Бөлімдер
Мұрағат
Күнтізбе
Ноябрь 2024
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
« Июл    
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930  

Ақбота Ахметбекова. ИАСАУИ МЕН АБАЙДЫҢ ПОЭТИКАЛЫҚ ДӘСТҮРІ

1

Ақбота Ахметбекова

Абайдың философиялық өлеңдерінің тұғыры қайда дегенде, еріксіз Шығысқа, Шығыс емес-ау, өзіміздің ата-баба мұрамыз Иасауидің қазақ жадында сөзбен нақышталған сұлбасына көз тігерімізді енді білгендейміз. Иасауи өзінің сопылық оқуын танытатын, уағыздайтын, насихаттайтын өлеңдерімен философиялық мәселелердің поэзияға жол салып, жаңа тақырып, тың дәстүр болып, қазақ әдебиеті төрінен орын алды. Философиялық өлеңдер өзінің мақсатына сәйкес танымдық, пайымдық, дидактикалық сарынымен дамуда. Иасауи салған дәстүр Сүлеймен Бақырғанидың діни жырларында, Бұқар жыраудың саяси толғауларында, Шортанбай сияқты ақылдарымыздың тұрмыстық-сын шығармаларында жалғастық тауып келді. Ал осы дәстүрдің лирикада, яғни адамның жан-сезімімен жырлануында ұлы Абайдың өлеңдерінен көрінсе керек.

Абайдың философиялық өлеңдері ғұмырының соңғы жылдарында жазылуы, яғни ой тоқтатқан, өмір қызығын да. қаза қайғысын да татқан. өлім демін сезген, жан ауырған кезде жазылуы заңдылық. «1895 жылы Әбдірахманның өлімімен байланысты қайғы-мұңға бату үстінде Абай дін мәселесі мен адамның жаратылыс сыры турасындағы тақырыптарға екі өлеңмен соғып өтеді. Бұның біреуі — ақынның нанымын аңғартқандай, «Лай суға май бітпес» деген өлең. Екіншісі — адамның жаратылыс сырын сөз қылған — «Өлсе өлер табиғат».

Алғашқы өлеңнің басы үлкен ақындық теңеумен тағы да бір өкініш наланы танытады. Содан ары созерцание ретіндегі ойларын тере келіп, ақын өзінің наным жөнін толғайды. Болып өткен ауыр қазаларға жоғарыда танылмаған кейбір түңілу сарындары қосылып келіп, ыза мен қазадан туған бір алуан діншілдік ойлар, күйлер шығады. Абай өзінің тиянақ таппаған тынымсыз көңілін дінге қарай бұрғанда, мұсылманшылдық дініне барады» (1) — деп.

Әуезов Абайдың философиялық толғауларының туу себебін, ахуалын көрсетеді. Бұл өлеңдер Абайдың көңіл түкпіріндегі жан күйзелісіне айтқан жұбанышы болуға арналған-ды. Ой тұңғиығына батқан сезім оттарының өшу толғанысы еді. Жұбанышты діннен іздеу өлеңдерінің философиялық мәні де осында екенін көреміз. Ислам дінін қоғамымыздан аластату саясатында данышпан М. Әуезов Абайдың дінін «сыншыл ақылдың шартты діні»(1), «адамгершілік мақсатына ғана арналған дін» (2) деп анықтайды. Бұл анықтама жасалғанда идеология қандай еді, заман қандай еді деп жатпай, бұл анықтама суфизмнің сол тұрғыдағы көрінісіне сай дегіміз бар. Және де суфизмнің қай түрі дегенде, қазақ топырағында ислам дінінің Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымынан сүзілген мұсылманшылықты айтамыз. Иасауидің түркі жұртының дүниетанымын, сенім-нанымын мұсылмандық қалыпта қалыптастыруы соншалық. Иасауи хикметтері мен Алла сөзі, Иасауи оқуы мен ислам негізі бір ұғыммен танылып, Иасауи есімі тәңір берген рухани дүниеміздің айнымас, ажырамас бөлігіне, тіпті тірегіне айналып кеткенін Абайдың «хикмет» сөзіне руханишылық мәнін телуден көреміз.

Жүректің көзі ашылса.

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі [3].

Бұл жерде Абайдың философиялық өлеңдерінің идеясы Иасауи хикметтерімен қай дәрежеде үндестік, сабақтастық тауып жатқанын тереңірек тану үшін Иасауидің сопылық оқу мәніне қарабайырлау болса да, тоқталып кетелік: Иасауи Алла мәнін, Құран мағынасын түйіндеуде бір және жалғыз Хақ (Алла) адамды рух пен топырақ (материя) қосындысынан жаратқан дейді. Яғни адам жартылай рухани, жартылай материяға қатысты. Адам екеуін біріктірер аралық субстанция жан иегері ретінде өмір атты сынаққа түседі. Бұл сынақтың мәні жанды рухани кемелділікке жеткізу арқылы Хаққа (абсолют рухқа) қосу біріктіруде көрінеді. Абайдың пайымында бұл оқу былай жырланған:

Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы-екі.

Абай Иасауи сияқты рухани мәнді алға қойып, тәнмен көрінген материяны одан кейінгіге ысыра отырып, ара жігін ашады.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан.

«Менікі» өлсе өлсін оған бекі.

Яғни рух мәңгілік, ал тән тіршілігі өліммен шектелгенін анықтап тұр. Рухтың мәңгілігі неде дегенде, Абай сопылардың рухани кемелдігіне бастар мақсаттарды белгілеп берген.

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

Тән қүмарын іздейсің күні-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен –

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Рухани кемелділік адамгершілік қасиеттермен толыса, дами отырып, адамның мақсаты хақты тануда, яғни адамның өзін өзі тануда белгіленеді. Таным тек адамға ғана тән қасиет. Танымның амалы, яғни рухани кемелділік иман арқылы жүзеге асса, таным жолы махаббатпен, адамның хаққа деген ынтығымен, сүйіспеншілігімен танылады.

Адамды сүй, алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа.

Абай Иасауимен пікір таластырар бір-ақ махаббат жайын атайды». Иасауи таным тек махаббаттың күшімен жүреді десе, Абай адамды санамен ерекшелеп, күшін ақылмен өлшейді. Әсіресе Абайдың «Лай суға май бітпес» деген өлеңінде танымға итеретін күшті ақылдан іздеп, ақыл-ойдың мәніне жетуге тырысады:

Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Мекен берген халық қылган ол лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың, оны ойламай,

Өзге мақсат ақылга тола ма екен?

Бірақ осындай ой таластыруда, өзінің қара сөздерінде (17-сөзінде) ақылдың айласын айтып. жүректен кейін қояды. Абайдың жүрегі руханишылықты танитын бірден бір қасиет: «жақсылық айтқанына жаны-діні құмар болады. Көнбек түгілі қуанады. Жаманшылық айтқанына ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығады», — болып көрінеді.

Иасауидің:

Ғашықсыздарды көрдім ерсе қайран болар,

Момын деп имандары ойран болар, —

деп, махаббатты таным күші деген пікірімен келісіп, Абай руханишылыққа жетелейтін махаббатты, яғни жүректі бірінші орынға қояды:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Бұл тұжырымын «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде де тиянақтаған.

Ал осы махаббат арқылы     адамгершілік қасиеттермен жетілетін адам жанына не қас дегенде, екі ақын өткінші дүниені сүймеу, руханишылықты дүниемен        былғайтын нәпсі құмарлықтан сақтануға шақырады.

Иасауидің:

Дүниені мүлкім деген сұлтандарға,

Әлем малын сансыз жиып алғандарға,

Қу тірліктің ісін істеп жүргендерге,

Өлім келсе, бәрі өлік қалмыс әрміш, —

деген ойын Абай былай жалғастырады:

Адам гәпіл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі?

Дүние алдамшы да өткінші, оның уақыты шектеулі, ягни бү дүниелік өмірдің басы болса, соңы да бар екенін әсте естен шыгарнауда екі ақын өлім бейнесіне ескертпе мән артқан. Бү дүние тұрғысында өлім — көр, өлім — топырақ, ал о дүние тұрғысынан, өлім – есеп, өлім — мәңгілікке бастар жол.

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан.

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.

Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Ал осы өмір мәніне жеткізер, өлімге төтеп берер, қарсы тұрар күш қайда, амал қандай дегенде, Абай Иасауи сияқты рухани дүниесін жоғалтпай, өмірдің ыстық-суығына адамгершілік қасиеттермен қарсы тұрып, Хақ жолында қызмет-әрекет етуге шақырады. Адам өмірді адам атына лайық өткізуге тиіс.

Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харакет қыл, пайдасы көпке тисін,

Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Біз Абайды сопылықты ұстанған деуден аулақпыз. Бірақ жан азабын тартқан Абай өзінің қайғысына жұбаныш, жабыққан көңіліне қуатты сопылық идеялардан іздеп, жүрек сезімімен тапқан үндестікті жырлаған. Ой тұжырымдары бір жерден шыққан екі ақын өмірдің сыр-сипатына жетумен шектеліп қалмай, өздерінің азаматтық парызын өз халқына сөз айтып, ақыл салып, танымға жетелегені сыни өлеңдерінде көрініс тапқан. Иасауи өз заманының адамын, әсіресе, рухани үрдісін белгілеуші қожа-молдаларын, қазы-имамдарын сынап, сын арқылы, сөз арқылы қоғамға ем таппақ болса, Абайдың сыни өлеңдерінің мән-мағынасы жекелеген құрдасына да, туысы мен жекжатына да, жалпылаған халқына да айтып жатқан үйрету, еңбек ету сияқты уағыздарында кең танылған. Екеуінің арасы жеті ғасырмен белгіленгенімен, Иасауидің:

Ишан, шейх, қожа, молда дүние іздер,

Сырын білмес топ халықты келіп алдар.

Аят, хадис сөзін қойып малды іздер,

Хақ жолында әр кез мехнат тартқаны жоқ, —

деген сөзі Абайдың молдаларына да тиіп түр:

Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Мал құмар көңілі — бек соқыр,

Бүркіттен кем бе жем жесі?

Ал 1891 жылы жазылған Абайдың «Заман ақыр жастары» Иасауидің ақырзаман адамдарына берген анықтамасын XIX ғасыр тұрғысынан жырлап түр емес пе?

Иасауи мен Абайды сөз қылғанда, сөзден ақыл, сөзден дос іздеген екі ақынның жан ұластығы ой оюынан да, сөз өрнегінен де танылғандай. Қоғамына көңілі толмаған Иасауидің руханишылықты Хақ әлемінен іздеген көңіл құсы Абайдың заманына келіп, уақытқа сапар қылғандай. Өз жұртының ахуалын тек ақын тұрғысында тани алатын Иасауи Абай дәрежесінен сөз айтқандай. Иасауи мен Абайдың дәстүр сабақтастығы ең алдымен тақырыппен көрінсе, сондай-ақ үлкен ақындардың айқындамасымен белгіленген философиялық өлеңдерінен көрінгені хақ. Иасауи де, Абай да өз халқына дұрыс бағдар, хақтық жол көрсетуден жалықпаған, зарлы күй мен ащы сөзбен мүлгіген көңілге тыныштық бермей танымға итермелеген дидактикалық мазмұнымен көрінген.

Абай Шығыстық тематикадан бойын қанша аулақ ұстағанымен, философияның мәнін көрсетуде Иасауи сияқты Шығыстан іздеген. Иасауи Құран аңыз-әңгімелерін философиялық тұрғыда қалай танытса, Абай поэмалары Шығыстық аңыздары арқылы философиялық мәселелердің поэзияда жаңғырып, жалғастық табуына үлкен дарындық дәрежесінде көріне білген. Иасауи шығармаларынан бастау алған поэтикалық дәстүр Абайда түркі деген жалпы атаудан қазақ өлеңі табиғатында биікке шарықтаған.

Юбилейный альманах

Института развития Казахстана.

150-летию Абая. – Алматы, 1995.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники