
Сасықкөлге қамаймын бар малымды.
Бірге өскен кішкентайдан, ай-ау, бала,
Отырмын саған айтып арманымды.
Жігіт:
Тесіп алып, ендеше, тесіп алып,
Жыңғылдан жай қыламын кесіп алып.
Кішкентайдан бірге өскен, ай, құдаша,
Жүре көр бұл құрбыңды есіңе алып… [1, 38]
Келтіріліп отырған үзінділердің айтайын деген ой-пікірі — соңғы екі жолында. Алдыңғы екі жолы «Шыны кесе, ендеше, шыны кесе», «Ақын Сартай, ендеше, ақын Сартай», «Сарманымды, ендеше, Сарманымды», «Тесіп алып, ендеше, тесіп алып» деген жолдар мен олардың сыңарлары екінші жолда тек өлеңнің шумақтарын ғана толтыру үшін тұр. Соңғы айтылмақ ой-пікірдің қазығы болған жолдарға еш байланыстары жоқ.
Әуелде мұның шығу тегінде мүмкін, параллелизм болып, бірнеше уақыттар өткесін өзінің алғашқы мәнін жойып, сыңар, дара қалуы немесе мүмкін, сөздің музыкадан айрылмай, ырғақ-саздың рольдері сөзден күшті болған кездің салтқа айналған жұрнағы болуы. Бұл арасының жігін ашу жеке зерттеуді керек етеді. Біздің бұл жерде айтпағымыз — халықтың ауыз әдебиетінде, өлеңдерде кейбір жолдар шумақтың жол санын толтыру үшін ғана жүретіндігін, оны жалпы көркем әдебиеттің көзімен қарағанда, халық әдебиетінің бойына сіңген жайттың бірі екендігін айқындау.
Бұл кемшіліктерден Абай алдындағы тарихи әдебиетіміз де түгелдей арылып кете алған емес деп жоғарыда жай айта салғанымыз жоқ.
Абайдың алдындағы ірі тұлғалар Махамбет тәрізді бірен-саран ғана ақындар болмаса, Шернияз, Майтоқ, Жанұзақ, Шортанбай немесе Абайдың өзінің тұстас ақындарының қайсысынан болсын, бұл қайталаушылықтар табылады. Абай өзінің алдындағы Бұхар, Дулаттар тәрізді ақындардың өлеңдеріне қанағаттанбай:
Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,
Сөздері бірі — жамау, бірі — құрау.
Әттең, тәңір, сөз таныр кісі болса,
Әр жерден кемшілігі көрініп тұр-ау», —
(Абай, І том, 82-бет)
дейді.
Абай Бұхар мен Дулаттың өлеңдерінің кемшіліктерін сынау арқылы, өзінен бұрынғы және өз тұсындағы әдебиетте шумақтың жолын толтыру үшін басы артық жол, жолдың буын сандарын толтыру үшін ақынның айтайын деген ой-пікіріне қатысы жоқ сөз қолданушылыққа барынша қарсы шығады. Бұл ақынды да, поэзияны да ілгерілетпейтін, аулақ болатын құбылыс деген қорытындыға келеді.
Абайдың замандас ақындарының бірі Мұрат ақынды алсақ, өзінің Жантолымен айтысында:
Мұрат:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Болғанша тапа-тал түс ұйқың қанбай,
Деп пе едің қас әулие таз немені?
Жантолы:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Айтқаның қатын өсек, басыңа сын,
Құдаеке, дардай етіп аз немені [1, 172], —
деген.
Мұрат ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы тарихи әдебиет өкілінің бірі болса да, жоғарғы халық ақындарының айтыстарынан еш айырмасы жоқ. Мұнда да айтайын деген пікір соңғы екі жолда. «Тал түс болғанша ұйықтап, тазды әулие деп пе едің?»- деген пікір. Ол үшін қаздың, жаздың қажеті жоқ, олар тек өлеңнің шумағын толтыру үшін ғана қолданылған. Бұл кемшілікті Шортанбай, Кемпірбай, қысқасы кез келгенінен табуға болады. Бірақ бұл айтылғандар Абайға шейінгі әдебиеттің жалпы тіл байлығына нұқсан келтірмейді. Тек әлі кемеліне келіп болмағанын ғана көрсетеді. В.Г.Белинскийдің айтуынша, «Сөз өнері өзінің әдебиеттік шын дәрежесіне жеткенше сөзді көп талғамайды, жаман сөз де, жақсы сөз де өлеңге кіре береді де, сол күйі есте сақталып, жалпы сөздіктен орын алады». Бұл — барлық ауыз әдебиетке тән нәрсе. Абайға шейінгі әдебиетіміздегі сөйлемге тікелей қатынасы жоқ сөздердің кездесулерінің негізгі себебі осы деп білуіміз керек. Мұны Абай көре де, ұға да білді.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы,-
деп, сөйлемде ойға қатынаспайтын сөз қолданушылыққа аяусыз күрес ашып, өзі ешбір өлеңінде ол кемшілікті қайталамайды. Ондай мағынаға қатысы жоқ сөздерден бірінші рет түгел арылған ақын — Абай. Айтайын деген ойына қатысы, байланысы жоқ, не буын санын толтыру үшін, не шумақтың жолын сыңар аяқ қалдырмау үшін қолданылатын сөз, не сөйлем Абай өлеңдерінде мүлде кездеспейді. Абайдың сөз місекері, үлкен стилист, классиктігінің бір тамыры, міне, осында деуге болады.
Неге десеңіз, шын мәніндегі көркем шығарма — өмірдің құр ғана сырт бейнесі емес, суретті сөз арқылы берілген ішкі мазмұны. Ол мазмұнды айқын, ашық, жинақы, жанды етіп беру үшін әр сөз дәлдігі, анықтылығы, орынды, мағыналылығы жағынан таңдалынып алынуы керек. Сонда ғана ол шын мәнінде әдеби тіл бола алады. Қай елдің классик жазушыларын алсақ та, осы әдісті қолданады. Қай себептермен болсын мейлі, өз халқының тілінің рухына дәл келмейтін кездейсоқ сөздерге жол бермей, оларға қарсы күрес ашу арқылы дәлдігі, анықтығы жағынан құнды сөздерді жалпы тіл қорына кіргізу арқылы әдебиет тілін жасайды. Бұл — дүниежүзіндегі классик әдебиеттің бәріне тән қағида. Қазақ жағдайында Абай да осы қағиданы берік ұстаған шын мәніндегі классик. Абайдың:
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»
(Абай, І том, 78-бет),-
дейтін сөзі де, әдебиет тілін жасауда өзінің тарих алдындағы міндетін толық ұғып, осымен байланысты ақындардың алдында зор тілек, үлкен-үлкен шарттар қойғандығын анық көрсететін сықылды.
Демек, мағынаға тікелей қатысы жоқ өлең сөйлеміне сөз кіргізбеу, қалай болса, солай шумақтың жол санын, не жолдың буын санын толықтыру үшін қолданылатын сөздерге жол бермеу, пікіріне сөзі дәл, екіұшты мағына бермейтін, мағынасы анық, «іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын тере білушілігі, қазақтың әдеби тілін жасаудағы, біздіңше, Абайдың зор еңбегінің бірі осы деуге болады.
Ауыз әдебиеті, ХҮІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың басындағы тарихи әдебиетіміздің өзіне тән ерекшелік және бір қасиеті жалпы құрылысы жағынан болсын, не тілі жағынан болсын, өзінше даралық, байырғылығы болатын. Бұл қалпы Абайға шейінгі әбден тамыры тереңдеп, бекіп алған еді.
Қазақтың салт жырлары, мақал-мәтел, нақыл сөздері — өз тілінде, қазақтың өз ұғымының шеңберінде ғана көркем, құнды. Басқа тілге аударылғанда, көпшілігі-ақ не көркемдігі қалып қойып, не мағынасы жетпей, іші бар да, сырты жоқ, не сырты бар да, іші жоқ болып шығатындығының негізгі себебі осы байырғы қолтумалығында еді.
Қай елдің болсын тіл, әдебиет тарихына көз салсақ, өз тілінде ғана көркем, өз тілінде ғана мағынасы түсінікті, басқа тілге аударылмайтын идеомалық сөздері болатыны мәлім. Олардың мәні де, қасиеті де тек сол өз тілінде ғана.
«Ұры тісі ішінде», «Қырық қазанның құлағын тістеген», «Тас қалауы сыртында», «Сайда саны, құмда ізі жоқ», «Ит мініп, ирек қамшылап», «Семіздің аяғы сегіз», «Қыры кеткен ит қырын жүгіреді», «Құр табаққа бата жүрмейді», т.б. осы тәрізді қазақ тілінде, әдебиетінде көп кездесетін сөздер басқа тілге аударылмайды, аударылса да, тап өз тіліндегідей жанды болып шықпайды. Дәл келтірген мысалдардай болмаса да, өз тілімізде ғана көркем, басқа тілге аударғанда не мәні, не көркемділігі жоғалып кететін көп сөз қолданыстар Абай алдындағы тарихи ақындардың қайсысының өлеңдерінен болсын жиі кездесетін.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай…
Бұзбай құлан пісірмей,
Мұз үстіне от жақпай…
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған жеке мүшелі… (Махамбет)
Жапанға біткен жантақты,
Жаһан кезген нар жейді…
Қолында жоқтар тайлақты,
Солқылдақ өркеш нар дейді… (Дулат)
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған кәтепті
Қайыспас қара нар керек,
Біздің бүйткен бұл іске… (Махамбет)
Жоғарғы ауыз әдебиетінен келтірілген үзінділер болсын, не Махамбет, Дулаттардан келтірілген үзінділер болсын, қазақтың өзі оқығанда өте көркем, сөз, сөйлемдерінің тура мағыналары да, ауыстыру мағыналары да түсінікті. Қазақ халқының өмірінің әр саласынан алынған құнды да, бағалы сөздер. Бірақ осыларды орыс тіліне аударғанда, не мүлдем мағынасыз, не қазақ тіліндегі мәні мен көркемдік ерекшеліктерінің оннан бірі де қалмайды. Мұның негізгі себебі тек қана бір ел мен екінші елдің тіл құрылысының өзгешелігі емес, тіршілік, күнкөріс жағдайларымен де байланысты.
Қазақ, қырғыз, тағы басқа мал шаруашылығымен күнелтетін халықтарда малға, малдың төлдеріне теңеу, балаулар көп ұшырайды. «Ботадай боздап», «Қозыдай маңырап», «Қозы жаурын қу жебе», «Көзі ботаның көзіндей», «Қиғаш қас, оймақ ауыз, бота көзім», «Қыз Жамал талтаңдайды бесті атандай», «Құлыным менің қайда екен?», «Қыздарменен тойда екен», тағы басқа осылар тәрізді теңеу, метафора, эпитеттер қазақ әдебиетінде көп. Қазақ үшін бұлар — көркем. Қазақ үшін сезім дүниесін оятарлық тамаша образдар саналады.
Егер осы теңеу, метафора, эпитеттерді өз қалпында орыс не басқа Европа тіліне аударса, көркемдігі былай тұрсын, сөз болмай шығар еді.
Мысалы, «Көзі ботаның көзіндей» әдемі дегенді орысшаға «у нее красивые глаза как у верблюжонка» деп, «Қыз Жамал талтаңдайды бесті атандай» деген мақтау үшін айтылған өлеңнің осы жолын «Девушка Жамал шагает хорошо, как пятилетний верблюд-мерин» деп аударса, көркемдік әсер етуі былай тұрсын, еш мағына да бермес еді.
Түйені қолданбайтын елдерге түйені теңеу, не балаулар тіпті таңғаларлық нәрсе көрінуі де мүмкін. жоғарғы айтылғандардан теңеу, метафора, эпитет, тағы басқа әртүрлі образдардың халық тіршілігі, күнкөрісімен байланысты поэтик тілден орын алатындығын және ол малдардың қайсысы қандай дәрежеде бағаланатынын қазақ әдебиетіндегі поэтик тілдердің өзі-ақ айқындайды.
Қазақтың баласын жақсы көргенде «қозым, ботам, құлыным» дейтіні екі сөзінің бірінде кездеседі. Бірақ еш уақытта да «бұзауым», «лағым» демейді. «Жігіттің нары», «адамның жампозы» деп нарға, не түс айырдың татысыз түрлеріне балап, не теңейді. Бірақ жақсы ұғымда «өгіздей, сиырдай» деп теңеу де, балау да қазақта жоқ. Сиыр туралы образды сөз келсе, тек қана ұнамсыз ұғымда қолданылады. «Сиырдай қасақы», «Жаман сыйлағанды, сиыр сипағанда білмейді». Жалпы алғанда сиыр малын образ ретінде қолдану әдебиетте аз кездеседі. Түйе, жылқы, қойлардың әдебиетте теңеу, балау ретінде көп кездесіп, сиырдың аз кездесуі — сиыр малын елдің көпшілік өмір тіршілігінде, өткен кездерде онша орын алмай, кейінгі дәуірде ғана отырықшы елге пайдалы түлік болуында тәрізді.
Қорыта келгенде, үзінді келтірілген қазақ өміріне ғана тән әртүрлі образдардың құндылығы тек қазақтың өз тілінде, басқа тілге аударғанда көркем қасиетін сақтай алмайтындық, әдебиеттің ұлттық шеңберден әлі шыға алмаған кезін, өз буына өзі пісіп, одан әрі бара алмай жүрген кезін көрсететін еді десек, Абай өлеңдері жайлы оны айта алмаймыз.
Абай өлеңдерінің негізгі көпшілігін алсақ, қай елдің тіліне аударса да, өзінің мәнін де, көркемдігін де жоғалтпайды. Әрине бір тілден екінші тілге аударғанда қандай жақсы аудармашы болсын, түпнұсқамен дәлме-дәл шықпайтыны мәлім. Әйтсе де, қай елдің әдебиеті болсын, өзінің өсіп марқайған, тек қана ұлттық шеңбердегі идея, мінез-құлық, тілек-мақсаттарды ғана емес, бүкіл көпшілік, бұқараның тілегіне қабысарлық идея, мінез-құлық, мақсат-тілектерді алдына қоя бастаған кезінде ол басқа тілге аударуға жеңіл, ыңғайлы келеді. Бұл — әдебиеттің, оны жасаушы ақындардың кемшілігі емес, табысы. Бір адым алға басқандығы. Әрине бұл сөзден ол ақын ұлт ақыны болудан шығып қалды деген ұғым тумайды. Оның даналығы да, сөз місекерлігі де сол ұлт ақыны болып қала отырып және өз еліне де, басқа елге де ортақ ақын бола алуында. Міне, Абайдың тарихи ұлы еңбегінің және бір тамыры осында. Ол шығармасының тақырып, идеясы жағынан жалпы адам баласылық идея-мақсатқа қол созса, оны суреттеуде шет тілге аударғанда оңай келетін, өз халқына түсінікті «ортақ тіл» таба білді. Бізше, мұның үш-төрт түрлі себебі бар тәрізді.
Бірінші, Абай өз өлеңінің тақырыбы етіп көбіне жалпы адам баласылық мәселелерді алды да, оларды адам баласылық идеяның дәрежесінде жырлай білді. Шығарманың ұлттық көрінісі сол пікірді айтып беру үшін ат шаптырар майданы ғана болды.
Екінші, қандай өлең, қандай сөзді болсын, мазмұн мен сезімге құрды. Өлеңінде бірінші орынды мазмұнға, сезім дүниесін суреттеуге беріп, түр сол мазмұнды, сезімді оқушыға жеткізу үшін қолданылуы керек деп ұқты.
Үшінші, әрбір сөз мағына жағынан айтатын ойға қатесіз анық, айқын, дәл болуын берік ұстады.
Төртінші, өлең, сөйлемдерде мағына қатынасы жоқ, шумақтың жол санын толықтыру үшін қолданылатын бос сөздерге қарсы қатты күрес ашып, өз өлеңдеріне сөйлеммен байланысы жоқ, басы артық бір де бос сөз жібермей, әр сөздің шумақтағы айтылмақ ой-пікірге нық байланысты болуы керектігін және оның мүмкіндігін өз өлеңдерінің үлгісімен дәлелдеп берді.
Осы айтылған төрт түрлі жағдайлар арқылы қазақ әдебиетінің о заманнан бергі байырғы қалыптанып қалған поэтик тілін де жоғары мәдениеттік сатыға көтерді. Бұны да біз Абайдың әдебиет тілін жасаудағы ғылым үшін теориялық үлкен мәні бар тарихи ісінің бірі деп тануымыз керек.
Проф. Қ. Ж. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті тарихының
мәселелері және Абай поэзиясының тілі.
ІІ том. — Алматы, 1960. – 144-155-беттер.