М.Мақатаев – адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарастық пен келісімнің жыршысы
Механика-математика факультетіндегі Информатика кафедрасының 2- курс студенттерімен “Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры” атанған жиырмасыншы жүз жылдықтағы ұлттық поэзиямыздың ірі тұлғаларының бірі, әр жүрекке жол тапқан әсерлі өлеңдері оқырман сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқан Мұқағали ақынның “Жыр-аңыз” атты ашық сабақ өтті. Бұл сабақтың ашылуы мемлекеттік тіл кафедрасының доценті Аширова Анар Тишибайқызының құттықтау сөздерімен басталды.
Мұқағали — қазақ поэзия әлеміне шетсіз-шексіз кеңестік пен көз сүрінген биіктік әкелген ақын. Кәусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған ақын. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 83 жыл толып отыр. Жалпы тұрғыда бұл әдеби ашық сабақ жоғары деңгейде өтті деп айтсақ та артық бола қоймас. Себебі, сабақ барысында студеттер барлық қырынан көрініп, ақын өлеңдерін жан-жақты талдап, бүкіл сырын ашқандай іспетті.
Студенттер сабақтың жоғары өтуіне өте жақсы атсалысты, тек қана әдеби тұрғыдан ғана емес, сонымен қоса қазақ тіліне қатысты біршама өлеңдеріне лексикалық, фразеологиялық талдаулар жасап көрсетті.
Хан тәңірінің мұзбалағы атанып, өлең өлкесінде шашасына шаң жұқтырмаған дарын иесі, ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған бұл сабақтың жалпы мақсаты –ақынның бай шығармашылық дүниесімен таныстыра отырып , поэзия нәрімен сусындату, ақынның өлеңдеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту болды. Сонымен қатар аса бір атап көрсетерлік жайт, ол студенттердің қаншалықты ақын поэзиясына жақын екендігі. Студенттер сабақтың өту барысында анасының, жары Лашынның,Нұрғиса Тілендиевтің, уақыт оздырмай жақында ғана дүнеиеден өткен ақын Фариза Оңғарсынованың ақиық ақын жайлы қалдырған естеліктерімен бөлісті. Сондай–ақ Нұрғали Дәурен, Текесбаев Мирас сынды біршама ақын студенттер өз жандарынан ақынға арнау жазып, көрермен аудитория алдында бүкіл әсерімен бөлісті.
Мұқағали Мақатаевқа
«Ел ағасы, өр тұлға,
Миллионда бір келетін бір ұлтқа»
Поэзияны көркемдікпен шыңдаған,
Саған жетпес, саған жетпес мыңдаған.
Демеу болар қайғы шерге мұрасы,
Қайраттанып қуат алар тыңдаған.
Жамылмаған көп түндерде көрпесін,
Қолға қалам алдырғанша
Өзектерді шабыт келіп өртесін.
Бір жан болған қолға қалам алған соң,
Жырлайтұғын өзі туған, сүйген қатты өлкесін.
Сабақтың аяқталуы барысында тіпті ақын өлеңдеріне жазылған әндерді айтайық деп студент қыздар өз ойларын айтып, сабақты Мұқағалидың «Есіңе мені алғайсың» әнімен аяқтады. Соңында Комиссия мүшелері болып келген Мемлекеттік тіл кафедрасының доценті Р.Өмірбекова, аға оқытушылар Г.Дашева және Б.Досанов сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, сабақтың өте жоғары деңгейде өткенін, сонымен қоса математика факультетінің студенттері филология факультеті студенттерінен асып түспесе, кем түспейтінін айтып мақтады.
Қорыта келгенде, сол күнгі ашық сабақтан алған әсеріміз М. Мақатаев асқар тау мен дархан даланың, жаны жарқын асыл адамдары мен таңғажайып табиғатының асқақ жыршысы екеніне тағы да бір көзімізді жеткізді.
Мемлекеттік тіл кафедрасының
ф.ғ.к.,доценті Аширова Анар