Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Июль 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Окт    
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  

Білім беру ісінің көшбасшысы

Еліміз тәуелсіздігінің нығая түсуінің бір көрінісі, оның ертеңгі болашағына нық сеніммен қарауымыздың кепілі іспетті, көрген жанның көзі де, көңілі де тоятын ауқымды істер, жастарға білім беру ісіндегі күрт ілгерілеу, ғылым саласында алдыңғы қатарлардан көріну – соңғы жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өміріне тән сипаттар.

Төменде еліміздегі бірегей білім ордасының қызметі мен тыныс-тіршілігінің осы пікірімізге айқын дәлел болатын бірер тұстарын сөз етпекпіз.  

 

Күн санап артып келе жатқан әлеуметтік әріптестік

Университеттің биік мәртебесі дегеніміз студенттің тек білім деңгейі ғана емес, сонымен қатар ол – белсенді азаматтық ұстаным, әлеуметтік жауапкершілік, рухани-тәрбиелік мәселесі.  Бүгінде ҚазҰУ, ең бастысы, жастарды – Қазақстанның ертеңгі болашағын айқындайтын, өз елінің патриоттарын тәрбиелеуде. Сондықтан ҚазҰУ дипломы – өзіндік бір сапа белгісі деп те айтуға болады.

ҚазҰУ-да ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынасын анықтайтын ұстаным белсенді түрде іске асырылуда, ол — әлеуметтік әріптестік ұғымы. Бұл ұстаным негізінде студенттер университеттік барлық үдерістерге қатыса жүріп және ортақ мүдде жолындағы жауапкершілікті бөлісе отырып, оқытушылармен, университет әкімшілігімен теңқұқылы серіктес рөлін атқарады.  Университетте әріптестік қарым-қатынасты реттеудің бір жолы ретінде «Оқытушылар мен қызметкерлердің корпоративтік мәдениет кодексі», «ҚазҰУ студентінің Ар-намыс кодексі», «ҚазҰУ оқытушысы мен студентінің ережелері» сияқты бірқатар маңызды құжаттар қабылданып, іске асырылуда.

Университет өміріндегі өзекті мәселелерді шешуде түрлі қоғамдық бірлестіктер жұмыс атқаруда, олар: университеттің ақсақалдар алқасы, этика бойынша қоғамдық комиссия, студенттік өзін-өзі басқару ұйымы, эдвайзерлер кеңесі, әдістемелік бюро, т.б. Университеттің қоғамдық басқаруына сондай-ақ Түлектер қауымдастығы, Жұмыс берушілер кеңесі, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» халықаралық клубы да тартылған.

Кураторлық институты қайта жаңғыртылған, осы үрдісте тәжірибелі оқытушылардан құралған куратор-эдвайзерлер студенттік топтарға пе-дагогикалық тәлім-тәрбие береді, куратор-эдвайзерлер мектебі мен кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Міне, ҚазҰУ-дың осындай кураторлық жұмысты жүргізу тәжірибесін қазір өзге де оқу орындары қолдануда.

Студенттермен жұмыс істеудің клубтық формасы олардың жастық жалынын пайдалы іске бағыттауда аса тиімді.  Университет студенттерінің жартысынан астамы патриоттық, кәсіптік және ғылыми бағыттағы 250 клубтық ұйым, көркемөнерпаздар үйірмесі, спорттық секциялар мен көшбасшылық мектептерге тартылған екен. Бұл нәтижесіз де емес: соңғы жылдары үш маусым қатарынан ҚР ЖОО арасында өткізілген жазғы универсиадалар жеңімпазы атанған ҚазҰУ –  бүгінде студенттік спортта да даусыз көшбасшы. Университет тарихында  тұңғыш рет 11 спортшы студент Лондон олимпиадасының ойындарына қатысты, ал заң факультетінің 2-курс студенті Светлана Подобедова ауыр атлетикадан Олимпиада чемпионы атанды.

Студенттер тұрмысын жақсартуға, рухани-тәрбиелік құндылықтарды  арттыруға инновациялық әлеуметтік бағдарламалар оң ықпал етуде. Олардың қатарында «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ – жасыл кампус», «Салауатты дене мәдениеті», «Отандық кино күні», т.б. бар.  Ал «100 кітап» жобасы аясында ЖОО студенттері оқуға тиіс кітаптарды талқылайтын бірегей пікірталас алаңы құрылса, «Өнегелі өмір» және «Аманат» кітап сериялары университеттің жастарға үлгі боларлық үздік ғалымдары мен түлектеріне арналған.

Университетте студенттер үшін әлеуметтік жеңілдіктер де қарастырылған, нәтижесінде 1000-нан астам студент атаулы материалдық көмек және жұмыс орнымен қамтамасыз ету, оқу ақысын төлеудегі жеңілдіктер (5 %-дан 25 %-ға дейін)  түрінде университеттің әлеуметтік қолдау игіліктерін пайдалануда. Яғни студент үздік оқыса, 25 % көлемінде жеңілдікке ие болады. Егер сессияны «жақсы» деген бағаға тапсырса, жеңілдік 15 %-ды құрайды. Жетім және мүгедек студенттерге, ата-анасының екеуі де мүгедек студенттерге — олар жақсы оқыған жағдайда – 25 %-дық жеңілдік көрсетіледі. Сондай-ақ оқу ақысын төлеу кестесі де тиімді түрде жасалған.

Дарынды студенттерді қолдау мақсатында жыл сайын жалпы көлемі 30 млн теңгені құрайтын 300-ден астам демеулік шәкіртақы тағайындалады. Әлеуметтік саладағы алға басудың бір көрінісі ретінде өткен жылы ҚазҰУ-дың 127 оқытушысы мен қызметкері «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін иеленгенін атап өткен ләзім.

Әлемдік деңгейдегі кампус

Университет қалашығы талапкерлерді өзіне магниттей тартады. ҚазҰУ қалашығы — тек көрікті мекен ғана емес, еліміздегі әлемдік деңгейдегі жалғыз студенттік кампус. Оның аумағында мәдени маңыздылығы жоғары нысандар — бірегей мұражай экспонаттары,  Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, аса ірі спорттық кешен мен стадион орналасқан. Студенттік қалашық толығымен Wi-Fi жүйесіне қосылған. ҚазҰУ – Ыстықкөл жағасында өзінің демалыс орны мен заманауи спорттық-сауықтыру лагері бар бірден-бір университет.

Университет кампусының құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасуда. Орталық Азиядағы ең үлкен, жаңа жоо-лық кітапхана оқырманға өз есігін айқара ашты. Жақын арада инжиниринг және ғылыми технологиялар кластері, жүзу бассейні салынады. Осы жылы жаңа ғимаратта студенттерге қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастайды. Ол «бір терезе» ұстанымымен жұмыс істейтін болады. Мұнда студенттер құжаттарын рәсімдеп, кәсіби кеңестер мен көмек ала алатын болады. Сондай-ақ осында  супермаркет, кинотеатр, интернет-кафе, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы да орналаспақ. Жыл соңына дейін жаңа жатақхана пайдаланылуға беріліп, магистранттар мен докторанттарға арналған Жас ғалымдар үйінің құрылысы басталады.

ҚазҰУ-да медициналық-биологиялық кластер құру аясында жақында  құрамында заманауи аурухана, ғылыми-зерттеу лабораториясы, қажетті инфрақұрылымы бар, аумағы 55 мың шаршы метрді құрайтын қуатты медициналық орталықтың құрылысы да басталады. Ол пайдаланылуға берілген соң ҚазҰУ-мен қатар, Алматы қаласының өзге де ЖОО-ларының оқытушылары мен студенттері сапалы медициналық көмек алатын болады. Жобаны жүзеге асыруға отандық және шетелдік инвестициялар тартылуда, оған университеттер, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Гонконг және Сингапурдың инженерлік жобалау, құрылыс және қаржы компаниялары қатысуда.

Оңтүстіккореялық «Кангнам Северанс» клиникасының инвестиция салуымен кампус аумағында медициналық диагностикалық орталық өз жұмысын бастайды. Оқытушылар мен студенттер заманауи жоғарғы технологиялық құрал-жабдықтарда халықаралық талаптарға сай  медициналық көмек ала алады, тіпті, қажет жағдайда, Кореяда жеңілдікпен емделеді.

ҚазҰУ-да медициналық-биологиялық кластер құру жаңа білім мен технологияны үйлестіруге, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және тәжірибеге енгізуге жол ашады.

Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев университет қабырғасында сөйлеген сөзінде «ҚазҰУ бастаған тоғыз ұлттық университетке біз үлкен үміт артамыз. Олар отандық жоғары білім берудің басты діңгегі болуы керек» деген болатын. Елбасы жүктеген осындай      үлкен сенімнің үдесінен абыроймен шығу үшін және бүгінгі таңда ғылым, білім мен әлемдік дәрежедегі инновацияның бәсекеге қабілетті білім ордасы әрі озық орталығы болу жолында университет ұжымы тынымсыз еңбек етуде.

 

ф.ғ.к., доценті Түсіпқалиева Р.Қ.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники