Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Мұхтар Әуезов. «ЕВГЕНИЙ ОНЕГИННІҢ» ҚАЗАҚШАСЫ ТУРАЛЫ

Auesov

М. Әуезов

Поэзияның ірі шығармаларын бір тілден екінші тілге аудару өте қиын екені көпке мәлім. Ал біздің бүгінгі тәжірибені алсақ, ұлт әдебиеті үлгілерін орыс тіліне ауда­ру жөнінде көп ақындардың сол аударып отырған шығармасының тілін білмейтіндігі тағы бар. Бұларға жәрдем етеді дерлік подстрочник атаулыны алсақ, оның өзі — асыл нұсқаның нағыз соры. Подстрочниктің (сөзбе сөз аударманың) көбі сөз емес, құр көбік немесе әлдеқандай бір тіл қоқсығы боп шығады. Онда аударылатын поэзияның өзіне біткен нәзік ырғағы, өзгеде жоқ жаңалық ерекшелігі дәл түсуі былай тұрсын, тіпті ақынның қысып, қамти айтқан ой-сезімінің системасы да және көрік-стиль құрлысының ішкі логикасы да дұрыс берілмейді.

Тап басып, дөп тиген кезінде өлең жолы қыл өтпестей боп, өте бір жымдасып құрылған жол емес пе? Мұндай жолдың ішіндегі жеке сөз ән нотасының құр созылып айтылғаны сияқты емес, өзінше бір балқыған дірілмен айтылған нотасы сияқты болады. Ол сөз бір мағына, бір-ақ ұғымды білдіріп, сонысымен қатып, сілейіп тұрып қалмайды. Түп мағынасынан басқа тағы қосымша ымы, сазы бар сөз болады. Оқушыға түп мағынасынан басқа да елес, әсер беретін сөз болады.

Асыл нұсқаның тілін білмейтін аударушы ақынға оның сезгіштік, қажымастық ынталылығы ғана жәрдем етеді. Жалпы подстрочниктің ішінен Маяковский айтқан бейнетпен: «тонналаған сөз рудасының ішінен радийдің жалғыз грамын» тауып аламын деп іздеу керек.

Үйтпесе, аударатын нәрсесінің сыртқы түрінен басқа нәрін де, нәзік мәнін де, өзгешелік қасиеттерін де түсінбейді. Әлгі, шолақ ойлы, жеңілтек аудармашылардың: «біз ұлт ақынын қолдан жасаймыз» дейтін ұр көппе сөзі де осыдан туады. Эпос сарынында жазылған шығарманы сыршыл шығармаға айналдырып, ертегі сиқыршының қамалын істейтін де сол жазғандарының өзі болады.

Бірақ, бір тәуірі, аударушының бәрі мұндайлар емес. Совет ақындарының ірілерін алсақ, тіпті тілін білмеген шығарманың өзін аударғанда да, нағыз үлкен шебердің қолымен, барлық ынта, бейілімен істегендері үлгі аларлықтай болып отыр. Мысалы, Тихоновтың грузин тілінен жасаған аудармаларында, оның асыл нұсқаға қаншалық зерттегіш-ақын қолымен жанасқанын көреміз. Ол ең әуелі өзіне сарыны сәйкес келетін ақынды алады. Подстрочникті біреу жасап бергеннің үстіне өзі де жасап алады. Сол аударатын өлеңін грузин тілінде әр түрлі қып оқытып, үн ырғағына құлағын жаттықтырады. Содан соң аудармасының әрбір қайтармасын грузин сыншыларына оқып беріп, түзеп отырады. Мұндай жол, асыл нұсқаның нәзік қылдарын табуға сенімді басқыш болады. Сонда да, Тихонов аудармасын орыс оқушысы да, грузин оқушысы да мақтап отырса да, ол өзі аудармасының бәріне ырза бола бермейді: «1935 жылға шейін аударған бес мың жол өлеңнің ішінен өзімді толық қанағаттандыратын — бес-ақ жүз жол», — дейді.

Аударма ісінің осы сияқты жалпы қиындықтарының тұсында, қазір Пушкинді аударып жатқан біздің ақындардың бір тәуір жағдайы бар. Онысы — асыл нұсқаның өз тілін білетіндіктері. Жаман көпір-подстрочник бұларда жоқ. Пушкин өлеңдері бұларға өзінің бар үнімен «шырқап, қалқып» ұғылып тұр. Бірақ осы жағдай бұл ақындардан қазақ оқушысының көпті талап етуіне право береді. Ол оқушы біздің ақындарға: «Осы Пушкин аудармасы үстінде сендер өздеріңнің мәдениеттіліктеріңді көрсетесіңдер, қала берсе таланттарыңның да шама-шарқын көрсетесіңдер», — дейді. Тіпті одан да әрі барып: «Сендердің осы еңбектерің зор мұраны біздің қалайша баурағанымызды білдіретіндіктен, Қазақстандағы әдебиет қозғалысы Одақтың өзге елдерімен салыстырғанда, қаншалық пісіп, толғанын білдіреді. Бұл істерің әдебиеттің пісіп, толғандығына, мәдениеттілігіне де сын-экзамен болады», — деп те айта алады. Біздің алдымызда тұрған міндеттің қиыншылығы да, қасиеті де осы арада.

Бұл міндетті, теория жүзінде, біздің ақындар барынша толық түсінеді. Сан жағынан қарағанда жалған аударма да аз емес. Юбилей күніне қазақ тілінде Пушкиннің «Онегин» бастаған барлық ірі поэмалары, жеке ірі өлеңдері және әңгімелері де шығады.

Ал енді сапа жағын алсақ, осы аудармалардың бір қыдыруында асығыстық ізі бар. Табандап, тырысып отырып ізденудің орнына әр себепті сылтау етіп, ауырдың үсті, жеңілдің астынан кеткендік белгісі бар. Сол себепті кей жерде Пушкиннің өлең өлшеуі жойылып, расында қазаққа ұғымдырақ болатын, он бір буынды, төрт жолды өлең орын теуіп алғаны бар. Бірақ, жол ұзарғандықтан, амалсыздан, аудармашы өз жанынан әр жолға кейде демеу сөз, кейде одан да ары оғаттасып, тіпті тұтас сөз де тіркеп жібереді. «Кавказ тұтқынын» аударған Тайыр жолдас осыны істеген. Ал «Руслан мен Людмиланы» аударушы Әбділда асыл нұсқаның өлшеуін сақтап, ұйқасын да дәлге жақын келтіріп, жалпы өлеңін күйлі қып шығарумен қатар, кей жолдардан Пушкин сөзін қалдырып қойған. Нәтижеде: кемшін соққан, өңі қашқан, асыл нұсқаға барабар келмейтін кем-кем жолдар болады.

Бірақ бұл аудармалардың бәрі бірдей осындай емес. Мысалы, Ілияс аударған «Евгений Онегинді» алсақ, оның зор ынта, бейілмен зерттеуші ақын боп ізденгенін көреміз.

Романның өзін, түсіндіргіштерін, бұрынғы зерттеушілерін оқып, аудару үстінде Ілияс алты ай отырды. Сүйтіп іздеу арқылы ол Пушкин материалын барынша жете танып, біліп отыр. Ілиястың осы ісінің әр кезеңін көргендіктен, мен қазір Пушкин романының ішінде ол түсінбеген бірде бір сөз жоқ деп айта аламын. Ол роман ішіндегі толып жатқан адам аттарының неге кіргізілгенін және Пушкиндегі шет жайыла сөйлейтін көп тарамдардың неліктен болатынын тегіс зерттеп, шешіп алған. Мұндай бұлтарыстар романда аса көп. Және әр адам,
жаңағыдай әр тарамның артында тұрған жалпы тарих, мәдениет тарихы, немесе оңай ұғыла қоймайтын тұспалмен айтылған дәуір белгілері қаншалық?

Осыны ұғынып алумен қатар, Ілияс әуелі романның бір үзіндісін әр түрлі үлгімен де аударып көрді. Бірақ мынадай істі тарихи зор міндет деп түсінудің өзі оған Пушкинді дұрыс әдіспен аударудың негізгі дұрыс жолын
таптырды. Ол әдіс асыл нұсқаның өз стилін, өз түрін       бұлжытпай түсіру әдісі болды.

Сонымен, «Евгений Онегин» Пушкиннің өзіндегі 14 жолды шумақпен, өз ұйқасы, өз өлшеуімен және әр жолдың мағына тұспалын өз қалпында беретін, тіл образын         да қазақша төлеу салмай, өз айтуынша аударып беретін үлгімен істеледі.

Шынында, бұл шығарманы да көптің көзі үйренген, дағдылы он бір буын, төрт жолмен аударуға болар еді. Онда аударушы да қазақылау жағын басымдатып, асыл нұсқаның нобайын ғана беріп, өзі де жеңіл жортып оты-
рар еді. Олай етсе, әрине, алты айдай сарылмас та еді.    Бірақ Ілияс бұл жолға түспеді. Сонысы дұрыс болды. Пушкин поэзиясына қазақтың «тон-тымағын   кигізіп» жеңілдетем деу, оны арзандатып, әлсіретіп жіберетін жол болар еді. Ал мына әдісі табандап ізденіп, бата қимыл істеген жаңалық әдісі боп отыр.

Бұл әдіс, қазақтың жас мәдениетінің бүгінгі күйін алғанда, негізгі, тарихи зор мәні бар дұрыс әдіс болады. Анығында біз қазір көркемөнер мен әдебиеттің дүниелік ірі белгілерін алғанда, өз оқушымыздың әзірлігі аз боп тұрған күйіне қарай бейімдеп, жонып-мінеп, кішірейтіп, әлсіретіп алуымыз керек емес. Қайта сол оқушымыздың өзін көтеріп, өсіріп, анау мұраны барлық ұлы тұлғасымен тұтас түсінетін сатыға апаруымыз керек.

Олай болса, Пушкин де қазақ әдебиетіне дәл Пушкин      қалпымен өңін өзгертпей кіруі керек.

Өзіне біткен ерекшелігі мен бұл күнге шейін қазақ оқушысы көрмеген тереңдігін толық көрсетіп, жаңа серпіні зор мол бір арнадай боп өз түрін, өз стилін ала кіруі керек.

Одақтың грузин, армян, украин сияқты мәдениетті елдерін алсақ, барлығы да ұлы ақынды осылайша, өз түрін, өз стилін бұлжытпай аударып отыр.

Осындайлық жалпы жөннен туатын дұрыс әдісті біздің жұртшылық қабылдауға тиіс. Көпшілік шынында да жақсы қабылдаған сияқты. Бірақ сонымен қатар, бұл аударманы ұғымсыздау дейтін бірен-саран адамдар да бар. Олар кей-кей кезде қазақшасын ойша орысшаға аударып барып қана түсінеміз дейді. Ал тағы біраз адамдар «бүгінгі қазақ поэзиясында мұндай шумақ, мұндай ұйқастар жоқ болғандықтан, қазақ оқушысының көпшілігіне тосаң тиетін ерекшеліктерді онша тереңдетіп алмау керек еді, қазақтың өзіне мәлім түрден ұзамау керек еді» дегендейді айтады.

Бұл пікірлерді ол кісілер романның әзірше жарияланған бірінші тарауына қарап айтады. Ол тарау түсіндіргіш сөздерді өте мол қып басуды тілеуші еді. Түсіндірме сөз көп болмағанда, «Евгений Онегиннің» бірінші тарауын ұғыну аса киын. Қазақ оқушысының көпшілігіне ол бір ауыр жұмбақ, қиын шың болуында дау жоқ. Жалғыз қазақ оқушысы емес-ау, тіпті орыс оқушысының орта буынына да оп-оңай емес. Бұл тарауда романның уақиға, түйіндері, әңгімелік жағы айқынданып таралмайды. Оның үстіне көп шумақтары көлденең жайларды баян етіп, уақиғаға қатынаспайтын кісі аттары да мол араласып отырады. Және әр кісінің тұсында ақын тілімен келте қайырылып айтылған сындар, ымдар, тұспалдар да көп.

Қазақ оқушысы не шала білетін, не тіпті білмейтін осы сияқты фактылар мен көп зат-нәрселер бірінші тараудың әр шумағынан табылады. Әзірлігі жоқ оқушыға, мысалы, 18 шумақты алып, осыдан не түсіндің десек, не айта алар еді? Ондағы аттары аталатын Фонвизин, Княжнин, Озеров, Катенин, Шаховскойлер арқылы және артистка Семенова, не биші Дюпло арқылы Пушкин өз уағындағы театр, драматургия және балет өнерінің суретін беріп отырғанын түсіне қою оңай ма? Ал, 49 шумақтағы:

 

Адриатик, толқындары

О, Брента, көзім салам,

Толғанамын, толық тағы

Сиқырлы үнің жетті маған!

Үн ардақты ақын ұлға

Альбионның өр жырында

Маған таныс, маған жақын

Жүзім сырлы Гандолада

Петрарканың ғашық тілін

Сол сұлумен жаттап жүрдім… —

деген сөздерінің арғы сырын екінің бірі түсіне қояр ма екен? Осының ішіндеі атаулары және солардың кірген себептерін «Орысша тілді окьп түсінем» деген қазақ оқушысының бәрі біле қойды ма екен? Аударманы жете қарамай, ойланып, үстірт мінейтін сыншының көбі осы  жолдастар ғой. Олар: «Орысшасын түсінеміз, ал қазақшасы бізге оншалық ұғымды емес» дегендей қылады. Дәл солай ғана ма екен? Бұл тұста, орысшаны түсінбеймін деуге арланып, өзіне-өзі жалған айтып, қазақшаны түсінбеймін деумен орынсыз мезетсіп отыратын құрғақ паңдық жоқ па екен? Біз кей-кейде сол да бола ма деп шүбәланамыз. Рас, бұл жерде адам таппастық, миға қонбастық сырдың жөн екені де рас. Бірақ, әйтсе де романды ғылым жолымен терең бойлап, оқымағандықтан (ал «Евгений Онегинді» солайша оқымай болмайды), ол кісілер бұл арадағы бірталай нәзік жайларды білмейді. Бұл шумақтың ішкі сырына бойлап көрсек: Алъбион дегені Англия («биік арал» деген), «өр» деген сөзді бұл арада Пуш­кин Байрон поэзиясы туралы айтады. Айтқанда, Байронның «Чайльд Гарольдының» төртінші тарауын есіне алып, сонда Англия ақыны Италияның Брента өзенінің бойындағы түн көрінісін суреттеп отырып, сол Италияның атақты ақыны Петрарканы сөз қылғанын есіне алып сөйлейді.

Бұл шумақты мен ең қиынын таңдап алайын дегендіктен алып отырғам жоқ. Көп мысалдың бірі есебіне ғана алып отырмын. Дәлін айтсақ, бірінші тараудың талай шумақтары осы тәрізді.

Бірақ асықпай ойланып, жөнін байқап отырсақ, сол сырт көзге ұғымсыз болар деген шумақтардың талайы Ілияс аудармасында, бір жағынан асыл нұсқаға барабар түсіп, екіншіден, қазақшылық жағынан да көрікті де, келісті де боп, әдемі қиысып отырады. Мысалы:

Театр толы: жайнап ложа;

Кресло, партер қайнап тегіс,

Жоғарғы жақ шулап қозды,

Перде ашылып, шықты дыбыс.

Бейне бұлт етіп жалт-жұлт

Мәжілісті құрмет қылып,

Ньюмина тобы коршауында

Тұр сахнада Истомина

Бip аяқпен жерде жылжып,

Бір аяқпен айналар жай

Еволь үрген мамығындай:

Бірде ұшып, бірде ырғып

Бір бүгіліп, бір жазылып,

Аяқты аяқ қағып лып-лып… –

деген аудармада қандай мін бар? Бірақ мұнда Ньюмина, Еволь, Истомина сияқты немесе көпшілік ұға қоймайтын «партер», «ложа» сияқты аттар да бар. Ал аударушы ақынға бұл жөнінде не бұйрық етесіз? Өлең жолының ішінде «Ньюмина» пәлен, «Еволь» түген десін бе? Әлде, басты қатырмай, біз білмейтін аттың бәрін өлең ішінен айдап таста дейміз бе? Біздің кейбір аудармашыларымызда ол да болып еді-ау. Бірақ енді олай десек, онда тіпті аш құлақтан тыныш құлақ. «Евгений Онегинді» қазақшалағанды қояйық. Үйткені осы жаңағылар сияқты бүгінгі аударушы мен біздің бүгінгі оқушыны біраз қинайтын өзгешілік, ерекшеліктері болмаса, «Евгений Онегиннің» барлық, шыңыраудай терең мәні де, сегіз қырлы сыры да өшіп, семіп қалады.

Шынында, осындай жайларын ойлап қарасақ, бірінші тараудың мәні аса зор. Тіпті романды мәңгілік шығарманың дәрежесіне көтерген де осы тарау емес пе екен деген ой келеді. Біраз ой жіберіп, роман мәнін суреттеп түсініп, Онегиннің өзі романның кейінгі тарауларында бұтақтап, жапырақтайтын ағаш деп салыстырсақ, мына бірінші тарау сол ағашты тудырып, өсірген анайы топырақ есепті болады. Сол өзі шыққан төркін топырағы ғана, өзге емес, дәл осы мүсінді ағашты тудырып отыр. Ал, бірінші тарауда сол топырақтың физико-химиялық сипаттары көрсетіліп кеп, жаңағы ағаштың биологиялық, табиғаттық жағынан қалайша қалыптанған тарихы айтылады. Сол тұлғалы ағашымыз Онегиннің психо-физиологиялық мүсіні боп шығады.

Абайдың бір қателескен жері — бірінші тараудың осы мәнін жете қарамаған. Егер терең бойлап, Онегин образының логикасын түсініп, тамыр-түбірін абайласа, аударманың аяғында оған мылтық ұсынып «енді өзіңді өзің өлтіруің-ақ қалды» деп дәмеленбес еді. Дана ақынның ұлы романының сын-сипаты осындай. Ол күйінен қайда қашсаң да құтылмайсың. Құтылу үшін жеңілейтіп, жұқартам десең, кешілмес қаталық істер едің. «Пушкинді Пушкин ете аударамын» деп дұрыс бағыт алған Ілияс, осы міндетін  көп  жағынан көңілдегідей адал қылу арқылы, бүгін таңда зор мәні бар, тарихи, мәдени еңбек сіңіріп отыр.

Аударманың жоғарыда саналған қасиеттерінен бас­ка тағы бір жақсылығы, асыл нұсқаның ажуа, сықақ сияқты тұздығы ащы өткірлігін де әдемі келтірген. Ал Пушкиннің қай дәуір, қай буынның болса да, ақын атаулысына үлгі, өнеге болатын іші терең, сырты оңай, келте қайырғыштық кестесі де, аудармада сезіліп отырады. Пушкин романының басындағы «Арнау сөзде»:

Достым, осы-ақ келген қолдан:

Шала сықақ шала мұңнан,

Ел өзінен, ұлы арманнан

Жас жемісім, жұбанудан,

Таң күзеттен толғанудан,

Өспеуімнен, өшкен жылдан,

Салқын ақыл байқауынан,

Күйген көңіл түйген сырдан —

Ала-құла жазылған сөз

Кұмарлана қолыңды соз… –

деп бір екшеп тастайды. Осы жолдарда романның бар мән-жайы туралы тұжырымды түрде түсінік берумен қатар, өзінің де ой-сезімін, сан толғауын құлақ күй етеді. Шерменде ойшының мұңлы, күңгірт жан жарасын сездіреді. Ал осындай мазмұнын еске ала отырып карасақ, мына аудармадан да сондай толғақ шын сезіліп тұрған жоқ па? Қазақ тілінде осындай аз сөздің бойына, тар жердің келеміне осыншалық телегей толқын ой-сезімді сыйғызған өлең көріп пе едік? Көргеміз жоқ. Үйткені ол Пушкиннен ғана шыққан. Бір ерекше қасиеті — осындай келтелігінде. Сонысының өзі үлгі болсын, біздің ақындарды да осындай терең мағыналы үнемшілдікке баулысын деп Ілияс әдейі, барынша келте қайырып аударады. Бірақ осындай қайырымдар, жоғарыда айтылған қазаққа таныс емес ат, заттың тұсында түсіндірмелер аз жазылған уақытта, кейбір түсініспегендікті туғызады. Ал түсініспеудің кінәсі аудармада емес, біздің өзімізде.

Аударманың дәл бүгінгі тұрған қалпын алсақ, күдік туғызатын екі-ақ ірі мәселе бар. Мұның біріншісі — оқта-текте ұйқастың тап түсе қоймайтындығы. Қазақ оқушысына атымен жаңалық болатын шумақ пен ұйқасты алған соң, өлең аяғының ұйқастары босаң болмай нық- нық, дік-дік түсіп отыруы қажет. Оқушы сол жаңа түрдің өлеңі де күйдей күңіренбей тұра алмайтынын сезсін. Ал қазірде кей жолының буыны асып, шұбалаң тартып қап, кейде ұйқас та жетіңкіремей қап отырады. Бұдан соңғы, әсіресе

күдікті екінші кемшілік — аударманың сөздігі (словары), ақындық сөздігі туралы. Қазақ тілінің, ескі, жаңа қорының бәрін жете білетін Ілияс, осы қорлардың өзін ғана қолданумен қанағаттанады да, Пушкин тілінің бір зор ерекшелігін бәсең қалдырады. Пушкин дәуіріндегі әдебиет тілінің сол дәуірмен байланысты бір бояуы дін, шіркеу сөзінің көп араласатындығы емес

 пе? Ал аудармада романның тілі кей-кейде біздің дәл бүгінгі әдебиетіміздің тілі боп қалады. Қазақтың әдеби тіліне сіңісті боп кеткен ескі кітап тілін (кейбір арап, парсы сөздерін) осы аудармаға кіргізуден Ілияс әдейі қашса да, бекер қашқан. «Мәдениет», «Әдебиет», «Мектеп» сияқты немесе Абай шығармалары арқылы біз күнде оқып, құлағымыз жаттыққан: ләззат, шафқат, ғиззат сияқты кітап, дін сөздері бар емес пе? Пушкиндегі шіркеу, дін сөздеріне осындайлардан төлеу салып отырса, аударма тілі дәуірдің бүгінгі емес, өткен бір шақ екенін сездіргендей болар еді. Уақыттың тарих қабаттарының өткен кезіне қарай сырғып барып тұрған алыстығын сезінер едік. Осындай жағынан қарасақ, мысалы, Пушкиннің «Коварный искусителінің» орнына «Сайтанбысың» десек, әлсіз де, кемшін де соғады. Ал бұл орынға біздің бүгінгі әдебиет тілімізде сирек көрінетін, бірақ қазақ білетін «әзәзіл», «ібілісті» алсақ, әлдеқайда қонымды болар еді.

Рас, әрине, бұл жайды «Гамлетті» өзбек тіліне аударам деп, Шекспирді біржолата арабшалатып қойған өзбек ақынының оғат тәжірибесіне ұқсатпау керек. Өзбектің әдебиет тіліндегі араб, парсы біздікіндей емес. Оларда, бүгінгі әдебиет тілін кей-кейде жаргонға ұқсатып жіберетін араб, парсы аламыштарынан құтылу — зор мәні бар шетін мәселе. Ал бізде, қазақша төлеуі болмаған жерде, өзі қазаққа мәлім сөз болғанда және арнаулы бояу ретінде қажет болғанда өлшеуін біліп, мөлшермен қолдану оншалық құбыжық болмас еді дейміз.

Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан жасаған аудармаларының ерекше зор қасиеті — әсіресе, асыл нұсқаның өз тіліне тең түсіп отыратын сөздігінде. Жаңағы ақындарды аударғанда, Абай да жаңа түр іздеп, өзінше соны тауып та алған. Шалыс ұйқас деген ұйқасты Та­тьяна хатын аудара бастағанда, Пушкиннен алып, соны қазақ поэзиясына енгізді. Ол аналардың жол өлшеуін, өзі айткандай, «уәзімін» де сақтаған. Бірақ сонымен қатар Абайдың шын қуаты бояуы айқын, қыры мен сыры терең тілінде, сөздігінде жатыр.

Өзге жағының бәрін алғанда, Ілиястың ұстаған жолы — шексіз дұрыс жол. Ендігі міндеті, осы сияқты мәдениетті әдісін шынымен аяқтап шығу үшін әлі де осы бетінен тереңдетіп, толықтыра түсуі керек.

Ал қазақ оқушысының сауатты жағына аздап, оларға оқу мен оқу тең емес дегенді ескерту керек. «Евгений Онегин», «Фауст», «Гамлет» сияқты алуаны бөлек шығармалар қызық романша, я батыр жырынша желе текірекпен оқылмайды.

Сонымен қата

р көпшілік оқушыны алсақ, оған «Ев­гений Онегинді» дұрыс ұғынып түсінуі жөнінде біз жәрдем етуге міндеттіміз. Бұл романның әрбір қазақша баспасына орыс тілінде берілетін қалпынан сонағұрлым мол түсіндірме сөздіктер басып отыру керек. Және бас­қа аударма емес, дәл осы аударманы алып отырып, көпшілікке талай лекциялар оқып, беседалар жасап, романның өзін оқып беріп отыруымыз қажет. Осы ретте тағы бір ойласатын нәрсе, «Евгений Онегиннің» көпшілікке арналған баспасын шығарғанда, осы аударманың ішінен біраз тарауларды қысқартып, әңгіменің өзін ғана тұжырымды қып беретін, қысқа вариант шығаруға да болмас па екен?

1937

Әуезов Мұхтар. Жиырма томдық

 шығармалар жинағы. Том 17. Мақалалар,

зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1985. – 58-67-беттер.

Дайындағандар: 1 курс магистранттары

Дайрабекова Г., Кребаева А.,

Нурашева Г., Хабибулина А.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники