Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Декабрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031  

Темірғали Нұртазин. АБАЙДЫҢ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІГІ ТУРАЛЫ

407133_281260043_789_Nurtazyn_Temirgaly

Темірғали Нұртазин

Поэзия ажарлап тұрған сөз тізбегі емес, күрделі мазмұнды пікір мекені. Әдебиетте мазмұн мен түр егіз. Әдеби шығарманы кәрі-жас жаппай оқыйды, олай болса, поэзия да ортақ мұра. Абайдың өлеңдерін жыйындарда әнмен орындайды, жастар суйіспеншілік хаттарына пайдаланады, жолаушы жол бойына ермек етіп, өлеңмен көңіл – күйін шертеді.

 Өйткені поэзия адам жанының сыр сыйпатына құрылады, шын көркем шығарма адамның жан пернесін қозғайды.

Абай осы сырды терең ұғынған эстетикалық, творчестволық мәдениеті жоғары жазушы, орыстың революцияшыл демократтарының озық эстетикасымен қаруланып, заман тілегіне сай өрелі идея дәрежесіне жеткен елге әйгілі ақын.

Қандай тамаша пікірлермен толыболса да, мезгілі жеткен мәселелердің түйінін шешуге талпынса да, поэзиясыз өлеңде ешқандай тамаша пікір де, ешқандай жартымды мәселе де болмайды дейді орыстың данышпан сыншысы В.Г. Белинский.

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,

Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап, —

деп, Абай Белинскийдің бұл пікірін өнеге тұтты, ақыл, білім, мәдениет шын поэзияның тууына керекті басты шарт деп қарады.

Символистер мен акмеистер өлеңді быяздап, сырт көрінісін сұлулап-ақ бақты. Бірақ оның там-тұмдап кездесетін мазмұны көпшілікке жат болғандықтан, олардың шығармалары өз заманында да жұрттың ықыласын тартпады, өзінен өзі құрыды.

Абайдың эстетикалық пікірі бұған қарама-қарсы – көрік үшін емес, жетекші  роль мазмұнда деп таныды:

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сенде да солардың бар таңдамасы,

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістіер қай баласы? –

Шығарма – жанды организм, онда шеберлік бой-бой болып бөлініп тұрмайды, толық түлғасымен тұтасып келеді.

Абай өзінің толық тұлғалы өлеңімен қазақ поэзиясының өрісін кеңітті, бұрын қазақ поэзиясының ауқымына сыймаған мәселелерді, өмір көріністерін шығармасына арқау етіп жырлады. Әлеуметтік, тұрмыс-экономикалық мәселерді сыйпаттау, адам характерін, образын жасау, сүйіспеншілік нәзік сезімдерді суреттеу, табиғат көркін бенелеу, міндіні қаза мінейтін сатира жасау өнеріне Абай өнегелі озық шебер. Сюжетті өлең жазу, сара композиция құру, мазмұны кесектеу нәтижесінде шағын өлеңге мол идея арту, олақ сөз паналар саңлау қалдырмай, аз сөзбен көп мағна беріп, өлеңді арналы әлеуметтік мазмұнмен сықап, әр сөздің қыйсынын тауып, иін тірестіріп, сығылыстыра орналастыруда Абай шеберлігі әлі күнге дейін озық.

Әлеуметтік пікірінің құнарлығында, тереңдігіне, әлеуметтік маңыздылығына және қарапайым жұрттың көңілін тербететін лайықты сөз тауып, әсер етерліктей, лайығымен айта білуінде де ол өзіндік ерекшілігі болған ақын.

Абай, өнерпаз қолбасшы секілді, ой-пікір әуеніне қарай қуатты сөздерді біркелкі шоғырлап, биік идеяның төңірегіне топтап, сапқа қойып отырады. Тұсындағы жұртшылықтың бойында бар кінәраттарды жеке бір сапқа тізеп, оның құнсыз қулыққа құмарту екенінен, құр сумаңдау мен қулыққа салыну екенінен халықты жирендіреді:

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап…

Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,

Сымбаттанып сымпыйып тамақ аңдып,

Бұраңдап, жылы жүзін асқа сатқан

Кезегенге қосылма, кел, кет қаңғып.

Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,

Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста,

Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген

Антұрғанға қосылма қапылыста!

Осы үш шумақта еңбекке жат, қызыл өңештің қамы үшін сылдыр сөзді сапырып, жылмаңдап жүрген жүрген жексұрынның жиренішті образы айқын көрінеді. Бірінші жолда, бөгде сөз қосылмай санағандар – адамның асыл қасиеттері. Олар бірден лақ етіп өлеңге ене қалған сөз емес, адамның қасиеті қандай деп арнап салалап, әр сөздің іші мен өңін түгел сынап, салмақтау, сұрыптау нәтижесінде сараланып келіп отыр. Біріңғай мүше болып сөйлемге тізіліп, біоі бірінің мазмұн салмағын үдетіп өсіре түсіп тұрған сөздер «талап» деген сөзбен аяқталуы да тегін емес. Қазақ өмірінің бұрынғысымен, тұсындағысымен замандас көңіл тояр тұлға ұшыратпаған Абайдың өр сенімі алда, оған жету , асу, өткелдерден өту үшін талмайтын жігер-талап – бірінші кепіл.

Біріңғай мүшелерді «бұларды» деген жалпылағыш сөзбен түйген ақынның синтаксиске, стилистикаға жетіктігі байқалады.

Абай жасаған образдардың бет ажары, сырт пішіні, мінезі, қыймылы, іс-әрекеті, арманы, құбылысы бар. Әршақта әр жағдаймен байланысты, адам түрліше мінез көрсетуі ықтимал. Бірақ, сан құбылыста оның әрекеті өз табиғатына лайық қалпында қалмақ. Осыны ескеріп, образға өз бойына лайық сөз сөйлетіп, әрекет жасатудан дәл, нақты образ туады. Бұл автордың дарындылығына мәдениеттілігіне, творчестволық көрегендігіне байланысты. Мысалы  «Абай» романында Құнанбай құран ұстап, уәде байласып, ынтымақпен сөз шешісіп, көршілерін шауып алып, тақуалық құрып, мекеге аттанып жатады. Қысқасы, Құнанбайдың әрекетіне қарама-қарсы қылықтар толып жатыр. Бірақ оқушы соның бірде бірін Құнанабай жасамады, оның бойына сыймайтын қылық деп айта алмайды, өйткені автор Құнанабайдың жағымсыз мінезін өз бойына лайық табиғи етіп шебер, нанымды көрсеткен. Құнанбай шашау шығармай, дәлдеп жасалған нақты образ.

Абайдың өсекші де өзінің жексұрын қалпындағы дәл образ, өтірікті шындай етіп, «жүндей сабайтыындығын» айту арқылы ақын оның тұлғасын түгел қып, тамамдап сыйпаттайды.

Арнап шенеген кейіпкерін алғыр ақын жеткізе шенеп, мұқата сөйлеп «кезеген ит» деп те атайды. Оның сыры жоғарыда келтірілген екі шумақта тереңдеп ашыла түскен.

Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,

Сымбаттанып сымпыйып тамақ аңдып….

Ақын дара сөздің мағынасын қуып отырған жоқ, сөзді өлең өрнегіне ұйымдастырып, образды түгел тұрпатымен жасау мақсатына ыңғайлап, образдық мәнге ие етіп отыр.

Поэзиялық тіл – образды тіл дейтініміз де сондықтан. Әрине, поэзиялық тіл, символистерше, футуристерше көпке ұғымсыз «жаңа» сөз жаратпайды, халық лексикасындағы сөзді көркем әдебиет өрнегіне түсіргенде белгілі тәртіппен ұйымдастырып, образды мінездеу мақсатына икемді жаңа мән дарытады.

Күлдіргі емес «күлдіргіштеу» деп «теу» жалғауын қолданған абай сөз пішінін сәл өзгертудің образдық, идеялық, көркемдік зор мәні барын жете түсінген.

Тамағы тоқтың,

Жұмысы жоқтың

Аздырар адам баласын, —

деп ақын, басқаның еңбегін пайдалану арқылы табылған «барлықтың» жау екенін ашып айтады, оның денеге кінәрат дарытуы сөзсіз, сол дертке қарсы шипа – еңбек! – дейді.

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Ақынның қорытуында еңбексіз адамгершілік жоқ, онсыз тұрмыс игілігі де жоқ. Абайдың ойынша, еңбек жоқ, еңбек істеу ар емес, не істесең де, қалай істесең де, әйтеуір еңбек істе.

Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, —

дейді ақын.

«Туған елім» деп қалтырайтын бықсыма «патриоттық» Абайға жат. Ол еңбек игілі, дүние табылатын жерге тайынбай бар деп басып айтады.

Еңбек – өмір ұйтқысы, еңбек адамды жоқтықтың да, асқандықтың да темір тырнағынан қағыс ұстайтын ең сенімді тәрбиеші, педагог деп қарау – Абайдың ең қорлы, ең құнарлы философиялық пікірі.

Бұл – сара, данышпан пікір.

Ақын сол пікірді қандай көркемдікке бөлеп берді, енді соған келейік.

«Еңбек жоқ, қарекет жоқ» дегенде «жоқ» тың екі рет қайталануы талай жанның ең асыл қазынадан махрұм екенін айқындап, пікір салмағын зілдендіре түседі. Одан әрі түйінделген пікір тарқатылып жазыла береді.

Тамағы тоқтың,

Жұмысы жоқтың

Аздырар адам баласын, —

дегенде де тезис қылып, әуелі себебін, кейін салдарын айтады.

«Тоқ», «жоқ» деген әртарап сөздерді «тоқтық», «жотық» деп зат есімге айналдыру – Абайға дейінгі әдебиетте, жалпы революцияға дейінгі қазақпоэзиясында қалыптыспаған әдіс. Ол тек совет тұсында тез дамыған публицистикада ғана қалыптасып салтқа еніп, көркем әдебиетке біртіндеп сіңісіп келеді. Әдетте «тық», «дық» жұрнақтары сөзді ауырлатып, прозалық сөйлемнің өзін де ауырлатып жібереді. Ал Абай өлеңін оқығанда ондай қолайсыздықты сезінбейміз. «Төрт аяғын»емес, «сегіз аяғын» тап басқан, жеңіл оқылатын жатық өлеңнің жайлы толқынында оқушы кеше береді, кедергіге кездеспейді.

Ерекше назар аударатын нәрсе: орыс әдебиетінің озық үлгісін қолданып, сөйлемнің жаңа айшықтарын туғызып, сөзді жаңаша тізбектеп, құрмалас сөйлемді әдебиет дәстүріне енгізгенде Абайдың өлеңі ауырламайды, қат-қабат пікірі қым-қыйғаштанып тұманданбай, жарқырап айқын көрініп, көзі мен көңіліне бірден ілініп, оқушыны тарта жөнеледі. Бұл тұрғыда Абай өлеңдері, шығарма әрдайым айқын, лепілдеп, жетелеп отыратын болсын деген А.Пушкин пікірімен ұштасып жатады.

Найқалма, әрекеттен қашық патриархалдық-феодалдық қатынасты баса сынаған ақын жаңа туа бастаған капитализмнің жаламырлығын да қатты түйрейді .

Амалдап қарағайды талға жалғап,

Әркім жүр алар жердің ебін қамдап…

Мал жыйып арамдықпен ұрлап-қарлап,

Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап,-

деп өлеңде ақын данышпандықпен әлеумет өміріндегі терең құбылысты ашып кетеді.

Абайдың реалистік ақындық шеберлігі еңбекші жұртшылықтың мұқтаждық халін сыйпаттауда айқын көрінеді. «Күз», «қараша» секілді өлеңдерінде ауыл тұрмысының пішіні, өмір теңсіздігі асқан реалистікпен табиғи түрде бейнеленеді.

Менімен мен тең бе деп мақтанасың,

Белгісі надандықтың ол баяғы, —

деген Абай, бай мен кедейдің айырмасы ол екеуінің жаратылысында емес, меншігінде екенін жанды көріністермен дәттетеді.

Кедей үйінде отын жоқ, өйткені өзі байдың малында, әйелі малма салып тон илеп,шекпен тігумен қолы босамайды.

Күздің қара суығы қысқанда да байдікі мыңқ етпейді: киізді қабаттап ұстаған үйі жылы, маздап жанған от, былқып піскен ет. Кедей әйелімен қосыла тыным таппай қызмет қылған соң, байдың дүниесі ұлан-байтақ. Ең аяғы кедейдің баласы да жалынышты болып, көз жасын ағызып жүріп бай баласын ойнатады.

Сөйтіп жүрсе де орта қап қара кый да кедей қолына байдан сөз естімей тимейтінін айтады.

Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,

Аңдыстырған екеуін құдайым-ай! –

дегенде бай мен жалшының мүддесі қарама-қарсы екенін айтып отыр. Реалист ақынның бас мақсаты осы сырды ашу екенін ескеріп, оның үстіне «Караша, желтоқсан мен солбір екі ай» да автордың бүйірі кедейге бұратынын қоссақ, Абайдың жанашыры езілгенеңбекші «момын шаруа» екені өзінен өзі анықталады.

Табиғат көрінісін суреттеуде Абайда зор эволюция бар. «Жаз» да ол әлі көбінесе көшпелі ауылдың көктемдегі сәулелі жағын көреді; «Жазғытұры» да ол – көркем табиғат пен жазғы өмір құшағындағы ауылдың жыршысы; «Қыс» та қатуыл үскірік көрінісін тамашалап суретке салумен қатар шидем мен тонды қабаттап киген малшыны да көреді; ал «Күз» бен «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» да ақын жаратылыс құбылыстарын әлеумет тұрмысы, кедейдің ауыр өмірі арқылы көріп, байға бабымен келген күз кедейге жәйсіз келетінін бейнелеп береді.

Әрине, біз «Жаз» бен «Жазғытұры»ның мәні я бояуы олқы демекші емеспіз, олар да Абайға тән шеберлік пен шұрайлы сұлулй берсе»ыққа бөленіп жасалған; олардың қазақ поэзиясында пейзаждық лириканы дамытуда да маңызы ерекше; біз тек қоғам тіршілігінің сырын тануда жылдан жылға ақынның ой өрісі кеңи түскенін, ақыры, тап мүддесі келмес қарама-қарсы екенін жырлағанын баса айтуды жөн көрдік.

Ақынның сөз шеберлігі пейзаждық лирикада да айта қалғандай. «Қара қыйдан орта қап ұрыспай берсе» деген жалғыз жол дала байының тас бауыр қаталдығын, кессең қан білінбес шығымсыздығын, жалшыны қанауда тойымсыз қорқаулығын, түзде шашылып қалатын малының қыйын қыймайтын құнсыздығын баданадай қып түгел ашады. Басқа нәрсе емес «қара қый» толық болмай «орта қап» болуының да идеялық, көркемдік ерекше мәні бар.

Абайпоэзиясының көркемдік пен қыйыңды сөз, әрдайым идея құралы екеніне «Бір сұлу қыз тұрыпты ханқолында» атты өлең айқын айғақ. Бұл шығармада автор ескі ауылдағы көп әйел алу, қаусап қартайып отырып жас қыз алу сияқты надан әдеттің өмірге, тіршілік заңына жат, өрескел, тұрпайы екенін жұрттың санасына сіңіруді мақсат етеді де сол талабын орындауда қонымды әдіс қолданыды.

Өлеңнің  басында өміркөрінісіне негізделіп құрылған сюжетті оқыйға бар. Қартайған хан сұлу қызға үйленіпті. Қызға арман да, алаң да болмасқа тиіс: хан құмарта сүйеді, тіпті жанын құрбан етуге дайын; нелер асыл киім, салтанат дегендеріңіз ұлан-байтақ, топтанған қыз-келіншек нөкер болып, қызды қоршап қызмет қылады.

Шалқыған байлық, молшылық, сән-салтанат, назарымен қоршаған көп жан, соның бәріне еркін шомыған мен қыз айықпас арманда.

«Етімді шал сыйпаған құрт жесін» деп

Жартастан қыз құлапты терең суға, —

деп ақын әйел теңсіздігін образ арқылы бір-ақ ашады.

Өлеңнің кейінгі шумақтарында сөз қазақ өміріндегі өрескел оқыйғалар жайлы. Факты аяқ алып жүргісіз, сондықтан ақын оны тізбектеп оқушыны малтықтырмайды, жоғарыдағы хан мен қаршадай қыздың оқыйғасына сүйеніп өз қортындысын ұсынады.

Жас пен кәрінің некесінен туатын жүрек дүбілтер өрескелдіктер суреті міне осында. Көзіңмен көріп жирен де, терең ойлап түсін, өйткені:

Кәрі, жас дәурені өзге тату емес,

Епке көнер ет жүрек сату емес.

Бай қартайса малына берер шылбыр,

Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.

Біреудің қызын алып малға сатып,

Баяғыны іздеген қандай құрғыр?!

Өлеңде жаратылыс заңы, салт заңы, гуманизм, тарих, теңсіздіктен туған өрескелдіктер қат-қабат. Ой көзі шалымды, алстан алып кеңнен толғайтын Абай ойын бүкпейді, өлер жерің осы деп ашып айтады. Өмір сыпайы қызша қылмыйып отырмайды, өз заңын киіп-жойып өмірге асырады, таны да сыйла оның заңын, әйтпесе арың ысрап, өзің әлексің! Жақсы ажар, алдамшы тәтті тіл де араша емес.

Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең… –

деп, Абай тұжырып айтады.

Гуманизм – адам правосын қорғап айтылған әдемі сөз ғана емес, өмірде өктемдеп барып өз заңын табатын, өз жолын табатын қоғам тіршілігінің табиғи заңы, сыйла оны, сыйламайды екенсің, сыбағаңды аласың.

«Баяғыны іздеген» деген сөз арқылы ақын тарихты да ескерте кетеді. Ескі анайы заманда қазақ әйелі өзін еркектің басы бүтін меншігі деп те қараған шығар, ал қазір жай басқаша, заманды, жағдайды, өмірлік заңды, өзіңді тереңдеп таны, өнеге өмірдің өзінде деген ұғым туады.

Ақынөмірдің үстіңгі қабатын үстірт сыйпаттаушы емес, өмірдің буынын, сырын, қыйындасу заңын зерттеуші, өмірдің егжей-тегжейін ашу арқасында ол оқушыны саналандырып рухани байытады, өмір даңғыл жол емес, ойы, өрі бар күрес сапары екенін көрсетіп, жігер-қайратты қайрайды.

«Екі көңіл арасы жылшылдық жер» деп көлемді мазмұнды беру үшін өлең өрнегінде жатықпаған сөз көрмеген «жылшылық» деген сықылды сөздерді қымсынбай қолданып, өмір шындығын Алатау шыңдарындай құж-құж, олпы-солпы қалпымен бенелеген абай оқушыны тіршілік майданына баулыйды.

Абайдың ақындық шеберлігі ғашықтық лирикада да ерекше көзге түседі. . Сүйіспеншілік адамзатпен бірге жасап келеді, сондықтан оны қазақ ақындары Абайдан әлдекашан бұрын жырлаған болатын. Бірақ, сүйіспеншілік сүіскен жастардың игі сезімін үдетіп, бойына лепті жігер, қасиетті қайрат дарытатынын ашып, махаббатты жанды образ түрінде көзбен көріп, көңілмен сезінгендей етіп Абайдай ешкім суреттей алған жоқ.

Иығы тиісіп,

Тұмандап көздері,

Үндемей сүйісіп,

Мас болып өздері.

Сүйіскен екі жастың ыйықтары тегін отырған жоқ, оларды қосылып бір жан болып кету құмарлығы билеп отыр, сөз де, әрекет те жоқ, көз тұманды, дене мас. Шын сүйісу, жастық сүйісу, ештемені қымтамай түгел беріле суйген сүйісу осы. Осы дегдар қасиетті ақын жастың жанын тебірентерліктей, кәріні де жарамсыз ісіне өкініп, жақсысын ойына алып жадырап, бір селт етіп қаларлықтай әсерлі леппен суреттейді.

«Иығы тиісіп»  — мейлінше қарапайым сөз, бірақ ақынның әмірімен әсерлі сөз сапына қиысқан соң, бойына сыйқырлық көркемдік ұялап тұр.

Қарапайым сөзді қалаулы қатарға енгізіп, көркемдік күш ұялату – Абайдың ақындық шеберлігінің дербес өзгешелігі.

Өзге ойдан тыйылып,

Бірімен бірі әуре.

Жүрекке құйылып

Жан рахат бір сәуле, —

дегенде ақын бойды кернеген қасиетті, дана сүйіспеншілік сананы апшып, айбындандырып сәуле де бітіретінін аша кетеді.

Қазақ өмірінің түпкір-түпкірін түгел кезіп, түйінін тауып, сырын ашып жыр еткен Абай ән-күйді де көркем сөз өрнегіне түсірді.

Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжыйды,

Жүрек тербеп, оятар баста мыйды.

Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды, —

дейді ақын.

Осы өлеңде жұрт күнделікте айтып жүрген сөздер бір түрлі сергіп, қанат бітіп, құдіреттеніп кеткен. Оған себеп – сөз атаулы астарлы мәнде алынып образға ие болып тұр. Ән көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәрсе емес, бірақ ән ауа теңізінде қалқыйтыны, сорғалайтыны да рас. Алайда, Абай ән дыбысының физикалық қозғалысын емес, эстетикалық мәнін сөз қылады. Адам жанының рухани азығы ретінде әннің күші алып әсерлі, образды келісімді сурет арқылы ақын сол жайды денең шымырлап, жүрегің тулап егілеме емірене отырып сезініп, ұғынарлықтай етеді. «бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда» деген сойқан әсірелеу «мыйды ояту», «ойсыз құлақ» деген секілді сөз белестері. Абайдың керемет ақындық күшімен ғана ұқсатылып отыр.

Қайратым мәлім,

Келмейді әлім –

Мақсат алыс, өмір шақ,

Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар

Не болады құр қожақ?!

Кеш деп қайтар жол емес,

Жол азығым мол емес,-

деп, «Сегіз аяқ»ты тап бастырып, Пушкиннің «Евгений Онегин» нің шумағына еліктей, сонымен жарыса отырып Абай көз қыйын қыяға сермеп, сарқылмас жігермен сөйлеп еді.

Абайдың сөз шеберлігін сарқа айту өлең жаңалықтарын талдау – арнаулы еңбектің үлесіне тиіс нәрсе. Біз аз сөзбен тек пікір қозғауды ғана міндет таптық. Образдық сөз жүйесі қалай жасалатынын, идеялық, көркемдік мәнін тындыра зерттеу – біздің әдебиет тану біліміміздің толғақты борышы.

Данышпанды халық туғызады. Абай даналығын туғызған ел совет заманында гүлденіп өсіп, күн сәулелі социализм өлкесін мекендеулі.

Адай өлеңнен бергі елу жылда ел жаңарды, ұлы коммунист партиясының бастауындағы көп ұлтты, ынтымағы бір екі жүз миллион совет халқы Абайдың өз ұлым деп, құрметтеп еске алып отыр.

Абайдың өмірі мен творчествосы.

Мақалалар жинағы / Редакциясын басқарған

М. Ақынжанов және З. Ахметов. – Алма-Ата:

ҚазССР  ҒА баспасы, 1954. – 162-172-беттер.

Дайындағандар: 1 курс магистранттары

Дайрабекова Г., Кребаева А.,

Нурашева Г., Хабибулина А.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники