Махаббат мұнарасын тұрғызған жазушы жайындағы кеш
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» аясында майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат , қызық мол жылдар» атты романын талқылауға арналған кеш болып өтті.Кешке жазушының немерелері Әлия мен Дина қатысып,сүйікті аталары туралы қызықты естеліктерімен бөлісті.
Жазушының үлкен немересі Дина жер бетінде ел басына күн туып,қатер төнген кезде қолына қару алып,елі мен жерін жаудан қорғаған,ел берекесі кіріп,бейбіт заманға аяқ басқанда,қара қаруын қарымды қаламға айырбастап,еңбек пен ерлікті,махаббат пен достықты жырлаған бірден бір жан бұл- біздің атамыз,-деп мақтаныш сезіммен сөз алды.
Дина Жаннұрқызы атасының мол деректі мұрағатының халық игілігіне айналуы орайында атқарылып жатқан толымды істер туралы, соның бір парасы- ғаламторда арнайы парақша ашылғанынан хабардар етті.
Жазушының ең кіші немересі Әлия Нұршайықова: «мамандық таңдауда оның жолын қуғанымды естіген атам аса қатты қуанды, себебі оған дейін мен көркемөнер саласына түспекші болып жүргенмін. Осы мамандықты таңдағаным үшін тарту ретінде атам оқу төлемақысының басым бөлігін өзі төлеп берді, сол арқылы менің болашағыма даңғыл жол ашты десем де болады. Сол үшін де мен атама мәңгілік қарыздармын. Атам мен үшін қашан да ең жақын, ең сүйікті жан, әрі ер тұлға болып қала береді деп,толғана сөйледі . Біздің, Әзілхан атамның артынан ерген ұрпақтың мектепте, университетте білім алуы басқа балалармен салыстырғанда ерекше болды. Себебі, барлық ұстаздар біздің Әзілхан Нұршайықов сынды өнегелі де өрелі жазушының ұрпақтары екенімізді білуші еді. Сол кезде мен: «Иә, менің атам — Әзілхан Нұршайықов» дегенді кеудемді кере, зор мақтанышпен жеткізуші едім », -деп толқи есіне алды.
Кешке қатысып отырған мемлекеттік тіл кафедрасының доценті А.Шыныбекова жазушының «Махаббат, қызық мол жылдарын» шығарманың шырайлылығына шөліркеп, қайта бастап оқып шығатындықтарын және: “Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады. Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек.Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылық белгісі. Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр деген жазушының сөздерін жадына тоқып келгенін айтты .
Әдепті, иманды, күрескер, қамқоршыл, әділдік жолында турашыл Ә.Нұршайықов әлемі кең айдынды, мол қазыналы, терең ағысты, орасан табысты күйінде қазақ әдебиеті асқар тауының сұлу бір шоқысындай көз қызықтыра бермек.Жазушының қазақ қыздары мен жігіттерінің бойындағы табиғи асыл қасиеттерді: адамгершілікті, азаматтықты, Отансүйгіштікті, инабаттылықты және олардың жүрегіндегі мәңгілік өшпейтін асыл махаббатты жалпақ жұртқа айтып, жас ұрпаққа үлгі, өнеге етіп көрсету туралы мақсатына жеткендігін жастардың кеште жазушының шығармаларын қызу талдағандарына қарап байқағандай болдық.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценттері :
Р.Қ.Өмірбекова, А.К.Шыныбекова