ШУАҚТЫ СӘТ
Жоғары оқу орындарының флагманы, білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — көптеген игі бастамалар мен жобалардың ұйымдастырушысы. Студенттерге сапалы білім берумен қатар қазіргі студенттің болашақ бәсекеге қабілетті маман, қарымы күшті, жан-жақты, ұлтжанды саналы азамат ретінде қалыптасуы үшін түрлі жобаларды іске қосуда. «ҚазҰУ студенттері оқуға тиіс 100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», «Салауатты өмір салты», «Жасыл қалашық», «Әдемі дене мәдениеті» сияқты жобалар студент-жастардың айналадағы қоршаған ортаға бей-жай қарамайтындай, сергек, сезімтал қасиеттерін дамыта отырып, әр тұлғаны қоғамды ізгілендіруге ұмтылдырады. «Айналаңды нұрландыр!» жобасы туралы: «Кез келген жан өмірге қандай із қалдырамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Көре алмаушылық, қызғаншақтық бар жерде еш даму болмайды. Аяқтан шалу, арызқойлық жақсы қасиеттер емес. Небір ізгі ниеттерді жастар бойына қалыптастыру арқылы өркениетке қол жеткіземіз. Өркениет арқылы, алған ілім-білімдерді жақсы іске жұмсау арқылы, тәрбиеге ден қою арқылы елді, ұлтты дамытамыз. Міне, «Айналаңды нұрландыр!» жобасының негізгі діттегені де осы», – деген болатын университет ректоры Ғалым Мұтанов.
2014 жылдың 17 сәуірінде Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті Қазақ филологиясы кафедрасы «Инабат» рухани-мәдени орталығы 1-курс магистранттары, Алматы қаласы Медеу ауданы №141 балалар-бақшасымен бірлесе отырып осы жоба аясында «Жасыл желек» тақырыбында экологиялық оқу іс-әрекетін ұйымдастырды. Бұл балабақшаның ата-ана – бала – педагог яғни үш тарапты бірлесіп жасайтын балаларды, ата-аналарды экологиялық сауаттылыққа тәрбиелейтін, жас ұрпақтың өмірінің алғашқы жылдарынан экологиялық мәдениетін қалыптастырып, дамытатын өте пайдалы жоба екен. Аталмыш экологиялық жобаның мектепке дейінгі мекемелерден бастап қолға алынып жатқанына біз, әрине, сүйсіндік. «Инабат» орталығының жетекшісі, қазақ филологиясы кафедрасының доценті Б.Р. Құлжанова, оқытушы Д.Т. Шакирова және магистранттар Е. Жамансариева, Ұ. Исакова, О.Суимбаев, Д. Тайженова, Г. Ыдырысбаевалар №141 балалар бақшасының «Мектепке даярлық тобында» болып, осы топтың тәрбиешісі білікті маман Ғалия Акпержанқызы Сабазовамен бірлесе отырып, балалармен ауланы көгалдандыру, құстарға ұя жасау жұмыстарын атқарды.
Бізді әп дегеннен осы бала-бақшаның әдіскері Бөртібаева Ғалия Көшімбекқызы мен мектепке даярлық тобының тәрбиешісі Сабазова Ғалия Акпержанқызы жылы шыраймен күтіп алып, мектепке даярлық тобына алып барды. Балалар бізді балабақшаның әнұраны «Балалықты» шырқап қарсы алды. Топтың жас ерекшелігіне байланысты безендірілуі, жинақылық, балалардың тәртібі – бұлардың барлығы тәрбиешінің ұқыптылығын, өз ісіне деген сүйіспеншілігін, жауаптылығын аңғартып тұр. Бұдан соң аулаға шығып, топ ауласына түрлі гүлдер егіп, ертеңгі күні болатын наурыз мейрамы үшін ауланың көркемдеу жұмыстарына атсалыстық. Сондай-ақ магистранттар балаларға экология тақырыбына түрлі қызықты әңгімелер мен жарыстар, сөзжұмбақтар ұйымдастырып, балардың қоршаған ортаға деген көзқарастарын, қызығушылығымен бөлісті. Кішкентай болса да өздерін айнала қоршаған ортаға деген өзіндік ойлары, пікірлері бар, экологиялық сауатты балапандарға біз аса қатты риза болдық.
«Бала – біздің болашағымыз» дейміз. Қоғамның осы бір кішкентай мүшелерінің арасында болған аз ғана уақытта басқа дүниені ұмытып, сол балапандарға қайткенде жақсы бір көңіл-күй сыйласақ деген ниетте болдық. Аппақ ақ қағаздай көңілімен магистрант аға-апаларына әрқайсысы өздерінің кішкентай қуаныштарын жеткізіп қалуға тырысуда.
Шара соңында біз кішкентай достарымызға азғантай сый-сыяпатымызды таратып, естелік үшін суретке түсіп, тағы да келіп тұруға уәде беріп, жылы қоштастық. Сәбилерге қуаныш сыйлағаннан артық не бар мына өмірде!?
Бақытгүл Райханқызы Құлжанова,
«Инабат» рухани-мәдени орталығының жетекшісі,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Қазақ филологиясы кафедрасының доценті