Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Тәкен Әлімқұлов. АУДАРМА — ҚҰТЫ ҚАШПАС ҚАЗЫНА

880260_1793044132_164s_Alimkulov

Т. Әлімқұлов

Ұлттық қазынаға игілікті сыбаға болып қосылатын аудармалық әдебиеттің табиғаты талай ойшылды толғандырып, талай сөз зергерін сынаған. Қазақ топырағында ысылған реалистік аударма дәстүрі Абайдан басталады. Аударма мәдениеті де сол Абайдан тарайды.


Абай аудармамен айналысқан кезде орыс әдебиетіне қанық, орыс тіліне жетік еді. Оның екі тілде еркін ойлайтыны: «Айтыңызшы, болсаңыз здравомыслящий» деген тәрізді стихиялық жолдардан да аңғарылады. Көркем аударманы орыс тілі қанына сіңген кезде бастаған Абай қол жетпес үлгілер жасай білді. Ол аударма атаулыны жарысқа түсіріп, жалаң еліктеуден, көлбегей көшіруден, болымсыз бөгделеуден құтқарды. Табиғатында эстет емес, эстетик Абай көкейіне қонатын мәнді, маңызды, күрделі шығармаларды таңдады. Және одарды менменше бейімдеп, бұрмалап, берекесіздендіріп обал жасамайды. Кейінгі кейбір эстет ақындарша ұрлыққа жуымай, түпнұсқасын дәл көрсетіп отырды. Ана тілден айна-қатесіз балама тауып, жүректің қанымен жазудың үлгісін жасады. Қазақ, тіліне аударуда біздің күні бүгінге шейін Абай тәжірибесіне соқпай, оған мойын ұсынбай өте алмайтынымызда бұрқыраған қайнардың касиеті бар.
Абайдың ересен білімдар інісі Халиулла орыс классикасымен — Толстойдың, Тургеневтің, Салтыков-Щедриннің, Белинскийдің, Добролюбовтың — шығармаларымен Абайдан бұрын танысып, сол шығармалардан нәрлі үзінділер аударғанын қыр қазағының тұрмысына қанық орыс ғалымдары, Н. Максимов, Г.Н. Потанин, Н.М. Ядринцев растайды. Қағаз жүзінде сақталмай жоғалып кеткен ол аудармалардың сыры, сыпаты, сапасы жөнінде болжау жасауға ғана болады. Реалистік аударма тұрғысынан Абайға азды-көпті ықпал жасамады ма екен деп ойлаймыз.
Осы жағынан алып қарағанда, Абайдың аударма өнерінде де жаңалық мол. Абай аудармалары шығарманың контексті мен подтекстін мейлінше терең түсінгендікті және соны казақ ұғымына жат етпей, мейлінше жатық етіп бере білушілікті танытады.
Абай аудармалары тілімізді байыта түсті. Жаңа ұғымдар, тың теңеулер, эпитеттер, соны сөз орамдарын, сөз айшықтарын туғызды. Поэзиямызда жаңа ырғақ, жаңа әуен пайда болды. Ойлаудың бейнелі жаңа түрлері шықты.
Солай бола тұрса да, аударманың реалистік тұрғысынан алып карағанда, Абай тәжірибесі шетінен бүгінгі күннің кәдесіне аса береді деуге тағы болмайды.
Ең алдымен, Абай түсында қазақ поэзиясында аударма тәжірибесі жоқ еді. Сол тәжірибені Абайдың өзі жасады. Ал, тұңғыш істе қашан да қиыншылық көбірек кездеседі. Мұның үстіне, Абай аударманы өзінің ағартушылық қызмегіне пайдаланып отырды. Сондықтан ол бағзы бір шығармаларды тым еркін аударды, арасына өз идеяларын, өз көзқарастарын қосып, соған үндеді. Содан барып ол аударманы қазақ даласының тарихи экономикалық болмысына қарай бейімдеп жіберген де реттері болды.

Көңілім менің қараңғы: бол, бол, ақын,
Алтынды домбыраңмен келші жақын.

Осындағы «домбыра» дегеи сөз Байронның аузына түсуі мүмкін емес қой.
Сол сияқты:

Досың жоқ, дұшпаның жоқ тыныш жатасың,
Мал ушін аш қатасың, жан сатасың.
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын, —

деген сөздердің де Лермонтовтың аузына түсуі қиын («Дума»). Абай бұл жерде Лермонтов ойына өз ойын жалғаи отыр. Сондықтан да тым қазақыланып кеткен. Бұл өлеңді аударма деу ләзім бе, жоқ еліктеу деу ләзім бе, оны мықтап ойластырмаққа керек. Абайдың Лермонтовтан аударған атақты «Бесіктегі бөбегі» де («Ребенок в люльке») осындай өлеңдердің тобына жатады. Бұл өлеңді Лермонтов Шиллерден дәл аударған. Шиллердің бастан кешкен қуғын-сүргінін меңзейтін мұңлы өлең Лермонтовтың көңіл сазына орайласа кеткен еді. Осы өлеңді Абай тіптен еркін алып кетеді.

Кең жайлау — жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма.
Ержеткен соң сыймайсың кен дүниеге,
Тыныштық пен зар боласың баспанаға.

Орысшасына кез жүгіртіңіз:

Счастлив ребенок
И в люльке просторно ему.
Но дай время сделаться мужем,
И тесен покажется мир.

Міне, бұнда «кең жайлау» да жоқ, «алла асыраған пенде» де жоқ, «аш бола ма» да жок, «тыныштық пен зар боласың баспанаға» да жоқ. Бүкіл шумақтан түпнұсқаға: «Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге» деген бір-ақ жол жуық. Ендеше, бұны аудармаға қалай телиміз?
Бұл өлеңнің дәл көркем аудармасы мынадай болуға керек:

Tap бесікте өседі еркін,
Бақытты бөбек іңгалаған.
Есейіп өсе келгенде бертін
Етеді тарлық қиырсыз жаһан.

Осының ығытында айта кету орынды. Абайдың кейбір аудармасында араби сөздер орынсыз ұшырасады. «Онегиннің Татьянаға жазған хатындағы»:

Михрабым сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғұзіріме, —

деген жолдардың егіннің арам шөбіне ұқсас екеніне дау бола қоймас.
Бұндай шұбарлықтың екі түрлі себебі бар. Біріншіден, Абай дәуірінде қазақ тілінде аударманың тожірибесі, ережесі болмаған. Екіншіден, Абай орыс тілін қалай еркін меңгерсе, араб, парсы тілін де сондай еркін меңгерген ғұлама. Солай болғандықтан да оның ойлау жүйесінде, тіл кестесінде арабизмдер, персизмдер аз ұшыраспайды. Бұл баяғы айтылған русизмді де еске түсіреді. Бұл — ғұламаның қайшылығы емес, ана тілінін шарасынан асып төгілген мөлшерсіз молдығы.
Абай аудармаларына қайта оралар болсақ, олардың басым көпшілігі әрі жатық, әрі дәл, мін атаулыдан аулақ. Жуковскийдің: «Қарасөздің аудармашысы – құл, поэзияның аудармашысы — бәсекелес», — дегені жұртқа мәлім. Абай осы бәсекелестік тұрғыдан жарыса аударады. Түпнұсқаның мағынасын, сырын, шырайын эсте кемітпей жеткізеді. Оның аудармалары түпнұсқа қазақ тілінде туғандай әсер береді. Лермонтовтың:

Люблю тебя, булатный мой кинжал,
Товариш, светлый и холодиый, —

деген жолдарын Абай:

Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап,
Ыстық, суық майданда шығады ойнап, —

деп аударады. Тамаша тапқырлық! Осы өлеңнің екінші жолы «жарқын, салқын жолдасым» деген тәрізді етіп аударсаң, сөз болмай шығады ғой. Лермонтовтың ойын жеткізе алмайды ғой. Ендеше, шығарманың әрпін емес, рухын аудару керек деген қағидаға бұл арада да ден қоямыз. Рас, шығарманың рухын аударғанда, оның формасын да сақтау шарт. Абай көп аудармаларында өлеңнің сыртқы формасын сақтамай, кәдімгі 11 буынды қара өлеңге салып кетеді. Бірақ, сонын, өзінде ол өлең ырғағын, екпінін дәл беріп отырады, екінші сөзбен айтқанда, ішкі формасын көбірек сақтайды. Ал, бұл — ең негізгі шарт. Осының арқасында сыртқы форма айрықшылығын көп жерде байқамай да қаласың.
Абайдың аудармалық мұрасы аз сөзбен шешілетін нәрсе емес, жеке талдауды керек ететін нәрсе. Солай болғандықтан біз бұл арада кейбір аудармаларына ғана тоқталып өтеміз.
Абай көп өлеңдерді еркін аудара тұрса да, негізінде, аударушылық жұмысына аса ұқыпты қарағаны байқалады. Абайдың орыс поэзиясынан қазіргі бізге мәлім мөлшерден әлдеқайда көп аударуы, бірақ, сонау бәрі бізге түгел жетпей, жоғалып кетуі мумкін. Және Абайдың өзі ұнатпай тастаған аудармалары да болуы ғажап емес. Әрине, бұның бәрі жорамал. Бірақ жаннан шығарылған жорамал емес. Абай тәжірибесін байқаудан туған жорамал. Мысалға 1897 жылы жасалған мына бір аудармасын алып қарайық.

В минуту жизни трудную
Теснится ль в сердце грусть:
Одну молитву чудную
Твержу я наизусть.

Есть сила благодатная
В созвучье слов живых,
И, дышит непонятная,
Святая прелесть в них, —

деп келетін Лермонтовтың «Молитвасын» Абай «Дұға» және «Қасиетті дұға» деген атпен екі вариантпен аударады.

Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулағыш мінезін бар, жүрек, сенің,
Сонда сенің отыңды басатұғын
Осы өлең оқитұғын дұғам менің.

Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны сол — айрылмайды.
Қасиетті напасы желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды.

Екінші варианты:

Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ,
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ.
Кайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас, бір тәтті лебізінен,
«Уан» деген естілер ұлы жарлық.

Осы екі варианттың қайсысы көркем деген сұрақ қою орынсыз да болар. Өйткені, екеуі де өз орнында көркем-ақ. Бірақ, оригиналға соның қайсысы жуық деп сұрасақ, сөз жоқ, екінші вариант жуығырақ. «Теснится ль в сердце грустьтың» ішкі мағынасы «Тулағыш мінезің бар, жүрек сеніңнен» гөрі «Ешнәрсеге көңілім болмаса тоққа» келіңкірейді. Олай болса, Абай осыдан кейінгі:

И, дышит непонятная,
Святая прелесть в них, —

деген жолдарды да екінші вариантта ағатсыз түсінген:

Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
«Уан» деген естілер ұлы жарлық.

Сәтімен табылған сөз! Бұл — кәдімгі профессионал аударушылардың талғампаздығынан кем түспейтін тәжірибе.
Н.Т. Сауранбаевтың редакторлығымен 1948 жылы баспадан шыққан Абайдың шығармаларының толық жинағында «Күлімсіреп аспан тұрды» (1894) Абайдың колжазбаларын көшірген Мүрсейіт Лермонтовтан деп көрсеткен екен. Бірақ: «Лермонтовтың дәл қай өлеңінен аударылғанын білу қиын», — деп түсінік беріледі. Бұған тек таң қалуға болады. Лермонтов поэзиясынан аз-маз хабардар адам әйгілі өлеңді айтпай тануға керек еді.

Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлантып әрнені.
Бір себепсіз қайғы кұр,
Баса ма екен пендені.

Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілімде,
Қайғырамын жатамын,
He іздейміп өмірде…

Қайтты ма көңіл бетімен
Яки бір қапыл қалды ма?
Өткен күнге екінбен,
Һәм үміт жоқ алдымда, —

деп басталатын бұл өлеңде Лермонтовтың сарыны жатқаны аян емес пе?
Әрине! Бұл кәдімгі «Выхожу один я на дорогу» ғой. Біз салыстырып қарағанда, шынында да, солай болып шықты. Демек, «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыздың» да екі түрлі варианты бар екен. Рас, Абайдың сөз болғалы отырған екінші вариантында өз жанынан қосқан жерлері бар. Бірақ, негізінен алғанда, бұл — аударма екені даусыз. Абайдың өзі де солай дегенін Мүрсейіт айтыпты.
Осы екі варианттың мына бір-екі шумағын оригиналмен салыстырып қаралық.

Уж не жду от жизни ничего я,
И не жаль мне прошлого ничуть.
Я ищу свободы и покоя.
Я б хотел забыться и заснуть,
Но не тем холодным сном могилы…
Я б желал навеки так заснуть,
Чтоб в груди дремали жизни силы,
Чтоб дыша вздымалась тихо грудь.

Мұның жұртшылыққа бұрыннан мәлім аудармасы:

Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен биттей өкінбеймін.
Азаттық пен тыныштық көксегенім,
«Ұйықтамақ пен ұмытпақ» деп іздеймін,
Өлімнің ұйқысы емес іздегенім…
Ұйқы, тыныштық, ұмыту — бір дегенім.
Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін демалысты үзбегенін.

Біз айтқан екінші вариантында бұл жолдар былай болып шыққан:

Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалды ма
Өткен күнге өкінбен,
Һәм үміт жоқ алдымда.

Іздегенім тәтті ұйқы,
Дүниені ұмытып,
Өлімнің суық дым сиқы,
Тұрсын өмір жылытып.

Көріп отырсыз, «Лермонтовтың сыршыл сезімін, өлмес ойын қайсымыз жақсы жеткізер екенбіз» дегендей, бұл екі вариант бірімен бірі жарысып жатыр. Және, екеуі де жақсы.
Абайдың:

Махаббат, достық қылуға
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға
Бес күндік ғашық — жөн емес.

Сүйіспек, көңілім ойлайды,
Еңбекке аз күн татымас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Жанның бәрі – қатыбас, —

дейтін сегіз жолдьіқ өлеңін оқығанда, басқа біреуді шырамытасыз да тұрасыз. Әсіресе, «сүйісу тозбай тұрмайды, еңбекке аз күн татымас» деген сөздер басқа бір өлеңді есіңізге түсіре береді. Бұл күдік жоғарыда біз сөз қылған түсініктерден ұлғая түседі. «Бұл өлең, — дейді онда, — қолжазбада Лермонтовтан делінген. Бірақ дәл қай шығармасынан аударылғанын дәлелдеу қиын».
Жоқ, қиын емес!
Бұл — Лермонтовтың «И скучно и грустно» деп келетін өлеңінің еркін аудармасы. Яғни, «Әм жабықтым, әм жалықтымның» жалғасы.
Абай «Әм жабықтымда» Лермонтов өлеңінің, бастапқы бір-ақ шумағын аударғаны мәлім. Мынау өлең соның екінші шумағы сияқты.

Любить — но кого же?
На время не стоит труда,
А вечно любить невозможно…

Осыны Абай бірнеше жолмен аударады:

Махаббат, достық қылуға
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға
Бес күндік ғашық — жөн емес.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас.

Салыстырып карасаңыз, мұның аударма екені және аударма болғанда, дәл аударма екені сайрап тұрады. Әсіресе, ең соңғы жолдарын айтсаңызшы. «На время не стоит труданы» Абай: «Еңбекке аз күн татымас», — деп аударады. «А вечно любить невозможноны» ол: «Сүйісу тозбай түрмайды», — деп алады. Шынында да, «мәңгі сүю мүмкін емес» пен «сүйісу тозбай тұрмайдының» ішкі мағынасы бір емес пе. Қайта, соңғысы жатығырақ емес пе.
Рас, бұл өлеңнен: «Сүйіспек көңілім ойлайды, жанның бәрі қатыбас», — деп, Абай өз жанынан қосқан екі жолын келтіргеніміз жоқ. Бірақ ондай жолдар Абайдың басқа аудармаларында да бар ғой.
Әрине, ұлы ақындарда ой ұқсастығы, идея ұқсастығы деген бола береді. Бірақ Абайдың өзі «аударма» деген нәрсесін «аударма емес» деп шығаруға қандай орай бар. Бұл турасында талантты ғалымдарымыздың бірі Зәки Ахметовтің зерттеулері ашқан жаңа жайлар әбден дәлелді емес пе. Сондай үш-төрт өлеңнен Абай қазынасы кеміп қала ма. Бұл қайта ақынның орыс поэзиясынан мейлінше мол қанғандығын, орыс ақындарымен ішкері достығының зор болғанын сипаттамай ма.
Оның үстіне тарихи шындық деген де болуға керек. Абайдың атақты:

Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып, жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып, —

дейтін аудармасына аузымыздың суы құриды. Шынында да ғажап аударма. Бірақ осы шумақтың соңғы екі жолы «Дары Терекада» жоқ қой. Ол өлең былай басталады:

Терек воет, дик и злобен,
Меж утесистых громад.
Буре плач его подобен.
Слезы брызгами летят.

Абайда бұның соңғы екі жолы қалып койған да, оның орнына баска теңеу алынған. Бірақ сол теңеудің де түбі Лермонтовтан шығады. Ол «Демон» поэмасындағы:

И Терек, прыгая, как львица,
С косматой гривой на хребте.
Ревель — и зверь степной, и птица,
Кружась в лазурной высоте,
Глаголу вод его внимали, —

деген жолдар еді.
Поэмадан өлеңге әкеп салған «зорлығын» кешірсек, Абайдың осынау аудармасында мін жоқ. Бүгінгі «білгіштер» арыстанның қаншығында жал болмайды, Лермонтовтың «жалы» ағаттық деседі. Абай осыны күнілгері сезгендей, «львицаны» арыстан деп алады. Абай құнарсыз, қауқарсыз, жеңіл сөзге әсте жолмайды. Қашанда түпнұсқамен жарысты көздейді. Баламаның батылдығына ұмтылады. Лермонтовтың «Измаил-Бей» поэмасы кіріспесінің:

Опять явилось вдохновение
Душе безжизненной моей:
И превращает в песнопенье
Тоску, развалину страстей, —

деген жолдарын ол былай аударады:

Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін:
Аударды өлең жағына
Нәпсінің сынған кайғысын.

Бұл жердегі «вдохновение» көңілдің күйіне әбден келеді. Себебі, бұл — ақынның көңіл күйі, яғни шабыт. Осы секілді «Өзіңе сенбе, жас ойшыл» өлеңіндегі «вдохновениенің» «тіл өнері» боп алынуы да өте орынды. Here десеңіз, бұл өлеңде Лермонтов жас ақындарды меңзеген еді. Оның осы сырын жете түсінбеген В. Белинскийдің бір ағат пікірін кейін Г. Плеханов түзеткеи еді.
Әрине, бұның бәрін Абай білген деуден мүлдем аулақпыз. Абайды дарынның күші, ақынның сезімталдығы жетелеген. Сондықтан да ол «тіл өнері» дегенде жаза баспаған.
Абай аудармаларының тексті өте-мөте нығыз, тығыз, шымыр келеді. Ол «Выхожу один я на дорогуды»:

Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз, —

деп алады. «Мен» деген сөздің орнына «жым-жырт түнді» салып, тексті нығыздайды. Және «жым-жырт түнді» түпнұсқаның өзінен меншіктенеді. Осы секілді, «Сквозь туман кремнистый путь блеститті» «Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз» деп жандыртып жібереді. «Амалсыз жарқырайды» деген сөз арқылы жансыз жолға жан бітіреді. Абайдың «буы» — орысша «туманның» дәл өтемесі. Қазақтың тұманында тастақ жол жалтырамайды.
Лермонтовқа байланысты бір жәйіт — оның тұңғыш жинағы небары 28 өлеңнен құралады. Екі жүзден астам өлеңнің жиырма сегізін ғана кіргізген. Сайдың тасындай іріктелген аз өлең автордың ересен білімдарлығын, талғампаздығын байқатады. Бір қызығы, Абай Лермонтовтан дәл 28 өлең аударыпты. Осыны санаған Амантай Сатаевтың: «Абай бір кітаптан ғана аударған» деген жорамалы иланымды» [1]. Бұған қосымша айтар нәрсе, Абайдың қолына Лермонтовтың бір-ақ кітабының түсуі — тарихтың өкініші. Сол сияқты, сахаралық Абайдың Лермонтов лабораториясын білмеуі де өкініш.
Орыс әдебиетінде көркем аударманың ғасырлық тәжірибесін тексеріп, теорияға бой ұрған Иван Кашкин, Корней Чуковский, Самуил Маршак секілді білімпаздар бір шындықтың тұсында түгел түйіседі: аудармашы атаулы өз табиғатына, өз қырына келетін авторды таңдауға тиіс, сонда ғана аударма сәтті шықпақ. Бұл әсіресе поэзияға тәлімел. Тіпті прозаның өзінде түпнұсқа атаулы өзінің қыры мен сырына сай бейім таңдайды. Бейім табылған күннің өзінде сөзбе-сөз, жолма-жол аудару кәдеге аспайды. Түпнұсқамең жарысқан, жұтынып тұрған сымбатты тұлға керек. Балама бейнелер, текстің сыртқы түрпетінен емес, түпкі төркінінен туындауға тиіс. Бұған сөйлем жатықтығы, ішкі ырғақ, сөз екшеуі қосылады. Прозаик Гогольдің өзі: «Түпнұсқаға жуықтау үшін одан алшақтап орайласу керек», — деген. Аударманың ұлттық игілікке айналуын көздеген. Бұл бағытта аудармашының білімі, талғамы, дарыны, болмысы, характері бой көрсетпей тұрмайды. Түпнұсқа қай елде, қай тілде, қай дәуірде туды, автордың өмір тарихы қандай, өсу жолы нешік, осының бәрін жетік білу шарт. Осының үстіне аудармашының аударылмыш туындыны өз көңілінен, өз жүрегінен ыстық сезіммен, нәрлі талғаммен өткізуі шарт. Аударма үстінде шабыттанбаған, бейнеттене рахаттанбаған, жүректің қанымен жазбаған адам ана тілде ұзақ жасайтын дүние тудыра алмайды. Абай осы тәсілмен аударған. Сондықтан да оның аудармасы төл туындыдай әсер етеді. Қазақ, поэзиясына жіксіз жымдасады, шынайылық, шырайлылык, жылылық қуатын сақтай біледі. Ысылған реалистік аударма бар. Модернистік, эстеттік, символистік аудармалар да бар. Ағылшын әдебиетінен жасаған аудармасында орыс декаденті Бальмонт бейтараптықтан шығып, «таза өнерді» аңсаған өзінің кеңіл күйіне бейімдей аударады. Сейтіп, түпнұсқаға көрнеу қиянат жасайды.
Аударма мектебінен өтпеген сахаралық Абай өзінің табиғи талантына, дүниеге көзқарасына, төл туындыларына сай реалистік аударманы таңдайды. Ол өзінің ішкі әлеміне орайласатын үндес, мүдделес, мұңдас, сырлас ақындарды қалайды. Олардың өлмес мұрасынан (Буниннен басқаларынікі мұраға айналған еді) өзінің мұратына, көңіл хошына үйлесетін, көкейіне қонатын ішті дүниелерді аударады. Әлеуметтік сарыны жағынан, объект, фон шеңберінен қазақ өміріне үйлесе кететіндерін іріктеп, кейде үзіп-үзіп алады. Лермонтовтың өте көлемді «Измаил-Бейінің» беташары Абайдың көңіл күйіне толық үйлескендіктен түгел аударылады да, қалған көл-көсір текстен бес шумақ қана алынады. Бұл ел билеу тәсілі туралы тамаша толғау еді. Осы толғаудағы: «Не должно мыслей открывать своихты» Абай: «Ішің берік боп…» деп шымырландырып жібереді. Біз болсақ, «ойыңды ашпа» немесе «ойыңды жасыр» дер ме едік, кім білсін?! Абай ондай арзан баламаға жуымайды. «Ішің берік болсын», — дейді. Осы секілді «Не должно слишком завлекаться, перед ним гордиться или с ним ровняться» деген жолдардың баламасын: «Паңсынбай, жайдақсымай, ірі жүрмек», — деп жеткізеді.
Абайдың осы сапалас аудармасы — біздер, ақындар үшін үлкен үлгі. Поэзиялык аударма — екі тілдің жарысы. Ана тілінде мінсіз шығару үшін ол тілдің қазынасын ақтару шарт. Және, жоғарыда айтқандай, поэтикалық шығарманы сөзбе сөз, жолма жол аудармай, тұтас алып аударуға керек. Ойдың, сезімнің, образ жүйесінін, жиынтығы сомдальш шығуға, аударушының қанынан кайнап шығуға керек. Аудармашы актерге ұқсас деген сөз менің көкейіме конбайды. Аудармашы — автор. Түпнұсқамен бәсекеші. Абайдың тәжірибесі осыны дәлелдейді.
Оның атақты «Қараңғы түнде тау қалғыбын» алыл қараңыз. Бұл өлеңді Гете 1778 жылы Рейн өзені бойындағы бір деревняға жаяу қыдырған сапарында шаруа үйінің қабырғасына жазып кетеді. Гетеде «не дрожит листы» деген сөз жоқ. Оны Лермонтов өз жанынан қосқан. Және шамалы қысқартып, ширатып аударған. Абай Лермонтовтың текстін толық та, дәл аударады.

Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол-дағы
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы
Сабыр қылсаң азырақ.

Шыңғыстау бөктерінің жазғы табиғатына сайма-сай келгендіктен бе, немесе аудармашының ерекше бір шабыт сәтіне кезікті ме, әйтеуір, бұл — ғажап аударма. Түп нұскалардан бір елі кем түспейтін, ал, Абайдың төл шығармаларынан бәлкім асып түсетін дүние.

Спят горные вершины
Во мгле ночной, —

дегенді:

Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап, —

деп аударғанда, Абай таудың өзіне жан бітіреді, оны бейне бір алып батырға ұқсатып қояды. Бұдан кейінгі суреттер қазақ сахарасына түгел ортақ. Жым-жырт дала да, салбыраған түн де, шаң шығармай тыншыған жол да иісі казаққа түсінікті. Бұл шақты «ел орынға отырған шақ» деп те атайды. Абайдың «Азырақ сабыр қылсаң, сен де тыншығарсың» деуінде осындай астар бар. Бұл астардың қиялдан қосылмай, түпнұсқадан алынуы аударушының ыждағаттылығын танытып тұр.
Абайдың аударма өнерінде қалдырған мұрасының асқан үлгілігімен, шынайылығымен, нәрлілігімен, жаңашылдығымен, айқындығымен қатар, осындай қым-қуыт қиыншылығы да бар. Бұл мұра арнаулы зерттеуге әбден тұрады дейтініміз де сондықтан.
Абай Лермонтовтан гөрі Пушкиннен аз аударды. Бірақ одан аз үйренген жоқ. Сол сияқты, Крыловтан да көп үйренді, көп аударды. Крыловтың мысалдарын мейлінше құнарлы, жатық аударған Абай мысалдың соңындағы насихаттық жолдарын қазақ даласы жағдайына үйлестіріп, азын-аулақ бұрып отырды. Ол қазақта тұңғыш рет кара сөзді өлеңмен аударды (Лермонтовтың «Вадимі»).
Абай қазақ сахарасын Гетенің, Байронның өлеңдерімен таныстырды.
Абайдың шеберлігі сондай, оның аудармаларын төл туындыдан ажырату қиын. Желінің тұтастығы, ойдың өміршілдігі, сөздің ымы-жымы бөгделікке жол қалдырмайды. Осы орайда таңсық та күлкілі бір мысал келтіре кетуге тура келеді. Абай Лермонтовтың «Измаил-Бей» поэмасының кіріспесін жатық та дәл аударғаны ілгерірек айтылды. Сол аударма төл туындыға баланып, грузин тіліне көшіріледі, одан орыс тіліне ауысады. Сонымен, сайып келгенде, Лермонтовтың шумақтары орыс тілінде егіз-ұдай көрініс береді.
Егіз-ұдай демекші, ұлт тілінен орыс тіліне поэзияны аударуда орын теуіп келе жатқан бір кемшілікке тоқтала кету жөн. Бұл Абай поэзиясын аударуға да тән. Осы кемшіліктің түбірі қазақ өлеңінің формасын сақтаймыз деген талапта. Форма сақтау харіпшілдікке соқтырады. Мәселен, қазақтың қара өлеңімен жазылған он бір буынды поэма (ааба) орыс оқушысын жалықтырады. Бұнда тілдің ішкі заңдылығы жатады. Өлеңде сюжеттің, оқиғаның, характердің, ойдың, сезімнің, бейненің бәрі сапырылысып, аударылмыш тілде кайта жасалуға, түпнұсқаға барабарлық табылуға керек. Онсыз Жуковский айтқан жарыс тумайды. Төл мысал келтірсек, Қ. Шаңғытбаевтың «Евгений Онегинді» сонеттің мәлшерімен аударуынан көп ақау шықты. Осы романды Самед Вургун азербайжан өлеңінің ырғасына қайшы келмейтін етіп аударды. Аударма мадақталғанда, Вургун шабытты шайырлыққа барды. Оның өлеңі орыс тіліне шалыс ұйқаспен аударылды.

Среди сынов — сын народа,
Я познал великий русский стих.
Высокое искусство перевода
Бессонными ночами я постиг.

Самед Вургун айтқандай, көркем аударма қызықты өнер. Әсіресе поэзиялық аударма тупнұсқамен жарыса, жұтына, құйқылжи шыққанда іштей толысып, сырттай түлейтінің бар. Біздің дәуірдің ең дарынды ақыны Сергей Есенин: «Ақынға ақын — мейман», — деген. Бұл сөзде терең мағыналы ізет бар. Көзі тірі дәуірлес түгіл келмеске кеткен ақындардың шығармасын құлпырта аударғанда қасиетті бір парыздан құтылғандай сезінесің. Жақсы аударма халықпен халықты жақындастырып, ұлт пен ұлтты бауырластырады. Инабаттылыққа, сыйластыққа, талғампаздыққа баулиды. Аударма — құты қашпас қазына. Абай тәжірибесі — осының айғағы.

ӘДЕБИЕТ

1. Сатаев А. Рухани жакындық // Жетісу. — 29 май 1971, № 105 (6263).

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники