Отыз сегізінші сөз
Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері тұғралы біраз сөз жазып ядкар[1] қалдырайын. Ықылас-бірлән оқып, ұғып алыңыздар, аның үшін махаббатың толады. Махаббат — әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер бірлән. Мұның табылмақтығына себептер — әуелі һауас сәлим[2] һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат[3] дәфғы мұзарратларны[4] айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Аның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады — ешбір бәһра[5] болмайды.
Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа[6] да қиянатбірлән болады. Бұл қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамшылығының кәмеләт[7] таппағы — қиынның қиыны. Себебі, алла тағала өзі — хақиқат жолы. Хақиқатбірлән растық — қиянаттың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықбірлән табылады. Ол — алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Аның үшін ол алланың өзіне ғашықтық. Ғылым — алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, гиззат-хұрмет[8] таппақ секілді нәрселердің махаббатыбірлән ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.
Мал, мақтан ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой. Әуел дін исламның жолындағы пәнделер, иманның хақиқатын білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақ емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уа құранның аның сөзі екендігіне, уа пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллаллаһи ғалайһи уәсәлләм[9] аның тарапынан елші екендігіне инандық. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін де иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Я өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықбірлән қалса, саған пайда бермейді. Аның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың: пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек.
Сіз Әмәнту биллаһи кәма һуә би исмайһи уа сифатиһи[10] дедіңіз. Ол есім аллалар[11] һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің[12] аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары[13] не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді аның құлы біліп, өзіңді мүслім[14] ат қойып, тәслим[15] болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықбірлән ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ — дәл бірдейлік дағуасыбірлән емес, соның соңында болмақ. Аның үшін алла тағаланың сипаттары: Хаят[16], Ғылым, Құдірет[17], Басар[18], Сәміғ[19], Ирада[20], Кәлам[21], Тәкин[22]. Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат[23] бірлән болмаса да, пендесінде де әр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә[24] аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақбірлән біздің атымыз мүслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттарыбірлән ағламланған[25] фиғыл құдаға[26] фиғлымызды ертпек не бірлән табылады, қалайша табылады, аны білмек керек. Ол — алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ғақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттарбірлән тағрифлап[27] танымаққа керек. Егер де ол сипаттар бірлән тағриғламасақ бізге мағрифатулла[28] қиын болады. Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгел, хикметіне ешбір хаким[29] ақыл ерістіре алмады. Алла тағала — өлшеусіз, біздің ақылымыз — өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те — ғақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те алла тағалаға лайықты келмейді. Аның үшін мүмкінаттың[30] ішінде не нәрсенің үжуді[31] бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске[32] айтылатұғын бір қадимге[33] тағриф болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам алла тағаланың ішінде, құдай табарака уатағалакітаптарда сегіз субутия[34] сипаттары бірлән, уа тоқсан тоғыз Әсма-и хүсналар[35] бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы алла тағаланың затия[36] сүбутия уә фиғлия[37] сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі — ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы — бұларға шарх[38]. Ол алтауының бірі — хаят, яғни тірлік.
Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым құдіреті сипатыбірлән сипаттадық. Жә, бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олуда[39] боларлық нәрселер ме? Әлбәттә, ғылым құдіреті бар болады: хаяты — мағлұм, бірі — ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харакет бермейді. Һәммаға харакет беретұғын өзі. Ол ирада — ғылымның бір сипаты кәлем, яғни сөйлеуші деген: сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі — қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, естуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, алла тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзәли[40], һәм әбди[41] болады да, һәмишә[42] барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші боларға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ықтиярсыздық алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі — құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдірет екі сипат бірлән сегіз сипат бұзылмастан түгел болады. Ол ғылым құдіретте ешбір ниһаятсіз[43] ғылымында ғафлят[44], құдіретінде епсіздік я нашарлық жоқ. Саниғын сұнатына[45] қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлән жарастырып, қандай құдіретбірлән орнастырған, еш адам ұғылының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл-хұқімші, қайрат, қуат қызмет қылушы еді. Соған қарап ойласаң: алла тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет — біздің ұғуымызға ғана екі хисап болмаса, бір—ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса, сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ[46], бірі мәтбуғ[47] болады ғой. Бұл болса, тағриф раббыге[48] жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «ла ғаиру уә ләһу»[49] болып, былай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат[50] шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, иттифакбірлән құдай болған болады. Бұлай деу бутыл[51], бір ғана құдірет пендеде болған қуат: құдірет, ғылым ақылдан басқа болатұғын еді, алла тағалада болған құдірет — ғылым һәм рақымет. Ол — рақымет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да алла тағаланың Рахман[52], Рахим[53], Ғафур[54], Уадуд[55], Хафиз[56], Сәттар[57], Разақ[58], Нафиғ[59], Уәкил[60], Латиф[61] деген есімдеріне бинаһи[62] бір ұлығ сипатынан хисаплауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия[63] дәлелім — жоғарыдағы жазылмыш алла тағаланың есімдері. Ғақлия[64] дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісібірлән жаратқан, анан басқа, -бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ғақылды инсанды[65] жаратыпты.
Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып, жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, һәм олардан махшарда[66] сұрау бермейтұғын қылып, бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан.
Адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып, жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гузәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, исін алып ләззаттанғандай қылып ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жузіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Ғақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен; ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді[67] өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар: етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар: балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балаузын, құрт жібегін — һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі — адам баласына таусылмас азық.
Миллион хикметбірлән жасаған машина, фабрик адам баласының рақаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасалушы махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе? Адам баласы қанағатсыздықбірлән бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылар артқыларға жәбір қылмасын деп, малды адам баласының өзінің қызғанышына қорғалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін терең түңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, һәм әрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас күнінде кішкене уақытында шафхат сәхәрібірлән[68] бастарын байлап қамқор қылып қоймақтығы, адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын емес, бәлкі адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік. Бұл хикметтерінен һәммасына һәм мархамат, һәм ғадаләт заһир[69] тұр екен. Сіз өз ортамызда бұл мархамат[70] ғадаләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, ал аның үшін мүсілим болғанда, алла тағалаға тәслим болып, оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі ай мен күннен артық мағұлым тұрған жоқ па? Бұл фиғылы құданың[71] ешбірінде қарар қылмаймыз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз, өзіміз тұтпаймыз, бұл қиянатшылық емес пе? Қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман. Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. «Тәфаккару фиә ла иллаһи»[72] деген хадис шарифтің[73] «инна Аллаху йухуббул мақситин»[74] деген аяттарға ешкімнің ықласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргеніміз жоқ. «Әтәмурун ан-насә билбирри уа ахсану инна Аллаху йухуббул-мухсинин»[75], «уа аллазина амәну уә амилу с-салихати л-алайка с-хабул жаннати-хум фиһа халидун»[76] деген аяттар құранның іші толған ғамалус-салих[77] не екенін білмейміз. «Уа әллазинә амәну уә ғамилу с-салихати фә йуәффиһим үжурәһүм уа аллаһу лә йүхббу-залимин»[78] аятына қарасаң, ғамалус-салих залымдықтың дидди[79] болар. Олай болғанда, ғадаләт рафғат[80] болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хиясы[81] жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыз саллаллаһү ғалайһи уасәлламнің хадис шарифі «мән лә хаяүн лаһу уә ла иманун лаһу»[82] деген дәлелдүр. Енді белгілі, иман құры инанышбірлән болмайды, ғадаләт уә рафғатбірлән болады. Ғәмалус-салих ғадалләтті мархамәтті болмақ күллі тәнбірлән қылған құлшылықтарын ешбірі ғадаләтті мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, руза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес. Бәлки ғадаләт барша езгуліктің анасы дүр. Ынсап, ұят бұл ғадаләттән шығады. Аның үшін ғадаләтті адамның көңіліне келеді: мен өз көңілімде қылық менімен, сондай-мұндай қылықтармен мұғамәла[83] қылса екен деп ойлап тұрып, өзім сол қылықтармен мұғамәла қылмағандығым жарамайды ғой деп, сол өзі әділет те һәм ынсап та емес пе? Ол һәмма жақсылықтың басы емес пе? Жә, олай хұлық[84] пенен сол ойды ойлаған кісі халлақаны[85] шүкірді, неге ойламайсың?
Шәкірліктен[86] ғибадаттың бәрі туады. Енді зинһар[87] ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та, һәммасы босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай[88] дегені басыңа келеді. Енді біздің бастағы тағриф[89] бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті, құдіретті еді. Сенде бұл ғылым, рақым, ғадаләт үш сипатбірлән сипаттанбақ: ижтиһадің[90] шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың[91] бар болады. Белгілі жәуанмәртлік[92] үш хаслат[93] бірлән болар деген сиддық[94], кәрәм[95], ғақыл[96] — бұл үшін дән сиддық, ғадаләт болар. Кәрәм шафағат болар, ғақыл мағлұм дүр, ғылымның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында алла табарака уатағала тәхмин[97] бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж[98] беріп гүлдендірмек, бәлки адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек, жеһәтінде болмақ. Бұлар — өз ижтиһадіңбірлән, ниет халис[99] бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды — пайғамбарлар, онан соң — әулиелер, анан соң — хакимдер, ең ақыры — кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып, тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ұхрауи[100] пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки хисапқа алмадылар. Хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді, ғибрәт көзімен[101] карағанда, екісі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді. Аның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, алла тағаланың сұнғатына қарап пікірлемекті екісі де айтты. Пікірленбектің соңы ғибратланбақ болса керек. Бұл ақыл, ғылым екісі де өзін зорға қисабламақты, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Һәр екісі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі тайфа әр кісі өздеріне бір түрлі нәпсісін фида қылушылар деп. Яғни пенделіктің кәмәлаты әулиелікбірлән болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа[102] кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами[103], макруһи[104] былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыбірлән ижтиһад ақылыңбірлән тауып, рақатын көрмегіне бола жаратқан, берген нигмәттеріне, онан көрмек хұзурға[105] суық көзбірлән қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?! Сахиб ниғмәтке[106] шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікбірлән күнәкер болмайсың ба? Екінші — бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар. Уа кәпірлерге жем болып кетуде, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егер де бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Раст болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма? Һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі — хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние[107] емес еді. Ғашерен — мүбәшәрәдан[108] қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф Уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние ләззатына алданып ижтиһадім шала қалады деп бойына сенбегендік: я хирс[109] дүниеліктен қауымның көңлін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан[110] әрбір арзуи[111] нәпсіден суынып, ғадаләт, уа мархамат махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап. Бірақ бұл жол — бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз[112] жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек. Бұл заманда надир[113], бұған ғылымның да зоры, сиддық, қайраттың да зоры, махаббаттың халлақна да, уа халық ғаламға да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы, қиынның қиыны, бәлки фитнә[114] болар.
Басына һәм өзіне өзгешелік бермек — адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның біз тариқатқа[115] кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хаким, ғалым — асылда бір сөз, бірақ ғарафта[116] басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири[117] бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те айтады, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады. Құдай тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәфаккару фи әла иллаһи деген аятына бинаән[118] бұл сұнғати құдадан[119] ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғна[120] ғашықтық шығар. Құдай тағаланың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. Ғашық-мағшұқлыққа[121] халик бірлән махлұқ ортасы мунәсибәтсіз[122] алла тағаланың пендесін махаббат уа мархаматбірлән жаратқанын біліп, махаббатына махаббатбірлән ғана елжіремекті — құдаға ғашық болды дейміз. Олай болғанда, хикімет құдаға, пенде өз ақылы жетерлік қадәрін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хаким ат қойдылар. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандары һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртәбада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақбірлән ләзаттанады.
Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің[123] қазығы — осы жақсы хакимдер, әр нәрсе дүниеде солардың истихражы[124] бірлән рауаж табады. Бұлардың ісінің көбі — дүние ісі, ләкин осы хакимдердің жасаған, таратқан уа айтқан істері әддүния мәзрәгәтул — ахирет[125] дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым — хаким емес, әрбір хаким — ғалым. Ғалымдарының нақлиясыбірлән мұсылман иман тақлиди[126] кесіп қылады. Хакимдердің ғақлиятыбірлән жетсе, иман якини[127] болады. Бұл хакимдерден мұрад — мұсылман хакимдері, болмаса ғайри діннің хакимдері — әғәрше фатлұбни тәжидуни[128] делінсе де, дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына[129] жете алмағандар. Бұлардың көбі — иманның жеті шартынан, бір алланы танымақтан ғайри, яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүнкір[130] болып, тахқиқлай алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфағу н-нас[131] деген. Бұл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына яғни, электрді тауып аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы, уа хусусан[132] адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ бірлән батылдықты айырмақты үйреткендігі — баршасы нәфиғлық[133] болған соң, біздің оларға міндеткерлерімізге дағуа жоқ.
Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки бұзық фиғыл, әл-инсан ғәддү ләма жәһилгә[134] хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады. «һай-һай!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил[135] түгіл, жәһилләр кібік[136] талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір инсапқа қайтсын һәм ғибраттанасың. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген инсап, құры өзімшілдік һәм һәрбір өзімшілдік — әрбір адамды бұзатын фиғыл. Растың бір аты — хақ, хақтың бір аты — алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып ғадаләтпен тәптештеуге керек. Мұндай фиғылдардан күпір[137] хаупі де бар. Және пайғамбарымыз саллаллаһү ғалайһи уәсәллам «ақыр заманда бір жылдық, бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар[138] «бұл жылдық күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: оның патуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеру бірлән қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады. Бұл күндегі тәхсил-ғүлум[139] ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болады. Соған қарай Ғұсманияда[140] мектеп харбиа[141], мектеп рүшидиалар[142] салынып, жаңа низамға айналған. Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бахастар бірлән күнін өткізіп, мағишат[143] дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, харакетке лайықты жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады.
Дүниенің мағмурлығы[144] бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Бәлки дүниенің ғылымын білмей қалмақтық — бір үлкен зарарлы надандық, ол құранда сөгілген: дүниеде кімде-кім өзіне өзгешелік бермек қасты бірлән малға махаббатын аударғандар дүниеде болмаса, ихсанда[145] қолым қысқа болмасын деп һәм біреуге тамғылы[146] болмайын деп, малға махаббатын аудармай, езгулікке бола халал кәсіпбірлән тапқан дүние емес.
Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер — өзі де мал, өнерді үйренбек — өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға[147] муафих[148] болсын. Адамға халінше ихсанды болмақ — қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес. Моллалар тұра тұрсын, хұсусан[149] бұл замананың ишандарына бек сақ болыңдар. Олар — фитнә[150] ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты[151] таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін өзі әһіл тариқат[152] біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал[153], бұлар адам аздырушылар, хаттә дінге де зарарлы дүр. Бұлардың сүйенгені — надандар, сөйлегені — жалған, дәлелдері тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ.
Енді біліңіздер, перзенттер! Кұдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз[154] болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятлысың, ол жол кұдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол — құданың жолы. Ол — ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың ниһаятсыз құдаға тақырып хасил[155] болып хас[156] езгу құлдарынан болмақ үміті бар, өзге жолда не үміт бар? Қейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзінше бір дәулет біледі. Бұл істердің бәрі өзін көрсетпек, өзін өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Мұнша әуреленіп, сыртыңды бір сүйген қауымыңа ұқсатарсың? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа боямасыз ықласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікбірлән өсер.
Құдай тағала дүниені кәмәлатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды — әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында[157] болмақ. Кімге достығың болса, достық достық шақырады, ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен өзін өзі артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ. Бұл өзін өзі артық көрсетпек екі түрлі!
Әуелгісі — әрбір жаманшылықтың, жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.
Екінші — өзін өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.
Үшіншісі — қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.
Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі — мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді де, күншілік күншілікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің.
Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік — күлі дүниедегі өнердің дүшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады.
Залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады.
Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын. Ол білім, ғылымды құдаға мұқтәди[158] болсын, яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатті бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылықты бина[159] қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарарлар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміт бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки бұларсыз тағад[160] — тағат та емес.
Белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф[161] қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам[162] былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһат ләзім[163], сіздер әрбір ғамал қылсаныз езгулік деп қаласыз, езгулікке бола қасд[164] етіп ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз саллаллаһү ғалайһи уәсәлламнің хадис шарифі: «иннәмал-әғмал бин-ниет»[165] деген. Енді ниет еттіңіз таһарат[166] алмаққа, намаз оқымаққа, руза тұтмаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан[167] қалып сыр, ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз[168] таза болмағы ол иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат — батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес біреу, бірақ езгу тағатбірлән нұрланады, тағат жоқ болса күңгірттенеді, бәлки сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қалса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.
Менің хаупім бар, олар хас[169] осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын, қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Ей, ишараттан[170] хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттан бір үлкені — намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ, онан соң намазға шуруғ[171] қылмақ, ол таһараттың алды истинжа[172] еді. Мұны берік ойлап тұр. Аяғы екі аяққа мәсіх[173] бірлән бітуші еді, бұлар һәммасы болмаса көбі ишарат еді. Истинжада к… іңізді жуасыз, сіздің к… іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа кіргендігіңді кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының[174] соңында халық көрер, сыртымды да пак етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды[175] да пак етемін, бұл пактіктің үстінде аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз.
Енді намаздың аты — салауат[176], салауат дұға мағынасында деген:
Аяқта, мойында болған мәсхлар — ол жумақ емес, өздері де жуулы деп көрсеткен ишараты.
Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз — кіршә алла тағаланы жоғарыда деп, мәкан испат[177] етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық болдым, яғни дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни құтыларлық жәрдемдерінің ишараты.
Онан соң қиамда[178] тұрып қол бағламақ — құл қожа алдында тұрмақ, бұқара патша алдында тұрғаннан артық алланың қадірлілігіне[179] өзінің ғажиздығына[180] ықрарының[181] беріктігін көрсеткен ишараты.
Қыблаға қарамақ — кіршә, құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын[182] парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты.
Онан соң қира’әт[183] яғни сурәһи фатиха оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.
Рұқуғ[184] бас ұрмақ — алдында құда хазірге ұқсас, ол да — ишарат.
Сәжделер[185] әуелі жерден жаралғанына ықрары, екіншісі — және жерге қайтпағына ықрары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықрарының ишараты.
Қадағату л-ахир[186] — дұғаның ақырында аллаға тахайат[187], одан тәшәһһуд, одан салауат, пайғамбарымыз сәллаллаһу ғалайһи уә-сәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлембірлән тауысасыз, яғни алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рақымет тілеп бітіресіз. Жә, бұл сөзден ғибрәтлендік?!
[1] Ескерткіш, есте қалу
[2] Жақсы сипат
[3] Пайдалыны алу
[4] Зарарлыдан қашу
[5] Пайда, нәтиже
[6] Нану, сену
[7] Жетілу, толығу
[8] Қадірлі, сыйлы
[9] Мұхаммед пайғамбарға құдайдың шапағаты мен сәлемі жетсін деген сөз
[10] Құдайға оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін
[11] Алланың аттары
[12] Ұлы сипат
[13] Өзіне хас, өзіне лайық
[14] Мұсылман адам
[15] Берілу
[16] Тіршілік
[17] Күш
[18] Арабшасы: басара – көру, көруші
[19] Есту, естуші
[20] Тілеу, қалау
[21] Сөздер
[22] Болдыру
[23] Жетісу, үлкею
[24] Кішкентай
[25] Белгілі, анық
[26] Тәңірдің ісі
[27] Айыру, анықтау, білу
[28] Алланы тану
[29] Данышпан, дана адам
[30] Болуы мүмкін нәрселер
[31] Бар болу, болмыс
[32] Пайғамбар сөзі
[33] Ескі, көне
[34] Орнықты, тұрақты
[35] Арабша: исмаи хусналар – жақсы есімдер
[36] Өзіне лайық
[37] Өзі істейтін
[38] Түсіндіру, түсінік беру
[39] Күш болуда
[40] Арабша: һәм әууали — әуелде, әуелден
[41] Құлшылық ету
[42] Үнемі, әрқашан, әрдайым
[43] Шексіз, шамасыз
[44] Қапы қалу, қапы болу
[45] Істеушіні ісіне қарап
[46] Ертуші
[47] Еруші
[48] Құдайды тану
[49] Басқа да емес, соның өзі де емес
[50] Көп адам
[51] Теріс
[52] Жарылқаушы
[53] Мейірімді
[54] Кешіруші
[55] Сүюші
[56] Қорғаушы, сақтаушы
[57] Айыпты жабушы
[58] Рызық беруші
[59] Пайдалы, пайда беруші
[60] Өкіл
[61] Жақсы, кішіпейіл
[62] Сүйеніп, негіз етіп
[63] Бұрыннан айтылып жүрген сөздермен
[64] Оймен, ақылмен
[65] Адам, адам баласы
[66] Діни ұғым бойынша заман ақырда адам баласының күнәсі тексерілетін орын
[67] Өсімдіктер
[68] Ертеңгі рақымет
[69] Әділдіктің көрінуі
[70] Жақсылық, жәрдем
[71] Тәңірдің ісі
[72] Құдайдың бергеніне ой жібер
[73] Пайғамбардың ізгі сөзі
[74] Егер сен алланы сүйсең, о да сені сүйеді
[75] Адамдарға жақсы іс істе деп, жақсылық етіңіз деп бұйырыңыз, үйткені құдай жақсылыққа тартушыларды сүйеді
[76] Сондай адамдар құдайға иман келтіреді, жақсы істер істейді, ондайлардың орны мәңгі жұмақта
[77] Ізгі іс
[78] Бірақ сондай адамдар бар, құдайға иман келтіреді, жақсы істер істейді. Сөйтіп міндетін атқарады, өйткені құдай залымдарды сүймейді
[79] Қарсы, керісі
[80] Әділдік, жоғарылату
[81] Ұят
[82] Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ
[83] Араласу, қатынасу
[84] Пейіл, мінез
[85] Жаратушыны
[86] Шүкір ырзалық
[87] Қалайша, әйтеуір
[88] Жайсыз, қолайсыз
[89] Айыру, тану
[90] Талап
[91] Адамгершілік
[92] Жақсы адам
[93] Пайда, сипат
[94] Шындық
[95] Ізгілік
[96] Даналық
[97] Шама, шамамен
[98] Реттеу, пайдаға асыру
[99] Шын ниет
[100] Ахиреттік
[101] Үлгі
[102] Дін жолы
[103] Арам нәрсе
[104] Жиіркенішті
[105] Тыныштық, рахатшылық
[106] Байлық иесі
[107] Дүниеден безген
[108] Мұхаммедтің тірі күнінде жұмаққа кіреді деп сүйініш берілген он адам (дұрысы – аша мүбәширан)
[109] Дүние құмарлық
[110] Әуестену
[111] Тілек, мақсат, арман
[112] Босқа кету, зая кету
[113] Сирек, аз кездесетін
[114] Бұзықтық
[115] Сопылар жолы
[116] Білуде , тануда
[117] Сыртқы ғылым
[118] Негізделген
[119] Құдайдың шеберлігінен
[120] Жасаушы, істеуші
[121] Сүюші, сүйгені
[122] Байланыссыз
[123] Адамның ісі
[124] Істеу, ойлау
[125] Дүние ахиреттің егіні
[126] Біреуге еріп келтірілген иман
[127] Шын иман
[128] Талап қылсаң табасың
[129] Тану, білу
[130] Сенбеу, қарсы келу
[131] Адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам
[132] Әсіресе
[133] Пайда беруші
[134] Адамның көңілі жаманшылыққа ауып тұрады
[135] Бұзық
[136] Бұзық адамдар сияқты
[137] Діннен шығу
[138] Ізгі сахабалар
[139] Ғылым үйрену
[140] Бұрынғы Түркия патшалығы
[141] Әскери мектеп
[142] Түрлі пәндер оқылатұғын мектеп
[143] Тіршілік
[144] Қызық, әдемі
[145] Жәрдем, жақсылық
[146] Тілеу, сұрау, алғысы келу
[147] Діни заңға
[148] Үйлесімді, сәйкес
[149] Әсіресе
[150] Бүліншілік, бұзықтық
[151] Шариғат жолы
[152] Сопылық жолындағы адамдар
[153] Мүмкін емес, екі талай
[154] Шек, шама. Бұл жерде өлшеусіз, артық деген мағынада
[155] Жақындық табу
[156] Нағыз
[157] Көңіл, жүрек
[158] Еру, жолға түсу
[159] Негіз, тірек
[160] Құлшылық ету, жалбарыну
[161] Бұйыру, істе деу
[162] Көпшілік
[163] Талап қылу, міндет
[164] Ниет, арнау
[165] Іс істеу үшін ниет талап керек
[166] Намаз оқыр алдындағы жуыну
[167] Сырт, сыртқы жақ
[168] Іш, ішкі жақ
[169] Нағыз
[170] Білдіру, көрсету
[171] Кірісу
[172] Дүзге отырғаннан кейін тазалану
[173] Дәрет алғаннан кейін мәсінің үстін сулы қолмен тарту
[174] Таза
[175] Мүшелерімді
[176] Дұға
[177] Орын бар деу
[178] Намаз оқығанда түрегеп тұру
[179] Күшті
[180] Әлсіздігіне
[181] Мойындауының
[182] Зират
[183] Оқу
[184] Намаз оқығанда тізеге қол қойып еңкею
[185] Намаз оқығанда маңдайын жерге тигізу
[186] Намазда кейінгі, соңғы отыру
[187] Куәлік беру