Самал Соқпақбаевамен өткен тартымды кездесу
2014 жылдың 1 сәуірінде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіндегі «TARZHIMAN CLUB» жас аудармашылар клубында балалар әдебиетінде өзіндік із қалдырған жазушы Бердібек Соқпақбаевтың қызы, белгілі аудармашы Самал Бердібекқызы Соқпақбаевамен шығармашылық кездесу өтті. Аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі Әнуар Тарақов аудармашы шығармашылығы туралы кіріспе сөз сөйледі.
Қазақ прозаиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударған тәжірибелі аудармашы ретінде Самал Бердібекқызы көркем аударманың қыр-сыры, қиындығы мен ерекшелігі туралы әсерлі әңгіме өрбітіп, болашақ аудармашыларға ақыл-кеңесін айтты, аудармашыға керек қасиеттерді атап көрсетті. Сондай-ақ, қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының қызы ретінде естеліктер айтты, «Менің атым — Қожа» туындысын аудару тәжірибесі жөнінде ой бөлісті. Студенттер аудармашыға аударма туралы түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауап алғанына қуанды. Студенттердің сұрауы бойынша аудармашы кеңестік кезеңдегі аудармашылар мен қазіргі нарықтағы аудармашылардың әсіресе көркем шығарманы аударушылардың әлеуметтік жағдайының айырмашылықтарын баса айтып өтті.
«TARZHIMAN CLUB» жас аудармашылар клубының жетекшісі, доцент Л.Мұсалы аудармашыға студенттер атынан алғыс білдіріп, қазақ аударматану ғылымының атқарар міндеті мол екенін атап өтті. Кездесу болашақ аудармашылар үшін қызықты да пайдалы болды.
Е.Кәрібозов
Аударма теориясы және әдіснамасы кафедрасы
меңгерушісінің орынбасары, ф.ғ.к.