Шетелдіктер арасында достық шарасы өттті
2014 жылдың 30 наурыз күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультеті тыңдаушылары №14 жатақханада Наурыз мерекесінің құрметіне Әлем халықтарының ұлттық тағамдар мерекесін өткізді. Биыл бұл факультетте АҚШ, Жапония, Иордания, Қытай, Испания, Корея, Ауғанстан, Австрия, Түркия сынды елдерден келген 200- ге тарта тыңдаушы қазақ, орыс тілдерін оқып жатыр. Олар бір жыл бойы қазақ елінде тұрып ұлтымыздың тілін үйренумен қатар, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен танысады. Шетелдік тыңдаушылардың ұлттық тағамдар мерекесі «Әлем халықтарының ұлттық тағамдарының халықаралық фестивалі» деп аталды. Ұлттық тағамдар байқауын наурыз айында өткізу факультетте он шақты жылдан бері дәстүрге айналып келеді. Бұл күні студенттер ерте тұрып мереке басталған уақытқа дейін әр ұлт өкілі өздерінің дәстүрлі тағамдарын дайындаулары тиіс. Мереке басталғанда студенттер жатақхана ауласында мерекелік дастархан жасады. Әр топ өз тағамдарының құрамын таныстырып, келген қонақтарға дәмдерін ұсынды. Қонақтар мен қазылар мүшелері үстелге қойылған тағамдардан дәм татып, әр ұлттық ас дайындау шеберлігіне қарай өз бағаларын беріп өтті. Байқау қортындысы бойынша:»Ең жылдам жасалған тағам» , «Ең сәнді безендірілген тағам», «Құнарлылығы жоғары тағам» сынды номинациялар берілді. Байқау қорытындысын шығарғанша студенттер мерекелік концерттерін көрсетті. Концерт барысында тыңдаушылар өз елдерінің әні мен биімен қоса қазақ халқының әндерін шырқап, билерін биледі. Мерекенің ашылу салтанаты Австрияның Вена қаласынан қазақ тілін үйренуге келген қазақ жігіті Орхан Мұстафа Сельчуктің бата берумен басталды. Кешті қазақ халқының ұлттық киімін жарастыра киген корей қызы Мин Джон қазақ тілінде, Германиялық жігіт Марио Дулич орыс тілінде жүргізіп тұрды. Ата салтымызбен кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған колледж директоры Нұрқанова Райхан Оразбекқызы, Бейімдік мектеп директоры Алпысбаева Дария Есболқызы, Әскери кафедра меңгерушісі Ишанов Ерназар Хамидуллаұлы сөз сөйлеп студенттерге кештің маңызы айтып мен мерекенің ашылу салтанатымен құттықтады. Факультет басшысы ЖОО дейінгі білім беру факультетінің деканы Ж.Е. Жаппасов пен шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі профессор Г.Қ. Ихсанғалиева әр елден келген тыңдаушылар арасында өткізілген бұл шараның студенттер арасында өзара сыйластықты дамытуда маңызы зор екендігін атай келе олардың осындай шараға белсенді қатысқандары үшін университет ұжымы тарапынан, ұстаздар тарапынан үлкен алғыс айтып, өз сөздерін студенттерді көктемнің бірлік пен ынтымақтыққа, молшылыққа шақырған осындай мерекелерді жиі ұйымдастыруға шақырумен аяқтады. Мерекенің соңына қарай ұстаздардан құрылған қазылар мүшесі тыңдаушылардың дайындаған тағамдарына баға беріп, студенттер мен қонақтарды мерекелік дастарханға шақырды. Мерекеде қазақ халқының ұлттық тағамдарын кафедра оқытушылары дайындап, шетелдік студенттерге ұлтымыздың мерекелік асы еттен, әлем халықтарынан өзгеше ұлттық сусындарымыз қымыз, шұбаттан дәм татқызды. Студенттер ұстаздары пісірген Наурыз көжеден тілек тілеп ішіп, бір-біріне ата сатыымыз бойынша жақсы лебіздер айтты.
Тағамдардан дәм татып болған соң, барлық қатысушылар бірнеше топтарға бөлініп кафедраның «Денсаулық» спорт-сауықтыру клубының жетекшілері доцент Г.Ә. Машинбаева мен аға оқытушы С.Р. Нұртілеуова ұйымдастырған ұлттық ойындарды ойнауға кірісті. Шетелдіктер «Арқан тарту», «Асық», «Қолмен күш сынасу» «Ауыр салмақты кір тасын көтеру» сынды ойындарды қызыға ойнады.
Студенттермен өткізілген мұндай мерекелер өткізу факультете әр елден келген әртүрлі ұлт өкілдерінің сыйластығын, достығын нығайтудың бір тәсілі екені белгілі. Бір жатақханада тұрып, оқу орнынан білім алатын әртүрлі ел өкілдерінің татулығы үшін өткізілетін мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор деп білеміз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының
доценті Г.Ә. Машинбаева