ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті жалпы және этникалық педагогика кафедрасының ұйымдастыруымен Алматы облыстық №1-балалар үйінде «Құтты болсын, әз – Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Бұл іс-шараға 1,2–курс «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану», «Педагогика және психология» мамандықтарында оқитын студенттерден құралған еріктілер тобы және осы жоғарыда аталған кафедраның меңгерушісі А.К. Мыңбаева және оқытушылар А.Б. Мұқашева, С.Ә. Рамазанова, Д. Мұқатаева, Д. Ертарғынқызы, А.В. Вишневскаялар қатысты. «Жетім көрсең, жебей жүр!» дегендей студенттерден құралған еріктілер тобымен бірге жетімдер үйіне ат басын тіредік. Тобымызды көрген жетімдер үйінің тәрбиеленушілері жақсы қарсы алып, қатты қуанып қалды. Студенттер өздерінің арнайы дайындаған әсем әндерін шырқап, тәтті күйлерін орындап тәрбиеленушілердің, бір сәтке болса да, көңілдерін көтеріп тастады. Сонымен қатар студенттер балалар үйінің «Жалын», «Жұлдыз», «Жігер» топтарының тәрбиеленушілерімен бірлесіп ертегілер әлеміне саяхат жасады. «Қонақкәдеден» кейін тәрбиеленушілер өз кезегінде «ауылдың алты ауызын» шырқап, өнерден құралақан еместіктерін көрсетті. Оларда біздің студенттерімізден қалыспай ән айтып, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Кеште балалар үйінің әдіскері — Жұмагүл Байдоллақызы, музыка жетекшілері — Роза Әбдрешқызы мен Мұхтар Ахметұлы, «Жалын», «Жұлдыз», «Жігер» топтарының жетекшілері — Гүлсім Батырханқызы, Сауле Қырғызбайқызы, Жамиля Қадырсызқызы сөз сөйлеп, әрбір тәрбиеленушіге мінездеме беріп, оларды өз туған балаларындай көріп, табыс тілейтіндіктерін білдіріп жатты. Мерекелік кездесу кешіміз өте қызықты да тартымды өтті. Кеш соңында балаларға арнайы әкелінген сыйлықтарымызды тарту еттік.
Кеште Алматы облыстық №1-балалар үйінің әдіскері — Жұмагүл Байдоллақызы Қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жалпы және этникалық педагогика кафедрасының ұжымына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты. Сөз соңында Жұмагүл Байдоллақызы осындай мәдени ойын-сауық кештер балалардың көңілдеріне медеу болатындығын айтып, жиі келіп, осындай қызықты шаралар өткізіп тұруымызды сұрады.
Бәрімізге де ең ауыр сәт қоштасу болды. Қоштасарда жас бүлдіршіндердің жабырқаңқы жүздері мен жәутеңдеген көздеріндегі мұң барлығымызға, әсіресе, студенттерге үлкен ой салды. Балалар үйінен алыстаған сайын артымыздан қол бұлғап қалған балғындардың жүздері көз алдымыздан кетпей тұрып қалды… Осы ауыр ойды арқалаған әрқайсымыз, үнсіз тарқастық…
С.Рамазанова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы