Қариялар азайып бара жатыр
Жуырда, сәуірдің 25-і күні, журналистика факультетінің 2 – курс студенттері мен мемлекеттік тіл кафедрасының құрамындағы “Ұтқыр ұрпақ”, “Сөз маржаны”, “Ақ сөйле” клубтарының қатысуымен Алматы қаласындағы Абай мен Шаляпин көшелерінің қиылысында орналасқан “Ардагерлер үйінде” “Aйналаңды нұрландыр” жобасы аясында қайырымдылық концерті ұйымдастырылды.
Қарттар үйінде 138 адам бар екен. Мұндағылардың 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 14-і еңбек және тыл ардагерлері, 14-і 1-топтағы мүгедектер екен. Қарттар үйіндегілердің 19% — ы қазақ ұлтынан болса, қалғандары өзге ұлт өкілдері. Қарттар үйі директорының орынбасары Нұрзия Ағабекқызының айтуынша, жылдан – жылға мемлекет тарапынан оларға бөлінетін қаражат артып отыр.
Алғашында зал ішінде отыз шақты қария отыр еді, концерт ортасына қарай лық толды. Студенттер екі тілде концерттік бағдарлама жүргізіп, қазақ, орыс, украин, ағылшын тілдерінде ән шырқады, өз өлеңдерін оқыды. Шырқалған әннің әуеніне бір сәт қариялар құлақ түре отырып тыңдаса, енді бірде биледі, көңіл көтерді. Келген студент жастарға сүйсініп, рахметтерін жаудырды.
Концерт соңында қариялар суретке түсіп, студенттер Ардагерлер үйінің мұражайын аралады.
“Біз сіздерді ұмытпаймыз, дана қариялар” , — деген саналы оймен студенттер қарттар үйінен мол әсер алып қайтты.
Шыныбекова Айгүл,
филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті
мемлекеттік тіл кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты