Айнаш Сейітова. АБАЙ МЕН ХАФИЗ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖҮРЕК КУЛЬТІ
“Кәміл инсан” (انسان الکامل) – “толық адам” түсінігі Абайдың шығармашылығында әр қырынан жан-жақты қарастырылады. Ақын:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек.
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек,-
деп кемелділікке ақыл, қайрат, жүректі тең ұстағанда ғана жетуге болатынын айтады. Осы үшеуінің бірлікте болғанын қалаған ақын он жетінші қара сөзінде: “Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет” деп жүректі басты орынға қояды. Ал он төртінші қара сөзінде Абай оқушысына: “Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?” деген сауал қойып, он жетінші сөзінде жүректің атынан оның адам денесінің патшасы, жанның тұрақ еткен мекені, тіршіліктің көзі екендігін айтады. Жүрек өзінің соғуын тоқтатып, қызуынан айрылса, дененің басқа мүшелерінің қауқарсыз күйге түсетіндігін ақын былайша жеткізеді:
Жүректен қызу, қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Лүп-лүп соққан жүрек – тіршілік иесінің ғұмырының жалғасын тауып, әлі дәм-тұзының таусылмағанының белгісі. Жүрек адам ағзасында ең басты қызмет атқаруымен қатар ауыспалы мағынасында адам баласының ішкі жан дүниесінің, рухани сезімінің айнасы болып есептелінеді. Абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұлов: “Адам көкірегі – сезімнің ұясы. Оны бірінен соң бірін туындатып, бірімен-бірін шарпыстырып, бірін тұтандырып, бірін тұншықтырып жататын майдан алаңы – жүрек” [1, 127-б.] деп, жүректің анатомиялық мағынасынан гөрі екінші ауыспалы мағынасының қызметіне көбірек мән береді. Рухани сезім айнасы арқылы адам
ақиқатты танып, болмысты түсінуге мүмкіндік алады. Абайдың өзі: “Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі” деп жырлағанындай, мейірім, адамгершілік, махаббат сияқты биік сезімдердің жүрек көзі арқылы ақиқатқа жол ашатыны сөзсіз.
Әлем мойындаған парсы әдебиетінің Рудаки, Фердоуси дәуірінің ақындары ақылды дәріптесе, Низами, Хафиз, Руми, Жәми сынды ақындар жүректі шешуші орынға қойып, оның қадір-қасиетін асқақтатып, мәртебесін жоғары көтеріп, өз жырларында жеріне жеткізе жырлаған. Қазақтың біртуар ақыны Абай да өз шығармашылығында жүрекке екпін түсіріп, оны әр қырынан сипаттап, өрнектеген.
С.Дәуітов Абайдың 1892 жылы жазылған “Жүрегім, ойбай, соқпа енді!” өлеңін талдай келе мынадай пікір айтады: “Абайдың бұл туындысынан жүректі Шығыс классиктерімен тең дәрежеде жырлай алғандығын, тіпті кейбір тұстарда асып кеткендігін көруге болады” [2, 259-б.].
Қазақ ақыны адамның сол жақ кеудесінде орналасып, басқа дене мүшелеріне қан тасымалдау қызметін атқаратын, көлемі жұдырықтай жүректің анатомиялық қасиетін ғашықтық жырларына арқау етпегені белгілі. Сондықтан Ұстаз Абай шығармаларындағы жүрек сөзінің мағынасының қандай екендігін, ақынның оны қай қырынан, қандай қасиеті жағынан қарастырғанын зерделеп көрейік.
Абай шығармашылығын қарастыру барысында ақынның жүрек тақырыбын адамгершілік, махаббат сияқты адам баласына Жаратушы тарапынан сыйға берілген биік сезімдер тұрғысынан жырлағандығын бай-қаймыз. Осы тұрғыда Абайдың Шығыс әдебиеті, мәдениетімен байланысын көп зерт-теген абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының пікірі көңіл аударарлық: “Қазақ әдебиетінің сан ғасырларға созылған тарихында бірде-бір қазақ ақыны жүректің адам өмірінен алатын орны мен атқарар қызметін соншалықты жан-жақты терең мағынада, философиялық, гуманистік астар беріп, оны ақындық тіл өнерінде құлпырта ойнатып, Абайша толғай алған емес. Абайдың жүрек жайындағы танымдары арнайы зерттеуді қажет етеді” [3, 104-б.].
Расында да Абайдың шығармашылығына зер салып, ақыл көзімен қарасақ, өлеңдерінің өн бойы жүрек сөзімен, сезіммен өріліп, астасып жатыр. Абайдың жүректі әспеттеп, оны басқалардан жоғары қойып жырлайтын өлеңдерінің тізімі өте ұзақ. Осы ретте Абай өзінің қанша өлеңінде жүрек сөзін пайдаланып, шығармасына арқау еткен деп сұрағанша, Абайдың қай өлеңінде жүрек сөзі кездеспейді екен деп сұраған орынды болар. Абай жүрек тақырыбына “Жүрегім, ойбай, соқпа енді”, “Жүректе қайрат болмаса”, “Ауру жүрек ақырын соғады жай”, “Жүрегім менің қырық жамау”, “Жүрегім, нені сезесің?”, “Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас”, “Әуелде бір суық мұз ақыл зерек”, “Жастықтың оты қайдасың?” атты өлеңдерінде ой қозғайды. Сонымен қатар “Білімдіден шыққан сөз”, “Ем таба алмай, от жалындай…”, “Кейде есер көңіл құрғырың”, “Көзінен басқа ойы жоқ”, “Көзімнің қарасы”, “Жастықтың оты жалындап”, “Қызарып, сұрланып”, “Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын”, “Малға достың мұңы жоқ малдан басқа”, “Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа”, “Адамның кейбір кездері”, “Қуаты оттай бұрқырап”, “Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?”, “Есіңде бар ма жас күнің”, “Домбыраға қол соқпа”, “Ойға түстім, толған-дым” және т.б өлеңдерінде сөзінің әлқиссасын жүректен бастап, негізгі айтайын деген ойына көшеді.
Ақын бірде жүрекпен қатарлас құрбы, досымен сырласқандай әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасып, оған басу айтады:
Жүрегім, нені сезесің,
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой тоқта!
Абай шығармашылығындағы жүрек – жай жүрек емес: “Сүйек жасыған соң жай таба алмаған жүрек”, “Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге қозғалатын; адамның үш қасиетінің бірі – жылы жүрек”, “Тұла бойды жылытқан ыстық жүрек”, “Терең сайда жолығатын қыздың асыл жүрегі”, “Хаққа бастайтын; бар тамырды қуалайтын сөзді сезген ынталы жүрек”, “Аяғын шалыс басқан асау жүрек”, “…Долы қол, улы сия, ащы тілмен бірге не жазып кетсе жайы сол, ызалы жүрек”, “Жомарт жау жүрек”, “Қиянат-шыл дүниеден қырық жамау болған жүрек”, “Суынбаған жалын жүрек”, “Жастықтың оты жалындап, жай таба алмай жанып жатқан, саусағын жайып, көкке ұмтылған жас жүрек”, “Қатты соқтығатын сорлы жүрек”, “Сенісерге жан таба алмай сенделген ит жүрек”, “Махаббат, ғадауатпен майдандасқан қайран жүрек”, “Үннің тәтті оралған әні оятатын ұйықтап жатқан жүрек”, “Үрпиген жүрек”, “Шошыған жүрек”, “Күйген жүрек”, ал енді бірде “Шаршап, кеудеде тулай алмай, ақырын, жай соғып жатқан ауру жүрек”….
Абай өлеңдерінде жүректің әр қырын, сезімнің сан қатпарын ашып көрсету үшін алуан түрлі эпитеттер мен метафораларды пайдаланып, қазақ поэзиясының тілін өрістетіп, оны шеберліктің шыңына шығарды. Абайдың жүрекке қатысты қолданған теңдессіз теңеулері қазақ поэзиясында даралығымен, жаңалығымен ерекшеленеді.
Кейде ақынның жүрек деп толғаған бейнесі адамның дене мүшесі емес, жеке бір тұлғаның өзі сияқты. Жеке тұлға дегенде де жай адам емес, ақын Абайдың өзінің басынан кешкен ғұмырнамасы осы жүрек бейнесі арқылы көрініс тапқандай. Жастық ғұмырдың жалын атқан ыстығы мен жасы ұлғайған кездегі суығынан бастап, өмірдің ащы-тұщысын молы-нан татып, қоғамдағы келеңсіздіктерге, өз халқының надандығы мен артта қалғандығына жаны күйзелген ақынның жан тебіренісін сипаттайтын ақынның жүрегі – ақынның өзінің лирикалық бейнесіне келеді. Ақынның қамығып:
Жүрегім менің қырық жамау,
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден!-
деп айтқан ішкі күрсінісі мен күңіренісі осы ойымызды нақтылай түскендей.
Біздің ойымыз абайтанушы ғалым З.Ахметовтің пікірімен дәйектеле түседі: “Абай шығармаларында алдымен мейлінше мол, әр қырынан көрінетін, әрине, ақынның өз бейнесі, өз тұлғасы. Лирик ақын қоғам өмірінің шындығын өз көңіл-күйін білдіру арқылы танытады. Ақынның өз тұлға бейнесі оны тебіренткен ой-сезімдерден айтылып, баян-далып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрініс табады“ [4, 240-б.].
Шығыс ақындарының ішінде Хафиз, Руми, Жәми сияқты парсы ақындары жүрек бейнесін биік көтеріп жырлағандығы мәлім. Әсіресе, парсы ақындарының ішінде әлем әдебиетінде өзіндік орыны бар, неміс ақыны Гетені табындырған Шамс-ад-дин Мұхаммад ибн Мұхаммед қожа Хафиз – ғашықтықты, махаббатты, сүюді жырлаған ақын.
Қазақ оқырманын Хафиздың сыршыл ғазалдарымен таныстырған – Әбіраш Жәмішев [5, Б.147-187].
Иранның орталық қалаларынан бастау алып, Хоросан аумағынан шеткері дамыған, хижра жыл санағы бойынша жетінші ғасырда басталып, сегізінші, тоғызыншы ғасырларда жалғасқан парсы әдебиетінің екінші стилі Арақи деп аталады. Бұл стильдің көрнекті өкілдері – Сағди, Моулави, Хафиз. Аталмыш стильге тән басты ерекшеліктер: шығармаларында араб сөздері молынан ұшырасады; тұспал, емеурін, жұмбақтап айту, сыртқы мағынаға емес, ішкі мағынаға көбірек мән беру басым; өлең түрі – ғазал; тақырыбы – сопылық, ғашықтық, философиялық, мінез-құлық қағидалары.
Осы стильдің белді мүшесі Хафиздің махаббат, ғашықтық тақырыбына жазған ғазалдарының деңгейі басқа ақындар туынды- ларының бәрінен жоғары. Оның ғазалдары парсы тілінде жазылған ғазалдар ішіндегі ең кемеліне келген ғазал деп саналады.
Ғазал – VII ғасырда араб әдебиетінде пайда болған, аа ба ва га схемасы бойынша ұйқасатын, көбінесе ғашықтық, махаббат тақырыбында жазылатын лирикалық өлең түрі. Ғазал бәйіттерінің саны кем дегенде жетеу болып, көп дегенде он бестен аспауы керек. XI ғасырдан бастап, соңғы бәйітте ақынның бүркеншік атын (тахаллос) жазу үрдіске айналды.
Хафиз ғазалдарының негізгі тақырыбы – махаббат жайлы ирандық белгілі ғалым Абдулхосейн Зарринкуб өзінің “Махаббат, қай махаббат?” атты ғылыми мақаласында нақты көзқарасын білдіреді: “Еш күмәнсіз, Хафиздің лирикалық ғазалдарындағы ақын ойларының анық көзге түсер қыры – махаббат тақырыбы. Оның басқа ой-толғамдарының бәрі де осы тақырыппен тығыз байланысты” [6, 10-б.].
Келесі ирандық ғалым Кавус Хасанли Хафиз ғазалдарының ғашықтық тақырыбына қатысты ойларын былайша пайымдайды: “Хафиз махаббат сезімін мейірімді Алланың адамға аспаннан тарту еткен сыйы деп түсінеді.
Ақын түсінігінде адамның тұғыры ғашықтық сезімін түйсіне алуының арқасында Алланың жаратылыстарының бәрінен, тіпті періштеден де жоғары” [7, 114-б.]:
Ей, шарапшы, періште махаббаттың не екенін білмейді,
Бокал алып, алқызыл суды
Адамның топырағына сеп.
Фереште ешқ на данад ке чист, ей сақи
فرشته عشق نداند که چیست ای ساقی
Хаһ джам о голоби бе хак-е
Адам бе риз
خواه جام و گلابی به خاک آدم
بریز
Хафиз ғазалдары адамдарға бақыт сыйлайды. Ғашық жан – бақытты жан. Ғашықтықты сезінбеген, түйсінбеген, басынан өткермеген адамның махаббат жайлы жыр жаза алмасы белгілі. Парсы ақыны Хафиз өзінің ғазалдарында ғашық, оның ғашық екендігінен тіпті “қарауыл да, Сүлейменнің уәзірі Асаф та хабардар”:
Хафиздің ғашық екенін, қарауыл біледі,
Және Сүлейменнің уәзірі Асаф та хабардар.
Мохтасеб миданад ке Хафез ашеқ аст
, می داند که حافظ عاشق است محتسب
Ва Асаф малек-е Сүлейман низ һам.
و آصف مالک سلیمان نیز هم
Хафиз ғазалдарының сөздігін зерттеушілердің пікірі бойынша, “мохтасеб”, “қарауыл” – Мұхаммед Мобарез ад-дин әмірдің лақап аты екен. Ол он үш жыл көлемінде Ширазда билік етіп, елдің тыныштығы мен азаттығының кепілі болған Джамал ад-дин Әбу Ысқақ (758 хижра жылы қайтыс болған) шейхті қаланың дарбазасындағы дарға асып, елдің берекесін кетірген. Асаф – Сүлеймен патшаның ақылдылығымен даңқы шыққан уәзірі.
Енді бірде Хафиз, керісінше, өз сырының, сезімінің ашылатына қауіп білдіріп, қынжылыс танытқандай болады:
Жүрек тулап, ырыққа көнбей барады,
О, шіркін, құпия сырым әшкере болады-ау…
Дел миравад зе даст-ам, саһебделан хода ра,
می رود ز دستم صاحب دلان خدا را
Дарда ке раз-е пенһан хаһад шод ашкара
دردا که راز پنهان خواهد شد آشکا
Парсы ақынының шығармашылығындағы мұндай екі жақты ұстанымының сыры неде екен деген сұраққа жауап іздегенде, ирандық ғалым Мансур Паймард Азза-ед-дин Насафидің (1300 жылы дүниеден өткен) “Инсан ал-камел” (انسان الکامل) – “Толық адам” шығармасындағы адам баласы ғашықтық сезімін басынан өткеру керектігін, бірақ оны сыртқа шығармай ішінде сақтау қажеттігі жайлы айтқан мына бір пікірін дәлел ретінде алдыға тартады:
“Әй, дәруіш, ғашық болып көрмеген адам пәк болмайды, ешқашан пәктікке жетпейді. Егер ғашық адам өз сезімін әшкере етсе былғанышқа айналып, пәктігін жоғалтады. Өйткені, ол көз арқылы жүрегіне жеткен отты тілі арқылы сыртқа шығарып, күйген жүректі орта жолда қалдырады. Бұдан кейін әлгі жүрек не бұл дүниеде де, не арғы дүниеде де ештеңеге жарамайды” [8, 39-б.].
“Бұл өмірдің қызығы махаббатпен”, “Махаббат – өмір көркі, рас”, ”Махаббатсыз дүние – бос” деп жырлаған қазақтың бас ақыны Абайдың шығармашылығын қарастыра келе, оның да Хафиз сынды Адам баласының бойына сыйға берілген ең қасиетті сезім – ғашықтықты жүрегімен терең түйсініп, жүрекпен байла-ныстыра, кең көлемде жазғанын көреміз. Басқаша жазу мүмкін емес. Өйткені, махаббат – тікелей жүректің ісі:
Кейде есер көңіл құрғырың
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып,
Ішіме.
Иттей қормын,
Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді.
Біздердей ғашық көп,
Қайсысы саған дөп?
Жөндеп те айтпадым,
Жүрегім лүпілдеп.
Махаббат, ғашықтық тақырыбы – қазақ әдебиетінде сонау ауыз әдебиетіндегі “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Қыз Жібек”, кейінгі ақындар шығармаларындағы “Еңлік-Кебек”, “Сұлушаш” сияқты ғашықтық дастандардан бастау алып, бертіндегі “Қамар сұлу”, “Құралай”, “Ақбөпе” сияқты шығармалармен ұштас-қан, сан ғасырлар тоғысында жырланып, жасап келе жатқан байырғы тақырып. Ғашық-тық дастандардың негізгі тақырыбы – екі жастың бақытқа жету жолындағы күресі, қайғы-қасіреті, махаббаты.
Ал Абайға дейін өзіміздің төл әдебиеті-мізде ғашықтық тақырыбына арналған көлемі шағын өлеңдер сирек еді. Бұл тақырып белгілі бір ақынның жеке-дара шығармашылық жазу нысанасына ілінбеген болатын. Оның да өзіндік себептері бар. Ең алдымен қазақтың ұлттық табиғи мінез-құлқы мен әдет-ғұрпында жатыр. “Қызға қырық үйден тыйым” дейтін қазақ қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін өлеңге қоспақ түгілі, ашып айтпайтын да еді. Ал ақынның өлеңдері тыңдаушыға арналып шығарылатындықтан, олар ел арасына тез тарап кететін болған. Өз қызына біреудің ғашық болып өлең шығарғанын естіген ата-ана ыңғайсыз күйге душар болмақ. Жастардың өз сезімдерін жалпақ жұртқа жарияламау себептерінің бірі осында. Бұрынғы заманның жастары сүйіспеншілікті ауызша ашық айтуға ұялып, өз сезімдерін тұмшалап, сүйген адамдарына тұспалдап жеткізетін. Сүйген жастардың бір-біріне қосылып, бақытты болуы да некен-саяқ жағдай еді. Жаңашыл ақын Абайдың өзі “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?” өлеңінде:
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын, айта бермей, —
деп, көп ашыла бергісі келмей, сырғақсып, сыр сақтаған сыңай білдіреді. Бірақ ақын адами махаббат, ғашықтық тақырыбын сөз еткенде өзінің ішкі сыры, жан дүниесіндегі құпиясы жайында оқушысымен ой бөлісуден қысылмайды, керісінше, ақтарыла, ағынан жарыла жырлайды:
Шын ғашық мен саған,
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Ләм-мим деп
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
Осындай жағдайларды назарға алсақ, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай шығармашылығындағы ғашықтық, махаб-бат лирикасы сонылығымен, жаңалығы-мен ерекшеленеді. Абайдың махаббат лирикасы – кез келген алдыңғы қатарлы елдің әдебиетімен бәсекелесіп, сынға түсе алатын, классикалық деңгейге көтеріле жырланған бірегей, қолтума туындылар. Ақынның өзінің ғашықтық лирика-сына жазылған шығармалары-ның ішіндегі кейбір өлеңдеріне ән шығарып, қазақтың байтақ даласын пәк сезім –махаббатпен тербетіп, ән сүйер қауымның жүрегін баурауы да сол заман үшін жаңалық еді.
Абай балаң кезінде Шығыс ақындарына еліктеп, сұлу қыздың жамалын “Иузі – рәушан, көзі – гәуһар” өлеңінде суреттеп бастап, “Әлиф дек ай иүзіңе ғибрат еттім” өлеңінде араб әліппесінің әріптік ретімен жалғастырып, кейін есейген кезінде ғашықтық, іңкәрлік тақырыбын “Қор болды жаным”, “Сен мені не етесің?”, “Айттым сәлем, қалам қас” өлеңдерімен қоры-тындылайды. Ақын “Иүзі – рәушан, көзі – гәуһар” өлеңінде араб-парсы өлең үлгісі – арузды (Аруз – өлең өлшемі. Аруз – өлеңнің уәзінін зерттейді, яғни уәзіннің пайда болуының себеп-салдарын, оның дұрыс, бұрыстығын және өлең сөзге тән кейбір әдістерді қарастырады. Ал уәзін – өлең буынындағы ерекше үйлесімділік пен жүйе, сол жүйенің нәтижесінен туындаған ырғақ. Уәзін өлеңге сұлулық сыйлайды) пайдаланып, жас сұлудың ай жүзін араб-парсы сөздерін қосып, парсы әдебиетінде жиі кездесетін “маһ сурат”, “роушан рохсар”, “чешман-е гауһар” сияқты теңеулерге ұқсас сипаттайды:
Иүзі – рәушан, көзі – гәуһар,
Ләғилдек бет үші әхмар.
Тамағы қардан әм биһтар,
Қашың құдірет, қоли шигә.
“Рәушан” – жарық; “гәуһар” – бағалы тас; “биһтар” – артық; “раһбар” – көсем, жол нұсқаушы.
Осы өлеңде кездесетін “шигә” сөзіне парсының “шик” әдемі, сұлу деген мағынасын білдіреді деген жаңсақ түсініктеме берілген. Шынтуайтында, “шикарный” деген мағынаға ие, түбірі француз тілінен алынған “шик” сөзінің өзі парсы тіліне бертін енген кірме сөз. Сондықтан Абайдың өлеңінде кездесетін бұл сөздің түбірін парсыдан алған деуге еш негіз жоқ. Сонымен қатар осы өлеңде Абайдың парсы әдебиетімен жақсы таныс болғандығын рас-тайтын Сүлеймен, Жәмшид, Ескендір сияқты әдеби кейіпкерлер есімдері де кездеседі:
Сүләйман, Ямшид, Искандәр,
Ала алмас барша мүлкигә.
Сүлеймен – тегі исрайлдық, мықты патша болған. Ол Алла тарапынан пайғамбарлыққа таңдалған. Аңыз бойынша, Алла оған желді бағындырыпты, ол жан-жануардың тілін түсінген-мыс. Сүлеймен патшаның “азам” (Ұлы – Алланың эпитеті) деп аталатын, соның көмегімен адамдарға, жын-перілерге, жабайы хайуанаттарға, құстарға билік жүргізетін сақинасы болған. “Сүлеймен патшалығы”, “Сүлейменнің ұлылығы”, “Сүлейменнің сақинасы” деген ұғымдар парсы әдебиетінде көптеп кездеседі
Жәмшид – Иранның ұлттық дастандарындағы Пишдадиан (есімі аңызға толы Һушанг патшадан бастау алатын Иранның алғашқы патшаларының әулеті) әулетінің төртінші патшасы. Ол ирандықтар үшін көптеген әдет-ғұрыптың негізін қалаушы деп есептелінеді. “Шаһнаме” дастанына сүйенсек, Жәмшид жеті жүз жыл патшалық құрған, Наурыз мейрамын тойлауды да жолға қойған. Бүкіл әлемді көре алатын “джам-е джам” деген тостағаны болыпты-мыс. Ең соңында Шаһнаме кейіпкері – Заххак Жәмшидті жеңіп, тәжі мен тағына ие болады.
Ескендір – қасиетті Құранда есімі келтірілетін Ескендір Зұлқарнайын. Өмірі мен жасаған жорықтары әлем әдебиетінде ұлы туындыларға арқау болған даңқты қолбасшы А.Македонскийді Шығыста осы есіммен байланыстырып, екі тұлғаны біреу деп таныған тұжырым қалыптасқан. Ескендір – Фердоуси, Низами, Деһлеви, Жәми шығармаларының кейіпкері.
Абай жас сұлуға есімдері аталған патшалардың қанша мықты, орасан байлық, мал-мүлік иелері болғандарына қарамастан, олар “сені ала алмас” дейді.
Парсы ақыны Хафиз ғашықтық жасампаз ғазалдары арқылы сүйе білуді, сүйікті болуды үйретеді, өмірден түңілген жандардың үміт отын жалғап, жүректеріне сенім ұялатады, адасқандарға шырақ жағып, жол көрсетеді. Ал махаббат, сүйіспеншілік, мейірім, адамгершілік сияқты Адам баласының бойына тән ұлы қасиеттердің сезім ошағы – жүрек. Хафиздің сөздік қорын қарастыру барысында көзіміздің жеткені, ақын махаббат, ғашықтықты жырға қосқанда сүйіспеншілікке қатысты мей – шарап; иар – жар, дос; ешқ – махаббат; чешм – көз; золф – бұрым сияқты сөздерді жиі пайдаланған. Ал осы сөздердің ешқайсысын жеке-дара сезімнің айнасы – жүрексіз көз алдыңызға елестету, тіпті елестетпек тұрмақ, олар жайлы ойлау мүмкін емес. Сондықтан да Хафиз өз ғазалдарында махаббатты, ғашықтықты жырлағанда, осы сөздерге тірек етіп “жүрек” сөзін жиі қолданады. “Жүрек” сөзі (парсыша – “дел”) Хафиздің бес жүзге жуық, нақтырақ айтсақ, 495 ғазалының өзегі, негізі десе болғандай.
Ирандық ғалым Мансур Паймард “Жүрек – Хафиз өлеңдерінің мағыналық негізі” атты мақаласында Хафиздың диванында “дел” – жүрек сөзі және жүрекпен келетін сөз тіркесі 607 рет, ал осы сөздің араб тілінен енген синонимі “ғалб” 15 рет қолданылған деп есептейді [9, 56-б.]. Әрине, ақын шығармасында “ғалб” сөзі аллегориялық астармен құбылтылған түрде басқа жерлерде де көптеп кездеседі.
Хафиз ғазалдарында да жүрек алуан түрлі эпитеттер арқылы берілген: “дел-е азарде – қиналған жүрек”, “дел-е сангин – тас жүрек”, “дел-е ғамзаде – қапалы жүрек”, “дел-е саргаште – сергелдең жүрек”, “дел-е мескин – міскін жүрек”, “дел-е сауда заде – ғашық жүрек”, “дел-е маджруһ – жаралы жүрек”, “дел-е заиф – әлсіз жүрек” және т.б.
Сөйтіп, Хафиз да ғазалдарында Абай сияқты жүрекпен тілдеседі, сырласады:
Ей, жүрек, жастық дәурен өтті,
қызықтан пайда таппадың.
Есіңде болсын, қартайғанда жас кездегі
қызық ұят пен жаманатқа қалдырады.
Ей, дел шабаб рафт о начиди голи зе ейш,
ای دل شباب رفت و نچیدی گلی ز عیش
Пиране сар бекон һонари нанг-о нам ра.
پیرانه سر بکن هنری ننگ و نام را
Сүйгенім үшін жүрегім мен дінімді де жоғалттым,
“Аулақ жүр” деді ол маған, сен есіңді жоғалттың.
Дел о динам шод о делбар бе маламат бархаст
دل و دینم شد و دلبربه ملامت بر خواست
Гофт ба ма манешин каз то саламат бархаст.
گفت با ما منشین کز تو سلامت بر خواست
Хафиз ғазалдары бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар мен түсініктерге толы, сондықтан ақын ойы оқырман үшін одан әрі күрделене түседі. Мәселен, ақын “Сүйгенім үшін жүрегім мен дінімді де жоғалттым” деп, сүйіктісінің сұлулығына тәнті болып, жүрек тізгінінен айырылып, ғашықтық жолында дінін де жоғалтады. Құлай сүйгеніне қарамастан, сүйіктісінен сөгіс те естиді. Сүйіктісі жүрегінен, дінінен ажыраған жанды ессіз адамға балайды. Одан бойын аулақ сала бастайды. Демек, жүрек пен дін – адамзаттың адами амандығының екі тірегі. Жүрек пен діннен безгендер ғашықтыққа да жарамайды.
Хафиз ғазалдарындағы жүрек тақы-рыбының қазақ ақыны Абай шығармашылығындағы жүректі әспеттеу, мадақтауымен астарлас, өзектес екендігі – әдеби сабақтастықтың тағы да бір көрінісі. Парсы ақыны өзінің ғазалдары арқылы жер бетіндегі жұмыр басты пенде мен Жаратушы арасындағы дәнекер, көпір бола білді.
Сопылардың ұғымында ғашықтық – Алла мен адам арасын байланыстырушы сезім. Ғашықтық сезімнің арқасында Алла мен адам арасындағы алшақтық жойылады.
Хафиздің жаны сопыларға жақын болғанымен ол дәруіштердің мекенін қоныс етпеген. Ол шариғат ғылымдары саласының білгірі болған.
Ғұламалардың түсінігі бойынша махаббаттың екі түрі болады екен: адамның Аллаға деген илаһи махаббаты және жігіт пен қыз, ер мен әйел арасындағы қарапайым адами (табиғи) махаббат. Хафиз махаббаттың екі түрін де терең жырлаған. Оның ғазалдарында илаһи махаббаттың адами махаббатпен араласып кеткендігі соншама, олардың ара-жігін ашып, ажырату өте қиын. Әйтсе де хафизтанушы ғалымдар Хафиз ғазалдарын мазмұны жағынан бірнеше топқа бөліп қарастырады: 1. сопылық; 2. сопылық емес.
Сопылардың түсінігінде Алланың жамалы, Алланың дидары бәрінен артық. Сұлулық жағынан Аллаға тең келер ешкім жоқ. Сондықтан Хафиз сопылық ғазалдарында оқушысын әр нәрседен хабардар болып, бақытты өмір сүргісі келсе, “Сұлулық сұлтанына” яғни Аллаға ғашық болуға, оған жетуге жол табуға үндейді:
Ей, жүрек!
Махаббат пен мастықтан бір сәт те ада болма,
Илаһи мағрифат жолында дүниеуи қызықтан бас тарт.
Ей, дел мабаш иек дам хали зе ешқ о масти
ی دل مباش یک دم خالی ز عشق و مستی
Ва ангаһ бероу ке расти аз нисти о һасти
و آن گاه برو که راستی از نیستی و هستی.
Ғашық бол, әйтпегенде дәм-тұзың таусылар күні,
Жаратушының “ғашық бол” дегеніне мән бермегеніңді түсінесің.
Ашеқ шоу, ар на рузи кар-е джаһан сар айад
عاشق شو ار نه روزی کار جهان به سر آید
Наханде нақш-е мақсуд аз каргаһ-е һасти
خوانده نقش مقصود از کارگاه هستی.
Ирантанушы ғалым И.Жеменей Хафиз шығармашылығындағы илаһи махаббат жайлы: “Хафиз Аллаға ынтызар, сол машұққа жетуге құмар. Ол күндіз-түні шарқ ұрып, тынбайды, тіпті жүрегін де аямайды. Сопылық дәстүрмен Хафиз ғашық жүрегін көбелек пен шамға теңейді. Көбелекте көз жоқ, өзі келіп шамға ұрынып, күйіп өледі. Ақын сондай көзсіз ғашықтықтан күйіп өлуге де даяр” [10, 51-б.], – дейді.
Ал сопылық емес ғазалдарында Шығыс шайыры жер бетіндегі әйел мен ер адам арасындағы адами, табиғи сүйіспеншілікті жырлайды:
Еске түсіп қартайғанда махаббатым жас кезгі,
Сақтап жүрген жүректегі сырым ашылды.
Пиране сарам ешқ-е джавани бе сар офтад
پیرانه\سرم عشق جوانی به سر افتاد
Ван раз ке дар дел бенеһофтам бе дар офтад.
وان راز که در دل بنهفتم به در افتاد
Хафиздің де ғашық жүрегі шишадай нәзік, әлсіз:
Тас жүрекпен соншама көңілімді қалдырдың,
Мөлдір, нәзік шыныдай жүрегі бар Хафиздың.
Чера һами шекани джан-е ман зе сангдели,
چرا همی شکنی جان من ز سنگدلی
Дел заиф ке башад бе назуки чу зоджадж
چو زجاج دل ضعیف که باشد به نازوکی
Абайдың шығармашылығын парсы әдебиетімен салыстыра, салғастыра зерттеу барысында аңдағанымыз, ол – ақынның махаббат лирикасының Шығыс әдебиетіндегі ғашықтық тақырыбымен үндестікте, сабақтастықта жырланатындығы. Әйтсе де, қазақ ақынының өлеңдерінде махаббаттың адами махаббат үлгісі басымырақ түсіп жатады. Абай табиғи сезім – махаббат, ғашықтықты Шығыс ақындары, әсіресе Хафиз шығар-маларындағыдай тұспалдамай, жұмбақтамай, емеурінсіз, анық, ашық, шынайы күйінде жырлайды. Мәселен, төмендегі өлеңінен ақын сөзінің ет пен сүйектен жаратылған нақты әйел затына қарата айтылғаны анық көрінеді:
Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені,
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек.
Абай илаһи махаббат түрі анық көрініс беретін “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңінде:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі, —
деп оқырманын Жаратушыны өзінің жанынан да артық жақсы көруге, сүюге шақырады.
Ақын “Алла деген сөз жеңіл” деген өлеңінде Алланы жүрекпен жақсы көруге үндейді:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес.
Дененің барша қуаты,
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін.
Абай адами махаббат пен илаһи махаббатты біріктіріп:
Адамды сүй, Алланың хикметін сүй,
Не қызық бар өмірде онан басқа,-
деп, өмірдің махаббатсыз қызық емес екендігіне баса назар аударып, “Махаббатсыз дүние – бос” деген ойын қайталайды.
Абай оқушысын нағыз ғашықтық сезімінің қандай болатынымен, оның сипаттарымен таныстыра кетеді:
Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып,
Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып,-
деп пәк сезім – ғашықтықтың дертпен тең екендігін баса айтады. Абай бұл өлеңде бірінші жақтан, өзінің атынан сөйлейді:
“Сенен артық жан жоқ”, – деп ғашық болдым,
Мен не болсам, болайын, сен аман бол!
Сопылар адамның ішкі әлемін жеті бөлікке бөледі екен: мінез, нәпсі, жүрек, рух, сыр, жан, ішкі ғайып дүние. Жүрек – нәпсі мен рухтың ортасында орналасқан. Жүрек нәпсімен неғұрлым жақынырақ байланысып, екеуінің байланысы соғұрлым нығайған кезде адамның рухани күші әлсірей бастайды, сөйтіп ол нәпсінің құлына айналады. Нәпсі дегеніміз – ұйқы, күлкі, құмарлық, байлық, атақ-даңққа ұмтылу және т.б. Сопы өзінің болмысындағы мұндай құбылыстармен дайым күресумен болады. Ақыр соңында, сопы үлкен шыдам-дылықпен өзін-өзі тәрбиелеу арқылы және Алланың жәрдемімен нәпсінің бұғауын үзіп, рухпен табысып, кемелділікке жетеді.
Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол,-
деп Абай нағыз ғашықтықтық пен шынайы махаббаттың өткінші сезім – құмарлықтан айырмасын ашып көрсетеді. Ақын тағы бірде:
Ысытқан, суытқан,
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл,-
деп нәпсі үшін болатын құмарлықтың уақыт өте келе басылатынын да айтып кетеді. Ақын “есті адам болсаң, әйел затын сыртқы сұлулығына бола жақсы көрме, нәпсінің құлына айналма” деген ой айтады:
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ, көрсе қызар нәпсіге ерме.
Абайдың нәпсіні тыю, құмарлыққа салынбау, сезімді шектен шығармай жүгендеп ұстау жайлы ойлары “Сап, сап, көңілім, сап көңілім” өлеңінде анық көрініс тапқан. Зерттеушілердің соңғы еңбектерінен мәлім болғандай, бұл өлеңді Абай жас кезінде Сүйіндік қызы Тоғжанға арнап жазған көрінеді. Ақын “әл-қуаты құрып, ауру да емес, сау да емес бір күйге”, яғни нәпсінің азғыруына түссе де сол заманның жастарындай түн қатып, қызды ауылды аңдымай, сезімін ырықтап тілхатқа жүгінеді: “Көңіл аулап, сөз айтар, арадағы тілхатым”. Осыдан-ақ ақынның ерік-жігері мықты адам екенін байқаймыз.
Енді бірде ақын жасының ұлғайып, қызық, думанның келмеске кеткеніне өкініш білдіріп, таусылады:
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық, мол жылдар.
Ақырын-ақырын жылыстап,
Алыстап кетті-ау құрғырлар.
Қорыта айтқанда, адамдардың жандүние әлеміндегі сан алуан сезім құбылыстарын лирикалық-психологиялық сарынмен жырлаған классикалық поэзия жырлары өнердің эстетикалық ықпалдылығын таныта түседі. Осы ретте А.Бушминнің “При изучении историко-литературной преемственности важно найти не просто отдельные элементы сходства, а то, что в какой-либо мере характеризует общность творческих замыслов, единство или близость идейно-эстетических принципов” [12, с.117] деген ойы дәлелдене түскендей.
Қарама-қарсылықтар қатарласқан тіршілік қозғалысының көркем шындықпен жырлануы арқылы мәңгілік тоқтамайтын поэтикалық үн-дестіктер дәстүрі де айқындалады. Поэтикалық үндестік – көркемдік ойлауға тән ортақ ерекшелік.
ӘДЕБИЕТ
1.Ысмағұлов Ж. Абай: Ақындық тағылымы. – Алматы: Ғылым, 1994. – 280 б.
2.Абай. Энциклопедия. – Алматы: Атамұра, 1995. – 720 б.
3.Мырзахметұлы М. Абай және шығыс. – Алматы: Қазақстан, 1994, -208 б.
4.Ахметов З. Поэзия шыңы – даналық. – Астана: Фолиант, 2002. – 408 б.
5.Шығыс жұлдыздары. Құрастырған Қ. Жұмағалиев. Алматы: Жазушы. – 1973. 237 б.
6.Хафиз пажуһи. Дафтар-е доввом // Бе кушеше Куруш Камали Сарвестани// – Шираз: Марказе Хафизшенаси, 1384. – 237 с.
7.Кавус Хасанли. Чешме-йе хуршид. Шираз: Ентешарат-е ноуид-е Шираз, 1385. – 248 с.
8.Саде-йе бесиар нақш (Дастан невисан ва шаеран-е емруз Хафез ра чегуне ми бинанд?) // Кавус Хасанли // Шираз: Шеркате ентешарат-е елми ва фарһанги. 1384. – 265 с.
9.Хафиз пажуһи. Дафтар-е һаштом // Бе кушеш-е Джалил Сазегар Нежад. – Шираз: Марказе Хафизшенаси, 1384. – 261 б.
10.А.Бушмин. Преемственность в развитий литературы. – Ленинград: Художественная литература, 1978. – 224 с.