Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Сәбит МҰҚАНОВ . АБАЙ — ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ КЕМЕҢГЕРІ

1366014872-331

Сәбит МҰҚАНОВ

Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы, қоғам қайраткері, демократы, ағартушысы Абай Құнанбаевтың туғанына 1945 жылы 100 жыл толуын қазақ халқы зор қуанышпен тойлағалы отыр. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйсінерлік болса ол», — дейді Абай. Бұл пікірін ол насихат сөздерінде қайталап: «Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік», — дейді. «Жақсы бала, кім?» деген сұрауға Абайдың берер жауабы: «Әкенің баласы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың».

Абай — қазақ халқының сүйікті ұлы. Себебі, ол, Абайдың өз тілімен айтқанда, әкенің баласы болған ұл емес, халықтың баласы болған ұл және тар мағынасындағы халық баласы болған ұл емес, өз ұлты қазақты сүйе отыра, барлық ұлттың еңбекшілерін бауыр көрген, гуманист ұл.

Абай қазақ халқын сүюмен ғана қанағаттанған емес. Ол — сүйген халқының қоғамдық көшін ілгері бастауда, ой-пікірін кеңейтуде, ұлттық сана-сезімін көтеруде, ұлт мәдениетін, әсіресе ұлт әдебиетін өркендетуде өте зор еңбек атқарған қайраткер.

Абайдың бұл еңбектерін талдар алдында, оны өсірген ортаның саяси және экономикалық халіне тоқтап өту қажет.

Бұрын ұсақ хандықтарға бөлінген қазақ руларының XVI ғасырда тұтас бір мемлекет болуы тарихтан мәлім. Осы мемлекет, 1718 жылы Тәуке хан өлгеннен кейін әлсіреп, «Үш жүз» атанған қазақ үш хандыққа бөлініп кетті. Қазақ халқының бұлайша ыдырауымен Қазақстанның шығысында монғол тұқымдас елдерден құралған, қазақпен үнемі жауласып келген Жоңғар хандығы пайдаланып, 1723 жылы шабуыл жасады. Осы шабуылда қазақ елі қырғынға ұшырап, мал-мүлкі талауға түсті, соның салдарынан атақты «Ақтабан-шұбырынды, алқа көл-сұлама» жұтына ұрынып, малдан да айрылып, жаны да шығындалды.

Жоңғардың шабыншылығынан ығысқан кіші жүз қазақтары Еділ мен Жайықтың арасына паналады. Ол кезде сол өлкелерге қанатын жайған Руссияның күшті мемлекеті кіші жүзді панасына алды. Әбілхайыр бастаған кіші жүз 1737 жылы амалсыз Ресей патшалығына қарады.

Кіші жүзді бағындырған Руссия XVIII ғасырдың аяғында орта жүзді, ХІХ ғасырдың ортасында ұлы жүзді бағындырып, жүз жылдар шамасында қазақ даласын отарлау саясатын аяқтады.

Патша үкіметінің отарлау саясатына қазақ халқы еркімен көнген жоқ. Өзінің ұлт тәуелсіздігінен айрылғысы келмеген ол 1783 жылы кіші жүзде батыр Сырым Датовтың бастауымен көтеріліске шықты. Бұл көтеріліс мылтық күшімен басылғанмен, XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ даласының әр жерінде оқтын-оқтын шыға берді. Сол ғасырдың 20-30 жылдарында Исатай, Махамбеттердің бастауымен батыс Қазақстанда шыққан көтеріліс, 30-40-жылдарда Кенесары, Наурызбайлардың бастауымен болған көтерілістер, масштабы кең, бірнеше жылға созылғанмен, көшпелі қазақ елінің найзасы, орыс заводтарынан шыққан зеңбірекке төтеп бера алмай сынды. 1847 жылы аяқталған Кенесары, Наурызбай көтерілісі күшпен басылғаннан кейін, патша үкіметінің әскері найза ұстағысы келген қазақтың қолын қырқып отырды, көтеріліс өрті сол сөнгеннен 1916 жылға дейін тұтана алған жоқ.

Бостандық жолындағы бұл құралды көтерілісгер әдебиетке де әсерін тигізді. Осы дәуірде жасаған халық ақындары бостандық күресін жырлаумен, ол күрестің ерлерін дәріптеумен шүғылданды. Махамбет, Нысамбай сияқты ақындар, бостандық күрес поээиясының туын жоғары көтерумен аттарын қазақ әдебиетінің тарихына алтын жазумен жазып қалдырды.

Қазақ халқының бостандық күресі XIX ғасырдың 50 жылдарында бітуі, содан кейін, 1916 жылға дейін патша үкіметінің қазаққа бас көтертпеуі, қазақ әдебиетінде «Зар-заман» ағымын туғызды. Шортанбай Қанаев (1818-1881) бастаған бұл ағымның тақырыбы қолынан құралы алынған қазақ халқының білектен жүрекке ауысқан ыза күшін жырлау, екі жақты қанауға түскен қазақ еңбекшілерінің зарын жырлау еді.

XIX ғасырдың екінші жартысында, «Зар-заман» ағымының ізін шала, қазақтың қоғамдық пікірінде, оның ішінде әдебиетінде ағартушылық ағым туады.  Бұл  ағымды  бастаушы – қазақ халқының бүкіл Руссияға әйгілі ғалымы, демократы Шоқан Уәлиханов (1837-1865). Білімді орыстың кадетский корпусынан алған, орыс армиясының офицері, орыстың атақты жазушылары Федор Достоевскийдің, Апаллон Майковтың досы — халық сүйгіш демократ Шоқан Уәлиханов, қазақ халқы келешекте ұлы орыс халқының бай мәдениетіне жетілу арқылы бақытты бола алады деген пікірге келген кісі. Бірақ арманына жете алмай, ол 27 жасында күрт ауруынан қайтыс болды. Орыс білімінен нәр алу арқылы қазақтың ұлттық мәдениетін жоғары сатыға көтеру арманына жетпегенмен, қазақ халқының, Орта Азия халықтарының азаматтық тарихы, мәдениет тарихы, географиясы, табиғат[1]байлықтары туралы демократшыл кемеңгер көп ғылыми еңбектер, нұсқалар қалдырды. Бұлардың маңызы аса зор, және келешекте де зор болмақ. Академик Н.И. Веселовский Уәлихановқа «Шығыс ғылымының шолпаны» деген бағаны осы еңбектеріне қарай берген.

Уәлихановтың қазақты орыс мәдениетіне жетілдіру ісін бірінші рет қазақ арасында іске асырушы Ыбырай Алтынсарин (1841 -1889). Орынбордың екі жылдық учительдер курсын орыс тілінде бітірген ол, үкімет алдына, қазақ арасына орысша-қазақша мектеп ашу керек деген талап қояды да, 1864 жылы үкіметтен рұқсат алады. Осы ниетпен іске кіріскен Алтынсарин өзі өлгенге дейін Қазақстанның қазіргі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарының қалаларында, ауылдарында «Орысша-Қазақша» аталған мектептер ашады. Оған дейін қазақта ұлт мектебі болмаған. Қазақ балаларын Орта Азиядан келген қожалар, татардың молдалары араб әрпімен, балаларға түсініксіз дін сабағын ғана оқытқан.

Алтынсарин ашқан мектептерде қазақ тілі бірінші рет оқылады. Бастауыш кластарға арнаған оқу кітаптарына Алтынсарин орыс әрпімен кәдімгі қазақ тілінде жазады. Бұл — орыс әрпін қазақтың бірінші қолдануы. Алтынсариннің мектептерінде, алғашқы кластарында әуелі қазақша оқыған балалар, орыс тілін де үйрене бастайды да, соңғы кластарда орысша жақсы біліп шығады. Қазақтан орысша оқыған интеллигенция көпшілігі бірінші рет Алтынсарин мектептерінен шықты десек қаталаспаймыз.

Алтынсарин — ақын болған адам. Мектепке арнап жазған оның хрестоматиясындағы өзі жазған «Өнер білім бар жұрттар», «Ананың баланы сүюі», «Балғожа бидің баласына жазған хаты», «Жаз», «Жаз шыққанда», «Өзен» деген өлеңдері — қазақ поэзиясында дәстүр жағынан фольклордан бірінші рет бөлінген, бірінші рет европалық жазба поэзия стилінде жазылған шығармалар.

Бірақ оқыту, мектеп ашу, оқу құралдарын жазу сияқты ағартушылық жұмысымен шұғылданған Алтынсарин ақындық өнерін еркін жарыққа шығара алмады. Мұндай озат идеяны жыр етіп қазақ әдебиетінде жаңа поэзияны бірінші рет жасаған Абай Қүнанбаев еді (1845-1904).

Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың қазақ халқының тағдырына қайғырулары бір сарында болғанмен, қазақтың қоғамдық көшіне сілтеген жолдары ұштасқанмен, бұл үшеуі бірімен бірі таныс болды дерлік, я бірінің пікірін бірі білді дерлік дәлелді документ әзірге жоқ. Шоқанды Ыбырай білді ме деп жорамалдауға бір дәлел: Шоқанмен таныс болған адам — Григорьев Орынбордағы шекара комиссияның председателі боп қызмет атқарған. Алтынсарин қоғам жұмысына араласқаннан бастап, Григорьев онымен де жақын болған. Шоқан мен Ыбырай, бірінші жақтан, осы Григорьев арқылы сырттан танысқан болар деп жобаласақ, екінші жақтан, XIX ғасырдың 60-жылдарынан бастап, Шоқанның Ресей географиялық қоғамының еңбектерінде басылған шығармаларын Ыбырай оқуы мүмкін. Осылай сырттан таныспаса, ол екеуі бірін-бірі жүздесіп көріскен адам емес.

Ыбырай мен Абай да бірімен бірі жүздескен адамдар емес. Ыбырайдың «хрестоматиялары» XIX ғасырдың 70-жылдарында басылды. Осы «хрестоматиялармен» Абай таныс болды ма деген пікірге оқушыны келтіретін мынандай жағдай бар: Ыбырайдың «хрестоматиясында» басылатын «Жаз», «Жаз шыққанда» дейтін өлеңдері мен Абайдың «Жазғытұры», «Жазды күн шілде болғанда» деген өлеңі түр, мазмұн, дәстүр жағынан өте қабысатындығы. Ыбырайдың:

Өнер білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызды,

Айшылық алыс жерлерден

Көзді ашып жұмғанша

Жылдам хабар алғызды…

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді… —

дейтін өлеңі мен Абайдың: «Хакімдер электрді тауып, аспаннан жәйді бұрып алып, дүниенің бір бұрышынан кәзір жауап алып тұрып, от пен суға мың адам қыла-алмастай қызметтер істетті…» — дейтін насихат сөзінің дәл келетіндігі. Ыбырай мен Абайдың үндестігі бұл мәселеде ғана емес, жалпы қазақ халқын ағарту мәселесінде де олардың пікірлеірі өте үйлес. Әсіресе, орысша оқыған қазақ балаларына «шенге, атаққа қызықпа, халыққа пайдалы қызметке ұмтыл» деген ақылдары дәл шығады.

Бірін бірі көрмеген, танымаған Шоқанның, Ыбырайдың, Абайдың ағартушылық пікірлері бұлай бір бағытта, бір ізде болуына бас себеп — әрине, олардың бір қалыпты қоғамдық және экономикалық жағдайда жасауы еді. Бұл жағдай қандай жағдай?

XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ халқы Ресейге бағынғаны жоғарыда айтылды. Осы кезден бастап, қазақтың экономикалық және саяси халі Ресейде болған халдармен тығыз байланысты болды. Шоқан, Ыбырай, Абай өмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысындағы Ресейде болған хал — 1861 жылдың реформасынан басталатын капитализм өркендеу дәуірі екенін біз марксшылдық әдебиеттен жақсы білеміз.

1861 жылдың реформасынан кейін Ресейде өркендеген капитализм оның отары қазақ даласына да әсерін тигізді. Ресейге бағынғаннан кейін қазақ даласындағы натуральдық мал шаруашылығына ақша ене бастады. Қазақ байлары капиталдық базарға араласа бастады. Бұрынғы, тек мал басын көбейтудің орнына енді ақша көбейтушілер, сәудегерлер шыға бастады. Шортанбай ақынның:

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп түсер күші жоқ

Ақша деген мал шықты, —

дейтіні,

Байды құдай атқаны,

Жабағы жүнін сатқаны, —

дейтіні,

Қайыр кетіп байлардан

Бұзауға ақша беріп түр.

Пәлен теңге торпақ боп,

Тиынға тиын өніп түр.

Залым туған сұмрайлар,

Осылай жұртгы еміп тұр, —

дейтіні — осы кез. XIX ғасырдың екінші жарымынан Ресейде басталған    капиталистік    формацияны,    одан    туған    саяси-экономикалық қысымды Шортанбай мен Абайдың көруі, сынауы бір де, онан жасайтын қортындылары басқа. Ресейде капитализм өркендеуімен байланысты, қазақтың еңбекші көпшілігінің екі жақты қаналуы бұрынғыдан күшейгенін көрген Шортанбай:

Су түбіне кеттің жұрт,

Тал табылмас қармарға, —

деп,

Сөзім бітті, мен болдым,

Енді шықпас әңгіме, —

деп, келешектен үміт күтпейді, халыққа қанаудан шығарлық жол сілтемейді.

Феодализм бе, капитализм бе, орыстың байы ма, қазақтың байы ма, мейілі кім болса да, халықты, еңбекші бұқараны қанаушыларға Абай жанымен қас болды.

Абай Шортанбайша капиталистік сарыннан шошып қашпай, ескі феодалдық өмірді көксеп, жұртты өткенге өксітпей, рационалдық оймен еңбекші жұртты өнерге, білімге, техникаға жетілуге, еңбекке шақырып, алға сілтейді.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар.

Ұрлық, қулық, сұмдықпен мал жыйылмас,

 Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас.

Зыян шекпей қалмайсың ондай істен,

Мал кетер, мазаң, кетер, ар бұйырмас, —

 — дейді ол. Еңбексіз тапқан байлықтан неге жирен дейтін себебін Абайдың өзі баяндайды:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын.

Абайдың айтатын өсиеті: кісі еңбегін жемеу, кісі ақысын меншіктеніп байымау, өз күнін өз еңбегімен көру.

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей, —

-дейді ол. Қоғамға пайдалы еңбектің Абайға жаманы жоқ. Оның ұғымында егін салу да, сауда да, кеңсе қызметін атқару да, мал күту де еңбек.

Егіннің ебін.

 Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап мал ізде.

Есек к…н жусаңда мал тауып кел,

 Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас, —

дейді ол. Еңбек атқару харекетін Абай үй маңайының жұмысы ғана деп түсінбейді. Ол «шыға ойлап, шығандап қылық қылған» талапты, ізденгіш, еңбек әрекетінде қыяға құлаш ұрғыш, қайда еңбек болса, соны іздейтін адамды жақсы көреді. Ол: «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса сыйламай тұра алмас ел», — деген ақыл айтады. Абайдың ұғымында шын жақсы адам — шын мағнасындағы талапты, ізденгіш, тапқыш, қоғамға да, өзіне де пайдалы еңбек атқарғыш еңбекші адам. Абай халықты осындай еңбекші адамдарды сыйлауға, сүюге, достасуға шақырады. Бұндай сүю Абайдың сенуінше шын еңбек иесі адамнан ғана табылады. Кісі еңбегін жейтін арамтамақтан шын адамгершілік махаббат, шын адамгершілік достық шықпайды, себебі:

Малға достың мұңы жоқ малдан басқа,

Аларында шара жоқ алдамасқа.

Табысына табынып қалтаң қағып,

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.

Мал жыяды мақтанын білдірмекке,

Көзге шұқып малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.

 Бұл пікірін Абай насихат сөздерінде былай толықтырады: «Олар (байлар. — С.М.) өзінде жоқты малмен сатып алады, көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық, ақыл, ғылым — ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, кұдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны — бәрі мал».

Абай бұндай пікірге ойлау арқылы ғана жеткен жоқ, өз заманындағы қоғам тұрмысын, тап қайшылығын көріп, терең түсінгендіктен, ұққандықтан, соны прогресс тұрғысынан талдау арқылы жетті.

…Патша үкіметінің елдегі агенті — болысты Абай:

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздік сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап, —

деп сөйлетеді.

Әлсізді әлдіге жығып беру, әлдіге қосылып әлсізді талау, жеу тек болыстың ғана әрекеті емес, бидің, старшынның, атқа мінерлердің, сонымен бірге ояз бастықтарының да салты екенін ақын айқын сезген.

Болыстан көрі ояз мықтырақ зорлықшыл екенін таныған Абай қазақ оқығандарына айтқан ақылында:

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге, —

деп жирендіреді.

Заманның осындай экономикалық, саяси халін көрген, көріп қана қоймай, жақсы ұққан Абай, еңбекші халықты бұл халден қайткенде құтқару шарасын да көп ойлаған. Бұл ойын орындауға заманы мүмкіндік бермеген Абай кертартпалықты сынап, халықты еңбек пен өнер-білімге шақырып, ақыл айтудан әрі бара алмады, саяси күреске шақыра алмады.

Абай тұсында қазақ ауылында ұлт мектебі жоқ. Қазақ ауылындағы ол кездегі бар оқу — «қадим», яғни араб пен парсы тілінде я шағатай тілінде молдалар оқытатын дін сабағы. Осы оқудың өзін де халықтың 2-3 проценті ғана біледі, өзгелері сауатсыз. Абайдың өзі де «қадимше» оқыған.

Жасында ғылымға таныса алмағанына Абай былайша өкінеді:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре түра тексермедім,

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Ғылымнан кеш қалған Абай, өзі «құр калған» сыбағаны балаларына ұсынады.

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Абайдың өз балаларына да, өзге қазақ балаларына да оқы деп ұсынатыны — орыс мектебі. Балаларын орыс мектебіне берген Абай, өз балаларының оқығанына ғана қуанбайды, барлық қазақ балаларының оқығанын қуаныш көреді.

Өз баласының да, өзге қазақтың баласының да оқуына Абай тілектес боп қуанғанда, оларды халыққа пайда келтіреді деп қуанады. Оқыған жастарды Абай:

Военный қызмет іздеме,

Оқалы киім киюге…

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге, —

деп шенге құмарлықтан бездіреді де, «Салтыков пен Толстой бол» деп үгіттейді. Абай қазақ жастарына орыстың ұлы жазушыларын ғана емес, жалпы ғылым иелерін ұстаз тұтуды ұсынады.

…Білім, өнер үйрену тек салт емес, өмірге, әлеуметтік тіршілікке құрал деп таниды ақын.

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та бар қалан.

Данышпан Абай өз заманындағы қазақ әдебиетінің екі жағдайын көрді:

Қазақ әдебиетінің салмағы фольклорда. Қазақ фольклоры бай екені рас, сол байлықтан Абай суарылды да. Бірақ фольклормен ғана қазақтың ұлттық әдебиетін жасауға болмайды. Әдебиеттің ұлттық дәнін толық пісіретін — жазба әдебиет.

Жазба әдебиет қазақта Абайға дейін де болды. Бірақ ислам дінінің салдарынан Абайға дейінгі қазақ жазба әдебиетінің тілі араб, парсы сөздерімен шұбарланып, халыққа түсініксіз халге көшті.

Халықты прогрестік жолға бастауда әдебиетті қажетті кұрал деп ұққан Абай әдебиеттегі ақындық қызметін қазақтың әдебиет тілін халыққа түсініксіз сөздерден аршудан, өз өлеңдерін халық түсінетін тілмен жазудан бастады.

Абай өзінің шығармаларында тілінің халқына түсініктілігімен ғана қанағаттанған жоқ. Кәдімгі қазақ тілімен өлең жазғанда не мақсат қолданатынын ол былайша баяндады:

Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып көңлін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Ұлы орыс халқының мәдениетін, әдебиетін сүйген Абай, орыстың классик ақындарының шығармаларын қазаққа таныстыру мақсатымен Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Орыс классиктерінің Абай аударған өлеңдерін казақ халқы Абайдың өз өлеңдерінен кем сүйсініп оқыған жоқ. Абай аударған Татьяна, Онегиннің хаттары қазақ арасында жыршылар, әншілер арқылы ауыздан ауызға көшіп, халық фольклорына айналып кетті.

Халықты прогреске, прогресшіл орыс мәдениетіне бастауда өлеңдерін үгіт кұралы ғып ұстаған Абай қазақтың таза ұлт тілінде өлең жазумен ғана қанағаттанып қоймай, қазақта өлең мәдениетін өркендетуді, ішкі мазмұны жаңа өлеңдеріне, жаңа түр, жаңа ырғақ, жаңа үйлес табуды мақсат етті.

Абайға дейінгі қазақ өлеңдерінде екі ғана түр болушы еді: 4 жолды, әр жолы 11 буынды, үйлесі «а, а, б, а» боп бітетін «қара өлең»; үйлесінде белгілі өлшеу жоқ, жолдары жеті буынды боп отыратын «жыр».

Халық әдебиетіндегі осы екі түрді де Абай өз шығармаларында толық пайдаланумен қатар, қазақтың өлең мәдениетіне жаңадан 11 түрлі өлең техникасын қосты.

Қазақ поэзиясына өлеңнің жаңа техникаларын қосқанда, Абай өз заманындағы орыс өлеңінің қазақтың өлең құрау заңына қайшы келмейтін техникасын (силлабикалық өлең), әсіресе, үйлестерін пайдаланады. Мәселен, әр жолы 5, 6, 8 буыннан келетін өлеңдерді, яки үйлесі «а, б, а, б» боп, немесе «а, а, б, в, в, б» боп келетін өлеңдерді Абай орыс поэттерінің үлгісімен жазған. Бірақ бұл үлгілерге Абай орынсыз ұрынбаған, аударма сияқты ғып алмаған, казақтың силлабикалық өлең құрылысын бұзбаған.

Абайға дейінгі қазақ өлеңінде бұзылмай келген мықты екі шарт бар: біреуі — төрт буыннан артық буыны бар сөзді қазақ өлеңі сыйғызбайды, мәселен «мықтылығының» деген сияқты бес буынды сөздерді, «көркемділігінің» деген сияқты алты буынды сөздерді қосса, қазақ өлеңі өлең болмай қалады; екіншісі — «бұлт», «жұрт», «сырт» сияқты қазақ тілінде аз кездесетін бір буынды сөздер болмаса, өзге қазақ сөзінде, бір буында 5 әріп кездеспейді, қазақ сөздерінің буындары негізінде үш әріптен ғана құралады.

Буын саны төрттен асқан сөзді көтермейтін қазақ өлеңі, бір буынында үштен артық әрпі бар сөзді өте сирек қабылдайды, көп жерде, өлең үштен әрпі артық буындардың құрылысын бұзып, «бұлтты» — «бұлыт»қа айналдырып, «құрт», «сырт» сыяқты сөздерді аяғына дауысты, дыбыс я жаңа буын қосу арқылы түрін өзгертіп жібереді.

Қазақ поэзиясына шумағы, ырғағы, үйлесі жаңа 11 түрлі өлең техникасын қосқанмен, Абай, жоғарыда айтқан қазақ өлең техникасының заңын бұзбайды, толық сақтайды.

Орыс ақындарының өлең техникасын пайдаланғанмен, Абай ол техниканы қазақтың ұғымына, қазақ поэзиясының заңына лайықтап алатынын айттық қой. Солай ала тұра, Абай орыста бар өлең техникасымен қанағаттанбай, ізденіп, орыста я дүние жүзінің поэзиясында жоқ техникаларды табады. Солардың ішінде, шумақ, ырғақ, үйлес жағынан ерекше көзге түсетін үш түрін атай кету қажет. Олар:

I. «Сегізаяқ» — бір шумағында 5 және 8 буынды, жолдары аралас келетін, сегіз жолды өлең:

Алыстан сермеп,                                  — а

Жүректен тербеп,                               — а

Шымырлап бойға жайылған.                   — б

Қиуадан шауып,                                  — в

Қыйсынын тауып,                               — в

Тағыны жетіп қайырған.                   — б

Толғауы тоқсан қызыл тіл,               — г

Сөйлеймін десең өзің біл.                  — г

II. Алты және үш буынды жолдар араласып отыратын шумағы 16 жолды өлең:

Сырмақ қып астына                           — а

Байының тоқымын.                            — б

Отының басына                                   — а

Төрінің қоқымын.                               — б

Бүксітіп,                                                — в

Бықсытып,                                                     — в

Қоқсытып,                                          — в

Келтірді.                                             — г

Осының бәрімен                               — д

Көңілде міні жоқ,                                       — ж

Жүзінің нәрімен                               — д

Бойының сыны жоқ                        — ж

Бүкшиіп,                                            — з

Сексиіп,                                             — з

Түксиіп                                              — з

Өлтірді.                                             — г

III. Абайдың өте қиын түрде құрған, жолдарының буын саны әртүрлі келетін, бірақ белгілі заңы бар, шумағы 12 жолды өлең:

Сен мені не етесің,                           — а

Мені тастап,                                   — б

Өнер бастап,                                  — б

Жайыңа:                                         — в

Жана алдап, арбап                            — г

Өз бетіңмен сен кетесің                 — а

Неге әуре етесің                             — а

Қосылыспай                                   — д

Басылыспай                                   — д

Байыңа:                                          — в

Және жаттан бай тап                     — б

Өмір бойы қор өтесің                    — а

Абайдан бұрынғы қазақ өлеңінің ырғақ үйлесі, құрылысы әнге арналған. Абай осы заңды қатты сақтайды. Бірақ, Абайдың жаңадан тапқан өлеңдеріне лайықты қазақта ән жоқ. Сондықтан ол жаңа ырғақ, жаңа үйлестеріне арнап он жеті жаңа ән шығарған. Ол әндері елге көп тараған, және сүйкімді әндер болған.

Әнді Абай қалай болса солай шығармау керек. Өйткені ол әнге өте жауапкер көзбен қараған және ұға білген, кұлағы музыканы тыңдай да, айыра да алған.

Музыканың да мазмұны, түрі болатынын, ақын сөзбен айтатын уақыйғаны музыка дыбыспен де айтатынын ұққан, оның жақсы я жаман әнге берер бағасы:

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тындаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар.

 Абайдың сүйгені «құр бақырған», «есер ән» емес, ойда қалдыратын, мазмұны терең, әсерлі, «есті» ән.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй.

Дүние ойдан шығады,

Өзімді-өзім ұмытып.

Көңілім әнді ұғады,

Жүрегім бойды жылытып.

 Сібірдің атақты ғалымы Потанин қазақ поэзиясы, қазақ әні туралы жазған еңбектерінде: «Маған барлық қазақ даласы әнге бөленіп тұрғандай, барлық қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді», — деген. Қазақтың осындай бай музыкасын Абай жақсы ұққан.

Қазақтың ұлттық тілін өркендетуде, ұлттық жазба әдебиетін жасауда Абайдың еңбегі осындай.

Өлеңін халықты прогреске бастауға құрал ғып жүмсаған Абай осы идеясын іске асыруда өзіне серік іздеді. Бұндай серіктерді Абай өз заманынан таппады, сондықтан ол тілін алмаған елге:

Адасып алаңдама жол таба алмай,

Берірек түзу жолға шық қамалмай.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, —

деген өкінішті ренжуін айтты.

Бірақ, халқын сүйген Абай, кажыдым деп үйінде үнсіз жата алмайды, серпілген көңілмен тағы да қалам ұстайды, замандастары ұқпағанмен, сөзін ұғарлық жандар келешекте шығуына сенеді. Осы мақсатпен жазған өлеңінде ол:

Әуелесін, қалқысын,

От жалын боп шалқысын.

 Жылай-жырлай өлгенде,

Арттағыға сез қалсын.

Мендей ғарып кез болса.

Мойын салсын ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,

 Кім таныса сол алсын, —

дейді. Үмітін келешекке жүктеген Абай, «сол келешек қандай болар екен» деп көзін алдыңғы заманға қадайды да:

Көк тұман алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған, —

деп бір үмітті, бұлдырды көреді. Бұл бұлдыр прогресс заманы.

Бұл өлеңді жазғанда, Абайдың басындағы қоғамдық қайғыға үй ішінің қайғысы қабаттасқан кез: 1895 жылы туберкулезден Абайдың жақсы көретін, Петербургтағы соғыс училищесін бітірген баласы Абдырахман өледі. Абдырахманның өліміне Абайдың қатты қайғыруы, оның өлеңдерінен көрінеді, бұл өлімді Абай өз баласы болғандықтан ғана емес, келешегі зор халық баласы болғандықтан елжірей қайғырады.

Жаңа жылдың басшысы ол

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

 Сүйекке тиді, қарт едім.

Осы қайғы, 1904 жылы, 14 майда өлген баласы Мағауияның қайғысына тұтасады да, қырық күннен кейін Абайдың өзі де тіршілікпен 59 жасында қоштасады.

Абай өлең жазуға он жасынан бастап талаптанған және 14 жасында, Семейдегі оқудан ауылына қайтып келген соң-ақ жаза бастаған. Бірақ ол 37 жасында 1882 жылы жазған «Қан сонарда» деген өлеңіне дейінгі өлеңдерінің бірен-саранын ғана сақтап, көпшілігі сақталмаған.

Өз көзі тірі кезде Абайдың «Жаз» дейтін бір ғана өлеңі Омбыда шығатын «Дала уәлаяты» газетінде 1887 жылы басылған. Ол өлеңді де Абай өз атымен емес, ақын шәкірті Көкбайдың атымен бастырған.

Абай жазған өлеңдер өзі тірі кезде қолжазба арқылы ғана тараған. Абай өлеңдерінің жинағы бірінші рет 1909 ж. басылып тараған.

Абайдың шығармалары толық жиналып басылуы Совет үкіметінің тұсында ғана. Жеке кітаптар боп шыққан өлеңдерін қоспағанда, 1921 жылдан бастап Абай шығармаларының толық жинағы 5 рет басылып отыр.

Абай шығармалары өз тілінен өзге тілге бірінші рет аударылуы 1911жыл. Сол жылы орыс тілінде Москваның Лазарев атындағы шығыс тілдерінің институты «Аш-шарқият» деген атпен шығарған жинақта, Абайдың бірер өлеңі қара сөзге аударылып, орыс тілінде басылды. Содан кейін Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағы Москвада «Гослитиздат» арқылы (13 баспа табақ) орыс тілінде шығуы — 1940 жыл. Осы жинақтан кейін ғана Абайды көп ұлтты Отаны тегіс таныды.

…Абай арман еткен білім бұлағының кезін бүкіл совет еліне, оның ішінде қазаққа Октябрь революциясы ғана ашты. Ұлы орыс халқының орасан бай мәдениетіне қолы жеткен қазақ халқы Қазақстанда аз жылда шын мағнасындағы қазақтың ұлт мәдениетін жасады: қазақ тілінде мыңдаған бастауыш мектептер, жүздеген орта мектептер, ондаған жоғарғы мектептер ашылып, олардан білімнің әр жүйесін еркін меңгерген халық қызметкерлері шықты, Абай заманында атымен жоқ қазақ баспасөзі туып, миллион даналап кітаптар басылды, жүздеген газеттер шықты; Абай кезінде жоқ қазақ театрлары құрылды, Абайдың әндерін қазақ артистері хормен айтты, қазақ музыкасы оркестрмен ойнады; көркем әдебиетте Абайдың ұрпақтары көбейіп, жүзге тарта мүшесі бар Жазушылар Одағын құрды, қазақ әдебиетінде, Абай заманында жоқ проза, драматургия, журналистика және сын жанрлары туды.

Совет дәуірінде, Абайға арналып бірнеше мерекелер жасалды, солардың қортындысы сыяқты 1945 жылы август айында Абайдың туғанына 100 жыл толуын жалғыз қазақ емес, бүкіл совет халқы боп тойлағалы отыр. Абайдың торқалы тойын қуанышпен бірге өткізіп отырған көп ұлтты Совет Отанының алдында, бұдан жүз жыл бұрын Отанымыздың ең алдыңғы қатардағы ақынының бірі — Абайды туғызғанына бүгінгі бақытты қазақ халқы мақтанады.

Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының

толық жинағы. – Алматы: Қазбірмемл.

баспасы, 1945. – ҮІІ-ХХІҮ беттер.

Дайындағандар:

1 курс магистранттары

Дайрабекова Г.,

Кребаева А.,



[1] «Сочинения Ч. Ч. Валиханова», 1904г., рус. географ, об-во. том XXIX, стр. 1. 120    I

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники