Зарқын Тайшыбай. ЕСКЕНДІР ӘҢГІМЕСІ
Абай мұраларын зерттеуде әлі де шешілмеген түйіндер, жауабы табылмаған сұрақтар баршылық. Абайтану ғылымында бұрынғы айтылған ойларды қайта қарап, тереңірек үңілсе, ақын лабораториясына жетелейтін күрделі проблемаларды көруге болады. Солардың бірі «Ескендір» поэмасына байланысты.
«Жалпы композициялық құрылымы жағынан алғанда, «Ескендір» — Абайдың ең жақсы поэмасы», — дейді М.Әуезов. Мұқаң бұл шығарма төңірегінде көп еңбектенген. Оның негізіне алынды-ау, деген шығыс дастандарын зерттей келіп, бұл сюжеттің Низами (1141-1203) жазған «Ескендірнама-дан» алынғанына табан тірейді. «Бірақ… әңгіменің желісін Абай өзінше өзгертіп, өсіріп алған», — дейді. Өйткені, мұнда «Ізденгіш, сыршыл Абай» бұл шығармасына «өзі айтатын «бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық» дейтін терең сырлы нақылға дәл келетін халдер» бар. Сондықтан, «Абайдың әкімшілікке көзқарасы бұрын мұсылман ғаламында болмаған жаңа сыншыл ойды танытады»… «және өз поэмасының соңғы шумақтарында алыстағы Ескендір жайынан әңгіме қозғап келсе де, қорытынды өсиеттерін өз замандастарына, өз оқушыларына арнайды. Бұрын өзі айтып келген негізгі ойларға әкеледі». М.Әуезовтің бұл пікірінің ғылыми құндылығын уақыт дәлелдеп берді. Абайтанушылардың әлденеше ұрпағы бірінен кейін бірі қайталап, толықтырып, үстеп келе жатқан тұжырым осы.
«Абай поэмаларының ішіндегі ең үздігі — «Ескендір», — дейді А.Нұрқатов. — …ақын бүкіл шығыс әдебиетінде талай классиктер жырлаған Александр Македонский (б.ж.с.д. -356-323) жайын өзінше баян етеді». Поэмаға негіз болған Низамидің «Ескендірнамасы», бірақ Абай оқиғалар желісін ғана алған, өзінше жырлаған», — деген сөздері М.Әуезовпен толық үндес.
Абайтанудың бірқатар мәселелеріне тереңдеп барған М.Бөжеев те, шығарманың идеясын мақұлдап, Аристотель бейнесін тарата отырып, «Абай Ескендірді әшкерелейді», сол арқылы «өктемдерге, ел жаулауды құмартып, жаулық сағынып тұратындарға деген ойын ашық айтқан, күш көрсетуді мадақ көретіндердің адам баласына келтірер жақсылығы аз, олар өздерінің бүліншілік ісіне мәз, сондықтан олардың қауіпті ісінен сақ болуға» үндегенін айтады.
Философия профессоры Ә.Қалмырзаев «Ескендір» дастанынан Абайдың «Аристотельге ілтипатын, оңды көзқарасын, ойшыл ретінде оны құрмет тұтуын көреді».
С.Мұқанов поэманың мазмұнына қысқаша шолу жасайды да: «Абайдың бұл поэмасының сюжетті Шығыстың Ескендір туралы әңгімесінен алынуы керек», деп қысқа қайырады. Енді бір жерде «Кейін «Масғүт» және «Ескендір» дейтін екі Шығыс хикаясын өлеңге айналдырғанын айтады. Ол Абай шығармашылығында «Ескендірдің» қандай да бір бағалы орны бар екендігін айтудан тартынады. Тек бұл арада көрсете кететін бір жай, «Абай ислам Шығысының поэзиясын өзіне үлгі көрмеген» деген үстірт байламға С.Мұқановтың қалайша барғандығы. Кезінде бар нәрсені көрмей-білмей айтқан осы тақылеттес солақай пікірлер, абайтанудың адымын аштырмай, таптық көзқарас қазығына байлау ниеті басым болғанының бір ғана көрінісі осындай.
М.Әуезовтің тарапынан ертеректе, «Ескендірдің» тегінен хабар беретін басқа да пікір айтылған. Мысалы, «Ескендір шығыста да, батыста да мәлім Александр Македонский жайындағы әңгімелерден туған. Бірақ, әр ел өзінше әңгіме етеді. Абай Ескендірдің жорығына қатысы жоқ бір әңгімеден алып, сол арқылы философиялық ой айтады».
З.Қабдолов «Ескендірдің» ерекшелігі туралы: «Мұның өзі онша көлемді де, күрделі де поэма емес: сюжеті шағын, оқиғасы аз, бәрі бір кішкене ғана арнаның бойында жатыр; оқиғаға қатысатын негізгі (аты мәлім) кейіпкерлер екеу-ақ», деп біледі. Сыншы, осыған қарап, поэмаға арқау болған шындықтың сол кездің тұрмыс-тіршілігінен туған іргелі мәселенің өзі емес, бір ғана бұтағы тәрізді екенін байқаған.
Академик З.Ахметовтің пікірі: «… Абайдың атақты қолбасшыға берген бағасын оның тарихи көзқарасы деуден гөрі, осы поэмадан өзіндік көркемдік шешімі деу дұрыс. Демек, шығарманың негізінде қандай да бір деректі оқиға жатқан жоқ, Ескендір оның «бұзып-жарып өте алмайтын тосқауылға кез болып, сағы сынып, шегінгені жайлы аңыз-әңгімені кейінгіге өнеге етіп баяндап беру» мақсат болған».
Сонымен, Абайдың кесек шығармалары қатарында көрнектісі — «Ескендір» поэмасында қазақ өмірінен сырт-қары деректерді, шығарманың негізіне алынған материалды анықтау қажет. Бұл мәселе М.Әуезовтен бастап күні бүгінге дейін зерттеушілердің әлденеше буынын толғандырып келгенін осы жазбалардан байқауға болады.
Поэмаға негіз болған материалды анықтауға көптеген зерттеушілер ден қойды. Солардың пікірлерін саралай отырып, біз сол кезде мерзімді баспасөзде жарық көрген мына әңгімеге назар аудардық.
«Дала уалаяты» газетінің 1895 жылдың қаңтар айындағы 3-санында «Тәкаппар әскербасы турасынан» деген шағын әңгіме басылды. Әңгіменің арқауы, түзілімі, тіпті сөз саптасы Абай қаламынан туған әйгілі «Ескендір» поэмасына өте жақын. Екі нұсқадағы ұқсастықты кезінде Х.Бекхожин, Ү.Сүбханбердина т.б. зерттеушілер де байқаған. Абай шығармасына қай жағынан болса да бір жақындығы бар-ay, деген пікірлер бұрыннан мәлім.
Осындай пікірлерді, жорамалдарды бір қорытынды түрінде топшылап, мәселенің бетін ашу үшін екі мәтінді мұқият салыстыру қажет болды.
Тексеруге оңтайлы, әрі көрнекті болу үшін екі мәтіндегі назар аударуға тұрарлық деп санаған сөйлемдерді, сөз тіркестерін жарыстыра қарауды жөн көрдік. «Ескендір» поэмасынан алынған үзінділерді «Абайда» деп, газетте басылған әңгімеден алынған үзінділерді «Әңгімеде» деп береміз.
Әңгімеде: Бұрынғы заманда Македонияда Ескендір деген патша болыпты (бірінші сөйлем). Мәртебені бұл жақсы көреді екен (екінші сөйлем).
Абайда:
Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары — оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтансүйгіш, қызғаншақ адам екен.
Әңгімеде: «Филипп патша баласы» деген тіркес жоқ,
Абайда:
Филипп өлді, Ескендір патша болды.
Жасы әрең жиырма бірге толды.
Әңгімеде: бұл екі жол да жоқ.
Әңгімеде: Өзіне қараған уалаятын азсынып, халықтармен соғыспаққа
барыпты.
Абайда:
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
Әңгімеде: Соғыс болып, қандар судай ақты, көп халық қырылды…
Абайда:
Жазасыз жақын елдің бәрін шапты
Дарияның суындай қандар ақты.
Әңгімеде: Ескендір қасындағы патшаларды жеңіп, бұлардың халқын өзінің патшасына қосты.
Абайда:
Шапқан жердің бәрін де бодан қылып,
Өкіметін қолына тартып апты.
Әңгімеде: Ескендірдің көңілі басып, тәкаппарлық кіріпті. Бұл соғысып қиратқан жайлары тағы да аз көрініп, дүниенің баршасын қаратпаққа аттаныпты.
Абайда:
Ескендір елде алмаған жан қоймады,
Алған сайын көңілі бір тоймады
Араны барған сайын қатты ашылып,
Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Әңгімеде: Ескендір қисапсыз көп әскер жинап алып, адам білмейтүғын алыс жайларға қарай жөнеліпті.
Абайда:
Есепсіз әскер ертіп, жарақтанып,
Есіткен елдеріне жүріп кетті.
Әңгімеде: Бір күні бұл әскерлерімен сусыз үлкен құмнан жүріпті… Бек қатты шөлдеп, ішейін десе суы жоқ, өзіменен бірге алған суы таусылып қалыпты.
Абайда:
Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Әңгімеде: Ескендір ашуланып, қызметкерін ұрып өлтіруге ойлаған еді…
Абайда:
Қызметкердің бәрін де өлтірмекші
Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.
1961 жылы жинақта «шөлдеген» деп берілген.
Әңгімеде: …сол мезгілде жарқырап бір бұлақ көрініпті.
Абайда:
Жалтырап сәуле берген бір нәрсеге
Патшаның ат үстінде көзі түсті.
Әңгімеде: Патша қуанғанынан жетіп барса, жіңішке таспадай болып мөп-мөлдір бүлақ ағып жатыр екен.
Абайда:
Барса, бір сылдыр қаққан бұлақ,
Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.
Әңгімеде: Ескендір жата қалып бұлақтан су ішіп, сусынын қандырыпты.
Абайда:
Түсе сала Ескендір басты қойды.
Әңгімеде: Бұлақтың суы тұнған бек дәмді, һәм салқын болып көрініпті.
Абайда:
Ішсе, суы өзгеше, тым тәтті-ақ.
Әңгімеде: Мұнан соң өзіменен бірге алып жүрген балықты алдырып келіп, суға жудырып жей бастапты.
Абайда:
Кепкен балық келтіртті сонда тұрып.
Сол суға балықты алды бір жудырып.
Әңгімеде: Балық бек дәмді болып, һәм судан иісі сүйкімді болыпты, Ескендір таңқалып, ғажапқа қалыпты.
Абайда:
Иісі, дәмі өзгеше болып кетті,
Таң қалды, мұның бәрін суға жорып.
Әңгімеде: …мұндай ғажайып бұлақ бір бақытты жайлардан бастап ағады екен, — деп айғай салыпты, — қазір барып соғысып қаратып алалық, — депті.
Абайда:
Бір бай елден осы су шыққан шығар,
Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.
Әңгімеде: Ескендір тұра келіп, бұлақты өрлеп жоғары жүріпті.
Абайда:
Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей.
Әңгімеде: Қасына келсе, жабулы тұр екен, ашайын деп байқаса, қатты жабулы тұр екен, аша алмапты (қақпаны -З.Т.)
Абайда:
Қақпасы бекітулі көзі көрді.
«Қақпаны ашайын», деп хан ұмтылды.
Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды,
Аша алмады қақпаны, үміт үзді…
Әңгімеде: Патша қақпаны қағып, «аш» деп айғай салыпты.
Абайда:
Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:
Қақпаңды аш! — деп барынша айғай салды.
Әңгімеде: — Сені мұнда кіргізуге болмайды, бұл есік құдайтағаланың тұрағына алып барады, — депті.
Абайда:
— Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ
Бұл құдайға бастайтын қақпа, — депті.
Әңгімеде: Мен — адам жеңбеген Ескендірмін…
Абайда:
— Білмесең, мен Ескендір патша деген
Жер жүзінің соғыста бәрін жеңген.
Әңгімеде: — Біз мұндай бәрін жеңдім деген адамды білмейміз. Біз өзінің кінәсінен нәпсілерін жеңген адамдарды білеміз…
Абайда:
— Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,
Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең!
Әңгімеде: …маған, тым болмаса менің мұнда келгенімнің белгісі үшін белгі қылып бір нәрсе бер, — дейді.
Абайда:
Ең болмаса, халқыма көрсетейін,
Сый қылып, белгі болар бір нәрсе бер.
Әңгімеде: — Алсаң ал, ақымақ, — депті,
Абайда:
— Сыйым осы, есерім, мынаны ал!
Әңгімеде: Ескендір бұл сыйды асығып алып, өзінің әскеріне қайтып келді.
Абайда:
Орамалды қуанып қолына алды,
Сый алдым деп халқына қайта салды.
Әңгімеде: Бұл берген сыйы кісінің сүйегінің жарықшағы екенін көріп аң-таң қалыпты.
Абайда:
Қараса ішіндегі бір қу сүйек,
Бұл неткен мазағы деп аң-таң қалды.
Әңгімеде: Ескендір ашуланып, айғай салыпты. — Менің мұндай бейнет шегіп келгеніме мұндай сый лайық па? -дейді.
Абайда:
Ашуланып сыйына болды кекті,
Ең болмаса білмеді сый бермекті.
Әңгімеде: Кісінің сүйегінің болымсыз жарықшағын ашуланып лақтырып жіберді.
Абайда:
Осы менің теңім бе? — деп ақырып,
Лақтырып жіберді сол сүйекті.
Әңгімеде: Әскердің ішінде бір данышпан бар еді.
Абайда:
Жолдасы Аристотель ақылы мол…
Міне, дәл осы тұсқа келгенде, дастанның шырқау шегі, оқиғаның шешілер тұсына келгенде, Абай сахнаға Аристотельді шығарады. Өйткені, біріншіден, Александр Македонский сияқты қаһар қолбасшыға жөн айту, ашу үстінде артық кеткенін көрсетіп, ақылға бастау үшін кемінде Аристотельдей данышпан ғана керек. Басқа біреу айтты десе, тіпті газеттегі әңгімедегідей «бір данышпан» айтты десе де, «мақтансүйгіш», «қызғаншақ» адамның бетін қайыруы нанымсыз болар еді. Көркем шығармаға қойылатын талаптарды Абай түгендеп, композициясын толықтырып, нанымды арнада өрбітеді.
Әрі қарай салыстырайық.
Әңгімеде: Сүйектің бұл жарықшағы қанша кішкене көрінсе де, ғажайып кереметі бар.
Абайда:
Ханға айтты: «Қасиет бар бұл сүйекте,
Көзіңе көрсетейін, хабардар бол».
Әңгімеде: …мұны алтын, я күміспенен бірге таразыға тарттыруға бұйыр, — деді.
Абайда:
— Таразыны әкел де, сүйекті сал,
Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!
Әңгімеде: Ескендір данышпанның сөзін тыңдап, оның айтқанынша бұйырды. Таразыны алып келіп, бір жағына сүйектің жарықшағын салып, уа бір басына бір кесек сом алтын салды.
Абайда:
Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,
Таразыны құрдырып, ортаға алды.
Қанша алтында күміс пен салсадағы,
Бір кішкентай сүйекті аудармады.
Мұны көріп, Ескендір аң-таң қалды.
Әңгімеде: Патша көрді де ғажапқа қалды. Сом алтыны кісі сүйегінің жарықшағынан жеңіл шықты. …ауыр нәрселерді таразының бір басына салған сайын, соншалық, екінші басы төмендеп ауырлай берді.
Абайда:
Бұрынғыдан қу сүйек ауырлайды.
Әңгімеде: Ақырында, Ескендір шыдай алмай өзінің ай-балтасын алтынменен бірге салды.
Абайда:
Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды.
Бар қаруын алтынға қоса салды.
Әңгімеде: Япырым-ау, бұл сүйекті басатұғын бүл дүниеде амал бар ма екен, дейді.
Абайда:
Бұл сүйекті басарлық нәрсе бар ма?
Әңгімеде: Сол жерде бір уыс топырақты алып сүйектің жарықшағының үстіне салып еді, таразының сүйек тұрған басы жоғары көтеріліп, алтын тұрған басы төмен түсті.
Абайда:
Хакім жерде топырақ алып барды,
Бір уыстап сүйекке шаша салды.
Ана басы сылқ етіп жерге түсті,
Сүйек басы жоғары шығып қалды.
Әңгімеде: Ескендір бұрынғысынан да қайран болып таң қалды.
Абайда:
— Таң қалаларлық іс болды мұның өзі,
Мәнісін айтып берші, — деп сұрады.
Әңгімеде: … бұл сүйек — кісінің тірі күйінде көзі тұратұғын сүйек.
Абайда:
Бұл — адам көз сүйегі, — деді ханға…
Әңгімеде: Жан-жағындағы қызықты нәрселерді көп көрген сайын, мұның бәрін алғысы келіпті тілей береді.
Абайда:
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Әңгімеде: Қашан ажал келгенше, кісіні топырақ жапқанда тоймайтұғын мешкейлік те, һәм қисапсыз мәртебені жақсы көретұғыны да тоқталып, ақыры тамам болады.
Абайда:
Қанша тірі жүрсе де, өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.
Әңгімеде: Ескендір ойланып тұрып қалды, данышпанның сөзі мұны ұялтты. Мұның барша соғысып қаратқанының бәрі мұны тірі күнінде разы қыла алмайтұғынын, һәм өлгеннен кейін өзіне еш нәрсенің керек емес екенін білді. Мұнан соң өзінің ғаскерлеріне «қайт», — деп бұйрық қылды.
Абайда осы соңғы үш сөйлем былайша, өлең түрінде берілген:
Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,
«Құдайым көрсетті», — деп бұл бір істі.
«Бекерлік екен менің бұл ісім» — деп,
Қолын алып, жұртына қайта көшті.
«Дала уалаятындағы» әңгіме осы ақырғы сөйлеммен аяқталады. Дастан да аяқталады. Абай одан әрі төрт шумақ қосып, ғибратты сөзбен қорытынды жасайды. Газеттегі әңгіменің мазмұнына ештеңе қоспайды, әңгіме түзілімін бұзбайды.
Енді осы арада «Дала уалаятындағы» «Тәкаппар әскербасы тұрасынан» деген осы әңгіменің де авторы Абай емес пе екен? — деген екінші сауал да көлденеңдей беруі де заңды. Екі мәтіннің сонша ұқсастығы, сюжетінің дәлдігі, тіпті бір-қатар сөздер мен сөз тіркестерінің әңгімеден өлеңге сол күйінде көшкені дәлелденді. Бәлкім, Абай әуелі прозамен әңгіме түрінде газетке бастыруы, кейін дастанға айналдыруы да мүмкін ғой. Баспасөз тарихын зерттеушілер арасында мұндай да пікір бар, оны әдебиеттанушылардың біразы қолдайды.
Абайдың «Ескендіріне» мазмұн жағынан ұқсас әңгіменің «Дала уалаятында» басылғанын X. Бекхожин, Ү.Сүбханбердина, С.Қасқабасов т.б. зерттеушілер атап өтеді. Ү.Сүбханбердина бұл дастанды Абай «Дала уалаяты» газетіндегі «Тәкаппар әскербасы туралы» деген әңгіме негізінде, бірақ «Ескендір бейнесін дәстүрлі түрде емес, мүлде жаңаша жырлаған» деген тұжырым жасайды. Әңгіме мен дастан арасында композициялық, сюжеттік, лексикалық айырмашылықтар мен ұқсастықтардың қаншалықты екенін айтпайды.
Ал, С.Қасқабасовтың пікірінше, Абай «Ескендірді» әуелі әңгіме түрінде «Дала уалаяты» газетіне бастырған, кейін өлеңмен дастанға айналдырған. «Олай дейтін себебіміз, газетте басылған мәтін мен «Ескендір» поэмасын салыстырғанда сюжеттік қана емес, сондай-ақ … мінездеме, сөздер мен сөз тіркестері, кейіпкер сөздері бірдей екені көзге түседі»,- дейді зерттеуші.
Мұхтар Мағауин «Тәкаппар әскербасы туралы әңгімені» «ұлы ақынға тиесілі мұра eмec»деп кесіп айтады. «Рас, бұл әңгіменің тұп-тамыры Абай Ескендіріне барып тіреледі. Бірақ, сол поэманы естіген екінші бір адамның қо-лынан шыққан олақ мазмұндама», — дейді ол. Осылайша, М.Мағауин поэманың жазылу уақытын газеттегі әңгіменің жарық көруін бұрын қояды да, әуелгі өлең сипатындағы сөз Абайдікі дегенге саяды. Бұл ойды тиянақтау үшін: «Абай шығармаларының әртүрлі жолмен ел арасына таралып, халық санасына әсер етуінің өзіндік куәлері болып табылады» деп санайды.
Дастанның түп-төркіні туралы кезінде Мүхтар Әуезов айтқан Низамидің «Ескендірнамасынан» бастап көптеген жорамал пікірлер баршылық.
Біз үшін Абай есіміне, оның шығармаларына байланысты әрбір мағлұмат қымбат. Сондықтан, «Ескендірді» төркіндету үшін «Дала уалаятында» басылған «Тәкаппар әскербасы турасынан» деген әңгімені кім жазғанының басын ашып алу қажет.
Жоғарыда С.Қасқабасов айтқан «әңгімені Абай жазған» деген тоқтамға қайта оралайық. Бұл пікірге қарсы сұрақ қоюға болады. «Абай жазған болса — қай тілде жазған? Орысша ма, қазақша ма?» Осы сұраққа жауап тапсақ, мә-селе біршама тез шешіледі. Ол үшін аталған әңгіменің қазақшасы мен орысшасын салыстыру керек болады. Заты, «Дала уалаяты» — екі тілде шығып түрған басылым. Дәл сол санында әңгіменің орысша нұсқасы да басылған. Бұл екеуінің біреуі түпнұсқа, екіншісі аударма болуға тиіс. Демек, түпнұсқа қайсысы? Әуелде қазақша жазылған ба, орысша жазылған ба?
Біз салыстыра зерттеп көргенімізде, түпнұсқаның орысша болғандығын, орысшадан қазақшаға аударылғандығын айқын таныған сияқтымыз. Аударма теориясы мен практикасына жүгінсек, бұл ерекшелік тайға таңба басқандай көрініп түр.
Тереңірек, қазып айтар болсақ:
1. Орысша мәтінде бар кейбір мәнді сөздер мен орамдар. Қазақшасында түсіп қалған. Қазақшадан орысшаға аударылғанда сол сөздер аудармашы жанынан толықтырып қосылған деуге қисыны келмейді.
- Орыстың ықшам сөйлемдері сол кездегі қазақ лексикасына тән сөз тіркестерімен шұбалаңқы аударылған.
- Кейбір етістіктер мен қыстырма, қаратпа сөздер басқаша аударылған.
- Аудармада бола беретін мұндай ауытқуларға карағанда текст тұтастай орысшадан аударылғаны көрініп тұр.
Бірнеше мысал келтірейік.
Орысшасы: — Без сомнения, — вскричал он, — этот чудный ручей из какой-нибудь счастливой страны.
Қазақшасы: — Күдіксіз, мұндай ғажайып бұлақ бір бақытты жайлардан ағады екен, — деп айғай салыпты.
Орысшасы: — Да, я сам господь! Господь земной! — с нетерпением возразил победоносный император. — Я, Александр — непобедимый завоеватель. Неужели здесь мне не отопрут?!
Қазақшасы: — Бүл құдайдың жайы болса, мен жердің патшасымын, — деп шыдамастан Ескендір жауап қайтарыпты. — Мен адам жеңбеген Ескендірмін, япырым-ау, маған да ашпай ма? — деп айғай салды.
Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Абай екі тілде қатар шыққан осы әңгіменің орысшасын емес, қазақша нұсқасын пайдаланған деген ойдың салмағы басым бола беретін сияқты. Сонымен, әңгімені Абай жазбаған десек, қалай болады: М.Магауиннің пікірі ұтымдырақ емес пе? «Бұл тіпті Абай қолынан шыққан әңгіменің бүлдірілген редакциясы да емес» дейді ол.
Демек, Абай-ақын прозалық материалды пайдаланган. Әлбетте, жекелеген сөздер мен сөйлемдер Абай қолданысында түрленіп, өлең жолдарына кестеленген деген түжырымға пейіл береміз,. Абай-ақын әңгімедегі көптеген сөздерге неғұрлым бейнелі синоним іздеп, жандысын, сәттісін шеберлікпен сүзіп алып отырған. Сюжетті ширатып, оқигаға серпін берген, көркем бейнелеу құралдарын мол пайдаланған. Жоғарыдағы салыстыра зерттеуіміздің нәтижесінде біз: Абай «Ескендір» дастанын жазғанда «Дала уалаятында» жарияланған «Тәкаппар әскербасы турасынан» деген әңгіме мәтінін толық пайдаланган десек, шындыққа бір табан жақын болар.
Бірақ, мәселені екі мәтіндегі дәлме-дәлдікке ұласқан ұқсастыққа, екеуіндегі сөйлемдер мен айтылар ойдың жарысып отырғанына ғана табынып шеше салсақ, үшқарылық болар еді. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Себебі, дастан мен әңгіме арасында айтарлықтай айырмашылық та бар.
Олар:
1. Дастандағы Аристотельді Абай әңгімедегі мазмұнды айқындай түсу үшін жанынан қосқан. Бұл кейіпкер газеттегі әңгімеде жоқ.
- Әңгімеде Ескендірдің әкесі Филипп патша екені, жасы жиырма бірде екені айтылмайды.
Демек, Абай тек «Дала уалаятында» басылган әңгіме шеңберінде қалып қоймаған, басқа да мағлүматтарға қанық болған.
Бұл жөнінде ең алғашқы және көпке тараған пікір Мұхтар Әуезовтікі. Абайдың «Ескендір» дастаны туралы сөз болғанда, Мұқаң үнемі әзірбайжан ақыны Низамидің «Ескендірнамасын» ауызға алады. «Абай Ескендір жайындағы аңызды, түгелімен сол Низамидің «Ескендір» поэмасынан алған», — дейді.
Ескерте кетейік, мұндай қорытындыға Мүхтар Әуезов бірден келмеген. Поэманың түп-тегін көп іздеген, толғанған. Оған дәлел Мұқаңның бұрын айтқандарын кейін өзі толықтырып, ойын өрбітіп отырғанын көрсететін мына жазғандары:
1. « …Низами, Науаи (1444-1486) жырлаған Ескендір жайын, Аристотель жайын батыс әңгімелерінен алып қосқан жаңасарындармен көркейтіп (астын сызған мен. — З.Т.), жыр-дастан етеді», 1945 жыл.
2. «Александр Македонский мен Аристотель (б.ж.с.д.-384-322) жайлы поэма жазып…»224 (астын сызған мен. — З.Т.), 1945 жыл.
3. «Абайдың аударма тәжірибесі туралы сөз болғанда: «Ескендір» поэмасының тақырып желісін (астын сызған мен. — З.Т.) Низамиден алып жырлаған»225, 1950 жыл.
4. «Соңғы зерттеуіміз бойынша Низамидің үлкен дастаны «Ескендірнамадан» мазмұнын алған, (астын сызған мен. — З.Т.) соны өсіріп, өзгертіп жазған…»226,1951 жыл.
5. «Низамидағы» Қызыр пайғамбардың орнына (астын сызған мен.- З.Т.) Аристотель образын енгізеді, 1945 жыл.
6. «Абай «Ескендір» жайындағы аңызды түгелімен сол Низамидің «Ескендір» поэмасынан алған… (астын сызған мен. — З.Т.) Бірақ … өзінше өзгертіп, өсіріп алған.
Ғалымның осынау кесімді тұжырымға қашан және қалайша келгені ғылым үшін әлі беймәлім қалып отырғанына қынжылмауға болмайды. М.Әуезов творчествосын зерттеушілер бұл жөнінде ештеңе айтпайды. Оның мәнісі Мұқаң кешкен «қилы заман» тәлкегінде жатыр-ау, деп есептейміз.
М.Әуезовтің соңғы, 20-томдық шығармалар жинағын әзірлеушілердің атынан жиырмасыншы томның соңында берілген түсінікте былай деп жазылыпты: «Мұхтар Әуезовтің абайтану саласындағы басты еңбегі болған монографиясы «Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845-1904)» жазылып біткен уақытты үнемі еске алып отыруымыз қажет. Сонда ғана біз сол тұстың әдеби атмосферасында болып өткен ауа жайылушылық, сол дәуір «талабына» орай Мұқаң да өзін-өзі сынап, кейбір ойларын терістеп отыру сарыны барлығын еске алмай отыра алмаймыз».
Осы арада М.Әуезовтің әуелі айтып, кейінде қайталамаған тағы бар тұжырымы болғанын да көрсету парыз. «Ескендір жұмбақтарын» Мұқаңның өзі бастап берген тәрізді. «Абай «Ескендір» жорығына қатысы жоқ бір әңгімені алып, сол арқылы философиялық ой айтады», деген мүлде жаңа сөз Мұхаңның абайтанудан оқыған лекцияларының жазбасында сақталғанын осы мәселенің кіріспесінде айттық.
Мұқаң жоғарыдағы пікірлерін әрдайым Абайдың шығыстық «назирагөйлік» дәстүрді дамытуымен байланыстырады. Ә.Дербісәлин «Абайдың Ескендір» поэмасын жазуына байланысты Ы.Алтынсариннің осы тақырыптағы өлеңінің 1879 жылы хрестоматияда басылып шыққаны ой салғанға, түрткі болғанға ұқсайды» деп жорамал жасайды. Ыбырай да, Низами жырын («Ескендірнама» — З.Т.) негізге алғаны, екеуі де Низами мадақтаған Александр Македонскийді керісінше, «қанышер, бүлікшіл, жазықсыз жанды қырушы ретінде» бейнелеген деп түсінеді. Ә.Дербісәлин Ыбырайдың Қыдыр-Ілиясы мен Абайдың Аристотелі арасындағы алшақтықты, Ескендірдің мәңгілік суды іше алмай, өлімге душар болуы Абайда мүлде жоқ екенін біле тұра, екі нұсқаның тамырын бір жерден іздеуге пейіл бергені түсініксіз. Дегенмен, бұл зерттеуші бір маңызды тұсқа нұсқайды. Ол — Низами нұсқасында Аристотельдің жоқ екені. Демек, Низамидің ізіне толық қосылмайды.
Бұл пікір С.Мұқановтың Абай мен Ыбырайдың идеялық үндестігі туралы жазғандарымен сарындас. М.Әуезовтің жоғарыдағы айтқандарын толық қайталаған А. Нұрқатов «…Бірақ Абай … оқиғалар желісін алған және оны өз тұрғысынан жырлаған» деп топшылайды. Бұл мәселеде М.Әуезовтің дәйегі солғын тартады. Мен айтамын: «Дала уалаяты» газетіндегі әңгіме нүсқасында да Аристотель жоқ. Ә.Жиреншин де осы пікірді төңіректеп, Абайдың «…өз тілімен, қазақ үлгісімен жазғанын» сюжеті, тақырыбы шығыс классиктеріне ұқсайтынын айтады. Дәлел ретінде Низамидің «Ескендірнама» дастанының «Иқбал наме» («Бақыт кітабы») деген екінші тарауында Ескендір айналасындағы Аристотель, Аполлони, Гермес, Сократтар аталатынын тілге тиек етеді. Зерттеуші С.Қасқабасов «…бұрын ешқандай авторда, немесе фольклорлық шығармада айтылмайтын Ескендірдің отаны Македония екенін хабарлау және кейіпкерлерге мінездеме беру газетте де, Абайдың «Ескендір» дастанында да бар» дейді. Осылай дәл байқаған пікірінен тез қайтып, мәселенің төркінін басқа жақтан іздеп кетеді. Себебі, бұл зерттеушінің ұстанғаны – газеттегі «әңгімені Абай жазған» деген тұжырым. Демек, соны қалай да дәлелдеуге ұмытылады. Ол үшін «Ескендірді» Абай В.А.Жуковскийді де, «Талмудты» да оқығанын, бұл шығармаларда Александр Македонский туралы жазылғанын көрсетеді. Зерттеуші Қ.Салғарин (1939 ж.т.) «Ескендір» поэмасындағы мағлұматтардың деректілігіне, нақтылығына назар аударып, былай деп жазады: «Осы орайда қазақ сахарасының бір түпкірінде жатқан Абай сонау көне грек тарихын қайдан біледі деген заңды сұрақ туады. Өйткені, ақынның «Ескедір» поэмасында пайдаланған тарихи нақты деректер ол оқыды делінген, жоғарыда айтқан «Низами де, Жуковскийде де, Талмудта да жоқ қой. Сонда Абай бұл деректкрді қайдан алған? Бұл сұраққа зерттеуші ғалымдар да жауап бермейді. Сондықтан, ендігі міндет – осы сауалға жауап беру болмақ».
Алдын-ала айтар болсақ, біз Қ.Салғариннің тапқан жауабына уәжіміз бар екендігін жасырмаймыз. Бірақ, оның зерттеуші ретінде көкейкесті мәселенің тамырын дәл басып, ғылыми ізденіске, ақиқат жолына жетелейтін нақты сұрақ қоюы, сол сұраққа жауап іздеуі әбден құптарлық. Өйткені, ондаған жылдар бойы ауыздан-ауызға көшіп, құлаққа сіңісті бұлжымас ақиқат ретінде тарап кеткен байламның осал жерін табуының өзі- жемісті талпыныс. Қай ғылымда да мәселенің қойылуы оны шешуден кем бағаланбайды ғой.
Осы мәселе көрнекті абайтанушы Тәкен Әлімқұловты (1918-1967) да ойландырған. Абай «Ескендірінің» төркіні тайға таңба басқандай айқын еместігін Т.Әлімқұлов ерте байқаған. «Атышулы қолбасшысы Александр Македонский туралы жазба деректер де, лақап-аңыздар да көп. Абай соның қайсысын оқығанын, қайсысын пайдаланғанын түгендеу қиын», — деп келеді ол: «Бұл дастан Ескендірнамадан көшірілмеген», деп батыл айтқан.
Қ.Жұмалиев (1907-1968) дастанның мазмұнына тереңірек үніліп, «Абай «Ескендірді» жазғанда тек шығыс классикасын ғана емес, сонымен бірге Александр Македонский туралы тарихи шығармаларды да (Плутарх) пайдаланған», деген ой айтады. Мұндағы көңіл аударарлық мәселе «тек шығыс классикасын ғана емес» деген түйткіл. Демек, Абайға Низами де, Науаи да жеткіліксіз. М.С. Сильченко да бұл мәселеге тоқталып, «Абай Ескендір әңгімесін жазып, қазақ әдебиетіне Таяу Шығыстың Фирдоуси, Низами, Жәми, Науаи (Дала Уалаяты» газетіндегі әңгімеде сияқты) аса көрнекті ақындары жырлаған тақырып пен образдарды» енгізгенін айтқан. Зерттеуші Абай «әңгімесінің, әсірессе, Науаиға жақын екенін, алайда тақырыптың дербес шығармашылық жолмен өзгеше шешілгенін» байқаған. Бірақ, М.С.Сильченко Абай «Ескендір» поэмасының сюжетін дәл белгілі бір шығармадан алған деген пікірден тартынады.
Бұл орайда М.С.Сильченконың мына пайымдауы назар аудартады: «Бәлкім, Абай өзінен бұрынғы ұлы ақындармен жарыса отырып, «нәзира» рухына беріліп қана қоймаған, Зұлқарнайын туралы мұсылман елдерінде таралған аңызға (астын сызған мен.-З.Т.) қарсы көркем туынды жасаған. Демек, ақынның һз шығармасын әңгіме (повествование) деп атауы тегін емес».
Осы арада мына бір жайға тоқталған да жөн болар еді. Абай шығармаларының 1909 жылы шыққан алғашқы жинағында бұл поэма «Ескендір әңгімесі» деген тақырыппен басылғаны мәлім. Ал, кезінде «әңгімесі» деген тақырыпты Абайдың өзі қойған ба, әлде жинақты шығарушылар қойған ба – мәселе де көңілге түйіткіл ұялатады.
Байқап отырғанымыздай, Абайдың «Ескендірі» негізінде толық мәнінде «назира» жолымен қайта жырланған белгілі бір шығарма жатқан жоқ, аңыз болуы мүмкін, сондықтан да, автордың бұл шығарманы «әңгіме» деп атаған, атамағаны да ескеруге тұрарлық. Және де «назира» тәсілі шығарманың идеясын қарама-қарсы бағытта жырлау емес, жарыса жырлау болса керекті.
Зерттеуші ЕА.Костюхин «Ескендірдің» Абай шығармалары ішіндегі шешілмеген жұмбақтардың бірі екенін дәл байқап, оның түп-төркіні туралы әлі де тиянақты тұжырым жасалмағанын ескертеді, өзінің байқағандарын ортаға салады. «Ескендірдің» төркінін Абайға негіз болған Науаи мен Низамиден іздемеу керек, фольклорлық аңыз-әңгімеден іздеу керек деп есептейді. Бұл жоғарыдағы М.С.Сильченконың пікіріндегі «аңыз» деген жорамалға жуықтайды.
Қазақ фольклорының білгірі ретінде Е.А.Костюхин халық арасында жиі кездесетін ауызша аңыз-әңгімелердің (притча) дидактикалық, тәрбиелік мәнін көрсете келіп: «Аңыз-әңгіме қысқа да нұсқа, айтайын деген ойы анық, түйіні тұжырымды» болады, — дейді. Осы белгілердің бәрін Абайдың «Ескендірінің» бойынан табады.
Зерттеуші Ескендірдің тегін анықтау үшін оның қай жылы жазылғанын анықтап алудың маңызды екенін айтады. «Бұл не? Шәкірттің алғашқы талпынысы ма, әлде тіс қаққан ақынның кең тынысты дастан жазуға кіріскендегі толғаныс — бастауы ма?…». Басқа зерттеушілер «Ескендірдің» қашан жазылғанын анықтауға ден қоймайды. Ал, бұл мәселе, жоғарыда айтқандарымыздай, поэманың тегін анықтауға көмектеседі. Дәлірек айтқанда, «егер Абай бұл шығарманы өмірінің соңғы жылдары жазған болса, оған осы аңыз («Дала уалаятында» басылған «Тәкаппар әскербасы турасынан» деген әңгіме туралы сөз болып отыр» — З.Т.) материал болуы мүмкін. «Қалай дегенде де, — деп түйеді зерттеуші, -Абай поэмасының бастауын ауыз әдебиеттінің аңыз-әңгіме» дәстүрінен іздеу керек.
Міне, осылайша, тағы бір маңызды сұрақ көлденең дейді. Енді сол түйінді кім, қалай шешкен? Қ.Салғарин «Қалай болғанда да, Абайдың бұл деректі көне гректер жөнінде мол мағлұмат беретін бір тарихи шығармадан алғаны анық қой», деген жорамалды алға тартады. Бірақ, Қ. Салғариннің одан арғы пайымдаулары «Абай бәрін оқыған» деген сипаттағы жалаң тізім болып қана қалған. Ол Абай пайдаланған нақты материал қайсысы деген негізгі сұраққа жауап бере алмайды да, айналып келіп, С.Қасқабасовтың пікіріне қосылады.
Ал, С.Қасқабасов болса, шындыққа таяп келіп, «Тәкаппар әскербасы турасынан» әңгімені қолына алып отырып, батыл шешімге келе алмайды. Тіпті, зерттеушінің «Ескендірдің» отаны Македония екені ешқандай авторда, немесе фольклорлық шығармада кездеспейді» деген пікірі мүлде ұшқары. Ескендір туралы жазылған шығармалардың, айтылған аңыз-әфсаналардың санына жету мүмкін бе?
Т.Әлімқүловтың назарына Абай өмірбаянына қатысты аты белгілі Дж. В.Дрэпер іліккен. Ескендір туралы мағлұматты Абай Дж. В.Дрэперден алуы мүмкін, — дейді де, бірақ, Дрэпер шығармасының Абай «Ескендірімен» қабыс-пайтынына «жеңілдік» жасайды. Ал, мұндай «жеңілдіктің» Низамидің «Ескендірнамасына» байланысты айтылғанын да (М. Әуезов, Ә. Жиреншин, А. Нұрқатов, т.б.) білеміз.
Қолында нақты материал, газетте басылған қазақша-орысша әңгіме тұрғанда Ү.Сүбханбердинаның да «Абай Ескендір бейнесін дәстүрлі түрде емес, мүлде жаңаша жырлаған» деп тайсақтауының да себебі түсініксіз.
Сонымен, «Ескендір» дастанының түп-төркіні жөнінде Мұхтар Әуезов айтқан, бір емес бірнеше рет дәлелмен айтқан пікірге қарсы дау айтпаймыз. Низамидің «Ескендірнамасының» бар екені де, онда Александр Македонский бейнесі жағымды көрсетілгені де рас. Абай бұл шығармамен таныс болуы мүмкін, яки үзіндісін, немесе толық зерттеп оқыған шығар.
Александр Македонский атына байланысты әуелі Ыбырай Алтынсарин өлең, кейін Абай дастан жазғаны мәлім. Біздің ойымызша, М.Әуезов келтірген эпизод Ыбырай Алтынсарин өлеңіне арқау болған. Онда дәл Низамидағыдай, Александрдың жанында Хызыр (Ыбырайда Хызыр Ілияс — З.Т.) болады. Ал, Абайда Аристотель ақыл береді. Бұл айырмашылықты да ескермеуге болады. Түптеп келгенде, Хызырдың Аристотельмен алмастырылғандығы туралы мә-селе де қызықты.
М.Әуезов Абайға «Ескендірді» жазу үшін Низами дастаны жеткіліксіз болғанын көрсеткен де, оның Еуропа әдебиетіндегі мағлұматтарды пайдаланғанын білдіреді. Бірақ, нақты қай шығарма екеніне нұсқамайды.
Басқа зерттеушілердің пікірі де осыған орайлас, ол туралы жеткілікті көрсеттік деп ойлаймыз.
Профессор Ш.Сәтпаева (1930-2001) Абай жасаған кейіпкер Ескендір Зұлқарнайын төңірегінде өз пікірін білдіре келіп, әлем әдебиетінде Александр Македонскийдің жағымды бейнесі ғана басым болып келгенін, ал қазақ ақыны сонау көне замандағы басқыншы, сан халықтың мәдениетін жермен жексен еткен тойымсыз, қорқау әрекеттерін тарихи шындыққа таяп әкеліп, тәлім аларлық терең ойлы шығарма туғызғанына назар аударады. Ғалымның бұл тақырыптағы ой қорытындылары мынаған саяды:
«Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасы әдебиеттану ғылымында байсалды зерттеліп, дәлелді тұжырымдар айтылған. Алайда, бұл поэманы өзі тақырыптас кейбір туындылармен қатар салыстыра, байланыстыра зерттеу, «александрияға» қазақ ақыны қандай өзіндік үлес, тың түсінік, жаңа шешім қосып, дәстүр байытқанын анықтау — Абай асқан биіктің тағы бір қырын аша түсер еді».
Шынында, осы тақырыптас шығармаларға бұл поэманың ұқсастығы немесе айырмашылығы ғана сөз етіліп келді де, Абай «Ескендірінің» тарихи тақырыпты дамыта отырып, шығыс әдеби дәстүріне әкелген жаңалығы, осылайша «Ескендірнама» қазынасына қосқан үлесі ұлы ақынның тағы бір бедерлі белесі ретінде лайықты бағаланбай отыр.
Беделді ескендіртанушы Е.Э.Бертельс кезінде былай деген болатын: «Шығыс халықтарына Александр жорықтарының шын мәні беймәлім болды. Александрдың грек республикасын талқандап, халқын тәуелді етуіне, оның жорықтары Шығыс елдерін ойрандап, мәдениет қазыналарын жойғанына олар (Шығыс ақындары. — З.Т.) мән бере қоймады… Сондықтан да нағыз Александр тез ұмытылып, аңыздар мен ертектер тұманында ғайып болды. Александрды өнегелі басқарушы етіп суреттеу дәстүрі қалыптасты». Бұл айтылғандарға Мұхтар Әуезовтің пайымдауларын қорыта отырып, әбден көз жекізуге болады.
Абай мұраларының қазақ, Шығыс, Батыс мәдениетімен табиғи түрде ұштасқандығының кезекті бір елеулі мысалы деуге тұрарлық сүйекті шығармасы «Ескендірдің» қысқаша тағдыры осындай. Осы поэма арқылы қалың қазақ өзінің рухани тарихында Александр Македонский туралы қа-зақша түсінік, тұжырым қалыптастырды, өзгенің жеріне, байлығына көз тігудің әділетсіз екеніне тағы да көз жеткізді. Ресей отаршылығының қасіретін тартқан қазақ халқының азаткерлік санасын оятуға қадам жасады.
Тайшыбай Зарқын.Абайтану арнасында (1889-1916). Монография. – хххххх 2009. – 182-203-беттер.
Жариялауға дайындаған
Гүлназ Даутова,
Абай институтының магистранты