Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Салық Зиманов. АБАЙ – ҰЛЫ БИЛЕРДІҢ СОҢҒЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ БІТІМ-БИЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ

zimanov_salyk

С. Зиманов

Абай Құнанбайұлы (1845-1904) – Шығыс ойшылдарының өнегелі үлгілерін игерген қазақ әдебиетінің классигі, маңдай алды ақын, кемел ойлы философ ретінде тек қазақ топырағына ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі. Мұхтар Әуезов айтқанындай, «Соның барлығымен қатар Абайдың ел ішінің ең үлкен, ең іргелі биі болғанын да еске алу керек». «Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы заманда да көрген жоқ деп айта аламын», – дейді замандастарының бірі.

Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, жол-жора ережелеріне негізделген қазақ заңдарының күші әлі де Ресей отаршылық дәуірінде де жойыла қоймаған ортада, оларды қазақ халқының бірлігі, тыныштығы, болашағы үшін жаңаша көзқараспен мейлінше пайдалана білген, XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ірі тұлғалардың алды Абай. Оның шешен-би ретінде атқарған қызметі, жол-жора ережелеріне енгізген жаңа үлгілері көшпелі қазақ халқының рухани өмірінің дамуына едәуір әсерін тигізді.

Абайды күні бүгінге шейін ұлы ақын деп қарап келдік. Бұл орынды. Орынды болса да, жеткіліксіз. Ұлы ақын өлең сөзбен бейнелеген жүрек сырын, терең ойын тек арманы етіп қалдырмаған. Сол үшін күрескен. Шешендік, билік жолы оның халықтық сана-болмысты биіктетудегі негізгі құралы саналған. Абай – тұтас тұлға. Оның би атануы, биліктері – тұтас тұлғаның күрделі болмысының бір қыры. Ол «Ұлы дала» заңын үлкен қоғамдық күш деп санады. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп жазды.

Абайдың ақындығын билік, шешендік өнерімен ұштастыра қарау міндет. Сонда ғана ұлы адамның ұлылығы биігінен көрінбек. Абайдың өмірбаянын, тарихтағы орнын оның би болып атқарған қызметінен бөліп қарау біржақтылық екендігі айқын. Солай бола тұрса да, өкінішке орай, бүгінге шейін Абайдың биліктері ол туралы зерттеулерден сырт қалып келді. Оның себебі де бар. Қоғамды топқа емес, қарсылас тапқа бөліп, тап күресін уағыздаған Кеңестік идеологияның үстем болған кезеңінде «би» дегенді әшкерелеумен болдық. Оның көшпелі елдің өзіндік мекемесі екендігін, ғасырлар бойы ел тарихының арқауы болғанын біле тұра, оны ғылыми тұрғыдан зерттеуден бас тарттық. Енді өмір өзгерді. Қазақтың өз алдына тәуелсіз ел болуына байланысты ақтаңдақтарды жоюға мүмкіншіліктер туды. Абайдың жораға түсуі, биліктері ежелден қалған әдет-ғұрып ережелеріне сүйене отырып, заманына сай кейбір жаңалық енгізгені – зерттеуің күтіп жатқан Абай өмірбаянындағы ақтаңдақтар. Көп дүниеден құр қалдық. Ел арасына кезінде кеңінен тараған Абайдың биліктері мен соған байланысты шешендік сөздеріне куә болған, болмаса, атадан ұрпаққа тарағанды жеткізер қариялар бүгінде жоқ.

Академияның ғылыми кітапханасының колжазба қорында Абайдың биліктері жөнінде бірен-саран ғана мағлұматтар кездеседі. Халқымыздың ауыз әдебиетін зерттеушілердің, я болмаса оған жанашыр, әуеской ата-бабаларымыздың, азаматтардың жеке қорында да кейбір акпарлар әлі де сақталуы мүмкін. Кеңес дәуірі кезіндегі ашаршылық, кең тараған қуғыншылық, босқыншылық жылдары талай қолжазбалар өртенген, жойылған. Олардың орны толмас қасіреттері тиген. Өткен XX ғасырдың 50-60-жылдары ел арасынан, соның ішінде Тобықты, онымен аралас-құралас көрші тайпалардың қарияларынан ауызша сақталған Абайдың билік үлгілерін әдейі жинағанмын, ол кезде Ұлттық академияның құрамындағы философия және құқық институтының директоры болуымды пайдаланып, іздену жұмысына көпті көрген, елдегі саусақпен санарлық сыйлы кісілердің бірі, Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы Ақат, сонымен бірге Тобықты топырағынан шыққан қариялар С.Қасиманұлы, Ә. Қайнарбайұлы сияқты басқа да ақсақалдарды тарттым. Бірқатарын институттың уақытша қызметкерлері ретінде орналастырып, олардың жүріп-тұруына тиісті ақысын төлеп, мүмкіндік жасадым. Солармен бірге өзімнің қарауымдағы қызметкерлер Мұстафа Ысмағұлов, Рысбек Сарғожаұлы, Нұролла Өсерұлы, тағы басқалар да іздену, жинау ісіне өздерінің үлесін қосты. Осы зерттеуге байланысты Академияның кітапханасындағы қолжазба қорымен біркелкі таныстым. Абай туралы бұрын-соңды жарияланған еңбектер, әр түрлі пікірлер зерттелді, жинақталды. Өкінішке орай, әр түрлі себептермен зерттеу жұмысы қорытындыланбады, тоқталып қалды. Енді міне 50 жыл араға салып, жиналған құнды қолжазбаларымды көпшілікке ұсыну максатымен, сол еңбектерге қайта оралған жағдайым бар. Оған негізгі себеп болған отаршылықтан құтылып, қазақ тәуелсіз мемлекетінің құрылуы. Сонымен бірге кезінде әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ұсынысы да қамшы болды. Соңынан Абайдың шешім-биліктерінің бір бөлігі Әйтеке биге арналған жинаққа енді.

Билердің атасы аталатын ертедегі Мөңке би, орта ғасырдағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», бері келе «Жеті Жарғы» аттарымен ұлт тарихына енген заң-ережелерінің халықтық касиеттерін өнеге ұстаған, оларға дәуіріне сай кейбір құнды толықтырулар енгізген XIX ғасырдағы ірі тұлға – «Төбе би» атанған ұлы Абай. Үш жүзге әйгілі Төле, Қазыбек, Әйтеке, келесі буын – Сырым, Есет, Саққұлақ сияқты әрі әділетті бітім биліктерімен, ел басқару, ел мүддесін қорғау тәсілдерімен қазақ топырағында ерекше орын алған іргелі тұлғалардың жолын ұстаған соңғы билердің бірден бірі, ғаламаты да Абай. Бұл мақала осы жөнінде айтылмай келген, зерттеуден түрлі себептермен сырт қалып жүрген Абайдың бір үлкен қыры – биліктері мен шешендігіне арналды.

1909 жылы Петербургте жарық көрген, Құнанбай балалары даярлаған Абай өлеңдерінің басылымында: «20 жасында Абай халық ортасында Мөңкедей бас шешен болды… Қазақтың ескі заманы болса, бұрынғы қазақтың атақты биінің бірі болмағы анық еді», – деп жазған.

Абайдың өзіне сөз беріп көрелікші. Ол бұрынғы билермен өз кезіндегі Ресей отаршылдығы дәуіріндегі билердің айырмашылығын, заманның өзгеруімен бірге билердің де өзгеріп бара жатқандығын, әділдіктің азайғандығын өкінішпен суреттейді: «…Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Әз-Тәуке ханның «Кұлтөбенің басында кұнде кеңес» болғанда «Жеті Жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ». Ресей патшасының отарлау саясаты қазақ сахарасында талай өзгерістер енгізді. Солардың бірі – билердің үкімет тарапынан сайлануы, олардың көбін жергілікті әкімшіліктердің қолшоқпарына айналдыруы.

Абайдың шын мәніндегі би болып қалыптасуына өскен ортасы әсерін тигізді. Жораға түсу, билік ісі – Ырғызбай-Құнанбай әулетінде атадан балаға тараған дәстүр. Арғынның ішіндегі Тобықтының аты Абайдың арғы аталарының бірі Ырғызбай кезінде шыға бастады деген бар. Зерттеушілердің айтуынша Ырғызбай беделді би болған. «В памяти слышавших его надолго сохранились песни, скороговорки, пословицы», — дейді М.С. Сильченко. Мықты билердің қатарына кірмегенімен, оның әмірі өз руына жүрген. Ауыз әдебиетінде құнын ала алмаған даугердің «мойынбасы былқылдап, Ырғызбай жүрді араға», – деген сөзі кездеседі. Сірә бір сөзді, бір түйінді басшы болмаған сияқты. Тобықтыны қонысы көршілес рулармен теңеген, оның ықпалын күшейте түскен – әрі биі, әрі көсемі Кеңгірбай. Ол қартая келе өзінен тараған ұрпақ ішінен беделге ие бола бастаған ағасының баласы Өскембайға өз жолын өз қалауымен берген.

Болжауы дұрыс болған. Өскембай елге беделді, қазақтың жол-жоралғы ережелерін әділдікке сүйене отырып қолданады. Тобықты ішінде сол кезде «Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар» деген мәтел тараған (бұндағы Ералы – Кеңгірбайдың баласы). Өскембайдан туған Құнанбай ойшыл, сырлы, терең сөздің шебері, мінезі қатал, бір сөзді, ескі әдет-ғұрып салты мен дінді қатар ұстаған Тобықтының әрі биі, әрі басшысы. Оз әулетінің шеңберін місе тұтпай, қарадан шықса да, Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып бекиді. Абай осындай ортада өсті. Өмірден өнеге алуға жастайынан талпынған бала аталары би болғандықтан, ел билеу, шешендік үлгісінде торбиеленеді. Құнанбайды көзі көрген, онымен араласқан саяхатшы А. Янушкевич 1846 жылы жазған естелігінде былай деп суреттейді: «Құнанбай таңғаларлық төкпелі шешен, тоқтамай жүретін сағат сияқты ертеңгі оянғаннан кейін ұйқыға кеткенше тыным жоқ, сөйлеумен болады. Қазақтар оған минут сайын келіп, кеңес сұрап жатады, ол болса ежелгі шешендер сияқты белін таянған күйі суырыла сөйлеп отырады».

Абайдың өзі айтқандай «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анасынан, құрбысынан, әсіресе солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады».

Сөздің қоғамдық құны, атышулы билердің билік үлгілерінің (прецедент) қадірі кете бастады. Бірақ та түгелдей жойыла қойған жоқ. Бұрынғы әділ, шешен, бұқара елдің қамын жоқтайтындардың сынықтары әлде де, бірен-саран болса да, кездесетін. Абай солардың ішіндегі көрнектілерінің алды болды.

Арман әр түрлі. Атадан туып елдің азаматы, «көштің басы» болсам деп аңсаған жас жораға түсіп, шешен, тапқыр атанып, көпшіліктің көзіне ілінсем деп армандайды. Заманында Төле би: «Тұман түбі жұт, ақыл түбі құт, елге бай құт емес, би құт», – деп тегін айтпаған.

Дарын-талабына сай би болам, сөзімді жүргізем деген үмітті кісі көрнекті ата-бабаларының артына қалдырған түйінді, өрнек сөздерін, өсиет-мұраларын игеруі шарт! Оларды өзіне үлгі етеді. Осы жолда жетілуіне қарай өседі.

Абай жасынан қарттардың қызықты әңгіме-аңыздарына, сөз таластарына, ауыз әдебиетіне әуес болып өсті. Атақты ел басшыларының, билердің кеңесін тыңдауды әдет етті. Әкесі Құнанбайдың, басқа да Тобықты ішінде атағы шыққан үлкендердің ойлы сөз өнерін, ата-бабадан қалған атаулы жол-жоба, шешім, келісім, билік үлгілерін үйренді, жадына құйды. Абай ата жолын қуады деп оған Құнанбай сенім артты. Қартая келіп, Тобықты ұлысының тізгінін бұдан былай да ұстап тұру мақсатымен Құнанбай баласын Семейдегі Ахмет-Риза медресесіндеғі оқуын бітірткізбей, елге шақыртады да, би болып билік айтудың сырына баулиды. Оны қасына ертіп Қоянды жәрмеңкесіне, Қарқаралыға, тағы басқа жерлерге апарады. Белгілі ақсақалдар, билер кеңесіне қосады. Мұхтар Әуезов осы кезең туралы былай деп жазады: «Отец вернул его в аул и начал постепенно приучать к разбирательству служебных дел, к будущей административной деятельности главы рода. Вращаясь в кругу изощренных вдохновителей межродовой борьбы, Абай, наделенный от природы недюжинными способностями, постигает тончайшие приемы ведения словесных турниров, где оружием служили красноречие, остроумие и изворотливость. Так как тяжбы решались не царским судом, а на основе веками существовавшего обычного права казахов, Абай должен был обратиться к сокровищам казахской народно-речевой культуры».

Абайдың мұрасын зерттеушінің бірі М.С. Сильченко да осыны қуаттайды. Әкесі оны 13 жасынан бастап «стал привлекать к решению спорных дел и управлению родом», – дейді. Тағы бір еңбегінде: «Незаурядные способности сына, его ораторские данные и знание поговорок, изречений биев и других видов устного народного творчества вскоре сделали юношу весьма популярным в среде окружающей отца феодально-родовой верхушки тобуктинского рода».

Абай ерте жетілді. Жас кезінен-ақ ел көзіне түсті. Оның тапқырлығы мен шешендігі, әдет-ғұрып ережелерін игергендігі, әділ де қисынды шешімдері көпшіліктің ойынан шықты, ел билеуге әзірлігін көрсетті.

Болжауы мол әкесі Құнанбай да Абайды түсінді. Ол әлі жиырмаға толар-толмас жас болса да ел билеу жұмысына араласуын көздеді. Семейдегі оқуынан алдырып, болыс сайлауына қатынастыру ойы да осыған байланысты еді.

Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігінде: «Әкем әуелі Құдайберді болыс болып сайланғанда оның кандидаты (орынбасары) болып тағайындалды», – дейді. 1868 жылғы реформадан кейін әкесі оны өз болысына управительдікке ұсыну қимылын жасайды. Бір мағлұматтарға қарағанда Абай оған келісімін бермейді. Осының салдарынан әке мен бала арасында үйлеспеушілік, реніш туады. «30 жасында көршілес Қоңыр-Көкше Тобықтыға бірінші рет управитель болып, Абай әкімшілік жұмысын өзінің әділеттігі мен жігерін ел басын біріктіруге, ұрлық-қорлыққа мейлінше тыйым салуға, оқу-білімнің пайдасын, надандықтың зиянын көпшілікке түсіндіруге пайдаланады». Абайдың өлеңдері мен өмірін терең зерттеушінің бірі Сәбит Мұқановтың жазуынша, «ол сол кезде белең алған ұрлық-қарлыққа, барымтаға, тағы сондай қиянаттарға қатты тыю салған. Қиянатшыларға мейірім істемейтін қатал болған». Әсіресе, сауатын ашқан не аша бастаған сезімтал жастар арасынан Абайды жақтаушылардың көбеюімен бірге қарсыластары да бой көрсетті. Өз ата-бабасының, өз ауылының кертартпа ескі салтының шырмауынан шықпаған күндестердің күңкілі көбейді. Абайдың оқығандығы, сезгіштігімен алға қарай көш бастауға ұмтылуы оларға үйренген «тыныштығын» бұзатын өрескел іс болып көрінді. Патша ұлықтарының атына Абайдың үстінен арыз берушілер де табылды.

Араға үш жыл салып, Абай болыстық жұмысты тастады. Кейін, ол жыл шамасы өткеннен соң, осы елге тағы бір рет болыс болады. Саналы кезінде қоғам өмірінен қол үзбеді. Округ, болыс бастығы сайлауларында өзінің туыстары ішінен ақылдыларының өтуіне көп күш жұмсады. Елді «түзетемін» деген ойына да күмән түсті. Ілияс Жансүгіровтің ойынша, Абайдың «Ел бұзылды» атты өлеңінде түпкі сарын «басшыға, әсіресе, елді түзетем, бастаймын деген өзіне бағынбағандығын көп арман қылады».

Сол кезде орта жүздің әкімшілік орталығы болған қалалары Омбы мен Семейге тоқталып, тұрақтап, қазақтардың ата-баба заңдары, ережелерімен шұғылданған орыс оқымыстылары, жер ауып, иә болмаса, бостандық аңсап келіп оқыған жас орыс мамандары Абай ауылына соқпай, онымен ақылдаспай кетпеген. Солардың ішінде П.Е. Маковецкийдің 1886 жылы жарық көрген қазақтың әдет-ғұрып заңдарына арналған кітабына Абайдың тікелей қатысы бар. Оның Абаймен жақын, сырлас, тамыр-таныс болғаны мәлім. Апталап, айлап Жидебайда қонақ болып, келіп-кетіп жүрген. Абаймен тығыз аралас-құралас жүрген туысқандарының, шәкірттерінің айтуына қарағанда Абай өзінің қолжазбасын Маковецкийге берген, соның атымен шығарғанға келеді. 1909 жылы Петербургте басылған Абай өлеңдері жинағының алғы сөзінде былай деп көрсетілген: «…Макауитскидің атына басылған қазақтың ескі әдет-ғұрпы деген кітапты жазып аламын деп жүрген Грус (Гросс – С.3.)…әм Михаилэс Абайдікіне қонақ болып келіп кетіп жүрген». Гросстың еңбегіне Абайдың көмегі мен әсері мол болған. Мұхтар Әуезовтің ертеректе шыққан бір еңбегінде: «Гирос (Гросс – С.З.) айдалып келген соң қазақтың ескі жорасы бойынша айтылатын билік кесім сияқты ескі әдет заңдарын жиып, қарастыруға салынған, сонымен бұ да Абаймен араласып, қырға шығып, 3–4 айдай Абайдың ауылында жатып қайтқан».

Абайдың өскен заманында билер сан жағынан көп те, шын мағынадағы билер саусақпен санағандай болатын. Би атағын атап та беру, сатып та беру тараған-ды. Ауыл басына кемінде бір биді ұлық тағайындады. Бұрынғы, ел бұзылмай тұрғандағы адал билердің салтын, өнерін, әділеттілігін, тапқырлығын, ойшылдығын сақтағандар сирек кездесетін еді. Соның бірі Абай болды. «Сұңқар даусымен, тұлпар шабысымен» дегендей, Абайдың тапқырлығы, сөз қисыны мен ой қисынының ұштасуы, үлкендердің алдында каймықпай айтысқа түсе алатындығы жасынан-ақ сезіледі. «Тегін емес», дарынды жас екендігі байқаудан өтеді. Ел арасында «Құнанбайдың Ыбырайы», кейде «Құнанбайдың Абайы» деген сүйсінген көтеріңкі ат кеңінен тарай бастайды. Әділ би, шешен би аты көпке тарап, Абай тарихта өткен ұлы билердің қатарынан саналады.

Ғасырлар бойы қалыптасқан үлгі бойынша би атағына ие болу ұшін алдыменен ақылдылығымен бірге тапқырлығын, әсіресе үлкен ойшылдығын үлкендер алдында, жиын алдында жасынан бастап көрсетуі, сөйтіп көпшілік сынынан өтуі қажет. Абай да осы жолдан өтті. Бір-екі мысал келтірейік. Академия кітапханасының қолжазба қорында Мұхатов Ғалымжан атты азаматтың ертеректе ел ішінен жинап, тапсырған мына дерегі жатыр. Қаракесекпен жапсарлас отыратын Қареке руының адамдары бір жылы ел жайлауға шыққанда Тобықты руының бес айғыр үйір жылқысын барымталап алыпты. Дау шешімін таппайды, таласқа айналып, екі рудың араздығын күшейтеді. Кейін осы рулардың арасындағы дауды бітіруге Тобықтыдан Құнанбай бастаған қырық кісі Қареке еліне келіпті. Қареке жағынан Камен би бастаған халық жиналып, екі ел бір төбенің басына отырыпты. Жол сырын аңғарғаннан кейін Камен би: — Уа, Құнеке! Желілеген жылқы жалғыз сіздікі емес, желпінген тақым жалғыз біздікі емес, көрген көз, қалған із жоқ, айып кімнен? – дейді. Сонда Құнанбай не айтар екен деп қасындағы баласына қарайды. Абай кідірместен: – Рас айтасыз, биеке! Желілеген жылқы жалғыз біздікі емес, желпінген тақым жалғыз сіздікі емес. Тай мініп, тайлақ жетектеген әр елде бар, Қара үңгелдің бойымен жылқы қуып, қансорпа қылған қай елде бар? Көрген Тобықты аз болса, құдай көрді, – депті. Камен би бала сөйлейді деп ойламаған, сасып қалыпты.

Сонда ол: – Япырым-ай, Тобықтының үлкені тұрғанда, кішісі сөйлейді екен-ау! – дейді. Абай оған: – Биеке, оның не ерсілігі бар? Үлкенім жол айтады, өзім дау айтамын. Ал сіз дауыңызды өзіңіз айтып отырсыз, жолыңызды кім айтады? – деп жауап қайтарады. Камен би сөзден ұтылып: – Тіліңді тәңір кессін. Менің заманымның сұрқылтайы мынау екен, – дейді де, орнынан ұшып тұрып, жігіттеріне қарап: – Тобықтынын жылқылары біздің үйірге қосылғаны рас болса, қайырыңдар, – деп бұйрық береді. Сонымен Қаракелер барымтаға алынған жылқының барының көзін қайырып, жоғының төлеуін беріпті. Бұл даудың қансыз, қауіпсіз, жөнімен біткеніне Қаракелердің өздері де қатты риза болып, Абайға алғыс айтады, Құнанбайға айыпқа қасқа тоғыз жол беріпті.

Абайдың кейбір мүлік-мұрасын 1932 жылға шейін қолында сақтап келген (тоғызқұмалағына шейін), қызы есебінде болған келіні Камалияның айтуынша: Абай анасы Ұлжанның бауыры Сақтыбаймен, оның дэлелдеп айтатындығына сүйсініп, әңгімелескенді ұнататын. Бір күні Абай Сақтыбайға: – Біз: Тәңірберді, Ысқақ, Абай, Оспан төртеуіміз кедей болып сенің қолыңа барсақ, сен бізді қалай пайдаланар едің? – дейді. Сақтыбай ойланбай-ақ: – Тәңірбердіні жылқының қосағасы қылар ем, Абайды дауға, Оспанды саудаға, Ысқақты қонаққа салар едім, – депті. Мұны естігенде Абай қанағаттанғандай қарқылдап күлетін.

Абайдың өткір тілін, әсем сөзін, талай шиеленіскен дауларға түсіп айтқан ақылды биліктерін баяндайтын біраз естеліктер, материалдар бар-ды. Әділдігі, шешендігімен Абай жиырманың үстіне жаңа шыққан кезінен-ақ үлкен беделге ие бола бастады. Оның атағы оязной түгіл («уездный начальник»), Семей губернаторына жетті. Ел арасында «Аузымен құс тістеген» ақпа дәугер, алмас тілді ақын, әділ билік иесі деген атақ та кеңінен тарады. Абайдың беделінің артқаны сонша, өзі ресми қызмет орнында болмаса да болыс сайлау науқанында оның сөзі, ұсынысы жүріп отырған. Абай қолдаған үміткерлердің ісі оңынан туған.

Біздің қолымызда кезінде жиналған елуден астам Абай биліктері, оның үстіне Төбе би болып ресми танылған кезіндегі оның басшылығымен жасалған ережелер де бар. Осы кітапта Абайдың жер дауы және мал дауына қатысты бірқатар бітім-биліктеріне ғана талдау жасап, оқырмандарға ұсынып отырмын. Осылардың өзінен де көп мағлұмат алуға болады: Абайдың қазақ халқы өміріндегі, ақындығына қосымша, бұрынғы ел қамын ойлаған, әділдіктің арқауы болған ұлы билердің мұрагері, соңғы өкілдерінің бірі болғандығы байқалады. «Абайға жүгініске барсақ, билігіне құлдық» деу әділ бітім іздегендердің арманы болыпты.

Абай және жер дауы

Ежелден белгілі талас-тартыстың бірі жер дауы. «Жер құдайдікі» деген заманның өзінде-ақ жайлау, шұрайлы қоныс үшін жауласуға шейін барған мезгілдер болған-ды. Бірақ жердің кеңдігі бір қонысты, ұнамаса тастай беріп, екінші қонысқа ауысу мүмкіншілігі бар уақытта жерге таластың көп өзгешеліктері болатын. Таластың көбі ұлыс, үлкен рулар арасында болатын да, жеке шаруа, ауыл арасында сирек кездесетін, рудың өз ішіндегі жанжалдар көбінесе сырқа шықпай, ақсақал, билердің шешімдерімен бітетін. Сол себепті ұлыстың, рулардың ішкі өміріндегі қайшылықтарға арналған әдет-ғұрып, жол-жоба тәртібінде жер дауы жайлы ережелер аз. Ертеде, дәлелдеп айтсақ, XVIII ғасырдың ортасына шейін жерге жеке меншік деген бүгінгі мағынадағы ұғым көшпелі қазақ елінде болмады. Бұдан жер кімдікі болса, соныкі, иесіз жатты деу де кате. Ауыл-ауылдың, ру-рудың жайлауы, күздігі, қыстақ орындары бөлінгендігі белгілі, бірақ та тарлық болмайтын. Қоныстары ауысып отыратын, малдары қосылып жайылатын, оларды айыратын заманда жер дауының үлкен қоғамдык маңызы болған жоқ.

Абай кезіндегі жағдай өзгеше. Қазақ қоғамының өміріне, соның ішінде жер қатынастарына да үлкен өзгерістер енді. Жайлау-қоныстың тарылуы, ішкі әлеуметтік қайшылықтардың өсуі ру, ауыл ішіндегі «туысқандық» байланыстардың әлсіреуіне, бұрынғы көшпелі қауымның уақ-уақ болып бөлшектенуіне, жеке шаруа, иә болмаса әрбір ата баласының өз алдына бөлінуіне әкеліп соқты. Жер иеленуде жеке меншіктік өріс алды. Тек қыстаудың айналасындағы қыстық жер емес, жайылымы, су бұлағы, шалғын сайы бар орындар ана ауылдікі, мына адамның жері болып бөлінді, белгіленді. Малды ауыл, малсыз ауыл, әлді-әлсіз ата баласы, бай-кедей болып жіктелу көбейгендіктен, қонысқа талас, күшпен басып алу – жер дауын көбейтті.

Жораға түскен жер дауын шешуде ескі тәртіп, дәстүрмен қатар жаңа ережелер туды. Бұрын жер таласында қонысты жерді қай ру, ауыл бірінші боп бұрын игерді, қазған құдығы, жер аттары мола-мазарлары, тасқа ойған ру таңбалары дәлел ретінде бағаланатын.

Соңғы уақытта жерді бөлуде, айыруда атпен жүріп тас тастау, меже салу, бақан тігу, шоқы-төбеге белгі салу өріс алды.

1. Абайдың өзінің інісі Оспанға тарттырған айыбы. Кенжесі ретінде Құнанбайдың қара шаңырағына ие болған Оспан содыр мінезді, дандайсыған, сотқарлау болыпты.

Жазда Оспан жайлауға көшіп кеткенде, қыстаулар, қора-қопсы бағып қалған 12 үй жатақтар ой-ойдағы тың жерлерге ағаш, соқаға сауын сиырларын жегіп, бірлесіп 20–25 десятина жерді жыртып, азды-көпті тапқан бидайларын, арпаларын шашып, егін егеді. Оны тұяқтыға таптатпай, тұмсықтыға шоқытпай, қорып өсіреді. Маңдай терлері зая кетпей, егіндері көбінесе бітік өседі, алқаракөк болып бұл жылы да толқып тұрады. Күш көлігінің, құрал-сайманның жетімсіздігінен кеш егілген егіс кеш пісетін-ді. Дегенмен, жатақтар бала-шағасына көжелік, кеспелік астығын жинап алатын.

Бір жылы Оспан жайлаудан жылқысын айдатып көшіп келе жатқан кезінде жатақтардың жайқалып өскен егісін көріп жылқышыларына:

– Ой-ойдағы жатақтардың егініне жайыңдар! – деп әмір береді.

Жатақтардың егіндерін Оспанның жылқысы аузымен орып, тұяғымен таптап күйе жегендей етеді. Сорлы жатақтар зар жылап, күркелерінің түбінде жер шұқып, іштері күйіп өкінеді де қалады. Бұл кез Қоянды жәрмеңкесіне елдің жүрер қарсаңы екен. Қояндыда билердің төтенше съезі де тағайындалады. Абай осы съезге шақырылады. Ол Қояндыға бара жатып, жатақтардың үстімен жүреді. Жол-жөнекей әрбір ойпаңда құрым жапқан олардың күркелерін көреді. «Сусын ішелік», – деп аттың басын бұрып, бір күркеге тіреледі. Алдынан бір бүкірейген шал шығады, сәлем бергеннен кейін, Абайды танып: «Қуыс үйден құр шықпа», – деп, шал Абайды күркеге кіргізіп, сусын ұсынады. Сол жерде Абайға Оспанның егінді таптатқанын, соның салдарынан шиеттей бала-шағаның қатықсыз көжеге зору болып қалғанын айтады.

Абай шалдың сөзін үндемей отырып тыңдайды да: – Ал ақсақал, қасыңа серік ерт те, қос атпен маған еріп жүр, мен ертең жолдағы Оспанның үйіне барамын, сонда осы әңгімені жалғастырайық,– дейді.

Шал: – Біздің 12 қос жатақтың аяқ ылау қып мінері жалғыз сабау бұт, жауыр дөненнен басқа біздің көлігіміз жоқ, – дейді. Бұдан кейін Абай өзінің жеккен шеткі атын доғарып, шалға береді де: – Менің атыма біреуің, дөненге біреу мініп, ертең сәскеде, мен Оспанның үйіне барар кезімде келіңдер, – деп тапсырады. Келесі күні түске таман шал, қасында тағы бір жатақ, Оспанның ауылына түсіп, Абайдың шақыруымен інісімен бас қосқан үйге кіреді. Болған оқиғаның растығына көз жеткеннен кейін Абай Оспанға: – Қазір өзің бар да, жылқыдан құнан-тайы, аты бар, маған 24 жылқы айдап әкел, — дейді. Оспан аң-таң, қапелімде орнынан тұра қоймайды. Абай Оспанға зәрін тігіп, қадала қарайды. Оспан үйден шығып, жылқыға кетеді.

Жылқыға бара жатып Оспан қиялданады: «Егер Абай осы жылқыны жатақтарға беріп айдатса, қайтар жолына 3-4 жігіт жіберіп, жылқыны қайта үйіріне қостырайын» деп, әдіс-айла құрады.

Оспанның үйден қитығып шыққанын жаратпаған Абай: «Бұл содыр, соқтықпа неме, жылқыны айдап үйіне бір әкелер, бірақ, жатақтарды ауылына жеткізбей, өзінің сойылын соғатын көңілдестерін жіберіп, «ана екі жатақтың жұлынын үз де, жылқыны айдап үйіріне қос» деп те әрекет жасар» деп іштей топшылайды. Оспан 12 ірі жылқы, 12 құнан-саяқтарды айдап келіп, Абайға: – Ал жылқы келді, тілегіңді орындадым, әкеңнің малын қайда, неге жаратқан қызығына қарауға рұқсат етіңіз, – деп, қыр көрсетіп сөйлейді.

Абай екі жатақтың қасына өзінің жанында еріп келе жатқан Қонды шабарманын қосып: – Мына 24 жылқыны айдасып, жатақтарға барып, 12 үйге, біріне де қиянат етпей, бір ірі, бір құнаннан бөліп бер. Бұл менің Оспаннан әперген әрі төлеуім, әрі айыбым, – деп айтыңыздар, қорықпай малдансын, қажетіне ұстасын, – дейді, де Оспанға: – бері кел, «құлдық» де, – деп бұйырады. Оспан ашуланып: – Тағы қандай әкеңнен қалған малға мырзалық етесің? Тек шаңырақты қорлама, – деп зіл айтады. Сонда Абай: – Әкеңнің шаңырағының қасиетін сақтасаң, көлеңкеде жүрген, жайлауға көшсең қыстауынды күзететін, әйелдері іркітінді құрт, жүніңді киіз, малыңның көңін отын ететін жатақтарда әкеміздің құны кеткен жоқ, сен неге оларды қорлайсың? Алты ай жаз ауруға дем салғандай етіп күтіп, бәйек болып өсірген 12 үй жатақтың егінін әкеңнің жылқысына неге жегіздің? «Жер ортақ – өсімінде менікі-сенікі жоқ» деуің жатақ елінің табанының етін, мандайының терін бағаламау, ел дәстүрінің ата заңында бар ма? Білмесең бар, ана Нұрсейіттен сұрап біл… жерді, суды сен жаратқан жоқсың, жер-су құдайдікі, соны кім пайдаланып, игілікке үлес қосса, соныкі. Сен жерге малыңды жайып өсімін алсаң, жатақ күш-қуатын жұмсап, жерден өнім алуға тиіс. Әкеңнің дәулетінде менің де үлесім бар. Мен сол өз үлесімнен емес, сенің ұлесіңнен жатақтарға айып әпердім. Менің шешіміме қарсы болсаң, Қояндыда болатын билердің съезіне жүр. «Әдепсіз өскен ұл-қыз өлген ата-анасының сүйегіне тіл тигізеді», – деген бар. Сен өзінді олардың қатарына жатқызбаудың амалын ойла, – депті. (Абайдың бұл билігі 1960 жылы Жалғызтөбе ауылының тұрғыны қарт Исақов Айыздың айтуынша жазылды, Сыбандармен құда, сүйегі – Кіші Жүз, Байбақты руы).

2. Абайдың туысы, Тәкежанның баласы Әзімбай күшіне, сүйемеліне сеніп, аз Жігітек руының егініне 30 жылқысын жіберіп, жайдырады. Бұны басынғандық деп санап, жылқыларды егін иелері ұстап алады.

Әзімбай ашуланып, 150 адам жинап, сойылдасады. Бірақ, жылқыларын қайтара алмайды. Енді ол 300 қол жинап жатқанда оған қарсыласудың қиындығын білген Жігітектің бас адамдары Базаралы мен Дөркембай түн ішінде Абайға кісі жібереді. Абай ертеңіне егін басында Әзімбайдың, Жігітектен Базаралының шағымдарын тыңдап келіп, желінген, тапталған егін үшін, сойылдасқаны үшін Жігітектердің қолында тұрған 30 жылқыны соларға қалдырады. Әзімбай Семей қаласындағы орыс сотына шағым түсіреді. Сот Абайдың билігінен асып түсе алмапты. (Бұл оқиға 1962 жылы шілде айында «Горный» совхозының тұрғыны Едіжанұлы Әбіштің айтуынша жазып алынды, 82 жаста, туған жері Семей облысы, Шұбартау ауданы).

  1. Оразбай мен Абай. «Ащы судың арғы жағы» аталатын Ертіске құлар жолдағы Уақтың жерін Тобықты Оразбай Аққұлұлы «жылқысы Ертістен су ішкізуге бөгет болды» деп, 100 кісілік қол жіберіп, сойылдасып басып алады. Осы тартыста Уақ руының жігіттері Оразбайдың бес мықтысын түсіріп қалады. Семей оязының ресми сотына Оразбай арыз береді. Тергеу жүргізіп бітіре алмай, орыс әкімдері бұл істі Абайға жолдауды мақұлдайды. Ол үшін екі жақтың жүгініске отыруға келісімі керек. Бір жағы, сүйегіміз бір ғой деп келіссе, екінші жағы Абайдың әділдігіне сеніп келіседі. Абай екі жағына да тартпай, жүгіністен соң «Қара қылды қақ жарып» мынадай бітім жасайды:

– «Анау Ащы су кезінде Уақтікі болатын, оны әкем Құнанбай тартып алды, оның бергі жағы – Ащы судан Доғалаққа шейін Жиреншенің әкесі Шоқа тартып алды. Ащы суға шейінгі орынды Оразбайдың әкесі Аққұл тартып алды. Ащы судың арғы жағы Уаққа қалсын. Қолға түскен бес кісіні Уақтар Тобықтыға қайтарсын. Олардың мінген бес жылқысы (аты) жеріне рұқсатсыз кіргені үшін айыбы ретінде Уақта қалсын».

Оразбай бастаған Тобықтылар Абай Уақтың сөзін сөйлейді, оларға болысты деп қатты даурыққан. Бұл оқиғаны есінде сақтаған, көп білетін 82 жастағы қарт Әбіштің айтуына қарағанда Оразбайдың Абаймен өштесуі осы биліктен басталады. Жүгініс соңынан Оразбайлар «Аруақ атсын!» – деп айқайлағанда, Абай:

–  Мені ататын аруақ сен емес,– депті. Оразбай: – 3000 жылқыны

осы жолға салдым, – деп істі қуатынын білдіреді. Сонда Абай:

–  Құнанбайда 7000 жылқы бар, жылқы сөйлейтін болса, сөйлетіп

көр, оны да косып көр, – депті. (1962 жылы жазылды. Айтушы Едіжанұлы Әбіш).

        4. «Әкенің салған белгісі, бітім сөздің желісі» деген бар. Бұл биліктің тарихы 1958 жылы, 73 жасқа келген Әрхамның айтуынша жазылды.

Ол Кәкітайдың баласы, Кәкітай Абайдың інісі Ысқақтың баласы.

Абайдың туып өскен Шыңғыс болысымен іргелес – Қызыладыр болысына қарасты Мамай ішіндегі Еламан руынан Жамантайдың екі ұлы болады: Тезекбай, Көжекбай. Әкесі көзінің тірі кезінде оларға малын, жерін бөліп береді. Тезекбай кедей болып, бір сиыр, бір аттан артық бітпейді. Ер жеткен төрт ұлы бар. Көжекбай малды болып, байып, өзіне тиісті жерінің жайылым шөбі жетпей, ағасы Тезекбайдың жеріне ат майын, ұсақ мал беріп, жыл сайын малын жаяды.

Байлықтың арқасында оның абыройы өсіп, бес старшын Мамайдың басты адамдарының арасында ықпалы жүреді. Соларға сүйеніп ағасының жерін өзіне каратып, меншіктеп алуды ойлап, Еламанның атқамінерлері Қосқан, Тұрарларды бірнеше рет қонақ қылып, ортаға жүргізеді. Олар Тезекбайды Көжекбайдың үйіне шақырып алып:

–       Мына ағайынды екеуіңнің жерің бөлінбепті. Біздер ағайын

болып, билік айтып, жерлерді бөліп берейік, – дейді. Тезекбай:

–       Жерді әкем Жамантай өзі тірі кезінде бөліп берген. Қайта

бөлуге рұқсатым жоқ. Жүгініске келісімім жоқ, – дейді. Тілімізді алмады деп ызаланған Қосқан мен Тұрар Еламанның бірталай кісілерін шақырып, жерді еріксіз бөліп, Тезекбайдың көп жерін Көжекбайдың меншігіне қаратып, меже салып, таспенен белгілейді.

Көжекбай алған жеріне малын жаяйын десе, Тезекбай төрт баласымен бірге балта, шоқпар алып, жеріне жолатпайды. Дау өрши түседі. Қалай да болса Тезекбайды көндіру үшін бес старшын Мамайдың болыс-билерін, елубастарын шақырып, бір семіз тай сойып, Қосқан мен Тұрардың жерді бөлуін актілетіп, бекітіп алмақшы болады. Болыс-билер Тезекбайға: – Ақсақал, бір старшын Еламанның басты адамдары бөліп берген жеріне Көжекбайдың малын неге жайғызбайсың? Олай болса бізге билетіңіз, біздер біржолата дауларыңызды аяқтайық, – дегенде, Тезекбай: – Мен билікке Абайды аламын. Абай алдына барып жүгінелік, – дейді. Болыс-билер:

–  Абай бөтен болыстың адамы, ал біздер болсақ туысқан, бір

болыстікіміз. Бізге неге сенімсіздік туғызасың? Біз шешкелі жиналдық, – деп бірсөзділігін білдіреді. Тезекбай:

        – Төрт балам мен өзімді қырып тастамасаңдар, берер жерім жоқ, жүгінетін жүгінісім де жоқ, – деп көнбейді. Оның қарсылығына қарамастан Қосқан мен Тұрардың биліктерін бекітіп, мөрлерін басады. Бұдан кейін де Тезекбай төрт баласымен Көжекбайдың малын өз жеріне жайдыртпайды. Төбелес-тартысқа бара алмай, Көжекбай Абайдың алдына барудың айласын ойлайды. Қосқан мен Тұрарға: – Мына Тезекбай төрт баласы мен өзі өлмей тұрып, жерді беретін емес. Енді өзі қалап отырған Абайына барып сілесін біржолата қатырып алсақ қайтеді… Сондықтан Абайға жақындасуға сіздердің қандай мүмкіншіліктеріңіз бар? – деп сұрайды. Сонда Тұрар: – Мен Абайдың ең жақсы көретін баласы Мағауиямен жақсы едім. Сен малыңды аямасаң, мен Мағауияға барып, Абайды бұрғызудың амалын ойлайын. Көжекбай: – Малымның ішіндегі екі жыл мінілмей, құр жүрген бурылала атым бар, соны Мағауияға беріп, неғылсаңдар да, осы жерді алып беріңдер, – деп Тұрарға жалынғандай болады. Тұрар бурылала атты жетектеп, Мағауияға барып істің жайын баяндайды.

–       Бір болыс Мамайдың билігін бекіттіріп беруге көмектес,

әкеңді көндір, – дейді. Сонда Мағауия күледі де: – Ақсақал, менің әкем пара алып, билігіңді теріс айт дегеніме көне ме? Бірақ та өзім үш күннен кейін Ақшоқыдан Жидебайдағы әкеме барғалы отырмын. Бұл сөздің мәнін айтайын. Лайықты бітім табар, мына бурылала атынды өзің алып кет, – деп жауап беріпті.

Тұрар Мағауияға сөзім өтпеді деуді ар көреді де, Көжекбайға бұрып айтады: – Мағауия үш күннен кейін Абайға барып, біздің тілегімізді орындап бермек болды. «Атты содан соң алғызып мінермін» деп кейін қайырды, – дейді. Бұған Көжекбай сеніп, Тезекбайға: – Үш күннен кейін Абай алдына барып жүгінелік. Бірақ осы дауды қайталамау үшін әкеміздің атын атап, Абай айтатын шешімге ризамын деп ант ішсін, – деп хабар береді. Тезекбай: – Менің қолым Абайға жетсе болғаны. Абай бар жерімді Көжекбайға алып берсе де ризамын. Ата-бабам Мамайдың, әкем Жамантайдың аруағы атсын, – деп ант етіп, өз сөзінің байлауын айтып жауап қайырады.

Енді Көжекбай бес старшын Мамайдың бес басты кісісімен, Қосқан мен Тұрарды ертіп, айтылған күні Абай ауылына аттанады. Тезекбай да бір баласын ертіп, о да Абай ауылына жүреді.

Жүгініс кезінде Көжекбай:

– Әкем өлгеннен кейін, маған тиісті жерге мына Тезекбай қора салып алып, баласының көптігін, бәрінің ержеткендігін істеп, малымды жайғызбай қойған соң, Еламанның ақсақалдарын, басшыларын шақырып, билік жүргіздірген едім. Оған да Тезекбай тоқтамағасын, бір болыс Мамайдың болысын, биін, мынау отырған жақсы адамдарын жинап, актілеп, бөлген жерді бекіттіріп алған едім.

Тезекбай оған да көнбей, өлермендік қылып, сіздің алдыңызға билікке келіп отыр. Мен де бір болыс Мамайдың игі жақсы басшыларының сөзін аяққа баспас деп сізге келдім, – деп айтып, сөзінің аяғын жұмбақтатып кетеді.

Абай: – Тезекбай, сен барлық Еламанның, бір болыс Мамайдың бөлуіне, айтқан билігіне неге көнбейсің? – дегенде Тезекбай: – Әкем Жамантай тірі кезінде, Көжекбай екеуіміздің жерімізді бөліп меже салып, тас қойып белгілеп беріп кеткен еді. Бүгінде Көжекбайдың малы көбейіп, абыройы өсіп, менің жерімді зорлық етіп алғысы келеді. Еламанның басшылары Қосқан мен Тұрар ат пен астың билігін айтады, өзге Мамай адамдарды ақша мен ру партиясының билігін айтады. Сондықтан әділетті билік естісем бе деп сізге келіп отырмын. Нендей билік айтсаңыз да менің бұлтарарым жок, көндім, – депті. Екі жакты тыңдай келіп Абай: – Көжекбай, сен мына Тезекбайға бір семіз жылқы, үш семіз қой соғым бер. Қыстай барлык малыңды Тезекбайдың жеріне жайып шық. Ал, Тезекбай, сен жаз шыққанша, Көжекбайдың малын жеріңнен қайтарма. Қар кетіп, жер қарайған соң өзім барамын. Бұдан жиырма жыл бұрын әкелерің Жамантайдың екеуіңе жерін бөліп беріп жатқанын көргенім бар еді. Сондағы белгілерді тауып, орталарыңды тындырып қайтамын. Сонда Көжекбай:

– Абай, сіздің бүгін жүруіңізді сұраймын. Бір болыс елдің жақсыларының билік актісінде әкеміздің бөлген жерлері көрсетілген. Сол кезде салған белгілерді көрмесеңіз де болады, – деп ұсынады.

Оған Абай: – Ай, Көжекбай, ісің ақ болса, актілерің хақ болса, бурылала атты Мағауияға неге бердің? Әкең Жамантайдың бөлігін, билігін мен екі ете алмаймын, – деп билігін қорытындылайды. Бұны естігенде Тезекбай орнынан ұшып тұрып: – Билігіңізге ризамын. Құлдық етемін. Бұл Сары Сайтан (Көжекбай) Сіздің де қолтығыңызға кірем деген екен-ау, – деп, ырзалық білдіреді.

Жаз шыға Абай өзі барып, Көжекбай мен Тезекбайға жер бөлгендегі әкесінің салған межесін, белгі тасын тауып, жерді Жамантай бөлгендей етіп бөліп, екі ағайын арасындағы созылған дауды тындырарлық етіп шешіпті.

5. XIX ғасырдың соңғы жылдары Көтібақ руы Айқынбай деген кісінің бәйбіше, тоқал – екі әйелі болады. Оның әрқайсысынан екі-екіден төрт бала болады. Айқынбай өлгеннен кейін жер еншісін бөліскенде өзді-өзі келіспей, бәйбішеден туған Кәріпбай бір анадан туған інісі Оспанбаймен жер бөлу туралы жанжалдасып, төбелесіп, Оспанбайға айып тарттырмақшы мұқату ойымен төбелес кезінде өзінің шекесін өзі пышақпен тіліп жіберіпті. Бұдан кейін көлденең ағайындар Оспанбайға екі ат-шапан айып кесіп, билік айтады.

Осыған орай Оспанбай сары бурасын және бір атын айыпқа төлейді, бірақ риза болмайды. Бөлінбеген жерге тоқалдың балалары да үміттеніп калады, «біздің де үлесіміз бар» деп, жер таласы қайта қозғалады. Ауыл ақсақалдарының кеңесімен Айқынбай балалары Абайға жұгініске барады. Жора үстінде Кәріпбайдың өз шекесін өзі кескені анықталады. Абайдың билігі бойынша көлденең ағайындарының Оспанбайға кескен ат-шапан айыбы өзгертіледі, оның берген малын Кәріпбай қайтаратын болады. «Жер бәйбішеге екі есе, тоқалға бір есе есебімен бөлінеді. Бәйбішеден туған Кәріпбай мен Оспанбай екі есе жерді екеуі тең бөліп алсын. Ал тоқалдан туған екі ұл – Иманбай мен Жаманбай бір есе жер алып, тілектеріне сай, өзді-өзді бөліспей, риза болсын», – осылайша Абайдың билігімен жер дауы біткен-ді. (айтушы – Әрхам Көкбайұлы Ысқақов. Одан Көтібақ руынан Базарбай Науанбайұлы жазып алған. 1958 жылы ол 68 жаста).

6. Абайдың Еркежанды жүгініске отырғызуы. Абайдың інісі Оспан өзімен аралас-құралас жүрген әрі сенімді құрдасы Көтібайға (Керей руының Тобықтыға сіңген Құнанбай кезіндегі бір бөлігі): — Менің көзімнің тірісінде Көтібай, сен менен енші алып, бөлек шықшы, – деп оның еншісіне бір сиыр, бір бие, бір түйе, он қозылы саулық, оның үстіне әкесі «Құнанбайдың шиі» аталатын қорықтан Майтұбек дейтін жерді шабындыққа бөліп беріпті.

Оспан өлгесін, үш жылдан кейін, ел бауырға, яғни күзгі жайлауға көшіп келіп, шабылған шөпті қораға тасу басталғанда шаруаны аралап жүрген Еркежанның (бұл кезде Абайға атастырылған) көзіне Майтүбекте үюлі-үюлі шөмелелер түседі де:

–  Мына шөпті неге қалдырдыңдар? – деп, тасушыларға сұрау

салады.

–  Бұл шөп – Көтібайдың шөбі.

–  Көтібай ешқандай шөпті арқалап әкелген жоқ. Шөпті қораға

тасыңдар, – деп Еркежан бұйырыпты.

Көтібай бата алмай жүріп, Абайға барады. Сөз де айта алмай, үнсіз отырып кетейін деп тұра бергенде, Көтібайдың көзінен сорғалап аққан жасты Абай сезіп қалады да:

–  Әй, Көтібай, бері келші, отыршы, сен неге жыладың? – дейді.

–  Әншейін.

–  Әншейін емес, бері кел, сенің көзіңнің жасында бір сыр бар.

Үш түрлі жылас бар: шын жылас, біреуді мадақтап жылау, сонсоң біреуді алдап жылау… Сенің көзіңнің жасы – шын жыластың жасы. Сырыңды айтшы, неге жыладың? – деп Абай тежеген соң Көтібай: – Кенже Оспан есіме түсіп кетті, – дей салады. Сонда Абай: – Әкем бір, шешем бір, ең жақсы көретін кенже бауырым Оспанға бұл күнде мен жыламағанда, сен жылайтын себебің не? – дейді.

–   Өзіңіз білесіз, Оспан маған енші беріп еді. Сонда маған

шабындыққа Майтүбекті ұсынған. Биыл шауып қойған шөбімді Еркежан бәйбіше қораға тасыттырып, үйіп алыпты.

–  Шөп сенікі екенін біле ме?

–   Тасушылар айтқан екен, оған қарамапты Еркежан бәйбіше.

Далада шаруашылықпен жүрген Еркежанды Абай шақырттырып алыпты. Үйге кіріп келген Еркежанды Абай өзінен жоғары, ең төрге отырғызыпты. Оған Абай:

–  Кәдімгідей жүгініп отыр, – дейді.

–   Болды емес пе?

–  Енді екі қолынды салалап, тізеңнің үстіне сал. – Бәрін орындағаннан кейін Абай Еркежанға:

–    Мына Көтібайға сені қыздай алған байың Оспан марқұм, менің

туған інім кезінде шабындық берген, оны өзің білесің. Сонша тарлық жасап, сол шабындықта үйген шөбін қораға неге тасытып алдың? Осының артын аңғардың ба? Көрген-білген әділдікті Абай алдымен үйінде орнатып алсын деп көзімізге шұқып, жүзімізге таңба салмай ма? – деген Абай сұрауына Еркежан тіл қатпай, үндемей, өң-түсі қашып отырып қалады. Көтібай бұның бәрін тыңдап, үнсіз отырады.

Шөп тасушыларды Абай шақырып алып: – Көтібайдың шапқан жерінен қанша шөп тасып алдындар? Енді сол қораға тасыған шөпті Көтібайдың шөбінен екі есе артық етіп, оның қорасына тасып, үйіп беріңіздер, – деп билігін айтыпты. Бұл билікті естіген Еркежан үнсіз жұгініп отыра беріпті (айтушы: Қасен Балғабайұлы, Абай ауданы, 1958 жыл).

Абай және жесір дауы

Жесір дауы Казақ коғамында көп тараған даулардың бірі. Салт-дәстүрді мейлінше мықты ұстаған, ру тәртібінің әлі қаймағы шайқалмаған ерте кезеңдерде жесір дауы аз кездесетін. Абайдың заманында, яғни XIX ғасырдың екінші жарымында көшпелі қазақ елінің шаруашылығына да, әлеуметтік-саяси жағдайына да, тұрмысына да, санасына да бірталай өзгерістер енді. Жесір дауы көбейді. Оның жаңа түрлері шықты. Ел басына талай алуан қиыншылық туған кезде жесір дауы халықтың күйзелісін күшейте түсті, іштей ыдырай беру себебінің біріне айналды.

Ресей патшасының отарлау саясатымен бірге қазақ халқына Еуропа мәдениетінің рухани байлығының лебі келе бастады. Адам теңдігі, жыныс теңдігі сияқты жаңа ұғымдар қазақ сахарасында, әсіресе оқыған, сезімтал жастар арасында тарады. Ескі салт-дәстүрді, әдет-ғұрып заңдарын бұзбай ұстауды көксеген топтар құрылды. Бұларды ескінің адамдары деуге болады. Жаңадан бой көрсете бастаған топтардың пікірі – қазақ қыз-әйелдерінің ауыр халін жеңілдету, олардың бас бостандығы мен теңдігіне мән беру, осы арада әдет-ғұрып заңдарын ақылмен пайдалану. Бұл ағым Еуропа мәдениетінен хабары бар, озық ойлы көзқарасты орыс, татар интеллигенциясымен аралас-құралас жүрген халықты оқу-білімге, ағартушылыққа шақырған қазақ азаматтарының арасында болды, осындай жаңа ағымның ірі өкілінің бірі Абай еді.

        Қазақ салт-дәстүрінде, әдет-ғұрып заңында әйел мәселесіне, жесір дауына арналған ережелер көп-ақ. Олар «құда болып құрмаласудан» бастап, «қалың мал», «шымылдық байғазы», «беташар», «ақ баталы жесір», «ақ некелі әйел», «әмеңгерлік» сияқты қыз-әйелдердің өміріндегі орнын қамтиды. Осыларға байланысты дау-таласты шешу ретін баян етеді. Әйел нәсілінің теңсіздігі мен қоғам өміріндегі әйел орнын кемітетін ескі әдет-ғұрыптардың, заң ретінде жүрмесе де, әсері әлі де жоқ емес еді. Оған «Құдалық қырқынан шыққан ұл-қызға жүре бастайды» атты салт куә. Әйел, жесір туралы қағида-ережелер әдет-ғұрып заңында ерекше мол орын алған. Олар қысқаша тұжырымды нақыл сөз өрнектерімен берілген. «Әйел құны – ердің жарты құны», әмеңгерлік – «ерден кетсе де – елден кетпейді», айыпқа «қыз бастаған тоғыз» беру, қызды бітім құралы ретінде ұстау, «қатын мал иесі емес», «қатын қайратты болса, қазан қайнатуға ғана жарайды», тағы осылар сияқты қағидалар күшін әлі жоймаған.

        1.Абай өзінің беделін, білімін, әдет-ғұрып заңдарына жетіктігін, би атағын қуғын, жәбір көрген, азды-көпті бас бостандығын тілеген қыз-әйелдерге көмекке жұмсады. Абайдың туысқан-тумаларының жазып калдырған естеліктерінде осы туралы бірталай деректер бар. «Әкем жесір әйелге, жетім балаға қатты қарайласатын», – дейді келіні Камалия. Оның айтуынша, бір күні Әліман деген жас әйел «әкеме қарсы қарап отырып, көзінің жасын моншақтатып жіберді де, ауыр күрсініп: «Менің күйеуімнің (аты Шөте) өлгеніне бір жыл толып еді. Жасым 23-те, жалғыз еркек балам бар. Туысқандар мені бірімізге тиесің деп тыныштық бермей жатыр. Мен байға тимеймін, маған көз қырыңызды салыңыз, басымды талқыға түсірмеңіз. Ағажан, алдыңызға арыз айта келдім», – деп көз жасын тыймай жылады. Біраз әңгімелесіп, қал-жағдайын сұрасып болып, Абай осы жесір әйелдің ауылы – Топай руының басты адамдарына хат жазып берді де: – «Енді ешкім тимейді, үйіңе қайт, балаңды тәрбиелеп өсір, шаруаңа ие бол», – деп ақылын айтып шығарып салады».

Ақбордақ дейтін жесір жеңгесін (Мамай руынан, кедейдің қызы) қайнысы (Құнанбай ауылына жақын адам) әмеңгерлікпен алам деп зорлық істеп, қараңғы ұйге қамап қойыпты. Әйел қамаудан қашып шығып, Абайға келеді. Абай бұл әйелге де бас бостандығын алып береді.

2. Жас кезінен өнерге үйір, домбыра тартумен бірге скрипканы да Абайдың қолдауымен игере бастаған бір шәкіртінің баласы – Мұқа Семей дуанына қарасты елдің болысының баласы өлгеннен кейін, оның Батиха атты келінін алып қашады. Әдет-ғұрып тәртібі бойынша «ақ баталы жесір» өлген күйеуінің туыстарының біреуіне шығуға тиісті. Қашып кеткенге жаза да, айып та үлкен. «Жаным қалса, Абай арқылы қалады» деп, Мұқа сүйгенімен Абайдың ауылына барып паналайды. Іс дауға айналып, Абайға сөз тие бастайды. Дауды өршітпеу мақсатымен Абай өзі барып кездесіп, шешендігі мен беделін салып Әлімқан болысты тоқтатады.

Келініне ол бостандық беруге көнеді. Бұл жерде Абаймен сыйластығы да қымбат болған сияқты. Кейін Мұқа мен Батиханы Абай өзінің қарауына алыпты. Олар Семейдегі «Народный домда» – қазақ халқының әні мен күйінен концерт беруге қатынасқан (жаздырған: Ақметқали Жанбосынұлы, 60 жаста, сүйегі Уақ, Семей қаласы, 1962 жыл).

3. «Өз жесірін өзі алса – бітім жақын» деген, Абай атымен аталатын, қағидаға айналған шешімнің шығу тарихына тоқталалық.

Семей уезіне қарасты Көкен болысынан Нүрке Шыңғысұлы мен Абай әрі замандас, әрі дос екен. Достықтың аяғын құдалықпен жалғастырмақ боп Нұркеннің қызын Абай Мағауия деген баласына айттырады. Қазақ ғұрпымен мал алысып, Мағауия Нұркенің қызына жасырын күйеу болып келіп, қызбен жолығады. «Қол ұстату» деген күйеудің малымен, жыртыспен баратын, белгілі тойы болмақ болып, Абай Мағауияны қайнына жүргізбекші болғанында Мағауия «Нұркенің қызын алмаймын, кұйеу болып бармаймын», – деп, көнбейді. Абай баласына зорлық қылмайды. Ойлансын, жастық қылмасын, Нүрке мен менің достығымды айырмасын деп Мағауияға ойланарлық сөздер айтады. Кейінгіге қалдырады. Бұл хабар Нүркенің ауылдарына да естіліп, қыздың құлағына да шалынады.

Осындай күндер өтіп жатқанда Нүркенің кызы әкесімен де, Абаймен аралас, оларды қатты сыйлаушы, үйге келіп-кетіп жүретін Көкше – Тобықты, Белағаш болысында тұратын Айтқазы Жексенбайұлы деген жігітпен кездеседі де, басындағы қиын жағдайын айтып келіп: – Сізді сыртыңыздан естуші едім адал, намыскер жігіт деп, енді өзіңіз кез болдыңыз. Абай баласының жесірі болған соң, сыртқы көзге басым байлаулы. Сөзге тұрсаңыз ерлік қылып мені алып қашыңыз, жар қылмай, кұң қылсаңыз да ризамын, жалғыз-ақ Мағауияның мазағынан құтқарсаңыз болды, – деп қыз Айтқазыға жабысады. Айтқазы ұйіне қайтып, қызға уәде байласқан күні түнде 10 жігітпен келіп қызды алып қашады. Нұрке қызының қашып кеткенін білген соң Абайдан ұялып, не қыларын біле алмай сасады да, Абайға хат жазып кісі жібереді. «Өзіңіз Семейге келіңіз, сол жерде ақылдасайық», – депті.

Хатпен танысқаннан соң Абай: «Нұрке қызын өз қолынан берген жоқ шығар, Айтқазы екеуімізбен де дос еді. Бүгін оған аттана шауып жаулық іздемейік. Бір айдан кейін өзім Семейге барамын, соңда бір ақылы болар» деп жауап қайтарады.

Нұрке Абайдың сөзін күтіп жата береді. Айтқазыға кісі жібермейді. Айтқан мерзімде Абай Семейге келеді. Нұрке Абайға бұрынғы достық қалпында амандасып, сөйлесіп отырады. Қайтатын мезгілі болғанда Нұрке сөз бастайды: – Абай, екеуіміз әуелден дос болып едік. Тобымызды сұйек айырсын деп, құда болып, екі баланы қостық, кінә сіздің баладан да болды. Менің балам шыдамсыздық қып қашып кетіп, мені Сізге қарабет қылды, Сізден қатты ұялдым. Ендігі ақылын өзіңіз табыңыз, – дейді. Сонда Абай:

–       Әй, Нұрке, сөзіңнің бәрі рас, бірақ өз басың таза, көңілің ақ

болған соң ұялуың жөн емес. Тентектік екеуіміздің баламызда да болды деп өзің айтып отырсың. Ендігі менің тапқан ақылым өзіміздің бұрынғы достығымызды айырмай жүре беру. Айтқазы Тобықтының баласы, алса өз жесірін өзі алды, зорлықпен алған жоқ шығар. Қыз мұңын шаққан соң, ерлік мінезі ұстаған шығар, мен оны да кінәлап қумаймын. Осы кездесуімізбен аяқталсын, басқа ақылым жоқ, – депті.

Бұл сөзден кейін Нұркенің көңілі тынып, үйіне қайтады.

Өзі жасырын Семейге келіп, осы әңгіменің бәрін естіген Айтқазы Абайдың жатқан пәтеріне келіп, үйге кірмей, есік алдында тұрып бір жолдасын Абайға жібереді: Барып, Абайға менің сәлем беруге келіп, есік алдында тұрғанымды айт дейді. Абайдың рұқсатымен үйге кіріп, төмен келіп отырады. Сонда Абай: – Әй, Айтқазы, бұрынғылар айтқан, «досың да ер болсын, дұшпаның да ер болсын» деп, бір жағы сен менің інім, бір жағы досым едің, ерлік бетіңді мен қайырамын ба? Бұрынғы орныңа отыра бер, – дейді. Айтқазы: – Абай аға, өзіңіз ерке қып өсірген соң өлерімді білмей өрге шауыппын. Сіздің менің ісімді кек көріп айдатып, байлатқаныңыздан «өз тентегім» деп кешірім қылғаныңыз ауыр болды. Өлімнен ұят күшті деген осы екен, кінәлі болғанымды біліп, өзіңізге келдім, – дейді. Абай: – Мен басынан кешкем, енді шын кештім, – дейді де, басқа әңгімеге көшеді.

Кейін бұл іс кұтпеген жерден үлкен шиеленіске айналды. Абаймен басы араз, бір жақ елге басшы болып жүрген Оразбай Жалпақ деген жерде болған Семейге қарасты 4 уездің төтенше билер съезінде, Абай мен Нұркенің келмегенін пайдаланып, Тобықтыдан келген билердің басын қосып: – Бұл Нұрке аяқ астында отырған аз ауыл Уақ еді. Тобықтының алалығын пайдаланып Абайдың жесірін басқа біреуге беріп жіберді. Оған Абай кектеніп жауласуға маған сенбеді.

Нұрке Оразбайға косылып кетер деп қорыкты. Сондықтан Нұрке мал да, айып та бермей кетті. Біз түбі бір Тобықтының баласымыз, Абаймен араздығым үшін ел намысын сатпаймын. Осы съезде Нұркеден жесір даулап, берген калың малымызды айыбымен қайтар деп съезге арыз түсірейік, – дегеніне бірқатар Тобықтының билері еріп: – Абай кешсе де, біз кешпейміз, жесір көптің жұмысы, – деп желігіп, Абайдың жақыны Қазыбек дейтіннен арыз тұсіреді. Нұркені съезге шақырады, бірақ ол келмейді. Арызды қараушы билер Нұрке съезден қашты деп қорытындылап, сыртынан Қазыбекке 15 түйе қалың мал төлесін, 10 ат айып төлесін деп билік айтады.

Нұрке Тобықтының бұл билігін кек көріп, Көкен болысының басшыларын жинап, Тобықтыдан жер даулатпақ болып үш уәкілдің атынан уезге арыз түсіреді. Аямай шашқан ақшаның арқасында Семейден землемер барып, Шыңғыстың Сарша, Ақжол, Білде, Жылыөзек деген бірталай қоныстарын Көкенге береді. Бірақ көрші отырған Абайдың қонысына тимейді. Жері кеткен Оразбай, басқа да Тобықтылар амалы жоқ Абайға барып: – Біз Нұркемен жауласпай, жерімізді қумай отыра алмаймыз. Сен өз жеріме тимеді деп Уаққа бар ағайынның жерін тонатып қоясың ба? Жоқ Тобықты аруағын жоқтайсың ба? – дейді. Сонда Абай: – Ей, ағайын, тыныш жатқан Нұркеге өздерің тиістіндер. Мен Нұркеде жесірім кетті, малым кетті, соны даулап алып беріңдер деп сендерге айттым ба? Екіншіден, осы жер бөлігінде Нұрке мен менің қатысым болды ма? Қонысымды өзіме сұрадым ба? Енді келіп тыныш жатқан маған Нұркемен жаулас-даулас дегендерің жөн бе? Менен басқа Тобықты баласы Уақпен жауласуга жетерсіңдер! Жәй жатамын, тынышыма қойыңдар, – деп, іске кіріспейді.

Жері кеткен ел Абайға өкпелеп, Оразбайдың айналасына топтанады.

Екі болыстың, Көкен мен Шыңғыстың арасында, бірін-бірі қаралап түскен арыздар көбейіп, жанжал кұшейе түседі. Арқат деген жерде уез өкімнің өзі қатысқан билердің төтенше съезінде Нұрке жақ басым болып, Тобықтының ұрыларды сүйейтін адамдарына мал кескізіп, абақтыға жабу үкімін шығара бастайды. Нұрке уез басшыларымен сөздес болған соң оларға қарсы тұрып, кайрат қыларлык Тобықты адамы болмайды. Тобықты мықтылары сасқан соң ұйінде жатқан Абайға тағы да кісі жіберіп: – Нұрке уезге өзінің сөзін сөйлетіп, Тобықтыдан мал мен бас алып жатыр. Бір тоқтау қылмаса, Тобықты елдіктен кетті. Әншейінде қадірін білмейді екенбіз. Енді бізді туысқан дейтін болса келсін, – деп шақырады. Абай көптің сұрағына шыдай алмай, Нұркеге хат жазып, кісі жібереді. Абайдың хатын оқыған соң Нұрке уез әкіміне барып, Тобықтымен қазақшылап өзінің бітіспек болғанын айтып, съезді тарқатады. Ақыры Тобықтыда ақым бар деген Уақтың кісілерін Нұрке Абайға жүгініске жібереді.

Екі жағы да Абайдың шешімін барына мал, жоғына күмән алып тоқтасады. Тобықты мен Уақтың қарым-қатынасы бұрынғы сыйлас-көршілес қалпына қайта келеді. Ел аузында бұл оқиға «Өз жесірін өзі алса – бітім жақын» деген Абай билігі ретінде сақталды. (Ғылыми кітапхана, қолжазба қоры. «Абай туралы материалдар», № 628 іс, 160–163-беттер).

3. Абайдың інісі Ысқақ Мұқыр елінде болыс болған 1870- жылдардың аяғы. Құнанбай қартайып, қажылық жолына түсіп, ел билеуден қалған кез.

Ысқақ болыс Есболат пен Жуантаяқ деген елдердің ортасынан үй тіккізіп, билер съезін ашады. Бұндайда әр уақытта басшылықты Абайға берген. Бұл жолы да солай болды. Билер кеңесінде қаралған коп даудың бірі – қыз Қадишаның арызы. Оның тарихы: Тоқалдан туған шешесі ерте өліп, жетім қалған қызы Қадишаны әкесі Пазыл (Жуантаяқ ата баласы) Есболатқа құда болып, бір жігітіне атастырады. Қадиша оны менсінбейді. Бошан – Ақбота елінен Олжабай деген жігітпен коңіл қосып, серт байласып, кетпекші болады. Бұрында Қадишаға сөз айтып жүрген жігіттер барды. Оларға конбейтін. Олардың бесеуі бірігіп, аңдып жүріп Олжабай мен Қадишаны ұстап алып, Олжабайды сабап, екеуінің аяғына кісен салып, Абай басқарған билердің съезіне алып барып, жазалауын сұрайды. Жүгініске отырар алдында Абай аяқ-қолдарын кісеннен босатады. Қадиша өзінің сөзін өлеңмен айтады:

Қадиша менің атым, әкем Пазыл,

Жастықта жараспай ма құрған өзіл.

Айдалып бұл съезге келіп тұрмын,

Бетіме айдай таңба тұсіп әжім.

Алдыңа келіп тұрмын Абай аға,

Бар шығар Сіздерде де мендей бала.

Айдаған кісен салып жиын топка,

Бар ма еді, бұрынғыдан қалған мұра?

Қыздың әкесі Пазыл жағын, оның құдасы Есболат адамдарын, кісендеген бес жігітті тыңдағаннан кейін Абай тұжырымын жариялайды: – Мына Қадишаның басы бос болсын, өзі сүйген Олжабайға барсын. Пазыл жағы Есболаттан алған қалың малдарын қайырып берсін. Бес жігіт кінәлі болса да кінәсіз, олар әдет-ғұрып салтына сүйенген, олардың пайдасына Олжабайдан бір тұйе айып кестім. Осымен бітісіндер. Сонда Есболат жағы: – Абайжан, Пазылда мал жоқ, келініміз кетсе де, малымызды кетірмеңіз, – депті. Бұл сөзге Абай: – Олай болса, мына Олжабай мен Қадишаны жазықсыз ұрып, кісен салған бес жігіт сендердің малдарыңды төлесін, – деп кеседі.

Бұндай әділ билікті бұрын естімеген, мүмкін деп те ойламаған Олжабай мен Қадиша бостандық алғанына ризалығын білдіріп, қуанғаннан көздеріне жас алып, Абай ағасының алдына тәжім етіп жұріп кетеді. (Бұл биліктің желісі мазмұны жағынан бірдей, үш жерден алынды: Ғылыми кітапхана, қолжазба қоры, № 631 іс, 25–27 — беттер; Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы, «Абай туралы естеліктер», Кәрім Ақбергенұлының материалы; Кеңгірбай ұрпағы Ахметбек Мұртазаұлының айтуынша 1958 жылы жазып алдық).

4. Сыбанның қызы Зылиқаны Керейдің Шақантай деген жігітіне айттырады. Қалыңдық ойнап жүргенде күйеу бала қайтыс болады.

Жасы алпысқа келген Сабатыр әмеңгерімді жібермеймін деп Зылиқаны тоқалдыққа алмақ болады. Қыз қарсы, көнбейді.

Сыбандықтар қызын Сабатырға бергісі жоқ. Қыздың қалыңмалы әуелде 200 қара болып тағайындалғанды. Екі атаның арасында екі жылға созылған жанжал ұлғайып, барымталап жылқы шауып алу оріс алады. Соның біреуінде Керей жақ Сыбанның 170 жылқысын барымталайды. Бірнеше рет биліктен отеді, бірақ та бітіске келмейді.

Қарқаралы уезі мен Семейі уезінің бас қосып Аягөзде шақырған съезінде бұл дауды бітірсе, Абай бітіреді деген қорытынды жасап, екі жақтың келісімін алып, Абайды Төбе би сайлайды. Абайдың сұрауы бойынша, оған көмекке Ысқақ пен Шәкәрімді, Жиренше мен Оразбайды береді. Тергеу үстінде бұлардың өздерінің арасында пікір талас туады, көпшілігі қызды Керей шалына тоқалдыққа беруді жақтайды. Абай өзінің билігімен Зылиқаға бас бостандығын береді.

Оның тумалары Керейден алған қалынмалын қайтарады.

Барымтаның білінгендері толық есепке алынып, білінбей күмән ретінде қалғандары «сырымта» болып есептен шыққан. Дау бітіп, елдің өзара тыныштығы орнаған. (айтушы: Зылиқаның тумаларынан естіген Бірім ақсакал; Семей облысы, Покровка ауданы, Қарасуда тұрады, сүйегі Уақ, 1961 жыл).

5. Мұқыр болысына қарасы Көкше руынан бай Шоламбайдың 23 жастағы жалғыз баласы Әзімкан қайтыс болады. Жетісіне жетпей жасы 70-тен асқанда өзі де дүние салады. Екі жас әйел жесір қалады.

Әзімқанның әйелі Батырбай 22 жаста, ұл баласы Балтақай 2 жаста, Шоламбайдың тоқалы Аналық 25 жаста, Ырғызбайдың нәсілінен, өзі сұлу, ақылды, «ұжымақтың қор қызындай» деп аталған. Қаралы жыл өткен соң сырт ағайын, Көкшенің басшылары жиналып екі жесірге орын белгілейді. Әмеңгер көп. Тек Шоламбайдын әкесі Бозамбайдың 10 баласының тұқымдары бар- Аксақалдар алдыменен Аналықтың тағдырын шешті. Өйткені ол байдың әйелі, оның үстіне Ырғызбайдың нәсілінен, «разы болмаса Көкшенің күлін көкке ұшырады» деп сескенді.  Аналықты маңдайалды жігіттердің бірі Нұрымбайға (Бозамбайдың үлкен баласы Сатының ұрпағы) тигізуге байлау қылады. Екі жағы да риза болып, еншісіне тиген 100 жылқы, 150 қой, жасау-жабдығымен Нұрымбай ауылыңакөшіріліп жіберіледі.

Екінші жесір Батырбайға Бозамбайлықтардың арасында талас ұлғая түсті. Кенжеғұлдын баласы Алтынқан бұл рет менікі, «мен аламға» салады. «Қатынды алам, ал маған бұйыртпайды екенсіндер, малдың жарымын алайын. Саты тұқымы үлкен марқалығынан бір қатынды алады. Мен Кенженің тұқымы бола тұрыпқалайша қатыннан құр қалам? Егер айтқаным дәл келмесе өлемін, я біреуді өлтіремін, бірге айдалам» деп жерді қамшысымен сарт-сарт еткізіп, жапырылып жатқан көкорай шалғынды таптап, шаңын шығарады. Оны Батырбай ұнатпайды.

Көпшілік те ұйғармады. Алтынқан тоқтамға көнбеді. Жиын-жиылыс бірнеше күнге созылады. Ақырында жесірді Бозамбайдың екінші баласының тұқымы Шыңғайға тигізуге байлау жасалады. Батырбай ырза болмайды, неке оқытамыз дегенде неке суын ұрттамай, ойбай салып үйден шыға жөнеледі. Шыңғайды үйіне кіргізбейді. Аузы дуалы ақсақалдар жесірге де, Алтынқанға да ақылын, сөздерін тындата алмайды. Алтынқанға: «150 жылқы, 100 қой енші берелік, тоқта, шырағым» десе де, «Батырбайды мен аламын» деуін қоймайды.

Жиылыс сайын Бозамбайлар көпшілік алдында керілдесе, боқтаса келіп, жұдырық жұмсап таяқтасып кетеді. Бас жарылады, қол сынады.

Жесір Батырбай мен оған әмеңгерлікке ұйғарған Шыңғайдың арасы шиеленісе түсті. Жазған күйеуі оны көндіремін деп төбелесуге шейін барады. Батырбай көнбеді, кейде Шыңғайды көтеріп соғып тепкілеп тастайды, ауыл адамдары айырып алады. Шыңғай зорлықпен үйге кірем десе, қолындағы қарыс пышағын жалақтатып, бір қолына баласын ұстаған бойында, кәне келіп көріңізші, қайнаға, құдай біледі жарып тастаймын, нең бар менде, мен байға тимеймін деп ойбай салады. Осылай күндер өтіп жатты…

Алтынқан бүлік салуын да тоқтатпайды. «Батырбайды қайтсем де мен аламын» деуін қоймады. Әсіресе ел жайлауға шыққанда қонысы Шыңғай ауылымен қатарлас келсе, екі жақ болып қолдарына сойыл-шоқпарын ұстап төбелесулерін қоймайды. Қызыл жоса болады, бас жарылады, қол сынады, төбелеске қатындары да араласады. Көшіп келе жатқан бейбіт елдің түйесі үркіп, жүгі аударылып, қазан-аяғы қирайды.

Бүлік асқынып, насырға шапқасын тағы да көпшілік жиналады. Бұл жолы сырт ағайындары – Тобықты мен Мұқырдың бірқатар жақсылары бас қосады. Олар Батырбайды Шыңғайға көндіруге тырысса да, нәтиже шықпайды. Алтынқанға да бұрынғы жоба мен сыбағаңды ал да, әуреленбей-ақ қой десе – ол да өрши түседі. «Қатынды алам, басымды тіктім» деп отырып алады. Шыңғайға да: «Көнбеген, разы емес қатынды қайтесің, еншіңді берелік» десе, ол да көнбейді. «Билік екеу ме, мені мазақтайсыңдар ма? Батырбай некелі қатыным, көнбесе төрт аяғына төрт казық қағып тұрып керіп көндіремін» деп бураша шабынады. Ақсақалдар айтқан ақылын алғыза алмай, өздері де қиналады, әуреге түседі. Ақырында Олжай ақсақалдың пікірі қабылданады. Оның ұсынысы: Бұрын талай тазды емдеп едік, аузымыздың дуасы кеткен екен. Біздің шын ұшығымыз Бозамбайларға – бай балаларына даритын емес. Менің ойымша бұларға Абайдан басқаның емі қонбайды, құдай біледі, Абайдың алдында біздің алдымыздағыдай бұлар тұра жүгіріп төбелесіп кетпейді. Тіпті даурыға да алмас деп ойлаймын, Абайдың салауаты басып кетер десе, оны көпшілік мақұл көреді.

Ауыз керісіп отырған, ала көз болып алған Бозамбайларды шақырып, ақсақалдар өз байлауларын естіртсе, олар: қайда айдасаңдар да барамыз, би таңдамаймыз, – деп мақұл алыпты. Сонымен көпшілік Абайды шақыртпақ болады. Болған істің жағдайын айтып хат жазылады.

Абай Мұқыр елінің болыс, басшыларын тілмәш, стражниктерін де қатыстырып, Тасқұдық дейтін Бозамбай ауылдарының жерінде билер мәжілісін шақырады. Бұрыннан Абай келген жиынға адам көп келетіні мәлім. Бұнда да солай болады. Тікелей жұмыстары болмаса да, Абай келді деген хабарды ести сала атпен ерте шығып кештетіп жететін қоныстардағы адамдар көп жиналады. Олар Абай сөзін тыңдағысы, есіткісі келеді, көрмегендер оны коріп қайтады. Жиын басталады. Абай сөзін көпшілікке, ақсақалдарға арнап былай бастапты: – Қазақ әдетінде әке дәулеті, жер, су, мал-мүлік еркек баласына мирас. Әкенің мирасқоры еркек баласы. Жетімге, жесірге болысу ата-баба, мұсылмандықтың белгісі. «Жетім жыласа – жер-көк тітірейді» деген үлгі сөз бар. – Енді болыс, тілмәш, стражниктерге қарап: – Қол астарыңыздағы елде екі жас – жарым-жетімнің малын талап алып үлесіп, сүймеген жесірді еріксіз ұрып соғып, кондіргісі келеді. Кұш қолдарыңца емес пе? Болыстық ұзын найза жүйрік ат сықылды емес пе? Не шаппай, не шанышпай тентекке бір сөйлесіп, есекке бір сөйлесіп, ұрыға бір сөйлесіп, құрыға бір сөйлесіп, көлеңдеп көзден тайып, тасалап, дөң көрінбей жүргендерің мақұл ма? Протокол жазып, қол қойғызып жоғары ұлыққа бермейсіздер ме?

Абайдың бұл сөздері жиналғандарға, соның ішінде Бозамбай тұқымдарына қатты әсер етеді.

…Бұдан кейін Абай үйді шамалы уақыт оңашалап, болыс, басшылармен сөйлесіп алып, жесір әйел Батырбайға атасқандарды бір-бірлеп шақыра бастайды. Алдымен түгі сыртына тепкен Алтынқан келеді. Абай оған жиылыста отырған басшыларды атайды: волостной Управитель Әбен Бітімбайұлы, волостной писарь Алексей Познаков, ақсақалдардың ішінде Олжай Сапақұлы, тағы басқалар, – деп келіп сөзді өзіне арнайды. Абай: – Бұл адамдар сіздердің асқынып кеткен жанжалдарыңызды әділетпен жайғастыруға, ұғындыруға жиналып отыр. Егер бұл жанжал бұл топтың басынан асып ұлғайып кететін болса, бастығы сіз болып жанжал иелері тиісті орындағы жоғары ұлық алдында (орыс әкімдері) жауапқа барасыздар. Сол үшін өзіңізді Хакім алдында деп есептеп, тымағыңызды қолыңызға алып, қамшыңызды тастап, төрге қарай жұгініп отырыңыз. Енді жете алмай жүрген арманыңызды ашусыз айта беріңіз, – дейді. Алтынқан бозарып, өзгеріп, бұрын малдың жарымын аламын деп жұрген, енді: – Маған үлкен үйдің малының керегі жоқ, қатынның қара басын алсам, іргеден шығарып алсам деймін, арманым сол, – деп бітіреді.

Абай: – Бұл қатынды алған адам іргеден шығарып алмайды, кім болса да байдың үйіне кіреді, дәулетін өсіремін, өшірмеймін, өз басым ішіп-жемеймін деп, ант етіп, уәде береді. «Дос жылата, дұшпан күлдіре айтады» деген, Сіздің байдың үйіне кіріп қатын алуыңыздың тіпті орайы жоқ, қыдырлы табалдырықтан аттайын дегеніңіз өзіңізді-өзіңіз білмеушілік, – деп айта келіп, – көпшілік бұған айтарыңыз бар ма? – дегенде ақсақалдар: бұрыннан осыны айта-айта жағымыз қарысты, – деп бірауыздан сөйлейді. Алтынқан көнбейді: – Атқа мінгеннен басқа қандайлық тентек мінезім бар? Бір де біреуге бұрын ұмтылып көрген жан емеспін. Алыс жол барымтаға барғанда Тобықтыдан лақ азық алмай кететінімді ақсақалдар анықтайтын шығар, – деп қарсылық істерін мойнына салады. «Сіз ұрлығыңызбен тұрмайсыз, оліңіз келетін адамды, аз атаның баласын алып ұрып тепкілейсіз, кадірлі ақсақалдардың айтқан ақылын алмайсыз!» – деп Абай біраз қысады. Алтынқанның көнбеске ылажы қалмайды. Аяғында: – Абай аға, міне құдайға шын пейілім, қатынды қойдым, енді ақсақалдар бұйырған енші малымды беріңдер, – дейді де қағазға қол қояды.

Шыңғай шақырылды. Абай мен Шыңғай арасында болған айтысты келтірейік. Абай: – Шыңғай аға, Сізге жесір келініңіз телінғен екен, келініңіз Сізге разы болмапты деседі. Үйіне Сізді жуытпай байбалам салғандықтан, жанжалдан жанжал туып, ұлғайып асқынып кетіпті.

Бүгін бұл жұмысты бітіріп, мүлдем тоқтатуға бастығы болыс, тілмәш боп, ақсақалдар келіп отырмыз. Келініңіз разы болмаса да, алғаным алған дейсіз бе? Қысқаша ғана жауап беріңіз. Шыңғай: — Абайжан, қатын алайын деген ойымда жоқ еді. Жоқ жерден ақсақалдар маған тигізді, некемізді қиғызды, мал сойып тойшық та жасады. Неке екеу емес, біреу, алған қатыным алған деймін. Абай: — Шыңғай аға, азырақ сөз тыңдаңыз. Адам баласының өмір жүзінде екі-ақ досы болады. Бірінші – әке мен шеше баласы үшін жанын қияды, жылы жүрегі бір суымайды. Екінші – алған қатыны. Өзі бөтен елдің әлпештеп өсірген қызы болса да, құдалық жүргенде, көп естіп жұрген болса да күйеуін көргенше сағынып, тісі қышиды да жұреді.

Ұрын келген күні жеңгелері апарып тапсырғанша құмартқан жұрегін баса алмай құбылып, аузына дәм салуды да ескермейді. Еркектен әйелдің құмарлығы күшті. Аты көп бірбеткей жаралған, қара қайраты аз болғанмен жігер, намыс, ар-ұяты еркектен өлде қайда жоғары…

Бірін-бірі сүймеген әйел мен еркектен бала тумайды. Туа қалса, кобі жарымес, мылқау я мүшесі кем болады. Келініңіз Сізді ұнатпайды екен. Өзіңізді ұнатпаған, пейіл бермеген безер жесір әйелді алғанда қандайлық рақат көрем деп ойлайсыз? «Жалақты мінген жауызды бағады, соқырды мінген ақсақты қағады» дегенді бұрынғы откен ақылды аталарымыз айтқан. Ұрып-соғып, күшпен көндірмекші корінесіз. Ойлап қараңыз, Шыңғай аға, заңда әйелді зорлау қылмыстың ең жоғарғысы саналатынын есіткен шығарсыз. Разы болмаса да келініңізді алғаным алған десеңіз, Шыңғай аға, ақсақалдардың сізге айтқаны айтқан, байлауы байлау көрінеді.

Бетіңізден қайтпайтын болсаңыз жетім баланың малынесепке алып санап, қолыңыздан Законға лайық қолкағаз (расписка) аламыз да тарқаймыз. Ескеріңіз, ақыл-ойы жетпеген жетім малы қазына малы есебінде ғой, ішпей-жемей ол малды өсіресіз, Балтакай (2 жасар баланың аты) оң-сол қолын танығанша сізден уақыт-уақыт есеп алып тұратын нанымды адамнан үш кісі сайланады. Ойланып айтасыз ба, жоқ кәзір айтасыз ба? Жауап беріңіз. Шыңғай: – Абайжан, разы емес катынды қайтесің деген көпшілікке көнбеп едім. Өмірімде алдынан кесе өтпеген, атын атамаған Олжекемнің де (Олжай ақсақал алғашқы байлауды жариялаған) тілін алмап едім. Алтынқанмен, осындағы тағы да бұзғыштармен көрісейін деп едім. Басымды байлаған да едім.

Сіздің бүгінгі сөзіңізден, қарағым Абай, зәрем ұшып кетті, сен өтірік айтпайсың ғой. Мен шықтым. Келін разы болған күнде де байдың үйін баға алмаспын. Құдайшылыққа араз ашуым жоқ, жесірді біреуіне тигізе беріңіз.

Бұдан кейін ақсақалдар, отырған қауым Абайға қарап, қарағым, өзің осында бір Бозамбайға жіп тақ, айтқаның айтқан болсын. Біз бата берейік, шеберлігіңізге разымыз, тәңірі жарылқасын айтамыз, өртті өшіруге айналдың, ендігісін де өзің жайғастыр, — депті. Осыдан кейін Бозамбайдың қартайғанда алған тоқалынан туған Мырзақанды, таласқа түсіп жүрген басқаларды да шақырып, оларды пиғылдарынан қайтарады.

Жесір Батырбай кіреді. Жауап қатпай, Абайдың алдында жылайды. Абай Батырбайға: — Сөзді өзіңе қалдырдық. «Өзі қылған өкінбейді» деген бар. Кімнің болса да етегінен ұстайтын күннің нақ осы сағат екенін есіңе алып, жауап бер. Мүмкін бүгінге шейін ақсақалдардың аузына ілінбей келген Бозамбайдың біреуіне бейіл берген шығарсың. Енді ақсақалдардың карсылығы жоқ, ойыңды айт, ұялма дегенде, Батырбай бір қызарып, бір бозарып жанындағы Құнбазарға ақырын-ақырын күбірлеп еді. Атағаны Садықан екен. Ол Уақбайдың ортаншы баласы еді.

Абай Садықанға шамалы уақыт насихат айтып, жетім балаға рақым көзбен қарап, жақсы тәрбие беріп, сегіз жасқа толған соң оқуға бер деп, уәдесін алып, жақсы өмір сүрулеріне тілектес екендігін білдіріпті.

Барлык Көкше және Мұқыр елі болып, Абайдың

шеберлікпен жанжалды басып, токтау салғанына рақмет айтып, разы болыпты.

Кейінірек Садыкан Мұқыр елінің болысына сайланыпты. Оған Абайдың көмегі де болыпты. (Бұл естелік ретінде жазылған. Оның авторы Малдыбайұлы Берікбол 1939–40 жылы Ғылыми кітапханаға тапсырған. Әңгіме Әзімқан өлгенде «Мұқыр болысында көкшеде едім» деп басталады. Қолжазба қоры, 1450-іс, 21–22-беттер).

Абай және мал дауы

1909 жылы Петербургте жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағында, осыны баспаға даярлаған жақын туыстары алғы сөзінде былай деп жазған: «Абай 30 жасында барша халық ортасында атағы жайылып белгілі болды. Бөтен елдің басшы адамдары құда-тамыр болып жақындық қылып, араздық, жаулық қылмай жүрді. Ұрлық қылған кісіге, зорлық қылғандарға жазаны аямай салып, қатты қысымшылық көрсетуші еді. Ұры ауылының маңынан жүре алмаушы еді».

XIX ғасырдың екінші жартысы қазақ қоғамының ішкі қайшылықтарының бұрынғыдан да гөрі шиеленіскен кезеңі. Ресей патшасының Қазақстанды отарлау саясаты тамырын кеңінен жая бастады. 182–1824 жылдары хандықты жойып, орнына өкімет әмірімен тағайындалған әкімдер, билер арқылы тікелей басқару жұйесі енгізілді. 60–70-жылдары Қазақ сахарасын басқарудың жаңа тәртібі орнатылды. Жоғарғы өкімет билігі түгелдей патшаның өз адамдарының қолына, губернатор, уездің әкімі (уездный начальник — «оязной») қарамағына көшті. Ел болыстарға, болыс старшина, ауылдарға бөлінді. Жергілікті халықтың уәкілдерінің шағын билігі осы араға ғана жүрді. Қылмыстық істер жаңадан құрылған патша сотына — «орыс сотына» берілді. Билер соты «жергілікті» азаматтық талас-дауларды ғана қарайтын. Бұндай саяси биліктегі өзгерістер халық қарсылығын, қозғалысын туғызды.

Шаруашылық кұйзелісі, ғасырлар бойы қалыптасқан ел басқару тәртібінің бұзылуы, билердің сайланып-қойылуы ұрлық-зорлықты көбейтті. Елдің тыныштығын алды, бұрын да айтарлықтай болмаған халықтың бірлігіне көп зияны тиді. Абайдың өз сөзімен айтқанда «ел басына қиындық пен әуре туды, күйзеліс әкелді. Ұрлық, барымта, бұзықтық копболғандықтан «әне алып кетті, міне алып кетті» деп кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді».

Жалпы мүлік ұрлығы емес, мал ұрлығы көшпелі Қазақ ұлыстарында басқа қылмыс тұрлеріне қарағанда бұрын да көп тараған. Оның бірталай себептері бар. Солардың ішінде, әсіресе, еске алатындары:

а) Халықтың шаруашылық, тұрмыс негізі мал, «байлық малда», «Малы бардың асы бар, асы бардың малы бар» – өмір сипаты еді. Ұрлықпен айналысып құн көрушілер әр уақытта, ор жерде болмақ. Оның үстіне, Ресейдің отарлау, қанау саясатының салдарынан, құнды жайлауынан қуыла бастаған қазақ халқы шаруашылық кұйзелісіне ұшырады. Кедейлік көбейді, сонымен бірге ұрлық өсті; ә) Бітпеген дау, алынбаған айып, төленбеген құн, осылардың арты барымтаға әкеліп соқты. Ертеде барымта орындалмаған бітім мен билікке жауап ретінде қолданылса, кейін мал шапқынына айналды; б) Ру-руға, ру жіктеріне бөлініп, натуральды шаруашылығы басым, бірлігі аз елде шапқыншылық, зомбылық, әлсізге әлдінің әмірі етек алады.

Халықтың тыныштығына тікелей қауіп төнгенде, «жау жағадан алғанда» ғана «бірлік», «ынтымақ», «бас қосу» ұрандары естіледі; в) Табиғилығы басым қарапайым елде кеткен кек, қорланған намыс, бітпеген бітім, кейде ғасырлар бойы арадағы тұтанар өрттің шоғына айналған; г) Қоныстары алшақ елдің малдарын түнделетіп айдап кету, малшыларын байлап кету ертеректе жастардың, ұландардың жігіттігін әсірелесе, енді ұрлыққа айналды.

Хан менен төре қайда? Би менен бай қайда? Олар өріс алған ұрлық-зорлықпен неге табанды күреспеді? – дегенге келсек, көшпелі қазақ елінде басқару тосілі әр уақытта осал болды. Бытыраған рулардың, ру бөлімдерінің өз алдына ханы я болмаса төресі, биі барды.

Олардың қарамағында, хандық дәуірдің өзінде де, бағынышты, жарлығын орындайтын арнайы жасақталған тұрақты (аппараты) тобы болған емес. Атшы, қосшы, хабаршы, шабарман сияқтыларды ұстады. Олар ең алдымен мырзалардың қосшысы, жеке дәулетін қорушы ретінде жүрді. Төре-билердің арасында билікке, қонысқа таласушылық күнделікті өдетке айналған-ды. Халықтың, ұлттың тұтастық бірлік сезімі ел басына қауіп туғанда ғана, жау жағадан ала бастағанда ғана оянатын. Осындай жағдай қазақ қоғамының әлеуметтік, шаруашылық өзғешелігінің, саяси құрылысы, дәуірінің өзіндік ерекшелігінің туындысы.

Құнанбай – Абай заманында, елдің, бұкіл ұлттың болашағы мен тағдыры таразыға тұскенде өріс алып бара жатқан ұрлық үлкен-кіші ұлыс көлемінде ауыр кеселге айналды. Бұны түсінген де бар, тұсінбеген де бар. Козі ашықтар, оқығандар, бірен-саран орыс – еуропа мәдениетінен нәр алғандар жастар арасында оқу-білім пайдасын уағыздаумен бірге, ұрлық-зорлықтың қиянатын тереңірек тұсінді, онымен күреске шақырды. Құнанбай, Абай сияқты ел басшылары ұрлықпен қатты арпалысты. Олардың күрестері өздерінің әулеті, ру көлемінде табыссыз да болған жоқ. Дегенмен де ұрлықтың тамырына балта шабылмады. Ұрлықпен күрескерлер тым аз еді. Көп жерде ру, ауыл басшыларының өздері ұрлыққа дағдыланып, ұрылардың сұйенішіне, қолдаушысына айналғанды.

Абай өзінің беделін, Кеңгірбай – Құнанбай әулетінің беделін ұрлықпен күресуге салды. Сөздің қадірі жүрген жерде шешендігін пайдаланды, жораға тұскенде әдет-ғұрып, өнеге болып қалған ережелер жөніндегі білімділігіне сүйенді. Жүгініске отырғызып, билігін айтты. Осындай батылда қатал істерімен Абай ұрлық-зорлыққа біраз тыйым салды, шек қойды. Оның ұрлықпен, тағы басқа да қылмыстық істермен нөтижелі күресі аты мен беделін бұрынғыдан да асырды. Абай әділ, кемеңгер би атанды.

Халықгың, ұлттың қамқоршысы ретінде танылған, тарихта аты қалған Мөңке, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Қаражігіт, Есет сияқты атышулы билердің, ел басшыларының жолын Абай қуды. Әділдікті ұран қылып ұстады. «Әділ бидің туғаны жоқ» дегенді паш етті.

Абайға жүгініске келген даугерлер үш топқа бөлінетін. Біреулері — ұрыларды жазалайды деп, олардың басшыларынан қанағат, жәрдем көрмей, ұрланған малын қайтару мақсатымен талапкер ретінде келетін. Екіншілер – жақ болып таласып, дау шиеленісіп, сүйек дағына айналып, елді аздыра бастағанда өзара бітімге келе алмай Абайдың билігіне құлдық деп келетіндер болатын. Үшіншілері – басқа билердің шешімін мойындамай, қайта қарауды талап ететін.

Абайдың ұрлық жөніндегі биліктері әділдік, шындық жолындағы кұресін айқындайды, көпшілік санасына сіңген әдет-ғұрып зандарының ізгі тәртібін ретті пайдалана білгенін көрсетеді. Баласы Тұрағұлдың «әкем іздеп кеп жүгінгенге аз да болса салмағын досына сала айтатұғын секілді еді, тумаға тартуды ол әдет қылмады, ұры сүйегіш адамға ризалығы жоқ еді», – дегендері осыған айғақ.

Абайдың төмендегі билігі үлгі, мұра болып «бір дауда екі сыбаға тимейді» деген атпен қазақтың жол-жоба ережелеріне енген. «Абай былай шешкен» екен деген тәртіп басқа билерге сүйемел болған. Абай билігінің осы үлгісі туралы хабар бірінші рет 1945 жылы республикалық газетте жарияланды. Екінші ретте 1962 жылы Семей облысы Абай ауданының тұрғыны Жандыбаев Рахымның аузынан жазып алынды. Бұл биліктің екі нұсқасының мазмұн жағынан айырмашылығы жоқ та, кейбір кісі аттарында азды-көпті өзгешеліктер бар. Енді оның шығу себебіне келелік.

Мамай руынан Еламан ұрланған құнанын Сарбас руы ішіндегі Құлжабайдан көреді. Екі жақ келісе алмай тартысқа түсіп, ақыры Абайға жүгініске баруға келіседі. Екеуін де тындағаннан кейін бірден бітімін айтпай, «өзара келісерсіңдер» деп екібесіндіге шейін үзіліс жасайды. Сол уақыттың ішінде Абай өз адамдары арқылы қосымша хабар алып, іштей шешімге келеді. Абай жауапкер Құлжабайға: – Құнанын қайтар, – дейді. Еламан, әлде ризалығынан ба, әлде көпсөзділігінен бе, «айтарым бар тағы да» деп, сөз алып, ұрлықтың мәнісін қайталап ұзақ баяндайды. Абай намазшамға шейін ұндемей отырып тыңдайды.

Абай:  Сойлеп болдың ба, Еламан? Болсаң, – дейді де Құлжабайға қарап: — енді сен құнанды берме,  – деп кесім шығарған. Еламан : – Бұл не дегенің, Абай? Абай: –Құнан саған тиген еді. Оны сөзге айырбастадың. Құнанның орнына сөз алдың. «Саған бір дауда екі сыбаға тимейді», – деп, соңғы бітім шығарған. Соңынан Абайдың бұл билігіне «атымыз шықты» деп, екі жағы да риза болыпты.

Ел аузына ілігіп, ұрпақ қуалаған Абайдың бір билігі «шынын айтқан шығынсыз құтылар» деп аталады. Ережелерге Абай қосқан ұлгі ретінде саналған. Бұл да өзара байланысы жоқ екі адамның аузынан 1958–1962 жылдары жазып алынды. Айтушылар: Бекшойын Алпысұлы, Абай ауданының тұрғыны, аудандық заготскоттың Ақшидегі базасында темірші-ұста (1958 жыл), Жақсыбек Кәпірбайұлы, Семей облысы, Аягөз ауданы, жасы 95-те (1962 жыл).

Биліктің айтылуы былай:

Найман руынан Тана дейтін кісінің бәйгеге түсіп, жүлде алып жүрген «Қаракөз» деген аты болыпты. Сол атты Танадан Абай кісі жіберіп сұрапты. Оған Тана: – Мұрын елінде былтыр сауын айтқан бәйге бар еді. Қаракөзді соған арнап жаратқанмын. Бүрсікүні жүргелі отырмын. Бәйгеден кейін ат Абайдікі, – деп жауап беріпті. Келесі күні кермесінде байлаулы тұрған Қаракөзді ұры алып кетеді. Тана Абайға кісі жіберіп: – Екеумізге ортақ Қаракөз ұрланды. Қолым жеткен жерге сұрау салдым. Ізі табылмады. Абайдың абыройы бар, тапсын да алсын, – деп хабарлапты.

Сол жылы Абайдың бір баласы қайтыс болып, Ескененің кісілері Абайдікіне бата оқу үшін келеді. Олар қайта бастағанда Абай: – Олардың ішінде Балақазы дейтін болуы керек, соны шақыршы маған, – деп, зайыбы Еркежанды жұмсайды. Еркежан аттанып жатқан көпшіліктен: – Сіздердің іштеріңізде Балақазы дейтін кісі бар ма екен? — дегенінде, біреу – иә, мен Балақазы, – дейді. – Сізді мырза шақырады.

Балақазы «Абай ұрыны жек көреді» дегеніне қанық, «Абайдың алдында жаныңды сауғаласаң, шыныңды айт» сияқты сөздерді құлағы естіген, қатты үрейленіп «ойпырмай, ажалым жеткен екен», – деген оймен Абайдың үйіне кіріп келеді.

Абай: – Балақазы деген кісі сенбісің?

Балақазы: – Иә, менмін.

Абай: – Еркежан, үйдің жанында кісі бар ма?

Жоқ.

—Ендеше өзің де үйден шығып тұр, біздің әңгімеміз бар, — дегенде Балақазы «өлетін жерім келген екен» деп ойға батып, өңі бозарып іштей шындығын айтуға көшеді. Абай: – Әй, Балақазы! Есінде ме өткен жылы найман Тананың Қаракөз атын ұры әкетті. Көрген-білген, естіген жерің бар ма? – дегеннің өзінде-ақ Балақазы іштей шошып, «Абай біліп қойған екен, өзім айтпасам болмас» деген оймен: – Өзім кетерде ауылдың сыртындағы сайға арқандатып кетіп едім, – дейді.

Абай: – Сайға арқандатып кеткенің рас па?

Балақазы: – Рас. Абай-аға, шындығымды екі рет айттырдыңыз.

Бірінші рет үйіңізге кіргенде іштей айттым. Екінші рет алдыңызда.

Абай: – Жарайды, шындықты мойындадың. Жаратылысың ұрлықтың кұлы емес, шындықтың құлы екен. Егерде өтірік айтқан болсаң, аямайтын едім. Келісімге келелік: Сол атты саған бұйырдым. Бұдан былай ұрлығыңды тый, егер де екінші рет ұрлық қылсаң аяу кұтпе, –  деп қайтарыпты. Осыдан кейін ол ұрлығын мұлдем қойып, Абайдың сырттан сыйласы болып кетіпті. Бұл шешім ел ішіне тез тарап, «Абайдың алдына барсаң, шыныңды айт», – деген аңызға айналыпты.

3. Абайдың ел арасына кең тараған билігінің бірі «Найман Төлеу» 1958 жылы руы Қаракесек, туған жері Семей облысы Абыралы ауданы, Дегелең Қаратұмсық орны Шахаман совхозының тұрғыны Үйсінбайұлы Ғабдрахманнан (65 жаста) жазып алынды. 1880 жылдары Шар өзенінің бойында Қарамолада шақырылған билердің төтенше (чрезвычайный) съезінде Абай Төбе би болып сайланады.

Сонда Найман руынан талапкер ретінде Борсықбай, Торсықбай, Сасай деген билерінің Тобықты, Уақ, Керей руларының адамдары мынадай малымызды барымталады, ұрлады және кісі өлімі болды деген шағымы олардың бір топ билерінің қатысуымен қаралады.

Жауапкер жағы Найманның билеріне: – Не дауларың бар? Не талап етесіздер? Ұрланған малдарының белгісі бар ма? Ұрыны ұстадыңдар ма? Сайға құлап өлген адамдарыңның да құнын сұрайсыздар ма? – депті. Найманның билері Борсықбай мен Торсықбай кезек-кезек сөйлеп, түйіні: – бүгінге шейін бұл рулардың басшыларына сөзіміз өтпеді, қолымыз жетпеді, малымызға төлеу, кісімізге құн ала алмадық. Енді Абайдың алдынан ағын тілеп отырмыз деп, шығындарын баяндайды. Бірақ та талас созде Найманның «кісіміз сайға түсіп өлді» дегені дәлелді, ұтымды болып шықпайды. Сол кезде Сасай би артынан сөз алады: – Әй, Тобықты, Уақ, Керей! Айқайлап жылқымды алмасаң, ел шауып қиқуды салмасаң, жатқан төсектен сасып тұрып, артыңыздан қумаса, жыра мен сайға жығылып кісім өлмес еді. Нақақтан кісім өлмесе, жалған жала жабар ма едім?

Сақалыммен бұнда келер ме едім? Уа, Абай мырза, билігіңе құлдық, кеміне де, артығына да көндік, дауласа-дауласа шаршадық, – депті.

Абай орнынан қозғала түсіп: – Уа, бұл сөйлеген кім еді? – деп сұрайды.

Найманның Сасай деген биі осы кісі, – депті біреу.

Абай билігінде: – Уа, ала жіпті аттамайтын Сасай би

жұгініске келсе, мынау созді Сасай би айтса, Тобықты, Уақ, Керей, Найманға «аз беріп, көп жарылқар», – деп кесім айтыпты. Бұған түсініп, екі жақ та көніпті.

Төлеу беріп, бітім малын алғанда ер құнына нар беріпті, түйеге тайлақ, атқа тай, қойға қозы, сиырға бұзау беріпті. «Аз беріп көп жарылқардың» мәнісі осы екен. Абайдың бұл айтқан билігі «Найман Төлеу» аталып қариялардың айтуынша, осы күнге шейін мақал болып келеді. «Ұры сүйегіш адамдарға ризалығы жоқ еді», – дегендеріне осы айғақ.

Бір күні үйде отырғанда Найман Кәріпжан қажы келіп тұр деп тыстан біреу хабар берген соң Абай мәсісін, бешпетін киіп, көрпе салғызып, келгенді үйге кіргізеді.

Абай: – Е, қажы неғып жүрсіз? – деп сұрайды.

Қажы: – 7-8 жылқы алғызып, соны қуып келіп қалып едім.

Абай: – Қажы-ай, 7-8 жылқы алғызып, соны қуып келгенің не қылғаның, бір бала-шағаны жіберсеңіз де Тобықтының ұрысы әкелген болса алып бермеуші ме едім? – деп ренжиді.

Қажы: – Бір ашумен шығып кетіп едім, – деп ұялып қалыпты.

Абайдың тексеруінен кейін күмән Шодыр баласы Смағұлға тұседі.

Абай оны жүгініске шақырады. Тұрағұлдың айтуынша, Кәріпжан қажы Абай үйінде түстеніп отырғанда ағасы Тәңірберді Смағұлды ерте келеді. Абай Тәңірбердіге: – Сіз нағып жүрсіз? – дейді.

Тәңірберді:

Оспанның сұрауымен мына Смағұлды саған билікке ертіп келдім. Соның жағынан менің де жүгініске қатысу ойым бар. Айыбы жоқ

сияқты.

Абай: – Сіз атшабар болғаныңыз ба? Ісіңіз жемісті болсын, – деп жақтырмай, қаталдана сөйледі. Абайдың бұл сөзіне Тәңірберді өкпелеп, көп уақыт араласпай қояды. Артынан оларды татуластыру ұшін Оспанның үйінде үлкендердің жиыны болды. Сол жиынға мен де катынастым дейді Тұрағұл.

Қазақ халқының әдет-ғұрып, жол-жоба ережелері бойынша дауларды қарау, шешімғе келу істің қисыны мен қайшылықтарын ажыратуға да, бидің (төбе бидің) жораға түсуіне де байланысты. Шешендігі ұлкен ірғелі би сұрақты сүйегіне тиетін етіп беріп, арына артып қадай беріп. кейде жұмбақтап, даугерлердің сырын алады, жауабынан сезеді. Мұндайда іс тез бітеді. Арқатта болатын билердің тетенше съезінде Абай Төбе би болғанда Қытай жерінде тұратын он екі Абақ Қаракерейдің бір айғыр ұйірін шектес Найман ауылдары айдап кетіп, бермей қояды. Оязнойдың шақыртуы бойынша съезге Найманның уәкілі ретінде бір қажысы келеді.

Жұғініс кезінде Абай оған: – Қажы, анауыңыз не? Мынауыңыз не? — деп жұмбақтап сұрайды. Қажы бұндай сұрақ береді деп ойламаған, әзірлеген бұрма жауабын ұмытып, жұмбағына жұмбақпен шынын айтуға мәжбұр болады. Қажы: – Анауым ақырет үшін, мынауым дүние үшін, – депті. Куәсіз ұрлықты мойындағанын түсініп, Абай сол бойда биліғін жариялапты, Керейдің ұрланған малын тұяғын тұяқтай қайтарыпты.

Бұндағы Абайдың сұрағы мен қажының жауабының шешімі:

Абайдың «Анауың не? Мынауың не?» – дегені: Не үшін қажыға бардыңыз? Қажы бола тұрып ұрлық істеттіруіңіз қалай? – дегені.

Қажының жауабы: «Анауым ақырет үшін» дегені – тәнімнің болашақта тазалығы үшін Мекеге кажылықка бардым, «мынау дүние үшін» дегені – бұл ісім өмірдегі құн көріске керек болды деген ойды білдіргені.

«Әкем Нұғыман «Абайдың алдына жүгініске барғанмын» деп өзі айтып отырушы еді», – дейді оның баласы Сәбит. Нұғыманның жалғыз атының кісенін ашып Діндібай, Қарала дейтін ағайынды екеуінің балалары ұрлап алып кетеді. Олар бұрын да ұрлыкты кәсіп жасаған.

Атын сұрап барған Нұғыманды ұры ауылының үлкендері тыңдайды, шешім айтпайды, аяқсыз калдырады. Азар дегенде 3 сом ақша жинап, Абайға барыпты. Кіріп барған Нұғыманға Абай шаншыла қарайды. Абай: — Не жұмыспен келдіңіз?

Нұғыман: – Атымды Діндібай, Қарала дейтіндердің ұрылары алған еді. Сұрап ала алмаған соң сізге 5 сом таба алмай, 3 сом ғана тауып әкелдім, атымды алып берер ме екен деп.  Абай онан орі шаншыла қарайды: — Әй, Нұке-ай, ана бір жылдары Найман елінің дауына барған уақытымда Найманның бір байы менің сөзімді сөйлесін деп 80 сом ақшаны шытқа орап жібергенінде, оны алсам, үш уез бас қосқан съезде әлгі байдың сөзін сөйлесем, Абай ғаділетті 80 сомға сатты демей ме? Пара жеді десе сүйегіме таңба емес пе? Ел қарғысының астында қалмайын деп қайтарғанмын. Ал бүгін сен 3 сом беремін деп отырсың. Шіркін, сол үш сомды ал дегеніңіз үшін үш күн босағада кісен салып отырғызар ма еді?! Қайыр-қайыр. Анау Белағаштағы Айтқазы болыстан алған үлгің ғой! Сол болыстар сықылды ғаділетті ақшаға айырбастамаймын. Ертең атыңды алған ұрыны шақыртып, атыңды алып беремін. Ана 3 сомыңды үй керегіне жұмса, – депті.

Айтқанындай, Нұғыманның ұрланған аты қайтарылыпты. (Айтушы – Нұғыманов Сәбит, Абай ауданы, «Заготскот», 15 шілде, 1962 жыл).

7. Абайдың алысқа, иә үлкен думандарға барғанда мінетін атын «Ақерін» депті. Қарамолада төтенше съезд болатын жылы Найманның ішіндегі Қыржы ата баласынан шыққан атақты ұры Аюбай Тобықтыдан барымта ретінде алған жылқыларының ішінде Ақерін кетеді. Абайдың шағым сұрауы бойынша сол съезде Найманның белгілі билерінің бірі Жұмақан (Қисық баласы) Ақерінді қайтару ісін қарайды. Жүгініске шақырылған Аюбай Абайдан да, Жұмақаннан да кешігіп келеді. Жұмақан Аюбайға:

— Неге кешіктің Аюбай? Жұмақан Ыбраймен (Абаймен) құда дедің бе? (Абайдың баласы Ақылбай Жұмақанның қызын алған). «Құдалыққа құн кешпейді» деген бар емес пе? Мен ел аруағын сатам ба? Абайдың Ақерін атын алғаның рас па? Аюбай: – Алғаным рас, барымтаның ішінде екен. Бірақ, оның көзі жоғалды, – дейді.

Жұмақан Абайға қарап: – Ақерін атыңызға «екі бесті» кесемін, – деғен.

Абай: – Сен Жұмақан болсаң, мен Абай болсам, Ақерін мен мінетін атым болса, «екі бесті» Ақеріннің орны емес, бірақ өкпем жоқ, төлемін алмаймын. Ақерін Аюбайға кетсін, сонымен бұл дау бітсін,  дегенде қатысқандар Абайдың ақылы мен ел тыныштығын жоғары санайтындығына риза болған (Айтушы: Кәріпбайұлы Жақанбек, 95 жаста, Семей облысы, Аягөз ауданы, 1962 жыл).

Осы келтірілғен Абай биліктері мен билік шешімдерінен қазақ әдет-ғұрып ережелерінің сыр-сипаты, қасиеттері туралы, шешендігі үлкен іргелі билердің үлғісін, төртібін ұстаған Абай сияқты сырлы асыл сөздің иесі атанған, әділдігі мен адалдығы арқасында, ел намысын жоғары ұстаған жеке адамдардың – билердің тұлғасы көз алдымызда елестейді. Қаймағы бұзылмай тұрған ерікті, ерлікті, адам басын сыйлайтын ерте замандағы қазақ әдет-ғұрып заңдарының қоғам өміріндегі алған орнын сипаттайды.

 

Зиманов С.З.

Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі.

 — Алматы: Ата-мұра, 2008.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники